Кетикова Жазира Табылдиновна Павлодар облысы, «Ақтоғай ауданының жалпы білім беретін Қараоба орта мектебі»



Дата24.04.2017
өлшемі99,17 Kb.
#15092

Кетикова Жазира Табылдиновна

Павлодар облысы, «Ақтоғай ауданының жалпы білім беретін

Қараоба орта мектебі»

Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Абай шығармашылығын оқытуда сандық білім ресурстарын (СБР) қолданудың тиімділігі

Елбасының «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты жолдауында: «Біз бүкіл еліміз бойынша әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беру қызметін көрсетуге қол жеткізуіміз керек» десе, осы жолдаудың ІІІ тарауында: «Ақпараттық технологиялар мен ақпаратты таратудың жаңа нысандарына бағытталған мамандандырылған білім беру бағыттарын құру міндеті де алдымызда тұр» делінген. Қазақстан Республикасында білім дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының да негізгі мақсаттарының бірі - білім беру процесінің барлық  қатысушыларының үздік білім беру ресурстары мен технологияларына тең қол жеткізуін қамтамасыз ету екендігі атап көрсетілген. Еліміздің барлық білім ошақтарына еніп жатқан ақпараттық және техникалық прогресс ұстаз-педагогтан ғаламтор желісін тиімді пайдалануды, интерактивті технологияларды мейлінше меңгеруді талап етеді. Осылайша оқу – тәрбие үрдісінде жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану заман талабынан туындап отыр.

Қазіргі білім беру жағдайында электронды құрал-жабдықтарға негізделген ақпараттық технологияларды, сандық білім қорының біртұтас жиынтығын, интерактивті тақта мүмкіндіктерін пайдаланбай, соларға сүйенбей толыққанды сабақ беру мүмкін емес. Сол себептен ақпараттық-коммуникативтік технологияларды бүгінгі заманның зор жетістігі ретінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің сабақтарында да пайдалану өте тиімді. Іс-тәжірибе көрсетіп отырғандай, қазіргі заманның мұғалімі кем дегенде Microsoft Оffice бағдарламаларын жетік пайдаланады. Мәселен, Word бағдарламасы – әрбір сабаққа қажетті мәтіндік материалдар құру үшін керек болса, Excel – кесте, сұлба, график, тест құру үшін, Power Pоint – оқушылардың өз бетімен орындайтын жұмыстарына, яғни сабаққа қажетті электронды жалғама әзірлеу үшін керек. Ал Publisher бағдарламасы – оқылатын тақырыптар бойынша буклет, реферат дайындауға ыңғайлы. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің ақпараттық технологиялардың барлық мүмкіндігін – қарапайым орфографиялық тренажерлерден бастап, интерактивті тақтаға дейін пайдаланып, қашықтықтан оқыту үшін ғаламтор желісінде жұмыс істей алуы - бүгінгі күннің талабы.

Ұлттық жобаны іске асыру аясында электрондық оқытудың ақпараттық жүйесі (ЭОАЖ): білім беру ұйымының порталы, Ұлттық білім берудің деректер базасы, ішкі корпоративтік портал, электрондық кітапхана, білім беру ұйымдарын басқару жүйесі және электрондық оқытудың басқа да компоненттері құрылды.

Сандық білім беру ресурстары – мектептерге онлайн режимінде қолжетімді, бір оқу пәнінің нақты тақырыбы бойынша әзірленген сандық форматтағы дидактикалық материалдар. 2011 жылдан бастап ЭОЖ-ге 14 511 СБР әзірленді және орналастырылды, оның ішінде орта білім беру бойынша – 10 603 СБР, оның ішінде қазақ тілінде оқытатын мектептердің 2-11-сыныптарына арналған «Қазақ тілі» пәні бойынша 1159 СБР, «Қазақ әдебиеті» пәні бойынша 548 СБР.

СБР міндетіоқытушыны ауыстыру емес, қосымша оқу материалдарын ұсыну, білім мазмұнын ұсынуда жаңа мультимедиалық, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдануға мүмкіндік беру. СБР оқушылардың өз бетінше белсенді жұмысын қамтамасыз етеді, ал мұғалімге сабақтың әрбір түрі немесе кезеңінің нақты дидактикалық материалдарынан туындайтын оқытуды ұйымдастыру кезінде – жаңа тақырыпты түсіндіруде, материалды бекітуде немесе оның білімді меңгеру дәрежесін тексеруде аталған ресурстарды пайдалануға мүмкіндік береді.

СБР – оқу процесін ұйымдастыруда көмекші құрал. Әртүрлі сандық объектілерді пайдалана отырып, сабақты құрастыру және модельдеу. Оқу процесі барысында сандық білім ресурстарының көптеген түрлері қолданылады: анимациялар, интерактивті суреттер мен схемалар, интерактивті тапсырмалар. Сабақ кезеңдерінде олардың әрқайсысын жан-жақты пайдалану қажет. СБР кешендерінен қажетті ақпаратты тез іздестіріп табуға, бақылау және өздік жұмыстарын дайындауға, шығармашылық тапсырмалар құрастыруға, сабақ барысында дайындалған сандық объектілерді мультимедиялық проектор арқылы демонстрациялауға болады. 

Тәжірибе көрсетіп отырғандай, әдебиет сабақтарында да СБР-ді орынды қолдану өте тиімді. Мысалы, мектепте Абай шығармашылығын СБР, АКТ-ның көмегімен қалайша оқытуға болатынын қарастырып көрелік. Е-learning (электрондық оқыту жүйесі) технологияларының көмегімен әдебиет сабағында қолданылатын келесі әдістерді бөлуге болады:

Виртуалды топтық жұмыс – бұл бір берілген тапсырма бойынша жұмыстанатын топта оқитын оқушылардың біріккен жұмысы, олар өз беттерінше хабар алмасу және әрекеттесу нормаларын белгілейді. Мәселен,соңғы кездері әдебиет пәнін нәтижелі оқытуға мүмкіндік беретін жоба-көрсетілім (проект-презентация) кең қолданысқа ие болып жүр. Сабақтың мұндай әдіс-тәсілін оқушылар өздері де орындай алатын болды. Әдебиет сабағында Абай шығармашылығын игеруде 8-11-cыныптарда компьютерлік жоба сабақтарын пән бағдарламасы аясында, яғни бөлінген сағат пен уақытқа орай, бір-екі рет өткізіп тұрған жөн. Оқушылар ақынның өмірбаянын зерттеп-зерделейді, қажетті деген деректерді таңдап алады, топтарға бөлінеді. Өмірбаян деректерін баяндау жеткіліксіз, қаламгердің бейнесін жаңғыртып, оның идеялық ізденісін, шығармашылық өзгешелігін анықтау қажет. Әр топ зерттеу жоспары мен бағдарламасын дайындайды, міндеттерін айқындайды. Бұдан кейін оқушылар өз беттерімен жұмыс орындайды. Бұл кезеңде оқытушы кеңесші рөлін орындайды. Оқушылар интернетте жұмыс істеп, дереккөздерді зерделейді, ақын замандастарының естеліктерін, басқа да қосымша әдебиеттерді оқиды, өзара ақпаратпен алмасады. Ғаламторды пайдалану оқушыны алынған ақпаратты жинақтауға, талдауға, көрсете білуге машықтандырып, белгілі бір шығармашылық (жазушылық, ақындық, сыншылық т.б.) дағдының қалыптасуына негіз болады. Оқу тиімділігінің жаңа типі қалыптасады, яғни қысқа мерзімде көлемді материалды меңгеруді үйренеді. Жобаның қорытындысында ғылыми-практикалық конференция, пікірсайыс (дисскусиялық) клуб отырысын, компьютерлік көрсетілім (презентация) өткізуге болады. Абай өмірбаянын зерделеу сабағына Power Point бағдарламасының көмегімен компьютерлік көрсетілім жасаған жағдайда, сабақ психикалық тұрғыдан да жеңіл өтеді, себебі компьютерлік көрнекілік жетімді де жедел, эмоцианалды-экспрессивті қабылдауға оң әсерін тигізеді.

Сонымен қатар әр сынып оқушыларынан құралған шығармашылық топ та компьютер сыныптарында осы тақырыпқа байланысты мультимедиа жобаларын жасай алады. Осындай жұмыс нәтижесінде мектептегі медиақор қалыптасып, сандық білім ресурстары толығады. Ол үшін ең алдымен белгілі бір тақырыпқа қатысты контент жинақталады. Контенттердің осылай жинақталуы тиімді ғана емес, сонымен қатар білім ресурстарының маңыздылығын да арттырады. Жинақталған контенттер интернетке орналастырылуы керек. Интернет желісінде орналасқан білім ресурстары толықтырылып, маңызы одан сайын артып, контент алмасу үдерісі жүзеге асады. Тәжірибе ретінде әдебиет сабақтарында біз "Абай Құнанбаев: өмірі мен шығармашылығы" атты мультимедиалық контент жинақтадық. Оның ішіне мәтіндік жұмыстар (сабақ жоспарлары), аудио (Абай өлеңдері, "Абай жолы" роман-эпопеясы), суреттер, презентациялар, әндер, көркемфильм мен деректі фильмдер енгізілді. Бұл қолда бар материалдарды ЭБОЖ-дағы сандық білім беру ресурстарының формасына түсіру, яғни материалды демонстрациялық режимге және тестілік режимге орналастыру - алдағы уақыттың еншісінде. Енді бір әдіс - бейнеәдіс. Бұл ақпаратты көрнекіліктер арқылы қабылдайтын әдіс (бейнефильмдерді пайдалану, бейнетренингтер, аудиториядағы лекция және бейнеэкскурсиялар, эксперт-мамандардың видеожазбалары және т.б). Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығымен танысу кезінде бейнетаспа сабағын ұйымдастыруға болады. Бейнетаспа сабақтар дегеніміз – оқу-танымдық бейнефильмдер мен анимациялық фильмдер. Ол оқу бағдарламасындағы жекелеген тақырыптар мен оқу ақпараттарынан тұратын, АКТ қолдану әдісімен толықтырылған, білім беру жағдайында сапаны көтеруді қамтамасыз ететін дидактикалық материалдар.

Абай шығармашылығына қатысты бейнефильм көрсетілмес бұрын оқушыларға сұрақтар қойылады, оқушылар ол сұрақтарға бейнефильмді көріп болған соң жауап береді. Бұл оқушылар бойында алдына мақсат қойып, сабақтың тақырыбына деген оқушылардың қызығуын туғызады. Бейнефильмнің дауысын басып қойып, оқушылар жүріп жатқан көріністерге өздігінен комментарий жасай алады. Осылайша әдебиет сабақтарында мектеп оқушылары көрнекі анимациялар мен бейнеклиптерді көре отырып, мектеп кабинетінде көрсету мүмкін емес нәрселерді терең танып біле келе, танысып отырған тақырыптың мән-жайына терең бойлай түседі.

Абай шығармаларын өткен кезде аудиожазбаларды қолдану да тиімді. Мысалы, 5-сынып бағдарламасында А. Құнанбаевтың "Қыс", "Ғылым таппай мақтанба" өлеңдері берілген. Оқушыларға осы өлеңдердің кәсіби диктор оқыған нұсқасын тыңдатуға болады. Мұны мұқият тыңдап алған оқушы өзі өлеңді жатқа айтар кезде мұғалімнің оқығанына ғана емес, аудиоға да сүйенсе, оқушының оқу мәнері, ырғақ, интонация, кідіріс жайлы түсініктері қалыптасып, өлеңді мәнерлеп оқуға машықтанады. Абай шығармашылығын М.Әуезовтің "Абай жолы" эпопеясымен байланыстыра оқытудың маңызы ерекше. Осы орайда жоғары сыныптарда "Абай жолын" меңгеруде де аудиокітапты қолдану оқушының түрлі сезім мүшелеріне әсер етеді, ал бұл өз кезегінде тақырыпты, пәнге деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді, уақытты да үнемдеуге көмектеседі.

Қ.Бітібаева: "Үйлесім сабағы ретінде өткізуге болатын сабақтардың бір түрі - Абайдың өзі әнін қоса шығарған өлеңдерін таныстыру сабақтары... Мысалы, концерт-сабақ, интеграциялық сабақ (музыка, бейнелеу өнері, т.б. пәндер мұғалімдерімен сабақты бірге өткізу), т.б." деп жазады [ 4;53]. Мектепте Абайдың "Желсіз түнде жарық ай", "Қараңғы түнде тау қалғып", "Сегіз аяқ" сияқты өлеңдерін өткенде осы әндерге түсірілген бейнежазбаларды қолдануға әбден болады. Ал ақынның табиғат лирикасымен танысқанда, жоғарыда айтқандай, бейнелеу өнерімен байланыстырып, ғаламтордан табиғат суреттерін, пейзажды тауып, тамашалауға болады. Бұл әдіс оқушылардың өлеңді бейнелі түрде қабылдауға, есте сақтауға өзінің оң әсерін тигізеді. Бұдан басқа, Абайдың өміріне қатысты фотосуреттерді жинақтап, виртуалды галерея да ұйымдастыруға болады.

Сабақты компьютерлік сыныпта өткізген кезде оқушыларға әртүрлі деңгейдегі тапсырмаларды ұсынуға болады. Мысалы: ақын шығармашылығы бойынша анимациядағы сұрақтарға жауап беру, анимацияларға сүйене отырып, тірек-конспектілер мен сұрақтар дайындау. Абай Шығыс әдебиетінен терең сусындағандықтан, оның шығармаларында араб-парсы сөздері жиі кездеседі (мәселен: нафрәтлі, ғибратлі, мизан, кәпір, ғұламаһи,т.б.) Оқушылар бұл тұста мультимедиалық анықтамалық, терминдер сөздігін қолданып,энциклопедиялық білімдерін толықтыра алады. Ал сабақты бекіту және қайталау кезеңдерінде бақылау жүргізуге компьютерлік тестілер ыңғайлы. Өйткені қағазға басылған тестіден гөрі, мониторға шығатын тестілерді орындау білім алушыға қолайлы әрі қызығырақ.Тест арқылы берілген білімді бағалау-бақылау мұғалімнің де, оқушының да уақытын үндемейді, білім алушының өзін-өзі бағалауына мүмкіндік береді. Тестілік бақылау нәтижені әділ, тура бағалаумен ерекшеленеді.



СБР, АКТ-ны пайдаланып сабақ жүргізу берілетін білімнің сапасын ғана арттырып қоймай, оқушының әр сабаққа деген қызығушылығын тудырып, ынта-ықыласын (мотивациясын) жақсартады, шығармашылық дағдыларды дамытады. Әдебиет сабақтарын ақпараттық технологиялар бойынша жүргізгенде пән ерекшелігі міндетті түрде ескеріледі, яғни руханият мәселелеріне, шығармашыл, соның ішінде тілдік тұлғаны жетілдіру мақсаты бірінші кезекте тұрады. Абай шығармашылығын оқытуда СБР, АКТ-ны қолданудың мынадай артықшылықтары бар:

  • Оқушының Абайды тануға деген ынтасы артады;

  • Әр оқушының жеке қабілеті (жазушылық, ақындық, сыншылық, т.б. ) айқындалады;

  • шығармаларды ұжымдық талдауға мүмкіндік береді;

  • оқулық материалы қайталанбайды;

  • ғаламтордың көмегімен түсініксіз сөздердің анықтамасы, ақын туралы деректердің тез арада табылуы қамтамасыз етіледі;

  • сабақ жүргізу барысындағы берілген білім мен ақпаратты,тапсырмаларды сұрауға жұмсалатын уақытты үнемдейді;

  • ынтасы төмен оқушылармен жұмыс жасалады (сабақ барысында қамтылмаған оқушы қалмайды);

  • Жақсы оқитын оқушының тереңірек білім алуына жағдай туады;

  • Әр оқушы өздігінен жұмыс істеуге дағдыланады;

  • оқушы өзі тапсырма (тест, сөзжұмбақ), презентация құрастыра алады;

  • оқушы интерактивті жабдықтармен жұмыс жасау технологиясын меңгереді;

  • көрнекі бейне, анимация, әуен оқушылардың зейінін арттырады

Сонымен, сандық білім беру ресурстары - мультимедиалық дыбысталған презентациялар, сандық форматқа айналдырылған мәтіндер, интерактивті тапсырмалар мен белгілі бір тақырып бойынша тестілеу бағдарламалары түріндегі интерактивті кешен. Сабақ барысында СБР, АКТ-ны қолдану ұстаздың сабақ беру шығармашылығын алып тастау деген сөз емес. Керісінше, ұстаздың тақырыпты түсіндіру барысында небір қызықты дерек-дәйектерді қосымша пайдалануына мүмкіндіктер жасалып отыр. СБР-ді тиімді пайдалану ең әуелі ұстаздың біліктілігіне тікелей байланысты.Зерттеушілердің пікірі бойынша, дәстүрлі оқу әдісімен берілген материалдың 25%-ы, көру арқылы 33%-ы, көру-есту арқылы 50%-ы, ал мультимедиалық интерактивті оқыту бағдарламасы көмегімен берілген материалдың 75%-ы есте сақталады екен. Жалпы қазақ әдебиеті пәнінен жинақталған СБР-ді www.e.edu.kz сайтынан көруге болады.  Кейіннен ҚР Білім және ғылым министрлігінің тапсырысы бойынша әзірленген барлық электрондық білім беру контенті, сонымен қатар әдістемелік ұсынымдар, әдістемелік құралдар, бейнесабақтар, мұғалімдердің авторлық әзірлемелері мен т.б. осында орналастырылатын болады..

Қорыта айтқанда, тәуелсіз еліміздің болашағы болып табылатын жас ұрпаққа сапалы білім беріп, жеке тұлға етіп қалыптастыруда электрондық оқыту жүйесі, оның ішінде СБР-дің берер мүмкіншілігі мол болары сөзсіз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Назарбаев Н.Ә. «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан

дамуының басты бағыты» Ел президентінің халыққа жолдауы, 2012 ж.

2. Қазақстан Республикасында білім берудің 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. -Астана, 2010 жыл.
3. Абай. Қалың елім, қазағым: шығармалары. - Алматы: Жалын, 1995 ж.

4. www.bilimland.kz



5. www. аbai.kz



Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет