Ұлттық киімнің қоғамдағы маңыздылығы



Дата15.09.2017
өлшемі102,3 Kb.
#32848
Аздархан Ж.А.

Әл-фараби атындағы қазақ

Ұлттық универсиеті философия және

саясаттану факультеті дінтану

және мәдениеттану кафедрасы

мәдениеттану мамандығының 2 курс магистранты



Ұлттық киімнің қоғамдағы маңыздылығы
Бүгінгі әлем – көз ілеспес жылдамдықпен зымырап бара жатқан асығыс әлем, сондай-ақ күн сайын, сәт сайын құбылып, тотықұстай түрленіп жатқан сәнқой әлем де. Сонда көңілге көрік беретін бірден-бір нәрсе – киім. Сәнге ден қою маусымы келді. Жоғарыда айтқандай, күн емес, тіпті сәт санап жаңарып, жаңғырып жатқан жаһанда әр сағатта түрлі бейнелі киімдер ұлттық немесе жалпылық болып сән сахнасына шығуда. Әлемдік үрдіс, сол тұтас әлемнің бір бөлшегі – біздің қазақ елінің тұрғындарының назарын да іліктірмей кетпейтіні рас.

Қазақ халқы ұлттық киімдерінің тарихы өте тереңде. Бұған дәлел ретінде С.И.Руденконың күпінің қазақтардың ата-бабасына кем дегенде бұдан екі мың жыл бұрын белгілі болған киім үлгісі екенін дәлелдеп берген деректерін айта аламыз. Сонымен қатар, Қазақ халық қолөнерінің бір түрі болып табылатын киім өнерінің мәселесі көп уақытқа дейін арнайы сала болып зерттелмегенімен, Орта Азия халықтарының этнографиясы, тарихы, қолөнері бойынша жазылған және осы зерттеуге арқау болған шығыс авторларының, батыс еуропалық, ресей саяхатшыларының және өлкетанушыларының еңбектері құнды мәліметтер береді.

Т. Аткинсон, В.Н. Шевченко, П. Кошаров, П. Орловский, И. Клапрот, Г.Г. Гуркин, П.И. Лерх, П.В. Маковецкий, Н.М. Ядринцев, Г.И. Спасский, С. Большой, М.И. Минаев сияқты және тағы басқалардың еңбектері, XVIII ғ. мен XIX ғ. бас кезеңінде Қазақстан жерінде болған орыс суретшілерінің суреттері де этнографиялық құнды мәліметтер береді.

XVIII - XIX ғасырлардағы қазақ киімінің нұсқалары, қазақтың тұрмыс - салты мен мінез-құлқы, шаруашылық әдісі, қолөнер бұйымдарының жасалу технологиясы, материалы жайлы біршама құнды пікірлерді ресейлік зерттеушілер И.Г. Георги [1], П.С. Паллас [2], А.И. Левшин [3], И.Казанцев [4] т.б. еңбектерінде айтылған. Еліміздің мұражайында сақталған көне мұралар және мұрағат деректері де қазақ халық киім үлгілеріне байланысты мағлұматтар береді.

Қазақ халқының қолөнері, тұрмысы және киімі жайлы жазылған Ш.Уәлиханов еңбегінің маңызы зор. Оның еңбегі XIX ғ. орта кезеңдегі қазақ қолөнерінің тарихына мол мағлұмат қосады.

Қазақ халқының ұлттық киімдерді әшекейлеп, сәндеуде өзіндік ерекшіліктер бар. Қазақ халқының ұлттық киім үлгілерінің әр түрлі жолдарын жаңаша дамытуға, әр түрлі тәсілде көрсетіп, жастарға өсиет етуге болады. Ұлттық киіміміз жайлы белгілі ресейлік ғалымы М.А.Леваневский: «Қазақтың қандай кәсіпке болмасын, табиғаттан қабілеттігіне сүйсінесің, қарапайым құралдармен тамаша ер қапталдарын жасап, алтын, күмістен әсем бұйымдар шығаратындығына таңданбасқа болмайды. Қазақтың тіккен аяқ киімдері өте берік, киюге ыңғайлы» деп жазған екен бір естелігінде.

Халқымыздың ұлттық киімдері заманауи тарихпен қатар дамып, біте қайнасып келе жатқан асыл қазынамыз. Сонау көшпелі кезеңдерден күні бүгінге дейін қол өнерінің озық үлгісі ретінде ғана емес, көз тартар әсемдігі мен ыңғайлылығының арқасында қолданыстан қалмай келе жатқан киімдеріміз де жетерлік. Олардың кейбіреуін көнекөз қарттарымыз күнделікті киіп жүрсе, енді бірі қыз ұзату, келін түсіру сияқты ойын-сауыққа пайдаланылады. Отан алдындағы абыройымызды сақтау - ұлттық дүниекөздерін, көне жәдігерлерімізді, соның ішінде ұлттық киіміміздің рәміздік эстетикалық символдарын сақтап, қолданыс аясын кеңейтіп, оның тәуелсіз Қазақ елінің имиджін жасаудағы маңызды, ажырамас элементі ретінде көрумен тең.



Киім кию тек қана адамның сыртқы дүниесіне ғана байланысты мәселе емес екені ертеден мәлім. Адамның киген киімі оның ішкі дүниесінен хабар беріп тұратыны анық.  «Адам көркі шүберек», «Киіміне қарап қарсы алады, ақылына қарап шығарып салады» деген мақалдар да біраз жайдан хабар беретіні шын.

Мына алпауыт жер бетінде қанша ұлт, қанша халық, қанша мемлекет болса, бұларды бір-бірінен ерекшелендіріп тұратын тілі, мәдениеті және дәстүрі болып табылады. Осы тұста, қазақ этносының тілі мен ділі, психологиясы мен дүниетанымы, мәдени қазынасы, оның ішінде ұлттық киім үлгілерінің сақталуы, ұрпақтар қадірлейтін мұрасы болып дамуы қазіргі кезеңнің басты мәселесі болып отыр.  Осыған байланысты пайғабарымыз, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, «Кім бір қауымға ұқсаса (еліктесе) ол – солардан» дейді. Яғни, осы дүниеде кім бір қауымға еліктесе, Қияметте ол солармен бірге тіріліп, солармен бірге болады. Дегенменде жастарымыз, жастар ғана емес кейбір жас болғысы келетін жасамыстарымыз да жаһанданудың «жемін» жеп, қағынан жерініп, ұлтсыздануға ұрынып, батыстануға бүйректері бұрылып жүр.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің халыққа Жолдауында: «Біз Қазақстанның барлық азаматтарының отаншылдық сезімі мен өз еліне деген сүйіспеншілігін дамытуға тиіспіз» деп атап өткен болатын. Ал мұндай еліктеушілік пен қызығушылықтар жетегінде жүре берсек, болашағымыздың кепілі болатын жастар қайдан пайда болмақ?[5]

Әлемдегі озық өнер түрлерін сарапқа салар болсақ, қазақтың төл табиғатпен дүниетанымы терең, мәдениеті бай, әрбір өнері көрнекті, көргені мен түйгені мол үлгілі ұлт екендігін аңғару қиын емес. Қазақ өнерінің әрбір туындысы өзгеге ұқсамайтын өзіндік ұлттық нақыштарға толы. Этнографтар табиғатпен етене байланыстағы қазақтың ұлттық киімдерін негізінен мынандай түрге бөледі: іштік киімдер, сыртқы (өң) киімдер, сулық киімдер, ерлердің бас киімдері, әйелдердің бас киімдері, аяқ киімдер. Осы әр қазақтың көркіне көрік қосқан ұлттық киімі дейміз. Дегенмен күнделікті өмірде Фариза апамыз: «Заман жаңа, түр жаңа, киім жаңа, кінәлама ерсі деп мұнымды ана» деп жырлағандай, «ақжемденіп жыртылғалы тұрған» шалбарлыларға, құрақ-құрақ көйлектілерге көзің үйренгелі қашан. Бұл да болса заманның, жоқ адамның ар-иманнан құлан-таза ада болуы. Ендеше қазіргінің ұлттық киіміне көз жүгіртейік. Бүгінде айырылмастай дос болған джинсыларға кеңес кезінде колхоз бастығы, есепшісі секілді мықтылардың балаларының ғана қолдары жеткен екен. Тәуелсіздігімізді алып, оның жиырмасыншы жылдан асқандығын тойлап жатсақ та, көзімізді ашып, жан-жағымызға қарасақ та, батыс ұсынған бүгін де қоғамымызды жаулап алған модельдердің «құрбанына» айналып жүргенімізді сезіне бермейміз. Мысалы, Аспан асты елі жібек көйлегін заманға сай икемдеп шығарып жатыр. Жапондар кимоносын келістіріп жүр. Шотландықтар да қалар емес. Әлемдік жұлдыз ер-азаматтарының өзі шотландық юбканы арланбай киіп, керісінше сол арқылы сәнқой екендерін тағы бір дәлелдегендей басылым беттерінен түсер емес. Осындайда әлемдік аренада қазақтың жарасымды шапаны мен тымағы, бүрмелі көйлегі мен бөрігі, бәсекеге қай қырынан алып қараса да төтеп бере алатынын ескеріп, қолдай бермейміз. Ұлттығын ұмыту құл болудың бірден-бір жолы. Тілі мен мәдениеті кеткен ел, жетім қозыдай жетекке алып жүргенге өте жеңіл. Мәселен, Түркіменстан Ғылым академиясы ғалым-әйелдерді жұмысқа ұлттық үлгідегі көйлек киіп, бастарына жұқа жібек орамал салып келуді міндеттеді. Ендеше, түркмен қызы өзінің ұлттық киімінің жанды жарнамасына айналды. Сұлтанмахмұт Торайғыровша айтсақ, «Анау қырда татар тұр, басқалармен қатар тұр, анау ойда қазақ тұр, қастарында азап тұр, ұйқысы көп, ояуы аз, бұл не деген ғажап-дүр».



Жастардың мұндай еліктеушілікке душар болуының екі себебін көрсетуге болады. Біріншісі,бұл қоғамның, ортасының тікелей өзіне әсер етуінен. Яғни, қоршаған ортаның көзқарасы, сыны адамның психологиялық жүйесіне тікелей әсер етеді. Бұлай деп жатқанымыз, жастар арасындағы мақтаншақтық, менмендіктің белең алуы. Қазірде көп жастарымызда киімге, сәнге қатысты мынадай ұстаным ұялаған, батыстық стильде сән қуалау, киімнің эстетикалық, ыңғайлылығына, жарасымдығына қарамастан бренд деген атау арқылы ғана киінетін жастарымыз өкінішке орай көп. Және бұл құбылыс өз ортасында жүрген достарына да әсер етеді және де бұл қызғаныштыққа, келіспеушілікке алып келіп жатады.

Киім киюдің өзі де өнер. Ежелде ата-бабаларымыз кеңдігіне, ыңғайлылығына, әдемілігіне, жарасымдығына назар аударған. Бас киімдері мен киім - кешектерінің бөліктері әдемі жібек матамен өрнектеліп көркемделген. [6]

Сонымен қатар, бұл қоғамда өмір сүріп жатқан әрбір адамзатқа қазіргі таңда үлкен әсерін тигізіп жатқан бұл «әлеуметтік желі кеңістігі». Әлеуметтік желінің тигізетін жағымсыз септігі қандай? Ол тек қана киім кию мәдениетіне ғана емес, сондай-ақ жастардың барлық болмысына әсерін тигізіп жатқаны сөзсіз. Адамдардың дәл қазіргі кезеңде өмір сүруіне барлық жағдай жеңілдетілген. Мысалы, киімді өз өлшеміңізбен, ұнаған үлгіде қазіргі таңда желі арқылы тапсырыс беріп әлемнің қай түкпірінен болсада ала аласыз. Және де, бұл киімдердің жарнамасы да қандай маңызға ие. Міне осындай, мүмкіншілікке, шетелдің брендін өз елімізде-ақ киюге жастарының шама-шарқы жетіп отыр. Жастар арасында «бренд» сөзі сәнді болған. Осы шетелдік брендтер арқасында өзіміздің қазақилығымызды, ұлттық киіміміздің абыройын түсірудеміз. Неге өзіміздің қазақы брендімізді жасап шығармасқа?!

Екінші себеп, бұл Отандық дизайнерлер мен киім шығаратын өндірістердің саны мен сапалылығының төмендігінде. Киімдер заман талабына сай өзгергенімен, өзінің түпкі әдемілік мәнін жоғалтып та алуда. Сонымен қатар, бұл киімдердің қолжетімділігі өте жоғары. Бұл киімдерді тек сауық-сайранда, әнші-танымалдар, қалтасы көтеретін қазақтарымыз ғана кие алады. Не себептен? Себебі, шағын ғана тігін шеберханасы жалпы қазақты тамтамасыз ететіндей киім шығара алмайды. Ал өз брендімізді қалыптастыру үшін, ұлттық киімнің маңыздылығын арттыру үшін көптеген киім фабрикаларын, өндірістерін ашу керек. Сонда ғана біз өзіміздің ұлттық құндылығымыздың бір бөлшегін, ұлттық киіміміздің қолданыста жүруін қамтамасыз ете аламыз.

23 жылдық тарихы бар Қазақстан елінде, мәдениетімізді әлемге танытып жүрген біршама Отандық сән үйлерінің, талантты дизайнерлердің барлығымен мақтана аламыз. Атай кетсек, «Сымбат», «Құралай», «Мақпал», «Ерке-Нұр» сән үйлері мен Аида Кауменова, Ая Бапани, Жадыра Сахиева т.б. талантты өнер иелері. Бұл дарынды азаматшалар біздің өзге ұлттардан ерекше болған мәдениетімізді әлемге паш етуде. Мысалы, Ая Бапани – Қазақстандық жас дизайнер, қазақ көркемсурет өнерінің классигі  Әлібай Бапановтың қызы. Ерекшелігі – киіз басу өнері арқылы киімдер шығару. 2013 жылдың қазан айында Алматыда Kazakhstan Fashion Week апталығында шет елдік сарапшылардың назарына түсіп «жыл жаңалығы» атанған. 2012 жылы әлем сәнгерлері қатысқан Италияның Милан қаласында өткен сән додасында бас жүлдені алып, батыстық сәнқойларды еріксіз мойындатты. Сонымен қатар, 2006 жылы Мәскеуде өткен жас дизайнерлер жарысына қатысып онда да бас жүлдені алған. Алайда, Қазақ халқының мәдениетін, ұлттық киімді әлемдік аренада көрсету бүгінде ғана емес, сонау ата-бабаларымыздың көшпелі тұрмысынан бастау алған. Франциялық эннон деген биік, сүйір бұрышты бас киімдер тарихында, оны 17-18-ғасырларда ең бай, бақуатты әйелдер ғана киген екен. Бас киімнің артында қытай жібегінен вуаль болған. Бәлкім Жібек жолы арқылы қазақтың сәукелесі Еуропаға жетіп, сәнге айналған шығар деген де пікірлер бар. [7]

Ұлттық дәстүрімізді сақтай білу әрбір ұрпақтың тағдырына аялай қарау, қадірлеу, қастерлеу ұрпақтарымыздың өздеріне байланысты. Халқымыздың ғасырлар бойы өмірінің өткелдерінен өтіп, қилы - қилы кезеңдерінде бір құлап, бір тұрумен келе жатса да, бар өнеге өсиетін, әдет- қасиетін, ғұрпын, рәміздерін сақтап қалуға ұмтылып баққан халқымыздың қабақтары енді ашылып жарқырады. Сондықтан, өмірге қайта орала бастаған ұлттық үрдістеріміз бен салт-дәстүріміздің көбейе түскені осының айғағы. Кез келген ұлттың мәдениеті оның тілі, ділі, діні, салт-дәстүрінен тұтас құрылады. Біреуін бөлшектеп алу қате. Ендеше, қазақтың ұлттық киімі де сонау қазақ, қазақ болып қалыптаса бастаған Алтын орда, Ақ орда заманында мойындаған, Хақ дін исламмен біте қайнасқан. Сондықтан, ата-бабамыз, әурет жерлерді жабуды парыз еткен қасиетті кітап Құран сөзін аяқ асты қылмай, қызына бүрмелі көйлек, кәмшат бөрік, ана атанғанда кимешек кидірген. Міне осындай асыл мұраны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу бұл біздің ата-бабалар алдындағы міндетіміз.

Қазақ қоғамы үшін киім дегеніміз - адам болмысының рәмізділік даналығы болып табылатын, сондай - ақ адам тіршілігін қалыптастыратын орындарын белгілейтін дүниені рәмізділік түсінікте анықтап, қолданатын өзіндік бір пайым.

Ертеде қазақтардың қоғамдағы әлеуметтік дәрежесін киген киіміне қарап білген. Халықтың бүгінде тамағы тоқ, көйлегі көк болғаны жеткіліксіз. Қазақ елі азаматының киімі ыңғайлы, сәнді болуымен қатар түймесі қазақша тіл қатып, оюы «Ортеке» биін билеп, бұлынан жусанның иісі аңқып, әлемге алаш деп айқайлап тұрғаны ұлт үшін ұтымды. Бүлдіршінге үкілі тақия кидіріп, бөріктіні бойжеткен деп таныған, күйеуге үкі тағып, келіннің сәукелесін бір үйір жылқыға бағалап, арындай аппақ жаулығынан сәбилі болғанын, күмбездей кимешегінен үбірлі-шүбірлі ана екенін бұрыңғыдай танытса игі. Шапанына қарап ел-жұртын, атақ-даңқын, кәрі-жасын, руын ажыратқан. Тіпті ерлердің бөркіне қарап қай рудан екенін айтуға болатын. Бұл жерде мәселе өткенді толығымен көшіріп алу емес, кешегінің бүгінгі жалғастығын табуда. Қазіргі нарықта сұрыныс тудыра алмаған өз баласын өзі тігіп киіндіріп, өзі тәрбиелеп, өзі оқытатындай ұлы дәуірдің ұл-қызы аңызға айналғаны қашан. Біз бүгінге ұлттық бедері бар, ұлттық киімнің қазіргі заманға сай нұсқасын жасап, өзгенің жыртығына жалтаңдамай, өзгенің тыртығымен талтаңдамай-ақ өз киімімізбен өзгені тарта аламыз. Меніңше, біздің киімнің киесі әлем аренасынан шығып, әлемді мойындатары сөзсіз. Қазіргі ұлттық киімнің аты бар да, заты жоқ. Ұлттық киімді мойындау – қазақты мойындау емес пе! Киімнің бастан-аяқ ұлттық үлгіде болуы міндетті емес. Тым құрығанда, заманауи стильдегі элементтер үйлесіп тұрса, оның өзі жақсы.



«Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса, ол елдің еңсесі де биік болады» - деп Елбасымызы Н.Ә. Назарбаев өз Жолдауында атап кеткендей, ендігі кезекте, Мәңгілік елдің – мәңгілік болуы мына біз жастардың қолында. [8] Әрбір азамат ұлт жанашыры ретінде ұлттық құндылықтарымызды бағалай білсе, онда еліміздің өзге елдер арасында мерейі мен белсенділігі, тұғыры биік болмақ!

Пайдаланылған әдебиеттер


  1. Георги И. Г. Описание всех в Российском государстве народов и их жительства, обрядов, обыкновений, одежд. СПб. 1779-1799, т. II. с. 131-133.

  2. Паллас П.С. Путишествие по разным провинциям российской империи: Спб., 1773. ч. 1 - 657 с.

  3. Левшин А.И. Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей.-Алматы, 1996.- 656 с.

  4. Казанцев И. Описание киргиз-кайсаков. СПб.: Типография Товарищества «Общественная полза», 1867.- 231 с.; 26 х 21 см.

  5. Н.Ә. Назарбаев Қазақстан – 2030. Ел Президентінің Қазақстан халқына жолдауы. - Алматы: 2012.

  6. Захарова И. В., Ходжаева Р. Д. Казахская национальная одежда. (XIX-начало ХХ века), Алма – Ата: Наука, 1964 с. – 178 с.

  7. Шойбеков Р.Н. Баскиiмдер және олардың әшекейлері // АТ 1991. 18 сәуір. 8 бет.

  8. Н. Ә. Назарбаевтың “Инновациялар мен оқу-білімді жетілдіру арқылы білім экономикасына” атты лекциясынан. // Егемен Қазақстан. Алматы, 2006.


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет