Мәнжазба
Қазақ халқының Жоңғар басқыншылығына қарсы күресі
Дайындаған:А.У.Туребекова
Жоспары:
Кіріспе: Қазақ халқының күш біріктіре бастауы
Негізгі бөлім: Ұлт-азаттық қозғалыстар мен олардың жетекшілері
Қорытынды: Қазақ халқының Жоңғар басқыншылығына қарсы күресінің тарихи маңызы
Қазақ халқының күш біріктіре бастауы…
Жоңғар шабуылының салдарынан қазақтардың басына түскен аса ауыр жағдай оларды қалайда күш біріктіруге мәжбүр етті. Осылай ету қажеттігін үш жүздің өкілдері түгел түсінді.Жауға соққы беруді ұйымдастыру жөнінде бастама көтерген Кіші жүздің ханы Әбілқайыр болды. Ол 1723 жылы 20 мың жауынгері бар жасақты бастап, жоңғарлардың қандас одақтасы Еділ бойындағы қалмақтарға қарсы бірнеше жеңісті жорық жасады. Өз тылын осылайша қауіпсіз еткен ол қалың қолын бастап, Сырдария бойына қарай бет алды. 1724 жылдың көктемінде Қазақ хандығының астанасы Түркістан қаласына жетіп, оны тікелей шабуылмен азат етті. Қаланы бір жыл бойы өз қолында ұстап тұрды. Бірақ жаудың еселенген көп күшінің тегеурінді қысымымен Түркістанды және сол аймақтағы басқа да қалаларды тастап шықты.
1725 жылы құрамында 50 мың жауынгері бар бірлескен қазақ-карақалпақ әскерінің қолбасшысы болды. Сөйтіп жоңғарларға қарсы бірнеше сәтті жорық жасады. Осы кезде оның ұйымдастырушылық таланты, ірі әскери қолбасшы ретіндегі қабілеті, жеке өз басының қаһарман ерлігі айқын танылды. Жауға неғұрлым жылдам әрі күйрете соққы беруді ұйымдастыру қажеттігі бүкіл қазақтың күш-жігерін біріктіруді талап етті. Осы мақсатпен 1726 жылдың күзінде Ордабасы тауында (қазіргі Шымкент қаласының батыс жағында) Бүкілқазақтық Құрылтай болып өтті. Оған қазақтың хандары, үш жүздің сұлтандары, билері, батырлары келді. Қазақ халқының ең таңдаулы өкілдерінің бас қосқан бұл жиынында жауға күйрете соққы беруді, орталықтандырылған күшті басшылықты қалай ұйымдастыруды шешу керек болды.
Қазақтар бір-біріне барынша берілген, адал болуға осы Ордабасыда ант берісті.
Ұлт-азаттық қозғалыстар мен олардың жетекшілері…
Жоңғар хандығына қарсы ұзаққа созылған күресте 1728 жылы Ұлытаудағы Бұланты өзенінің бойында, Қарасиыр деген жерде қазақ жасақтары тұңғыш рет ірі жеңіске жетті. Бұл шайқасқа қазақтар мен қырғыздар да белсене қатысты. Біріккен күштердің құрамындағы жауынгерлердің жалпы саны 60 мың адамға жеткен еді. Қанды шайқас болған жердің аты «Қалмаққырылған» деген атаумен де қазақ халқының есінде тарихи атау ретінде мәңгі сақталып қалды. Сол шайқаста жоңғарлардың он мыңға жуық жауынгері қаза тапты. Бұланты өзенінің бойындағы жеңістің баға жетпес зор маңызы болды.
Қазақ халқының жоңғарларға қарсы азаттық күресі барысындағы өте елеулі оқиға — Аңырақай шайқасы. Бұл шайқас 1730 жылғы көктемде Балқаш көлінің оңтүстік-батыс жағындағы Итішпес Алакөл деген жерде болды. Шайқасқа Кіші жүздің ханы Әбілқайыр тікелей басшылық етті. Оған қазақтың үш жүзінің жасақтары қатысты.
Аңырақай шайқасы дәстүрлі жекпе-жек ұрысқа шығудан басталды. Оған жоңғар жағынан әскербасы Шарыш, қазақ жағынан жас батыр Сабалақ (болашақ Абылай хан атанған Әбілмансұрдың жасырын аты) шықты. Сабалақ қарсыласына «Абылай! Абылай!» деген жауынгерлік ұранмен атой сала ұмтылды.
Қазақ халқының Жоңғар басқыншылығына қарсы күресінің тарихи маңызы
Сонымен XVIII ғасырдың екінші ширегінің бас кезінде қазақ халқы өз азаттығы жолындағы Отан соғысын жүргізді. Жалпы-қазақтық біріккен әскери жасақ жоңғар басқыншыларына ұйымдасқан түрде үсті-үстіне соққы бере бастады. Мұның өзі көбінесе қазақтың үш жүзінің, бүкіл қазақ халқының күш-жігер біріктіруінің арқасында мүмкін болды. Қазақ халқын түгелдей қырып жіберу қаупі ел билеушілерін бұрын болған алтыбақан алауыз ырың-жырынды ұмытуға, бас қоса бірігіа, жоңғар әскерлеріне үсті-үстіне соққы беруге мәжбүрлікпен жұмылдырды.
Қазақтың билеушілері, билері мен батырлары қазақ мемлекеттілігін қалай да сақтап қалуға күш-жігерін барынша аямай жұмсады. Бұланты және Аңырақай шайқастары қазақ сарбаздарының жауынгерлік рухын күшейтіп, аспандата биікке көтерді. Ол шайқастардағы жеңіс халық болып топтасқанда кез келген күшті жауды жеңіп шығуға болатынын айқын көрсетіп берді. Оның үстіне, қазақ сарбаздары жоңғар әскерлерінің жеңіліс атаулыны білмейтіні жөніндеп жалған аңыздың күлін көкке ұшырды.Бұл соғыста қазақ халқының туыскан қарақалпақ және кырғыз халықтарымен жауынгерлік одағын құрудың негізі қаланды. Соны-мен қатар бұл кезде, XVIII ғасырдың 30-жылдарының бас кезінде, билік жолындағы тақ таласы қазақтардың күшін ыдыратуға тағы да алып барып соқты, олар ақыр аяғында елдің тәуелсіздігінен айырылып тынды.[1]
Пайдаланған әдебиеттер:
https://kk.wikipedia.org/wiki/
https://e-history.kz
https://kk.encyclopedia.kz/index.php/
Достарыңызбен бөлісу: |