Қайызғақ. Денсаулыққа, ауруға, витаминнің азаюына, не шашты дұрыстап күтпеуге байланысты адам шашының түбінде, құйқаның бетін қаптап алатын кебек тәрізді ақ түсті жұқа қабықшалар. Қайызғақ бас. Қайызғағы көп бас. Қайызғақ басу. Басына қайызғақ қаптап кету. Қайызғақтану. Қайызғақ пайда болу. Қайызғақты кетіру. Әртүрлі ем істеп, қайызғақтан құтылу.
Қақаш. Адамның мұрын жолында кеуіп, қабырғаларына жабысып қалған мұрынбоқ, сіңбіріктің қабыршақтары. Мұрны қақаштану, әдетте, мұрынбоғы тоқтамай ағатын жас балаларда көбірек болады.
Қақырық. Адамның ішкі өкпесінен бөлініп, тамақ жолы, ауыз арқылы сыртқа шығатын ақ, не сарғыш түсті іріңді түкірік. Қақырып-түкіру. Қақырынып, түкірініп отыру. Қан қақыру. Қан аралас қақырық шығу. Қақырығы – құйма алтын, Түкірігі – түйме алтын. Қақырып-түкіріп отыратын адамды келемеж еткенде, кекеткенде айтылатын мысқылды сөз орамы.
Қал. Адам денесіне туған күннен бастап, не өсе келе пайда болатын, көлемі әртүрлі, түрі қара және қоңыр, кейде ақ болып келетін табиғи дақтар. Оны «мең» деп те атайды. Қазақ ұғымында қал, әдетте, жаңа туған нәрестенің бойындағы бір қасиетіне байланысты деп қарап, әртүрлі ырым-кәдесін жасап отырған. Соның бірі – «ел білсін» дегендей, қалы, меңі бар жаңа туған балаға Қалдыбай, Қалдықыз деген есім беретін де әдеті болған.
Қан. Адам бойындағы 62 тамыры мен оның мыңдаған ұсақ талшықтарындағы тоқтамай соғып тұратын жүректің әрекеті арқылы қозғалып, жылжып, ауысып отыратын, оның өмір сүруіне қажетті қызыл түсті сұйық зат. Ақ қан. Қан құрамындағы ақ түйіршіктердің нормадан тыс көбейіп кетуінен болатын қатерлі дерт. Арам қан. Денеде болатын ескі қан, артық қан. Аузын қан қылу. Соғысып немесе ұрып, аузын қан ету. Арық малды асырасаң, аузы-мұрныңды май етер, Жаман адамды асырасаң, аузы-мұрныңды қан етер. Жаман адам жақсылықты білмейді. Өскен соң жасаған жақсылығыңды қайтарудың орнына, ол саған жамандық жасайды деген ой айтылған. Ащы қан. Қазақтың ұғымынша, қан ащы мен тұщы, қою және сұйық болып бөлінеді. Ащы және сұйық қанды адамдар әдетте қызуқанды болып келеді. Бетіне қан жүгіру. Денсаулығы түзеле бастау, әл кіру. Бетінен қаны қашу. Өңі қуару, бозару, сұрлану. Бит ішіне қан құятын. Біреудің білмейтін, ойламайтын қулығын, айла-шарғысын білетін айлакер қу. Бір қасық қанын қию. Жанын пида ету, өлу. Бір ұртында майы, бір ұртында қаны бар. Екі жақты адам: қолынан жақсылық та, жамандық та келеді деген мағынада. Жылы қанға тұмсығын тығу. Пайдасы мен табысы мол жерді тауып, тұмсығын тығып кіріп алу. Көзі қанталау. 1. Көзінің аласы қызару. 2. ашулану, долдану. Қан алу. 1. Кеселге шалдыққан адамды емдеу мақсатында оның бойындағы артық қанды ағызып жіберу әдісі. 2. ауырған адамның ауруын анықтау үшін денесінен қан алып, оны тексеруге жіберу ісі. Қадалған жерінен қан алу. Өзектеп тұрып алу, айтқанын істетпей қоймау. Қанау. Қан шығу, қан кету. Қанға жерік болу. 1. малдың, аңның қанына жерік болу. 2. Қанқұмар, қаныпезер. Қанға –қан, жанға – жан. Қанды қанмен жуу керек деген ескі заң. Қанға тарту. Түр-әлпеті, не жүріс-тұрысы туғанына, туысына ұқсау. Жан тартпайды, қан тартады. Баланың ата-анасына, туыстың туысқа іші бұрып, жақын тартуы оның кеудесіндегі жанына емес, 62 тамырында соғып тұрған қанына байланысты. Қанға тояттау. Қазақ әдетте сойған малдың етінен өздері дәм татқаннан кейін оның қанын итке береді. Тіркес қанға тойған ит жөнінде айтылады. Қандас. Бірге туған, қаны бір. Қанды балақ. Қолы қаннан таза емес адам. Қанды көйлек дос. Қиындықты бірге кешіп, майданда бірге жүрген досы. Қанды ірің. Қан аралас ірің. Қан жалау. Ит, аң өзінен аққан қанды жалап тоқтатады. Қан жауғыр! Қарғыс. Қан жирен. Қан түстес жирен. Қан жоқ, сөл жоқ. Бозарып кеткен, боп-боз. Қан жоса қылу. Ұрып-соғып, қанға бояу. Ұрып-соғып, қанға бояу. Қан жұтқыр! Қарғыс. Қанжығадан қан кешу. Соғыста болып, аққан қанды көп көру. Қанжылым. Сәл ғана жылы. Қан кету. Іштен, мұрыннан қан ағу. Қан көбік болу. Қатты зорыққан малдан көбіктеніп қан аралас тер шығады. Қан күрең. Қан түстес күрең, қызыл күрең. Қан қақсату. Зар илету, отырғызып кету. Қан құсу. 1. Қан аралас құсық құсу. 2.Қайғыру. Қан құю. Қаны азайған адамға қосымша қан құю ісі. Қан қызыл. Қан түстес қызыл, қып-қызыл. Қан қысымы. Қан тамырларының қабырғаларына түсетін қысым күшінің мөлшері. Қан қысымы көтерілу. Қан қысымының артып кетуі. Қан сасу. Қанның көп ағуы, қан иісінің шығуы. Қансоқта. 1. жаңа сойылған малдың таза қанына ішмай, аздаған ет, дән қосып, тұздықтап, бүйенге салып пісірген шұжық. 2. Қыран құсты дәніктіру үшін өзі алған аңның етін қанымен жегізген жем. Қансонар. Жаңа жауған көбік қардан соң аңның ізі жақсы көрінетін кез. Қан сорпа. 1. Сорпаның бетіне шыққан қан аралас көбік; 2. Қатты терлеген мал, адам туралы қан сорпасы шықты дейді. Қансырау. Қанның көп кетуі. Қанталау. Дененің қызарып, талаурауы. Қан тамыры. Қан жүретін тамырлар. Қан түкіру. Қан аралас түкірік түкіру. Қан ұю. Қанның ұйып қалуы. Аузынан қара қанын ағызу. Аузын қан қылу, тұмсығын бұзу. Қаны қараю. Ызаға булығу, қатты ашулану. Қаны қашу. Бозару, сұрлану. Қанына сіңген әдет. Жастайынан қалыптасқан дағды. Қанын ішіне тарту. Ашуға булығу, кектену. Қасықтай қаны қалғанша. Өмірінің соңына дейін, ақырына дейін. Қою қан. Қанның қоюлығы. Қызыл қан. Қызыл түсті қан. Мұрны қанау. Мұрнынан қан кету. Пұшпағы қанамаған. Бала көтермеген, тумаған.
Достарыңызбен бөлісу: |