Кіріспе жұмыстың жалпы сипаттамасы



бет26/59
Дата28.04.2020
өлшемі0,95 Mb.
#64966
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   59
Байланысты:
Ауру атауларының семантика-лексикалық

1.2.5. Ауру атаулары

Не көп, адам баласы ауыратын ауру-сырқау, кесел-кінәрат, жел-құз, дерт-індеттер көп. Адам баласы өмір сүру үшін өмір бақи соларға қарсы өз қолынан келген барлық айла-шарасын істеп, күресумен келеді. Аурулармен күресу үшін адам олардың пайда болу, жұғу, асқыну, созылу себеп-салдарын, айығу, жазылу, оңалу жолдарын, ол аурулардың аты-жөнін, ерекшелігін және емдеу тәсілдерін де білуге тырысқан. Бұлардың бәрі адам үшін ең алдымен денсаулығын сақтап, ұзақ та дұрыс өмір сүруге қажет болған.

Адамға тән сан алуан аурулардың сырын білуге, олардан құтылудың құпиясын ашуға деген құштарлық, ұмтылыс, нақтылы іс-әрекет қазақ қауымына да тән қасиет. Бұл салада ғасырлар бойы бай тәжірибе жинақталып, олар тіл негізінде ұлан-ғайыр мағлұмат қорын қалыптастырғаны белгілі. Бұлар халқымыздың баға жетпес рухани қазынасы болып саналады. Алайда, халық жадында, сан алуан бұлақтарда сақталып келе жатқан бұл байлықты жұрттың бәрі бірдей біле бермейді, ал білгісі келетіндер тиісті бұлақтардан бірден іздеп тауып, дұрыс пайдалана алмайды.

Жалпы адам ауруларына байланысты жержүзілік медицина ғылымының, оның әртүрлі бастау-бұлақтары саналатын шығыс медицинасы, араб медицинасы, Еуропа елдері медицинасы т.б. жинақтаған тәжірибесі мен ауру-сырқау, дәрі-дәрмектерге берген атау-терминдері ұлан-ғайыр. Осындай әр бұлақкөздерден жинақталып, орыс тілінде қалыптасқан медициналық терминдердің негізінде қазақ тілінде де медицина терминдері қалыптасып отыр. Олар арнайы медициналық терминдер сөздіктерінде жинақталып, практикада қолданылып та жүр.



Біздің мақсатымыз бұл тәрізді медициналық ғылыми терминдерді дайын сөздіктерден көшіріп беру емес, керісінше, ғасырлар бойы қазақ қауымында, халық емшілерінің іс-тәжірибесінде дүниеге келіп, қалыптасқан көне де байырға «қазақы» атауларды мүмкін болғанынша түгел қамту. «Түгел қамту» дейтін себебіміз: халықтық медицина атаулары мен оларға қатысты көптеген ұғым-түсініктердің, этнолингвистикалық деректердің біразы ғана ғылыми қолданысқа еніп, қалғаны әлі «жергілікті тіл ерекшеліктері» ретінде жалпыхалықтық сөз қорының қойнау-қойнауларында «шаң басып» жатқаны белгілі. Демек, зерттеуімізде ауру-сырқау, дәрі-дәрмек атауларының ғылыми айналымға енгендері де, бүгінге дейін сирек қолданылып, не мүлдем қолданыс таппай келгендері де, архаизм, кәсіби сөз, диалектизм санатына жататын халықтық нұсқалары да түгел қамтылмақшы.

Ауру. 1. Ауру-сырқауға шалдыққан, дертке, кеселге, індетке ұшыраған және солардың зардабын тартып, жаны қиналып, мазасызданып жүрген, не төсек тартып жатып қалған адамның өзі. 2. жеке адамның, не әлеуметтік топтың, қоғамның басына төнген жаман әдет, қиын-қыстау жағдай, қауіп-қатер; ұзаққа созылып, оларға қатер туғызатын індет іспетті дерт; ол қоғамды, әлеуметтік топтың , қоғамды сауықтырмаса, ұзаққа созылып кетуі, айыға қоймай, асқынып кететін жаман да жағымсыз құбылыс. 3. ағзаның тіршілік ету, өсіп-өну әрекеті мен құрылысының бұзылуы; науқас, кесел, дерт, сырқат патологиялық реакция, патологиялық үрдіс, патологиялық күй жатады. Алып бара жатқан ауруы жоқ. Жанға батар ешқандай дерт жоқ. Ауру бақты. Ауру адамды бағып-қақты. Ауру биледі. Ауру жеңді. Ауруға ауру жамады. Бұрынғы ауруына басқа ауру қосылды. Ауруға шалдықты [ұрынды, ұшырады, кезікті]. Ауырып қалды, сырқаттанды. Аурудан тұрғандай. Өңі жаман, жүдеу. Аурудың беті қайтты. Айыға бастады. Аурудың емі. Ауруды жазатын тәсіл. Аурудың жасырын кезеңі. Ауру қоздырғыш микробтың ағзаға енуінен бастап, аурудың алғашқы белгісі білінгенге дейінгі уақыт. Аурудың сөзі. Мәнсіз, ақыл-парасатқа жатпайтын сөз. Ауру ерегесіп кетеді. Ауру асқындап қозып кетеді. Ауру жабысты. Науқас пайда болды. Ауру көрді. Дерт санады, жаратпады. Ауру қоздырушы. Ауруға шалдықтыратын, ауруын міндететін. Ауру меңдеді. Ауру асқынды. Ауру ошағы. Ауру-індеттің басталған жері, таралған аймағы. Ауруына ем қабылдады. Сырқатына дауа болмады. Ауруын қаратты. Ауруын маманға тексертіп анықтады. Айналдырған ауру алмай қоймайды. Ұзақ уақыт созылған ауру өлтіріп тынады. Ажалды өле ме, ауру өле ме? Ажал ауру түрімен де, басқа түрімен де келеді, сондықтан ажалды алдын ала болжау мүмкін емес. Ауру – астан, дау – қарындастан. 1. Адам аурулары көбіне-көп денсаулыққа зиян келтіретін , бойындағы дертке жақпайтын тамақты ішіп-жеуден пайда болса, әр түрлі дау-дамайды көбірек шығаратын бөтен адамдар емес, жақсы білетін жақын тумалар бастайды демекші; 2. Адамның басына келетін ауру да, жала да жақыныңнан шығады дегенді аңғартады. Ауру батпандап кіреді, мысқылдап шығады. 1. Тосыннан келген аурудың жазылуы да ұзаққа созылады, азабы да мол болады. 2. Жеке адамның, тіпті қоғамның басына бірден келген ауыр жағдай бірден кете қоймайды. Ауру кетсе де [қалса да], әдет кетпейді [қалмайды]. Ауру мен сырқат емделсе жазылып кетеді, ал қанға сіңген әдет адамның бойынан арылмайды, өзімен бірге кетеді. Ауру өледі, кепіл күйеді. Ауырған адамның ерте ме, кеш пе , әйтеуір, бір өлуінде ешқандай дау жоқ. Ал, даулы іске душар болған адам, әдетте, кепілдікке беделді адамдардың біреуін ұстауға тырысады. Бұл тірлікте, әрине, өлім жоқ, бірақ күю бар. Айыпкердің кепілдікке ұстаған адамынан жасырып-жауып қалған өтірігі әділ қазы алдында әшкереленіп, айыбы мойнына қойылса – кепілінің күйгені. Бұл өлім болмаса да, өлімнен бір де кем емес ұят іс саналады. Ауру өле-өлгенше жаннан дәмелі, Жалқау жан қинамай малдан дәмелі.1. Адам баласы ауырып-сырқап, қаншама қиналса да өлгісі келмейді, мүмкін ертең-ақ жазылып кетермін деп үміттенеді. 2. Адам өмірдің ұзақ болуын, тіршіліктің жеңіл болуын қалайтын пенде. Балалар ауруы. Көбінде балаларда кездесетін ұлпа шешек, қызылша, көкжөтел сияқты аурулардың тобы. Бас ауру. Миға қанның жөнді бармауынан, ағзаның жалпы күйінің нашарлауынан бастың сырқырап, солқылдап, тырысып ауыруы. Венералық аурулар. Жыныстық қатынас арқылы берілетін жұқпалы аурулардың жиынтық атауы. Жаман ауру. Қылтамақ ауруының халық арасындағы аты. Жан ауруы. Жан азабы. Жел ауру. Құяң секілді сырқат түрі. Жүйке ауруы. Жүйке жүйесі қызметінің зақымдануынан болатын аурулар. Жұқпалы ауру. Жұқпалы қоздырғыштар арқылы таралатын ауру. Жіңішке ауру. Адамның жыныс мүшелерінен ірің ағып ауыратын жұқпалы ауру. Ит ауруы. Мешел өспей шарғы болып қалу. Кәсіптік аурулар. Белгілі бір мамандыққа, кәсіпке байланысты болатын ауру. Көз аурулары. Көзде болатын сырқат түрлері. Қияли ауру. Қиялға бой ұруға итермелейтін жүйке ауру, ақыл-есінен жаңыла бастау. Құлақ ауру. Құлақтың сыртқы, ортаңғы және ішкі бөліктерінде кездесетін дерттер. Құрт ауру. Жұқпалы өкпе ауруы, туберкулез. Психикалық аурулар. Жүйке жүйесіндегі ми орталықтарының зақымдануынан болатын дерттер. Сәуле ауруы. Ағзаға радиацияның тигізген залалы әсерінен болатын ауру. Созылмалы ауру. Жазылуы ұзаққа созылатын ауру. Сүле ауру. Шаршататын, жүдететін, ұзақ уақыт бойы айықпайтын ауру. Тау ауру. Биік тауларда ауа қысымы төмендеп, тыныс алу мен қан айналысы бұзылатын ауру түрі. Теңіз ауруы. Шайқалудан болатын ауру. Тері ауруы. Терідегі дерт, ауру. Тышқан ауру. Шықшыт безі шошудан ісіп кететін, көбіне жылқы малында кездесетін кесел. Тіс ауруы. Тіс ұлпасы мен қызылиектің қабынуы салдарынан болатын ауру түрлері. Ұстамалы ауру. Келеңсіз жағдайда қайталана «ұстап» қалатын ауру, қояншық, талма ауруы. Іздеп алған аурудың емі табылмас. Іздеп алған ауру, табиғи жолмен келген ауру емес, адамның жаман әдетке бой ұрудан, күтінбеуден, салақтықтан болатын ауру.

Ауыру. Адамның, сондай-ақ жан-жануарлардың жалпы организмдерінің, не жеке дене мүшелерінің, ішкі ағзаларының белгілі бір себептерге байланысты өзінің тұрақты қалпын бұзып, белгілі бір ұлпаның не органның зақымдануы, осыған орай осы арадағы жүйке ұштарының тітіркенуі салдарынан туатын ауыртпалық сезім. Ауырып-сырқап қалу. Қатты ауырмаса да, жеңіл-желпі ауруға уақытша шалдығу. Ауырып тұрдың, аунап тұрдың. Ауырғаның да тез ұмыт болады, мәселе сол аурудан құтылуда деген жұбату. Жаман адамның ауыруы да жаман. Шыдамсыз, мінезі жеңіл адам ауырса, өзінің де мазасы кетеді, төңірегіндегі елдің де берекесін кетіреді. Ішің ауырса, аузыңды тый, көзің ауырса, қолыңды тый. Аурудың өршуіне, пайда болуына себепкер де, емдеудің тетігі де адамның өзі. Яғни іш ауру – ескірген тамақты ішу немесе көп ішіп бөгу, көз ауруының өршуі – қолмен уқалаудан дегенді ескерту.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   59




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет