Бадырақ көз.Сыртына шығыңқы, бақырайған үлкен көз ауру белгісі.
Бас ауруы. Бас ауырады, балтыр сыздайды. Адамның бірде басы ауыруы, бірде балтыры сыздауы заңды құбылыс.
Баспа. Адамның тамақ безінің қабынып ауыруы, жұтқыншақ пен таңдайдың шырышты қабығының қабынуынан болатын тамақ ауруы. Халық медицинасында ертеде мұндай ауруға шалдыққандарды тамағын қолмен басу арқылы емдеген. Біздің топшылауымызша, бұл аурудың аты бас сөзіне байланысты шыққан болса керек.
Бастың сақинасы. Бастың қан айналымының өзгергенінен болатын бас ауру. Кейде қима деп те айтылады.
Бастың шемені. Жас нәрестенің дүниеге келгенде басында суы бар болып тууы.
Басыр. Кеңірдек кілегейлі қабығының қабынуы. Кейде жарық деп те аталады.
Бауыр қабыну. Бауыр қабыну, жұқпалы инвазиялық аурулар мен улану салдарынан қалыптасқан бауыр ұлпасындағы сырқаттық құбылыстар. Ел арасында – сары ауру.
Бәдік – малға, адамға жұғатын ауру, індет, айналма.
Безгек. Халық арасында көп тарайтын аурулардың бірі. Ол, әдетте, ыстық, қапырық жерлердегі шалшық суларда, айналасы тұйық ақпайтын көлшіктерде болатын ауру қоздырғышы адамға жұғып, тез көбейіп отыратын індет ауру. Масалардың бір түрі түнде ғана ұшатын сары маса ауру адамдардың қанын сорып, сау адамдарды шағу арқылы безгек таратулар болып саналады. Безгек болып ауырған адамдар тісі-тісіне тимей, қалтырап-дірілдеп, денесі бір қызып, бір суып, адамның аяқ-қолын сырқыратып, тамырларын тырыстырып, денені құрыстырып қинайды.
Безеу. Түрлі себептермен май бездері мен шаш түгінің емізігінің қапшығының қабынуы. Қан айналымының бұзылуынан адамның терісіне, бетіне шығатын бөртпе.
Безтамақ – тамақ безінің ауруға шалдығуынан болған кесел. Сөздің ішкі формасының негізгі белгілері атаудың мағынасын толық ашып тұр.
Бел ауру||құяң||шойырылма. Жұлынның белдегі түбірінің қабынуы; бел омыртқа буындарының қозғалуы, созылуы; белдегі бұлшық еттердің зақымдалуы. Аурудың салдарынан белін қозғай алмай, орнынан тұра алмай қалады.
Бел шаншу. Бел омыртқа буындарының қозғалып қалу, созылу салдарынан белдің бұлшық еттерінің жүйке тамырының шаншуы.
Белі кілтілдеу. Адамның белдеме бұлшық еттерінің қозғалу, созылу салдарынан белі кілтілдеп ауыруы.
Биттеу. Бит шаққанда қасыған терінің тұтастығы бұзылып, жарақаттанып, қажалуы. Адам денесінде биттің үш түрі бар: бастың, киімнің, қасаға биті. Аурудың ғылыми атауы – педикулез.
Бойкүйез. Бұлшық еттің қабынуы, соның салдарынан селсоқ қарайтын енжар, еріншек. Өзі барып тұрған бойкүез (Қабдолов).
Бөртпе. Ішіне сарысу толған, тері бетіне көтеріліп шыққан ұсақ түйіршікті тері ауруы.
Бөртпе сүзек. Ішсүзегі бактериямен, интоксикациямен, қызбамен, ащыішек лимфалық аппараттың зақымдалуымен және ащы ішек жараларының пайда болуымен сипатталатын жедел жұқпалы ауру. Кейде бөртір кезік деп те аталады.
Бөртпе шығу. Денеге қызарып шығатын бөртпе, организмнің қарсылық әрекеті.
Бөртір кезік. Сүзек ауруының бір түрі.
Бөсір. Адам мен жануарлар денесінде тіршілік ететін жұмыр құрттардан пайда болатын ауру. Медицинада жұмырқұрттың денеге жайылуы. Бөсір болған адамның, малдың іші үлкейеді (Әбішев).
Булықпа жөтел. Ұзаққа созылған өкпе ауру салдарынан өкпенің қарсы реакцияға дәрмені төмендеп, тығылып, қысылып жөтелу.
Буын ауруы||қансарсу| омал|сүйек ауру| сүйек тасу. Сары буын жасөспірім және балаларда гемолиздеуші стрептококтың әсерінен дамитын және жүрек-тамыр жүйесін басым зақымдайтын дәнекерлік тіннің жүйелі инфекциялық-аллергиялық ауруы. Ауру салдарынан буынын баса алмай қалады.
Буын қабыну. Ұрылу, соғылу, шығып кету, зат алмасу сарынның бұзылуы, ішкі секрециялар безінің ауруға шалдығуы салдарынан болатын негізгі белгілері: ісіну, иілмеу, ауыру болып табылатын дерт.