Кіріспе жұмыстың жалпы сипаттамасы


Ауру процесіне қатысты ұғымдар



бет36/59
Дата28.04.2020
өлшемі0,95 Mb.
#64966
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   ...   59
Байланысты:
Ауру атауларының семантика-лексикалық

1.2.6. Ауру процесіне қатысты ұғымдар

Азу. Арықтау, еті төмендеу.

Алжу. Қартайған адамның ой-санасының шаршауы, көп сөйлейтін, ұмытшақтық қасиеттерінің басым болуы.

Алқыну. Қиналу, жүрегі аузына тығылу, демігу. Оспантай алқынып сөйлеп тұр (Б.Майлин).

Апшу. Қартаю, шөгу.

Арпалысу. Жанталас, ақырғы дем, ажалмен күресу, дерті жанына батқан сәтте қиналуы.

Аунақшу. Ауру жанына батқан кездегі қимыл, әрекет.

Ауыз шығу. Жараның аузының өзі ашылуы, тесілуі.

Ашқарақ. Тамаққа құмары қанбау, қомағайлану.

Ашқарын. Тамақ ішпегендегі бос қарынның таңғы кейпі.

Әлдену. Күш жинау, аурудан құлантаза жазылуы.

Әлсіз. Қайраты қайтқан, ауырып тұрған. Әлсіз шаруа – кедей шаруа.

Әл үстінде. Өлім мен өмір арасында, адам болудан қалған.

Балбырау. Жібу, терлеу, терісі кеңіп рақаттану.

Барбию. Ісіну, күп болу, жараның шектен тыс үлкейіп, теріге сыймай кетуі.

Безектеу. Ауыруы күшейіп, қолды-аяққа тоқтатпау.

Без шошу. Аурудың салдарынан денедегі бездердің ісінуі, ісінген бездегі ауру.

Беріштену. Құрысу, жансыздану, өлі етті жансыз түйіндер пайда болу.

Бой алдырмау. Дертке жеңдірмеу, қарсы тұру.

Бойға шабу. Бойға тарап әсер беру, уландыру.

Бой жазу||Бой түзеу. Өлер алдында өз бойындағы барлық күшті жинап, көзін ашып сергіп, аурудан айыққандай сезіну.

Болбырау. Қимыл-қозғалысы жай, жинақы емес.

Болдыру. Қол-аяқта күш қалмай сансырап қалу.

Боп-боз. Бозару, етінде қан-сөлі қалмау.

Борсу. Заттың бұзыла бастаған кезіндегі өңі, түсі өзгеруі, өзінен жағымсыз иіс шығаруы.

Бөгу. Асқазандағы тамақтың қорытылмауы, басқа тамаққа қарамай тоятсу, кекіру, іш кебу.

Бұлтию. Ісіп шығу, томпаю.

Бұралу. Ашығу, ішінен тамақ кету.

Былшықтану. Көзге былшық тоқтау, көз ауру.

Демі біту. Тынысы тарылу, өлу.

Демігу. Екі иығынан дем алу, демі жетпей қиналу.

Дене суу. Денеден жаны шыққан соң болатын табиғи құбылыс.

Дене түршігу. Тоңу, тітіркену, сескену, рухани күйзеліс, жатсыну.

Домбығу. Организмдегі тұз-су алмасу үрдісінің бұзылуынан, ұлпада сұйықтың көп жиналуынан, зақымданудан, қабынудан дененің пішіні мен көлемінің үлкеюі. Аяқ-қолы домбығып кеткен.

Дуылдау. Қышу, денені ысытып дуылдату.

Дірілдеу|| Діріл қағу. Қорқудан, тітіркенуден денеде болатын құбылыс, тоңу, мұздау, ашығудан болатын құбылыс. Жігіттің буын-буыны дірілдеп, тоқтап қалды (Құрманаева).

Елестету. Қабылдауды еске түсіру.

Елестеушілік. Нақтылы нысан болмаған жағдайдағы қабылдау. Нақтылы зат жоқ, адам оны көреді, ешқандай сөйлеу жоқ жағдайында адам дауыстарды естиді.

Ентігу. Ауру салдарынан немесе тез жүргеннен демі жетпей дем алысын тездету. Ақ құба келіншек ентігіп тұр (Жұмаділов).

Ет қашу. Арықтау, құр сүйек қалу.

Жан беру. Дүниеден қайту, дененің өмір сүруін тоқтатуы.

Жансыздану. Белгілі бір мүшенің қимылдан қалуы.

Жанталасу. Өлер алдындағы қиналыс, соңғы күрес.

Жасаурау. Түрлі себептерден көз ішіне су іркілу, аздаған жас байқалу.

Жөтелу. Өкпе мен тамақ жыбырлаудан, кеңірдекке суық тиюден болатын ауру белгісі. Қарт кеудесі күркілдей жөтеледі (Райымқұлов).

Жүрегі соғу. Ауру салдарынан жүрек шамадан тыс соғу, жиі қағу.

Зейін. Психиканың белгілі нысанға бағытталуы.

Зеңу. Бас ауру, көңіл-күй төмендеу.

Кезеру. Шөлдеу, ерні кезеру.

Кекіру. Ауыздан леп шығару.

Көгеру. 1. Қанның іркіліп тоқтап қалуынан, қанға оттегінің жетіспеуінен тері қабатының көк түске айналуы. 2. Дененің белгілі бір жеріне тиген ауыр соққыдан қан ұйып, тері бетінің көк түске енуі.

Көзі қарауыту. Басы айналып, түк көзі көрмей, есінен танғандай болу.

Көзі қызару. Көзге сырттан тиген соққы, көз ауруынан, көз шаршаудан болатын құбылыс.

Қабыну. Ісіктің, жараның, сынықтың асқынуы, қауіпті жағдай туғызуы.

Қабыну мен жаралану немесе аурудың асқынуы туралы дәстүрлі түсінік. Дәстүрлі шипагерлік ұстаным бойынша жарақатталған дене бөлігі ең әуелі қызады «талаурап албырайды», іседі. Жараланған зат уытына қарай өршиді: Ісу, үлкею, бөрту, ұлғаю, томпаю, тырсылдау, ісік жайдақталу. Жарақат ары қарай суланып, езіліп, «өлі еттенеді», яғни, асқынады. Қан мен ірің аралас осындай күйге жеткен кезін қазақтар «жара» деп атайды.

Қабыршық. Жараның болған ұлпа қалпына келе бастағанында пайда болады.

Қайту. Дерті қайту, аурудың беті қайту.

Қақсау. Сырқырау, сүйек жарылғандай болу, сүйек ауру. Мына тісі құрғыр қақсап әкетіп бара жатқаны (Шәймерденов).

Қалтырау. Тоңу, тітіркену. Дірілдеп Таймас сорлы қалтылдап тұр (Жансүгіров).

Қалшылдау. Ауру салдарынан дірілдеп тітіркену.

Қаңсу. Ауру салдарынан науқас адамның кенезесі кеуіп шөліркеуі.

Қарығу. Көз ауруы күшті жарық сәулесінеақ шаңқан қардан, қайтқан сағымнан көз ауруы.

Қаталау. шөлдеу, сусау.

Қозу. Ауру өршу, асқына түсу.

Қолдырау. Отқа, суға, күнге тері қыртысында пайда болатын, ішінде мөлдір суы бар үлкенді-кішілі бөрткендер.

Құйқасы шымырлау. Бас терісінің ауыруы салдарынан туындайтын сезім.

Қызару. Шырышты қабықтың қабынудан қызарып таңбаланып өзгеруі.

Қышу. Адам денесінің жүйке талшықтарының тітіркенуінен пайда болатын жайсыз сезім.

Лоқсу. Құсу алдындағы құбылыс, жүрек айну. Ізінше жүрегі көтеріліп, лоқсық қысты (Қанахин).

Меңіреу. Есеңгіреу, аурудан соң серги алмау.

Опырылу. Сүйектің шорт сынуы, сынықтың бір ауыр түрі.

Өлімсіреу. Әлсіздену, қуат күші азаю.

Өлімтік. Күш-қуаты жоқ жігерсіз.

Өршу. Тері ауруларының асқынуы.

Сағым. Айналадағы заттар мен құбылыстарды жалған және қате түрде қабылдау.

Салдырау. Арықтап, жүдей бастауы.

Сандырақ ойлар. Шындыққа сәйкес келмейтін, түзетуге болмайтын ойлар.

Сауықтыру. Аурудың алдын алуға, дер кезінде емдеп жазуға, сауықтыруға бағытталған шипалық шаралары.

Саябырсу. Ауру белгілерінің уақытша бәсеңдеуі, ауру бетінің қайтуы.

Селкілдеу. Толқығаннан немесе ауру күшінен өзін-өзі тоқтата алмай қалшылдауы, бұлшық еттердің өз еркін жоғалтып діріл қағуы.

Солқылдау. Бітеу жараның қабынып, ірің жия бастаған кезіндегі ауыртуы.

Сыздау. Асқынған, қабынған бітеу жараның кернеп ауыруы.

Сылыну. Жүдеу, ару.

Сырқырау. Ауырған, жараланған дененің, сынған, шыққан сүйектің іштей мүжіп, ауырып мазасыздандыруы. Сырқырап күллі сүйегі, Қозғалса, қазір сынардай (Т.Молдағалиев).

Сіңу. Су, қоректік заттардың, дәрілердің лимфаға ұлпа клеткалар арқылы сіңуі.

Талаурау. Ісінген дене бөлігінің қызарып, көгілдір тартып, күйіп-жануы.

Талықсу. Жүйке жүйесінің шектен тыс тез арада қатты тітіркенуінен тыныс алу, зат алмасу, қан айналысының бұзылуы, организм қызметінің күрт төмендеп, нашарлауы.

Танауы тарылу. Мұрын желбірінің зақымдануы салдарынан тыныс алуы төмендеу.

Түйсік. Адам танымының төменгі сатысы, заттардың жекеленген сапасы мен қасиетін бейнелейді.

Түйілу. Астың өңеште аз кідіріп қалуы.

Түшкіру. Рефлекторлық әрекет, оның өзі мұрынның кілегей қабығы рецепторларының тітіркенуі нәтижесінде пайда болады. Тыжырына түшкіріп, сыртқа шықты (Мұратбеков).

Тыртық. Жазылған жара орнына, күйген денеге пайда болған дақ, таңба. Бетінің үш-төрт жері тыртық (Мыңжасарова).

Шаншу. Іштен бүру, жаны қиналып терлеу. Ауруда шаншу жаман, Сөзде қаңқу жаман (Мақал).

Шөлдеу. Дененің суға деген құштарлығы.

Шымырлау. Зақымдалған еттің тыз етіп ауыруы.

Шыңылдау. Құлақтың дуылдауы.

Ісу. Үлкею, көтерілу, бөрту.

Ісіну. Өз қалпынан өсу, толу, бөрту. Көз еттері қызарып, әрі ісіңкі тартқан (Доспанбетов).



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   ...   59




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет