Қабырға сөзімен:
Қабырғасына батты, қабырғасы қайысты, қабырғасы майысты, қабырғасы қақырады, қабырғасы сөгілді – жанына қатты батты, қиналды.
Жүрек сөзімен келетін тұрақты сөз тіркестері:
Жүрегі айныды. 1. Құсқысы келді. Менің койкама басқа бір аурудың матрацын әкеп, төсеп қойыпты. әлгіден жүрегім айныды (Ана тілі). 2. Безер болды, мезі болды, ығыр болды. Қабыш қазылған жердің топырағына бауырын төсеп жатыр, жұмыстан жүрегі айнып жатқан сияқты (Ғ.Мүсірепов).
Жүрек қыжылдады. Қарын қышқылының (запыран) артуы туралы айтылады. Ротер – Голландияның дәрісі. Оны асқазанға, бүйенге жара түскенде, шперацидті гастритке, жүрек қыжылдағанда қолданады (С.Сұбханбердин).
Жүрек кесті (тесті). Жүректі түйнеп, қыжылдатты. Қара нан қыжылдатып, жүрек кесіп, жатасыз жамбасыңды тақтай тесіп. Осы екен «Ұрлық түбі – қорлық» деген, япырмау, құтылармыз мұнан нешік? («Айқап»).
Жүрегі көтерілді. 1. Жүрегі айныды. Шикі етті, қанды көрсе, жүрегі көтеріліп кетеді осы баланың. 2. Қорықты. Таңдайын басыңдар, баланың жүрегі көтерілген ғой (Ана тілі).
Жүрегі күпті болды. 1. Тамақтан бейжай болды, кекірігі азды. Сәресіде түннен қалған қазыны жеп, тағы майсөк жасатып жеп, шалдың жүрегі күпті болып қлыпты (Ана тілі). 2. Қорықты. Алғаш жер астына түсетінде, жүрегім күпті болып жүрді (С. Сейфуллин).
Жүрегі қозғалды диал. Жүрегі айныды. Арасан суын ішсе, оның жүрегі қозғалады (Шығ.Қаз ) [64;214-218 бб].
Осындай фразеологизмдерде «жүрек» сөзі адамның денсаулығына қатысты мағынада жұмсалса, басқа тіркестерде адамның тәбетіне қатысты (жүрек жалғады), қорқыныш мағынасында (жүрегі бүлк етті), ашу (сұм жүрек), қайғы (жүректі дерт алды), қуаныш (жүрегі жарылды), сезім, махаббат (жүрегіне өрт түсті), т.б. мағыналарында қолданылады. Сонымен қатар ет жүрек, дірілдеген жүрек, сыздаған жүрек, шаншылаған жүрек тіркестерінде адамның дене мүшесі жүрек өзінің тура мағынасында қолданыс тапқан [65;100]
Ауыз:
Аузына су тамызу. Хал үстінде жатқан адамның аузына су тамызып, қасіретіне ортақ болу, күтіп адамгершілік жасау.
Аузы уылу. Баланың аузы ойылуы.
Ішек сөзі арқылы:
Ішегінің қырындысына дейін ақтарды – көңілдегісін түк қалдырмай айтты. Масақбай ішегінің қырындысыны дейін ақтарғанмен, ел жартымды ештеңе айтпады.
Ішек-қарны аралас – етене жақын қарым-қатынаста, сый-құрметі мол кісілерге айтылады. Алшынбай, Құнанбай әбден айқасқан, ішек-қарны араласқан дейтін жақындардың өздері (М.Ә)
Ішек-қарнына дейін шақты – үрім-бұтағына дейін айтып берді.
Ішек-қарнын удай жалады. Адам басында болатын күйініш сәті.
Іш сөзі арқылы жасалған тұрақты сөз тіркестері:
Іші қазандай қайнады. Ыза кернеп, ашу қысты, кіжінді деген мағынада.
Іші мерез. Пасық, адамға жақсылық ойламайтын күншіл адам.
Іші ауырды. Өкінді, іші ашыды.
Іші-бауыры елжіреді. Жаны ери жақсы көрді.
Іші жылыды. Жақсылыққа көңілі құлады, мейірленді.
Іші өлді. Көңілі селк етпеді, ішкі дүниесі құлазып қалды. Еш білмеймін, сыртым сау болса да, ішім өліп қалыпты (Абай).
Азу сөзімен байланысты:
Азу тісі балғадай [пышақтай]. Жарамды, қажырлы, күшті. Азу тісі пышақтай, арқасы ошақтай ағаларың, әне, анау үйірге түскісі кеп тұр (Ә.Нұрпейісов).
Азу тісін басты. 1.Қатты қысымға алды, азаптады; тіс батырды, күш көрсетті, өктемдік жасады; өш болды. 2. Тісін қайрап, іштен тынды. Тоқайдың осы қылығына жұмыскердің көбі-ақ азуын басады (І.Жансүгіров).
Азу шалды. Ұлғайды, егде тартты, қартайды. Алғыр жас буындар түгілі, азуын шалдырған менің көңіліме де мынау оқуың қонып жатыр (М.Ақынжанов).
Достарыңызбен бөлісу: |