Кіріспе курстық жұмыстың өзектілігі



бет1/2
Дата28.01.2018
өлшемі0,55 Mb.
#35569
  1   2
МАЗМҰНЫ

Кіріспе...........................................................................................................................3

1 Грамматикалық ұғымдар туралы түсінік...............................................................5

2 Грамматикалық мағына мен грамматикалық форма сәйкестігі.........................11

2.1 Грамматикалық мағына......................................................................................11

2.2 Грамматикалық форма........................................................................................19

Қорытынды.................................................................................................................30

Пайдаланылған әдебиет............................................................................................32

КІРІСПЕ

Курстық жұмыстың өзектілігі. Тілімізде белгілі бір грамматикалық мағына белгілі бір грамматикалық форма – тұлға арқылы берілетіні белгілі. Яғни, грамматикалық мағына мен грамматикалық форма бір-бірімен тығыз байланысты.

Грамматикалық мағына мен грамматикалық форманың сәйкестігі сөз болғанда категориялық грамматикалық мағына негізге алынады, өйткені грамматикалық мағынаның осы түрі ғана арнайы грамматикалық форма арқылы беріледі

Грамматикалық мағына білдірмейтін грамматикалық форма болмайды және грамматикалық формасыз грамматикалық мағына да берілмейді дегенді бұлардың жаңағы қасиетінің негізінде және категориялық грамматикалық мағына шеңберінде ғана тек шартты түрде айта алуымыз – курстық жұмысымыздың негізгі өзектілігі болып есептеледі.

Зерттеу нысаны: Грамматикалық мағына мен оны білдіретін грамматикалық формалар және олардың сәйкестігі.

Зетттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Курстық жұмыстың мақсаты - грамматикалық мағына мен грамматикалық форманың сәйкестігі категориялық грамматикалық мағына негізін талдау. Бұл мақсатты орындау үшін мынадай міндеттердің шешілуі көзделді:


  • грамматикалық мағынаның грамматикалық форма арқылы берілуі;

  • грамматикалық мағынасыз грамматикалық форма болмауы және грамматикалық формасыз грамматикалық мағына берілмеуі;

Зерттеу жұмысының дереккөздері. Курстық жұмысымызда «Қазақ грамматикасы», және «Қазақстан мектебі» журналының №4 санында 1961 жылы басылған А.Ысқақовтың «Грамматикалық мағына және грамматикалық форма» мақаласы, С.Исаев, Н.Оралбай, т.б. ғалымдардың еңбектері негізге алынды. Грамматикалық мағына мен форманың сәйкестігін нақтылау, дәлелдеу үшін, көркем шығармадан 55 мысал талдауға түсті.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы:

  • грамматикадағы әр алуан грамматикалық құбылыстың өзіне тән грамматикалық мағынасы болу;

  • белгілі грамматикалық формасы үнемі бірлікте болады;

  • олар бірінсіз-бірі өмір сүре алмауы мысалдармен нақты дәлелденеді.

Зерттеу жұмысының практикалық маңызы. Курстық жұмысымыздың қорытындылары мен тұжырымдарын жоғары оқу орындарында тіл мен әдебиет мамандарын даярлауда оқылатын «Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы» және «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасамы»пәндерде қосымша пайдалануға болады.


Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:

  • Грамматикалық мағына мен грамматикалық форманың бір-бірімен тығыз байланыстылығы анықталды;

  • Грамматикалық мағына білдірмейтін грамматикалық форма болмайтындығы және грамматикалық формасыз грамматикалық мағынаның да берілмеуін нақты мысалдармен дәлелдеу;

Зерттеу жұмысының әдіс-тәсілдері. Грамматикалық мағына мен форманың сәйкестігін салыстыру барысында баяндау, сипаттау, талдау әдістері қолданылды.

Зерттеу жұмысының құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі тараудан және қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

1 ГРАММАТИКАЛЫҚ ҰҒЫМДАР ТУРАЛЫ ТҮСІНІК

Грамматика (грек. лат.grammatike (techne) — әуел баста әріптерді оқи алу және жаза білу өнері, лат.gramma — әріп) —



  1. тілдің ішкі (грамматикалық) құрылысы, яғни сөз тудыру, сөзжасам тәсілдерінің морфологиялық, сөз таптары мен түрлену формаларының, категорияларының, сөздің бір-бірімен байланысуы, сөз тіркесінің, сөйлем құрлысының жүйесі;

  2. тілдің грамматикалық құрылысын, оның заңдылықтарын зерттейтін, яғни тілдегі сөз таптарын, олардың түрлену жүйесін, граммат. тұлғалары мен категорияларының, сөздің бір-бірімен тіркесу тәсілдері мен түрлерін, сөз тіркестері құрлысын, сездердің сөйлемдегі қызметін, сөйлем жүйесін зертттейтін тіл білімінің бір сапасы.

Лингвистикада грамматика деген ұғымның мағынасы өте кең. Осыған байланысты лингвистикалық әдебиеттерде грамматикаға, сайып келгенде, мән-мазмұны, түпкі төркіні бір, түрлі-түрлі анықтама беріледі.

Грамматика – тілдегі сөздердің өзгеруі мен сөйлемдегі сөз тіркестері ережелерінің жиынтығы; сол ережелерді сипаттайтын оқулық «грамматика» деп аталады. (С.И.Ожегов).

Грамматика – сөз формаларының жасалу, қолданылу жолдары мен сөйлемдегі сөз тіркестерінің өзгерілу заңдылықтары туралы ілім. (Н.И.Кондаков).

Грамматика – тілдің құрылысы туралы ілім; тіл білімінің сөз формаларының өзгеру жолдарын, сөз тіркесткрі формулаларын және сөйлем типтерін зерттейтін тарауы. (О.С. Ахманова).

Тілдің грамматикасы дегеніміз – тілге тән грамматикалық категориялар жиынтығы мен жүйесі. (Б.Н. Головин).

Жоғарыда келтірілген анықтама-түсініктемелерді қысқаша қорытындыласақ: грамматика – лингвитиканың үлкен бір тарауы; грамматика – тілдің грамматикалық құрылысы туралы ілім; грамматика – тілдің негізгі коммуникативтік қызметін жүзеге асырушы амал-тәсілдер туралы ілім.

Дәлдеңкірей түссек, грамматиканың негізгі объектісі – тілдің морфологиялық және синтаксистік жүйесі; оның ішінде грамматикалық форма, грамматикалық мағына, грамматикалық категория, бір тілдегі грамматикалық формалардың көріну амалдары мен сол арқылы айтылмақшы мағыналардың берілу тәсілдері, олардың байланысу, тіркесу жолдары мен типтері. [1, 201б.]

Граматика деген ұғым тілдің құрылысы ретінде де, ғылым ретінде де үш саладан тұрады:



  1. сөзжасам процесінің тәсілдері — сөз тудырудың жолдары мен түрлері, тілдің сез байлығын молайту амалдары;

  2. морфология — сөздің граммат. мағыналары мен формалары, граммат. категориялар, сөздің морфол. құрамы мен сөз таптары, олардың түрлену жүйесі мен сипаты;

  3. синтаксис — сөздердің бір-бірімен байланысу тәсілдері мен түрлері, сөз тіркесі мен сөйлемнің құрылысы, түрлері, сөйлемдегі сездердің қызметі.

Қазір грамматика - лингвистиканың негізгі терминінің бірі, тілдің грамматикалық құрылысын зерттейтін дербес саласы. Бір тілдегі грамматикалық мағына мен сол мағынаның берілу амал-тәсілдері-сол тілдің грамматикалық құрылысы деп те аталады. Ал ондай амал-тәсілдер тілдегі жеке-жеке сөздердің басын қосып біріктіріп, бір-бірімен байланыстырады. Соның нәтижесінде айтылмақшы ой-пікір мағыналы сипатқа ие болады. Екінші сөзбен айтсақ, тіл атаулының негізгі коммуникативтік функциясы, яғни тілдің қарым-қатынас, пікір алысу, адамдардың бір-бірімен өзара түсінісу құралы болу қызметі, сол тілдің грамматикалық құрылысы арқылы атқарылады.Бұдан шығатын қорытынды: грамматика-тілдің негізгі функциясын, қарым-қатынас құралы болу функциясын, жүзеге асыру жолдары мен амал-тәсілдері туралы ілім. Грамматиканың негізгі объектісі-тілдің сөзжасамдық, морфологиялық және синтаксистік жүйесі; оның ішінде грамматикалық форма, грамматикалық мағына, грамматикалық категория, бір тілдегі грамматикалық формалардың көріну амалдары менсол арқылы айтылмақшы мағыналардың берілу тәсілдері, олардың байланысу, тіркесу жолдары мен типтері.

Сөзжасам- тілдегі сөздердің жасалу процесін зерттейтін грамматиканың бір саласы.

Морфология - гректің morphe (форма) деген сөзінен алынған термин. Морфология- тілдің морфологиялық категориялары жөнінде ілім. Дәлірек айтсақ, морфология-белгілі бір тілге тән сөздердің грамматикалық категориялары мен сөз формалары , грамматикалық категориялардың жиынтығы мен жүйесі.

Синтаксис – гректің syntaxis (құрастыру, түзу) деген сөзінен алынған термин. Синтаксис тілдегі сөздерді байланыстырып сөйлеу құрылысын зерттейді. Синтаксис- сөйлеудегі негізгі единицаларды, яғни сөз тіркестері мен сөйлемді зерттейтін ілім. Өзінің объектілеріне орай синтаксис бірнеше салаға бөлінеді: сөз және оның формалары синтаксисі, сөз тіркесі синтаксисі, сөйлем синтаксисі, мәтін синтаксисі. Синтаксистің негізгі нысаны-синтаксистік құрылымдар. Синтаксистік құрылым дегеніміз-бір бірімен грамматика ережелері бойынша байланысқа түскен сөздер тобы мен сөз тіркестері немесе сөйлемдер тұтастығы.

Мектеп оқулықтары мен кейбір зерттеулерде тілдің мәнді бөліктерін құрайтын дыбыстар жүйесіне, сөздер мен сөйлемнің ырғақты әуеніне (интонация) байланысты фонетикалық құбылыстар да, дұрыс жазуға байланысты орфографияның, сөздегі дыбыстардың айтылуына байланысты орфоэпияның, сейлемде тыныс белгілерін дұрыс қоюға байланысты пунктуацияның мәселелері де грамматика шеңберінде қаралады. Сөзжасамға тілімізде туып отыратын жаңа сөздердің жасалу амал-тәсілдері, лексика-семантикалық яғни бөтен тілден сөз aлу, жаңа ұғымға байланысты сөз мағынасының өзгеруі арқылы жасалған туындылар, синтетикалық яғни қосымшалар арқылы жаңа сөз жасау, аналитикалық яғни сөздердің бірігуі, қосарлануы, тіркесуі т.б. сөзжасам үлгілерінің өнімді-өнімсіз, құнарлы-құнарсыз түрлері, олардың заңдылықтарымен бірге бұрыннан да жасалып, қалыптасып кеткен сездердің құрамдық-құрлыстық сипатын анықтау жатады. Тілдің грамматикалық құрылысын танып, оның негізгі ерекшеліктері мен заңдылықтарын анықтауда оған тән басты-басты грамматикалық ұғымдарды, олардың сипатын айқындап алу қажет. Өйткені тілдің грамматикалық құрылысындағы белгілі жүйелер, заңдылықтар, атап айтқанда тілдегі сөздердің белгілі бір ортақ грамматикалық қасиеттері арқылы топ-топқа белінуі, сөйлеуде сол сөздердің бір-бірімен байланысқа түсуі, сейлем құрап, белгілі бір қызмет атқаруы негізгі грамматикалық ұғымдармен сипаттапады. Олар: грамматикалық мағына, грамматикалық форма, грамматикалық категория. Бұл үшеуі бір-бірімен диалектикалық байланыста және бірлікте болып, тілдің грамматикалық құрылысын құрайды да, қалған грамматикалық құбылыстар мен жүйелер осы ұғымдардан туындайды. Тілдің грамматикалық құрылысындағы осындай ерекшеліктері мен заңдылықтары әр дәрежедегі мектептерге оқулық ретінде ұсынылып жарияланған грамматикаларда сипатталады. Орта мектептерге арналған оқулықтар нормативті грамматика, ал жоғарғы оқу орындарына (институттар мен университеттерге) арналған оқулықтар мен академиялық басылымдар ғылыми грамматика деп аталады. Нормативті граматикада сөздердің грамматикалық мағынасының түрлену жүйесі болатындығы, сөз таптарына бөлінетіндігі, бір-бірімен байланысып, тіркесіп, сөйлем құрау қызметі, сөйлемнің құрылысы мен түрлері баяндалады. Ал ғылыми граматикада осы құбылыстардың сипаты, заңдылықтары ғылыми тұрғыда анықталып, мәні ашылады, әрбір тілдік құбылыстың сипаты басқа тілдік құбылыстармен байланыста, себеп-салдарлық ыңғайда нақтылы зерттеулердің нәтижесінде сипатталады. Ғылыми грамматиканың қатарына салыстырмалы-тарихи грамматика да жатады. Ол туыстас тілдердің және әр дәуірдегі көне тілдің грамматикалық құрлысындағы тілдік құбылыстардың сәйкестіктерін салыстыра отырып, даму процестерін зерттеуге, ол тілдік құбылыстардың мәні мен сырын ашуға арналады. [2. 414 б.]

Грамматика тілдегі грамматикалық бірліктерді топтастыратын, қатынас жасауда іске жарататын, әрі олардың бірі-бірінен жігін ажырататын тәсілдерді, құралдарды зерттейді.

Грамматикалық негізгі единицалар – морфема, сөз, сөз тіркесі және сөйлем.

Морфема сөз құрамында қолданылып, белгілі бір мағынаны білдіреді. Ол – сөздің ары қарай бөлшектенбейтін, ең кіші мағыналық бөлшегі. Сөз – морфемалардан құралып, заттарды, құбылыстарды, іс-әрекетті, сапа-белгіні, олардың бір-біріне қатысын белгілейтін, даралық қасиетке ие болатын, басқа сөздермен сан алуан қарым-қатынасқа, байланысқа түсетін және дыбысталу мен мағынаның бірлігінен тұратын бірлік. Сөз тіркесі – кемінде екі дербес сөздің емін-еркін тіркесінен жасалып, құбылыстарды бір-бірімен байланысын, қарым-қатынасын білдіретін грамматикалық бірлік. Сөйлем – сөздерден (немесе бір сөзден) құралып, біршама аяқталған ойды білдіретін грамматикалық бірлік.

Аталған бірліктердің (морфема, сөз, сөз тіркесі, сөйлем) ішінде екі жақты құбылыс ретінде қаралатын бірлік – сөз. Сөз тілдің лексикалық жүйесінің бірлігі ретінде лексикологияда қарастырылғанда, біріншіден – лексикалық мағынасы, мағыналық құрылымы (смысловая структура) жағынан, екіншіден, - шығу тегі жағынан, үшіншіден, - қолдану аясы мен шеңбері жағынан, төртіншіден, - экспрессивті-стильдік сипаты жағынан қарастырылады. Ал сөз тілдің грамматикалық бірлігі ретінде грамматикада қарастырылғанда, біріншіден, - оның бойында лекссикалық мағына мен бірнеше грамматикалық мағынаның ұштасып келуі жағынан, екіншіден, - морфологиялық құрылымы мен құрылымдық элементтері жағынан, үшіншіден, - формалары жағынан, төртіншіден, - лексика-грамматикалық топтарға (сөз табына) қатысы жағынан, бесіншіден – сөз тіркесі мен сөйлемнің құралуына қатысы және олардағықызметі жағынан қарастырылады.

Грамматикалық единица ретінде қаралатын сөздің басқа барлық бірліктердің ішінде алатын орны да, атқаратын қызметі де айрықша. Сан алуан грамматикалық құбылыстар сөзден тарайды және сөзге келіп тірелмейтін, оның қатысы болмайтын бірде-бір грамматикалық бірлік жоқ десе де болады. Сөз, біріншеден, - грамматикалық жүйенің ішінде морфемамен бірлікте болып, бұл бірліктер (сөз бен морфема) бір-бірімен өзара тығыз байланысқа, қарым-қатынасқа түскен күйінде грамматикалық құрылыстың морфологиялық саласын құраса, екіншіден, - сөз тіркесі және сөйлеммен өзара қарым-қатынасқа, тығыз байланысқа түсіп, олармен бірге грамматикалық құрылымның синтаксистік саласын құрайды.

Сөз де, сөз тіркесі де сөйлем құрауға қажетті бірліктер ретінде қызмет атқарады. Сөйлемнен тыс, тек соған керекті құрылыс материалы ретінде қаралатын сөз бен сөз тіркесі тілдің номинативті құралдарының қатарына енеді. Сөйлем ойды жеткізудің негізгі құралы болып саналады да, коммуникативті қызмет атқарады. Мұнан, әрине, сөз бен сөз тіркесінің коммуникативті қызметке қатысы жоқ деген ұғым тумауы тиіс. Мұндай қызметті олар да атқара алады. Бірақ сөз бен сөз тіркесі коммуникативті қызметті өздігінен, жеке дара күйінде емес, сөйлем арқылы, сөйлем құрамында қолдану арқылы атқара алады. Сөз де, сөз тіркесі де сөйлемнің құрамында қолданылғанда, оның құрылымдық элементтері ретінде қарастырылады.

Тіл өзінің қатынас құралы, ойды білдіру, пікір алысу құралы болу қызметін, біріншіден, - өзін құрайтын элементтердің немесе бірліктердің әрқайсысы белгілі бір мағынаны, мазмұнды білдірген жағдайда, екіншіден, - ол бірліктер грамматикалық құралдар, амал-тәсілдер арқылы өзара қарым-қатынасқа түсіп, ұйымдасқан жағдайда ғана атқара алады. Тілдегі бірліктер – морфема, сөз, сөз тіркесі, және сөйлемнің мағынаны, мазмұнды білдіретіндігі жоғарыда айтылды. Ал грамматикалық және ондағы құралдар мен амал-тәсілдердің тілдік бірліктерді қарым-қатынасқа түсіріп, ұйымдастыру қызметін атқаратындығын түсіну үшін грамматикалық абстракция туралы мәселені білу қажет [1.213].

Лексикалық тұрғыдан орман, өзен деген сөздер әр басқа сөздер ретінде танылса, грамматикалық тұрғыдан бұл екі сөздің бір-бірінен айырмашылығы жоқ. Бұлай болатындығы мынадан: аталған сөздердің (орман, өзен) бір-бірінен лексикалық мағыналары жағынана ажыратылуы грамматика үшін басты нәрсе емес, өйткені грамматика нақты сөздерді емес, жалпы сөз атаулыны немесе белгілі бір лексика-грамматикалық топқа бөлінетін сөздерді ескереді. Грамматика үшін орман, өзен және т.б. осылар тәріздес сөздердің басты жағы мынада: бұлар – атау тұлғадағы, жекеше түрдегі зат есімдер. Аталған сөздер және олар тәріздес т.б. сөздер септелгенде, біркелкі септеледі. Септік жалғауларының алдында (-дың, -дің, -ға, -ге, -ды, -ді, -дан, -ден) орман, өзен деген сөздер тұра ма немесе тау, жер, су, оқушы, етікші және т.б. осылар тәріздес сөздер тұра ма – оның грамматика үшін пәлендей мәні жоқ, әйтеуір септелеті сөздер келсе болғаны.

Сөйлемде құру үшін де грамматика сөздердің нақтылы лексикалық мағыналарынан абстракцияланады. Осыдан келіп, белгілі бір сөйлемдегі бір сөзді, сөйлемнің құрылысын бұзбай-ақ, басқа бір сөзбен қалауымызша ауыстыра аламыз. Мысалы, Біз ауылға бара жатырмыз деген сөйлемнің құрамындағы ауылға деген сөздің орнына, ыңғайына қарай, көлге, тауға, қалаға деген сөздердің қайсысын болса да, біреуін қойып айта беруге болады.

Грамматика сөздердің бір-бірімен қатынасын білдіреді. Ол қатынас – белгілі бір сөздердің нақтылы қатынасы емес, ешбір нақтылығы жоқ грамматикалық қатынас. Бірақ грамматика қатынасқа ғана сүйеніп қоймайды, сонымен бірге мағынаға да сүйенеді. Бұл арада лексика мен грамматиканың арасында мынадай айырмашылық бар: лексикада мағына категориясы ең басты орынға, қатынас категориясы кейінгі орынға ие болса, грамматикада ең алдымен қатынас категориясы, содан кейін ғана барып мағына категориясы мәлім болады. Бұған қоса, лексикадағы мағына грамматикадағы мағына котегориясымен сәйкеспейді. Грамматикалық мағынаның лексикалық мағынадан айырмашылығы сол, грамматикалық мағына логикалық ұғыммен ұштасады да, шындық өмірдегі заттармен тікелей ұштаспайды. Ал лексикалық мағына логикалық ұғыммен де, шындық өмірдегі заттармен де қатынаста болып, екеуімен де ұштасады.

Әрбір тілдің өзіне тән белгілі бір құрылымы болады. Құрылым тілді құрастырушы бірліктер – сөзде де, сөз тіркесінде де, сөйлемде де бар. Тілдің құрылымына талдау жасау, сайып келгенде, оны құрастырушы тілдік бірліктер – сөздің құрылымына, сөз тіркесінің құрылымына және сөйлемнің құрылымына талдау жасау болып шығады. Сөздің құрылымы грамматиканың морфология бөлімінде қарастырылса, сөз тіркесінің құрылымы мен сөйлемнің құрылымы грамматиканың синтаксис бөлімінде қарастырылады.

Тілдің грамматикалық құрылысын танып, оның негізгі ерекшеліктерін анықтауда (сол арқылы ғана сөздің гарамматикалық сипаты ашылмақ) оған (тілдің грамматикалық құрылысына) тән басты-басты грамматикалық ұғымдарды ажыратып, олардың ерекшеліктерін, сипатын айқындап алу қажет. Өйткені тілдің грамматикалық құрылысы сала-сала жүйелерден құралады да, олардың тұтастығы сол жүйелерге тән белгілі заңдылықтарға сүйенеді. Сөйтіп, қазақ тілінде ең басты грамматикалық ұғымдарға грамматикалық мағына оның берілу тәсілінің бір түрі грамматикалық форма және екеуінің жүйелі жиынтығын құрайтын грамматикалық категория енеді. Бұл үшеуі бір-бірімен диалектикалық бірлікте болып, тілдің грамматикалық құрылысын құрайды да, қалған жекелеген грамматикалық единицалар мен құбылыстар, жүйелер осы ұғымдардан туындайды.

Тілдегі негізгі грамматикалық ұғымның бірі – грамматикалық категория. Грамматикалық категория деген ұғым, бір жағынан, грамматикалық мағынамен де, грамматикалық формамен де байланысты, екінші жағынан олардан күрделі болып келеді.

Грамматикалық категория грамматикалық сипаты жағынан, жасалу жолы мен тұлғалық жүйесі жағынан біркелкі емес. Қайткен күнде де грамматикалық категориялар белгілі грамматикалық топтағы сөздердің тұлғану, түрлену жүйесімен, соған лайық олардың грамматикалық мәнімен, сөйлеу процесінде сол сөздердің атқаратын қызметімен, басқа сөздермен қарым-қатынасымен байланысты болғандықтан да, грамматикалық категорияларды тілдік деңгейге қатысты шартты түрде морфологиялықкатегория жәнесинтаксистік категория деп бөлуге де болады. Сондай-ақ морфологиялық категорияларды сөз түрлендіруі мәнді (слово изменительные) морфологиялық категориялар және топтау я жіктеу мәнді (классифицирующие) морфологиялық категориялар деп те бөлу дәстүрі бар.

Грамматикалық немесе морфологиялық категориялар сөз таптарына қарай топталып жіктеледі. Бұның өзі грамматикалық (морфологиялық) категория сол сөз табының грамматикалық ерекшелігі, түрлену жүйесінің сипаты екендігін көрсетеді. Бірақ тіліміздегі сөз таптарының барлығында бірдей грамматикалық (морфологиялық) категория бола бермейді. Кейбір сөз табында (мысалы, сан есім, есімдік, үстеу, т.б.) грамматикалық категория атымен болмауы мүмкін, өйткені бұлар (бұл сөз таптарына енетін сөздер) белгілі парадигмалық жүйемен өзгермейтін, грамматикалық, тұлғалық түрлері жоқ сөздер болып келеді. Ал грамматикалық категориялары бар сөз таптары – зат есім, сын есім және етістік. Олар мыналар: зат есімнің сан- мөлшер (көптік) категориясы, тәуелдік категориясы, септік категориясы, сын есімнің шырай категориясы, етістіктің салт-сабақты етістік (немесе салттылық – сабақтылық) категориясы, етіс категориясы, болымсыз етістік (болымдылық – болымсыздық) категориясы, рай категориясы, шақ категориясы, жіктік (жақ) категориясы [3, 18 б.].



2 ГРАММАТИКАЛЫҚ МАҒЫНА МЕН ГРАММАТИКАЛЫҚ ФОРМАНЫҢ СӘЙКЕСТІГІ

2.1 Грамматикалық мағына

Тілдегі әрбір сөздің нақты лексикалық мағынасымен бірге жалпы грамматикалық мағынасы да болады. Сөздің лексикалық мағынасы – нақты, ұғымдық мағына, яғни бір сөзден екінші сөзді айыратын реестрлік сөздің мағынасы болса, грамматикалық мағынасы – сөздің тым жалпы мағынасы, сол сөздің лексикалық мағынасының жалпылануы немесе оған әр түрлі тұлғалар үстелу арқылы түрленуінің нәтижесінде немесе басқа сөздермен әр алуан қарым-қатынасқа түсу салдарынан пайда болатын және сөздерді бір-бірінен бөлмей, керісінше белгілі бір грамматикалық топтарға ортақ қасиеттер арқылы біріктіретін жалпы мағыналар болып табылады.



Грамматикалық мағына сайып келгенде, сөздің лексикалық мағынасымен тікелей байланысты болады. Бірақ грамматикалық мағыналардың өзі біркелкі емес. Тікелей лексикалық мағынадан туатын да, сөздің түрлену жүйесі негізінде тұлғалануынан да пайда болатын грамматикалық мағыналар бар. Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл, Қыз таныстыр – қызыққа жұрт ыржаңшыл (Абай75б.)деген сөйлемді талдап көрейік. Сөйлемде қолданылған әрбір сөз бір-бірінен лексикалық мағынаны және бірнешеден грамматикалық мағынаны білдіріп тұр:

  1. күйеу, лексикалық мағынасы – әйелдің ері, жұбайы деген мағынада; грамматикалық мағыналары –1) жалпы зат атауы; 2)атау тұлғада;

  2. келтір, лексикалық мағынасы – нақты келтіру деген қимыл; грамматикалық мағыналары: 1) жалпы қимылды білдіруі; 2) ол қимыл сабақты; 3) ырықсыз етіс;

  3. қыз, лексикалық мағынасы – кәмелетке толған қыз; грамматикалық мағыналары: 1) жалпы зат атауы болуы; 2) атау тұлғада; 3)деректі;

  4. ұзат, лексикалық мағынасы – құтты орнына қондыру деген қимыл; грамматикалық мағыналары: 1) жалпы қимылды білдіруі; 2)ол қимыл сабақты; 3) ырықсыз етіс;

  5. тойыңды, лексикалық мағынасы – қуанышты мереке, мейрам; грамматикалық мағыналары: 1) жалпы зат атауы болуы;2) тәуелділік мағына; 3) екінші жақ, жекеше;

  6. қыл, лексикалық мағынасы – жалпы жасау деген қимыл; грамматикалық мағыналары: 1) жалпы қимылды білдіруі; 2) қылу қимылының амалын білдіру; 3) екінші жақ, бұйрық рай мәні;

  7. қыз, лексикалық мағынасы – кәмелетке толған қыз; грамматикалық мағыналары: 1) жалпы зат атауы болуы; 2) атау тұлғада; 3) деректі;

  8. таныстыр, лексикалық мағынасы – нақты танысу деген қимыл; грамматикалық мағыналары: 1) жалпы қимылды білдіруі; 2) ырықсыз етіс мәнде; 3) ол қимыл салтты; 4) қимылдың танысу бағытын білдіруі;

  9. қызыққа, лексикалық мағынасы – тартымды көрініс; грамматикалық мағыналары: 1) жалпы зат атауы; 2) жартылай деректі; 3) барыс септік;

  10. жұрт, лексикалық мағынасы – жалпы адам деген мағынада; грамматикалық мағыналары: 1) жалпы зат атауы болуы; 2) атау тұлғада; 3) деректі;

  11. ыржаңшыл, лексикалық мағынасы - жалпы адамның көңілі; грамматикалық мағыналары: 1)жалпы сын атауы; 2) қатыстық; 3) адъективтенген.

Осы шағын талдаудан көрінетіндей, сөйлемдегі әрбір мәнді сөз бір лексикалық мағына және бір я бірнеше грамматикалық мағынаны білдіреді. Және грамматикалық мағыналар біркелкі емес, олардың берілу тәсілдері де әр түрлі. Осы сөздерді кейбір ортақ грамматикалық мағыналарына қарап топтауға да болады. Мысалы, жалпы затты зат атауын білдіруіне қарай: күйеу, қыз, тойыңды, қызыққа, жұрт сөздерін бір топ етіп, екінші жақ субъектінің қимылын білдіруі жағынан келтір, ұзат, қыл, таныстыр сөздерін бір топ етіп, тәуелділік мәніне қарай тойыңды сөзін бір топ етіп т.б. топтауға болар еді. Сөйтіп, жалпы мағына, грамматикалық мағынаның бірыңғайластығы, ортақтығы жағынан сөздерді белгілі топтарға жіктеуге болады. Сонымен бірге ол грамматикалық мағыналардың түрлері де, берілу жолдары да біркелкі емес. Мысалы, келтір, ұзат, қыл, таныстыр, сөздерінің жалпы қимыл, іс-әрекетті білдіруі мен салттылық (туғанда, кірер)я сабақтылық (ашады) мағыналары нақты қимылдың абстракцияланып, жалпылануы арқылы пайда болған. Сондай-ақ күйеу, қыз, тойыңды, қызыққа, жұрт сөздерінің жалпы зат атауын білдіруі нақты заттардың абстракцияланып, жалпылануы арқылы пайда болып отыр. Демек, бұл тәрізді грамматикалық мағыналар сөздердің лексикалық мағыналарының абстракциялануы, жалпылануы арқылы беріледі. Сөйтіп, бұл –грамматикалық мағына білдірудің семантикалық тәсілі (жолы) екен.

Берілген сөйлемдегі күйеу, қыз, тойыңды, жұрт сөздерінің әрқайсысы – жеке-жеке ұғымды білдіретін заттың аты, келтір, ұзат, қыл, таныстыр – нақты қимыл ұғымын білдіретін сөздер, ыржаңшыл –нақты сынды білдіретін сөз, сондай-ақ бес, тоғыз – нақты санды білдіретін сөздер, қара, жасыл, көк – заттың нақты түсін білдіретін сындар, т.б. Атап айтқанда, күйеу – қыз айттырған, үйленген жігіттің қайын жұртына туыстық қатынасы (Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі, 425 б.), қыз – әйел бала, бойжеткен (ҚТТС, I, 550 б.), тойыңды – халық көп жиналатын салтанатты, қуанышты мереке, мейрам (ҚТТС, I, 806 б.), жұрт –ел-жұрт, халық (ҚТТС, I, 319 б.) дегендердің осы көрсетілген лексикалық мағыналарында ешбір ортақтық, жақындық жоқ, әрқайсысы – бөлек-бөлек заттардың атауы; келтір – келу, әкелу (ҚТТС, 379 б.), ұзат – қалыптасқан дәстүр бойынша түрлі ырым-сырым жасап, қызды күйеуге беру (ҚТТС, 835 б.), қыл – жасау, істеу, ету (ҚТТС, ІІ, 554 б.), таныстыр –танысу (ҚТТС, 781 б.)дегендердің осы көрсетілген лексикалық мағыналарында ортақтық, ұқсастық жоқ, бір-бірінен осы мағыналары арқылы ажыратылады; ыржаңшыл – ыржаңға үйір, жеңілтек (ҚТТС, 946 б.); бес – төрттен кейінгі сан (ҚТТС, IX, 243 б.), тоғыз – сегізден кейінгі сан (ҚТТС, 794 б.) дегендердің де лексикалық мағыналары бөлек-бөлек; қара –көмірдің, күйенің түсіндей (аққа қарама-қарсы) (ҚТТС, I, 476 б.), жасыл – жапырақтың түсіндей түс (ҚТТС, ІІ, 278 б.),көк – заттың көгілдір, ашық аспан тәрізді түсі (ҚТТС, III, 407 б.)дегендердің де лексикалық мағыналары бөлек-бөлек, өйткені бұлар әр түрлі түсті білдіреді. Сонымен бірге бұл нақты (лексикалық) мағыналары жалпылануы да мүмкін. Атап айтқанда, күйеу, қыз, тойыңды, қызыққа, жұрт жалпы зат атауларын білдіреді, келтір, ұзат, қыл, таныстыр жалпы қимылды, іс-әрекетті білдіреді, бес, тоғыз –жалпы бір санды білдіреді, қара, көк, жасыл –жалпы түсті білдіреді яғни сапалық сынның білгілері. Міне бұл соңғы көрсетілгендер –нақты лексикалық мағыналардың жалпылануы арқылы пайда болған жалпы грамматикалық мағыналар яғни бұлар белгілі бір сөздің ғана мағыналық сипаты емес, белгілі бір топтағы (айталық, заттың атын білдіру немесе қимыл іс әрекетті білдіру, т.б.) сөздердің ортақ жалпы мағынасы. Осы жалпы мағыналарының ортақтығы арқылы сөздер топтасып, белгілі бір грамматикалық топ құрайды күйеу, қыз, тойыңды, қызыққа, жұрт –заттың атын білдіретін сөздер –зат есім, келтір, ұзат, қыл, таныстыр іс-әрекетті білдіретін сөздер –етістік, бес, тоғыз –заттың санын білдіретін сөздер – сан есім, ыржаңшыл, қара, көк, жасыл (жақсы, үлкен, биік) заттың сынын білдіретін сөздер –сын есім, т.б. Сөйтіп сөз лексикалық мағынасы арқылы басқа сөзден дараланып, жекеленіп, бөлініп отырса, жалпы грамматикалық мағынасы арқылы керісінше басқа сөздермен ортақ сипат алып, жақындап, жалпы грмматикалық топ құрауға бейімделеді.

Сөзде лексикалық мағынаның жалпылануы негізінде пайда болатын жалпы грамматикалық мағына (жалпы заттың аты, жалпы қимыл, т.б.) басқа да жалпы грамматикалық мағыналарды білдіруге негіз болады. Яғни, мысалы, жалпы заттың атауы болу мағынасымен бірге ол жалпы грамматикалық мағына жекелеген ( жалпы) заттың атауы болуы мүмкін немесе алуан түрлі заттың атауы болуы мүмкін немесе алуан түрлі заттың жалпы ортақ атауы болуы мүмкін (жалпы есім); деректі немесе дерексіз зат атауы болуы мүмкін; адамға байланысты (кімдік) немесе адамнан басқа затқа байланысты атау болуы мүмкін, т.б. Сондай-ақ заттың сынын білдіретін сөздер сапалық сынға немесе қатыстық сынға байланысты болуы мүмкін, қимылды білдіретін сөздер салттық немесе қимылдың неше түрлі семантикалық сипаты болуы мүмкін (қалып, қозғалыс, амал –әрекет, ойлау қабілетіне байланысты, көңіл күйіне байланысты, т.б.). бұлардың барлығы да сөздің жалпы семантикасынан туындайтын жалпы грамматикалық мағыналары. Сөйтіп, сөзде жалпы грамматикалық мағына біреу ғана емес, бірнеше де болуы мүмкін.

Оқулықтарда грамматикалық мағына деп лексикалық мағынаны айқындай, саралай түсетін немесе грамматикалық тұлғалар арқылы және басқа сөздермен қарым-қатынасқа түсу арқылы және басқа сөздермен қарым-қатынасқа түсу арқылы пайда болатын (туатын) жалпы мағына деп көрсетіледі. «Сөздің нақтылы лексикалық мағынасымен жарыса отырып, сол лексикалық мағынасына айқындай, саралай түсетін я сөйлемдегі басқа сөздер мен қарым-қатынастары арқылы да айтылады». Ең алдымен грамматикалық мағына –лексикалық мағынамен жарыса отырып, сол лексикалық мағынаны айқындай, саралай түсетін мағына емес, сөздің сол лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы туатын жалпы мағынасы. Лексикалық мағынаға қарағанда грмматикалық мағына алдымен лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы пайда болып, содан кейін сөйлеу процесінде сөздің жұмсалу мақсатына қарай оған әр түрлі тұлғалардың қосылуы арқылы немесе сөйлемде басқа сөздермен әр қилы қарым-қатынасқа түсуі арқылы үстеледі, демек, осының нәтижесінде екінші қатардағы мағына болып табылады. Сондай-ақ лексикалық мағынаның мәні дара болса, сөйтіп, сөздерді бір-бірінен саралап, бөлуге негіз болса, грамматикалық мағына жалпы болады, жеке сөздерге (формаға) ғана емес, солардың белгілі топтарына тән болғандықтан, сөздерді грамматикалық сипаты жағынан, жоғарыда көрсетілгендей, топтауға негіз болады. Оның үстіне сөз бір ғана лексикалық мағынаны білдірсе, грамматикалық мағына сөйлемдегі сөзде әдетте бірнешеу болады. Екіншіден, грамматикалық мағына, дұрыс көрсетіліп жүргендей, сөйлеу процесінде сөздің әр түрлі грамматикалық тұлғалар арқылы түрленуінен де туады, көрінеді. Үшіншіден, грамматикалық мағына сөйлеу процесінде сөздердің басқа сөздермен әр қилы қарым-қатынасынан да пайда болады. Бұлардың барлығы да грамматикалық мағына деп танылғанмен, олардың әрқайсысының мәні, сипаты, грамматикалық сипатын айқындаудағы ролі бірдей емес. Сондықтан да грамматикалық мағына атаулыны жасалу тәсіліне, сөздің грамматикалық сипатын айқындаудағы мәніне қарай жалпы грамматикалық мағына, категориялық грамматикалық мағына және қатыстық грамматикалық мағына деп үш түруге бөлуге болады.

Лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы пайда болатын грамматикалық мағынаны жалпы грамматикалық мағына деп атайды.

Қазақ тілінде грамматикалық форма арқылы берілетін мағынаны категориялық грамматикалық мағына деп атайды.

Грамматикалық мағына сөйлеу процесінде сөздің басқа сөздермен тіркесіп, байланысқа түсуі, негізгі сөзге көмекші сөздің тіркесуі арқылы, орын тәртібі, интонация , т.б. аналитикалы, қатыстық тәсілдер арқылы да беріле береді. Оны қатыстық грамматикалық мағына деп атайды [5, 14 б.].



Жалпы тіл білімінде грамматикалық мағынаны дәл осындай үш түрге бөлу тәжірибесі жоқ. Қазіргі қырғыз тілінде грамматикалық мағынаның типтері ретінде оны екіге бөліп қарау тәжірибесі бар: бірі –жалпы категориялық мағына және екіншісі –жеке грамматикалық мағына. Жалпы категориялық мағынаға, мысалы, зат есімнің заттық, сын есімнің сындық, етістіктің қимыл-әрекеттік мағыналары яғни сөздің әр түрлі формада түрленіп өзгеруінен емес, түбір білдіретін және сөздің барлық грамматикалық формаларында бола беретін мағыналары жатады да, жеке грамматикалық мағынаға сөздің түрленіп тұлғалануы арқылы пайда болатын мағыналары жатады, сондықтан бір сөзде бір жалпы грамматикалық мағына және бірнеше жеке грамматикалық мағына болады.

Грамматикалық мағына жоғарыда көрсетілгендей, ең алдымен, сөйлеу процесінде лексикалық мағынадан туындайды, яғни лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы грамматикалық мағына пайда болады. Жалпы, сөйлеу процесінен (сөйлемнен яғни контекстен) тыс грамматикалық мағына болмайды. Үй, тас, жасыл, немесе кел, т.б. дегендердің заттық және иелік, жалпылық немесе сындық, түсті білдіру немесе қимылдық, т.б. грамматикалық мағыналары сөйлеу процесінде әбден қалыптасқан, сондықтан ондай тиесілі мағына сөйлемсіз-ақ ойымызда тұрақталып қалған. Одан әрмен сол сөйлеу процесінде сөздің басқа сөздермен қарым-қатынасқа түсуі арқылы да, түрлі грамматикалық формалар үстелуі арқылы да, дауыс ырғағы, орын тәртібі, ішкі флексия, т.б. арқылы да грамматикалық мағына үстеледі.

Грамматикалық мағынаның түрлері оның берілу жолдарына байланысты және соған сай олардың (грамматикалық мағыналардың) грамматикалық немесе лексика-грамматикалық (семантикалық), қызметтік (функциялық), т.б. сипаттары айқындалады. Лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы пайда болатын грамматикаылық мағынаны жалпы грамматиалық мағына деп бөлуге болады. Жалпы грамматикалық мағына грамматикалық формасыз-ақ ішкі семантиканың абстракциялануы, жалпылына түсуі арқылы қалыптасады да, сол арқылы сөздердің семантикалық жақындығы, ортақтығы пайда болып, грамматикалық топтар құралады. Жалпы грамматикалық мағынаның әрі қарай шектеле, ұсақтай түсуі нәтижесінде үлкен грамматикалық (шынында лексика-грамматикалық) топтарынан өз ішінде кіші топтар да бөлініп шығып отырады. Мысалы, үй, бала, Алматы немесе жақсы, көк,тасты, құмсыз немесе кел, тұр, ойла, т.б. сөздердің лексикалық мағыналарының жалпылануы нәтижесінде жалпы заттық немесе жалпы сындық немесе жалпы қимыл, іс-әрекеттік сияқты жалпы грамматикалық мағына байқалып, кішірек топтарды көрсетуге болады. Жалпы заттық мағынадағы сөздерді адамға байланысты (кімдік) заттар (бала, кісі, жолдас, т.б.), адамнан басқа затқа байланысты (нелік) заттар (үй, тас, ағаш, т.б.), жалпылық немесе жалқылық ерекшелігіне байланысты (Алматы, Құлагер, Ертіс, т.б.), сондай-ақ деректі-дерексіз, т.б. топтарға бөлуге болады. Жалпы сындық мағынадағы сөздерді сапалық сын-белгі (жақсы, жаман, үлкен,биік, т.б.), түске байланысты сын (көк, қызыл, ақы, т.б.), қатыстық сын (тасты, құмсыз, аудандық, т.б.) деп, жалпы қимылды білдіретін сөздерді қимылдық мәнді (кел, кет, шап, т.б.) қалыпты білдіру (тұр, отыр, жатыр, т.б.), абстракты іс-әрекет (ойла, қиялда), т.б. толып жатқан мәнді білдіруіне қарай топтарға бөлуге болар еді.

Сөйтіп, жалпы грамматикалық мағына сөз таптарының семантикалық сипаты болып табылады. Сөздерді таптастырудың семантикалық деп аталатын принципі сөздердің осы жалпы грамматикалық мағынасына негізделеді. Грамматикалық мағына арнайы грамматикалық формалар арқылы да беріледі. Грамматикалық форма деген ұғымға, ең алдымен, сөзге (түбірге) үстелетін қосымшалар, сондай-ақ префикстер мен жүйелі түрдегі ішкі флексия, супплетивтік тәсіл жатады. Ал қазақ тілінде префикстік те, флексиялық та, супплетивтік те тәсіл жоқ. Бірлі-жарым кірме сөздің құрамындағы бей, би (бишара, беймаза), на (наразы) сияқтылардың жеке басында ешбір грамматикалық , семантикалық сипат жоқ, олар тілімізде сөз құрамынан бөлінбей, тұтасып кеткен. Қазақ тілінде грамматикалық форма арқылы берілетін мағынаны категориялық грамматикалық мағына деп атау қажет. Жалпы грамматикалық мағына лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы беріліп, сөздің сыртқы тұлғасына, түріне қатысты болмай, демек, түрлену жүйесіне қатысты болмай, таза грамматикалық семантика ретінде болса, категориялық грамматикалық мағына, ең алдымен, белгілі грамматикалық формалар арқылы беріледі де, екіншіден, сол арқылы белгілі грамматикалық топтағы сөздердің (сөз таптарының) түрлену жүйесін, парадигмалық сипатын, соның нәтижесінде ол топтардың грамматикалық, лексика-грамматикалық категориялар шеңберін, мәнін айқындайды.

Грамматикалық мағына сөйлеу процесінде сөздің басқа сөздермен тіркесіп, байланысқа түсуі, негізі сөзге көмекші сөздің тіркесуі арқылы, орын тәртібі, интонация, т.б. аналитикалық, қатыстық тәсілдер арқылы да беріле береді. Оны қатыстық грамматикалық мағына деп атау қажет. Түсінікті болу үшін бірнеше мысалды талдап көрейік. Бірінші бала зат атауы (адам), атау септігі арқылы субстанттық, иелік (таянбау қимылының иесі), 3-жақ мағыналарын білдіріп тұрса, екінші бала заттық мағынада емес, (сындық-қатыстық) мағына бала сөзінің бүркіт сөзімен тікелей тіркесуінен пайда болып, соның арқасында адъективтену процесіне ие болған. Есеней-ау, басқа ермегім қалды ма? (Ғ.Мүсірепов «Ұлпан» 37 б.) дегенде сұраулық мағына ма шылауы арқылы беріліп тұр. Бұл –кітапты көп оқиды және бұл кітап дүкенде сатылып жатыр деген сөйлемдегі бұл сөздерінің интонациясына назар аударсақ та жеткілікті. Әрине, бірінші бұл дегеннің атау септік тұлғасында тұрғаны –бөлек әңгіме. Немесе мына диалогта кітапханаға сөзінің мағынасына назар аударайық:

  • Қайда бардың?

  • Кітапханаға.

  • Кітапханаға? Қай кезде?

Басқа грамматикалық мағыналарды ескермегеннің өзінде екінші кітапханаға дегенге сұрау мағынасы тек интонация арқылы берілген.

Сөйтіп, қатыстық грамматикалық мағына сөздердің сөйлемде атқаратын қызметтерімен байланысты және көбіне контекстік болып келеді де, сөздерді таптастыруда сөздердің синтаксистік қызметі принципіне негіз болады. Сонымен бірге грамматикалық мағынаның грамматикалық форма деген ұғыммен байланыстылығын және грамматикалық категория деген ұғымының мәнін, шеңберін айқындауға негіз болатынын категориялық мағына көрсетсе, екінші жағынан, кейде тек ол морфология саласымен шектеліп қоймай, синтаксиске де еніп келетінін қатыстық грамматикалық мағына көрсетіп, морфология мен синтаксистің арасын жымдастыра түсуге себін тигізеді. Үшінші жағынан, жалпы грамматикалық мағына жекелеген сөз топтарының семантикалық сипатын айқындайды. [2, 415 б.]

Тілде қанша сөз болса, соның әрқайсысының өзіне тән нақтылы лексикалық мағынасы және, сонымен қатар, грамматикалық мағынасы болады. Ол грамматикалық мағына, ең алдымен, жеке сөздің өз тұлға-тұрпатына байланысты. Бірақ, солай бола тұрса да, сөздің грамматикалық мағынасы әсіресе сөз бен сөздің, сөздер мен сөздердің ара қатынастарынан жақсы аңғарылады. Мысалы, Талап қыл артық білелік, Ерінбей оқып көрелік, Оқалы киім киелік (Абай, 59 б.) деген сөйлемдердегі білелік, көрелік, киелік деген сөздердің әрқайсысының өздеріне тән нақтылы лексикалық мағынасы бар. Атап айтқанда: олардың әрқайсысы белгілі іс-әрекетті, демек, біріншісі – білу, екіншісі – көру, үшіншісі – кию әрекеттерін білдіреді. Сонымен қатар, осы үш сөздің үшеуінің де сол нақтылы лексикалық мағыналарымен тікелей байланыспайтын, бірақ сол лексикалық мағыналармен жарыса жүретін, үшеуінің де бірдей бойынан табылатын, үшеуіне де бірдей ортақ жалпы мағыналар бар. Ол мағыналар: біріншіден, осы үш етістіктің үшеуі де дәл осы сөйлемдерде қазіргі кезде істелініп жатқан я істелініп отырған істі де емес, қазірге дейінгі істелініп болған істі де емес, алдағы уақытта істелінбекші әрекетті білдіреді, екіншіден, үшеуіне де автор тыңдаушыларға (оқушыларға) жар салып, сол етістіктер арқылы іске жұмылуға әрі бұйырып, әрі шақырып тұр; үшіншіден, сөйлеуші (автор) өзін де, өзгелерді де (тыңдаушыларды) бір ұдай етіп бірінші жаққатоптап, «бәріміз (біз) білелік, бәріміз (біз) көрелік, бәріміз (біз) киелік» деп тұтас қамти айтып отыр; төртіншіден, ол әрекетті істеу бір адамға емес, көп адамға қаратылып (мысалы, біз білелік деу, әрине, көптік мағынада) айтылып тұр; бесіншіден, осы шақыру мағынасында айтылған ұсыныстар есім сөздер (зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, т.б.) арқылы емес, амал, іс-әрекетті білдіретін етістіктер арқылы айтылып тұр; алтыншыдан, ол етістіктерде сабақтылық, салттық деген сияқты грамматикалық мағыналар да бар; жетіншіден, бұл сөздер осы сөйлемдерде баяндауыш болып қызмет атқарып тұр.

Міне талданған бұл үш сөздің үшеуіне де тән осындай ортақ мағыналарын жалпы грамматикалық мағыналар деп қараймыз. Осы мағыналарды жалпы грамматикалық мағыналар дейтін себебіміз мынадан: жоғарыда аталған грамматикалық мағыналар осы үш етістіктің басында ғана емес, сол мағынада және сол тұлғада жұмсалатын басқа да етістіктердің барлығында да болады. Мысалы, сол мағыналарды «Зарланып, ойланалық, Не болам деп енді мен, Құрбылардан қорланалық» (Абай, 124 б.) деген сөйлемдердегі «ойланалық, қорланалық» дегендерден де, сондай-ақ келелік, тыңдалық, отыралық, жазалық, сөйлелік деген тәрізді сөздерден де оп-оңай таба береміз.

Сөздің жалпы грамматикалық мағынасының, оны дұрым анықтаудың грамматика үшін маңызы төтенше зор. Сөздердің грамматикалық мағыналары дұрыс анықталмаса, олардың грамматикалық қасиеттерін тануда шалағайлық болмақшы. Ал ондай шалағайлық, әдетте, сөздерді белгілі-белгілі грамматикалық топтарға бөлуге де, ол топтың әрқайсысына тән грамматикалық ерекшеліктерді дұрыс ашуға да айтарлықтай нұқсан келтіреді.

Грамматикалық мағынаның мәні, орныжәне өзгешеліктерді неғұрлым кеңірек анықталса, солғұрлым тілдің жалпы грамматикалық құрылысының сыр-сипаттары да молырақ ашылмақ. Мысалы: «Қалтаң бүтін болса, ақшаң түгіл шақшаң да түсіп қалмайды» (Ғ.Мүсірепов «Ұлпан» 76 б.) деген сөйлемдердегі «қалтаң, ақшаң, шақшаң» деген үш сөзден нақты үш түрлі нәрсені түсінеміз. Ол түсініктер, әрине, - олардың нақтылы лексикалық мағыналары. Бірақ бұл мағыналардан заттардың сынын я санын, күйін я әрекетін түсінбейміз, нағыз заттың өз аттарын, демек, грамматика тілімен айтқанда, зат есімдерді ұсынамыз. Бұл ұғым осы сөздердің грамматикалық мағынасы болады. Бұл мағынада, демек, зат есім деп тану ұғымы, - осы үш сөздің үшеуіне де және олардың басқа да сол сияқты заттық атауларға да тән жалпылама ортақ мағына.

Оның бер жағында, бұл сөздердің қайсысында болса да көптік ұғым жоқ, тек жекелік ұғым ғана бар. Бұл ұғым да олардың грамматикалық мағыналары болады. Сондай-ақ, «қалтаң, ақшаң, шақшаң» деген сөздерден сол нәрселердің белгілі біреуге, грамматика тілімен айтқанда, - екінші жақтағы адамға тән (меншікті) я тәуелді екенін аңғарамыз. Ал тәуелділікті білдіретін бұл мағына да жалпы грамматикалық мағына болып есептеледі. Өйткені бұл мағына да зат есім деп аталатын басқа сөздердің бәріне де тән қасиет, мысалы: қолын, көзін, басын, кітабын, қаламын дер зат есімдерді екінші (тыңдаушы) жаққа тәуелдеп қолдана береміз. Бұл айтылғандардың үстіне осы жоғарыдағы үш сөздің де сөйлемде бастауыш болып тұрған қызметін қоссақ, грамматикалық мағына деген ұғымның мәні де зор,грамматикада алатын орны да үлкен, қарымы да кең екенін аңғаруға әбден болады.

Сонымен, сөздің нақтылы лексикалық мағынасына тікелей байланысты болмағанымен, оның сөйлемдегі басқа сөздермен қарым-қатынасқа түсу нәтижесінде туатын жалпы мағынасы грамматикалық мағына дейміз [7, 60 б.].

Грамматикалық мағынаорыс.грамматическое значение — тілде қалыпты сипаты бар (стандартты) сөздер тобы мен сөз тұлғаларына, синтаксистік құрылымдарға тән жинакты, дерексіз тілдік мағына. Морфология саласында сөз таптарынын жалпы мағыналары болсын немесе сөз тұлгалары мен сөздердін жеке мағыналары болсын морфологиялық категориялар дәрежесін сактай отырып, бір-бірінен езгеше болып келеді. Синтаксис саласында грамматикалық мағына предикативтіліктен, сондай-ақсөз тіркестері мен сөйлем компоненттерінін әр түрлі қатынасын білдіретін дерексіз грамматикалық құрылымдардан көрінеді. Мысалы: семантикалық субъект пенобъектінің мағынасы, құрмалас сөйлемдердіңшылау аркылы байланысы т.б. Грамматикалық мағынағасөз таптарында қалыптаскан жалпы сөзжасамдық мағыналарда жатады. Грамматикалық мағына сөздерге немесе сөздердін белгілі топтарына ғана тән, дерексіздігі әлсіз лексикалык мағыналардан өзгеше. Грамматикалық мағыналар жүйесі болмыстағы заггар мен құбылыстардын және олардын өзара байланыстары мен қатынастары туралы ұғымдардың дерексізденуі арқылы қалыптасады. Мысалы, қимыл ұғымы етістіктін жалпы мағынасымен бірге неғұрлым шағын категориялық мағыналарынын (шақ, жақ, етіс) дерексізденуінен туады.

Грамматикалық мағына референциялық (синтаксистік емес) және реляциялық (синтаксистік) болып бөлінеді. Референциялық мағына тілден тыс болмыстағы заттар мен кұбылыстардың касиеттерін білдіреді, мысалы, көлемдік, мөлшерлік, қимыл-әрекеттік сиякты мағыналар. Ал реляциялық мағына сөз тіркесі мен сөйлем құрамындағы байланысты білдіреді [kk.wikipedia.org/wiki/].



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет