Кіріспе курстық жұмыстың өзектілігі



бет2/2
Дата28.01.2018
өлшемі0,55 Mb.
#35569
1   2

1.2 Грамматикалық форма
Грамматикалық мағына әр түрлі тәсілдер арқылы беріледі. Грамматикалық мағынаны білдіретін синтетикалық тәсілдің бір типі – грамматикалық формалар. Яғни грамматикалқ мағынаның бір түрі, атап айтқанда, категориялық грамматикалық мағына грамматикалық формалар арқылы беріледі. Сөйтіп, грамматикалық формалар белгілі топтпғы сөздердің қосымшалар, грамматикалық тұлғалар (жұрнақ, жалғау) арқылы белгілі жүйелі парадигма бойынша түрленуі болып табылады да, сол арқылы әр тұлғаға сай категориялық грамматикалық маына беріледі.

Осы уақытқа дейін жарық көрген еңбектерде, зерттеулерде грамматикалық форманы анықтағанда грамматикалық мағынаны білдірудің сыртқы жағы, грамматикалық тәсілі деп, грамматикалық ағынаны түр-түрге бөлмей, грамматикалық форманың ішкі мазмұны ретінде қаралып келді.

Сөйтіп грамматикалық мағына мен грамматикалық форма деген ұғымдар біреуі әрдайым бір нәрсенің ішкі жағы, мазмұны, екінші оның сыртқы жағы, тұлғасы немесе сол мазмұнның іске асу, көріну тәсілі деп анықтап келдік. «Қандай грамматикалық мағына болса да, оның өзіне тән грамматикалық формасы болады, керісінше қандай бір грамматикалық форма болса да, оның өзіне тән грамматикалық мағысы болады. Грамматикалық мағынасы жоқ грамматикалық форма болмайды, грамматикалық формасы жоқ грамматикалық мағына болмайды» [3,18б.]. «Тілдегі мағына мен форма, соның ішінде грамматикалық мағына мен грамматикалық форма бір-бірімен тығыз байланыста болады. Белгілі бір грамматикалық формасы болған жағдайда ғана грамматикалық мағына жайында сөз ете аламыз. Керісінше белгілі бір форманың грамматикалық форма ретінде танылуы үшін, оның міндетті түрде грамматикалық мағынаны білдіруі қажет» [4, 16 б.] – деген пікірлер осыған дәлел. Бұл екі ұғымды осындай балама мәнде, бір нәрсенің екі жағы дер түсіну тіпті де дұрыс емес, өйткені олар әр уақытта бір-бірімен балама, сай бола бермейді. Лексикалық мағынаның абстракцияланып, жалпылануы арқылы пайда болатын жалпы грамматикалық мағына, сондай-ақ аналитикалық тәсіл арқылы берілетін қатыстық грамматикалық мағына ешбір грамматикалық формасыз-ақ берілетінін жоғарыдан байқадық. Мысалы, тау, тас, үй, көл және бала, қыз, әке сияқты сөздердегі жалпы заттық мағына, алғашқы топтағы сөздерде жансыз заттар, соңғы топтағы сөздерде адамға байланысты заттар мағынасы грамматикалық мағыналар екендігінде ешбір күмән жоқ. Бірақ бұлардың ешқайсысы да ешбір грамматикалық форма арқылы берілмеген. Сондай-ақ аналитикалық тәсілдің түрлері болып табылатын негізгі сөздердің бір-бірімен тіркесуі, негізгі сөз бен көмекші сөздің тіркесуі арқылы, сөздердің қосарлануы, сөйлемдегі сөздердің орын тәртібі мен дауыс ырғағы, интонация, т.б. арқылы грамматикалық мағынаны білдіруде ешбір форма жоқ. Сондықтан да грамматикалық форма арқылы грамматикалық мағынаның берілуі дегенде әңгіме жалпы граммматикалық мағына атаулы емес, грамматикалық мағынаның бір түрі болып табылатын категориялық грамматикалық мағына жайында ғана болу керек. Қазақ тілінде грамматикалық форма дегенге белгілі бір грамматикалық топтағы сөздердің түрлену, өзгеру жүйесі болып табылатын парадигмалық сипаттағы тұлғалары, форма тудырушы қосымшалары жатады. Өйткені олар, ең алдымен, белгілі бір грамматикалық мағына білдірумен байланысты, екіншіден, грамматикалық мағына біреу ғана емес, бірнеше болуы мүмкін де, түрлену жүйесіне байланысты әрі тектес, бір ыңғайлас, әрі өз ішінде бір-біріне қарама-қайшы мәндегі грамматикалқы мағыналардың бірлігінен тұрады. [2, 422 б.]

Мысалы, Сайра, тілім! (Абай, 95 б.) дегенде сайра етістігі бұйрық райдың екінші жақ жекеше, анайы тұлғасында тұрғанын, ол, бір жағынан, белгілі форма, өзіне қатысты сөзбен байланысынан көрініп тұр; түбір тұлға емес арқылы көрініп тұр, екінші жағынан, осы тұлғаның өзі белгілі түрлену жүйесінің парадигмалық бірліктің жалпы бұйрық райдың, ал бұйрық райдың өзі жалпы рай жүйесінің бір көрінісі болып табылады да, сол жүйенің әрі тектес, бірыңғай, әрі одан ерекшелігі бар оған қарама-қайшы мәнді көрсетеді. Сондықтан да бұйрық райдың жекеше, анайы екінші жағы мағынасымен формасы сол жүйенің, біріншіден, екінші жақ жекеше, сыпайы және анайы, көпше, екінші жағынан бірінші, үшінші жақтағы мағыналары мен тұлғалары арқылы парадигмалық жүйе құрайды. Ал бұның өзі жалпы рай категориясының парадигмалық жүйесі болып табылады. Сондай-ақ тілім зат атауы тұлғасы жағынан тәуелдік жалғауының Iжағы болып, мағынасы жағынан зат атауының объектісі мәнін білдіріп, тәуелдік жалғау жүйесінің бір түрі болып тұр. Ал мұндай ерекшелік сайра деген түбірде жоқ. Сөздің негізгі түбірі -сай, -ра – жаңа сөз тудырушы қосымша. Бұл жерде -ра парадигмалық жүйенің бір көрсеткіші ғана емес, тек грамматикалық мағына ғана үстеп тұрған жоқ, ол жаңа сөз жасап тұр, сондықтан сайра деген етістіктегі жалпы грамматикалық мағына лексикалық мағынаның абстракциялануы, жалпылануы арқылы пайда болған. Сөйтіп қазақ тілінде грамматикалық формаларға жалғаулар және форма тудыратын жұрнақтар жатады. Грамматикалық форма, бір жағынан, сөздің сөйлеу процесінде түрлену жүйесінің тұлғалық көрінісі болып есептелсе, екінші жағынан, белгілі мәндегі грамматикалық мағынаны білдірудің жолы болып табылады. Яғни, белгілі бір грамматикалық мағына белгілі бір грамматикалық формалар жүйесі я оның түрі арқылы беріліп отырады. Мысалы, тәуелдік мағына (оңаша түрі) 1-жақта -ым, -ім, -м, 2-жақта анайы -ың, -ің, -ң, сыпайы -ыңыз, -іңіз, -ңыз, -ңіз, 3-жақта -сы, -сі, -ы, -і тұлғалары арқылы беріледі. Міне осындай мәндегі тұлға грамматикалық форма деп аталады.

Әрбір сөз сөйлемдегі басқа сөздермен қарым-қатынасқа түскенде белгілі бір формада қолданылады. Сондай жағдайда ол (сөз) өзінің нақтылы лексикалық мағынасынан басқа, бір я бірнеше жалпы грамматикалық мағынаны білдіре береді және бере де алады. Бірақ қандай бір грамматикалық мағына болса да, әрбір тілдің грамматиалық құрылысына сәйкес жүйе-жүйе болып қалыптасқан амал-тәсілдер арқылы беріледі. Мысалы, жоғарыда сөз етілген грамматикалық мағыналардың қай-қайсысы болса да, белгілі грамматикалық амал-тәсілдер арқылы айтылған.

Белгілі бір жүйе бойынша қалыптасқан әрбір тілдің әр алуан тілдік амал-тәсілдері грамматикалық формалар деп аталады.

Грамматикалық формалары жоқ тіл болмайды. Тіл-тілдің қай-қайсысының болса да өзіне тән грамматикалық құрылысы болатындықтан, оның қайткенде де өзіне тән грамматикалық формалары да болуы шарт, өйткені тілдің грамматикалық құрылысысол тілдегі сөздердің грамматикалық мағыналары мен грамматикалық формаларының бірлігінен және солардың жинағынан құралады.

Сөздің грамматикалық мағыналары әр алуан тәсілдер арқылы беріледі, демек, ондай грамматикалық тәсілдер грамматикалық мағынаны білдіруге керекті дәнекер ретінде қызмет етеді [7, 61 б.].

Сөздің грамматикалық мағынасы сол сөздің өзінің әр қилы түрлері (формалары) арқылы да, немесе сол сөздің сөйлемдегі басқа сөздермен қарым-қатынастары арқылы да айтылуы мүмкін. Бірнеше мысал келтірейік:

Бетім барда бетіме кім шығар деп,

Кімі паңдау келеді, кімі тантық – (Абай, 55 б.)деген сөйлемдердегі бетім және бетіме сөздері мен кім және кімі сөздері өзара түбірлес, сонымен бірге олардың тұлғаларында ұқсастық та, айырмашылық та бар. Алғашқы екі сөздің бет деген түбірі, әрине, бір, сондай-ақ оған қосылған –і қосымшасы да бір. Сондықтан олардың грамматикалық мағыналары да грамматикалық формалары да бірдей: екеуі де – тәуелдік жалғауының 1-жақ қосымшасы жалғанған зат есім. Ал екіншісіне сол ортақ форманың үстіне барыс септіктің – е жалғауы жалғанып, ол қосымша арқылы жаңа грамматикалық мағына жалғанып тұр. Осы айырмашылыққа қарай, бетім және бетіме сөздерінің грамматикалық мағыналарында да, грамматикалық формаларында да ерекшелік бар. Бірі атау формасында, екіншісі барыс септік формасында тұр. Олардың осыған орай грамматикалық мағыналары да, қызметтері де басқа-басқа.

Бірінші сөйлемдегі кім және екінші, үшінші сөйлемдердегі кімі деген сөздердің сыртқы формаларындағы өзгешелікке байланысты грамматикалық мағыналарында да өздеріне тән айырмашылықтары бар.



Қонақ бір күн қонса – құт; екі күн қонса – жұт (мақал); Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді, аузымен орақ орған өңкей қыртық (Абай,49 б.); Есеней көтерілгелі не бары он ауыға Сибан ауылының қатары қосылды(Ғ.Мүсірепов «Ұлпан», 54 б.); Далада өскен қазақ қызына жылдың төрт мезгілі ғана емес, әр күннің өзінде әлденеше мезгіл бар (сонда, 56 б.); Өкпелерің орынды, жігіттер... Ескі көшке ермей қалып, жаңа көшті бастай алмай, әрі-сәріге салғаным рас (сонда, 59 б.); Мүсіреп аға, күлгеніме өкпелей көрмеңіз, күлкім келіп күлгенім жоқ(сонда 63 б.) деген сөйлемдердегі қонақ және қонса, сөзіңнен және сөзді, орақ және орған, ауылға және ауылының, мезгіл және мезгіл, көшке және көшті, күлгеніме және күлгенім сөздерінің өзара (екеу ара) негіздері бір болғанымен, қосымшалары басқа-басқа. Ол қосымшалар – сол сөздің әрқайсысының грамматикалық формалары. Грамматикалық формаларының басқа-басқа болуына байланысты, бұл сөздердің өзге сөздермен әр алуан қарым-қатынасқа түсуінен туатын грамматикалық мағыналары да бір-бірінен, әрине, өзгешерек.

Бұл мысалдардың барлығында да грамматикалық мағыналар бір сөздің әр түрлі формалары (морфологиялық түрлері) арқылы, демек, бір сөздің өзінің әр түрлі грамматикалық формалары арқылы айтылып тұр. Өйткені ауылға және ауылының дегендер ауыл сөзінің түрленген формалары болса, кешке және көшті дегендер – көш сөзінің өзгерген әр алуан грамматикалық формалары.

Грамматикалық мағына негізгі сөздерге шылау сөздердің селбесуі арқылы да туады. Мысалы: Қырық жетіні не үшін сұраса да бер деп ағасын өзі жұмсап кеткен (Ғ.Мүсірепов «Ұлпан», 105 б.); Сіз үшін оңаша отырып сырласуларыңыз әсер еткен секілді (сонда, 106 б.) деген сөйлемдердегі үшін шылауы өздерінен бұрынғы сөздерге (не, сіз) қосымша грамматикалық мағына үстеп, оларды кейінгі сөздерге жалғастыруға дәнекер болып тұр. Бұл арада үшін шылауының орнына неге, сізге деп айтып, барыс септік жалғауын қолдануға болады. Бұдан үшін шылауының мағынасы дәлме-дәл болмағынымен, барыс септіктің мағынасына жақын екенін көруге болады. Осы себептен бұл сөздерді я үшіншылауынсыз, я барыс септік жалғауынсыз қолдансақ, бұл сөйлемдердегі сөздердің өзара байланысы да бұзылады, мағыналарын түсінуге де нұқсан келеді.

Есеней күн сайын даушылардың ортасында (Ғ.Мүсірепов «Ұлпан» 109 бет); Бұларының не екенін өздері де білмей минут сайын есікке қарады (сонда, 120 б.) деген сөйлемдердегі сайын шылауының да белгілі грамматикалық мағынанаы білдіруге себепкер болып, грамматикалық форма ретінде қызмет атқарып тұрғанын байқау қиын емес. Бұл сөйлемдердегі күн сайын, минут сайын деген селбескен сөздердің беретін мағыналары дәл бірдей болмағанымен, әр күнде (әр күні), әр минутта деген формалар арқылы айтуға болады. Бірақ еш уақытта да ондай сөйлемдерді сайын шылауын алып тастап қолдана салуға болмайды.

Бұл сөзде ақыл да бар, ғибрат та бар;

Өзіңе екіншіде пайда болар.

(Абай, 110 б.);



Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай

Қыстың басы бірі ерте, біреуі жәй.

(Абай, 77 б.);



Дем алысы – үскірік, аяз бен қар;

Кәрі құдаң – қыс келіп әлек салды.

(Абай, 78 б.).

Осы тәрізді, бұл сөйлемдерде де әрі грамматикалық мағына туғызуға себепкер болып, әрі сол грамматикалық мағыналардың формасы болып қызмет етіп тұрған шылаулар бар. Олар: шейін, ғана (қана), та (те, да, де), па (пе, ба, бе), бен (мен), я, не шылаулары. Бұлардың, әрине, әрқайсысының мағыналары да, қызметтері де бірдей емес, өз алдарына басқа-басқа. Мысалы: шейін шылауы белгілі бір қатынастың я көлемдік, я мезгілдік шегін білдірсе, ба (бе, па, пе) шылауы сөзге шылау мағынасын үстейді.

Кәсіп іздеген қайықшылар ол діңгектегі жұмыртқаны қайық-қайық қып тасып шығарса да, тауыса алмайды (С.Мұқанов) деген сөйлемдегі қайықшылар және қайық-қайық сөздерінің бастапқы түбірі де, нақтылы лексикалық мағынасы да бір екені шексіз. Бірақ бұл текстегі сол сөздердің формалары мен грамматикалық мағыналары басқа-басқа. Ең алдымен, қайықшылар деген сөзді алсақ, оған қосылған алғашқы -шы қосымшасы бастапқы қайық деген зат есімнен қайықшы деген туынды зат есім жасауға дәнекер болса, онан соңғы -лар қосымшасы қайықшы біреу емес, әлденешеу (көп) екенін білдіретін форма ретінде қызмет атқарып тұр.

Ал сол түбірдің екі рет қайталанған қайық-қайық деген түрі әлденеше қайықпен (я көп қайықпен) әлденеше рет тасып шығарса дегенгі мағынамен пара-пар мағынаны білдіреді.

Бұл жоғарыдағы мысалға «Орай-орай соққан төкпе жаңбыр ақ түйені көк жібек шымылдықпен орап алғандай екен» (Ғ.Мүсірепов «Ұлпан» 100 б.); Әр жерде үйіріліп қалған төбе-төбе тас (сонда, 108 б.); Түйеге артқан жүктің үстінен айқара жаба салған екі оюлы текемет пен шағын-шағын екі түкті кілемді жұлып тастады (сонда 112 б.); Әйелдер екі сандыққа кезек-кезек жүгіріп естерінен танып қалды (сонда 112 б.) деген сөйлемдердегі шелек-шелек, төбе-төбе, тарау-тарау, еспе-еспе, қатар-қатар деген қосарланған сөздердің мағыналары мен формалары да жоғарыда айтылған пікірдің дұрыстығын қуаттайды.

Сөз тек осы жоғарыдағыдай, бастапқы формасында қосарланып қана я тек сол формада тұрып қана қолданылып қоймайды, басқа да формаларда қосарлана да, қолданыла да береді. Мысалы: Қазақ қонақтар үйге кірген бетінде көріп отырғанын да көрмеген болып, момақан отырады (Ғ.Мүсірепов «Ұлпан», 177 б.); Өзді-өзі тұспалдасқан болып, біріне-бірі ыңғай көрсетті де мелшиіп отырып қалды (сонда, 185 б.). Саврасовтың сөзін қазақ тіліне Тұрлыбек сыр білдірместен сөзбе-сөз түгел аударып шықты(сонда, 185 б.); Үш үлкен үйді-үйге, төрт-бес отау үйді-үйлерге, төрт-бес ақсақал адамдарға, қартаң әйелдерге деп алған сыйлығым бар(сонда, 194 б.) деген сөйлемдерде өзді-өзі, біріне-бірі, сөзбе-сөз, үйді-үйге, үйді-үйлерге деген қос сөздер бар. Бұлардың ішінен үйді-үйге, үйді-үйлеріне деген сөздер түрленіп қосарланып үстіне бастапқы түрлерінен өзгеріп басқа формаларда қолданылып тұр. Бірінші сөйлемдегі үйге түріндегі жалаң сөз бен екінші сөйлемдегі үйді-үйге түріндегі қос сөздің формаларында қандайлық өзгешелік болса, олардың араларындағы мағыналарында да сондайлық айырмашылық бар. Сол сияқты үшінші сөйлемдегі үйді-үйлеріне деген қос сөздің формасы да, мағынасы да, әрине, үйге және үйді-үйге сөздерінен өзгешерек. Ол өзгешелік сол үш сөзде де кездесетін барыс септік жалғаудың формасына байланысты емес, бұл жағынан олар формалас. Ал өзгешелік ең әуелі, жалаң форманың (үйге және үйді-үйге дегендерді салыстырыңыз) араларындағы, одан соң, жекеше форма мен көпше форманың араларындағы (үйді-үйге және және үйді-үйлерге дегендерді салыстырыңыздар) сыртқы айырмашылықтарға байланысты. Әрине, қосарланған соңғы екі сөздің өзара жай формасы мен тәуелдеулі формасының арасындағы (үйді-үйге және үйді-үйіне дегендерді салыстырыңыздар) ерекшелікке сәйкес мағыналық та ерекшеліктері барлығы естен шықпасқа тиіс.

Сөйтіп бұл мысалдардан мынадай қорытындылар шығады:

Біріншіден, сөзді қайталап (қосарлап) қолдану – тіліміздің грамматикалық құрылысына тән әрі үйреншікті, әрі құнарлы грамматикалық тәсілдің бірі, екіншіден, сөзді қайталап (қосарлап) қолдану арқылы да тиісті грамматикалық мағыналар жасалады; үшіншіден, сөзді қайталап (қосарлап) қолдану тәсілі белгілі грамматикалық мағыналардың грамматикалық сыртқы формасы ретінде жұмасалады.

Тілімізде өзіне тән нақтылы лексикалық та, дербес грамматикалық та мағынасы бар бір алуан сөздер белгілі бір тіркестерде негізгі сөзге тек қана үстеме грамматикалық мағына жасайтын дәнекер сөздер ретінде жұмсалады. Мысалы: Абайдың мына бір өлеңін алайық:

Көңілге шек-шүбәлі ой алмаймын,

Сонда да оны ойлар қоя алмаймын,

Ақылдың жетпегені арман емес.

Құмарсыз құр мүлгуге тоя алмаймын.

Алғашқы жолдағы алмаймын деген сөздің екінші және төртінші жолдардағы ойлап қоя алмаймын, мүлгуге тоя алмаймын дегендердегі алмаймын дегеннен сыртқы тұлға жағынан, демек, түбірі мен қосымшала жағынан ешқандай да айырмасы жоқ. Бірақ ой алмаймын дегеннен алмаймын сөзі өзінің бастапқы лексикалық мағынасын да, грамматикалық дербестігін де толық сақтап тұр. Ал соңғы екі тіркестегі алмаймын сөзінің бастапқы лексикалық мағынасы сақталмай, әбден солғындап кеткен. Грамматикалық абстракцияның нәтижесінде бұл сөз әуелгі мағынадан айырылып, негізгі етістік арқылы айтылатын істің жүзеге асуға мүмкіншілігі барлығын, я жоқтығын білдіретіндей ғана көмекшілік қызмет атқаруға көшкен

Грамматикалық форма орыс.грамматическая форма — грамматикалық мағынаның қалыпты (стандартты) көрінісін білдіретін тілдік белгі. Эр түрлі тілдерде грамматикалық мағынаны білдіретін Грамматикалық форма — аффикстер (оның ішінде нөлдік), дыбыстық алмасулар ("ішкі флекция"), екпін, қайталау, көмекші сөздер, сөздердін орын тәртібі, интонация арқылы көрінеді. Сөздері түрленетін тілдердегі морфологиялық тұлғалар дегеніміз белгілі сөз таптарындағы сөздердін үнемі өзгеріп отыруы болып табылады. Олар морфологиялық бірнеше мағыналарды да, бір мағынаны да білдіре алады, Мысалы, орыс тіліндегі зат есімнін көпше атау септігі, етістіктін осы шағынын жекеше 1-жақ тұлғасы т. б. Сөздін өзгеріске түскен барлық тұлғалары оның парадигмасын жасайды. Морфологиялық тұлғаларсинтетикалық (қарапайым) және аналитикалық (күрделі) түрлерге бөлінеді. Белгілі бір морфологиялық тұлғада келген нақты сөз сөз тұлға (словоформа) деп аталады. Грамматикалық форманың көрінісі мен мағынасы бірқатар жағдайда бір-біріне сәйкеспейді. Мысалы, флективті емес түбір тілдерде грамматикалық мағына негізінен сөздердін синтаксистік тіркесімділігі арқылы беріледі [kk.wikipedia.org/wiki/].

Грамматикалық мағына мен грамматикалық форма сәйкестігі

Тілімізде белгілі бір грамматикалық мағына белгілі бір грамматикалық форма – тұлға арқылы берілетіні белгілі. Яғни, грамматикалық мағына мен грамматикалық форма бір-бірімен тығыз байланысты.

Грамматикалық мағына мен грамматикалық форманың сәйкестігі сөз болғанда, әдетте, категориялық грамматикалық мағына негізге алынады, өйткені жоғарыда көрсетілгендей, грамматикалық мағынаның осы түрі ғана арнайы грамматикалық форма арқылы беріледі.

Әрине, грамматикалық мағына мен грамматикалық форма бір-бірімен сай келеді дегенде, сөздің құрамында ол екеуінің саны да әрдайым бірдей болады деген қорытынды тумайды. Қазақ тілі жалғамалы тіл болып саналғанмен, онда аз да болса флексиялық сипат та кездесіп отырады. Кейде бір тұлғаның өзі бірнеше грамматикалық мағынаны және керісінше, бірнеше грамматикалық форма бір мағынаны білдіріп те тұрады. Мысалы, тарағым сөре үстінде жатыр дегендегі тарағым сөзі тарақ деген түбір, -ым деген тәуелділік жалғауынан тұрады. Бұл жерде түбір білдіретін жалпы грамматикалық мағына мен атау септік тұлғасы мен мағынасы сөз болып тұрған жоқ. Оларға әдейі назар аударылмай отыр. Ал осы -ым деген бір тұлға үш мағынаны білдіреді: 1) тәуелдік мағына, яғни тарақ деген зат екінші затқа тәуелді, осының меншігі екенін білдіреді, бұл – негізгі мағынасы. Бұл жағынан қарағанда, тарағың, тарағы, тарағымыз, тарағыңыз т.б. сөздер құрамындағы -ын, -ы, -ымыз, -ыңыз деген тұлғалардың бір-бірінен мағынасы жағынан ешбір айырмасы жоқ, бәрі де тәуелдік, екінші затқа меншіктілік мағынаны білдіреді. Міне, осыдан бір грамматикалық мағына бірнеше грамматикалық форма арқылы берілетіні анық көрінеді. Бірақ -ым қосымшасы тек тәуелдік мағынаны білдіріп қана қоймайды, сонымен бірге екінші жақтық мағынаны да білдіреді. Яғни зат қай жаққа тәуелді екені көрініп тұр. Ол – айтушы жақ. Әрбір жақтың өзі де бірнешеге бөлінеді: көпше, жекеше және II тыңдаушы жақ – анайы, сыпайы. Міне, сондықтан 3 -ым тұлғасы бірінші, айтушы жақты білдірумен бірге сол затқа ие бір-ақ адам, - мен екендігін көрсетіп тұр. Сөйтіп, сөз таптарының әрбір грамматикалық форма – тұлғасы сөзге арнайы форма тудырушы қосымша қосылу арқылы грамматиканы білдіреді. Ол грамматикалық мағына сөйлеу процесінде, контекст ішінде айқындалады. Сондықтан да жеке тек осы тұрғыдан грамматикалық мағына мен грамматикалық форма сәйкес болады дейміз.

Осы тұста мына бір мәселеге назар аудармауға болмайды. Ол грамматикалық мағынасыз грамматикалық форма болмайды және грамматикалық формасыз грамматикалық мағына берілмейді деген қалыптасқан түсінік.

Грамматикалық мағына білдірмейтін грамматикалық форма болмайды және грамматикалық формасыз грамматикалық мағына да берілмейді дегенді бұлардың жаңағы қасиетінің негізінде және категориялық грамматикалық мағына шеңберінде ғана тек шартты түрде айта аламыз. Өйткені кейбір жағдайларда қазіргі тілімізде ешбір арнайы грамматикалық тұлғасыз-ақ белгілі бір грамматикалық мағына беріліп тұрады. Сондай-ақ кейде сөз құрамында белгілі бір грамматикалық форма болғанмен, ол өз бетінше грамматикалық мағына білдіре алмай, факультативті түрде ғана қолданылады, яғни сөз ол формасыз жұмсалмайтын болғанмен, сол сөз тұлғалары білдіретін мағынаны ол форма бейтарап болып тұрады. Мысалы: Онымен үйінде сөйлесетін. Аулына менімен қайтатын тәрізді сөйлемдердегі әрбір сөзге, олардың тұлғаларына және сол тұлға беріп тұрған мағыналарға назар аударайықшы. Морфологиялық жағынан бұл сөздерді мынадай бөлшектерге бөлуге болады: он (ол, л дыбысына біткен жіктеу, сілтеу есімдіктері септелгенде, л не түсіп қалады, не н дыбысына айналып кетеді), үй, сөйле, ауыл, мен, қайт дегендер сөздің түбірі, -мен, -де, -на, көмектес, жатыс, барыс септік жалғаулары, -с ортақ етіс, -тын, -тін есімше жұрнақтары. Үйінде, аулына сөздеріндегі –ы, -і тәуелдік жалғаулары, одан кейінгі –н тұлғасы қазіргі грамматикаларымызда септік жалғауларының құрамында қаралып жүр (-нде – жатыс септік, -на – барыс септік болып), шындығында –н септік жалғауының көрсеткіші емес, түркологияда бұл тәуелдік жалғаудың 3-жағының қалдық формасы деген пікір бар, яғни тәуелдік жалғауы 3-жақта қазіргідей –ы, -і, -сы, -сі болмай, -сын, -сін болған да, кейінгі соңғы –н түсіп қалған. Бұл арасы тіл білімінде әлі шешілген жоқ. Қайткен күнде де 3-жақ тәуелдік тұлғада тұрған сөзге барыс, жатыс септік жалғаулары жалғанғанда, бұлардың арасында пайда болатын –н септік жалғау құрамында қаралғанмен, белгілі бір грамматикалық категорияның көне көрсеткіші, я оның бір жаңқасы, бөлшегі болған. Бертін келе өзі білдіретін грамматикалық мағынадан айырылып қалған да, сөз құрамында факультативтік элемент ретінде сақталып қалған. Бұл –н тұлғасы тек септік жалғауларының ғана алдынан емес, тәуелдік жалғаудың 3-жағынан кейін жалғанған –ша, -ше, -дай, -дей жұрнақтарының алдынан да –нша, -нше, -ндай, -ндей болып шыға келеді: біреудің көз-і-нше, айту-ы-нша, бала-сы-ндай, үн-і-ндей т.б. Осының өзінен көрінетіндей, -н тұлғасының белгілі қосымша құрамында болуы септіктен гөрі тәуелдік жалғау құрамында келуі тұрақты болып көрінеді. Яғни құрамында қаралып жүрген барыс –на, -не және жатыс септік –нда, -нде құрамынан гөрі 3-жақ тәуелдік жалғаудың құрамында енуі лайықты сияқты, өйткені –ша, -ше мен –дай, -дей жұрнақтарының құрамында келіп отыруы –н тұлғасының септік тұлғасы құрамынан гөрі басқа бір жүйенің, тәуелдік жалғау жүйесінің және тек 3-жақ тұлғасының құрамына жатқызу жөн сияқты.

Сөйлемдегі онымен, менімен деген сөздердің құрамында да түбір (ол-он, мен) мен көмектес септік жалғаудың (мен) арасында қазір ешбір грамматикалық мағына білдірмейтін –ы, -і тұлғасы жұмсалады. Тарихи тұрғыдан қарасақ, бұл тұлға ілік септік жалғауының қалдық көрсеткіші. Өйткені көмектес септік жалғауы -мен, -бен, -пен (және осы тұлғалас жалғаулық шылау да) бірлән, білән, илән септеулік шылаудан қалыптасқаны күмән тудырмайды және бұл шылау (білән) көне кезде өзі қатысты негізгі сөздің ілік септік тұлғасымен байланысқан. Бұны әр дәуірге жататын көне жазбалар тілінің материалдары дәлелдейді. Көне жазбаларға білән (бірлән) септеулігі мен, сен, ол есімдіктерімен ілік септік тұлғасында тіркескендігін көреміз: тақи ант йад қылур аның бірлә (Тәфсир) және онымен ант етеді. Сонда менімен деген сөз тұлғасының қалыптасуы былай болған: менің бірлән – менің білә – мені(ң) – менен – менімен – меніменен. Ал енді қазіргі кезде менімен деген сөздегі –(н)і (-ы) тұлғасы ілік септік мағынасынан айырылып қалған, басы артық реликт форма ретінде ғана сөз құрамында жұмсалады.

Ілік септік тұлғасының үстіне басқа септік жалғауларының үстеліп қолданылуы – тілдің дамуындағы әр кезеңінде болып отырған құбылыс. Мысалы, ұйғыр тілінде 1-жақ жіктеу есімдігіне барыс септік жалғауы ілік септік формасына да жалғанып, менинге болып жұмсалады, ілік септік формасына «Құтадғу білікте» жатыс, шығыс септік жалғаулары да жалғанған: сәниң-дин, аның-да, сениң-дә т.б. Бұның өзі септік жалғауларының қалыптасуы кезеңі мен жолы әр түрлі екенін көрсетеді. Және бұлардың барлығы бір грамматикалық категорияның ішіне еніп, соның бір көрсеткіші болып қалыптасуының өзі шартты екенін және бүгінгі күн тұрғысынан танылатынын көрсеткен жөн. Септік жүйесіндегі ішкі қайшылықтардың, айталық, кейбір жағдайда бір септік тұлғасының үстіне екінші септік тұлғасының жалғануы және бұл тұрақты заңдылық болмаса да, мысалы, қазақ тілінде кейбір есімдіктерге көмектес септік тұлғасы көне ілік септік тұлғасының үстіне қосылуы, немесе кейбір орта ғасырлық жазба ескерткіштер тілінде болмаса, қазіргі түркі тілдерінің кейбірінде барыс септік тұлғасы, я шығыс немесе жатыс септік жалғауы ілік септік тұлғасының үстіне жалғануы, олардың тумысында біркелкі және бір қалыпты, бір мезгілде дүниеге келмегенін, біртіндеп барып қалыптасып, жақындасып, бірден емес, бірте-бірте болып грамматикалық категория болып қалыптасқанын көрсетеді. Осындай ерекшеліктері айқын көрінетін септік категориясының түрлері түгіл тәуелдік және жіктік жалғау категориясының, бір жағынан 1 және 2-жақтары, екінші жағынан, 3-жағы біркелкі жүйелі бірлік деуге келмейді, 3-жақтың мәні де, грамматикалық тұлғасы да, синтаксистік қызметі де 1 және 2-жақ көрсеткіштерімен салыстырғанда бір мезгілде, бірдей қалыптасқан болу керек. Оған бірнеше жақтың яғни айтушы жақтың біреу немесе бірнеше болса да нақты болып, екінші жақтың, яғни тікелей тыңдаушы жақтың да біреу немесе бірнеше болса да нақты болып, ал үшінші жақ тек ол я олар ғана кез келген зат атауы болуы және соның арқасында нақты жақ мәнінің шекарасы кеңейіп кеткендігі байқалады. Сондай-ақ осыған да байланысты болса керек, 1-2-жақ жалғаулары, түптеп келгенде, 1-2-жақ жіктеу есімдіктерінен туып қалыптасса, 3-жақта оның жөні мүлде бөлек екендігі де әсер еткен. Яғни, бұл жақтың 1-2-жақтармен біртектестігі де сондықтан шартты, тілдің қазілгі деңгейімен ғана анықталады.

Сондай-ақ сөйлесетін, қайтатын деген сөздердің құрамындағы –а, -е көсемше тұлғалары да өз мағыналарынан айырылып қалған да, бұл жерде көсемше көрсеткіші бола алмай тұр. Тарихи жағынан келгенде, есімшенің –тын, -тін жұрнағы тұрған көмекші етістіктен қалыптасқаны белгілі. Сөйлесетін, қайтатын деген сөздер былай қалыптасқан: сөйлесе тұрған – сөйле тұғын – сөйлесетін, қайта тұрған – қайта тұғын – қайтатын. Көсемше жұрнағы –а, -е алғашқы негізгі етістіктің құрамында өзінің грамматикалық мағынасында жұмсалып, көмекші етістікпен тіркесіп, күрделі етістік құраған, кейін көмекші етістік тұлғасын өзгертіп, бірте-бірте ықшамдалып, жұрнаққа айналып кеткен кезде, көсемше жұрнағы мағынасынан айырылып қалған, бірақ түсіп қалмай, реликт тұлға ретінде сақталып қалып қойған. Сондықтан да қазіргі кезде –а, -е, -й көсемше тұлғасы, -тын, -тін есімше жұрнағынан бөліп алынып қаралмай, тұтас тұлға ретінде берілуі орынды.

Сөйтіп, тілімізде қазіргі кезде ешбір грамматикалық мағына білдіре алмайтын қалдық формалар да бар. Осындай қасиетінің арқасында (грамматикалық мағынадын айырылып қалуының нәтижесінде) әдетте оларды жеке бөліп алмай, басқа формалардың құрамында қараймыз. Сонда грамматикалық мағына білдірмейтін грамматикалық форма болмайды десек, оны диалектикалық мәнде және тілдің қазіргі статикалық күйі тұрғысынан түсіну керек. Тілдің грамматикалық құрылысында кездесіп отыратын ондай тұлғалар, біріншіден, бір кезде грамматикалық мағына білдірген. Ал кейін, екіншіден, ол білдірген грамматикалық мағына жоғалып кеткен де, ол форма сөз құрамында факультатив тұлға ретінде сақталып қалған [5, 32 б.].



Грамматикалық формасыз грамматикалық мағына беріле ме?

Кейбір жағдайларда ешбір грамматикалық тұлғасыз-ақ белгілі бір грамматикалық мағына білдіріліп тұрады. Ол грамматикалық мағына сөз түбірі білдіретін грамматикалық мағынадан бөлек болады. Яғни әңгіме мағына жайында. Міне, сондай арнайы қосымша көрсеткіші болмай, тұлғасы көрінбей тұрып-ақ белгілі грамматиккалық категориялық грамматикалық мағына білдіруді нөлдік тұлға деп атауға болады, өйткені арнайы көрсеткіш, формалық тұлғасы болмағанмен, онда түбір білдіретін мәннен бөлек арнайы грамматикалық мағына болады. Әр уақытта нөлдік форманы түбір формамен салыстырып отырудың басты себебі, біріншіден, екеуінің сырт тұлғасы, формасы сәйкес болуында, екіншіден, түбір – әр түрлі грамматикалық тұлға жасауға негіз болатын тұлға. Жартасқа бардым, күнде айғай салдым. Одан да шықты жаңғырық (Абай, 92 б.),Сайра, тілім(Абай, 95 б.)мысалдағы етістік баяндауыштың әрқайсысы бірнеше морфема бөлшектен тұрып, сөздің әрбір тұлғасы ойға лайық жеке-жеке грамматикалық мағына беріп тұр: бар-ды-м, (айғай) сал-ды-м, шық-ты, сай-ра.Осындағы түбір тұлғалар қимылды білдіріп, одан кейінгі –ды, -ты морфемалар сол қимылдың айтып тұрған сәтке байланысты болу мезгілін шақтық мағынаны, яғни сол қимылдың айтып тұрған кезден бұрын болғандығын білдіріп тұр. Алғашқы екі сөздегі –м тұлғасы қимылдың иесін, яғни сол қимылды орындаушы кім субъект екенін және қимыл иесі кез келген біреу емес, бірінші яғни айтушыжақтың өзі екенін көрсетіп тұр. Ал үшінші сөзде ондай грамматикалық тұлға жоқ, соған қарап бұлсөз қимыл иесін білдірмейді екен деп ойлауға болмайды. Осы сөздің формасы арқылы шығуды іске асырушы субъектіні біле аламыз, ол үшінші, бөгде жақ, ол (жаңғырық) сонда қимыл иесін меңзеп, үшінші жақты білдіріп тұрған қандай форма? Сөздің соңғы формасы – тыондай мағынаны білдіре алмайды, оның мағынасы – тек өткен шақтық мағына. Міне, осы сөздің құрамында формальды түрде арайы тұлға болмағанымен, ерекше грамматикалық мағына, жақтық мағына бар. Ол мағына контекс арқылы айқын сезіледі. Осындағы 3-жақтық мағына нөлдік тұлға арқылы берілген. Сондай-ақ сайра сөзі жалпы іс-әрекетті және қимылдың сабақты мәнін білдірумен бірге бұл мағыналар түбір арқылы яғни лексикалық мағынаның абстракцияланып, жалпылануы арқылы беріліп тұр, бұйрықтық мағынаны және ол 2-жаққа қаратылып, онымен бірге анайылық және жекешелік мағыналарды білдіреді. Бұл соңғы грамматикалық мағыналар, біріншіден, категориялық грамматикалық мағыналар болып табылады, екіншіден, тұлғасы бар арайы грамматикалық форма арқылы берілмеген. Соған қарамастан мұнда грамматикалық форма бар, ол – тұлғасыз форма, яғни сол жүйедегі басқа парадигмалық түрлену көрінісінде бұл мағына қарама-қайшы, оппазиция болатын, бірақ бір грамматикалық категорияның шеңберінде бірлікте тұратын форма бар: 2-жақ сыпайы түрі –ңыз (сайра –ңыз), 2-жақ көпше түрі –ңдар (сайра –ңдар) т.б. сондай-ақ бірінші мысалдағы шықты сөзіндегі 3-жақтық мағына жіктік жалғаудың тұлғасыз формасы нөлдік форма арқылы берілген. Оны да осы сөйлемдегі 1-жақ жекеше мағынада қолданылған бардым, (айғай) салдым сөздеріндегі –м формасымен салыстыру арқылы тануға болады.

Тілімізде осындай арнайы белгілі грамматикалық мағынасы бар, бірақ арнйы көрсеткішсіз тұлғада жұмсалатын, кейде сөйлемде түсіп қалатын ерекше форма 3-жақ жіктік жалғауы ғана емес, басқа да грамматикалық түрлері жүйесінен көрінеді. Мына мысалға назар аударайық. Мәскеу бардым, не көрдім (Жамбыл). Тексер мені, шарқ ұрып (Абай, 102 б.), Ғылым таппай мақтанба (сонда, 103 б.). Интернатта оқып жүр талай қазақ баласы (сонда,58 б.), Иығымда сіздің шаш, айқайласып тайталас (сонда,98 б.) осы сөйлемдердегі бөлініп көрсетілген сөздердің формасы мен грамматикалық мағыналарына көз жіберейік: Мәскеу осы сөйлемде ешбір грамматикалық формасыз қолданылған, бірақ соған қарамастан қимылдың бағытын білдіріп, барыс септіктің мағынасын беріп тұр: ғылымды таппай, тексер, мақтанба етістіктері негізгі түбір күйде және өздік етіс пен болымсыз тұлғада 2-жаққа қаратылып, бұйрықты мағынада қолданылған, бірақ соңғы мағынаны білдіретін арнайы граммкатикалық форма жоқ. Шаш сөзі керісіншетәуелділік мағынаны білдіріп тұр: сіздің шашыңыз. Ол мағынаны білдіретін тәуелдік жалғауы түсіп қалған. Міне осы көрсетілген сөздердің бәрі де берілген сөйлемдерде ешбір тұлғасыз-ақ белгілі грамматикалық мағына білдіреді, ол грамматикалық мағына сөздің түбірі білдіретін мағынадан бөлек.



ҚОРЫТЫНДЫ

Грамматикалық мағына түрлі грамматикалық көрсеткіштер арқылы түбір сөзге үстеледі. Мысалы, қалам + дар – бұл сөздегі көптік мағына көптік жалғауы арқылы берілген. (Жарық) күнді (көрдім) дегенде көру қимылының нысаны мағынасын табыс септік жалғауы білдірген. (Менің) жүзігім дегенде меншіктілік мағынаны тәуелдік жалғауы білдірген.

Грамматикалық мағына абстракты, дерексіз. Сондықтан грамматикалық мағына үлкен мағыналық топқа қатысты.

Грамматикалық мағына сөйлемдегі сөзде бірнешеу бола береді. Мысалы, Байлық – еңбекте, жерде (Ыбырай Алтынсарин). Елегізем, басымды ұстаймын (Сабит Мұқанов). Осы сөйлемдердегі байлық, еңбек, жер, елегіз, бас, ұста деген сөздердің әрқайсысында бірнешеден, әр түрлі грамматикалық мағына бар: байлық, еңбекте, жерде деген сөздердің үшеуінде де заттық атау деген жалпы грамматикалық мағына бар және оларда жекешелік мағына бар, байлық сөзінде тағы атау септік мағынасы бар. Сонымен бірге, еңбекте, жерде дегенде ол грамматикалық мағынаның үстіне жатыс септік жалғауы мекен грамматикалық мағынасын косқан. Сөйтіп байлық сөзі сөйлемде жалпы заттық ұғымды блдіреді, субъект мәнін білдіреді, жекешелік мағынаны білдіреді. Ал, еңбекте, жерде сөздері жалпы зат атауы мағынасында, жекешелік мағынада, мекен мағынасында қолданылған. Осы мысалдардағы елегізем етістігінде жалпы қимыл атау мағынасы, ауыспалы осы шақ мағынасы, жекешелік мағына, 1-жақ мағынасы бар. Ұстаймын етістігінде де дәл осы мағыналар. Басымды сөзі жалпы заттық атау ұғымын, жекешелік мағынаны, объекті мағынасын, меншіктілік мағынаны, 1-жақ мағынасын, жекеше меншіктілікті білдіреді.

Грамматикалық мағына (я мағыналар) тілден көне замандардан бері қарай бірте-бірте дамып қалыптасқан грамматикалық құрылысының жүйесінен туады және сол жүйеге енеді. Сол себептен ол грамматикалық мағыналар сол тілдің грамматикалық құрылысында бар тәсілдер арқылы айтылады. Міне, сондай жалпы грамматикалық мағыналарды білдіретін грамматикалық амал-тәсілдер грамматикалық формалар деп аталады.

Тіліміздің грамматикалық құрылысы жүйелі, сала-сала грамматикалық құбылыстардан құралады. Ал сондай әрбір грамматикалық құбылыстың екі жағы болады: біріншісі – сол құбылыстың бірдемені (белгілі бір ұғымды я түсінікті) білдіретін ішкі жағы, демек, мазмұны, яғни грамматикалық мағынасы; екіншісі – сол мазмұнды, яғни грамматикалық мағынаны (грамматкалық ұғымды я түсінікті) қалай я не арқылы білдіретін сыртқы жағы, демек, - грамматикалық формасы.

Әрбір құбылысты тексергенде, оның осы айтылған екі жағы бірдей тұтас қамтылуы керек. Мысалы, «оқылық» деген сөзді белгілі бір грамматикалық құбылыс деп есептеп талдағанда, біріншіден, оның ішкі жағы – ішкі мазмұны – бәрімізді алдағы уақытта (келер шақта) белгілі бір істі (оқу ісін) жүзеге асыруға шақыратын ұғымды (түсінікті) білдіретінін ажыратамыз да, грамматикалық мағынасын анықтаймыз; екіншіден, осы грамматикалық мағына сол сөздің сыртқы жамылышының (формасының) қандай бөлшегі арқылы, демек, қандай грамматикалық форма арқылы білдіріліп тұрғанын айқындау үшін, ең алдымен, ол бастапқы оқы деген түбірі амалды тек бір адамға ғана істеуге бұйырып тұрғанын бағдарлаймыз. Содан кейін оған «бәріміз оқылық» дегендегі жоғарыдағыдай анықталған грамматикалық мағынаның қосылып тұрғанын және ол мағынаны –лық қосымшасы білдіріп тұрғанын ажыратамыз. Сөйтіп, бұл грамматикалық құбылыстың (сөздің я грамматикалық бөлшегінің, ішкі грамматикалық мағынасы (мазмұны) мен сыртқы грамматикалық формасын), демек, екі жағын бірдей қамтып, оның грамматикалық сыр-сипатын ашамыз.

Грамматикадағы әр алуан грамматикалық құбылыстың өзіне тән грамматикалық мағынасы және оның белгілі грамматикалық формасы үнемі бірлікте болады, олар бірінсіз-бірі өмір сүре алмайды. Грамматикалық мағына – грамматикалық құбылыстың (сөздің я оның бөлшегінің) мазмұны болса, грамматикалық форма сол мазмұнды білдіретін формасы болып саналады.



ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР



  1. Ә.Хасенов. Тіл білімі. – Алматы, «Санат» 2003. – 416 бет

  2. Қазақ грамматикасы. – Астана, 2002. – 784бет

  3. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі, морфология. Алматы: «Ана тілі», 1991.- 384 бет

  4. Аханов К. Грамматикалық теорияның негіздері. Алматы, «Санат», 1996. – 240бет

  5. С.Исаев. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. Алматы: «Рауан», 1998, 304бет

  6. Ысқақов А. Грамматикалық мағына және грамматикалық форма «Қазақстан мектебі» журналы, 1961 №4, 60-66 бет

  7. Н.Оралбай. Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы. – Алматы, 2007. – 388бет

  8. Уикипедия, Қазақша Ашық Энциклопедия,(сайт:kk.wikipedia.org/wiki/)

  9. Абай Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық жинағы. - Алматы: Жазушы. – 2004. – 296 бет.

  10. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі, – Алматы: Дайк-Пресс, 2008. – 968 бет.

  11. Мүсірепов. Ұлпан. Роман. – Алматы: Атамұра, 2003. – 264 бет

  12. А.Қалыбаева. Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі. – Алматы: Ғылым, 1989. – 367 бет.

  13. Б.Момынова, Ж.Сәткенова Қазақ тілі морфологиясы. Есімдер. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2007. – 120 бет.

  14. Ф.Ш.Оразбаева, Г.Сағидолла, Б.Қасым, т.б. Қазіргі қазақ тілі: Оқулық. - Алматы, 2005. – 535бет.

  15. Ы.Маманов Қазақ тіл білімінің мәселелері. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2007. – 488 бет.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет