Лекция жоспары : Сөздің мағыналық жағы Лексикалық мағынаның құрылымы туралы ғылыми көзқарастар



Дата22.12.2021
өлшемі19,04 Kb.
#127445
түріЛекция
Байланысты:
Дәріс 8


8-тақырып. Лексикалық мағынаның құрылымы


Лекция жоспары:

  1. Сөздің мағыналық жағы

  2. Лексикалық мағынаның құрылымы туралы ғылыми көзқарастар

  3. Лексикалық мағынаның макрокомпоненттері

Лексикалық мағынаны құрылым ретінде зерттеу ХХ ғасырдың екінші жартысында лингвистикада кеңінен тарады. Бұл идея барлық сөз қабаттарын компонентті талдау жасау арқылы сипаттауға жол ашты. Алайда сөз мағынасы құрылымды түрде екенін мойындағанымен ғалымдар арасында әлі де әр жақты түсінушілік бар. Солардың ішінде негізгі деген пікірлерге тоқтайық. И.В.Арнольд өзінің ағылшын тілінің стилистикасы туралы зерттеуінде былай дейді: «Информацияның бірінші бөлімі сөздердің денотаттық мағынасымен сәйкес келеді де, ол ұғым деп аталады. Ұғым арқылы денотаттық мағына сыртқы өмірмен байланысады. Пікір алысудың екінші бөлімі сөйлесушілермен, олардың жағдайларымен байланысты болып, коннотацияға тең келеді. Оған эмоция, экспрессия, бағалау және мағынаның стилистикалық компоненттері енеді»

Бұл пікір өз негізін жоймағанымен, біраз өзгерістерге түсті. Мағынаның құрылымдық элементтерін жетекші, бағынғы компоненттер деп екіге ажыратып, Л.М.Васильев оларды ақырынды үшке бөліп қарастырады: «1) эмпирикалық; 2) рационалдық (ойдың қызметі арқылы пайда болатын мағына элементтері); 3) соннативтік». Аталған мағына бөлшектерін тілші ғылым М.Оразов былайша түсіндіреді: «Автор сөз мағынасының құрылымдық элементтеріндегі эмпирикалық элементті адамның сезім мүшесіне әсер етіп, көрнекілік-бейнелік ойлау негізінде қабылданып, ұғым негізінде қалыптасқан объектив дүниенің бейнесі ретінде анықтайды. Рационалды мағына абстракты ойлау негізінде пайда болды.

Коннотативті мағына бөлшегі – адамдардың көңіл-күйіне, айтушының, не жазушының айтылған ойға көзқарасын білдірумен байланысты болған мағына элементі».

Лексикалық мағына мәселесімен арнайы айналысқан көрнекті ғалым А.А.Уфимцева бұл мәселені көп созбай нақты түрде сөздердің қызметіне қарай, оларды үшке бөледі: «Сөз тілдің барлық функциясын қамтиды: номинативтік (атау болу), сигнификативтік жалпылау және прагматикалық (эмоциялық және экспрессиялық).

Бұдан соң, өз ойын дамыта келіп ғалым сөз мағынасының компоненттерін денотативті және сигнификативті деп ажыратады. Сондай-ақ, Э.С. Азнаурованың стилистикалық компонентін қосады.



Л.А. Новиков лексикалық мағынаның құрылымын сөз еткенде оны аспектілерге бөлінеді деп есептейді. Сонымен қатар зерттеуші мағына қандай тұрғыдан зерттелді, сол қыры мағына бөлігі болады дегенге тоқталады. Мысалы: 1) мағына тілден тыс шындық болмыстың жалпыланған түрде бейнеленген тілдік формасы ретінде (сигнификативті мағына); 2) мағына лексикалық бірліктің компоненті ретінде, яғни тілдің лексика-семантика системасының құрылымдық элементі (парадигмалық, синтагмалық мағыналар); 3) мағына сөйлеушілердің қолданған сөздеріне деген қатынасы ретінде (прагматикалық (эллотивті) мағына); 4) мағына – заттың, құбылыстың, ситуацияның актуалды, нақты белгісі, таңбасы (денотативті мағына). Новиковтің принципін көптеген зерттеушілер дұрыс деп тауып, бұл теорияны әрі қарай тереңдетеді. Әр түрлі сөз таптарын құрайтын сөздер әр аспектілік тұрғыдан зерттеле бастады. Бұлардың ішінде ерекше пікір айтқан Э.В. Кузнецова сөздің мағынасына қарайтын компоненттерді қажетті және мүмкінді деп бөледі. Қажеттіге ұғымдық, яғни денотатты немесе сигнификатты компонентті, мүмкіндіге эмпирикалық, уәжді (мотивированный) және коннотаттық компоненттерді жатқызады. Мұндағы ерекшелік мағынаның екі компоненті деп есептеп жүрген денотаттық және сигнификаттық компонентті ол бір құрама бөлікке енгізеді. Бұның себебі, ғалымның прогресшіл көзқарасында және ол екеуін бір аспектіге енгізуінде жатса керек деп ойлаймыз.

Компонетті талдау әдісі мағынаның бірнеше кіші бөліктерден тұратынын көрсетеді, яғни денотаттық компонент, сигнификатты компонент т.б. компоненттер бір мағынаның ірі (макро) бөліктері, ал семалар кіші (микро) бөліктері болады. Мағына әлемі сонда шым-шытырық хаостан емес, бір жүйеге түсіп, бір тәртіпке бағынған бір-бірімен горизанталды және вертикалды түрде байланысқан компоненттер жиынтығынан тұрады. Бұл жиынтық негізінен екі компоненттер тобынан құралған, яғни макрокомпоненттер және микрокомпоненттер. Осы мәселемен алғаш шұғылданған Батыс Европаның ғалымдары (Прието, Катц, Фодор, Филлмор, Трир т.б.) мен орыс тілшілері сөз зерттеуін (Звегинцев, Арнольд, Уфимцева, Шмелев, Гак т.б.) мағынаның ең алдымен осы үлкен тобын бөліп алудан бастаған еді. Ал бүгінгі таңда мағынаның басқа да толып жатқан жасырын бөлшектері айқындалып, зерттелуде. Әр макрокомпонент өз ішінен микрокомпоненттерге бөлінеді және әр микрокомпонент басқа макрокомпонентке ауысуы әбден мүмкін. М.Оразов мағынаның төрт элементіне кеңінен тоқталады. Олар: денотаттық, сигнификаттық, эмоциялы мағына бөлшегі және тілдің ішкі құрылымымен байланысты мағына бөлшегі (парадигмалық және синтагмалық мағына). Бұл мағыналар бөліктерінің ішінен біздің зерттеу мақсатымызға тілдің ішкі құрылымдық мағынасы енбейді, өйткені бұл лексикалық мағына аясынан едәуір тыс жатыр. Тіл жүйесінің парадигмалық, синтагмалық қатынастарында пайда болатын мағына табиғаты өте күрделі мәселенің бірі және де зерттеуді қажет етеді. Енді осылардың бәрін қорытындыласақ, сөздің семантикалық құрылымын мойындаған ғалымдар көзқарасының өзін үшке бөлуге болады. Бірінші көзқарас, лексикалық мағынаның бірінғайлығына сүйеніп, оның құрылымынан бар дәрежедегі семантикалық компоненттерді бөліп қарастыру қажеттілігін айтады. Бұл бағыт бойынша кез келген мағына бірден кішкентай семантикалық компоненттерге бөлінеді. Осы позицияда мағынаның дефференциалды концепциясының жақтастары да тұр (Катц, Фодор, Апресян, Гак т.б.). Екінші бағыт, лексикалық мағынаның біріңғай еместігіне сүйенеді, яғны мағынада сөзбен берілетін хабардың әр түрлі сипатын бейнелейтін әр түрлі деңгейдегі иерархиялар – «Сементикалық блоктар» бөлініп шығады. Бұл жағдайда лексикалық мағына алдымен мағынаның негізін ашатын ірі блоктарға – макрокомпоненттерге, сосын макрокомпоненттер құрамындағы микрокомпоненттер – семаларға бөлінеді. Бұндай жұмыстар И.Арнольд, Р.С.Гинзбургтың еңбектерінде қаралған. Бірінші бағытты ғалым И.А.Стернин макрокомпонентті, екінші бағытты микрокомпонентті деп атап, айырады. Үшінші бағытты аспектілі деуге болады. Бұл бағыттың өкілдерімағына құрылымынан әрқилы аспектілерді тауып, мағына құрылымын сол арқылы саралайды. Бұл аспектілерді әр зерттеуші өзінше айтады (мысалы: жақтар, қабаттар, өлшемдер, түрлер, моменттер, параметрлер, информация типтері т.б.) мағынаның тіл жүйесіндегі әр түрлі көрінуін, мағынаның коммуникативті акті кезіндегі жағдайын, әр қырын бейнелейді. Мағынаның әр түрлі аспектілері қазақ тіл білімінде әлі де қаралмай жатқан мәселенің бірі. Құрылымдық семасиологияда бірінші кезекті нәрсе мағынаның осы бір толып жатқан қырларының жай-күйін байқау. Мағынаға аспектілік тұрғыдан келу, мағынаны құрылым ретінде сипаттауға жақын келу деп ұғынуға болады, бірақ та құрылымды түрде деп ойлауға болмайды. Бұл пікірді айтушы И.Стернин аспектілер мен мағына компоненттерінің арасын бірден шектеп, екеуінің екі бөлек зат екенін, тек кейде аспектілер мен макрокомпоненттер қызметі жағынан бір-бірімен теңбе-тең түсіп жататынын көрсетеді. Негізінен, аспектілер жалпы мағынаны кез келген бір жағынан түсінудің жемісі деген И.Стерниннің пікіріне біз де қосыламыз. Сонымен, мағынаның қандай аспектілері бар дегенде, бірқатар зерттеушілер Комлев, Косовский, Плотников т.б. мыналарды айтады: сигнификатты, денотатты, лексикалық, грамматикалық, конотаттық, эмоционалды, бағалау, прагматикалық, синтагмалық, тіркестіс, тарихи-мәдени, идеологиялық, әлеуметтік, ассоциативті, диахронды, кодтық, персондық, ортологиялық, экспликативтік, этикалық, эстетикалық т.б. Осы жерде айта кететін жайт, барлық семасиологияны зерттеу еңбектеріндегі «мағына» терминін дұрыс, дәл қолданбауы. «Құрылымдық емес семасиологияның» дәстүрі бойынша немесе аспектілік тұрғыдан зерттеу бойынша «мағына» терминімен бір аспектіні немесе мағынаның бір компонентін атау әлі де сақталып отыр. Мағынаны талдай отырып, лингвистер мағына ішінен басқа да мағыналарды – денотатты, сигнификатты т.б. бөліп шығарады. Орыс тіл білімінде стилистиканың мамандарының еңбектерінде «стилистикалық мағына» деген термин көп қолданылып жүр. Еске сақтайтын нәрсе біреу, лексикалық мағына өз ішінде ешқандай мағына сақтамайды, тек мағына компоненттерін (бөлік, бөлшек, блок, сыңар т.б.) сақтайды. Сондықтан да лексикалық мағына жалғыз да, компоненттер саны біршама, оның ішінде ең кіші мағыналық бөліктер – семалар да бар. Мағынаның құрылымынан басқа да макрокомпоненттерді табуға болады және олар кез-келген сөзді міндетті түрде болады деп есептейді. Бұлар грамматикалық макрокомпонент, фоносемантикалық макрокомпонент және факультативті макрокомпонент.

Факультативті компонент кез-келген сөзде болмайды, өйткені компонент адамның, субъектінің өмірлік тәжірибесінің мағынада көрінуі, зат, нәрсе туралы жалпыланған сезімдік-көрнекі түсінік. И.Стернин бұл мәселемен ұзақ айналыса келіп, мағына компоненттері туралы мынадый қорытындыға келеді. Лексикалық мағына үлкен құрылымнан тұрады, ол құрылым ірі бөліктер (макрокомпонент) мен кіші қосындылардан (сема) құрылған. Ол негізгі деп үш макрокомпонентті атайды да, әр макрокомпонент семалардан тұрады деп есептейді. Олар мыналар: денотаттық, конотаттық, функционалды-стилистикалық макрокомпонент және денотативті, коннотативті, фунционалды-стилистикалық семалар. Бұдан басқа Б.И.Косовский селективті деген макрокомпонентті мағына құрылымында болады дейді. Селективті дегенде мағынада таңбаның қолданылу ережесінің бейнелеуін ұғынамыз, бұл коспонент негізінен семиотикада қолданылады. Әр коспонентке жеке тоқталар алдында оның ара жігін ашатын семантикалық үшбұрыш, төртбұрыштарға тоқтала кетелік.

М. Оразовтің бұл бұрыштарды барынша толық түсіндіргеніне орай, біз тек олардың негізгі мазмұнын айталық. Семантикалық үшбұрыш семасиологияда К. Огден мен И. Ричардстың аттарымен байланысты пайда болды. Мағына мұнда қатынас ретінде бейнеленеді. Үшбұрыштың А бұрышы сөздердің дыбысталуын, яғни таңбасын көрсетсе, В бұрышы ұғымды, мағынаны, Д бұрышы объектив дүниедегі затты, денотатты (референтті) көрсетеді. АВ қабырғасы дыбысталу мен ұғымды, мағынаны байланыстырса, ВД қабырғасы зат пен ой арасындағы байланысты көрсетеді. АД қабырғасы үзік сызықпен сызылған, себебі таңба мен зат (денотат) арасында тікелей байланыс жоқ деп есептелінеді. Алайда К.А. Аллендорф «Ұғымның үздіксіз дамуы объектив дүниенің толық танылунан хабар береді» деп есептеп, семантикалық үшбұрыштың қабырғасын (АД) бітеу сызықпен сызады. Бұл үшбұрышта ұғым мен мағына бір В бұрышында деп есептелінеді, ал негізінде екеуі бір-бірінен ажырайтын үлкен категориялар емес пе? Сол себепті, орыс тіл білімінде бұл үшбұрышты дамытып, төртбұрыш (трапеция) ретінде сөз мағынасының компоненттерін түсіндіруге тырысады. Л. Новиков ұсынған трапециялық модель бірқатар зерттеушілер тарапынан қолдау тауып отыр. Модельдің төртінші бұрышында мағына орналасқан және әр бұрышы өз алдына дербес болады. Л. Новиковтің ойынша, бұл схемада лексикалық мағынаның маңызды екі аспектісі бейнеленген: мазмұнды және функционалды.

К.Огден мен И.Ричардстың «мағына-қатынас»моделін қолдану, сөз мағынасының құрылымдық бейнесін жете тануға жол ашты. Г.П.Мельников традициялық үшбұрыштың В бұрышының мән, ұғым, мағына деп аталып жүргендігіне сілтеме жасап, «төртбұрышты»: таңба, денотат, таңбалық бейне және онымен байланысты денотаттық бейнені ұсынады.


Бақылау сұрақтары

1. Лексикалық мағына туралы ғылыми көзқарастар

2. Лексикалық мағынаның түрлері

3. Негізгі және туынды мағына



4. Сөз мағынасы және оның түрлері

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет