Әрбір халықтың жеке халық болып қалыптасуы үшін көптеген тарихи кезеңдерді басынан өткізуіне тура келеді. Бұл күрделі үрдіс бір немесе екі ғасырдың ішінде болмайды, халық болу үшін бірнеше ғасырларды қажет етеді. Мысалы, Қазақстан жерінде халық болып құрылу үрдісі алғашқы қауымдық құрылыс ыдырап, одан кейін қола дәуірі мен (б.д.д. II-I м.ж. кезеңі) темір дәуірі (б.д.д. VII-IV) кезеңдермен, немесе бұл кезде өмір сүрген ру-тайпалардың өсіп-өркендеуінен басталады. Олар Қазақстанның ұлан-ғайыр территориясын ежелден мекендеген байырғы (автохонды) тайпалар мен тайпалар бірлестіктерінен құралған.
Орта Азия мен Қазақстанның ерте дәуірдегі кезеңдерін зерттеп жүрген ғалымдардың пікірлеріне қарағанда, біздің жерімізде қола дәуірі (Андрон, Беғазы-Дәндібай мәдениеттері) мен темір дәуірінде өмір сүрген тайпалардың (сақ, сармат т.б.) иран тілдес болғандығы айтылады. Сондай-ақ, ғалымдардың көрсетуінше бұл кездегі тайпалар антропологиялық жағынан монголоидтық белгілері бар еуропоидтік нәсілдер екендігі көрсетіледі.
Қазақ халқының бастауы болып табылатын, сақ тайпаларының тікелей жалғасы болып үйсін, қаңлы тайпалары саналады. Оны қытай деректері “Өзі сары, көзі көк, ат жақты сэ (сақ) тайпалары үйсіндердің арасында жүр” – деп көрсетеді.
Қазақ халқының шыққан тегі туралы көптеген аспектілері ішінен өзекті ретінде лингвистикалық және антропологиялық мәселелерін бөлшектеп алған жөн.
Орта Азия мен Қазақстан өңірінде осы екі үрдістің екеуі де қатар дамып отырған. Қазақстанның ертедегі тарихын екі аумақты кезеңге: үндіеуропалық және түріктік кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезеңде лингвистикалық тіл жағынан Қазақстан тұрғындары үндіеуропалық топтың ежелгі иран тобына кіреді, яғни бұл кез б.з.д. III-I мың жылдықтарды қамтиды. Екінші кезеңде Қазақстан территориясына шығыс жақтан көптеген көшпелі тайпалардың соның ішінде ғұндардың Батысқа қарай қоныс аударуына байланысты, сақ және сармат тайпаларының жалғасы – үйсін мен қаңлылар ғұн тайпаларымен араласып, ассимиляцияға түскен. Б.з.б. I ғасырда Солтүстік ғұндардың құрамына кірген көптеген түркі тілдес тайпалардың бір бөлігі Орталық Азиядан Тянь-Шань арқылы өтіп, қаңлы тайпалық бірлестігімен көрші-қолаң отырды, ғұндардың Қазақстанға өтуінің екінші толқыны б.з. II ғасырдың бірінші жартысында орын алды. Бұл кезде Солтүстік ғұндардың толып жатқан тайпалары Шығыс Қазақстан мен Жетісуға қоныс аударып VI ғасырға дейін өмір сүрген Юэбань мемлекетін құрды.
Ғұндардың біріктіруші рөлінің арқасында сырттан келген тайпалармен байырғы тұрғындардың этникалық жақындасуы іске асты. Сөйтіп, үйсіндер мен қаңлылардың монголоидтық тәсілге өтуі басталды. Б.з. VI ғасырынан бастап оңтүстік аймақта шығыстан, Алтай, Сібір жақтан келген түркі тайпаларының басымдылығы байқалды. VI ғасырда Қазақстан жері түгелдей құдіретті бір тұтас мемлекет – Түркі қағанаты құрамына кірді. Жазба деректерден алғаш Түрік қағанатының (542 ж.) одан кейін Батыс Түрік қағанаты (603 ж.) сияқты феодалдық мемлекеттер құрылғандығы белгілі. Одан кейін Түргеш қағанаты (704-756 жж.), Қарлұқ қағанаты (756-940 жж.), Оғыз мемлекеті (IX ғ. соңы – XI ғ. басы), Қимақ қағанаты (893 – XI ғ. басы), Қыпшақ хандығы (XI – 1219 ж.), Қарахан мемлекеті (942-1212 жж.) өмір сүрді. Осы мемлекеттердің ішінде қазақтардың халық болып қалыптасуына, әсіресе екі мемлекеттің тарихи рөлі ерекше болған. 1) Қарахан мемлекеті. Бұл мемлекеттің кезінде халық болып қалыптасу пісіп – жетіліп, қалалық өмір өркендеп, отырықшылық жанданып, қолөнер дамып, көрші жатқан елдермен сауда қатынасы артып, жалпы мәдени экономикалық дамуы өскен. Алғаш рет ислам дінін – мемлекеттік дін ретінде қабылдаған. 2)Қыпшақ хандығы (XI – XIII) Ертіс пен Еділ арасындағы кең жерді иемденді. Хандықтың құрылуына байланысты этникалық процестер жаңа даму кезеңіне аяқ басты. Бұл кезде қазақ тілінің негізі - әдеби қыпшақ тілі құрылып, сонымен бірге қазақтардың өзіне тән антропологиялық кескіні қалыптасты. Қазақ этногенезінде қыпшақтар этнос ретінде маңызды рөл атқарды, “Қазақ” сөзінің шығу тегінің өзі қыпшақтар мекен еткен аймақтар- да пайда болды.
Бірақ, осындай сапырылыс кезеңде шығыстан кидандардың (қарақытайлардың) шапқыншылығы болып, Қарахан мемлекетінің жағдайы нашарлады. XIII ғасырдың басында енді дамып келе жатқанда моңғол шапқыншылығы басталды, сөйтіп халық болып қалыптасу процесі тоқталды. Халық болып қалыптасу процесі XV ғасырға дейін, немесе 200 жылдай уақытқа кешеуілдейді. Қазақстан жерінде қаншалықты жойқын шапқыншылықтар болғынымен халық болып қалыптасудың негізгі шарты тіл бірлігі жойылмады. Керісінше, уақыт өткен сайын моңғол – шапқыншылығының өздері жергілікті халықтың түркі тіліне, әдет-ғұрпына, салт-санасына көшіп XIV ғ. толық түркіленіп кетеді.