Кіріспе. Курстың мақсаты, мазмұны және қҰрылымы


Қазақстанның Ресейге қосылуы туралы зерттеулер



бет22/22
Дата27.03.2020
өлшемі1,15 Mb.
#60904
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   22
Байланысты:
ВОРД 10 СЫНЫП


Қазақстанның Ресейге қосылуы туралы зерттеулер. Тарихшылар Қазақстанның Ресейге қосылуын Әбілқайыр ханның патшайым Анна Иоанновнаға Кіші жүзді Ресей қарамағына алу туралы өтінішін жіберуінен бастайды. «Бұл өтініш неліктен жазылды?» деген сауалға әркім әр түрлі жауап айтады. Бір тарихшыларымыз Әбілқайырдың мұндай қадамға баруын өзінің жеке билігін нығайту мақсатымен байланыстырса, екіншілері: «Әбілқайыр бастаған… бодандық мәселесі – бостандықтан айырылу емес, әскери одақ, дәл осы кезеңде қауіп-қатері кемірек, күш-қуаты мол, үлкен жұрттың саяси демеуін, ұзын арқау қорғанышына сүйене отырып, өзінің елдігін, тәуелсіздігін сақтап қалу тәсілі ғана», – дейді.

С. Асфендияров 1935 жылы жарық көрген «Көне заманнан бергі Қазақстан тарихы» деп аталатын еңбегінде  Ресейдің басқыншылық саясатын жүйелеп көрсете отырып, қазақ жерінің Ресейге өз еркімен қосылмағандығын дәлелдеді, бұл процестің прогрестік жол еместігін анықтап берді. Т.Шонановтың 1926 жылы Ташкентте жарық көрген «Қазақ жер мәселесінің тарихы» деген еңбегі қазақтардың бұрынғы жер иелену тарихын, жерге деген көзқарасын, патшалық отарлау саясатының салдарынан қазақтардың жерден тапшылық көргендігін мол фактілік материалдар негізінде көрсеткен зерттеу болды.

1731 жылы Кіші жүз қазақтарын Ресейдің қол астына алу туралы құжатқа қол қойған Анна Иоанновнадан басталық. Анна Иоанновна Ресей патшасы тағына 1730 жылы отырды . Әбілқайыр Жоңғариямен соғыс қызу жүріп жатқан 1726 жылдың өзінде-ақ Ресейге елші жіберіп, оның қол астына өту туралы өтініш білдіру арқылы әрекет жасап көрген болатын. Бұл өтінішті елші Қойбағар жеткізген еді. Алайда ханның өтініші ол жылы жауапсыз қалдырылды. Ресейдің өкімет билігімен неғұрлым жақын бола түсу мақсатымен 1730 жылғы қыркүйек айында Әбілқайырдың батыр Сейітқұл Қайдағұлұлы мен би Құтлымбет Қоштайұлы бастаған елшілігі Кіші жүзді Ресейдің қарамағына алу туралы императрица Анна Иоанновнаның атына жазылған өтінішті табыс ету үшін Петербургке келді. Бұл жолы Әбілқайырдың елшілігіне зор құрмет көрсетіліп, ол үлкен ықыласпен қарсы алынды. Ресей үшін Кіші жүзді империяның құрамына қосып алудың ең қолайлы сәті туды. Бұған дейін Ресейдің құрамына Еділ қалмақтары, Кабардин князьдігі қосылған болатын. 1731 жылы императрица Анна Иоанновна Кіші жүздің қазақтарын Ресейдің қол астына алу туралы грамотаға (ресми құжатқа) қол қойды. Бұл грамотаға қол қою кезінде бірқатар шарттар қойылатыны ескерілді.

Біріншіден, Кіші жүз қазақтары Ресейге адал қызмет етуге және башқұрттардың үлгісі бойынша мұқият жасақ төлеп тұруға міндетті болды.

Екіншіден, Ресейдің қол астындағы өзге халықтардың тарапынан қазақтарға шабуыл жасауға тыйым салынуы тиіс болды.

Үшіншіден, қазақтарға олардың жаулары шабуыл жасай қалған жағдайда Ресей қазақтарды қорғауға міндеттенді.

Төртіншіден, Әбілқайыр Ресейдің қол астындағы халықтардан алынған тұтқындарды қайтаруы, ал қалмақтармен және башқұрттармен тату-тәтті бейбіт жағдайда өмір сүруі тиіс болды.

Алайда содан көп кейінгі оқиғалар ол шарттардың бір де біреуін екі жақтың да орындамағанын көрсетті. Екі жақ та өздерінің пайдаларын көздеумен болды. Қазақтардан ант алу үшін патша үкіметі Әбілқайырға 1731 жылғы 30 сәуірде Петербургтен А.И. Тевкелев бастаған елшілікті жіберді. Оған Кіші жүздің билеушілерін Ресейдің қол астына қалай өткізуі керектігі жөнінде жан-жақты нұсқау берілді. Кіші жүздің ат төбеліндей билеуші тобына қалағанынша дүние-мүлік беріп, тікелей сатып алу жағын да қарастырып көруді тапсырды.

Кіші жүздегі қазақ ақсүйектерінің едәуір бөлігі Ресейдің кол астына өтуге үзілді-кесілді қарсы болды. Олардың Ресейдің қол астына өту туралы сөзді естігілері де келген жоқ. Жергілікті жерде айқындалғанындай, Ресейдің қол астына өту туралы шешім Әбілқайыр ханның жеке өзінің бастамасы бойынша қабылданған болып шықты. Оппозициялық көңіл күйдегі көптеген қазақ билеушілері Ресеймен екі арадағы келіссөздерді болдырмай, ашықтан-ашық үзіп тастауға тырысып бақты. Ресей елшілерін өлтіріп жіберуге әрекет жасағандар да болды. Сондықтан да дипломатиялық тапсырмамен келген елшілерді қорғау ісі Әбілкайырдың ұлы Нұралы сұлтанға сеніп тапсырылды. Қазақ билеушілері негізінен алғанда сенімді де тиімді одақтас іздеп табу мүддесін басшылыққа алды, ол одақтастар олардың бостандығына озбырлық жасап, қол сұқпайтын болуы керек деп үміттенді. Өзін Ресей империясының сенімді өкілі екендігін алға тартып, дүние-мүлікке қызықтыру арқылы пара беру, уәделі келісімге көндіру, кей-кейде ашықтан-ашық қоқан-лоқы жасап қорқыту арқылы А. Тевкелев келіссөздерді ақыры өз пайдасына шешті. Ресей елшісі Әбілқайырдың төңірегіндегілерді Ресейдің қол астына өтуге көндірді.



Кіші жүздің Ресейдің қол астына өтуі. 1731 жылдың 10 қазан күні Әбілқайыр хан, сұлтандар және 13 рудан тұратын ірі билер мен батырлардың шағын тобы Ресей империясының қол астына өту туралы ант қабылдады. Бұл оқиға Ырғыз және Тобыл өзендерінің арасындағы Майтөбе деген шатқалда өтті. Ант қабылдауға барлығы 29 қазақ старшыны қатысты. Ол ең алдымен «хан партиясы» деп аталатын топтың мүшелері болатын. Бірінші болып Әбілқайыр хан, одан соң старшина Бөгенбай, Есет батыр, Құдайменді мырза ант қабылдады. Қазақ ақсүйектерінің едәуір тобы келіссөздер жүріп жатқан кезде дипломатиялық тапсырмамен келгендерге дүниеге қызығып, ашықтан-ашық сатылып кетті.

Қазақтардың Ресейдің қол астына өтуі, міне, осылай басталды. Әбілқайыр Ресей патшасының тағына адал болудың кепілі ретінде өзінің ұлдарының қатарынан Ресейге аманат жіберуге уәде етті. Ресейдің дипломатиялық тапсырмамен келген елшілері Қазақстан аумағында бір жылдан астам уақыт бойы болды. Ол қазақ қоғамын егжей-тегжейлі жан-жақты зерттеді, қаншалықты мол мүмкіндіктер бар екенін байқап қарады. Тевкелев Кіші жүзде атқарған сәтті дипломатиялық қызметі үшін әуелі полковник, одан сәл кейінірек орыс армиясының генералы әскери шенін алды.

Кіші жүздің билеушісі Әбілқайыр хан Ресейдің қол астына өтуді қабылдағаннан кейін Кіші жүз қазақтарының арасындағы беделі мен ықпалынан айырыла бастады.  Оның Ресей қол астына өтуден күткен үміті ақталмады. Сондықтан да ол өз ғұмырының соңғы күніне дейін патша әкімшілігіне бағынбауға тырысты. Оның үстіне, қазақтардың қалмақтармен, башқұрттармен және Орал казактарымен шекара аймағындағы шиеленісті қақтығыстары тоқтатылмады. Әбілқайырдың патша үкіметіне қарсы белсенді іс-әрекеттері ол 1748 жылы өзінің саяси қарсыластарының қолынан қаза тапқаннан кейін ғана тоқтады. Ресейдің қол астына өткен Кіші жүз қазақтарына патша үкіметі тарапынан ешқандай нақты әскери көмек көрсетілмеді.   Әскери гарнизондарының аздығы және қару-жарақтарының нашар болуы салдарынан Ертіс бойындағы бекіністер де қазақтарды жоңғар қалмақтарынан қорғай алмады. Сондықтан да жоңғарлардың билеушісі Қалдан Серен 1741 жылы Қазақстан аумағына жаңадан жойқын жорық жасады.

Қазақстанның Ресейге қосылуы 1731 жылы Кіші жүздің, 1740 жылы Орта жүздің өз еркімен Ресей қол астына енуінен басталып, ХІХ ғасырдың орта шенінде Қазақстанның Ресейге қосылу үрдісі аяқталды. Қазақ жүздерін қосып алу әр түрлі сыртқы және ішкі шиеленіс жағдайында өтті. Кіші жүздің едәуір бөлігі, орта жүздің кейбір аудандары бодандықты өз еріктерімен мойындады. Ал орта жүздің үлкен бөлігі және Оңтүстік Қазақстанның бірқатар аудандары тек патша үкіметінің әскери күштерінің көмегімен қосылды. Бұл қосылу - Қазақстанға Ресейдің экономикасы мен алдыңғы қатарлы мәдениетінің ықпал етуіне қолайлы жағдайлар туғызды, өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастардың дамуына әсер етті.


КІШІ ЖҮЗ БЕН ОРТА ЖҮЗДІҢ РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ҚҰРАМЫНА ЕНУІ

 

Қазақ елінің ауыр сыртқы жағдайын Кіші жүз ханы Әбілқайыр Ресей империясының қолдауы арқылы шешпекші болды. Әбілқайыр ханның мақсаттары:

1. Қалмақтар мен башқұрттардың Қазақ жерін шабуылдауын тоқтату.

2.Петербург билеушілеріне арқа сүйеп, аға хандыққа таласта қарсыластарын жеңу.

3.Жайықтың төменгі ағысы, Есіл, Ертіс, Ор өзендері бойындағы қазақтардың мал жайылымдары үшін бейбіт өмірді сақтау.

4. Қазақ жері арқылы өтетін керуен жолдарының қауіпсіздігін қалпына келтіру.

 Ханның ең басты мақсаты - жоңғарларға қарсы күресте Ресеймен байланыс орнату.

Әбілқайыр осыған дейін, 1726 жылы Ресей империясының құрамына кіруге өтініш білдіріп, елшілерін жіберген болатын. Бірақ елшілікке күмәнданған патша үкіметі хан ұсынысын жауапсыз қалдырған болатын.

1730 жылы Кіші жүз билері Әбілқайырға Жоңғарияға қарсы күресу үшін Ресеймен әскери одақ құруды тапсырды.

 Алайда, хан 1730 жылғы қыркүйекте Петербургке аттандырылған елшілеріне әскери одақ құру емес, Ресейдіңқұрамына кіру туралы құжат тапсырды.

 1731 жылғы 19 ақпанда елшілер Сейітқұл Қайдағұлұлы, Құтлымбет Қоштайұлының Кіші жүзді империя құрамынақабылдау туралы ұсынысын императрица Анна Иоанновна қабылдады.

Кіші жүз ақсүйектері мен Әбілқайырдан ант қабылдау үшін Ресейден сыртқы істер коллегиясының тілмәші, дипломатА.И.Тевкелев бастаған елшілік жіберілді. 1731 жылы қазанда орыс елшілері Ырғыз өзені бойындағы Әбілқайыр ордасынакелгенде, қазақ ақсүйектері арасында алауыздық бар екені анықталды. Барақ сұлтан, Бөгенбай батыр топтары Кіші жүздіРесейге қосу жөніндегі шараларды аяқсыз қалдыруға тырысқанмен, бұл қарсылық сәтсіз аяқталды.

1731 жылғы 10 қазанда Кіші жүздің 27 старшинасы Ресейдің қол астына кіруге ант берді.

Ресей үкіметінің отаршылдық саясаты

Кіші жүздің Хиуа хандығымен шекаралас аудандары Ресей империясына қосылмады. Қазақ тарихындағы осы маңызды процесті тарихшылар әртүрлі бағалайды:

 - М.Макшеев, И.Завалишин тағы басқалар Әбілқайырдың іс - әрекеттерін тұтасынан ақтайды.

- А.И.Левшин бұл бодандықты Әбілқайырдың жеке бас мүддесін ойлағаннан туыңдаған іс - әрекет деп түйіндейді.

Орыс үкіметі Қазақ өлкесі жөнінде отаршылдық саясат ұстанып, 1714 - 1720 жылдары Ертіс өзенінің жоғарғы ағысында бекіністер тұрғызған болатын: Жәміш, Омбы, Колбасинск, Железинск, Семей, Коряков (Кереку), Өскемен.

Патша үкіметінін мақсаты - қазақ - жоңғар соғысын пайдаланып, бекіністер салу арқылы Қазақ өлкесін біртіндепжаулап алу.

Патша үкіметі Жайық бойына бекіністер тұрғызып, егін шаруашылығына қолайлы өңірлерді басып алып, орыспомещиктеріне, казак-орыс қоныстанушыларына таратып беру саясатын ашық жүргізе бастады.

Жаңадан қосылған қазақ жерлеріндегі шептерін нығайту мақсатында Ресей үкіметі 1734 жылы мамырда Сенаттыңхатшысы И.К.Кириллов басқарған экспедиция жабдықтады:

Ор өзені бойында бекініс тұрғызу.

• Орта Азия хандықтарымен керуен саудасын кеңейту.

• Қазақ өлкесіндегі табиғат байлықтарын игеру.

• Сырдария бойында қала тұрғызып, Өзен флотилиясын құру.

Саяси жағдайдың шиеленісіп кетуіне байланысты экспедиция мақсаттары түгел іске аспады. 1735 жылы Ор өзенібойында Ор бекінісінің негізі қаланды.

Орынбор шекаралық комиссиясының келесі төрағасы И.И.Неплюев Орск қалашығын 1743 жылы жаңа жерге көшірді. Бұл қоныс Орынбор деп аталды.

1735-1737 жылдары болған башқұрттардың көтерілістері кезінде Әбілқайырдың башқұрт билеушілерімен бірігіпкетуінен сескенген патша үкіметі екінші рет ант алуды көздеді.

1738 жылғы тамызда Орынбор комиссиясының басшысы, тарихшы В.Н.Татищев Орынборда қазақ сұлтандарының съезін өткізді.

Кіші жүзден 25, Орта жүзден 27 старшина барлығы (60-қа жуық) Ресейге берілгендігін қуаттап екінші рет ант берді.

18 ғасырдың 30-40 жылдары қазақ халқының саяси дамуындағы күрделі кезең.

• 1740 жылы Иран әміршісі Нәдіршахтың Хиуаны талқандап, Сырдария өңіріне жақындауы қазақтардың жағдайын ауырлата түсті.

• 1741 - 1742 жылдары қонтайшы Қалдан Серен Орта жүз бен Кіші жүзге екінші "ақтабан шұбырынды" жорықтарын жасады.

1741-1742 жылдары Орта жүз қазақтары Ор бекінісіне дейін ығыстырылып, қалмақтардың билігін мойындауы және қонтайшы белгілеп берген жерлерде ғана көшіп - қонуы талап етілді.

Ресей үкіметінің экономикалық мүдделері.

1742 жылы 20 мамырда Ресей Сенаты қазақтарды және шекаралық бекіністерді қорғау жөнінде жарлық шығарды. 1742 жылы 2 қыркүйекте Орынбор комиссиясының бастығы И.Неплюев Қалдан Серенге хат жолдап, Ресейдің қарамағындағы қазақтарға қысым жасамауды талап етті. Жоңғар билеушілері бұл талапқа құлақ аспады. Ресей үкіметі қазақтарды қорғау деген желеумен зеңбірек пен әскери бөлімдерді Ертіс, Алтай өңіріндегі бекіністерге орналастырды. Олар экономикалық мүдделерін бірінші орынға қойып, кенге бай Алтай өңірін отарлауды тезірек аяқтауға тырысты. Осындай жағдайда Қазақ жерін жоңғарлардан босататын күш тек қазақтардың өздері болатынын 1734 жылдан Орта жүздің ханы болған Әбілмәмбет те, ықпалды сұлтан Абылай да түсінді.

Кіші жүз ханы Әбілхайырдың беделі өсіп, Орта жүздің Арғын, Керей, Уақ, Қыпшақ рулары оны аға хан ретінде мойындады. Орта жүз ханы Әбілмәмбет Түркістанға, Әбілқайырдың жауы Барақ сұлтан оңтүстік-шығыс аймаққа ығыстырылды. Осылай, Кіші жүз ханы ауыр жағдайға қарамастан, қазақ жерін өз қолына біріктіруге тырысты.

Орыс үкіметі мен Әбілқайыр арасындағы жікті жамауға А.П. Тевкелев біраз әрекет етті. Әбілқайыр мен Ресей дипломаттарының 1742 жылғы Ор бекінісі маңындағы кездесуі соңғы кездегі екі арада орын алған ахуалды бірқатар жұмсартқандай болды. Осы жылдың шілде айында өткен қазақ сұлтандары мен ақсүйектерінің сьезі Кіші жүз ханының беделін көтеріп тастағандай көрінсе де, Әбілқайырдың жаулары да қарап жатпады. 1748 жылы Әбілқайыр Барақ сұлтанның қолынан қаза тапты.

Патша үкіметінің Қазақстанда жүргізген алғашқы саяси-экономикалық шаралары онша табысты болмағанымен, Петербург билеушілері қазақ жерінің Азияға «кілт пен қақпа» екенін ескеріп, қандай жолмен болсын өз ықпалын нығайтуды империяның шығыстағы саясатының күретамыры ретінде қарады.

 

 ҚАЗАҚ ЖЕРЛЕРIН БIРIКТIРУ МАҚСАТЫНДАҒЫ АБЫЛАЙ ХАН КҮРЕСI



АБЫЛАЙДЫҢ ӘСКЕРИ САЯСАТЫ

 

Абылай хан (1711- 1781) Қазақ Ордасының ханы, қазақ мемлекетінің тарихындағы аса көрнекті мемлекет қайраткері, арғы тегі Жошы хан, бергі бабалары қазақ ордасының негізін салған Әз-Жәнібек, одан соң еңсегей бойлы ер Есім хан, Салқам Жәңгір хан. Абылай – Жәңгір ханның бесінші ұрпағы. Абылай «ақтабан шұбырынды» жылдарында жетім қалып, үйсін Төле бидің қолына келеді. Төле бидің тәлім-тәрбиесінде болуы Абылайға зор ықпал жасады. Қазақ даласының даналығын бойына жинаған Баба, ақылы мен парасатын, ел билеу қабілетін, анталаған жауға қарсы қазақ халқы басы біріксе ғана тойтарыс бере алатынын жас баланың санасына ұялата білген.



Абылайдың әскери қайраткерлігі, қолбасшылық қабілеті 1730-1740 жылдардағы шайқастарда ерекше көрінді. Осындай жан алысып жан беріскен соғыстардың бірін Бұқар жырау «Қалданменен ұрысып, Жеті күндей сүрісіп...» деп суреттейді. Ол соғысқа Абылайдың қанды көйлек жолдастары: Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Қарақалпақ Қылышбек, Шапырашты Наурызбай т.б. қазақтың белгілі батырлары тізе қоса қатысады. Бұл да Абылайдың жауға қарсы қазақ халқының басын біріктіре білгендігінің дәлелі болып табылады.

1738-1741 жылдары Абылай бастаған қазақ қолы жоңғар басқыншылырына бірнеше мәрте соққы берді. 1741 жылы Абылай тұтқиылдан шабуыл жасаған жоңғарлардың қолына тұтқынға түседі. 1743 жылы тұтқыннан босағаннан кейін қалмақтармен аса ауыр соғыстардан қалжыраған елінің есін жиғызу үшін дипломаттық жолдарды да тиімді пайдалаңды. 1740 жылы тамызда ол Орта жүз ханы Әбілмәмбетпен, тағы да басқа 120 старшынмен Орынборға келіп, орыс өкіметінің «қамқорына» кіруге келісім білдіреді. Сонымен бір мезгілде қазақ халқының тұтастығын сақтау мақсатында Цин империясымен де қарым-қатынасын суытпады. Петербург пен Пекинге елшіліктер аттандырды. Ол Ресей мен Қытай империяларының өзара қайшылықтарын қазақ хандығы мүддесіне пайдаланып отырды. Абылай 1745 жылы Қалдан Серен дүние салғаннан кейін, азамат соғысына тап болған Жоңғария Қазақ хандығына бұрынғыдай қауіп төндіруден қалды. Алайда әлі де болса жаңғар-қазақ байланысындағы шиеленіс тарқамады. Осындай жағдайда жоңғар тағынан үміткерлердің бірі-Әмірсана Абылайдан пана табу үшін Орта жүзге қашты.

Абылай саясатының тереңдігін, кемеңгерлігін айқын көрсетеді. Оның әрбір іс-әрекеті қазақ халқының бүтіндігін, елі мен жерінің тұтастығын сақтауға бағытталды. Билікке таласқан Барақ сұлтан Әбілқайыр ханды өлтіргенде де Абылай ел билігін ойлап қынжылып, Төле бимен тізе қоса қимылдап, бұзық сұлтанды жазаға тарту жағында болады.

Абылайдың әскери саясаты

Абылай соғыс жағдайына сай қол астындағы елде, әсіресе, әскер ішінде қатаң тәртіп орнатты. Сондықтан да хан бастаған жауынгерлердің ел-жұрты мен ата мекенін қорғау рухы жоғары, ұзақ жорықтарға шыдамды, шайқас даласында тегеуріні қатты болған. Абылай сан жағынан әлдеқайда басым жаумен шайқасудан еш тайынбаған және көбіне үстем шығып отырған. Абылай қазақ хандығының күшін біріктіріп, әскери жағынан қуатты мемлекетке айналдырды.

1771 жылы жасы жеткен Әбілмәмбет хан дүние салды. Қалыптасқан дәстүр бойынша Орта жүздің ханы болып не Әбілмәмбеттің інілерінің бірі, не үлкен ұлы Әбілпейіз сайлануға тиіс еді. Алайда басты сұлтандардың, старшындардың, Әбілпейіздің өз қалауымен үш жүздің басшы өкілдері Түркістанда Абылайды хан көтерді. Абылай іс жүзінде жалғыз Орта жүздің ғана емес, бүкіл Қазақ ордасының ұлы ханы болды

Абылай Ресей мен Қытай империяларының арасында орналасқан Қазақ елінің геосаяси жағдайына икемделген саясат жүргізді. Қытай әскерлері жоңғарларды жойып, Орта Азия мен Қазақстанға ене бастаған кезде мұсылман елдерінің басын қосуға ұмтылып, Ауған шаһы Ахмад Дурранимен келіссөз жүргізді. Абылай қаһарлы хан болуымен қатар, қазақ халқының рухани қасиетінен еркін сусындаған дарынды күйші ретінде де белгілі. Ол «Ақ толқын», «Ала байрақ», «Бұлаң жігіт», «Дүние қалды», «Жетім торы», «Қайран елім», «Қара жорға», «Қоржынқақпай», «Майда жел», «Сары бура», «Шаңды жорық» т.б. күйлердің авторы.

Абылай өмір жолын ат үстінде, жорықтарда өткізіп, Арыс өзені жағасында қайтыс болды. Сүйегі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Иасауи кесенесінің ішінде Қабырхана мен Ақсарай арасындағы дәлізде жерленген. Абылайдың артында 12 әйелінен 30 ұл, 40 қызы қалды. Қазақ халқының жадына Абылай қажырлы мемлекет қайраткері, батыл қолбасшы, дарынды дипломат ретінде сақталып келді.

Жоңғарлардың тұтқынынан келгеннен соң Абылайдың абыройы тіпті жоғары дәрежеге көтерілді. Енді үш орданың хандары, билері де онымен санасты. Ол Ресейден қол үзген жоқ. Бірақ губернаторларға бас иген емес. Оларды өзінен ара қашықтықта ұстады.

Абылай осылайша үш (Ресей, Жоңғар, Қытай) алып мемлекеттердің ортасында дипломатиялық шеберлікпен Қазақ елінің бостандығын сақтай білді. Абылай хан билік құрған кезде қазақ-қытай байланысын нығайтуға септігін тигізген Пекинге қазақ өкілдігінің жөнелтілген фактісі белгілі. Абылай мен оның ұрпағы Петропавл қаласының қалыптасу тарихында және тұтастай алғанда өңірдің дамуында ерекше рөл атқарды. Қазіргі кезде Петропавл қаласында «Ат үстіндегі Абылай хан» мүсіндік композициясы орнатылатын Абылай ханның резиденциясын қалпына келтіру жөніндегі жұмыстар жүргізілуде.
ҚАЗАҚСТАННЫҢ РЕСЕЙ ҚОЛАСТЫНА ӨТУIНIҢ АЯҚТАЛУЫ

 

Ұлы жүз Ресейдің қоластына Кіші жүз бен Орта жүзден кейін өтті. Өйткені XIX ғасырдың 20 жылдары Ұлы жүздің бір бөлігі, Орта және Кіші жүздердің Оңтүстік аймақтары Хиуа және Қоқан, Бұхар хандықтарының иелігінде болды. Олар Каспий теңізі жағалауларынан Жетісуға дейінгі жерлерге жиі-жиі шабуыл жасап отырды.



1821 жылы Орта Азия хандықтарына қарсы Тентектөре басқарған қазақ шаруаларының қозғалысы басталды. Көтерілісшілер саны 10 мыңнан асып, Түркістан, Шымкент, Әулиеата, Сайран өңірін қамтыды. Көтерілістің халықтық сипатынан шошынған феодалдар опасыздықпен Қоқан жағына шықты, шаруалар көтерілісі қатыгездікпен басылды.

Оңтүстік Қазақстандағы Орта Азия хандықтарының озбырлығы Ұлы жүз халықтарының Ресей империясына қосылуын тездетті. 1817 жылы сұлтан Сүйік Абылайханұлы басқарған 66 мың адамнан тұратын жалайыр руы Ресей империясының құрамында болуды қалайтындығын мәлімдеді. 1825 жылы 50 мың халқы бар үйсін болысы Ресей мемлекетінің құрамына қосылды. 1847 жылы Іле және Лепсі өзендері маңындағы қазақтар мен қырғыздар Ресей билігін мойындайды. 1848 жылы 10 қаңтарда Жетісудағы қазақтарды билеу үшін Ресей патшалығы бұл өңірге жаңа лауазымды (пристав) бекітеді. Приставтың резиденциясы Қапалда (1847 жылы) болды.

Қаскелең өзені сағасында тұрған Таушүбек бекінісі Қоқан хандарының билігінде болған, бұл бекіністен Қоқан билеушілерін қуу Ресей үшін қиын болды. Бұл қамалды алмай Қоқан билігіне соққы беру қиын еді. 1850 жылы капитан Гутковский бастаған 200 казактан және 50 жаяу әскерден құралған топ Қапалдан шығып Таушүбекке жақындады. Алайда Алматы өзенінде қырғыздар жасағымен қақтығысқан Гутовский Іле жағалауына қайтып оралуға мәжбүр болды. Бұл тапсырманы орындау 1851 жылы мамырдың ортасында Қапалдан аттанған подполковник Карбышев тобына жүктеледі. 1851 жылы шілденің 7-сінде Таушүбек бекінісі қантөгіссіз берілуге мәжбүр болды.

1853 жылы Орынбор генерал губернаторы граф В.А. Перовскийдің басшылығымен іске асырылған әскери қимылдар нәтижесінде Қоқан билеушілерінің Ақмешіт бекінісі Ресейдің қол астына қарады. Ақмешіт бекінісінің алынуы орыс әскерлерінің Іле бойымен жылжуына жол ашты. Осы кезден бастан Ақмешіт бекінісі Перовск деп аталды.

1853 жылы 2 сәуірде Батыс Сібір генерал-губернаторы Гасфорттың тапсыруы бойынша Көксу және Іле аралығында Іле бекеті салынды. Енді орыс әскерінің Іле бойына жылжуына жол ашылды. Батыс Сібір генерал-губернаторы Гасфорттың Сырдария мен Сібір әскери шептерін ұштастыру туралы ұсынысы Петербургте қабылданды.

Ұлы жүз приставы майор М.Д Перемышельскийдің отряды 1853 жылы Талғар өзенінің Ілеге құяр жеріне Іле бекетін тұрғызды. 1854 жылы көктемде сол отряд Верный деп аталған бекіністің іргетасын көтерді. Верный Алматы деп аталған ертедегі қазақтардың қоныс қалдықтары сақталған жерде болған еді. Саз балшықтан көтерілген бекініс ағаш дуалмен қоршалды. 1854 жылдың күзінде бөренелі ағаш үйлерге және казармаға Іле отрядының 470 солдаттары мен офицерлері келіп қоныс тепті, ал 1855 жылы осы бекініске Сібірден 500-ге жуық отбасы келіп қоныстанды.

Верный бекінісің салынуы 1855 жылы қырғыздың Бұғы руының Ресей билігін мойындауын тездетті. 1855 жылы Ұлы жүз приставының резиденциясы Қапалдан Верныйға ауыстырылды.

1856 жылы Верныйда Орталық Ресей губернияларынан, Воронежден келген қоныстанушылардың саны бұрынғыдан да арта түсті. 1857 жылы Верныйда су диірмені, 1858 жылы сыра заводы ашылды.

XIX ғасырдың екінші жартысында Верный қаласында П.П.Семенов-Тянь-Шаньский, Н.М.Пржевальский, И.В. Северцев т. б сияқты ірі ғалымдар біраз уақыт тұрған.

Верный бекінісінің салынуы XIX ғасырдың 50-жылдарында Қазақ елінің Оңтүстік аудандары мен қырғыз жерінің Ресейге қосылуын тездетті.

Патша үкіметі Оңтүстік Қазақстан өңірінен Қоқан хандығын ығыстырып, өз бақылауына алу үшін әскери қимылдарын көбірек ұйымдастыра бастады.

 1859 жылы Ұлы жүзде тұрғызылған Қастек бекінісі Ресейдің тірегі саналып, Қоқан ханының шабуылдарына тосқауыл болды.

Шу алқабынан полковник Циммерман тобы шабуылдап, 1860 жылы 26 тамызда Тоқмақты, 4 қырқүйекте Пішпекті алды. 1860 жылы 27 қазанда Ұзынағаш түбінде Алатау округінің билеушісі Г.А.Колпаковский басқарған орыс отряды Қоқан әскерін жеңеді.

1863 жылы Қоңыраттың 4 мыңға жуық, бестаңбалы руының 5 мыңға жуық шаңырағы Ресей билігін мойындайды.

1864 жылы қөктемде Қоқан хандығына қарсы жіберілген патша әскері Шу алқабын, Мерке, Әулиеата, Түркістан бекіністерін алса, осы жылы 22 қыркүйекте Черняев тобы Шымкентті алады, ал Ташкентті шілде айында 1865 жылы үш күндік шайқастан кейін алды.

1866 жылы Бұхар хандығын орыс әскерлері жаулап, 1867 жылы хандық иеліктері Түркістан генерал-губернаторлығының құрамына кірді, ал 1868 жылы Қоқан хандығына тәуелді болған қазақ жерлері Ресей құрамына еніп, Түркістан генерал-губернаторлығына бағындырылды. 1873 жылы Хиуа хандығының орыс әскерінен жеңілуі Хиуа хандығы билігінен қазақтардың толық бөлініп шығуын тездетті.

Сөйтіп, XIX ғасырдың 30 жылдарынан басталған қазақ елінің Ресей құрамына қосылу процесі – Ұлы жүздің Ресей империясының құрамына енуімен аяқталды. XIX ғасырдың 60 жылдарында қазақ жері түгелдей Ресей империясының отарына айналды.

Қазақстанның Ресейге қосылуы үш кезеңнен тұрады:

-Бірінші кезең - XVIII ғасырдың 30-шы жылдарынан басталып 19 ғасырдың 20-шы жылдарына дейін. Бұл жүзжылдықтың ішінде Ресей мен Қазақ хандығының арасында сауда қарым-қатынасы орнады.

-Екінші кезең - XVIII ғасырдың 60-шы жылдары аяқталды. Оның негізгі көрінісі 1822 жылы қабылданған «Сібір қазақтары туралы Жарғы» мен 1824 жылы қабылданған «Орынбор қазақтары туралы Жарғы». Осы жарғылардың нәтижесінде хандық билік күшін жойып, Ресей бодандығындағы қазақ өлкесіңде округтер мен бөлімдер ашылды. Округ басшылары - аға сұлтандар мен сұлтан-правительдер генерал-губернаторлықтарға бағынды. Өз кезегінде округтерде болыстықтар мен дистанциялар ашылды.

-Үшінші кезең - 1860-шы жылдары басталады. Оның негізгі белгісі Қазақ жерінің тұтастай Ресей империясының құрамына енуі, облыстарға бөліну, олардың өз кезегінде уездерге т.б. бөлінуі. Қазақтың саяси элитасы сұлтандар мен билер биліктен біржолата шеттетілді.

Ресей үкіметі өзінің әкімшілік-саяси реформалары арқылы Қазақстандағы дәстүрлі басқару жүйесін бұзып, көшпелілерді құнарсыз жерлерге ығыстырып, Ресейден келген қара шекпендерге үлкен жеңілдік берді. 1867-1868 жылдары «Уақытша Ережеден» кейін шексіз билікті алған отаршылдық саясат кең етек жайды. Сонымен қатар Қазақстаның Ресейге қосылуының нәтижесінде қазақ көшпелілері айырбас және сауда қатынасын жасайтын мүмкіндікке ие болды, қазақ ауылдарында сауданың даму барысында капиталистік, өндірістік қатынастар пайда бола бастады.

ҚАЗАҚСТАН - РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ШИКIЗАТ БАЗАСЫ

 

XIX ғасырдың ортасынан бастап қазақ жеріне капиталистік қарым-қатынастардың тарала бастауы қазақ ауылыныңшаруашылык өміріне, әлеуметтік жағдайына әсерін тигізбей қоймады. Мал шаруашылығы мен отырықшы жершаруашылығының етек ала бастауы да капитализмнің тікелей әсер етуінің бір көрінісі.

XIX ғасырдың ортасында қазақ жеріне капиталистік қатынастар тарала бастады:

 - Отырықшы мал шаруашылығы мен егіншіліктің дамуы.

 - Жеке меншік жерді иеленудің кең таралуы.

 - Жылқы санының азайып, ірі қара малдың көбеюі.

Капиталистік қатынастардың біртіндеп етек алуы және орталық губерниялардан орыс, украин шаруаларын көптеп қоныстандыру көшпелі қазақтар арасында отырықшылықтың тарауына себепші болды.

Патша үкіметінің қауымдық жерлерді зорлықпен басып алу саясатын жүргізуі, отаршылдық-әкімшілдік басқару әдісінің күшеюі қазақ шаруалары арасында әлеуметтік жіктелуді тездетті. Қалалар мен орыс қоныстарының маңайында орналасқан немесе көшіп-қонып жүрген қазақ шаруалары біртіндеп нарыққа тартыла бастады.

XIX ғасырдың 70-80-жылдарынан бастап кедейленген қазақтар күнкөріс көзін табу мақсатымен тау-кен орындарына, қалалы жерлердегі ірілі-ұсақты кәсіпорындарға тартыла бастады.

XIX ғасырдың 30-50-жылдарында қазақ жеріндегі табиғи байлық көздері біршама анықталып, көмір, кен, тұз, қорғасын жылдан-жылға көптеп өндіріле бастады.

  Ресейлік кәсіпқойлар өз қаражатын Қазақстан сияқты пайдалы табиғи қазба байлықтары мол елде өндірістік орындарсалдыруға жұмсай бастады.

Ауыл шаруашылығы шикізаттарын өңдейтін тері, май кәсіпорындары іске қосылып, Каспий, Арал теңіздерінде, Балқаш көлінде балық аулау кәсіпшілігі қанат жайды.

  Қазақстанды елдің басқа аудандарымен байланыстыратын темір жол тораптары салынды. Егер XIX ғасырдың соңғы он жылында өлкеде 482 шақырым темір жол тартылса, XX ғасырдың басындағы бес жылда бұл көрсеткіш 1818 шақырымға жетті.

  XIX ғасырдың екінші жартысында негізгі бөлігі қалаларда шоғырланған өңдеу өнеркәсібінің зауыт, фабрикалары әлі де болса әлсіз, жабдықталуы тым қарапайым еді. Ешқандай техникалық мамандығы жоқ жұмыскер, әсіресе қазақ жұмысшылары, сапалы да көлемді өнім шығара алмады. Тек XIX ғасырдың соңғы жылдары өнеркәсіптегі жағдай біршама өзгерді. 300-400 жұмыскері бар, салыстырмалы түрде ірі деп атауға келетін өндіріс орындары пайда болды. Успен кеніші, Қарағанды көмір алыбы, Екібастұз, Риддер өндірістік орындары – бүкіл ел көлемінде белгілі болды. Тау-кен орындарымен қатар қазақ жерінде тұз өндірісі де ұлғайды. Мысалы, 1867 жылы Басқұншақ кәсіпорнында - 55 мың пұтқа жуық тұз өндірілсе, 1900 жылы – бұл көрсеткіш 20 миллион пұттан асты.

Қазақ жерінің табиғи байлығы шетел капиталистерінің көңілін де аударды. Спасск-Успенск, Атбасар, Риддер, Қарағанды және Екібастұз кәсіпорындары, бірнеше мұнай өндіретін орталықтар шетелдік иелерге сатылды. Мысалы, Спасск мыс кеніші акционерлік қоғамының акциялары АҚШ, Германия, Бельгия, Швеция, т.б. елдер өнеркәсібі иелерінің қолына көшті.

Табиғат байлықтарының қауырт игеріле бастауы, ақша-тауар қатынастарының дамуы банк-кредит ұйымдарына жол ашты. Ресей Мемлекеттік банк бөлімшелері алдымен шаруашылық және мәдениет ошақтары – Оралда (1876 ж.), Петропавлда (1881 ж.), Семейде (1887 ж.), Омбыда (189,5 ж.), Верныйда (1912 ж.) ашылды. Сібірлік 57 сауда бөлімшесінің жетеуі Қазақстанда қызмет етті. Филиалдары саны жағынан Қазақстанның шаруашылық өңірінде белгілі орын алған - "Орыстың сауда өнеркәсіптік банкі", оның бөлімшелері XX ғасырдың басында Қазақстанның ірі қалаларында кеңінен ұйымдастырылды.



Сауда және қалалар. Ресей сауда капиталының қазақ ауылдары өміріне әсері, империяның орталық аудандары мен орталық өлке арасындағы шаруашылық байланысты, тауар алмасу мен айырбасты біршама кеңейтті. Ауылдың әлеуметтік және шаруашылық өмірінде малды саудалап, оны тауарға айналдыру ерекше байқала бастады. Мысалы, XIX ғасырдың 80-жылдарында Ақмола, Сарысу, Қарқаралы уездері арқылы Ресейдің орталық аудандарына 60 мың ірі қара, 200 мыңға дейін қой жеткізілетін.

XIX ғасырдың екінші жартысында орталық өнеркәсіпті аудандардан мақта мата өндірісінің бұйымдары да көптеп әкелінді. Капиталистік фабрикада жасалынған тауарлар ортаазиялық сапасы төмен бұйымдарды ығыстырды. Жүздеген мың сомға әкелінген металл, шұға, жібек, былғары бұйымдары сауданың өзара тиімділігін арттырып, шалғы, пышақ, соқа, балта, т.б. күнделікті шаруа тұрмысында жиі пайдаланатын бұйымдар мен құрал-жабдықтардың сатылуы артты.

Қазақ-орыс сауда байланыстарын дамытуда жәрмеңкелер ерекше орын алды. 1832 жылы Бөкей (Ішкі) ордасында ашылған тұңғыш жәрмеңке осы өңірдегі ірі сауда орталығына айналды. XIX ғасырдың ортасынан бастап жәрмеңкелер саны жедел өсті. Бір ғана Шығыс Қазақстанда XIX ғасырдың 80-жылдары 70-тен астам ірілі-ұсақты қалалық, далалық жәрмеңкелер ашылып, олардың тауар айналымы жылдан-жылға өсті.

Қазақстан аудандарындағы жағдайды салыстыра қарасақ, жәрмеңкенің дамыған өңірі Ақмола облысында болды. Тайыншакөл (Петропавл уезі), Константиновкада (Еленецкая), Ақмола қаласында, Петровкада (Атбасар станицасында), Қарқарада (Жетісу уезінде) болды. Аса ірі жәрмеңкелердің бірі - Қарқара уезіндегі Талды-Қоянды деген жерде 1848 жылы ашылған, көпес Варкав Ботовтың есімімен аталатын бұл жәрмеңке өз кезінде Қазақстанның шаруашылық және қоғамдық өмірінде өте белгілі болды.

Өлкедегі жоғарыда аталған ірі жәрмеңкелермен қатар, Қытаймен сауда арқылы белгілі болған Қарқара (Жетісу уезінде), Ойыл (Орал облысы), Шар-Екатеринская (Семей облысы) жәрмеңкелері болды.

Отаршылдық сипат сауда байланыстарынан да көрініс тапты. Сауда заттарына төлейтін ақшасы болмаған қазақтар олардың бір бөлігін несиеге алатын. Айырбас саудасында қазақтардың есебі "тоқты" немесе бір жасар "ісек" қой болды.Несиеге майда-шүйде үй бұйымдарын алған көшпенділер көп жағдайда кіріптарлықта қалатын, өйткені ол тауарлардың ақысына кейіннен үстеме төлейтін. Көшпенділердің аңқаулығын пайдаланған айлакер, жебір көпестер қазақтардың малы мен затын төмен бағалап, өз тауарларының құнын асыра көтеретін. Тең сауда болмайтын. Орталық аудандарда 6-7 сомға сатылатын самаурынға 20-25 қой, бір отар мал беретін; құны 15 тиыннан аспайтын ұстара үшін ашқарақ саудагерлер қой сұрайтын. Әкелген тауарларының сапасы да мардымды болмайтын.

Сонымен, Қазақстанға капиталистік қатынастардың енуі өлкеде негізінен мал шаруашылығымен айналысқан көшпелі және жартылай көшпелі халықтың патриархалдық-феодалдық қатынастарының ыдырау процесін жеделдетті. Елде өнеркәсіптің жаңа салаларын туындатып, қоғамдық еңбек бөлісіне және жұмысшы табы кадрларының шығуына себебін тигізді.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПАТША ӨКIМЕТIНIҢ РЕФОРМАТОРЛЫҚ САЯСАТЫНЫҢ ЭВОЛЮЦИЯСЫ

 

Қазақстандағы патша үкiметiнiң реформаторлық саясаты Қазақ хандығының басқару жүйесін реформалау арқылы жүзеге асырыла бастады.



ХҮІІІ ғасырдың 80-жылдарында Сырым Датұлы бастаған көтеріліс барысында Орынбор губернаторы О. Игельсторм Кіші жүздегі хандық билікті жоюға әрекеттер жасаған еді. Ол «Игельстром реформасы» деген атқа ие болған. Бірақ ол жүзеге асырылмай қалды. Бұл саясат ХІХ ғасырдың 20- жылдары қолға алынып, өз нәтижесін бере бастады. Сонымен қазақ жерін әкімшілік реформалаудың жаңа үлгісі Ресейдің әкімшілік – басқару жүйесіне сай жасалынды. Реформа орта жүзден басталды. Сібір генерал-губернаторы М. Сперанскийдің басшылығымен «Сібір қырғыздары (қазақтары) туралы Жарғысы» жасалып, ол 1822 жылы қабылданды. «Жарғының» басты мақсаты – Қазақстанның солтүстік шығыс өңірін әкімшілік, сот, саяси жағынан басқаруды өзгерту, рулық-феодалдық тәртіпті әлсірету еді.

 Жарғы бойынша Орта жүз әкімшілік жағынан ауыл, болыс, округ болып бөлінді. Округке 15-20 болыс, болысқа 10-12 ауыл, ауылға 50-70 шаңырақ кірді. Округ басшылығында округтік приказдар болды. Округтік приказды қазақтар дуан деп атаған.

 Жарғы бойынша сот істері үшке бөлінді: қылмыстық істер, талап ету, болыстық басқармаға шағым айту. Қылмыстық істер империя заңдары негізінде округтік приказда қаралды. Істі алдын ала тексеруге қазақ биімен қатар бір орыс шенеунігі қатыстырылды. Қазақтардың талап етуі негізінде қаралатын істері жергілікті ескі заң бойынша шешілетін.

 Жалпы алғанда, 1822 жылғы «Сібір қырғыздары туралы Жарғының» қабылдануы хандық биліктің жойылуын және Орта жүздің Ресей империясының құрамына толығымен енгенін білдіреді.

1824 жылы Ресей үкіметінің «Орынбор қырғыздары туралы Жарғысы» қабылданды. Ол Орынбор генерал-губернаторы П. Эссеннің басшылығымен жасалды. Орта жүздегі сияқты енді Кіші жүзде де хандық билік жойылды. Кіші жүзді басқару Орынбордағы Шекаралық комиссия арқылы жүзеге асырылатын болды. Сот жүйесі «Сібір қырғыздары туралы Жарғыдағы» ережелер сияқты жүргізілді. Ауыр қылмыстық істер әскери соттар мен шекаралық комиссияның құзырында болы. Ал маңызы төмен істерді жергілікті билер соты қарайтын болды. Сөйтіп Кіші жүздегі хандық билік те жойылды.

 Қазақ жерлерін қосып алудың аяқталуы Ресейдің өз ішінде жүргізіліп жатқан саяси реформалармен сәйкес келді. Қазақ жерінде әкімшілік басқаруды жүргізу үшін Ресейдің басқару жүйесімен сәйкестендіру қажет болды.

Әкімшілік аумақтық реформаны дайындау үшін 1865 жылы арнайы Далалық комиссия құрылды. Оның құрамына ішкі істер минстрлігінің, әскери министрліктің және жергілікті биліктің өкілдері кірді. Комиссияның міндеті реформаның жобасын әзірлеу болды. 1865-1866 жылдары қазақ даласын басқарудың жобасы екі нұсқада дайындалды. 1867 жылы 11 шілдеде ІІ Александр «Сырдария және Жетісу облыстарын басқару туралы уақытша ережеге», ал 1868 жылы 21 қазанда «Ақмола, Семей, Орал, Торғай облыстарын басқару уақытша ережеге» қол қойды. Реформа бойынша бүкіл қазақ жері Түркістан, Орынбор және Батыс Сібір деген үш генерал-губернаторлыққа бөлінді.

Әкімшілік басқару жүйесі әскери сипатта болды. Генерал-губернаторлық облыстарға бөлінді. Орынбор генерал-губернаторлығына Орал, Торғай, облыстары, Батыс Сібірге Ақмола, Семей облыстары, Түркістанға Жетісу мен Сырдария облыстары кірді. Ал бұрынғы Бөкей хандығының жерлері 1872 жылы Астрахан губерниясының құрамына енгізілді. Облысты әскери губернаторлар басқарды. Сонымен бірге олар облыстағы әскери горнизонның қолбасшысы және облыс аумағындағы казак әскерлерінің атаманы болды. Облыстар уездерге бөлінді, олардың жалпы саны 34 болды.

 Реформа бойынша қазақтардан жыл сайын әрбір шаңырақтан ақшалай салық алу жүйесі енгізілді. Салық мөлшері Түркістан генерал- губернаторлығында 2 сом 70 тиын, Орынбор мен Батыс Сібір генерал- губернаторлығында 3 сом белгіленді.

1867-1868 жылдардағы ережелер «уақытша» енгізілген болатын. Патша үкіметі оны екі жыл ішінде толық жүзеге асырамыз деп жоспарлаған еді. Бірақ отарлық тәртіптер жергілікті халықтың тарапынан күшті қарсылыққа тап болды. Бұл реформаның мәні туралы М. Тынышпаев: "Олар қазақ халқының талаптарына жауап бермеді, тек зиян әкелді", – деп қазақ халқына әкелген зардаптарын» атап көрсетті.

1868 жылы желтоқсан айында Орал және Торғай облыстарында патша үкіметінің отарлық саясатына қарсы көтеріліс басталды. Ол 1869 жылдың қазан айына дейін созылды. Қазақтар көтерілісінің басты себебі 1867-1868 жылғы уақытша ережелер болатын. Бұл көтерілісті Ембі өзені бойындағы аймақты мекендейтін қазақ руларының ықпалды көсемдері Сейіл Түркебайұлы мен Беркін Оспанұлы басқарды.

1870 жылы наурызда Маңғыстау түбегінде көтеріліс басталды. Көтерілістің негізгі себебі патша өкіметінің әкімшілік-аумақтық реформалары болды. Ал көтерілістің шығуына түрткі болған Маңғыстау приставы подполковник Рукиннің «Уақытша ережеге» сәйкес бекіністер салынған Ембі өзені бойындағы жайылымдарды адай руларының пайдалануына тиым салу әрекеті еді. Бозашы түбегіндегі көтерілісті Досан Тілекұлы мен Иса Тіленбайұлы басқарды. Қазақ жасақтарының жанқиярлық қарсылығына қарамастан көтеріліс басылды. Көтеріліс басылғаннан кейін адай руына 90 мың қой көлемінде соғыс шығынын өтеу үшін салық салынды.

ХІХ ғасырдың 60-жылдарында қабылданған әкімшілік, сот, басқару реформалары бірден іске аса қойған жоқ. Қазақ шаруаларының көтерілістерінің салдарынан бұл «Ережелерді» заңдастыру 20 жылдан астам артық уақытқа созылды. Капиталистік қатынастардың ел өміріне енуіне байланысты бұл өзгерістерді құқықтық жағынан негіздеуді қажет етті.

1886 жылы 2 маусымда «Түркістан өлкесін басқару туралы ереже», ал 1891 жылы 25 наурызда «Ақмола, Семей, Жетісу, Орал, Торғай облыстарын басқару туралы ереже» қабылданды. Бұлар енді уақытша ережелер емес, нақты заң ретінде қабылданды.

Жаңадан қабылданған ережелерге сәйкес Қазақ жерінде екі генерал- губернаторлық құрылды. 1. Түркістан генерал-губернаторлығы, орталығы Ташкент қаласы болды. Ал оның құрамында Ферғана, Самарқан және Сырдария облыстары кірді. Облыстар уезге бөлініп, бұрынғы әкімшілік бөлініс жүйесі сақталды.

2. Дала генерал-губернаторлығы, орталығы Омбы қаласы болып бергіленді. Оның құрамына Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу облыстары енді. 1890 жылы ақпанда «Закаспий облысын басқару туралы уақытша ережесі» қабылданды. Бұл ереже бойынша Закаспий облысына Маңғыстау, Красноводск, Ашхабад, Теджен, Мерв уездері кірді.

1867-1868 жылдардағы уақытша сыннан өткізу үшін іске асырыла бастаған әкімшілік-сот саласындағы өзгерістер 1886-1891 жылғы жарлықтарда заң жүзінде бекітілді. 1186 жылғы «Ережеге» сай Түркістан өлкесінде Ресейдегі үлгімен жаңа сот жүйесі құрылды.

1891 жылғы ереже бойынша сот істері өзгертулерге ұшырады. 17 баптан тұратын бұл жаңа заң, негізінен Ресейдегі үстем тап өкілдерінің және Қазақстандағы отарлаушы әкімшілік пен ақсүйектердің мүддесін қорғады.

Ол бойынша:

а) Бітістіруші сот-облыстық, уездік билеушілердің мүддесін қорғады.

ә)Соттардың төтенше сьезі-уездік, болыстық тұрғындарға қатысты мәселелерді шешті.

б) «Халық-соты» – мұсылман тұрғындарының ісін қарайтын төменгі сот буыны болды. Бұл арқылы Қазақстанда бұрынғы билер соты жойылды.



Ереженің 119 бабында: «Игерілген және игерілмеген жерлер де Ресей мемлекетінің меншігі» деп жарияланды.

137 бапқа сәйкес көшпелі халықтың әрбір шаңырағы 4 сомнан ақшалай салық төлеуге міндетті болды. Шаңырақ санағы 3 жылда 1 рет жүргізілуге тиіс болды. Бұл мал шаруашылығына нұқсан келтірді. Артылған жерлер қоныс аударушыларға бөлініп берілді.

Қорыта келгенде патша үкiметiнiң Қазақстандағы жүргізген реформаторлық саясаты қазақ халқының мүдделік талаптарына сай келмеді.

ПАТШАЛЫҚ РЕСЕЙДIҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КӨШIП-ҚОНДЫРУ САЯСАТЫ

 

Ресейдің орталық аудандарынан шаруаларды Қазақстанға қоныс аударту XIX ғасырдың 60-жылдарының ортасында басталды. XIX ғасырдың 70-жылдарында Ақмола, Семей, Жетісу, Орал, Сырдария, Торғай облыстарына орыс-украин шаруаларын қоныстандыру жаппай етек алды. Жетісу облысының губернаторы Г.А.Колпаковскийдің ұсынысына сай, 1868 жылы "Жетісуда шаруаларды қоныстандыру туралы" жаңа Ереже қабылданды. 1883 жылға дейін күшін сақтаған бұл құжатқа сәйкес жан басына 30 десятина мөлшерде жер берілді, бірқатар басқа да жеңілдіктер қарастырылды.



1883 жылы Жетісу облысында жаңадан келушілерді, сондай-ақ Шығыс Түркістаннан қоныс аударған ұйғырлар мен дүнгендерді орналастыру туралы жаңа ереже бекітілді. Енді жан басына берілетін жер үлесі 30 емес, 10 десятина болып белгіленді, сонымен қатар қоныстанушы орыс шаруалары салықтар мен міндеткерліктерден үш жылға босатылды. Әрине, Жетісуда жердің тапшылығы және далалық аудандардан бұл жердің құнарлылығы, табиғи географиялық шарттардың қолайлылығы осындай шешімдердің іске асырылуын тездетті.

1889 жылы 13 шілдеде "Село тұрғындары мен мещандарының қазыналық жерлерге өз еркімен қоныс аударуы және олардан бұрынғы қоныс аударғандар жағдайын қарастыру" жөнінде жаңа заң қабылданды. Бұл құқықтық талапта Тобыл, Том губерниялары, Жетісу, Ақмола және Семей облыстары шаруаларды қоныс аударатын басты аймақтар ретінде белгіленді. 1891 жылғы "Ереже" 1889 жылғы кұжаттың жекелеген мәселелерін нақтылады. Мысалы, кейінгі шешімде облыстар мен губернияларды бұрын қоныстанған шаруалардың жан басына 15 десятинадан жер берілетін болып шешілді.

Ішкі аймақтардан шаруаларды қоныстандыру патша үкіметінің отаршылдық саясатының да бетін ашты. Келімсектерге көшпелі қазақтардың жерін тартып алып беру, тұрақты қоныстарынан ығыстыра бастау, жергілікті қазақ ауылдарының мүддесімен ешқандай санаспаудың салдары байқалды. Бұл құбылыс тіпті жылдан-жылға тереңдеп, мал шаруашылығының дамуына да нұқсан келтірді. Тек 1855 жылдан 1893 жылға дейінгі аралықта Ақмола облысы қазақтарының пайдалануынан 250 мыңнан астам десятина жер тартып алынып, 11 мыңдай орыс шаңырағы жайғасқан 24 село ұйымдастырылды. Ал Семей облысында қазақ шаруаларының 33 мыңнан астам десятина (9) егістік жері тартып алынды.

Әсіресе қоныс аударушылардың лек-легімен шұбырған басты аймағы - Жетісу өлкесі. 1868-1880 жылдар аралығында бұл өңірде 3 мыңнан астам отбасының 2 мыңдайы жаңа қоныстанушы болса, оның 1 мыңнан астам шаңырағы қалаларда орын тепті. Қоныстандыру саясаты сонымен қатар Сырдария облысын да жаппай қамтыды. Шымкент, Ташкент, Әулиеата уездерінде орыс, украин шаруалары 1884-1892 жылдар аралығында 37 қоныс орындарын құрды.

Қазақстанда жаңа оқу жүйесінің дамуы Омбы, Орынбор, Семей, Орал және басқа қалаларда орысша сабақ өткізілетін мектептердің ашылуына байланысты болды. Бекіністер мен қалалардың бірте-бірте Орта Азия, Шығыс Түркістан сауда байланыстары орталықтарына айналуы делдалдық тілмаштар даярлайтын оқу орындарын кеңейтуді қажет етті. 1789 жылы ашылған Азиялық училищені атап көрсетуге болады. 1833 жылы Омбыда, 1825 жылы Орынборда ашылған әскери училищелер ресейлік билеу әкімшілігі үшін шенеуліктер даярлаумен айналысты. Олар заман талабына сай 1837 жылы Сібір кадет корпусы, 1844 жылы Орынборлық Неплюев кадет корпусы болып қайта құрылды.

1822 жылы қабылданған Сібір қазақтарының, 1824 жылғы Орынбор қазақтарының Жарғылары саяси-экономикалық мәселелерді қамтып қана қоймай, сонымен бірге мәдениет, білім беру ісін кеңейту жолдарында да қарастырды. 1831 жылы Омбы облысының қоныстарында орысша білім беретін училищелер ашу ұйғарылды. Сол жылғы қыркүйек айының 18-і күні Семей қаласында да осындай училище өмірге келді. 1836 жылы қазақтар үшін интернаты бар Өскемен училищесі ұйымдастырылғаны да елеулі оқиға болды.

1850 жылы Орынборда шекаралық комиссияның жанынан қазақтарға орысша білім беретін бірнеше мектептер ашылды.

Патша өкіметінің мақсаты орыс-қазақ және орыс-түзем мектептері арқылы өздерінің отарлау саясатын іс жүзіне асыратын үстем тап өкілдерін даярлау мақсаты орындалмады. Бұл мектепті бітірушілердің көбі орысша өз сауаттарын ашып, патша өкіметінің отарлау саясатымен жақын таныса отырып, езілген бұқара халықтың мүддесін қорғау үшін күресті, ал кейбіреулері алдыңғы қатарлы қазақ интеллигенциясының қатарын толтырды.

«Миссионер» деп патша өкіметінің орыс емес ұлттардың арасында орыстандыру саясатын іске асырумен айналысатын адамдарды айтады. Орыс емес ұлттарды патша өкіметінің саясатына, дініне, тіліне құлшылық етуге тәрбиеледі. Өзінің көзқарасы жағынан Н.И.Ильминский патша өкіметінің орыстандыру саясатына шын берілген, ал ол өз қызметінің мақсаты – «орыс емес ұлттарды орыстандыру және шын мәнінде оларды діни және тілі жағынан орыс халқымен біріктіру». Бірақ Н.И.Ильминскийдің орыс емес ұлттардың арасында, оның ішінде қазақ халқының арасында халық ағарту ісінің көптеген мәселелерін талдаудағы мұрасын жоққа шығару дұрыс болмаған болар еді. Сонымен қатар Н.И.Ильминскийдің мектеп жүйесі оның реакциялық көзқарасына қарамастан объективтік тұрғыдан орыс емес халықтардың арасында білім беруді кеңінен таратуға көмектескенін еш уақытта да ұмытуға болмайды. Н.И.Ильминскийдің «Өздігінен орыс тілін үйренуші қазақтарға көмекші оқу құралы» қазақ тіліндегі бірінші оқу құралы болды. Оны құрастырғанда Н.И.Ильминский орыс тілін оқытуда қазақ тілін орыс тілімен салыстыру қағидасын ұстанды. Бұл оқу құралына Ы.Алтынсарин өте жоғары баға берді.

ХІХ ғасырдың бірінші жартысынан бастап орыс ғалымдары мен жазушылары қазақ халқының өмірі мен тарихына, шығармашылығына көңіл бөлген. Орынбор өлкесінде сегіз жыл тұрған В.И. Даль тікелей қызметімен қатар түркі тілдес халықтардың жазбаларын, ауыз әдебиетінің үлгілерін жинастырды. « Бөкей мен Маулен» повесін жазып, онда Орынбор өлкесіндегі қазақтардың тұрмыс жағдайын сипаттайды.

Орыстың ұлы ақыны А.С. Пушкин Е.И Пугачев бастаған шаруалар соғысына қатысты мәліметтер жинау мақсатымен Қазақстаннның сол кездегі орталығы Орынборда болды. «Пугачев тарихында» Еділ мен Жайық арасында көшіп жүрген тайпа ордаларына (қазақтарға) көңіл аударады. Оралда А.С Пушкин «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» поэмасымен танысқан. Ұлы ақынның Орынбор мен Орал өңірінде болуы оның шығармашылығындағы елеулі кезең еді. «Капитан қызының», «Пугачев бүлігінің» баспадан шығуы орыс демократиялық топтарында Орта Азия мен Қазақстан туралы құнды мәліметтердің таралуына септігін тигізіп, қазақ, башқұрт және басқа халықтардың өмірі мен тарихына қызыға қараушылықты күшейтіп, олардың тағдырына терең үңілуге жол ашты.

ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында Қазақстанды зерттеудің жаңа кезеңі басталды. 1848-1849 жылдары Г.С.Карелиннің Каспий теңізіне және капитан лейтенант А. Бутаковтың Арал теңізіне жасаған экспедициялары қазақ даласын зерттеудегі үлкен бетбұрыс еді.



Саяхатшылар Е.В.Ковалевский, Н.А.Северцев, П.И.Небольсин т.б орыс ғылымының белді өкілдері қазақ жерін топографиялық зерттеумен шұғылданды, табиғи байлықтарын анықтады. Орыстың көрнекті ғалымдары А.Левшин, Н.Красовский, Э.Мейер, И.Завалишин және т.б. тарихшы- этнографтар қазақ халқының өмірін зерттеп, бірқатар арнайы еңбектер басып шығарды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   22




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет