Махмұд Қашқари — түркі халқының XI ғасырда өмір сүрген аса дарынды перзенттерінің бірі. Ол Жүсіптің замандасы. Бүгінге дейін ғалымның туған жылы белгісіз, ғалымдар оның атақты шығармасы "Диуани лұғат ат-түрік" ("Түркі сөздерінің жинағы") 1072 немесе 1078 жылдары жазылған деп шамалап жүр. Махмұд Талас-Шу алқабындағы Барысхан каласында туған. Бірақ неге екені белгісіз, өте жас кезінен туған мекенінен шығандап шығып, түркілер уәлаятын (қазіргі қазақ сахарасын) аралап кетеді. Махмұд өз шығармасына материал жинау кезінде түркі әлемін көп аралаған, көргені мен көңілге түйгендерін қағазға түсіре берген. Кейіннен ол бір кездегі әдеби, мәдени, рухани орталық болған Бағдатқа барады. Бұл кез Бағдатты түркілердің селжұқ тайпасы басып алған, түркі тілінің дәуірлеп тұрған тұсы еді. Сондықтан да Махмұд түркілердің этнографиясы, ауыз әдебиетінің хрестоматиясы іспетті өз еңбегін араб халқына таныстыру мақсатымен араб тілінде жазған. Оның Бағдатта тұрып, өз шығармасын түркі тақырыбына арнауының өзі тегін емес. Махмұд өмір сүрген дәуір, бір кездегі гүлденген араб дүниесінің дәурені өтіп, тасы кері кете бастаған уағы болатын. Оның үстіне, Махмұд түркілер тарапынан өз туындысының ескерусіз қалмайтындығын да пайымдаған. Сондықтан да ол өз еңбегінің атын мазмұнына сай етіп "Диуани лұғат ат-түрік" ("Түркі сөздерінің жинағы") деп атаған. Бұл "жинақ" "орта ғасырлардағы түркі тілдес халықтардың энциклопедиясы" деп атауға тұратын шығарма, сол кездегі тайпалар туралы нақты материалдардан құрастырылған үш томдық әйгілі еңбек.
Қашқаридың бұл еңбегі аталған жерлердегі халықтардың мәдени және рухани байланыстарын анықтауға мүмкіндік береді. А.Н.Кононовтың сөзімен айтқанда: "Түркі тілдерінің сөздігі" — XI ғасырдың түркілердің өмірі, олардың материалдық мәдениеті, бұйымдары, тұрмыс-жайлары, этнонимдері мен топонимдері, қызмет адамдарының дәрежесі,тағам, сусын түрлері, үй жануарлары мен аумағындағы жабайы аң-құстар, мал шаруашылығы, өсімдік дакылдары,астрономия терминдері туралы, күнтізбелер, ай, апта, күн аттары, ауру түрлері, дәрі атаулары, анатомиялықтерминология, минералдар мен материалдар туралы, әскери, спорт және әкімшілік терминологиясы, түрлі тарихи жәнемифтік қаһармандардың есімдері, діни және этностық терминология туралы, балалар ойындары мен ермектері және басқалар туралы бірден-бір деректеме болып табылады".
Қожа Ахмет Йассауи (1093-1166 жж.).Халқымыздың руханиятына үлкен әсер еткен ортағасырлық ақын, философ, дінуағыздаушы. Орта ғасырлар Орталық Азия мұсылмандары үшін аса жауапты кезең болатын. Осы заманда ел бірлігін, халықтың татулығын, имандылықты өз шығармаларына арқау еткен бір топ ақындар тарих сахнасына шықты. Олар — Ахмет Иүгінеки, Ахмет Йасауи, Сүлеймен Бақырғани еді. Ахмет Йасауидің туған жылы белгісіз, 1166 жылы өлген, XII ғасырдың өкілі. Жасаған жасын өлген жылынан шегеріп тастап, зерттеушілер оны 1093 жылы дүниеге келген деп жобалайды.Түркістан маңында туып, ер жеткен соң, Түркістан қаласында өзінің шығармашылық, діни қызметін бастаған. Түркістан қаласы VI—XV ғасырларда Йасы деген атпен белгілі болған. Сондықтан да Йасыдан шыққан Қожа Ахмет Йасауи деген қосымша атқа ие болған. Қожа Ахмет ата-анасынан ерте айырылған, бірақ өте талапты, дарынды жас түркі елінің атақтышейхтары Арыстан баб және Жүсіп Хамаданидан тәлім, білім алады. Одан соң білімін Бұхарадағы діни орталықтарда жалғастырады. Көп ұзамай Ахмет оқымысты, діндар адам болып Йасы қаласына оралады. Ахмет Йасауидің қаламынан туған көлемді шығарманың бірі — "Диуани хикмет" — "Даналық кітабы". Ол оғыз-қыпшақ тілінде жазылған. Бұл еңбектің бізге жеткені XV—XVI ғасырлардағы көшірмелері, түпнұсқасы сақталмаған. Бұл көшірмелер Алматыда, Стамбұлда, Қоқанда,Ташкентте, Мәскеуде сақтаулы. Ахмет Йасауидің бұл шығармасы — діни сопылық еңбек. Исламның ішіндегі сопылық бағытVIII ғасырда пайда болған. Жалпы, сопылық құран мен шариғатты толық мойындайды. Сопылық, өнеге, ұстамдарға халықтық жоғары мораль, адамның ішкі, сыртқы тазалығы, Аллаға сана арқылы ғана емес, өзінің шынайы тіршілігі арқылы құлшылық ету, қызықшылдыққа, байлыққа құмар болмау сияқты қағидалар тән. Сопылық өзінің осындай қарапайым, бұқара халықтың көңіліне жақындығымен ел арасында жақсы қолдау тапты, сөйтіп ислам дінінің бұқара халықтың арасына таралуына оң әсер етті.
Ахмет Йасауидің өлеңмен жазылған "Даналық кітабындағы" жеңіл және түсінікті тілмен әсерлі жеткізілген осы қағидалар орта ғасырлардағы түркі халықтарының діни дүниетанымының, моралінің қалыптасуына үлкен әсері болды. Йасауиден кейінгі қазақ жырауларының, ақындарының, ойшылдарының еңбектерінен сопылық ықпал, өнеге анық байқалады.
Ахмет Йасауи 63 жасқа келгеннен кейін: "Енді былайғы өмірім күпірлік, пайғамбар жасынан аспақ күнә", — деп, өмірінің ақырғы он жылын жер астында жасалған мінәжатханада (қылует) өткізеді. Сонымен Қожа Ахмет Йасауи — XII ғасырда өмір сүрген үлкен философ, ғұлама ойшыл, ақын, мейірімге, кішіпейілділікке уағыздаушы діндар бүгінде халқымыздың қасиетті әулиесіне айналып отыр.
Мұхаммед Хайдар Дулати. Қазақстан ғылымы мен мәдениетінің қалыптасуына елеулі үлес қосқан ғалым. Түркі халықтарының ортақ мақтанышы, тұңғыш тарихшысы. Күні бүгінге дейін Қазақстан мен Орталық Азия елдерін зерттеушілердің көбі оған жүгінеді. Түркі тектес халықтардың мәдениетін зерделеуші еуропалық ғылымдардың қай-қайсысы да Мұхаммед Хайдар Дулати еңбегіне соқпай кете алмайды. Оның басты еңбегі — әлемге әйгілі "Тарихи Рашиди"шығармасы парсы тілінде жазылып, дүние жүзіне таралған. "Тарихи Рашидиді" Хайдар мырза 1544—1546 жылдар шамасында Кашмирде жазған. Ол екі дәптерден, яғни екі бөлімнен тұрады. Мауереннахрдағы Шағатай әулеті құрған мемлекет XIV ғасырдың ортасына таман біржола ыдырап, екіге бөлінеді, Моғолстан деген атпен белгілі болған шығыс бөлігіне Жетісу, Тараз-Талас маңын мекендеген беделді де белгілі тайпа — дулаттардың қолдауымен Тоғылық Темір (1330—1362 жылдары) хан болады. "Тарихи Рашидидің" бірінші дәптерінде сол Тоғылық Темір ханнан бастап өзін Жаркенттенкетуге мәжбүр еткен Абд-ар-Рашид ханға дейінгі Моғолстанда екі ғасырға жуық уақыт арасында болған тарихи оқиғалар әңгімеленеді. Мысалы, Шағатай текті Шер Мұхаммед хан мен Уәйс ханның Моғолстан тағы үшін болған қанды айқастары, Уәйс ханның тілегіне жеткені, оның қалмақтармен болған сансыз соғыстары да баян етіледі.
Сөйтіп,ол Моғолстанның хандары, дулаттан шықкан әмірлері мен бектері, онда өмір сүрген түркі тайпаларының тыныс-тіршілігіне тоқталды. Ханның өзі және ұрпақтарының Мәуереннахрда, сондай-ақ қазақ хандары һәм сұлтандарыменжүргізген соғыстары жайлы тәптіштей баяндаған. Хайдар мырзаның бір ерекшелігі — ол тек шындықты ғана жазды. Тарихшы ғалымдардың барлығы да Хайдар мырзаның осы бір қасиетіне ерекше мән береді.
Қадырғали Жалайыри.Жалайыр тайпасынан шыққан ортағасырлық ғұламалардың тағы біреуі әрі бірегейі —Қадырғали Жалайыри. Қадырғали Жалайыри Бабыр қайтыс болған 1530 жылы Оңтүстік Қазақстанда, Отырар-Түркістанмаңында дүниеге келген. Ата-бабалары Қарахан заманынан бері үздіксіз хан нояндары, уәзірлері, қолбасылары болып қызмет атқарған.
Қадырғали ана тілімен қатар араб, парсы тілдерін жетік игеріп, Шығыстың классикалық озық әдебиеті мен мәдениетін, ғылымын терең білген... "Мен дүние жүзіндегі неше түрлі мемлекеттерді аралаған, әділ үкім, нақыл сөзге қанық көптеген кітаптар оқыған адаммын", — деп жазды ол "Жылнамалар жинағында". Қадырғали казіргі Рязань жерінде орналасқан аралық мемлекет Қасым хандығында тұрған кезде өзінің атақты еңбегі "Жамиғ Ат-Тауарихты" ("Жылнамалар жинағы") жазды. Ол оны 1602 жылы аяқтаған. XVII ғасырда дүниеге келген осынау асыл мұра кейін белгілі татар зиялысыИбраһим Халфиннің (1778—1829 жылдары) кітаптары мен қолжазбалары арасынан табылған. Кейін ол Қазан университетінің қолжазба қорына түскенімен, осы оқу орнындағы шығыстану факультеті Санкт-Петербургке қоныс аударуына байланысты "Жамиғат-тауарих" өзге дүниелермен бірге сонда жөнелтіледі. Қадырғали Жалайыри "Жылнамада"Шығыс елдеріне, оның шаһарларына шолу жасап, қазақ сахарасын мекендеген жалайыр, арғын, қыпшақ, қаңлы, найман, қоңырат, керей, алшын, т.б. секілді түркі тайпаларына анықтама береді. Қазақ хандарының өмірбаяндарына тоқталады. Ол қазақ жері, оның қалалары туралы аса құнды тарихи деректер қалдырды. Шежіре кітаптың, әсіресе XIII—XVI ғасырлараралығындағы қазақ жеріндегі оқиғаларға арналған бөлімінің ғылыми маңызы ерекше. Мұнда XVI ғасырдың басынан бергі қазақ тайпаларының халық болып қалыптасуы жайлы сөз болды. Қазақ хандарының әлеуметтік-саяси жағдайлары, Қазақстанда рулық патриархаттық-шонжарлық қатынастардың қалыптасуы, хан төңірегіндегі сұлтандар мен қарашалар, бектер мен хафиздер, т.б. әлеуметтік топтар туралы құнды тарихи деректер мол.
Әйтсе де, "Жылнаманы" оқыған адам шығарма тілінің өзге түркі халықтарына қарағанда қазақ тіліне өте жақын екендігін байқайды. Сол себепті, бұл дүниені ескі қазақ тілінің алғашқы жазба ескерткіштерінің бірі әрі бірегейі деп қабылдағанымыз жөн.
Глоссарий:
Мәдениет – адам ой-санасы мен әрекетінің нәтижесінде туындаған құндылықтарды біз мәдениет дейміз. Мәдениетті кейде шартты түрде материалдық және рухани деп екіге бөледі.
Түркі жазуы – ең алғаш табылып зерттелген түркі жазуы ескерткіштері Білге қағанға, Күлтегінге қойылған құлпытастардағы жазу.
Соғды жазуы дегеніміз — орта ғасылардағы парсы жазуы. Соғды жазуының өз тілдеріне икемделген нұсқасын түркілер алғашында "ұйғыр жазуы", кейінірек "найман жазуы" деп атаған.
ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫНЫҢ МӘДЕНИЕТ ДАМУЫНДАҒЫ
АЛАТЫН ОРНЫ
«Ұлы Жібек жолының» пайда болуы. Ең ежелгі халықаралық сауда жолына 1870 жылы неміс географы К.Рихтогафен «Жібек жолы» деген атау берген болатын. Жібек жолы қашан пайда болды деген сұраққа, тарихшы ғалымдар б.з.б. ІІІ-ІІ мыңжылдықтарда «Нефрит жолы» және «Лазурит жолы» деген халықаралық сауда жолының тармақтары болғанын алға тартады. «Нефрит жолы» Қытай мен Шығыс Түркістанды байланыстырды, ал «Лазурит жолы» Орта Азиядағы Бадахшан тауынан алынған лазуритты (көк тасты) батысында Иран, Қосөзен арқылы Сирия мен Мысырға жеткізсе, шығысында Қытайға апарғаны белгілі болып отыр. Б.з.б. І мыңжылдықтың ортасында Еуразия құрлығының батысы мен шығысын байланыстырған «Ұлы Жібек жолының» бір тармағы «Дала жолы» жандана бастады. Егер де Геродот еңбегіндегі жазылған «Дала жолын» қағазға карта ретінде түсіретін болсақ, Қара теңіз жағалауынан Дон жағасына дейін, одан әрі савроматтар мекендеген Орал тауы етегінен, Сарыарқаны батысынан шығысына кесіп өтіп, Ертіс өзенінің жоғарғы ағысы Зайсан көлінен, Алтай тауына барады. Жол қазіргі Қазақстанның батысынан кіріп шығысынан бір-ақ шығады. Бұл жолмен Батысқа қымбат аң терілері, былғары, жібек маталары барса, ал Шығысқа парсы кілемдері, әшекей бұйымдар, қымбат тастар барған.
«Дала жолымен» б.з.б І мыңжылдықтың ортасында байланыстың болғанын, Жоңғар қақпасынан табылған 16 «боспор» теңгесі, Алтайдағы б.з.б.V ғасырға жататын Пазырық «патшалық» обаларының бірінен шыққан феникс кестеленген жібек көрпе және тағы басқа табылған жәдігерлер дәлелдейді. З.Сәнікұлының пайымдауынша, «Дала жолы» тікелей Қиыр Шығысты Еуропамен жалғаған әрі «Нефрит жолы» мен «Лазурит жолынан» бұрын пайда болған. «Дала жолының» тұрақты дипломатиялық және сауда - экономикалық жолға айналуы б.з.б. 138 жылы Қытай императорының Батыс елдеріне жіберген елшілерінен басталады. Елшілік қайтып оралған соң Қытайдан батысқа қарай тауар артқан керуендер ағылса, екінші жағынан Таяу және Орта Шығыс Азия елдерінен, Орта Азиядан тауарларын тиеген керуендер Қытайға барады. Біздің заманымыздың VІ-VІІ ғасырларында «Дала жолы» жаңа қарқынмен жандана түсті. Оның себебі, Жетісу жерінде шетелдік тауарларды көп мөлшерде сатып алуға қабілеті жоғары және Орта Азия аумағы арқылы өтетін керуен жолын бақылайтын түркі қағандарының ордасы болды. Алайда, «Жібек жолының» тармақтары үнемі бір орында тұрақтап қалған жоқ, ол халықаралық саяси жағдайға байланысты өзгеріп отырды. Тағы да айта кетерлік бір жайт, ХVІ-ХVІІ ғасырларда «Ұлы Жібек жолының» теңіз жолдарының шығуына байланысты халықаралық маңызы әлсірей бастаса да біржола жойылып кетпеді. ХVІІІ-ХІХ ғасырларда орта ғасырлық бағыттарын біраз өзгерткен «Дала жолы», Ресейді Қазақстан аумағы арқылы Орта Азиядағы елдермен, Қытай және Оңтүстік Азия елдерімен байланыстырды. Ал ХХ ғасырдың соңында, бұл жол қайтадан халықаралық маңызға ие болып, жаңа қарқынмен дами бастады.
Жібек жолының әлеуметтік-экономикалық, халықаралық қатынастағы маңызы. Жібек жолы тек қана сауда жолы емес, сонымен қатар, Еуразия құрлығының халықтары арасында бейбіт дипломатиялық және экономикалық қарым-қатынас орнатқан жол болды. Өз кезегінде бейбіт экономикалық қарым-қатынастар, көп елдердің шаруашылығын дамытып, әлеуметтік әл-ауқатының жақсаруына септігін тигізді. Сауда жолдарының бойларында қалалар тұрғызылып, архитектура, құрылыс саласының өркендеуіне алып келді. Сондықтан да «Жібек жолы» деген атауға «Ұлы» деген сөз қосылды. Алғашында жібек маталары тек Қытайда ғана өндірілсе, біздің заманымыздың алғашқы кезінде жібекті Орта Азия, Иран, Византия сияқты елдерде өндірген, мұны жол арқылы халықтар өндірістегі жетістіктермен бөлісіп, бірінен-бірі үйреніп отырды деп айтуға болады. Әсіресе бұл жолмен алғашында жеміс-жидек, көкөністер, түрлі дәмдеуіштер сатылса, кейіннен сырттан келген, сол өнімдерді, кейбір елдер өздерінде өсіріп шаруашылықтарын жандандыра түсірген. Мысалға, алғашында Қытайда ғана өскен болгар бұрышы бүкіл құрлыққа тараса, Таяу Шығыс пен Орта Азиядан Қытайға жүзім, қауын, қарбыз сияқты түрлі дақылдар барып, сол жақта да өсіріле бастаған. Испиджаб, Отырар, Талғар сияқты орта ғасырлық қалалардан археологтар, фарфордан жасалған ыдыстар, Жерорта теңізі елдерінің әдісімен жасалған түрлі бұйымдарды көптеп тапты. Ғалымдар ондай жәдігерлердің көптеп табылуына байланысты, алғашында бұйымдарды сатып алған болса, кейіннен жергілікті шеберлер де сол бұйымдарды өздері жасаған дейді. Орта ғасырда Қазақстан аумағын мекендеген халықтар «Ұлы Жібек жолымен» әлемдік саудаға асыл тұқымды жылқы шығарумен әйгілі болған. Сол себепті ертедегі деректерде Түркі қағанаттарын солтүстіктегі «сәйгүліктер патшасы», - деп атаған, ал дамыған орта ғасырда қыпшақ жылқылары Орта Азия базарларында аса қымбат бағаланған.
Қазақстан аумағындағы «Ұлы Жібек жолының» тармақтары. Қазақ жері ертеден Батыс пен Шығысты жалғастырып жатқан көпір тәрізді болды. Орта ғасырлық қалалардың барлығы жол бойында орналасқан болса, осы күнгі аймақтағы басты тас және темір жолдар бұрынғы керуен жолдарының іздерімен салынған. Жетісу жері Шығысқа шығатын негізгі қақпа болып, онда Жібек жолының негізгі үш тармағы болды. Біріншісі, Тараз қаласынан шығып, Алматыға келіп, одан Шелек, Сүмбе, Жаркент (Ілебалық) қалалары арқылы шығысқа кеткен. Екіншісі, Тараз қаласынан шығып, Алматыға келген соң, Қапшағай, Шеңгелді, Алтынемел, Дүнгене, Қойлық қалаларынан өтіп, Алакөлді жағалай Жоңғар қақпасы арқылы шығысқа кеткен. Үшіншісі, Тараз қаласынан шығып, Құланға келіп солтүстік-шығысқа қарай Хантау, Балатопар, Айнабұлақ бекеті арқылы солтүстік-шығысқа кеткен, осы жолмен 1253 жылы Франция королінің елшісі Вильгельм Рубрук, Моңғолияға Мөңке ханға барған. Жібек жолының Жетісудағы тармақтары Тараз қаласында түйіскен сондықтан да деректемелерде қаланы «көпестер қаласы» деп атаған.
Тараз қаласынан шыққан жол Оңтүстік Қазақстандағы Испиджаб (немесе Сайрам) қаласына келген, бұл екі қала орта ғасырда Қазақстан аумағындағы басты сауда орталықтары болған. Испиджаб қаласынан жол екі тармаққа бөлінген.Біріншісі, оңтүстік-батыс бағыт, ол Ташкент қаласына барып, Орта Азияның Бұхара, Самарқан қалалары арқылы батысқа кеткен. Екіншісі, солтүстік-батыс бағыт, Испиджаб қаласынан шығып, Шымкент, Отырар, Түркістан, Сауран, Сығанақ, қалаларын басып өтіп Баршынкент қаласына барғанда жол екіге бөлінген. Біріншісі, оңтүстік-батыс бағытында Хорезмге кетсе, екіншісі солтүстік-батыс бағытында Жаңакент қаласынан өтіп, Арал теңізінің солтүстік жағалауларын жағалай отырып, Каспий теңізінің солтүстік жағалауларына барып, одан кейін батысқа қарай кеткен. Жолдың аталған екінші солтүстік-батыс тармағы, Византия императоры ІІ Юстиниан мен Түркі қағаны Дизабул 568 жылы сауда-дипломатиялық одақ құрған кезде жандана түскен, тағы кейін Алтын Орда дәуірі кезінде бұл жол сауда керуендері көп жүретін жолға айналған. Жаңакент қаласынан солтүстікке қарай Солтүстік Қазақстанға сауда жолының бір тармағы бағыт алған, осындай тармақ Сығанақ қаласынан солтүстікке Ақсүмбе қаласына, одан ары, Орталық Қазақстанға кеткен. Түркістан қаласынан да Орталық Қазақстанға Жыланқарауыл қаласы арқылы кеткен жолдың тармағы болған. Осындай солтүстікке кеткен сауда жолдары негізінен Орталық және Солтүстік Қазақстан жерлерін «Ұлы Жібек жолымен» байланыстырған сауда жолының тармақтары болған.
«Ұлы Жібек жолының» мәдениеттердің дамуына қосқан үлесі. Жоғарыда айтылғандай «Ұлы жібек жолы», тек сауда ғана емес сонымен қатар дипломатиялық қарым-қатынастар, шаруашылықтағы және мәдениеттегі озық жетістіктерді алмасу жолы да болды. Ғалымдардың айтуынша Үндістанда шыққан будда діні, Қытай мен Орталық және Қиыр Шығысқа Орта Азия арқылы Жібек жолымен тараған. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде Суяб қаласынан буддалық ғибадатханалар табылса, Қойлық қаласынан христиандық (неосториандық бағыттағы) шіркеу табылды, ал Тараз қаласының көне жұртынан неостариандық, манихейлік, буддалық, мұсылмандық ғибадатханалар табылған. Табылған ғибадатханалардың барлығы бір уақытта қатар өмір сүргендігі байқалады. Осыған байланысты, Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан аймағы Жібек жолының арқасында түрлі діни наным-сенімдер мен мәдениеттердің түйісіп тараған ортасы болды деп айтуға болады. Сондықтан қалаларда түрлі архитектуралық-құрылыс үлгісіндегі ғимараттар бой көтерді. Археологиялық ескерткіштердің барлығы қала халықтарының әртүрлі дінде болса да, ортақ мәдениеттерінің болғанын көрсетеді. Музыка және би өнері де қалыс қалмады, буддалық тәуіп Сюань-Цзян 629 жылы Суяб қаласында болғанда жергілікті музыканттар түрлі халықтардың музыкалық аспабында ойнап өнер көрсеткендері туралы жазған. Орта ғасырда көбіне сауда керуендерімен жүріп өнер көрсететін әнші, биші, күйші, акробаттар мен сиқыршы-фокусшылар өте көп болған. Оларға өнер көрсету үшін тіл білу аса қажет болмады, өйткені олар өнерін музыка, би және дене қимылдарымен көрсететін. Қытай билігінде Тан әулеті тұрған кезде Орта Азияның музыкасы елде кең тарағаны көптеген деректерде айтылады. Қазақстан аумағындағы орта ғасырлардағы барлық ірі қалалардан археологиялық қазба жұмыстары кезінде, түрлі халықтардың көптеген музыкалық аспаптары табылған. Қазақстан аумағын мекендеген халықтар «Ұлы Жібек жолы» арқылы түрлі этностар арасындағы достық қарым-қатынас пен мәдени байланыстардың қалыптасуының бастауында болып, кейіннен сол байланыстардың дамуына зор үлес қосқандығын, бүгінде мақтанышпен айтуға болады.
ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ҚОЛ АСТЫНДА
Достарыңызбен бөлісу: |