Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы туралы



бет1/3
Дата17.10.2019
өлшемі73,25 Kb.
#50226
  1   2   3
Байланысты:
Koncepciya kaz
СИЛЛАБУС МОДУЛЬ с психологией, 1 акт-1
Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы туралы

 

Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 24 тамыздағы N 858 Жарлығы



 

Қазақстан Республикасы Президенті


 мен Үкіметі актілерінің жинағында
 және республикалық баспасөзде  
 жариялануға тиіс        

 

         Қазақстан Республикасы Конституциясының 40-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекеттің құқықтық саясатының негізгі бағыттарын одан әрі айқындау мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:


      1. Қоса беріліп отырған, Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы (бұдан әрі - Тұжырымдама) мақұлдансын.
      2. Осы Тұжырымдама мемлекеттің құқықтық саясат саласындағы тиісті бағдарламаларын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалары жұмыстарының перспективалық және жыл сайынғы жоспарларын, Республиканың нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын әзірлеу үшін негіз болып табылады деп белгіленсін.
      3. Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті мемлекеттік органдары өздерінің стратегиялық жоспарларын әзірлеу және іске асыру кезінде Тұжырымдаманың қағидаларын басшылыққа алсын.
      4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
      5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

 

      Қазақстан Республикасының


      Президенті                                       Н. Назарбаев

 

Қазақстан Республикасы 


 Президентінің     
 2009 жылғы 28 тамыздағы
 N 858 Жарлығымен   
 бекітілген     

 

   Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі


кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы 1. Кіріспе

 

      Ескерту. 1-бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 16.01.2014 № 731 Жарлығымен.



 

      2002 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Құқықтық саясат тұжырымдамасы елдің 2010 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық жүйесі дамуының негізгі бағыттарын айқындады. Өткен жылдары мемлекеттік және қоғамдық институттардың қарыштап дамуына ықпал ететін, Қазақстанның орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ететін бір қатар аса маңызды заңнамалық актілер қабылданды.


      Тұжырымдаманы іске асырудың басты қорытындылары ұлттық заңнаманың негізгі салаларының (конституциялық, әкімшілік, азаматтық, банктік, салық, қаржы, кеден, экологиялық, қылмыстық, қылмыстық-іс жүргізу, қылмыстық-атқарушылық заңнама) айтарлықтай жаңаруы болды.
      Жаңа кодификациялық актілер: 2003 жылы - Орман, Жер, Кеден, Су кодекстері; 2007 жылы - Еңбек, Экологиялық кодекстер; 2008 жылы - Бюджет, Салық кодекстері әзірленіп, қабылданды.
      Мемлекет норма түзушілік процесін жаңа сапалы деңгейге көтеруге мүмкіндік беретін, олардың қатарында: заң жобалары қызметін перспективті жоспарлау; нормативтік құқықтық актілер жобаларына ғылыми (құқықтық, сыбайлас, жемқорлыққа қарсы, криминологиялық және басқалар) сараптамалар енгізу, қабылданатын заңдарды толық қаржылық қамтамасыз ету процестері бар, шаралар қабылдады.      
      21-ғасырдың бірінші он жылдығы Қазақстанда конституциялық құрылыстың жаңа кезеңімен атап өтілді. 2007 жылғы 21 мамырда "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң қабылданып, онда ел үшін қағидаттық маңызды жаңалықтар жарияланды. Бұл ретте уақыт тезінен өткен мемлекеттік құрылыстың қазақстандық үлгісінің өлшемдері негізінен сақталды.
      Конституциялық реформа барысында осы үлгі аясында Парламент палаталарының рөлі мен ықпалын арттырған билік қатынастарының жүйесі жаңғыртылды, олар бүгінде мемлекеттегі істің жай-күйіне бұрынғыдан да үлкен жауапкершілік алады.
      Азаматтық қоғам институттарының жан-жақты дамуы, мемлекет пен қоғам қатынастарының үйлесімділігі бағдарының нәтижесінде мемлекеттік және қоғамдық институттардың неғұрлым белсенді өзара іс-қимылына конституциялық тыйымдар мен шектеулер алып тасталды, бүгінде біздің елдің ішкі жағдайы мен қажеттіліктеріне толықтай сай келетін жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі жаңартылды.
      Сот төрелігін іске асыру кезінде соттардың тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған сот-құқықтық реформаның жаңа кезеңіне конституциялық деңгейде қарқын берілді. Өлім жазасын қолдану аясы қысқартылып, адамдардың өлімімен ұштасатын террористік қылмыстармен және соғыс уақытында жасалған аса ауыр қылмыстармен ғана шектелді, бұл Қазақстан жағдайында өлім жазасының іс жүзінде жойылғанын білдіреді. Соттың қамауға алуға санкция беруі енгізілді, прокуратура мен соттың тергеу жүргізу мүмкіндігіне конституциялық тыйым алып тасталды.
      Жүргізілген реформа осылайша мемлекет пен қоғам институттарын одан әрі демократияландыруға бағытталған. Конституцияда танылған осы жүйелі шешімдердің барлығы Қазақстан Республикасының ағымдағы заңнамасында одан әрі іске асуға тиіс.
      Сонымен қатар, әлемдік экономика мен саясатта болып жатқан іргелі өзгерістер, жаһандану процестері, сондай-ақ елдің ішкі даму серпіні қол жеткізгенге тоқмейілсуге мүмкіндік бермейді. Ұлттық құқықтың уақыттың жаңа талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында ХХІ ғасырдың перспективаларына сай келмейтін құқықтық догмалардан түпкілікті арылып, мемлекеттің норма түзушілік және құқық қолдану қызметін одан әрі жетілдіру қажет.
      Қазақстан үшін батыл мақсатты айқындау – 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына ену – адам, қоғам өмірінің сапасын арттыру және мемлекеттілікті нығайту үшін елдің жүргізіп отырған бағытын тиімді қамтамасыз етуге тиіс ұлттық құқықтық жүйеге жоғары талаптар қояды.
      Сондықтан қазақстандық құқықтық жүйе құқықтарды қорғауды қолданудың қолайлы әрі сенімді болуы мәселелерінде әлемнің дамыған елдерінің заңнамасымен тең бәсекеге түсе алуы тиіс. Жалпы жаһандану және әлемдік бәсекелестіктің өсуі жағдайында көптеген елдер құқықтық жүйелерін жаңғырту және оларды адамның мұқтаждары мен қажеттіліктеріне және инвесторлардың мүдделеріне барынша жақындату қажеттігімен бетпе-бет келді. Бәсекеге қабілетті құқықтық жүйе өз құзырына бизнес пен инвестицияларды көбірек тартатыны, оның жемісі осы идеялар іске асқан елге дивидендтер әкеліп, кейіннен бүкіл әлем пайдаланылатын, батыл да озық идеяларды іске асыруға ықпал ететіні белгілі.
       Сондықтан қазіргі кезеңде басым ұлттық жобаларды табысты іске асыру, қоғамдық маңызы бар өзекті міндеттерді шешу теңгерімді құқықтық саясат жүргізуден тікелей туындайды, бұл үшін тек өз тәжірибесі мен практикасын ғана ескеріп қана қоймай, қажет кезде біздің құқықтық жүйемізге дәстүрлі түрде тән болмаса да, іс жүзінде өзінің тиімділігін дәлелдеген, біздің ұлттық мүдделерімізге сай келетін басқа да институттарды пайдаланатын барынша прагматизм талап етіледі. Мұндай пайдалану түрлі құқықтық жүйелердің әлемде болып жатқан конвергенциясы процестерінде ұлттық құқықты жаңғырту үшін пайдалы болуы мүмкін.     
      Қазақстандық құқықты жаңғырту ісінде ауқымды жұмыс осыған дейін атқарылды. Отандық құқықтық жүйенің бәсекеге кабілеттілігін арттыра түсу үшін қолданыстағы заңнаманы жүйелеу, заңнама салалары бөлігінде одан әрі топтастыру; оны ескірген және қосарлас нормалардан арылту, құқықтық реттеудегі олқылықтардың орнын толықтыру, қолданыстағы құқықтағы ішкі қайшылықтарды жою; заңдардағы сілтеме нормаларды азайту және Конституцияға сәйкес заңнамалық актілер қабылдана алатын мәселелер аясында тікелей қолданылатын заңдарды қабылдау практикасын кеңейту жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет.
      Құқық шығармашылығы қызметін құқық салаларының және құқықтық жүйенің даму үрдістеріне ұдайы мониторингке, нормативтік құқықтық актілерді қолдану практикасын талдауға негізделетін болжамды-талдаулы қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлу керек.     
      Бұл реттеу мазмұны мен әдістері бойынша норма түзушілік және құқық қолдану қызметінің әрбір актінің - оны әзірлеу, қабылдау, қолдану, өзгерістер мен толықтырулар енгізу, күші жойылды деп тану не жаңа акт әзірлеу жөніндегі барлық кезеңін айқын көрсететін қазіргі заманғы жүйе жасауға мүмкіндік береді.
      Осындай рәсімдер мен тетіктер арқылы мемлекеттік органдардың норма түзушілік қызметі оңтайланып, жүйеге түседі. Бұл ретте құқықтық мониторинг кезіндегі әлеуметтік әдістерді кең қолдану құқықтық саясатты жүзеге асыру барысында қоғамдық пікірді неғұрлым ескеруге мүмкіндік береді.
      Нормативтік құқықтық актілерді бағалаудың халықаралық стандарттары енгізілетін болады, бұл азаматтардың, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін неғұрлым толық ескеруге, құқық нормаларының тиімділігін, үнемділігін және ұтымдылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
      Акт жобаларының ғылыми сараптамаларының барлық түрлерін олардың өлшемдерін, міндеттерін, сондай-ақ оларды жүргізу сатыларын анықтау арқылы нормативтік бекітудің маңызы зор. Сараптамаға нақ осындай көзқарас құқық шығармашылығы процесі барысында нормативтік құқықтық актілер қабылдаудың қаржы-экономикалық, әлеуметтік-саяси салдарын толықтай есепке алуға мүмкіндік береді. R95000468
      Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының жобаларына да ғылыми сараптама енгізу қажеттігі туындауда.
      Осылайша, ғылыми сараптама жүйесін дамыту қоғам мен мемлекеттің қазіргі заманғы жай-күйі мен перспективаларына жауап беретін нормативтік құқықтық актілер жобаларын дайындау міндетін шешуге көмектеседі.
      Қазіргі уақытта құқықтық реттелуі кодекстермен жүзеге асырылуы тиіс заңнаманың 17 саласы заң деңгейінде анықталды.
      Сонымен қатар, кодификациялау - заңнаманы жүйелеудің жалғыз құралы емес. Басқа да құралдарды, мысалы, бір заңнамалық актіде белгілі бір қатынастарды реттейтін құқық нормаларын біріктіруді білдіретін, топтастыруды пайдаланған дұрыс.
      Осыған байланысты нысанасы кешенді сипаттағы құқықтық қатынастарды реттеу болатын "топтастырылған" немесе "кешенді" заң ұғымдарын енгізу және заңнамалық бекіту перспективті болып табылады.
      Кодификациялауға келсек, құқықты жүйелеудің осы жоғарғы нысанын таразылап және неғұрлым шектеулі түрде, негізінен, кодификациялаусыз тиімді құқықтық реттеуге қол жеткізу мүмкін болмайтын бір тектес қоғамдық қатынастар салаларында қалыптасқан құқық салаларына пайдалану керек.
      Кез келген кодекстің қабылдануына ауқымды норма түзушілік және құқық қолдану практикасы, оған мұқият мониторинг, талдау және бағалау, жүйелік негізге қойылған алғы шарт болуы тиіс. Құқық саласы кодификациялау деңгейіне дейін "пісіп-жетілуі" тиіс.
      Конституцияда бекітілген экономикалық еркіндік негіздері және Негізгі заңның базасында қалыптастырылған құқықтық кеңістік адамдардың шығармашылық бастамаларының дамуына күшті серпін беріп, қоғамдық өмірдің барлық салаларында жаңғырту факторына айналды.
      Экономикалық өсу мен кәсіпкерлікті дамыту елде жүйелі экономикалық реформалардың құқықтық іргетасына және серпінді дамушы, ал болмысы жағынан біртекті емес тиісті заңнаманың қалыптасуына әкелді.
      Сонымен қатар, қазіргі кезде кәсіпкерлік қызметті заңнамалық реттеуде, сондай-ақ бизнес үшін экономика саласындағы заңдардың қолданылуын барынша жеңілдетуде және қол жеткізуде әралуандық пен жүйесіздікті жою қажеттігі туындады.
      Аталғандар кәсіпкерлікті реттейтін жүйе айналасында құрылатындай орталық актінің – кодекстің болу қажеттігін талап етеді.
      Кез келген қоғамда әлеуметтік маңызды мүдделердің күрделі жүйесі болады. Мұндай мүдделерді іске асыру заң шығармашылығы процесіндегі ресми және бейресми мүдделік қолдау тетіктері арқылы жүзеге асырылады. Осыған байланысты мүдделік қолдау тәрізді құбылысқа заңдылық ая беріп, соған сай заң жобаларын әзірлеуді, талқылауды және Парламенттің қабылдауын насихаттаумен байланысты қатынастарды регламенттеу қажет.
      Норма түзушілік қызметке жұртшылықтың, үкіметтік емес ұйымдардың және жеке кәсіпкерліктің мүдделерін білдіретін бірлестіктердің өкілдерін кеңінен және тұрақты негізде тарту қажет.
      Нормативтік құқықтық актілердің сапасын және тұтастай алғанда мемлекеттік аппаратта құжаттармен жұмыс мәдениетінің деңгейін айқындайтын заң техникасының деңгейін тұрақты жетілдіру және арттыру қажет.
      Құқықтық реттеу тетіктерін жетілдіру перспективалары көп жағдайда құқық шығармашылығы және құқық қолдану процесіне ақпараттық технологияларды кеңінен енгізумен байланысты.
      Осыған байланысты, "электрондық үкімет" инфрақұрылымының базалық құрамдас бөліктерін қалыптастыру, нормативтік құқықтық актілер дерекқорын жасау және тиімді енгізу мақсатында Нормативтік құқықтық актілердің электрондық форматтағы эталондық банкінің жұмыс істеуі ұтымды болып табылады. Сонымен бірге заңнамаға нормативтік құқықтық актінің электрондық түрін көздейтін ережелерді енгізу қажет, бұл ұлттық құқықты ақпараттандыруда маңызды қадам болады.
      Норма түзушіліктің қолданыстағы практикасын жетілдіру жөнінде бұдан әрі шаралар қажет.
      Заңдардың елде жүргізіліп жатқан өзгерістерге барабар мазмұны мен сапасы мемлекеттік билік институттарының тиімді қызмет етуі, биліктің заңнамалық және атқарушы салаларының сындарлы және серпінді өзара іс-қимылын қамтамасыз ету арқылы қамтамасыз етілетін болады.
      Демек, қоғам дамуының қазіргі заманғы үрдістеріне, жинақталған тәжірибеге және Қазақстандық мемлекет пен қоғамның таяу және алыс перспективалары туралы ғылыми негізделген, іргелі ұсынымдарға сүйенген бірыңғай құқықтық саясат қажет.

 

   2. Ұлттық құқықты дамытудың негізгі бағыттары



 

      Қазақстан Республикасы Конституциясының мемлекеттің заңнамалық, ұйымдастырушылық және басқа да шараларымен жүзеге асуы тиіс құқықтық идеялары мен принциптерін одан әрі іске асыру қажет.


      Мемлекеттік және қоғамдық институттардың күш-жігері елдің Негізгі заңының барлық конституциялық айқындамаларда қамтылған жасампаз әлеуетінің жүзеге асырылуы төңірегінде шоғырлануы тиіс.
      Заңнаманы жетілдіру процесінде және құқық қолдану қызметі барысында Конституцияның үстемдік принциптерін және төменгі деңгейдегі актілердің жоғары деңгейдегі актілердің нормаларына сәйкестігін бұлжытпай сақтау қажет.
      Елдегі заңдылық режимін және құқықтық жүйенің тұрақтылығын да, сонымен қоса қолданыстағы Конституция шеңберінде ұлттық құқықтың қарышты дамуын да қамтамасыз ететін жүйелі шаралар қажет. Құқықтық саясатқа кешенді көзқарас барлық нормативтік-құқықтық базаны мемлекет дамуының жалпы стратегиясы тұрғысында, оның ішінде нәтижелілік, ашықтық және есептілік принциптерінде, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қамтамасыз ететін мемлекеттік басқарудың сапалы жаңа моделін жасау жөнінен жаңғыртуға мүмкіндік береді.

 

      2.1. Ұлттық құқықтық жүйенің негізі конституциялық құқық болып табылады. Оның қарыштап дамуы 2007 жылғы конституциялық реформа нәтижесінде елеулі түрде жаңарған Қазақстанның қолданыстағы Конституцияның принциптері мен нормаларына сүйенеді.


      Еліміздің Негізгі заңында көрініс тапқан идеялар мен принциптер ұлттық құқықтық жүйенің негізгі бағыттары мен даму тетіктерін, оның ішінде конституциялық құқықты ұзақ мерзімді перспективада айқындайды. Яғни Конституцияның принциптері мен нормаларын, ең алдымен, мемлекеттік билік органдары мен оның лауазымды адамдарының қызметінде толыққанды іске асыру, бұл ретте Конституцияны тікелей қолданумен қатар ағымдағы заңнама және құқық қолдану арқылы оның әлеуетін қамтамасыз ету маңызды міндет болып табылады.
      Біздің мемлекетіміздің Конституциясында бекітілген Республика қызметінің түбегейлі принциптерін (бұл: қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық, барша халықтың игілігі үшін экономикалық даму, қазақстандық патриотизм, мемлекеттік өмірдің неғұрлым маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен шешу) сақтау мен іске асыру елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық және саяси-құқықтық дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
      Қазақстан Республикасы конституциялық құрылысының негізі, мемлекеттің егемендігі мен бір тұтастығы конституциялық заңнаманы және оны қолдану практикасын жетілдіру арқылы нығаятын болады.
      Конституциялық құқықты дамыту перспективалары мемлекеттің құрылымын, мемлекеттік биліктің бір тұтастығын, оның тармақтарының жұмыс істеу тетіктерін және Қазақстан Республикасының бүкіл халықтық сайланған Президенті тарапынан стратегиялық басшылықпен, бақылаумен және төрелікпен олардың өзара іс-қимылын анықтайтын қолданыстағы конституциялық заңдарды жетілдірумен байланысты.
      Конституциялық заңдылық режимін, Конституцияның принциптері мен нормаларын нақты түсіндіру, ұлттық құқық пен құқық қолдану практикасын дамыту бағдарын қалыптастыруды қамтамасыз етудің маңызды тетіктерінің бірі Конституциялық Кеңес қызметінің тиімділігін арттыру және мемлекеттің құқықтық саясатында оның нормативтік қаулыларын толығымен іс жүзіне асыру болып табылады.
      Елде құқықтық мемлекет принциптерін одан әрі бекіту процесінде, бір жағынан, адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асырудың ең жоғары ықтимал кепілдігіне қол жеткізу, ал екінші жағынан барлық мемлекеттік органдардың, лауазымды тұлғалардың, азаматтар мен ұйымдардың конституциялық міндеттерді бұлжытпай және толық орындауы маңызды.
      Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету үшін біздің Конституция талап ететіндей, тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қатыссыз құқықтары мен бостандықтарының теңдігіне кепілдік беретін жағдай жасау болып табылады.
      Осы орайда ұлттық келісімді сақтау мен нығайтуда, Қазақстанның көп ұлтты халқының бірлігін қамтамасыз етуде құқықтық тетіктердің рөлі арта түсетін болады.
      Қазақстан зайырлы мемлекет болып табылады, онда конфессияаралық татулық пен келісім салтанат құруда, дінге сенушілермен қатар атеистік көзқарасты ұстанатын азаматтардың да құқығы құрметтеледі. Мемлекет діни қызмет саласына араласпайды, алайда конфессиялармен өзара іс-қимылды қамтамасыз етуі және азаматтардың діни сенім бостандығы құқығын қорғауы тиіс, ол үшін осы салада тиімді мемлекеттік саясат қалыптасуы тиіс.
      Діни сенім бостандығы туралы заңнаманы миссионерлік қызметті реттеу, діни өнімдерді тарату, діни бірлестіктерді тіркеу бөлігінде одан әрі жетілдіру, сақтау және біркелкі қолдану қажет.
      Қазіргі жағдайларда мемлекеттік және қоғамдық өмірде гендерлік теңдік, әйелдер мен ерлердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету факторы айтарлықтай рөлге ие болуда.
      Қазақстанның өмір сүру сапасының стандарттары жоғары, серпінді, қазіргі заманғы мемлекет ретінде қарышты да орнықты дамуы адами әлеуетті, азаматтардың іскерлігін жандандыру, азаматтық қоғам институттарын нығайту негізінде ғана мүмкін болады.
      Осыған байланысты азаматтық қоғам институттарының дамуына және азаматтық бастамаларды іске асыру мүмкіндігіне қосымша қарқын беретін құқықтық құралдар қажет.
      Үкіметтік емес ұйымдардың мәртебесін жетілдіру керек құқықтық реттеу тетіктері үкіметтік емес ұйымдар қызметінің ерекшеліктерін, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктерді мемлекеттік қолдауды қамтамасыз етуді ескеруі тиіс.
      Ақпарат мәселелерін реттейтін нормативтік-құқықтық реттеуді де жетілдіру қажет. Осы қызмет және оның құқықтық реттелуі тұтас алғанда кепілді сөз бостандығына, адамның жеке өміріне, жеке және отбасылық құпияларына, хат жазысу, телефон арқылы сөйлесу және өзге де алысқан хабарларының құпиясына қол сұғылмауына конституциялық құқықтарының сақталуын, сондай-ақ мемлекеттік құпиялар туралы заңнама талаптарының сақтатуын ескере отырып заңда тыйым салынбаған тәсілдермен кез келген ақпаратты еркін алуға және таратуға бағытталуы тиіс.
      Азаматтық бастамаларды дамыту жергілікті өзін-өзі басқару мәселелерімен тығыз байланысты. Мемлекет пен азаматтық қоғам тоғысындағы бұл институт өзін нығайту мен дамытуды талап етеді. Атап айтқанда, жинақталған тәжірибені ескере отырып, мемлекеттік басқару мен жергілікті өзін-өзі басқару функцияларының аражігін ажыратып қана қоймай сонымен қатар жергілікті өзін-өзі басқару органдарын жергілікті маңызы бар мемлекеттік функцияларды іске асыруға кең ауқымда тарту қажет.
      Жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуде халықтың рөлі мен белсенділігін арттыру жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың нәтижелері болуға тиіс.
      Бұл ретте, мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқарудың тиімді жүйесін жасау мақсатында осы жұмысты мемлекеттік биліктің әртүрлі деңгейлерінің арасындағы қызмет салаларының, функциялары мен жауапкершілігінің аражігін одан әрі ажыратумен бір мезгілде жүргізу қажет.
      Мұндай жұмыс мемлекеттік және өзін-өзі басқару негіздерін ұтымды бөлу тұрғысынан жергілікті өкілді және атқарушы органдар мәртебесінің өзгеруімен қатар жүргізілуі тиіс. Осы тұрғыдан алғанда әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы заңнамада әрбір әкімшілік-аумақтық бірліктің рөлі мен мақсатына нақты анықтама беру қажет, бұл мемлекеттік билік және жергілікті өзін-өзі басқарудың әрбір органының рөлі мен мақсатын тиісінше анықтауға негіз болады. Бұл заңнамада түрлі әкімшілік-аумақтық бірліктер, оның ішінде моноқалалар мәртебесінің ерекшеліктерін және халықтың лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ететін мемлекеттік институттардың қызметін нақты көрсетуге мүмкіндік береді.
      Ескерту. 2.1-кіші бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 16.01.2014 № 731 Жарлығымен.

 

      2.2. Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесін дамыту тиімді де жинақы мемлекеттік аппарат құруға жаңа басқару технологияларын енгізуге, әкімшілік рәсімдерді жетілдіруге бағытталған әкімшілік реформаны құқықтық қамтамасыз етумен тығыз байланысты. Ал бұл - құқықтың әкімшілік тәрізді саласын реттеу аясы, оның маңызды міндеті - биліктің барлық деңгейінде мемлекеттік аппараттың тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Осыған байланысты мемлекеттік басқару саласындағы әкімшілік құқық:


      - мемлекеттік органдар арасындағы құзыретті ұтымды және нақты бөлуді қамтамасыз етуге;
      - нарықтық экономика жағдайында артық мемлекеттік реттеуді, оның ішінде бақылау-қадағалау функцияларын болдырмауға;
      - биліктің атқарушы тармағы органдарының мемлекеттік функцияларды іске асыруының шарты мен тәртібін регламенттеуге;
      - мемлекеттік басқару органдарының азаматтармен және ұйымдармен өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге және ұйымдастыруға бағытталуы тиіс.
      Сонымен қатар экономиканы мемлекеттік реттеудің рөлі артып отырған қазіргі жағдайда әкімшілік құқық мүмкіндіктерін кеңейту және оның реттеуші әлеуетін жаңа қоғамдық қатынастарға қолдану туралы сөз еткен жөн.
      Әкімшілік құқықты одан әрі дамыту кезінде, мүмкіндігіне қарай, мемлекеттің, азаматтардың және біржақты билік принциптеріне негізделген мемлекеттік емес ұйымдардың арасындағы қарым-қатынастардағы қалыптасқан дәстүрлі тәсілдерден бас тартқан жөн. "Билік және бағыну" принциптерінен толық көлемде бас тарту мүмкін емес, алайда әріптестік-жәрдемдесу, функционалдық-клиенттік, тікелей қорғау принциптерін қолдану аясын кеңейту керек.
      Осыған байланысты, тіркеу, рұқсат ету-лицензиялық рәсімдерді оңайлату, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдардың қызметіне мемлекеттік органдардың заңсыз араласуына тосқауыл қою жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет.
       Азаматтардың мемлекеттік органдарға және мемлекеттің лауазымды тұлғаларына өтініш жасау тетіктерін, олардың мемлекетті басқаруға қатысуының және өз құқықтары мен бостандықтарын қорғау тәсілдерінің нысандары ретінде жетілдіру керек, оның ішінде мемлекеттің "электрондық үкімет" арқылы ұсынатын қызметтер ауқымын кеңейту қажет.
      «Электрондық үкімет» инфрақұрылымының базалық құрауыштарын одан әрі жаңғырту батыс еуропалық елдерде ойдағыдай жұмыс істейтін «e-justice» жүйесінің элементтерін енгізу арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Бұл азаматтар мен заңды тұлғалар мемлекеттік органдарға және соттарға жүгінген кезде біртіндеп қағазсыз құжат айналымына көшуге мүмкіндік береді.
      Сонымен бірге азаматтардың мемлекеттік емес ұйымдарға өздерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, оның ішінде қарау мерзімін сақтау, ұйымдар мен олардың лауазымды тұлғаларының өз қызметтерін тұтынушылардың өтініштерін қараудағы жауапкершілігін белгілеу мәселелері бойынша өтініштерімен байланысты қатынастарды реттеу қажет.
      Осылайша, әкімшілік құқық қазіргі жағдайда мемлекеттік-билік қатынастарының ғана саласын қамтымайды. Әкімшілік құқық аясында мемлекеттік мекемелердің азаматтармен және ұйымдармен жариялы, яғни мемлекеттік қызметтерді ұсыну кезіндегі қатынастары да бар. Бұл ретте мемлекеттік қызметтердің құқықтық табиғатты Конституциялық Кеңестің тиісті шешімінде атап өткендей әдеттегі мемлекеттік функциялардан өзгеше.
      Іс жүзінде азаматтарға және ұйымдарға мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы қатынасты реттейтін әкімшілік құқықтың жаңа институты туындайды. Бұл институттың жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін тиісті құқықтық негіз керек.
      Барабар әкімшілік-құқықтық реттеу мемлекеттік қызметтер көрсетудің стандарттарын толыққанды енгізуді талап етеді. Мемлекеттік қызметтер тізілімін кеңейту, жаңа технологияларды пайдалана отырып, олардың орындалуына тиімді сыртқы бақылау енгізу қажет. «Жалғыз терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызметтің кейбір түрлерін көрсету ХҚО-лардың қызметін реттейтін тиісті құқықтық базаны қалыптастыруды талап етеді.
      Әкімшілік құқықты дамытуды билік пен бағыныстың дәстүрлі сатылас қатынасы арқылы ғана емес, әрі әлеуметтік, көбінесе әр бағыттағы мүдделер, арнасы арқылы да қарастыру қажет.
      Әкімшілік құқықтың көмегімен азаматтар мен ұйымдардың мемлекет кепілдік берген құқығы іске асырылады, өйткені осы құқықтарды қамтамасыз ету мен қорғау мемлекеттің жариялы мүддесі болып табылады.
      Бұл ретте әкімшілік құқық субъектілері (органдар және мемлекеттің лауазымды адамдары, жергілікті өзін-өзі басқару органдары) жариялы мүддені жеткізуші болып табылады, олардың міндеті азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және іске асыру.
      Басқаша айтқанда, азаматтар мен ұйымдардың жариялы мүдде дәрежесіне көтерілген құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және іске асыру, әкімшілік құқықтың құқық қорғау функцияларының қазіргі заманғы мазмұны деген сөз.
      Қоғамдық өмірдің көптеген күрделілігіне негізделген қазіргі жағдайда, аралас қатынастар жиі туындайды, соған байланысты әкімшілік құқық әрекетінің шегінің мәселелерін, оның құқықтың басқа салаларымен және ең алдымен әкімшілік құқықтың азаматтық құқықпен аралас (әкімшілік-азаматтық) құқықтық қатынастар туындаған кезіндегі арақатынасы мәселелерін шешу қажет.

Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет