Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы туралы


Мемлекеттік органдарды бақылау мен қадағалау



бет2/3
Дата17.10.2019
өлшемі73,25 Kb.
#50226
1   2   3
Байланысты:
Koncepciya kaz
СИЛЛАБУС МОДУЛЬ с психологией, 1 акт-1

      Мемлекеттік органдарды бақылау мен қадағалау бір жағынан мемлекеттік басқару функциялары және екінші жағынан заңдылықты қамтамасыз ету тәсілдері бола отырып, әкімшілік құқықтың өзекті мәселесі болып қала береді.
      Конституциялық Кеңестің тиісті қаулысымен мемлекеттік органдардың бақылау және қадағалау өкілеттіктерінің арақатынасы туралы мәселе шешілді. Бұл ретте, біздің елде мемлекеттік органдардың құзыреті шегінде оларға бақылау және қадағалау өкілеттіктерін беруде конституциялық шектеулер жоқтығы расталды. Яғни, қадағалау өкілеттігі прокуратурадан басқа, өзге де мемлекеттік органдарға жүктелуі мүмкін.
      Осылайша, прокурорлық қадағалаумен қатар атқарушы биліктің уәкілетті лауазымды тұлғаларының заңда көзделген әкімшілік мәжбүрлеу шаралары жағдайларын қолдана отырып, бағынысты емес субъектілерге - азаматтар мен ұйымдарға қатысты жүзеге асыратын, әкімшілік заңнамамен реттелетін қызмет салаларындағы заңдылықты сақтауды қамтамасыз ету мақсатындағы әкімшілік қадағалаудың болуы заңдылық.
      Яғни азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қатаң сақтау кезіндегі әкімшілік қадағалаудың міндеті әкімшілік құқықтық режимді сақтауды қамтамасыз ету.
      Мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жетілдірудің перспективалы бағыттары:
      - бақылау-қадағалау органдарының жүйесін оңтайландырумен;
      - кәсіпкерлерге ғана емес, сонымен қатар құқықтың басқа да субъектілеріне қатысты бақылау-қадағалау өкілеттіктерінің ауқымын реттеумен және қысқартумен;
      - әкімшілік-қадағалау қызметін құқықтық реттеу деңгейін арттырумен байланысты.
      Мемлекеттік қызмет саласындағы қатынастар да әкімшілік құқықты реттеудің нысаны болып табылады. Оның дамуының басым бағыттар ретінде:
      - мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметтің аражігін неғұрлым нақты ажырату;
      - мемлекеттік қызметте адам ресурстарын басқарудың жаңа институттарын қалыптастыру және жұмыс істеп тұрғандарын жаңғырту;
      - мемлекеттік қызметке кәсіби және жеке сипаттары негізінде іріктеудің жаңа әдістерін енгізу;
      - еңбекке ақы төлеудің және ынталандырудың жаңа принциптерін енгізу;
      - мемлекеттік қызметшілердің түпкілікті нәтижеге бағдарланған қызметін бағалаудың қазіргі заманғы жүйесін енгізу күтіледі.
       Әкімшілік құқықтың маңызды құрамдас бөліктерінің бірі даму перспективасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнаманы жаңартумен байланысты, негізінде адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары туралы тікелей қолданыстағы мәнін, мазмұнын анықтайтын және заңдарды қолданумен конституциялық нормаларды тану жатуға тиіс - әкімшілік-деликтілік құқық болып табылады.
      Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңнама бұзылған құқықтарды қалпына келтіруге, әкімшілік-құқықтық шаралармен қоғамдағы құқықтық жанжалдардың алдын алуға барынша бағытталуы тиіс. Бұл ретте әкімшілік-құқықтық санкцияларды қалыптастыру кезінде олардың қоғамдық қауіптілік деңгейі мен құқық бұзушылық сипатына сәйкестік принципі мүлтіксіз сақталуы тиіс.
      Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарайтын сот және соттан тыс инстанциялар арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажыратудың нақты тұжырымдамасын айқындаған жөн. Бұл ретте әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы жаңартылған заңнама қолдануда қарапайым әрі тиімді болуы және негізінен құқықтар мен заңды мүдделерге қол сұғушылықтан соттан тыс қорғауға бағытталуы тиіс.
      Әкімшілік-деликтілік құқық үшін әкімшілік-деликтілік заңнамамен қорғалатын құқықтық қатынастар ауқымын неғұрлым нақты анықтау және тиісінше әкімшілік-құқықтық және қылмыстық-құқықтық санкциялардың аражігін нақты ажырату мәселелері өткір болып табылады.
       Тағы бір маңызды бағыт әкімшілік-іс жүргізу құқығын дамыту болып табылады, оның нәтижесі Әкімшілік-іс жүргізу кодексін қабылдау болар еді. Бұл ретте әкімшілік-іс жүргізу заңнамасының реттеудің нысанын нақты анықтау қажет. Бұл тұрғыда әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы нақты істерді шешу тәртібін заңнамалық регламенттеу мәселелері өзектілігін сақтайды.
      Сондай-ақ әкімшілік-іс жүргізу құқығын дамытумен байланысты мемлекет пен азамат (ұйым) арасында жариялы-құқықтық қатынастардан туындаған құқық туралы дауды шешетін әкімшілік әділет мәселесін қараған жөн. Яғни, іс жүргізу оқшаулау мен жариялы-құқықтық сипаттағы жанжалдарды шешу тәртібінің заңдылығы мәселелері қаралуға жатады.
      Осылайша, әкімшілік сот ісін жүргізу қылмыстық және азаматтық іс жүргізумен қатар сот төрелігін жүзеге асырудың толыққанды нысаны болуы тиіс.
      Ескерту. 2.2-кіші бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 16.01.2014 № 731 Жарлығымен.

 

      2.3. Салық заңнамасы одан әрі жетілдіруді талап етеді.


      Дамыған, айқын салық заңнамасы - қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыруға, отандық және шетелдік инвестицияларды тартуға ықпал ететін аса маңызды шарттардың бірі. Осыған байланысты салық заңнамасы елдің индустриялық-инновациялық стратегиясымен тікелей байланысты болуы тиіс: ол шикізаттық емес секторларды дамытуға және елде жаңа технологияларды енгізуге көмектесуі тиіс.
      Салық ауыртпалығын азайту жалпы әлемдік үрдіс болып табылады. Салық заңнамасын жетілдіру кезінде салық салу жүйесін жасаудың жалпыға танымал мынадай принциптеріне негізделген алдыңғы қатарлы шетелдік тәжірибені пайдаланған дұрыс:
      салықтар мүмкіндігінше аз болуы тиіс;
      оларды алуға жұмсалған шығындар да неғұрлым аз болуы тиіс;
      салық бәсекелестікке кедергі болмауы тиіс;
      салық мемлекеттің экономикалық саладағы құрылымдық саясатына сәйкес болуы тиіс;
      салық кірістерді әділ бөлуге бағытталуы тиіс;
      салық жүйесі қосарланған салық салуға жол бермеуі тиіс.
      "Бас" компания өзара байланысты бір топ кәсіпорындар атынан бір немесе бірнеше салықты төлейтін және осындай өзара байланысты кәсіпорындар тобы осы салық бойынша бірыңғай салық төлеуші ретінде қаралатын шоғырландырылған салық сату институтын енгізу мүмкіндігі туралы мәселені ойластырған жөн.
      Салық есептілігін оңайлату, жекелеген салық түрлерін реформалау салық төлеушілердің жекелеген санаттарын салық жағынан ынталандыруды қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет.
      Кеден заңнамасы кедендік ережелер мен рәсімдерде халықаралық сауданы және алмасуды дамытуға кедергі келтіретін алшақтылықтарды жою мақсатында кедендік рәсімдерді оңайлату және үйлесімді ету бағытында дамуы, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты ынталандыруы қажет.
      Артық әкімшілік кедергілерді азайту мақсатында кедендік ережелер мен рәсімдерді тұрақты жетілдіру және олардың тиімділігін арттыру; кедендік ережелер мен рәсімдерді қолдану кезінде болжамдылықты, дәйектілікті және ашықтықты қамтамасыз ету қажет; мүдделі тараптарға барлық қажетті ақпарат берілуі тиіс; кедендік әкімшілік етудің тәуекелдерді басқару негізінде бақылау және аудит әдістері секілді қазіргі заманғы әдістерді қолдану; ақпараттық технологияларды барынша пайдалану; халықаралық кедендік стандарттарды енгізу қажет.
       Ұлттық құқықтың негізгі міндеттердің бірі мемлекеттік қаржы  бақылау жүйесін жаңғыртуды қамтамасыз ету болып табылады, өйткені мемлекеттің қаржы саласындағы бақылау қызметі ғана мемлекеттік активтерді және ең алдымен қаржы ресурстарын басқару процесінің тиімділігін қамтамасыз ететін пәрменді құралдарының бірі болып табылады. Бұл ретте мемлекеттік қаржы бақылау органдары қызметінің құқықтық, оның ішінде іс жүргізу негіздерін нығайту қажет.
      Табиғи монополиялар мен реттелетін нарықтар саласындағы тиімді мемлекеттік саясат көп жағдайда реттелетін табиғи монополиялар субъектілерінің қаржы шаруашылық қызметін ынталандыруға, осындай субъектілердің активтеріне күрделі (инвестициялық) салымдарды арттыру үшін жағдай жасауға, оларды өнімділікті арттыруға және шығындарды азайтуға ынталандыруға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталуы тиіс нормативтік құқықтық базаның жағдайына байланысты болады.
      Сонымен бірге мемлекеттік монополияға жатқызылған қызметті мемлекеттік реттеу мен бақылау негіздерін, сондай-ақ адал бәсекелестікті мемлекеттік қорғау мен қолдаудың негіздерін айқындайтын құқықтық базаны жетілдіру қажет.

 

      2.3.1. Мемлекеттің дамуы және ұлттық экономикалық өсуін қамтамасыз ету үшін біздің еліміздің табиғат ресурстары байлығының стратегиялық маңызы бар. Осыған байланысты жер қойнауын пайдалану және осы салаға инвестициялар тарту туралы заңнама тек отандық және шетелдік инвесторлар үшін ғана тартымды болып қоймай, қолда бар ресурстарға ұқыптылықпен және ұтымды қараудың жаһандық талаптарын да барынша ескеруі тиіс.


      Қазақстан минералды-шикізат ресурстарына бай болғанымен, осы артықшылық қазіргі заманғы дамудың неғұрлым кең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету үшін де, сол секілді болашақ ұрпақтың  мұқтажын қанағаттандыру үшін де пайдаланылуы тиіс.
      «Жасыл экономиканы» дамытуға салынатын инвестициялар тартымды болуы, ал бұл үшін ынталандыруларды ресурс үнемдеуші құндылықтарға негізделген құқықтық мәдениетті қалыптастыра отырып, қолданыстағы құқықта көздеу қажет.
      Осылайша, осы саладағы заңнамада:
      кен орындарын игеруде жоғары технологиялық тәсілдерге;
      инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде жоғары экологиялық стандарттарды сақтауға;
      инвестициялық жобаларды іске асырудың барлық салаларында және барлық сатыларында ұлттық кадрларды кеңінен тартуға;
      Қазақстан аумағында технологиялардың трансферті және жаңа өндірістер құрылған жағдайда, әдетте шетелдік инвесторлардың пайдалы қазбаларды өндіруіне;
      жер қойнауын пайдалануға рұқсаттарды беру процесінің ашықтығына қойылатын талаптар көрсетілуі тиіс.
      Ескерту. 2-бөлім 2.3.1-кіші бөліммен толықтырылды - ҚР Президентінің 16.01.2014 № 731 Жарлығымен.

 

      2.4. Қазақстанның азаматтық құқығы өз дамуының бірнеше кезеңінен өтті. Республиканың ауқымды кодификацияланған актісі болып табылатын қазіргі Азаматтық кодекс тауар-ақша қатынастарын реттеудің: меншік нысандары теңдігінің және оған қол сұғылмаушылықтың, шарттың еркіндігінің, азаматтық айналым субъектілерінің теңдігі тәрізді негізгі принциптерін қалады.


      Жекеше құқықтың дамуының қазіргі кезеңінде қоғамдық қатынастарды реттеудің жариялы-құқықтық және жекеше-құқықтық әдістерінің арақатысы проблемасы және осыдан туындайтын жеке кәсіпкерлік қызметке мемлекеттің араласуының шегі алдыңғы қатарға шығады.
      Жариялы-құқықтық және жекеше-кұқықтық мүдделерді ескере отырып, азаматтық құқық пен құқықтың басқа да салалары арасындағы арақатынасты оңтайландыру қажет. Бұл ретте жариялы-құқықтық қатынастар шарттық-кұқықтық әдістермен реттеле алмайтынын ескеру керек. Әсіресе, бұл ұлттық және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласына қатысты болып табылады.
      Іске қатысушы адамдардың өздерінің материалдық және іс жүргізу құқықтарына өз қалауы бойынша заңдармен тыйым салынбаған шамада иелік ету мүмкіндігін білдіретін жекеше құқықтың диспозитивтігін кеңейту жұмысын жалғастырған жөн. Бұл ретте диспозитивтік принципті қолдану жариялы мүддені қозғайтын азаматтық-құқықтық қатынастарға қолданылмауға тиіс.
      Афилиирленген мәмілелерге тыйым салынбайтыны, алайда, заңда белгіленген жағдайларда алдын ала тексеруге жататынына назар аудара отырып, оның жалпы ұғымын айқындау маңызды. Афилиирлену фактісін белгілеу заңды мүдделері осындай мәмілемен бұзылатын тұлғаның талабы бойынша мәмілелерді заңсыз деп тану мүмкіндігі үшін негіз болуға тиіс.
      Акционерлік қоғамдардың мәртебесі олардың құқықтық табиғатын және шешетін мәселелерінің кешенділігін ескере отырып, оның ішінде «жария корпорациялар» деп аталатындар тұрғысында қарау талап етіледі. Акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанын коммерциялық емес ұйым ретінде пайдалану мүмкіндігі туралы мәселені тұжырымдамалық тұрғыдан шешкен жөн.
      Азаматтық айналымға қатысушы бағалы қағаздардың барлық спектрін Азаматтық кодексте тіркеу мәселесін де қарау қажет.
      Азаматтық-құқықтық нормаларды қолдану практикасы азаматтық құқықтардың бұзылуынан келген шығындарды айқындаудың жеткілікті реттелмегенін көрсетеді. Осыған байланысты нақты зиян мен жіберіп алған пайданы айқындау тәртібін бекіту өзекті болып табылады.
      Мәмілелерді жарамсыз деп тану институтын жетілдіру талап етіледі.
      Кейіннен заңсыз деп тану тараптардың бірінен мәміле затын алып қою тәуекелін қамтитын мәмілелерді азаматтардың қатысуымен ерікті сақтандыру үшін заңнамалық ынталандыруларды тұжырымдау керек.
      Осылайша, мәмілелер ұғымын, олардың құрамы мен орындалмау салдарларын нақтылау қажет.
      Практика заттық құқық түрлерін заңнамалық кеңейту, бұл ретте оларға сервитут ұғымын енгізе отырып кеңейту қажеттігін көрсетеді.
      Сонымен қатар, заттық құқықтар пайда болуының негіздерін кеңейту мәселесін қарау қажет. Бұл ретте заттық құқықтың құрамын ғана емес, сонымен бірге, олардың жекелеген түрлерін пайдалану режимін де нақтылау талап етіледі.
      Кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыру мақсатында агенттерді азаматтық құқық субъектілері қатарына енгізу және шарт институтының мүліктік айналымында кеңінен қолданылатын агенттік келісім мәселелерін регламенттеудің орындылығын қарау қажет.
      Азаматтық кодекстің міндеттемелер туралы жалпы және арнайы нормаларын жетілдіру жөнінде шаралар қабылдаған жөн.
      Ұлттық мүдделерді ескере отырып, зияткерлік меншік құқығын айқындайтын нормативтік құқықтық актілерді осы саладағы халықаралық стандарттарға сәйкес келтіруге баса назар аудару қажет.
      Авторлық құқық саласында нақты авторлык құқықтарды қорғау деңгейін көтеру маңызды міндет болып табылады. Атап айтқанда, Интернет желісіне орналастырылған туындылардың авторлық құқықтарын қорғаудың жай-күйін терең зерделеу талап етіледі.
      Техникалық шешімдерді – пайдалы модельдер өнертабыстары мен өнеркәсіптік үлгілерді құқықтық қорғау жетілдіруді талап етеді. Әлемдік жаңалық критерийі бойынша техникалық шешімді тексермей өнертабысқа берілетін қорғау кұжаттарынан (инновациялық патент) заңнамалық тұрғыдан бас тарту қажет.
      Озық технологиялар мен жоғары технологиялы инвестицияларды тарту үшін шетелдік патент иелері мен инвесторлардың құқықтарын қорғауды одан әрі күшейту, сондай-ақ іскерлер қауымын қазақстандық патенттік жүйенің қазіргі заманғы сипаты жөнінде кеңінен хабардар ету қажет.
      Зияткерлік меншікті қорғау туралы заңнаманың проблемалы жағы ашылмаған ақпаратты және өндіріс құпияларын (ноу-хау), сондай-ақ құпия өнертабыстар мен фирмалық атауларды қорғау туралы заңдардың жоқтығы болып табылады. Бұл олқылықтың орнын толтыру керек.
      Мемлекеттік бюджет қаражатының есебінен жасалған зияткерлік меншік объектілерінің кімге тиесілі екендігі туралы мәселе де шешімін табуды талап етеді. Қазіргі кезде осы объектілер әзірлеушілерге тиесілі, ал олардың қатарында жеке тұлғалар да бар. Зияткерлік меншік құқықтарын иеленуші – мемлекеттік орган туралы мәселені заңнамалық тұрғыдан шешу қажет.
      Банкроттық, әсіресе, жеке кәсіпкерлердің банкроттығына қатысты рәсімдер жетілдіруді және құқықтық реттеуді қажет етеді.
      Ескерту. 2.4-кіші бөлім жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 16.01.2014 № 731 Жарлығымен.

 

      2.4.1. Кәсіпкерлік заңнаманы дамыту мәселелері


      Бүгінде бүкіл жеке заңнаманың, соның ішінде кәсіпкерлік заңнаманың өзегі болып отырған Азаматтық кодекс қазіргі заманғы экономиканың базалық құқық қатынастарының әралуандығын көрсете алмайды, оның үстіне кәсіпкерлік саладағы жариялы-құқықтық қатынастарды регламенттей алмайды.
      Осының салдарларының бірі соңғы жылдары кәсіпкерлік қызметті реттейтін мамандандырылған заңдар санының күрт өсуі болып табылады.
      Мәселен, нарықтық экономиканың кейбір салалары Азаматтық кодекстің қолданылу аясына түсе отырып, негізінен арнайы актілермен, тіпті заңдармен ғана емес, заңға тәуелді актілермен реттеледі.
      Бұдан басқа, қолданыстағы құқық заңды тұлғалардың әртүрлі екенін ескере бермейді. Атап айтқанда, экономика саласындағы мемлекеттік басқару тиімділігі мен жинақылығы міндеттерін шешу жария функциялар берілген субъектілердің құқықтық мәртебесін регламенттеуге мәжбүр етеді. Мұндай занды тұлғалар қазақстандық құқықтық болмыста бар.
      Осыған орай, жария және жеке құқықты заңды тұлғаларға бөлу туралы мәселенің шешілгеніне қарамастан, мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың құқықтық мәртебесін нақтылауға, жарғылық капиталына мемлекет қатысатын заңды тұлғаларды басқару мен бақылау мәселелерін шешуге бағытталған тиісті шараларды қабылдау орынды болмақ.
      Кәсіпкерлік заңнама жаңарту үшін пісіп-жетілді. Бұл саланы реттейтін жаңа сапалы заңнамалық акт қажет.
      Кәсіпкерлік кодекс кәсіпкерлік жалпыға міндетті мінез-құлық қағидаларын (ұйғарымдарды) нормативтік деңгейде белгілеу жолымен кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде жария және жеке мүдделердің теңгерімділігін қамтамасыз ететін кепілге айналуға тиіс.
      Кәсіпкерлік реттейтін заңнамада қамтылған түсініктерді нақтылап, біріздендіру, Кәсіпкерлік кодексте қоғамдық қатынастардың осы саласына арналған бірыңғай терминологияны бекіту қажет.
      Осы кодекс мәні жағынан, бизнес саласында әкімшілік кедергілердің өсуіне басты заңдық кедергі болатындай, кәсіпкерлікті реттеудің отандық әрі шетелдік практикасында бар ең үздіктерін қамтуға тиіс.
      Кәсіпкерлік ортаны жақсарту тұрғысында құқықтық бизнес мәдениеті мен іскерлік этикасын кәсіпкерлердің өздері дамытатындай жағдай жасау қажет.
      Осылайша, қазіргі кезде Қазақстан Республикасында кәсіпкерлікті ұйымдастырудың, мемлекеттік реттеу мен қолданудың бірыңғай базалық бастауын айқындаудың прагматикалық міндеті тұр.
      Ескерту. 2-бөлім 2.4.1-кіші бөліммен толықтырылды - ҚР Президентінің 16.01.2014 № 731 Жарлығымен.

 

      2.5. Қаржы заңнамасы отандық қаржы нарығының дамуы мен жұмыс істеуі үшін қолайлы орта жасауды, қаржылық қызметті тұтынушылардың құқықтары қорғалуын қамтамасыз етуге, қаржы ұйымдары қызметіне тең құқылы жағдай жасауға және қаржы нарығында адал бәсекелестікті қолдауға ықпал етуге тиіс.


      Бұл ретте, әлемдік, сондай-ақ отандық экономиканың даму үрдістерін ескере отырып, қаржы заңнамасының басымдығы банктердің қаржылық тұрақтылығының мониторингіне, ықтимал тәуекелдерді бағалауға, икемді реттеу режимін қалыптастыруға, банктер қызметіндегі проблемалық мәселелерге жедел әрекет етуге, сондай-ақ қаржы ұйымдарына қадағалау жүйесін әлемдік стандарттарға барынша жақындатумен байланысты болуы керек.
      Құнды қағаздар нарығын құқықтық реттеу ұлттық құнды қағаздар нарығы бәсекелестігінің артуына және одан әрі дамуына оның қатысушыларына қолайлы жағдайлар жасауға, эмитенттер базасы мен қаржы құралдары қатарының ұлғаюына инвесторлық базаны дамыту мен инвесторлар мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге бағытталады.
      Ұжымдық инвестициялау схемаларын дамытуды қолдау мақсатына, инвестициялық қорлардың пайлары мен акцияларын ұстаушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етумен бірге, инвестициялық қорлардың қызметін реттейтін заңнаманы жетілдіру керек.
      Құнды қағаздар нарығын дамытудың және инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделері қорғалуын қамтамасыз етудің басқа маңызды аспектісі, тұрақты және ашық жұмыс істейтін ұйымдасқан құнды қағаздар нарығын құру болып табылады.
      Заңнама отандық қаржы нарығының жұмыс істеуі мен дамуына, қаржылық қызметті тұтынушылардың құқықтары қорғалуына қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге және қаржы нарығындағы адал бәсекелестікті қолдауға бағытталған.
       Елде міндетті және ерікті сақтандырудың заманға сай жүйесі қалыптасып, жұмыс істеуде, сақтандыру қызметтерінің толыққанды нарығы орнықты. Сонымен қатар, аталған нарықтың ғаламдық тұрғыда дамуы әлемдік тәжірибеде қалыптасқан сақтандыру жүйелері мен отандық құқық қолдану тәжірибесін ескере отырып, ұлттық деңгейде барабар құқықтық реттеуді талап етеді. Электрондық сауда-саттықтың қарқынды дамуы жағдайында сақтандыру жүйесіндегі құқықтық мәселелерді шешу шеңберінде Интернет-сақтандыруды дамытуға және оны нормативтік-құқықтық регламенттеуге деген қажеттілік бар.
      Бағалау қызметі құқықтық реттелуі ұдайы көңіл аударуды және жетілдіруді талап ететін нарықтық экономика құралдарын маңыздысы болып табылады.
      Осыған байланысты:
      мемлекеттік бағалау стандарттарын белгілеуге;
      бағалау қызметін халықаралық талаптарға сәйкес келтіруге;
      мемлекеттік реттеу жүйесі мен бағалау қызметін өзін-өзі реттеуді жетілдіруге бағытталған кешенді ұйымдастырушылық-құқықтық шаралар қажет.

 

      2.6. Қазақстанның Конституциясында әлеуметтік мемлекетті құрудың негізгі құқықтары мен принциптері бекітілген. Бұл орайда негізгі міндеттердің біріәлеуметтік құқықтарды қамтамасыз ету мен қазіргі әлеуметтік саясатты іске асырудың ықпалды тетіктерін одан әрі қалыптастыру болып табылады.


      Мемлекеттің кешенді, көпсалалы сипаттағы әлеуметтік-құқықтық саясаты әлеуметтік маңызы бар проблемалардың кең ауқымын шешуге бағытталған. Оған, атап айтқанда, білім беру және денсаулық сақтауды, халықты жұмыспен қамтамасыз ету мен әлеуметтік қорғауды, қоршаған ортаны қорғауды және төтенше жағдайларға жол бермеуді құқықтық реттеу жатады.
      Нарықтық экономика жағдайында еңбек нарығының және халықтың жұмыспен қамту проблемаларының болуы еңбектің құқықтық қатынастарының өзекті мәселесі болып табылады. Осыған байланысты еңбек заңнамасын жүйелі талдау негізінде оның қолданылу практикасын жүйелі талдау әрі осы саладағы халықаралық тәжірибені ескеру қажет.
      Бұл ретте еңбек қызметі мен қызметкерлердің еңбек жағдайының сипатына байланысты еңбек және әлеуметтік заңнаманы одан әрі саралау мәселелері, сондай-ақ әлеуметтік әріптестіктің құралдары мен қолдану саласын кеңейту мәселелері пысықтауды талап етеді. Ұлттық компаниялардың, ұлттық даму институттарының және мемлекет акционер болып табылатын басқа да заңды тұлғалардың ұжымдары жүзеге асыратын еңбек қызметіне мүмкіндігі шектеулі адамдардың қатысу мәселесін құқықтық реттеу қажет. Бұл ретте, олардың денсаулық жағдайын ескере отырып, мұндай адамдар үшін бірыңғай қауіпсіздік талаптары мен еңбек жағдайларын көздеу керек.
      Азаматтардың әлеуметтік көңіл-күйін пәрменді ұйымдық-құқықтық реттегіштер жасау мемлекеттің, оның органдары мен лауазымды тұлғаларының ерекше назарында болуға тиіс.
      Әрбір мемлекеттік қызметші өзінің жұмыс орнында өздерінің мемлекеттік биліктің мүддесін білдіретінін түсінуі, осыған орай азаматтардың әрбір пікіріне барынша мұқият және мүдделілікпен қарауы, қай жерде және қандай себеппен туындаса да, туындаған жанжалдардың алдын алуға не болдырмауға тиіс.
      Әлеуметтік саладағы заңнама мемлекеттің әлеуметтік саясаты басымдықтарының серпінін, мемлекет беретін әлеуметтік игіліктердің тізбесі мен негіздерін кеңейту, әлеуметтік қамтамасыз етуге бағытталған қаржы көздерін айқындауда азаматтардың қатысуының жаңа нысанын жасауды есепке ала отырып, ұшқыр болуы тиіс. Әлеуметтік қорғау мен әлеуметтік қамтамасыз ету деңгейі осы саладағы іркіліссіз норма түзушілік процесін көздейтін мемлекеттің қаржылық мүмкіндігінің өсуіне байланысты жүйелі түзетілетін болады.
      Әлеуметтік заңнаманы дамытудың перспектикалық бағыттарының бірі: зейнетақы активтерін орналастыру кезінде қолда бар қаржы құралдарын пайдалану және жаңаларын жасау; азаматтардың жекелеген санаттарын, оның ішінде әлеуметтік төлемдер күн көрудің жалғыз көзі болып табылатын адамдар үшін әлеуметтік қорғаудың жүйесін жетілдіру болып табылады.
       Бірқатар өңірлерде экологиялық қиын жағдай орын алған біздің ел үшін ең өзекті мәселе табиғат қорғау заңнамасын, оның ішінде халықаралық міндеттемелер мен стандарттарға оны үйлестіру тұрғысында одан әрі жетілдіру мен дамыту болып табылады.
      Табиғатты қорғау қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында табиғи ресурстарды пайдалану және оларды қорғауды құқықтық реттеу тетіктерінің нақты аражігін ажырату керек.
      Табиғатты қорғау заңнамасы табиғатты тиімді пайдалануды және  экологиялық нормативтердісақтауды, экологиялық таза өндірістерді дамыту мен азаматтардың қауіпсіз жүріп-тұруын дамытуды ынталандыруға тиіс.
      Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар, азаматтық қорғаныс, өрт және өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы қатынастарды реттейтін нормативтік актілерді жетілдіруді және топтастыруды талап етеді, бұл сол қоғамдық қатынастардың осы салаларда құқықтық реттелу сапасы мен деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
      Ескерту. 2.6-кіші бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 16.01.2014 № 731 Жарлығымен.

 

      2.7. Азаматтық-іс жүргізу құқығы сот төрелігінің қолжетімділігін, азаматтық сот ісін жүргізуге қатысушылардың құқықтарын барынша іске асыруды қамтамасыз етуге, жеке адамның бұзылған құқықтары мен бостандықтарын, коғам және мемлекет мүдделерін уақтылы қорғауға және қалпына келтіруге арналған.


      Қолданыстағы азаматтық іс жүргізу заңнамасының нормалары осы мақсаттарды көздей отырып, экономиканың тез дамуына және құқықтық дауларды шешу қажеттігіне, азаматтардың заңгерлік сауаттылығының артуына байланысты болып жатқан өзгерістерді толық көлемде ескеруге тиіс.
      Қазіргі заманның болмысы тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың жаңа жүйесін енгізуді, меншік құқықтары мен шарттық міндеттемелердің қорғалуын күшейтуді талап етеді, сондай-ақ олар сот ісін жүргізудің жекелеген элементтерін түзету мен жеделдетілген талап-арыз арқылы іс жүргізуді енгізуді көздейді.
      Сот ісін жүргізудің қолданыстағы жүйесін жаңартпай жеделдетілген талап-арыз арқылы іс жүргізуді енгізу мүмкін емес.
      Жаңа Азаматтық іс жүргізу кодексі кейбір істер бойынша сот инстанциялары санын мүмкіндігінше қысқарта отырып, азаматтық істерді қараудың сараланған мерзімдерін белгілеп, азаматтық сот ісін жүргізудің икемділігін қамтамасыз етуге тиіс.
      Азаматтық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру жөніндегі шаралар:
      1) азаматтық істерді, соның ішінде кәсіпкерлерге қатысты істерді қарау тәртібін барынша төрешілдіктен арылтуға;
      2) мамандандырылған соттардың істің соттылығын соттылықты айқындаудың ерекше субъектілік қағидатынан субъектілік-мәндік қағидатына көшу негізінде, яғни сот ісі ауқымына тартылған субъектілердің санаттарын ескере отырып және құқықтық қатынастың сипатына қарай айқындауына;
      3) азаматтық сот ісінің жеңілдетілген тәртібінің саласын кеңейту, оның ішінде бұйрықтық іс жүргізуді қолдану саласын кеңейту жолымен, сондай-ақ мамандандырылған соттарға соттылығы тиесілі істер бойынша сот ісін жеңілдету арқылы одан әрі кеңейтуге;
      4) азаматтық істерді жедел қарап шешуді қамтамасыз ету мақсатында сот талқылауына істерді дайындау сатысын оңтайландыруға;
      5) істі түпкілікті шешуді жеңілдету мақсатында соттың іс бойынша жаңа шешім қабылдау (істі мәні бойынша қайта қарау) жөніндегі апелляциялық сатыдағы өкілеттіктерін іске асыру мүмкіндіктерін одан әрі кеңейтуге және сот актілеріне шағымдану құқығын іске асыруды қамтамасыз етуге;
      6) жеке-құқықтық жанжалдар тараптары арасындағы бітімге қол жеткізудің сот тәртібімен, сондай-ақ соттан тыс тәртіптегі түрлі жолдары мен тәсілдерін, оның ішінде істі сот талқылауына дайындаған кезде келісушілік рәсімдері шараларын пайдалану мүмкіндігін талқылаудың міндеттілігін бекітуге, сондай-ақ азаматтық құқықтарды қорғаудың соттан тыс нысандарын дамытуға (медиация, делдалдық және басқалары);
      7) электрондық сот ісін жүргізу және соттардың қызметінде ақпараттық технологияларды пайдалану тәртібін регламенттеуге бағытталуы мүмкін. Бұл арада іс бойынша тараптардан ақпаратты талап етуді қажет етпей, соттар мен өзге де мемлекеттік органдардың арасында ақпараттық алмасуды оңтайландыру туралы, бейнебайланыс, теле- және бейнеконференциялар арқылы бірқатар процессуалдық әрекеттерді қашықтан жүргізу мүмкіндігі туралы сөз болып отыр;
      8) істерді тез және сапалы қарауға кедергі болған, дәлелдемелерді жасырған, сотқа қатысудан жалтарған кезде сот ісін жүргізуге қатысушылардың процессуалдық құқықтары мен материалдық мүдделерін шектеу мүмкіндігін көздей отырып, олардың барынша тәртіпті болуын қамтамасыз етуге бағытталуы мүмкін.
      Сотты құрметтемегені үшін айқын қылмыстар бойынша азаматтық сот ісін жүргізу шеңберінде қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесін де қарастыруға болады.
      Ескерту. 2.7-кіші бөлім жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 16.01.2014 № 731 Жарлығымен.

 

      2.8. Мемлекеттің құқықтық саясатының маңызды буыны қылмыстық саясатболып табылады, оны жетілдіру қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу және қылмыстық-атқару құқығын, сондай-ақ құқықта қолдануды кешенді, өзара байланыста түзету арқылы жүзеге асырылады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет