Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы туралы



бет3/3
Дата17.10.2019
өлшемі73,25 Kb.
#50226
1   2   3
Байланысты:
Koncepciya kaz


      Қылмыстық құқықтың қазіргі жай-күйін бағалай отырып, тұтас алғанда оны серпінді дамыту қамтамасыз етілді деуге болады. Қолданыстағы Қылмыстық кодекс - қылмысқа қарсы күрестің, адамның құқықтары мен бостандықтарының, мемлекет пен қоғамның мүдделерін қылмыстық-құқықтық қорғаудың жеткілікті пәрменді құралы.
      Қылмыстық құқықты одан әрі дамыту, бұрынғыдай қылмыстық саясаттың қос векторлығын ескере отырып жүргізілуге тиіс. Ізгілендіру - ең бастысы, алғаш рет ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар жасаған адамдарға, сондай-ақ халықтың әлеуметтік әлсіз топтары - жүкті және асырауында кәмелетке толмаған балалары бар жалғызбасты әйелдерге, кәмелетке толмағандарға, жасы ұлғайған адамдарға қатысты болуға тиіс. Сонымен қатар ауыр және аса ауыр қылмыстар жасауға кінәлі, қылмыстық қуғындаудан жасырынып жүрген адамдарға қатысты, сондай-ақ қылмыстар кәнігілігі кезінде қатал қылмыстық саясатты алдағы уақытта да жүргізу қажет.
      Қылмыстық құқықты дамытудың маңызды бағыты, ең алдымен аса қоғамдық қауіп тудырмайтын адамдарға (абайсызда қылмыс жасаған кәмелеттік жасқа толмаған адамдар, өзге де адамдарға - жазаны жеңілдететін мән-жайлар) қатысты қылмыстық жазалаудан босатудың шарттарын кеңейту арқылы қылмыстық қуғын-сүргінді қолдану аясын кезең-кезеңмен қысқарту мүмкіндігін айқындау болып табылады.
      Қазақстан ратификациялаған халықаралық шарттармен қылмыстық заңды сәйкес келтіру маңызды болып табылады. Бұл арада, атап айтқанда, сөз қылмыстық сипаттан арылту ғана емес, керісінше кейбір құқық бұзушылықтардың жекелеген түрлеріне қылмыстық сипат беру, сондай-ақ қылмыстық әрекеттердің кейбір санаттары үшін, соның ішінде экологиялық, экономикалық және сыбайластық қылмыстары үшін заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығын енгізу туралы болып отыр.
      Қылмыстық құқық бұзушылықтарды жіктеу және санатқа бөлу критерийлерін айқындауда жаңа тәсілдер қажет. Әлемнің бірқатар елдерінде жасалғандай, Қылмыстық кодекс қылмыстық жазаланатын әрекеттердің өзге жіктемесіне: тиісті санаттағы қылмыстарға және қылмыстық теріс қылықтарға негізделуі мүмкін. Қылмыстық теріс қылық үшін соттау соттылыққа әкелмеуге тиіс.
      Осылайша, мемлекеттің қылмыстық саясаты:
      қылмыстық заңға «қылмыстық теріс қылық» санатын енгізу;
      экономикалық салада аса қоғамдық қауіп туғызбайтын кұқық бұзушылықтарды әкімшілік құқық бұзушылықтар қатарына ауыстыра отырып, одан әрі қылмыстық сипаттан арылтуға, сондай-ақ жекелеген қылмыстық құқық бұзушылықтардың ауырлық дәрежесін қылмыстық теріс қылықтар санатына ауыстыру немесе жазаны жеңілдету арқылы (депенализация) қайта бағалауға;
      кәмелетке толмағандарға, олардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қауіп төндіретін қылмыстар үшін, террористік, экстремистік және сыбайлас жемқорлық қылмыстар үшін, ұйымдасқан қылмыстық топ немесе қылмыстық қауымдастық құрамында қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықты күшейтуге;
      бас бостандығынан айырумен байланысты емес қылмыстық жазалауды қолдану саласын кеңейтуге, оның ішінде бас бостандығынан айыру түріндегі жазалауларды жекелеген санкциялардан алып тастауға не бас бостандығынан айырудың ұзақ мерзімін азайтуға;
      айыппұл салуды қылмыстық жазалаудың тиімді түрі ретінде айқындауға және оның қолдануды кеңейту мүмкіндігіне;
      санкциялардағы жазалаулардың Қылмыстық кодекстің баптарында ауырлығы бір санаттағы қылмыстарға парапарлығын және олардың әділ жазалау қағидатына сәйкестігін белгілеуге;
      қылмыстық жазалаудың баламасы мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын енгізуге;
      өлім жазасын қолдану аясын кезең-кезеңмен тарылту бағытын жалғастыруға;
      қылмыстық жауаптылықтан босату, жазасын өтеу, жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату институттарын жетілдіруге бағытталуға тиіс.
      Қылмыстық құқықты одан әрі жетілдіру адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын шектейтін заңдардың сапасын арттыруға байланысты, ол заң тұрғысынан дәл әрі оның салдарларының болжамды болуы талаптарына сәйкес келуі тиіс, яғни оның нормалары жеткілікті дәрежеде нақты тұжырымдалуы және құқықтық іс-әрекетті құқыққа қайшы іс-әрекеттен айыруға мүмкіндік беретін ұғымды өлшемдерге негізделген болуы тиіс, бұл ретте заң қағидаларын өз бетінше түсіндіру мүмкіндігін болдырмау қажет.
      Ескерту. 2.8-кіші бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 16.01.2014 № 731 Жарлығымен.

 

      2.9. Қылмыстық сот ісінің оңтайлы моделі жасалмайынша мемлекеттің қылмыстық саясаты тиімді болмақ емес. Сондықтан қылмыстық-іс жүргізу құқығын дамыту перспективалары туралы айтқанда, Республиканың қолданыстағы Қылмыстық-іс жүргізу кодексі негізінен қылмыстық әділет жүйесін қазіргі уақыттағы демократиялық, құқықтық мемлекеттің сипаттарына сәйкес келтіргенін атап өткен жөн. Заң шығарушының басты мақсаты тікелей қолданылатын, заңдардың мәнін, мазмұнын және қолданылуын айқындайтын және әділ сотпен қамтамасыз ететін, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтары туралы конституциялық нормаларды тануға негізделген қылмыстық іс жүргізу заңын қалыптастыру болатын.


      Сол себепті қылмыстық-іс жүргізу құқығын дамытудың басымдығы қылмыстық сот ісінің адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған негізін қалаушы қағидаттарын дәйекті түрде одан әрі іске асыру болып қала бермек.
      Бұл үшін қылмыстарды, жылдам әрі толық ашу, қылмыс жасаған адамдарды әшкерелеу және қылмыстық жауаптылыққа тарту, әділ сот талқылауы және қылмыстық заңды тиісінше қолдану мақсатында қылмыстық іс жүргізу заңнамасын және жедел-іздестіру қызметі туралы заңнаманы тиімді қолдануды көздейтін оңтайлы құқықтық тетіктерді әзірлеу талап етіледі.
      Қылмыстық істер бойынша іс жүргізудің заңмен белгіленген тәртібі - негізсіз айыптау мен соттаудан, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын заңсыз шектеулерден мүлтіксіз қорғауды қамтамасыз етуге, кінәсіз адамды заңсыз айыптаған немесе соттаған жағдайда оны тез арада және толығымен оңалтуға, сондай-ақ заңдылық пен құқық тәртібінің нығаюына, қылмыстың алдын алуға, құқыққа құрметпен қарауды қалыптастыруға ықпал етуге тиіс.
      Жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырған кезде заңдылықты, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын мүлтіксіз сақталуы маңызды міндет болып табылады. Бұл ретте азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беретін жүйені күшейту, адамның жеке өміріне қол сұқпауды, жедел іздестіру қызметінің құралдары мен әдістерін заңсыз пайдаланғаны үшін жауаптылықты қамтамасыз ету қажет.
      Осы тұрғыда жеке өмірге қол сұғылмау ұғымының анықтамасына ғылыми-негізделген құқықтық тәсілдерді тұжырымдау қажет.
      Қылмыстық процесте айыптаушы мен қорғаушы тараптарының бәсекелестігі принципін одан әрі дамыту жөнінде шаралар қабылдануы керек.
      Осылайша, қылмыстық іс жүргізу құқығын жетілдірудің негізгі бағыттары мыналарды қамтиды:
      хаттамалық нысанның элементтерін пайдаланып, қылмыстық теріс қылықтарға қатысты қылмыстық сот ісін жүргізу тәртібін заңнамалық регламенттеу;
      қылмыстық процесті жеңілдету және оның тиімділігін арттыру, оның ішінде сотқа дейінгі іс жүргізу тәртібін оңайлату;
      тергеуге дейінгі тексеруді заңнамалық алып тастау;
      қамауға алуға балама бұлтартпау шараларын, оның ішінде кепілді қолдануды кеңейту үшін жағдай жасау;
      тараптардың келісуіне және келтірілген зиянның өтелуіне негізделген сот төрелігін қалпына келтірудің жаңа институттарын бірте-бірте енгізу;
      процессуалдық келісім институтын заңнамалық дамыту;
      айыпталушылар мен күдіктілерге ғана емес, сонымен бірге жәбірленушілерге, куәлерге де қылмыстық істер бойынша білікті заң көмегін ұсыну тетігін одан әрі жетілдіру.
      Ескерту. 2.9-кіші бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 16.01.2014 № 731 Жарлығымен.

 

      2.10. Қылмыстық-атқару саласында мынадай шаралар кешенін қабылдау қажет.


      Қылмыстық әділет саласына азаматтарды тартуды азайту, қылмыстық қуғын-сүргін шараларын үнемдеу мақсатында қоғамнан оқшаулауға байланысты емес қылмыстық-құқықтық шараларды неғұрлым кеңінен қолдануға жағдай жасау қажет. Бұл ретте заңнамада және сот тәжірибесінде қылмыстық-құқықтық ықпал ету түрі мен шараларын таңдау ең алдымен, оның нақты бір тұлғаға қатысты неғұрлым ықтимал тиімділігі туралы деректер есебіне негізделетін тұжырымдар әзірленуге тиіс.
      Сонымен қатар соттардың бас бостандығынан айыруға балама шараларды неғұрлым белсенді қолдануы үшін олардың орындалу тиімділігін арттыру қажет, ол үшін осындай шаралардың орындалуына жауапты мамандандырылған органды институционалдық дамыту талап етіледі.
      Бас бостандығынан айыру қылмыстық жазалау түрінің әлі де болса негізгі түрі болып қалып отырғанын ескере отырып, жазалау жағы басым болып отырған бас бостандығынан айырудың тәрбиелік жағын күшейтетін шараларды қабылдау қажет. Атап айтқанда, жазаларды орындауды даралау принципі негізінде сотталғандарды ұстауды, оларға түзеу-тәрбиелік ықпал етудің түрлері мен әдістерін одан әрі дамыту қажет.
      Бас бостандығынан айырылғандарды қоғамдық пайдалы еңбекке және/немесе оқытуға, әлеуметке қосу, оның ішінде есірткіге қарсы, алкогольге қарсы мазмұндағы әлеуметтік бағдарламаларға тарту арқылы не әлеуметтік белсенді қызметтің өзге түрлерімен жұмыспен қамту проблемаларын шешу өзекті болып табылады.
      Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі тәртіпті сақтауға қойылатын жоғары талаптарды сақтаумен және қамтамасыз етумен қатар қылмыстық жазаларды орындау (өтеу) процесін психологиялық-педагогикалық қамтамасыз ету, қылмыстық-атқару жүйесі персоналының мәртебесін арттыру және оларды әлеуметтік-құқықтық қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды күшейту қажет.
      Бұлармен қоса, бас бостандығынан айыру орындары үшін жеке адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жазаның осы түрін өтеп жатқан адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуы маңызды болып табылады. Бұл саладағы неғұрлым перспективалы бағыттардың ішінде ұстаудың камералық тәртібіне біртіндеп көшіру қажет, бұл ретте сотталған адам күндізгі уақытта мекеме шегінде жүріп-тұру және жеке қарым-қатынас жасау мүмкіндігіне ие бола отырып, түнгі уақытта бөлек үй-жайға қамалады.
      Айыптыларды жазалау және олардың жазаларын өтеу кезеңіндегі құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуы жөнінде қоғам мен мемлекет мүдделері арасындағы теңгермені сақтауға, дамуына баса назар аудару қажет болатын қоғамдық бақылаудың белгіленген тетіктері көмектеседі.
      Бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдарға медициналық қызмет көрсетудің, әсіресе қылмыстық жазасын өтеп жатқан адамдар ауруларының профилактикасы жүйесінің сапасын арттыру да маңызды болып табылады.
      Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарды толыққанды қоғам мүшесі ретінде әлеуметке қосу аясындағы тұтас мемлекеттік саясатты қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі шаралар қажет.
      Жалпы алғанда қылмыстық жазаларды атқару жүйесін жалпыға бірдей халықаралық стандарттарға одан әрі жақындата беру керек.

 

   3. Құқық қорғау мен сот жүйелерін және құқық қорғау институттарын дамытудың негізгі бағыттары



 

      3.1. Қазақстанның тәуелсіздігі жылдары ішінде демократиялық және құқықтық мемлекеттің сұранысына сай келетін құқық қорғау жүйесі қалыптасып, тұтас алғанда тиімді жұмыс істеп келеді.


      Сонымен қатар, мемлекеттің құқық қорғау қызметі одан әрі дамытуды және жетілдіруді талап етеді. Осыған байланысты бұл қызметтегі басты басымдық мыналар болуға тиіс: қылмысқа қарсы күрес, заңдылықты және қоғамдық қауіпсіздікті камтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандығын қорғау, мемлекеттің кез келген құқық бұзушылыққа ден қою әрекетінің бұлтартпастығын қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтарға «мүлдем төзбеушілік (толерантты болмау)» принципін мүлтіксіз ұстану, қылмыстарды жылдам әрі толық ашу, оларды жасаған адамдарды әшкерелеу және қылмыстық жауаптылыққа тарту, құқық бұзушылықтардың алдын алу, қылмысқа қарсы күресте азаматтармен өзара іс-қимылдар жасасу.
      Осы міндеттерді шешу үшін құқық тәртібі органдарын нығайту, олардың жұмыстарының нысандары мен әдістерін жетілдіру ғана емес, сонымен қатар кадр саясатының тұрақтылығын қамтамасыз ету, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің біліктілігі мен тәртібіне талапты күшейту қажет.
      Ұлттық құқықтық жүйені жаңғыртудың кезекті кезеңінің шеңберінде азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүддесі үшін қолданылатын және біздің құқық қорғау жүйемізді қазіргі заманның сын-тегеуріндеріне барабар ден қоюға мүмкіндік беретін жаңа деңгейге шығаратын жаңа редакциядағы тиісті кодекстерді әзірлеу және қабылдау арқылы қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу, қылмыстық атқару және әкімшілік-деликтік заңнаманы реформалауға қажеттілік бар.
      Қылмыстық сот ісін жүргізудің мүлдем жаңа бейнесі бұған құқықтық және сот жүйесінің жалпы мемлекеттік аппараттың дайын болуын талап етеді.
      Соңғы екі он жылдықта қабылданған шараларға карамастан, құқық қорғау блогындағы өзгерістер негізінен кеңестік парадигманың шеңберіндегі жаңғырту шараларына шоғырланды.
      Жаңа қылмыстық заңнама, ең алдымен, қылмыстық іс жүргізу заңнамасы қолданысқа енгізілгеннен бастап құқық қорғау жүйесінде жүйелі, түбегейлі өзгерістер болады.
      Жаңа жағдайларға, ең бастысы, адам құқығы болып табылатын заң шығару өрісінде тиімді жұмыс істей білуге бейімделу бірінші кезекте еліміздің құқық қорғау жүйесінің ұйытқысы болып табылатын прокуратура қызметін жетілдіруді талап етеді.
      Прокуратураның негізгі функциясы ретінде оның қадағалау қызметінің тиімділігін арттыру қажет.
      Алдағы уақытта прокуратура органдары қызметінің іс жүргізу негіздері жетілдіруді қажет етеді. Осы жұмыс аясында сотқа дейінгі іс жүргізудегі прокурордың рөлі мен жауапкершілігін прокуратура жүзеге асыратын қылмыстық қудалау функциясының құрамдас бөлігі ретінде прокуратура органдарының қоғамға елеулі қауіп пен қиындық тудыратын қылмыстар туралы қылмыстық істерді тексеруі арқылы арттыру қажет.
      Прокуратура органдарының құқық қорғау қызметіне қатысты үйлестіру функциясының, оның ішінде осы функцияны тиісті құқықтық регламенттеу арқылы оның тиімділігін одан әрі арттыру керек.
      Ішкі істер органдарының басты міндеттері қоғамдық тәртіпті қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жеке адамға, меншікке қарсы қылмыстарға және басқа да жалпы қылмыстарға қарсы күрес болып табылады. Азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығы, еліміздегі қылмыстың жай-күйі пен криминогендік жағдайдың деңгейі ішкі істер органдары қызметінің тиімділігіне байланысты, сондықтан ішкі істер органдарын жетілдіру процесі қылмыстық көріністер мен құқық бұзушылықтардың алдын алуда олардың жылдам әрі барабар әрекет етуін қамтамасыз етуге бағытталуға тиіс.
      Қаржы полициясы органдары экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте өздеріне жүктелген міндеттерді орындай отырып, өз мақсатын толық көлемде орындауда.
      Сонымен қатар нарықтық экономика жағдайында қаржы полициясы органдарының қазіргі жағдайларда үнемі орын алып отырған экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа пәрменді қарсы тұру мүмкіндігі болуы үшін әрқашан жұмыс нысандары мен әдістерін жетілдіріп отыруы қажет. Қаржы полициясы экономикалық және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға жүйелі негізде қарсы тұруы қажет, сыбайлас жемқорлықтың туындауына ықпал ететін себептер мен жағдайларын анықтап, жоюы керек. Қаржы полициясы органдарының негізгі міндеттерінің бірі бизнес қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оның қызметіне негізсіз араласуды болдырмау болып табылады.
      Құқық қорғау органдарында неғұрлым тиімді ұйымдастырушылық-басқарушылық тетіктерді орнықтыру және тиісті функцияларды тиімді бөлу мақсатында олардың құрылымы мен функцияларын оңтайландыру қажет, осы орайда құқық қорғау органдарын оларға тиесілі емес функциялардан босату мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Бұл ретте құқық қорғау органдарында әкімшілік реформа жүргізу кезінде қолданылатын шаралар олардың құқық қорғау әлеуетін төмендетуге, қылмысқа қарсы іс-әрекеттеріндегі мүмкіндіктерінің әлсіреуіне әкеп соқтырмас үшін олардың қызметінің өзгешеліктері мен ерекшеліктерін ескеру қажет.
      Құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін бірыңғай құқықтық стандарттар мен қызмет өткеру нормалары, оның ішінде мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің санаттарына қойылатын біліктілік талаптарына ұқсас арнайы біліктілік талаптары, құқық қорғау органдарына қызметке қабылдаудың конкурстық тәртібі қажет.
      Сонымен бір мезгілде осы органдардың алдына қойылған негізгі міндеттер мен функцияларды тікелей орындайтын әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлерінде әскери және арнайы атақтарды сақтай отырып, құқық қорғау органдарын қарусыздандырудың белгілі бір желісін кезең-кезеңімен жүргізу керек.
      Құқық қорғау органдарының тиімді қызметін қамтамасыз ету мақсатында олардың қызметін сандық көрсеткіштер бойынша ғана емес, сонымен қатар, сапалық параметрлері бойынша да бағалаудың өлшемдерін нақты айқындау кажет. Құқық қорғау органдарының қызметінде басты көрсеткіш азаматтардың оларға деген сенім деңгейі болуға тиіс.
      Тергеу аппараты қызметінің тиімділігін арттыру және оларды ұйымдастыруды жақсарту үшін үнемі жұмыс істеу керек, оның ішінде тергеушінің іс жүргізу мәртебесін арттыруға бағытталған шаралар қабылдау қажет.
      Құқық қорғау органдары басқарудың жаңа технологияларына мұқтаж. Осы бағытта жекелеген шаралар мемлекеттік көрсетілетін қызметті ұсынудың міндетті стандарттарын бекіту, Е-үкімет жүйесін және олардың қызметіне, атап айтқанда, мемлекеттік мәжбүрлеу шараларына және тергеу әрекеттеріне санкция беруге, жауап алуды жүргізуге және басқаларына байланысты олардың процессуалдық өзара іс-қимыл жасау кезінде сервистік технологияларды (бейнеконференцбайланыс, электронды цифрлық қолтаңбалар, жергілікті тораптар және электронды/цифрлық байланыстың өзге де құралдары) енгізу болуы мүмкін.
      Учаскелік полиция инспекторларына өкілеттіктер беру және халықтың пікірі толығырақ ескерілетін аттестациялау тәртібі де жетілдіруді қажет етеді.
      Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, оның ішінде терроризмнің, нәсілдік және діни экстремизмнің таралуының, заңсыз көші-қонның, нашақорлық пен есірткі бизнесінің, адам саудасының, компьютерлік қылмыстардың, атыс қаруын заңсыз жасау мен оның айналымының, сыбайлас жемқорлық сипаттағы, сондай-ақ ақша жылыстату саласына жататын халықаралық қылмыстардың алдын алуға және болдырмауға бағытталған құқықтық нормаларды уақтылы енгізу және дұрыс қолдану жөніндегі жұмыстарды да жалғастыру керек.
      Құқықтың маңызды міндеті - бұл ақпаратты қорғаудың ұлттық жүйесінің негіздерін, осы саладағы негізгі қауіп-қатерлерді, ақпараттық қауіпсіздік саласындағы біртұтас мемлекеттік саясаттың іске асырылу тетіктерін айқындау.
      Ескерту. 3.1-кіші бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 16.01.2014 № 731 Жарлығымен.

 

      3.2. Қазақстанның сот жүйесі тұтас алғанда азаматтардың құқықтары мен бостандығының, ұйымдар мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерінің сотта тиімді қорғалуын қамтамасыз етудің қажеттіліктеріне сай келеді.


      Сот-құқық жүйесін дамыту сабақтастық және кезеңділік негізінде жүзеге асырылады және мынадай бағыттарды көздейді.
      Оны дамытудың негізгі арқауы соттар мен судьяларды мамандандыру, оның ішінде ювеналдық соттарды дамыту, қылмыстық істерді қарайтын мамандандырылған соттар құру болып табылады, келешекте салық соттары және басқа да мамандандырылған соттар құрылуы мүмкін.
      Алдағы уақытта қазіргі әкімшілік соттар базасында әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді жалпы құзырлы соттардың ведомстволық бағынысына беретін, жариялы-құқықтық дауларды қарайтын әкімшілік әділет жүйесін құру қажет.
      Сот жүйесінің жетілдіру нәтижесінде түрлі сот инстанциялары функцияларының қосарлануы жойылуға тиіс.
      Негізгі заңға сәйкес судья сот төрелігін жүзеге асыру кезінде тәуелсіз және тек Конституция мен заңға бағынады (77-баптың 1-тармағы). Сот актісі соттағы дауласушы тараптар арасында жаңа жанжалдарды тудырмай, дау-дамайды барынша шектеуі тиіс.
      Сот жүйесінің даму перспективасы сотқа дейінгі іс жүргізудегі сот бақылауының шегін кезең-кезеңімен кеңейту мүмкіндігімен де байланысты болмақ.
      Аралық және төрелік соттар жүйелері дамитын болады.
      Қоғам сот билігінің қызметін толық, объективті және бейтарап жария етілуіне мүдделі. Осы мақсатта халықтың сот қызметі туралы ақпаратқа барынша қол жеткізуін ұсыну арқылы сот жүйесінің ашықтығы мен айқындылығы деңгейін арттыру қажет.
      Сот ақпаратын тіркеудің заманға сай құралдарын енгізу сот ісінде бәсекелестік принципін іске асыруға ықпал етеді. Сот жүйесін жоспарлы түрде ақпараттандыру сот төрелігін іске асыру процесінде жедел ақпараттық-құқықтық қолдауды қамтамасыз етуге, істерді қарау тәртібін жеңілдетуге және мерзімдерін қысқартуға, сот шешімінің орындалу тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
      Сот кадрларын іріктеу тәртібін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар қажет, бұл ретте судьялардың кәсібилігі мен биік адамгершілік қасиеттері - сапалы судьялар корпусын қалыптастырудың негізі болып табылатындықтан, судьяға үміткерлерге қойылатын біліктілік талаптарын қатаңдату мәселесі өзекті болып табылады. Сот қауымдастығының өз тарапынан да судьялардың Судья әдебі кодексінің талаптарын сақтауына қатаң бақылау, жол берілген барлық жөнсіздіктерге барабар әрі шұғыл әрекет етуі қажет.
      Судья тәуелсіздігі кепілдіктерін орнықтыру үшін соттарды қаржыландыру және судьяларды тұрғын үймен қамтамасыз ету "сот төрелігін толық әрі тәуелсіз жүзеге асыру мүмкіндігін қамтамасыз етуге тиіс" дейтін Конституция талаптарының толыққанды іске асырылуы маңызды мәселе болып қала беруде, бұл мемлекеттің қаржылық мүмкіндіктерін ескере отырып, судьялардың әлеуметтік қорғалуы және соттардың материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі деңгейін кезең-кезеңмен көтеруді көздейді.
      Сонымен қатар сот төрелігін іске асыруға араласқаны үшін, сотқа  құрмет көрсетпегені үшін кінәлі адамдар заңда белгіленген жауапқа тартылуға тиіс.
      Сот ісін жүргізудің аяқтау сатысы сот актілерін орындау болып табылады, сондықтан олардың мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ететін шаралар қабылдануы қажет. Осыған байланысты мемлекеттік сот орындалуымен қатар жеке сот орындаушыларының институтын енгізу – сот ісін жүргізудің тиімділігін арттырудың маңызды шарасы. Сот шешімдерін орындаудың аралас моделі шеңберінде мемлекеттік сот орындаушылары мемлекеттен өндіріп алу жөніндегі құжаттарды мәжбүрлеп орындату құқығына ие болуға тиіс.
      Сот актілерін мүлтіксіз орындауға, оның ішінде сот шешімін орындаудан бас тартқаны үшін жауапкершілікті күшейту, борышкерлерге қатысты шектеу шараларын қолдануды одан әрі кеңейту, атқарушылық іс жүргізуге іс жүргізушілік сот бақылауын күшейту арқылы қол жеткізу қажет.
      Ескерту. 3.2-кіші бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 16.01.2014 № 731 Жарлығымен.

 

      3.3. Қазақстанда құқықтық мемлекет құру азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаумен байланысты арнайы институттарды одан әрі жетілдіруді талап етеді.


      Адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесіндегі маңызды тетігі Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты болып табылады. Бұл мемлекеттік құқық қорғау институтын құру Қазақстандағы демократияның дамуындағы үлкен қадам болды. Осы институт қызметінің нәтижелігін арттыру мәселесін қарау керектігін тәжірибе көрсетіп отыр.
      Құқық қорғау институттары жүйесіндегі жетекші рөлге азаматтарға заңгерлік көмек көрсету жүйесінің негізі болып табылатын адвокатура ие.
      Азаматтардың білікті заңгерлік көмек алуға конституциялық құқығын іске асыру әділ сот төрелігіне қол жеткізудің шарты мен кепілі болып табылады. Осы құқықтың іске асырылу тетіктері жетілдіруді қажет етеді.
      Алқабилер сотын енгізу, қамау санкциясын соттарға беру адвокатура рөліне жағымды әсерін тигізді. Алайда, қылмыстық іс жүргізудің белсенді қатысушысы ретіндегі іс жүргізудегі адвокаттың құқықтарын іске асырудың тиімді құқықтық тетіктерін талап етеді.
      Заңгерлік көмек көрсету жүйесінің өзі де жетілдіруді талап етеді. Ең алдымен табыс деңгейі төмен адамдарға құқықтық көмек көрсету жүйесін жақсарту қажет.
      Қалалық және ауылдық жерлерде біркелкі емес адвокаттық қызмет көрсетумен қамтудың мәселесін бірте-бірте шешу қажет.
      Ақысыз заңгерлік көмек көрсететін адвокаттардың еңбегіне ақы төлеуге әкімшілік ету жүйесі де түзетуді қажет етеді. Аталған жүйені шоғырландырылған және ашық ету қажет, бұл бюджет қаражатын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
      Адвокаттардың жауапкершілігін міндетті сақтандыру институты енгізілген елдер тәжірибесін ескере отырып, мұндай сақтандыруды біздің елде енгізу мүмкіндігін қарастыру қажет.
      Маңызды міндеттердің бірі нотариат қызметінің жүйесін жетілдіру болып табылады. Нотариаттың азаматтық айналымдағы қатынастардың қосымша тұрақтылығын және заңдық қауіпсіздігін, азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін сапалы қорғауды қамтамасыз ететін құқықтық инфрақұрылымның бір бөлігі ретіндегі рөлін нормативтік-құқықтық айқындау қажет. Нотариаттың ұлттық моделі нотариаттың көмегіне барлық ел аумағында қол жеткізуді қамтамасыз етуге тиіс.

 

   4. Сыртқы саяси және сыртқы экономикалық


қызметті құқықтық қамтамасыз ету

 

        Мемлекеттің құқықтық саясатының жаһандану жағдайында барынша қанат жайып келе жатқан халықаралық-құқықтық қырлары бар. Осыған орай аталған саясаттың маңызды бағыттарының бірі сыртқы саяси және сыртқы экономикалыққызметті құқықтық қамтамасыз ету болып табылады.


      Сыртқы саясат саласындағы ұзақ мерзімді ұлттық мүдделердің қорғалуына, халықаралық аренада екі жақты және көпжақты сипаттағы өзара пайдалы ынтымақтастықты қамтамасыз етуге бағытталған осындай қызмет барабар халықаралық-құқықтық реттеуді қажет етеді.
      Ұлттық заңнаманы қабылданған халықаралық міндеттемелер мен халықаралық стандарттарға сәйкес келтіру жұмысын жалғастыру керек. Бұл жерде аталған жұмыста, ең алдымен, ішкі қажеттіліктер мен елдің дамуындағы басымдықтарды басшылыққа алу қажет.
      Мемлекеттің сыртқы саясаттағы мақсаттарын іске асыру үшін халықаралық шарттар жасасуға және халықаралық ұйымдарға қатысуға деген теңдестірілген әрі салмақты көзқарас талап етіледі, ол үшін әлеуметтік-экономикалық, саяси-құқықтық және басқа салдарларды болжау жөніндегі байыпты жұмыс жасалуы керек.
      Қазақстанның ұлттық мүдделерін халықаралық аренада қамтамасыз ету үшін, оның ішінде қауіпсіз, тұрақты Орталық Азияны қалыптастыру, өңірдің тартымдылығын арттыру үшін халықаралық-құқықтық институттар мен ұйымдар белсенді пайдаланылуы тиіс.

 

   5. Құқықтық білім беру, құқықтық насихат



 

      Құқықтық саясаттың құрамдас бөлігі, елдің индустриялық-инновациялық дамуын қамтамасыз етудің, оның зияткерлік әлеуетін арттырудың маңызды шарты болып табылатын ғылыми және білім беру қызметін құқықтық реттеу болмақ.


       Ғылым-білім беру қызметінің құрамдас бөлігі, өз кезегіндеқұқықтық білім беру, құқықтық насихат, яғни құқықтық мәдениет мәселелері болып табылады. Осыған орай, азаматтардың құқықтық санасын, оның ішінде мемлекеттік қызметшілер арасында заңгерлік сауаттылықты арттыру жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет. Халық арасында интернет-ресурстарды қоса отырып, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы құқықтық насихаттың сапасын арттыру мен көлемін кеңейту, заңнаманы және құқық қолданудың өзекті проблемалары бойынша, атап айтқанда, азаматтардың күнделікті өмірінде жиі қолданылатын құқық салаларында ғылыми зерттеулерді жандандыру қажет.
      Ұйымдастырушылық-құқықтық сипаттағы іс-шаралармен тығыз байланысты мәселелердің бірі заңгерлік білім мәселесі болып табылады. Қоғамға және мемлекетке адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қорғауға бағдар ұстанған және патриоттық бағыттағы жаңа сипаттағы заңгерлік кадрлар керек. Нақ осындай тәсіл заңгерлік білім жүйесінің негізі болуға тиіс.
      Қазіргі жағдайда түрлі бейіндегі заңгер кадрларды дайындаудың проблемаларын шешудегі мемлекеттің мүмкіндіктерін шоғырландыру жолымен өту орынды. Мұндай тәсіл мемлекеттік ресурстардың ысырап болмауына және заңгер кадрлар даярлаудың сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

 

   6. Қорытынды



 

      Құқықтық саясат тұжырымдамасының қағидаларын іске асыру Республика Конституциясының негізгі идеялары мен принциптерін Қазақстанда құқықтық мемлекет құрылымының жаңа кезеңінің аясында өмірімізде жүзеге асыруға мүмкіндік береді.


      Тұжырымдаманы іске асырудың тиімділігі және тиісінше ұлттық құқықтың тұрақтылығы, құқықтық реттеудің пәрменділігі мемлекеттік биліктің барлық тармағының сындарлы өзара іс-қимылына, билік органдары қабылдаған шешімдердің сапасына және лауазымды тұлғалардың жауапкершілігіне байланысты.
      Қазақстандық заңнаманы осы Тұжырымдамада белгіленген мемлекеттің құқықтық саясатының негізгі бағыттарына сәйкес кешенді дамыту және тиімді пайдалану заңдылық режимін одан әрі нығайтуға, адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтауға, еліміздің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге, қазақстандық мемлекеттілікті нығайтуға ықпал ететін болады.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет