Қола дәуіріндегі тайпалар. Қазақ халқының шығу тегін зерттеу, оны оқыту мәселесін қарастырғанда, біз көнедәуірлерде жерімізде өмір сүрген тайпалар тарихына соқпай өте алмаймыз. Әрине, бұдан ІІІ—ІV мың жыл бұрын қазақ жерінде өмір сүріп, көне мәдениеттің ескерткіштерін қалдырған тайпаларды қазақ халқының тікелей ата-бабасы деу шындықтан алысырақ болар. Сонымен қатар бұл тайпалардың қазақ мәдениетінің, дәстүрлі шаруашылығының т.б. этностық қасиеттерінің қалыптасуына қатынасы болған-болмағандығын саралау — ғылыми қажеттілік деп есептейміз.
Қандай болмасын халықтың шығу тегі — этногенезі оның мәдениетінің шығу тегімен (культурогенез), тілінің шығу тегімен (глоттогенез), түр-сипатының қалыптасуымен (расогенез) байланысты. Қазақстан жерін көне заманда мекендеген тайпалар бізге қола дәуірінен бастап белгілі. Дегенмен олардың этностық атауы жөнінде нақты деректер жоқ. Қазақстан аумағын және көрші аймақтарды б.з.д. ІІ-мыңжылдық мен 1-мыңжылдықтың арасында мекендеген тайпаларды біз олардың мәдениетінің атымен андрондықтар деп атаймыз. Андрондықтардың этностық тегі жөнінде әлі дәлелденген пікір жоқ. Кейбір ғалымдардың пікірі бойынша, андрондықтар фин-угор этностық тобына жатқан. Фин-угорлар дегеніміз — кейінгі финдер,марийлер, мордвалар, т.б. осы тілдес халықтардың ата тегі. Бір топ ғалымдар андрондықтар унді-иран немесе арийтектес халық деп есептейді. Үнді-иран, арий тілінде сөйлегендер қазіргі үнді, иран, пуштун, тәжік, т.б. халықтардың ата тегі. Андрондықтар — үнді-иран тектес деуші ғалымдар сан жағынан басым. Кейінгі кезде жекелеген ғалымдар: "Андрондықтар — түркі тілдес халық болған" деген пікір айтуда.
Андронов тарихи-мәдени бірлестігінің іздері Батыс Сібірден, Енисейден, оңтүстікте Орталық Тянь-Шаньнан, ОңтүстікТәжікстаннан, Ауғанстаннан, тіпті Солтүстік Пәкістан жерінен де табылуда. Андронов мәдениетін қалдырушы қола дәуірі тайпаларының негізгі орталығы Қазақстан жері болды. Бұдан біз, негізінен, Қазақстан жерін мекендеген андрон тайпаларының сол көне заманның өзінде-ақ көп жұрттармен мәдени-этностық байланыста болғандығын байқаймыз.Андрондықтар Қазақстан жерін 1 мың жылдай мекендеді, Қазақстан жерінде өздерінің ең көрнекті мөдени ескерткіштерін қалдырды, олар — қоныстар мен жерлеу орындары. Бұлардың жақсы зерттелгендері Орталық, Шығыс және Солтүстік Қазақстан жерінде. Қазақ жерімен көршілес далалы аймақтардағы кемінде ІІІ мыңжылдық тарихы бар көшпелі шаруашылық, тұрмыс, мәдениетінің негізін осы андрондықтар салды. Андрондықтар Еуразия даласындағы алғашқы металл өндірушілер болды. Оған — қола құрал-сайман, қару-жарақ жасауға қажетті шикізаттар — мыс пен қалайы кеніштерінің көп табылуы бірден-бір дәлел.
Андрондықтардың қыш ыдыстарындағы "балдақ", "үшкіл", т.б. өрнектерін кейінгі қазақтардың бау, басқұр, алашаларынан көруге болады.
Қола дәуіріндегі тайпалардың отқа, күнге табынуы, ата-баба аруағына сиыну, құрбандық шалу, туыстас адамдарды ортақ қорымға қою салты, жылқы мен қой малын көп өсіріп, солардың еті мен сүтін көп пайдалануы олардың қазақтармен мәдени тектестігін көрсетеді.
Сақтар мекендеген жерлер.
Сақтар. Б. з. д. 1-мыңжылдықта Қазақстан жерінде, Орталық Азияда, Ауғанстан мен Солтүстік Үндістанда сақ деген жалпы атауы бар тайпалар мекендеген. Дәл осы заманда Солтүстік Қара теңіз, Днепр өзені бойын скиф деп аталатын тайпалар жайлаған. Олар мәдениеті жағынан сақтарға туыстас болған. Осы кезде Еділ жағалауында, Орал тауының оңтүстік-шығыс бетінде савромат тайпалары өмір сүрген. Геродот сақ және скиф тайпаларының туыстығын көрсете келіп, олардың ортақ сколот деген атпен де белгілі екендігін айтады. Геродоттың айтуы бойынша, бұл тайпаларды скиф деп гректер атаған. Олардың тегі Азиядан шыққан, кейіннен массагет тайпаларының қысымымен Әмударияның арғы жағына өтіп Киммер жеріне қоныстанған. Көне парсы жазба ескерткіштеріне жататын "Персополь", "Бехистун" жазуларында тур тайпаларының ортақ атауын сака деп береді. Біраз кейінірек табылған жазбаларда сақтарды ендігі жерде үш топқа бөледі. Олар —
1. парадарайя сақтары.
2. тиграхауда сақтары.
3. хаомаварга сақтары.
Парадарайя сақтары дегеніміз — теңіздің арғы жағындағы сақтар. Бүгінгі күні көп зерттеушілер парадарайя сақтарының мекендеген жерін Қара теңіз жағалауы деп керсетеді. Тиграхауда сақтарының негізгі орналасқан жері Каспий теңізінің шығысынан Жетісуға дейінгі аймақ деп көрсетеді. Ал массагеттер осы тиграхауда сақтарының грек азбаларындағы атауы деген пікірлер де бар.
Тиграхауда сақтардың патшасы - Скунха. I-шi Дарияның Бехистун жазуындағы бедер, б.з.б. IV ғасыр
Тиграхауда сақтары жөніндегі деректерді Ахеменид патшалары II Кир мен Дарийдің оларға қарсы жасаған жорықтары жөніндегі жазба мәліметтерден де аңғарамыз. Сондай-ақ тиграхауда сақтары осы күнгі Ташкенттің маңайын, Тянь-Шаньдымекендеген. Хаомаварга сақтардың ең ірі, саны жағынан көп тайпасы болған. Грек жазба деректерінде оларды кейдеамюргия сақтары деп те атайды. Олар ежелгі Бактрия мен Маргиана аймақтарында, яғни Әмудария мен Мургаб өзендерініңжағалауларында орналасқан. Сонымен қатар хаомаварга сақтарының біраз топтары қазіргі Ташкент облысын, Ферғана маңын жайлаған.
Көне грек тарихшы-географы Страбонның хабарлауынша, массагеттердің солтүстігінде дах (дай) тайпалары өмір сүрген. Бұл, шамамен, Аралдың оңтүстігі мен Каспий теңізінің шығысы болса керек. Б.з.д. III ғасырдан бастап массагеттердің аты көп аталмайды, олардан гөрі дайлар (дах) тарихи мәліметтерде көбірек аталып, Каспийдің оңтүстік-шығысынан Парфияшекарасына дейінгі жерді алып жатты. "Авестада" сайрим деген тайпалар жөнінде айтылады. Осы сайрим тайпаларын кей ғалымдар грек деректеріндегі савромат, сарматтар деп есептейді. Олар Каспийдің солтүстік-батысынан Азов теңізінедейінгі аралықты жайлаған. Бұлардан солтүстікке қарай Жайық өзені бойына аргиппейлер тайпалары орналасқан. Аргиппейлерден шығысқа қарай исседондар жайлаған. Олардан солтүстік-шығысқа қарай аримаспылар мен алтын қорыған самұрық тайпалары орналасқан.
Сонымен, ғалымдардың тұспалдауы бойынша, аргиппейлер қазіргі Солтүстік, исседондар — Орталық, ал аримаспылар Шығыс Қазақстан жерін мекендеген. Бұл аталған тайпалар Қазақстан жерінде б.з.д. VIII—IV ғасырлар аралығында өмір сүрген. Бұлар өзара мәдени-этностық жақын, туыстас тайпалар болған.
Ғұн тайпалары.
Батыс Ғұн Империясының территориясы Орталық Азия даласынан бастап қазіргі кездегі Германия жерлеріне дейін, және Қара теңіз бен Балтика теңізіне дейін созылған. Б. з. д. V ғасырда Оңтүстік Монғолия мен Ордоста түркі тілдес, түр-әлпеті монғолоид типтес ғұн атты тайпа өмір сүрді. Ғұндардың санын қытай деректері әрқалай көрсетеді. Бір деректер бойынша, ғұндардың саны — 300 мың, ал әскері — 30 мың. Енді бір деректер бойынша, тек әскерінің саны — 300 мың да, ал халқының саны — 1 млн 500 мың. Соңғы деректерге б.з.д. II ғасырдың басындағы Ғұн империясына қараған бүкіл көшпелі тайпалар кірген болуы керек. Б.з.д. II—I ғасырлар аралығында ғұндар қытайлармен жиі қақтығысқа түсіп отырды. Бұл текетіресте көбінесе ғұндар жеңіске жетіп, қытайлар оларға әр мезгіл сыйақы төлеп отыруға мәжбүр болады.
I ғасырдың соңы мен II ғасырдың ортасында ғұндар сәнби тайпаларының ығыстыруымен батысқа жылжиды. Алдымен олар Шығыс Қазақстан және Жетісу жеріне еніп, осындағы жергілікті тайпалармен араласты. Осы жерлерде Юэбан атты мемлекет құрды. Бұл мемлекет б.з. V ғасырына дейін өмір сүрді. Ғұндар біртіндеп Еділ, Жайықтан батысқа қарайғы жерлерді де жаулап алды. Ғұндар Қазақстан жерін бұрыннан мекендеген сақтармен, үйсіндермен араласты. Олар бір-бірімен тұрмыс-тіршілігі, тілі жағынан жақындасты. Ғұндар өздерінен бұрын Қазақстан жерін мекендеген тайпалардың түркіленуіне, бет-әлпетінің монғолдануына біршама әсер етті. Ғұндармен бір мезгілде өмір сүрген және Қазақстан мен көрші аймақтағы этностық саяси жағынан үлкен әсер еткен тайпа юэчжилер болды. Олар өте күрделі этностық құрылымнан тұрған.
Достарыңызбен бөлісу: |