Кіріспе. Курстың мақсаты, мазмұны және қҰрылымы


ТАС ҒАСЫРЫН ДӘУІРЛЕРГЕ БӨЛУ



бет3/22
Дата27.03.2020
өлшемі1,15 Mb.
#60904
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22
Байланысты:
ВОРД 10 СЫНЫП

ТАС ҒАСЫРЫН ДӘУІРЛЕРГЕ БӨЛУ

 

  Тас дәуірінің хронологиясы. Адамзат тарихының бастапқы кезеңі тас дәуірі деп аталады. Оның бұлай аталу себебі алғашқы адамдар темір немесе басқа да металл түрлерін өндіруді әлі де меңгерген жоқ еді, олардың негізгі қарулары мен еңбек құралдарының барлығы дерлік тастан жасалды.



  Тас дәуірі өз ішінен палеолит (ежелгі тас дәуірі)мезолит (орта тас дәуірі) және неолит (жаңа тас дәуірі) болып негізгі үш кезеңге бөлінеді. Неолит кезеңінен кейін келетін энеолит (мысты-тас дәуірі) кезеңі – тас дәуірі мен қола дәуірінің арасын жалғастырушы кезең болып табылады. Біз бүгінгі сабағымызда палеолит дәуіріне тоқталамыз.

Палеолит дәуірі адамзат тарихының өте орасан зор уақыт кеңістігін – осыдан 2,6 млн. – 12 мың жыл бұрынғы уақыт аралығын қамтиды. Палеолит дәуірінің өзі ерте (төменгі) және кейінгі (жоғарғы) палеолит болып екіге бөлінеді. Ерте палеолит осыдан 2,6 млн. – 35-40 мың жылдар аралығын қамтиды. Ерте палеолиттің өзі үш кезеңге бөлінеді:



Олдувай (Дошель) кезеңі – 2,5-2,6 млн. – 700 мың жыл аралығы;

Ашель кезеңі – 700 мың – 150-140 мың жыл аралығы;

Мустье кезеңі – 140 мың – 40-35 мың жыл аралығы.

Кейінгі палеолит – 40-35 мың жыл – 12 мың жыл аралығын қамтиды.

Тас дәуірін археология ғылымы зерттейді. Сол дәуірде өмір сүрген ежелгі адамдардың өмірі мен тұрмысын зерттеуде де археология ғылымына сүйенеміз.

Археологиялық зерттеулерге қарағанда жер шарындағы ең ежелгі адамзат іздері Африка құрлығынан табылған. Шығыс, Оңтүстік-Шығыс Африкадан табылған адам сүйектері мен тұрақтарының мерзімі 2,5-2,6 млн. жылды құрайды. Ежелгі адамзат іздері Қытай, Индонезия аумақтарынан да табылып отыр.

Қазақстан аумағындағы палеолит ескерткіштері. Қазақстандағы алғашқы адамзат Ашель (700 мың – 140 мың жыл) кезеңінде пайда болған. Бұл дәуірдің ескерткіштері еліміздің оңтүстік, орталық және батыс аймақтарынан табылған. Қазақстан аумағындағы ең көне тас құралдары Қаратау жотасының оңтүстік-батыс жағында орналасқан Арыстанды өзенінің бойынан табылған. Оңтүстік Қазақстанда орналасқан Бөріқазған, Тәңірқазған тұрақтары да ең алғаш табылып зерттелген белгілі ескерткіштер қатарына жатады. Орталық Қазақстанның Құдайкөл, Жаман Айбат, Солтүстік Балқаш өңірініңСемізбұғы тұрақтары да Ашель кезеңінің ескерткіштері болып табылады. Батыс Қазақстанның Шақпақ Ата, Өңежекескерткіштері, Мұғалжар өңірінен ашылған тұрақтар да Ашель дәуіріне жатады. Бірақ Қазақстан аумағынан тас дәуірі адамдарының сүйектері әзір табылған жоқ, олар табиғи-климаттық жағдайларға байланысты бүгінгі күнге дейін сақталмаған. Біздің күнге дейін келіп жеткен олардың тастан жасаған құралдары ғана.

Қазақстан аумағынан мустье және кейінгі палеолит дәуірінің ескерткіштері де ашылған. Мустье кезеңіне жататын белгілі ескерткіш – Оңтүстік Қазақстанда орналасқан Ш. Уәлиханов атындағы көп қабатты тұрақ, сонымен біргеКөшқорған кешені де аталған кезеңге жатады. Кейінгі палеолит тұрақтары Шығыс Қазақстаннан көптеп ашылған, олардың ішінде – Қанай, Үңгір, Свинчатка, Шульбинка тұрақтарын атауға болады.

Ертеде өмір сүрген адамдар тас құралдарын өте көп мөлшерде пайдаланған. Олар тасты шебер өңдеу арқылы құралдардың шапқы, қырғыш, үшкіртас, бұрғы, пышақ, тескіш сияқты әралуан түрлерін жасаған. Мұндай тас құралдар Оңтүстік Қазақстанның Қаратау жоталарынан көптеп табылған. Ежелгі адамдар тастарды бір-біріне соғып, жару арқылы тас құралдарын жасаған. Бұл үшін өзен малтатастары көп пайдаланылды және олардан цилиндр тәрізді, жұмыр қарулар жасалынды. Мұны малтатас мәдениеті деп те атайды. Мустье дәуірінде тас өңдеудің өзгеше тәсілі пайда болған, бірақ малтатастарды да бұрынғыша пайдалана берген.

Қазіргі күнде адамның пайда болуының негізгі үш теориясы бар, олар – эволюциялық, теологиялық және адам жерден тыс өркениет арқылы жаралған деген теориялар. ХІХ ғ. Чарльз Дарвин негізін қалаған адамның эволюциялық жолмен пайда болуы жөніндегі пікір ғылымда үстем болып келеді. Бұл пікір бойынша ертеде өмір сүрген маймыл тектес адамдардың еңбек етуі арқасында дене құрылыстары мен ойлау қабілеттері бірте-бірте жетіліп, табиғи ортаға бейімделген. Еңбек құралдарын үздіксіз жетілдіру нәтижесінде өздері де жетілген. Бұл теория соңғы жылдары бірқатар сынға ұшырауда.

Адамның пайда болуының теологиялық теориясы – адамды құдай жаратқан деген негізге сүйенеді. Бұл теория адам ешқандай да эволюциялық жетілу жолы арқылы емес, жаратылу арқылы пайда болған деген пікірде, және бұл теория діни кітаптарды басты негізге алады. Адам жерден тыс өркениет арқылы пайда болған деген теорияның негізі – адамды басқа өркениет, басқа жаратылыс иелері жаратқан немесе ойлап шығарған деген пікірге барып тіреледі. Бұл теория бастапқы екі пікірге қарағанда кейіннен пайда болған.

Қазіргі әлемдік ғылымда адамның пайда болуының эволюциялық жолмен пайда болғаны туралы теория ғылыми дәлелденген болып саналады. Ол көптеген археологиялық зерттеулер арқылы да беки түсті. Археологиялық қазбалардан ежелгі маймыл тектес адамдар мен бойлары тіктелген ежелгі адамдардың қалдықтары, олардың тас құралдары көптеп табылды.



Ежелгі адамдардың қоғамдық құрылысы. Ежелгі адамдар қауымдасып өмір сүрді. Оларда жеке меншік, мүлік теңсіздігі сияқты ұғымдар болған жоқ, себебі олар жеке-жеке өмір сүре алмайтын. Еңбек құралдарына да қауымдық меншік орнады. Қауымның ер адамдары найза, сүңгі сияқты тас қарулармен аң аулады, жануарларды қаумалау арқылы да ұстады. Әйелдер мен балалар терімшілікпен айналысты, ер адамдарға көмектесті. Ежелгі адамдар үңгірлерді паналады, жануарлар терілерінен, бұталардан күрке тәрізді алғашқы үй орындарын да жасады. Ежелгі адамдардың отты пайдаланып үйренуі – олардың тіршілігіндегі үлкен жетістік болып табылды, осы арқылы олар өздерін қоршаған хайуанаттар дүниесінен жоғары тұрған тіршілік иелері екендерін дәлелдеді. От адамдарды суықтан, жыртқыш аңдардан қорғады. Оттың арқасында тағамдардың да түрлері көбейді. Дегенмен, қоғам өте баяу дамыды, себебі алғашқы адамдардың уақытының көбі тамақ тауып жеуге жұмсалатын.

Кейінгі палеолит дәуірінде адамдар арасында нәсілдер мен нәсілдік топтар қалыптаса бастады. Адамның ақыл-ойының дамуы нәтижесінде қоғам да дамып, заттай және рухани мәдениеттер дами түсті. Адамдардың қоғамдық ұйымдасуының нәтижесі ретінде рулар пайда болды және ана тектес шеше жағынан топтасқан аналық ру пайда болды. Қоғамдық өмірдегі әйелдердің жоғары дәрежесі үй шаруашылығының өзгешелігінен шықты, ол әйелдің руды өрбітуші ретіндегі отбасындағы рөлінен туындады.

Қоғамның баяу дамығанына қарамастан, ертедегі адамдарда белгілі бір наным-сенімдер болды. Олар үңгір қабырғаларына, жартастарға әртүрлі көріністерді бейнелейтін суреттер салды. Бұл суреттер адамзаттың ең алғашқы өнер туындылары болып саналады. Ертедегі адамдар арасында о дүние туралы түсінік қалыптасып, нәтижесінде күрделі әдет-ғұрыптық рәсімдер де пайда болды. Тас дәуірі адамзат тарихындағы аса маңызды кезеңдердің бірі болып табылады.

 

ЕРТЕДЕГІ ТҰРАҚТАР

 

Қазақстан аумағындағы палеолит дәуірінің бірқатар тұрақтары туралы өткен сабағымызда айтылды. Палеолит кезеңінің елімізде орын тепкен белгілі ескерткіштерін тағы бір қайталап өтейік. Олар Оңтүстік Қазақстанда – Арыстанды өзенінің бойы, Бөріқазған, Тәңірқазған, Ш. Уәлиханов атындағы тұрақ, Көшқорған кешені, Орталық Қазақстанда – Құдайкөл, Жаман Айбат, Обалысай, Өгізтау, Ақмая, Батпақ тұрақтары, Батыс Қазақстанда – Өңежек, Шақпақ Ата тұрақтары, Мұғалжар өңірі ескерткіштері, Шығыс Қазақстанда – Қанай, Үңгір, Свинчатка, Шульбинка, Қозыбай және басқа да ескерткіштер. Бұл тұрақ орындарынан палеолиттің әр кезеңдеріне жататын тас құралдары мен жануарлар сүйектері, от орындары т.б. артефактілер табылған.



Палеолиттен кейінгі келесі тарихи кезең – мезолит дәуірі б.з.б. 12–5 мыңжылдықтар аралығын алып жатыр. Дегенмен, Қазақстан аумағында мезолит ескерткіштері аз зерттелген. Алғашқы мезолит тұрақтары Қостанай маңы мен Торғай далаларынан табылса, қазіргі күнде бұл дәуір жәдігерлері Солтүстік, Оңтүстік, Орталық және Батыс Қазақстаннан табылған. Зерттелген мезолит тұрақтары Солтүстік Қазақстанда – Дачная, Евгеньевка, Мичурин, Боголюбов-2, Явленко-2, Тельман-7, 8а, 9а, 14а, Орталық Қазақстанда – Әкімбек, Қарағанды-15, Виноградовка-2а – 12, Торғай өңірінде – Дүзбай-6тұрақтары. Қазақстанда барлығы 20 шақты ғана мезолиттік тұрақ белгілі.

Палеолиттен мезолитке көшу климаттағы өзгерістермен де байланысты болды. Бірінші кезекте бұл мұздықтардың еруімен байланысты еді. Табиғаттағы болған өзгерістер нәтижесінде флора мен фауна да өзгерді. Мамонт тәрізді жануарлар түрлері жойылып, нәтижесінде аң аулау тәсілдерін де өзгерту қажеттілігі туды, тамақ табудың бұрынғы әдістері жарамсыз болып қалды. Тіршілік етудің жаңа әдістерін іздестіру қажеттілігі туындады. Нәтижесінде бір аймақтарда егіншілік пен мал шаруашылығы элементтері пайда болса, басқа өңірлерде балық аулау мен аңшылық кәсіптері қалыптасты. Мезолит дәуірінің ең үлкен жаңалығы – осы кезеңде садақ пен жебе ойлап табылды. Бұл аң аулау кәсібін барынша дамытты. Дегенмен, аңды қаумалап аулау тәсілі де кеңінен қолданылды.

Мезолит дәуірінде адамдардың бір жерлерден екінші өңірлерге қоныс аударуы ұлғайды. Бұл адам санының өсуіне байланысты жаңа аң аулайтын аумақтарды іздестіру қажеттілігінен туған еді. Адамдар оңтүстік өңірлерден солтүстік өңірлерге жаппай қоныс аудара бастады. Осының нәтижесінде мезолиттік тұрақтардың барлығы да бұрын палеолиттік орындар болмаған жерлерден табылды.

Мезолит дәуірінде адамдар өзендер мен көлдер жағасында орналасқан тұрақтарда мекендеген. Бірақ тұрғын үйлерінің орындары сақталмаған. Өте нашар сақталған қалдықтарына қарағанда олар бөренелерден салынған жеңіл тұрғынжайлар.

Мезолитте еңбек құралдарында да өзгерістер орын алды. Тас пышақтардың, жебе мен найза ұштарының саптары сүйектен және ағаштан жасала бастады. Ағаштар мен сүйектер ортасынан қиылып оларға тастардан өткір ұштар салынды. Мұндай құралдар бүкіл әлемде біркелкі тарады.

Неолит дәуірі – б.з.б. 6 – 3 мыңжылдықтар аралығын қамтиды. Бұл кезең тас құралдарының барынша көп қолданылған кезеңі болды, олардың түрлері молайып, сапалары да жақсарды. Еңбек құралдарын өндіру жетіле түсті. Жебе мен найза ұштары, балталар, пышақтар жасау жетілді. Тас балталар, кетпендер, дән үккіштер, келі мен келсаптар жасала бастады. Нефрит, яшма сияқты тастардан әшекейлер де жасалды.

Неолит дәуірінің ең маңызды жаңалығы – мал шаруашылығы мен егіншілік пайда болды. Бұл дәуірдегі адамдар енді табиғаттың дайын өнімдерін пайдалана бермей, оларды өздері де өндіре бастады. Бұрын хайуанаттарды тек аулап келсе, енді оларды қолға үйретті. Бұл тағам қорларын жинақтауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, адамдар көктемде жерге түскен дәнді дақылдан жаңа дәндер өсіп шығатынын байқады. Енді олар қажетті дақылдарды еңбек құралдарымен қопсытылған жерлерге себе бастады. Бұлардың бәрі иемденуші шаруашылықтан өндіруші шаруашылыққа көшу болып табылды. Бұл өзгерістер ғылымда «неолиттік революция» деп аталады. Шаруашылықтың жаңа түрлерінің шығуы – адамзат қоғамының дамуы үшін маңызы орасан зор болды.

Неолит дәуірінде қыш құмыра жасау, тоқымашылық өнері дамыды. Кен өндіру кәсібінің бастамалары шықты.

Әлеуметтік жағынан алғанда неолиттік дәуір – рулық қауым дәуірі болып табылды. Еңбек құралдарына ортақ меншік әлі де үстем болды. Неолит дәуірінде тайпалар мен тайпалық бірлестіктер құрылды. Тайпалар қандас-туыстық және біртекті шаруашылық сипатына қарай біріккен рулық қауымдардан құрылды. Неолит дәуірінде егіншіліктің пайда болуы әйелдердің еңбегін арттыра түсті. Олар жер жыртып, егін екті, өнім жинады. Жүннен, теріден киімдер, балшықтардан ыдыстар жасады. Әйелдер атқаратын жұмыстардың көбеюі олардың қоғамдағы рольдерін де арттырды. Бұл аналық рудыңпайда болуына әкелді. Аналық ру шеше жағынан туысатын жандардан тұрды. Метал қорытуды игеру ер адамдардың ролін арттырды. Қарапайым жер жырту құралдарымен жер өңдеу ісімен ересек ер адамдар да айналысты. Ер адамдар ролінің артуы – аталық рудың пайда болуына әкелді. Туыстық енді ата жолымен есептелді. Аталық ру бірнеше аталық отбасынан тұрды. Әр рудың өз ру атасы болды. Жалпы неолит дәуірінде қоғам егінші және малшы қауымдарға бөліне бастады.

Қазақстан аумағында неолит дәуірінің жүздеген ескерткіштері табылған. Неолиттік тұрақтар бұлақтар, өзен-көлдер бойлары мен үңгірлерде орналасты. Еліміз аумағында бұлақ бойындағы тұрақтар кең тараған. Неолит тұрақтары әсіресе Солтүстік Қазақстанда өте көп табылды. Солтүстік Қазақстанда В.Ф. Зайберт және Қостанай облысында В.Н.Логвин жүргізген археологиялық экспедициялары көптеген заттай материалдар тапты. Кейіннен ғалымдар сол табылған 300-ден астам тұрақтың заттай материалдарына талдау жасап Торғай үстіртінде неолиттік Мақанжар мәдениетін, Есіл өзені аңғарында неолиттік Атбасар мәдениетінің тарағанын бөліп көрсетті. Мақанжар мәдениетінің тұрақтары көбіне Торғай ойпатында орналасқан, олардың жақсы зерттелгендері Мақанжар, Тұздыкөл-2, Дүзбай-1-4,-12, Сор-2, Бестамақ, Амангелді тұрақтары. Атбасар мәдениетінің 200-ден астам тұрақтары белгілі болып, олардың 20 шақтысы қазылды. Бұл мәдениеттің ең жарқын ескерткіштері: Виноградовка-2 (жоғарғы қабаты), Тельман-1,-10, Явленка селосының маңындағыҚарғалы, Боголюбово, Жабай-Покровка-3 тұрақтары.

Неолиттік ескерткіштердің Оңтүстік Қазақстан аумағында жақсы зерттелгені Қараүңгір тұрағы. Үңгір екі бөлмеден тұрады, алдыңғы бөлменің ұзындығы 20 метр, төргі бөлменің ұзындығы 9 метр болады. Қазған кезде үңгірден көптеген тастан, қыштан, сүйектен жасалған құралдар табылды. Маңғыстауда б.з.б. V мыңжылдықта Ойықты және Төлес археологиялық мәдениеттері тарады. Неолит дәуірінің тұрақтарынан табылған заттарға қарап, сол кезде Қазақстан аумағындағы адамдар қыштан ыдыс жасап, жіп иіріп, тоқымашылықпен айналысқанын және бұйымдарды бояғанын көруге болады.

 

 

 ЭНЕОЛИТ. БОТАЙ МӘДЕНИЕТІ



 

 Неолит дәуірінен соң келетін келесі тарихи кезең – энеолит дәуірі деп аталады. Ол мысты-тас дәуірі деген мағынаны береді. Осы энеолит дәуірінде адамдар мыс балқытуды толық игеріп, оны тұрмыста кеңінен қолдана бастады. Энеолит дәуірі б.з.б. 3 – 2 мыңжылдықтар аралығын алып жатыр. Бұл дәуірдің басты ерекшелігі, жоғарыда атап өткеніміздей – металл өңдеуді игеру болып табылды. Осы дәуірде тас құралдар жасау ісі құлдырап, олардың орнына мыс қосылған бұйымдар жасала бастады. Энеолит дәуірінде алғаш рет мыстан жасалған пышақтар, шаппа-шоттар пайда болды, мыстан инелер ментүйреуіштер де жасалды. Тастан жасалған шапқыға қарағанда мыстан жасалған шоттың немесе басқа да құралдардың жұмыс істеу тиімділігі көп есе артты. Мыстан жасалған құралдар тиімділігі нашар тас құралдарды жаппай ығыстырып шығара бастады. Мыс қалыптардың ойлап табылуы құралдарды көбейтіп шығаруға мүмкіндік берді. Мыстан жасалған өткір жүзді құралдардың пайда болуынан қармақ сияқты бұрын белгісіз болған құралдар да ойлап табылды. Осының бәрі энеолит дәуірінің басты ерекшелігі болып табылатын.

Энеолит дәуірі мал шаруашылығы басым дамыған Қазақстан далаларына да үлкен өзгерістер әкелді. Бұл дәуірде климат ылғалды болатын, сондықтан да мұндай табиғи орта сүт қоректі жануарлардың, әсіресе жылқы малының көбеюіне жағдай жасады. Бұрын бір жерден екінші жерге жиі қоныс аударатын аңшы тайпалар өздерінің көшу аумақтарын қысқартып, бір орында ұзақ уақыт тұрақтай бастады. Аң аулау алқаптарының босауы мал санының одан ары ұлғаюына әкелді. Ал энеолит тұрғындары төрт түлік малды, әсіресе жылқыларды көптеп қолға үйретіп, анағұрлым үлкен аумақтарда шаруашылықтың бір түрімен шұғылдана бастады. Осыдан олардың неолит кездегіден бөлек өз дербес мәдениеттері пайда болды.

Ботай мәдениеті. Бұл мәдениет Қазақстанның солтүстік өңірлерінің далалық энеолитін сипаттайды, мерзімі б.з.б. 3 – 2 мыңжылдықтар арасы. Ақмола облысының Ботай қыстағы атымен аталған. Ботай мәдениетін қазақстандық археолог В. Зайберт ашқан. Ботай мәдениетінің үлкен ерекшелігі осындағы Ботай қонысынан 70 мың жылқының сүйегі табылған. Бұл оның тұрғындарының негізгі шаруашылығы жылқы өсіру болғанын көрсетеді. 2010 жылы британ ғалымдары ұзақ жылғы зерттеулер нәтижесінде, жер шарындағы жылқының алғаш қолға үйретілген жері Қазақстанның далалық аймағы, соның ішінде Ботай қонысы екенін анықтады.

Археологтар В. Логвин мен С. Қалиева Ботай мәдениетінің батыс жағынан зерттелген энеолит ескерткіштерінің ерекшеліктерін аңғарып, жеке Терсек мәдениетін бөліп көрсетті. Терсек мәдениетінде басқа мәдениеттің ықпалы айқын байқалған және кейбір ескерткіштері б.з.б. 4 мыңжылдыққа да жатуы мүмкін болған. Қостанай облысы аумағынан Ботай мәдениетіне ұқсас бірнеше қоныс ашылған, олар: Бестамақ, Тұздыкөл 1, Құмкешу, Қожай, Дүзбай 3, Ақмола облысынан –Ботай, Красный Яр, Васильков 4 қоныстары. Барлығы 20-дан астам қоныстар белгілі.

Қоныстар әдетте Торғай, Терісаққан, Тобыл, Обаған, Шағалалы сияқты шағын дала өзендерінің биік алаптарында орналасқан. Олардың көлемдері 2-3 гектардан 15 гектарға дейін жетеді. Бұл қоныстардың ішінде жақсы зерттелгені – Ботай қонысы. Ол шамамен б.з.б. 24-22 ғасырлар аралығында 200 жылдай өмір сүрген. Қазірге дейін 158 тұрғын үйдің орны табылған. Қоныстың тұрғын үйлері тығыз орналасып, бір-бірімен жалғасатын өзінше бір кварталдарды құраған. Бұлардың біреуінде 30-ға дейін үйлер болған.

Тұрғын үйлер жерден 1 метрге дейін шұңқыр қазылып, шығарылған топырақ оның жиегіне дуал етіліп үйілген және оған қабырғалар ретінде төбесі тарыла беретін бағаналар қойылған. Осы күмбез тәріздес құрылыс бұтақтармен және шым қабаттармен жабылған. Тұрғын үйлердің ішінде ошақтар және төбесінде түтін шығатын тесіктері де болған.

 Шаруашылығы. Қазақстанның энеолит дәуірінің тұрғындары мал шаруашылығымен айналысқаны жоғарыда айтылды. Мысты-тас дәуірі болса да олар әлі де өндірістік құралдарды тастан, сүйектен, саз балшықтан жасаған. Аттың жүгендері, кісендері сүйек бөлшектерін қосу арқылы жасалған. Бұл олардың жылқыны қолға үйреткенін тағы бір дәлелдейді. Тастан жасалған жебе, сүңгі, найза ұштары, пышақтар табылған. Бұлар аң және балық аулау құралдарына жатады. Ежелгі тұрғындар аң аулаумен де айналысқан, Ботай қонысынан мыңдаған жылқы сүйектерімен қатар бұланның, еліктің, зубрдың, турдың, аюдың, түлкінің, қоянның, қарсақтың, қабанның, құстардың сүйектері де көптеп табылған. Үй салу үшін ағаш өңдейтін балталар, шоттар, қырғыштар, кескіштер, қашаулар сияқты саймандарды пайдаланған. Тері өңдеу ісінде қырғыштар, қырнауыштар, жонғыштар, тері жұмсарту үшін сүйек келілер қолданылған. Киім тігуге қажетті инелер, тескіштер мен біздер де кездеседі.

Жерлеу ғұрпы мен басқа да белгілер энеолит тұрғындарында тотемизмнің, бабалар әруағына табынудың болғандығын көрсетеді. Адамдарды қоныстағы ескі тұрғын-жайларға жерлеп, қабірлерін айналдыра жылқының бас сүйектерін қойған. Тұрғын үйлердің бірінен, қабырғадағы сөреден ер адамның саз балшықпен мумияланған бас сүйегі табылған. Тұрғын үйлердің табалдырығы астына иттің көмілуі де жиі кездеседі, бұл да сол кезеңдегі рәсімдік сипат болып табылған. Жылқы бас сүйектерінің қойылуы жылқы тотемін, яғни жылқыға табынуды білдіруі мүмкін.

Энеолит дәуірінің жекелеген ескерткіштері Маңқыстаудан да табылған. Бірақ ғалымдардың пікірінше, ол б.з.б. 5 мыңжылдық аяғы – 4 мыңжылдық басында солтүстік және оңтүстік-шығыстан келген мәдениеті өзгеше екі толқыннан құралған.
 

 
ҚАЗАҚСТАН ҚОЛА ДӘУІРІНДЕ

 

Солтүстік және Батыс Қазақстан

Б.з.д. ІІ мыңжылдықта Еуразияның далалы аймақтарында қола алу тәсілі шығып, өндіргіш күштер қатарында төңкеріс жасалды. Ал өндіріске металдан жасалған құралдардың енуі, еңбек өнімділігін арттырды, шаруашылықтың жаңа түрлерінің пайда болуына себепші болды, жаңаша әлеуметтік қатынастарды қалыптастырды. Осы мәселелерді таратып айтар болсақ:

Түсті металдар мен алтынның өндірістік жолмен игерілуі - қола металлургиясы шықты.

Ең алғашқы еңбек бөлінісі - бақташылық, мал шаруашылығы мен теселі егіншілік пайда болды.

Әкелік отбасылық рулық қатынас орнады.

Рулық қатынастар ыдырап, қуатты тайпалық бірлестіктер құрыла бастады.

Андроновтық тайпалар алғаш болып экономикалық өмірдің озық түрі көшпелі мал шаруашылығына көшті.

Қола дәуіріндегі экономиканың басты – екі бағыты болып табылатын мал шаруашылығы мен металургияның, сондай – ақ егіншіліктің дамуы ең алдымен еркектердің еңбегін қажет етті; мұның өзі қоғамдағы ер азаматтардың ролін арттырды. Сондықтан аналық рулық қатынастың орнына аталық ру (патриархат) орнады.

Қола дәуірінде кен өндіріп, балқыту ісі орасан зор көлемде жүргізілген. Мәселен, Жезқазған өңірінде 100 мың тонна мыс қорытылған. Ал Успен руднигінде 200 мың тонна кен өндірілген.

Ежелгі кеншілер кенді тотықтыру тәсілін тапқан, сонда ол жыныста мыс пен қалайы қосындысы күрт көбейген. Кенді жүлгелерді тауып іске жаратқан, борпас жынысты «қайлалап», тас соққыштар мен балғалар қолданып өндірген. Ал қатты жыныстарға «отпен өндіру» тәсілін қолданған, бұл тәсіл бойынша жүлгенің шығатын жеріне немесе забойда от жағып, жыныс қызған кезде, ол шатынап жарылуы үшін оған су құйған, сосын шойбалғамен, қайламен соғып құлатқан. Ал металы бар жыныстарды көнектерге салып жоғары шығарған.

Сол сияқты кенді жыныс астын қуалай қазып, сосын үстен төніп тұрған рудалы қатпарды балғамен ұрып опырып түсірген. Ал, ұзын штольнялар ( жасанды үңгімелер) қазған кезде оған ағаш тіреулері пайдаланған. Шахта қасындағы су басына өндірілген руданы әкеліп, жуып, бос қоқыстардан тазартқан. Уақталған руданы қонысқа әкеліп арнаулы пештерге салып балқытқан, ондай пештер қалдықтары Атасу, Суықбұлақ, қоныстарынан, Қанай ауылының қасынан табылған.

Метал балқытатын шеберханалар орны Мало-Красноярск, Алексеевка, Никольское, Петровка ІІ-де бар екені мәлім болды. Металл балқытумен бірге андроновтықтар оны шыңдау, шекемелеу және қыспалау әдістерін білген. Алтын фольгамен оралған қоладан олар самай сырғаларын, алқалар білезіктер жасаған. Жетісудағы Қапал қыстағы жанындағы қорымнан табылған, ішкі жағына екі ат бейнесі салынған самайға тағылатын салпыншақ зергерлік өнердің ғажайып үлгісі болып табылады.

Қола дәуінде Қазақстан жерінде бірінен соң бірі жалғасып келетін екі -мәдениет болған. Оның алғашқысы - Андронов мәдениеті. Ал б.з.д 10-8 ғасырларда соңғы қола дәуірінде Беғазы-Дәндібай мәдениеті қалыптасқан.

Беғазы-Дәндібай мәдениеті негізінен алғанда Орталық Қазақстан жерінде кең таралған. 1941-1945 жылдардағы соғыс аяқталып, елдің жағдайы түзеле бастағаннан кейін ғана Орталық Қазақстанды археологиялық зерттеу басталды.

Қазақстан Ғылым академиясының Тарих, археолология және этнография институты жанынан арнайы Орталық Қазақстан экспедициясы құрылды. Оны ұзақ жылдар бойы ғұлама ғалым академик Әлкей Марғұлан басқарды.

Ә.Х. Марғұланның басшылығымен бір топ археолог-ғалымдар Орталық Қазақстанда ұзақ жылдар бойы қазба жұмыстарын жүргізді. Осының нәтижесінде тамаша археологиялық ескерткіштер ашылды. Олар- қоныстар, молалар, және т.б. Мұның бәрін жалпы атпен Андронов және Беғазы-Дәндібай мәдениеті деп атайды. Әсіресе Атасу, Былқылдақ қоныстары мен Айшырақ, Дарат молаларынан табылған ескерткіштер көп жаңалықтар ашуға мүмкіндік берді. Осы зерттеулердің нәтижесінде Орталық Қазақстан дүние жүзіндегі ежелгі және ерте замандардағы адамдар жасаған мәдениеттің белгілі орталықтарының бірі ретінде анықталып отыр. Ғалымдар тұңғыш рет Орталық Қазақстандағы қола дәуірін Феодоров, Алакөл, Дәндібай кезеңдеріне бөлді. Ерте феодоров кезеңіндегі ескерткіштерге Бұғылы, Ақсу-Аюлы, Ақшатау қорымдары жатады. Алакөл ескерткіштеріне Атасу өзенінің жоғары ағысындағы Айшырақ, Былқылдақ, ал Дәндібайға-Қарасай, Беғазы ескерткіштері жатады.

Андронов мәдениетінің бірінші ескерткіші 1914 жылы Сібір жеріндегі Андронов қонысындағы Ашинск селосы маңынан табылған. Сол жердегі қазба жұмыстарын 1914 жылы Б.В.Андрианов жүргізген. 1927жылы археолог М. П. Грязнов осындай қорымды Батыс Қазақстаннан да тауып, андронов мәдениетінің-ескерткіштері- шығыста Минусинскіден бастап батыста Оралға дейінгі орасан зор территорияға тарағанын анықтады. Кейінірек андронов ескерткіштері Қазақстанның түскейінен, Жетісу мен Орта Азиядан табылды.

Андронов қауымдастығы құрамына енген тайпалардың тараған негізгі аймақтарының бірі-Орталық Қазақстан болған. Бұл өңірден көптеген мекендер, қорымдар, көне рудниктер, құрбандық орындарымен тастағы суреттер- петроглифтер, 30-дан аса қоныстар мен 150-ден аса ескі қабір табылып зерттелген.

Солтүстік және Батыс Қазақстанда көптеген андроновтық мәдениет ескерткіштері ашылып зерттелген, олардың ішінен Алексеев қонысы мен Тасты- бұтақ қорымы кеңінен мәлім болды. Батыс аудандарда сақина секілді дөңгелете салынған қоршаулар етек алған. Ерте қола кезеңіне мәйітті өртеп көму рәсімі жатады. Орта қола кезеңінде үй салу, қоныстандыру ісі, өлікті жерлеуді ұйымдастыру, жерлеу ғұрпы біраз өзгерген. Енді қоныстарға бұрынғыдай бекіністер салынбайды, тұрғын жайлар, жартылай жертөлелер тікбұрышты – ұзынырақ болып келеді.

Кейінгі қола дәуірі қоныстарында түрі жағынан тікбұрышты, сопақ, сегіз тәрізді жартылай жертөлелер көбірек кездеседі. Шаруашылықта мал өсірудің әсіресе жылқы өсірудің рөлі арта түсті.

Солтүстік пен Батыс Қазақстан жерінде кола дәуірінің 150- ден астам қонысы, 200- ге тарта қорымы зерттелді. Батыс Қазақстан өңірінде үйлер негізінен, тастан салынды. Тұрғын үйлердің жанында қабырғасын сексеуілмен немесе шарбақпен шегендеген құдықтар да болды. Өлген адамдарды сол немесе оң жамбасымен, қол-аяғын бүгіп жерлеген.

 

Шығыс Қазақстан



Шығыс Қазақстанда Андронов мәдениетінің дамуы осы тектес жолмен жүрді. Ертіс пен Бұқтырманың, Күршімнің көкорай шалғынды алқаптарынан, Алтайдың таулы аудандарынан, Тарбағатай мен Сауыр далаларынан қола дәуірінің ондаған қоныстар мен қорымдары табылды. Қанай қорымы және онымен жарыса қатар орналасқан қоныс қабырғаларының дені кейінгі қола кезеңіне жатады. Ертістің оң жақ жағалауындағы қоныстан көлемі 50 шаршы метр тікбұрышты жартылай жертөле және онымен жалғас қоражайлар қазылып, аршылып алынды. Үй қабырғалары қамыспен бастырылып сылақталған.

 

Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу



Жетісуда Андронов мәдениетінің өзіндік нұсқасы бар. Таңбалы мен Қаратау сияқты тастағы суреттердің аса үлкен шоғыры Жетісу мен Қазақстанның оңтүстігінен ғана табылды.

Оңтүстік Қазақстан мен Жетісуда қола дәуірі ескерткіштері аздау зерттелген. Оңтүстік Қазақстанда қола дәуірінің ортаңғы кезеңінде жер бетіне қазылмай қойыла салған жұмыр тастардан салынған қоршаулар тән. Олардың пішіні тіктөртбұрыш, шаршы, сопақша, дөңгелек болып келеді.       



Шаруашылығы. Қазақстан территориясында қола өндіру ісі мыс пен қалайыны қорыту арқылы б.з.б. 2-ші мыңжылдықта басталды. Қола дәуірінде мал шаруашылығы көпшілік тайпалардың күнкөрісінің басты көзі болған.

Андроновтықтарда негізінен, отырықшы шаруашылық басым болған. Бұл әрине, егін шаруашылығының дамығанын көрсетеді. Жер тесемен өнделгендіктен, сол кездегі, егіншілік Андронов тайпаларында «теселі егіншілік» деп аталған. Көбінесе бидай, тары өсірген, бақшалық шаруашылық та дамыған.

Андронов тарих-мәдени бірлестігінің негізгі қалыптасқан аймағы - Қазақстан аумағы. Андронов тайпалары Қазақстан аумағын б.з.б. І-ші мыңжылдықта мекендеген ерте көшпенділердің тікелей мәдени -этникалық ата тегі болады деп айта аламыз.

 

 



 ҚОНЫСТАР

 

Қола дәуірінің қоныстары. Қазақстан жерінде қола дәуіріне жататын қоныстар өте көп анықталған. Қоныстар көбінесе өзен жағасында, көл жағалауларында орналасқан. Қоныстарда әдетте 5-10 үй, кейде 20 шақты үй болған. Қола дәуірінің соңына жататын қоныстарда қола және мыс орақтар кездеседі. Көкшетау маңындағы Шағалалы қонысынан қола шалғы табылған.

 Андронов мәдениеті екі кезеңге бөлінді. Алдыңғысы - Нұра кезеңі; кейінгісі - Атасу кезеңі. Нұра ескерткіштерін негізінен алғанда, жерлеу орындары көне қорымдар құрайды. Жерлеу орындары кішігірім қазандай жалпақ тастарды жерге жартылай бастырып орнатқан қоршау түрінде болып келеді. Қабір қабырғалары кішігірім жалпақ тастармен қаланған тас сандық сияқты. Тастан қаланып жасалған тас сандықты циста дейді. Тас сандық үсті бір немесе бірнеше екі-үш жалпақ тастармен жабылады. Бұл дәуірде өлген адамның сүйегін жартылай өртеп қойған. Нұра кезеңінің кейбір зираттарында адамды өртемей жерлеу ғұрпы да кездеседі. Ақтоғай ауданының аумағында зерттелген Қанаттас жерлеу кешенінің қоршауында адамды қабірдің ішіне қол-аяғын бүгіп отырғызып жерлеген. Нұра кезеңінің қоршауларында адаммен бірге қыш құмыраларды, малдың етін қойған.

Атасу кезеңінің жерлеу орындары нұранікіндей дөңгелек, төртбұрышты қоршаулар болып келеді. Атасу кезеңінде адамды сол күйінде жерлеген, өртенген сүйектер өте сирек кездеседі. Қабірлер үлкен қақпатастардан салынған, тас сандықтар – циста жоқ. Атасулықтар адамды қол аяғын бүгіңкіреп, бір қырынан, көбінесе сол жамбасына жатқызып жерлейтін болған. Атасу кезеңінде бір қоршаудың ішінде бірнеше қабір кездеседі. Бұл бір атаның балалары жерленген патриархалдық жерлеу орындары. Айшуақ кешенінің қоршауы осының дәлелі. Мұнда алты адам бір үлкен зиратқа жерленген, сонымен қатар кейіннен қайтыс болған туыстарын осы қоршауларға жапсырлас етіп салынған қоршауларда жерлеген. Жақын туыстарын зиратына жапсырлас жерлеу ғұрпы қазақтарда қазірге дейін кездеседі.

Орталық Қазақстандағы мыс кендерінің бай қоры ірі, күшті металлургия ошағының дамуына негіз болды. Қоланың кейінгі кезеңі Орталық Қазақстанда жаңа мәдениет – Беғазы-Дәндібай құрылуымен белгілі. Бұл мәдениетке тән бір қасиет ол бірінші жағынан, онда жаңа элементтер: мазарлардан айрықша типі өзіндік ерекшелігі бар жерлеу дәстүрі, қыш ыдыс-аяқтардың жаңа түрлері пайда болды. Мәйттерді бүктеліп жатқызып қоюмен бірге, оларды шалқасынан жатқызып қою да кездеседі.

Беғазы-Дәндібай мәдениеті. Соңғы қола дәуірінде (б.з.д. XIII-IX ғғ.) Орталық Қазақстанда андроновтықтар мәдениетінің негізіңде қалыптасқан Беғазы-Дәндібай мәдениеті өркендеді. Археологтар Беғазы, Дәндібай, Айбас дарасы, Бұғылы, Саңғыру-1 және Саңғыру-2 сынды зираттарды, Атасу-1, Ақмұстафа, Мыржық, Қарқаралы-1, Қарқаралы-2, Қарқаралы-3 (Суықбұлақ), Кент, Бұғылы-1, Бұғылы-2, Шортандыбұлақ және т.б. қоныстарды зерттеді.

Беғазы-Дәндібайлықтар үй жанындағы бақташылықтан экономикалық дамудың анағұрлым табысты формасы болып табылатын отарлы жайылымды шаруашылыққа көшкен еді. Бұл өзгеріс Беғазы-Дәндібай тұрғындары жасаған бірегей далалық өркениеттің қалыптасу алғышарттарын қамтамасыз етті. Осы уақытта көне қалалардың прототипі болып саналатын ерекше ірі қоныстар пайда болды. Неғұрлым жақсы зерттелген қонысқа Қарқаралы ауданындағы Кент тауының сайында орналасқан Кент қонысы жатады.

Беғазы-Дәндібай мәдениетінің ескерткіштерімен белгілі қола дәуірінің жаңа кезеңі басталды. Бұл мәдениет өздерінің атауын Дәндібай мен Беғазы қорымдарының сипаттары бойынша алды. Жалпы осы мәдениеттің тайпалары Орал тауының шығыс беткейінен, Қазақстан далаларын қоса отырып, Алтай тауларына дейінгі аумақты мекендеген.

Беғазы-Дәндібай мәдениетінің ерекшеліктерінің бірі керамика болып табылады. Ол «белдеулі керамика» деген атау алған. Белдеу (валик) - қыш ыдысқа балшықтан жапсырылған сәл дөңестеу жолақ түрінде болады, ол ыдыстың мойын тұсын сәндейді. Белдеу мерзімдік (хронологиялық) ерекшелік ретінде Алтайдан Балқан түбегіне дейін Еуразиялық дала алқаптары бойынша өте кең таралған болатын. Белдеулі қыш Беғазы-Дәндібай мәдениетінің барлық жерлеу орындарынан және қоныстарынан табылған. Әдетте ыдыстар белдеуден басқа тырнақ бедері, шырша, ирек, саусақ ізі, тор, үшбұрыштармен әшекейленген. Ою ыдыстың жоғарғы жағына салынған.

Кент, Шортандыбұлақ, Бұғылы-2 қоныстарында қола дәуірінің федоровтық-нұралық (орта қола) кезеңі мен соңғы кезеңінің, яғни белдеулі керамика кезеңінің ерекшеліктерін байланыстырған ыдыстар табылды. Бұл үлкен жаңалық еді. Басқа деректермен біріге отырып, осы маңызды мәлімет Беғазы-Дәндібайдің белдеулі ыдыстарының Андронов дәуірінен бастау алатынын, демек, Беғазы-Дәндібайлықтардың Андронов тайпаларынан тарағанын куәландырады. Андроновтықтар мен Дәндібайлықтар антропологиялық типі бойынша да біртектес. Еңбексүйгіш және Баянауыл тауларындағы Шойындыкөл молаларындағы дәндібай жерлеулерінен табылған үш бас сүйектің зерттелуі олардың Андроновтық еуропеоидтық түрге жататындығын көрсетті. Осы жағынан алғанда да, Беғазы-Дәндібайлықтар Андроновтықтардың ұрпағы болып табылады.

Шаруашылығы. Беғазы-Дәндібай дәуірінде адамдардың өмірінде мәнді езгерістер болған. Андронов кезеңіндегі мал шаруашылығының үй маңындағы түрінің орнына оның жайылымдық формасы қалыптасты. Мал шаруашылығының бұл түрі бойынша жайылымдар қысқы және жазғы деп бөлінген, қыста мал қоныс маңында ұстауда болады, ал жазда жайлауға айдалады. Шаруашылықтың мұндай әдісінде малмен бірге жазғы жайылымға қоныстың барлық тұрғындары немесе оның көп бөлігі кетеді. Беғазы-Дәндібай кезінде Қарқаралы өлкесінің тұрғындары малды, яғни сиыр, жылқы, ұсақ малды көптеп өсірген.

Қола дәуірінде Қазақстанды мекендеген тайпалар рулық тайпалық құрылыста өмір сүрді. Ру тайпалық құрылыстан бастап дамыған патриархалдық қоғам, мүлік теңсіздігі, әлеуметтік әрқилылық деңгейіне жетті.

Беғазы -Дәндібай кезеңінде үлкен патриархалды отбасыларға арналған, көп адам жерленген зираттардың орнына бір-ақ адам жерленген үлкен жерлеу құрылыстары кездеседі. Бұл сол кезеңдегі ру, тайпа көсемдерінің, беделді бай адамдардың зираты. Мүлік теңсіздігінің пайда болғанын қорым басшылары, ру тайпа көсемдерінің қабірінің биік әрі көлемі үлкен гранит тастармен қоршалуынан көруге болады. Жерлеу заттары да алтын мен қоладан жасалған, сән - салтанатымен ерекшеленеді. Қоғамда өндіргіш күштердің өсуінен әлеуметтік теңсіздік күшейе түсті. Бұған қоныстар мен молалардан табылған ескерткіштер дәлел бола алады.

ЕЖЕЛГІ ТАЙПА ОДАҚТАРЫ ТУРАЛЫ ДЕРЕКТЕМЕЛЕР

 

Тайпа одақтары мен ежелгі мемлекеттік бірлестіктер туралы деректемелік негіздер. Археологиялық деректемелер. Қытай, ертедегі парсы, грек, Рим деректемелері. Тарихтың атасы Геродот Қазақстанды мекендеген тайпалар туралы. Сақ философы Анахарсистің әлемдік философиялық ой кешу үрдісіндегі орны. Осы кезеңнің тарихи әдебиеттердегі зерттелу дәрежесі. Шығыс авторлары. Революцияға дейінгі дәуірді зерттеген орыс ғалымдары. Қазақстан тарихшыларының ғылыми зерттеулері. Бұл дәуірді зерттеудегі қазіргі ғылымның жетістіктері, кездесіп отырған қиындықтар.



 

Көне парсы деректері

Тарих ғылымы белгілі бір мәселені зерттеуді, ең алдымен, деректер жинаудан бастайды. Деректер тарихи болмыстышындық тұрғысынан оқып-үйренуге бағыт береді. Ежелгі Қазақстан тарихы жөнінде жазбаша деректемелер көне парсы, көне грек, латын, қытай тілдерінде бізге келіп жетті. Бұл жазбаша деректемелер мазмұны мен сипаты жағынан сан алуан болып келеді. Басты деректемелердің бірі Зороастризмнің киелі "Авеста" деген кітап атауымен белгілі. Ахура Мазда Құдайынаарналған "Авеста" жырларының авторы Заратуштра ("Кәрі түйеші" деген мағына береді) делінеді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет