Кіріспе Метрологиялық лексика (нумеративтер мен халықтық өлшем атауларының) тіл білімінде зерттелуі және қалыптасу жолдары


II тарау. М-Ж. Көпеев шығармаларындағы нумеративтік



бет4/11
Дата15.09.2017
өлшемі2,18 Mb.
#33004
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

II тарау. М-Ж. Көпеев шығармаларындағы нумеративтік

және метрологиялық (халық өлшемі) лексиканы

мағыналық түріне қарай топтастыру
2.1. Соматикалық атаулар
Соматикалық терминдер түркі тілдерінің лексикасында ерекше орын алған. Қазіргі уақытта осы тақырыпты арқау етіп, зерттеу жүргізіп жүрген ғалымдар да бар. Д.Х.Базарованың «Түркі тілдеріндегі дене мүшелері аттары және олардан туындайтын сөздердің семантикасы» еңбегі, С.Сыздықовтың «Названия частей тела и некоторые слова, связанные с ними» еңбектері осы дене мүше атауларына қатысты. Дене мүше атаулары тілдің лексикалық қорының көне қабаттарының бірінен орын алады. Адамның дене мүшелеріне қатысты өлшемдік ұғымдар байырғы метрологиялық атаулардың қатарынан орын алады, қолданысқа да өте қолайлы. Халқымыздың сөздік құрамынан орын алған бай өлшемдік ұғымдар ішінен адамның дене мүшелерімен байланысты пайда болған сөздер легі ұзындықты, салмақты, қалыңдықты, биіктікті аңғартады. Адым, құлаш, сүйем, қар, қадам, кісі бойы, қол созым , иек асты, бір табан лексемалары ұзындық мағынасын аңғартса, қарыс, сере, елі, бармақ, шынтақ заттың қалыңдығын, әсіресе жылқы малының арық-семіздігін нақтылауда пайдаланылады. Алақандай, білектей, жұдырықтай, тобықтай, тырнақтай атаулары заттың көлемін, ауқымын білдіру мағынасында жұмсалады. М.Қашқари сөздігінде дене мүше атаулары кездеседі: ағыз – ауыз, көз – көз, адзақ – аяқ, әлік – қол, аиа – алақан, қолдың алақаны, ерңек – бармақ, қолдың, аяқтың бармағы, саусақ, бір тү саш – тір тал шаш, баш – бас.

«Сан атаулары көне түркі тілдері мен қазіргі түркі тілдері материалдарында ерекше символдық мағынаға ие, қазіргі тілдік тұрғыдан түсіндіруге бола бермейтін сандардың бойындағы архаикалық дәстүрлердің сақталғандығы» [88, 142]. Халықтық метрологияны мәдени, этнографиялық, тарихи деректерсіз терең тану қиындық тудырады. Халықтық метрологияның бірқатар терминдері соматикалық ұғымдармен байланысты. Соматикалық атаулар сөздік қордың құнарлы тобы болып саналады, қазіргі таңда зерттеушілер тарапынан жиі қарастырылуда. Ә.С.Ташауов «Кодекс Куманикус» тіліндегі соматикалық атауларды зерттеу барысында оны төрт топқа бөліп қарастырады: 1. Адамның бас мүшесіне байланысты ағза атаулары. 2. Адамның кеуде тұрқына байланысты ағза атаулары. 3. Қол-аяққа байланысты ағза атаулары. 4. Адамның тұла-бойы, тұрқына байланысты ағза атаулары. «Кодексте» орын алған дене мүшесінің мынадай атауларын еңбегіне кіргізеді: баш/бас, арқа/арқа, қол/қол, айа / алақан, суыч / уыс, йуруқ / жұдырық, бармақ/ бармақ, соунчақ/саусақ, тырнақ/тырнақ, қары/ қары, қол, айағ, айақ/ аяқ, тіз/ тізе, табан/ табан т.б. [89, 16]. Осы еңбекте ғалым «Кодекс Куманикус» лексикасындағы дене мүшесіне қатысты сөздердің фоно-морфо-семантикалық табиғатын толық ашады. Сөз байлығының ең бір құнарлы тобы болып саналатын, сөздік қордың қойнауынан тарайтын соматикалық атаулардың табиғатын, жасалу жолдары мен қалыптасу тарихын жан-жақты зерттеген.

М-Ж.Көпеев шығармаларында да соматикалық атаулар көптеп кезігеді: елі, қарыс, қар, сүйем, құлаш, табан, бармақ, шынтақ, иек, уыс, қадам, адым, аттам, аршын, қол созым, тобықтай, жұдырықтай, білектей, алақандай, құшақ, бір аяқ, тырнақтай, бір арқа, белуардан , қызыласықтан, биіктігі – кіс бойы, бел буардан, т.б. Дене мүшелерінің атаулары түркі тектес тілдердің көпшілігінің лексикалық қабатынан орын алған, себебі адамның қоршаған ортаны жете тануы өзінің бойына тән ерекшеліктерді қарастыратын нысанмен салыстыруға негізделеді.

Б.К.Уызбаева өлшемге (метрономияға) байланысты: қас қараю, бір қолы он болу, көз ұшынан көріну, арқаны кеңге салу сияқты фразеологиялық тіркестерді көрсетеді [90, 10]. Көзді ашып-жұмғанша, кірпік қаққанша, қас қағым сәт, қас пен көздің арасында тұрақты сөз тіркестерінің жасалуына да соматикалық атаулардың түрткі болып тұрғаны байқалады. Ең алғашында бұл атаулардың барлығы дене мүшелерінің мәнін аңғартса, біртіндеп семантикалық жағынан жетіліп, өлшемдік мәнге ие болған. Қоғамның дамуы барысында адам қажеттілігін өтеудегі қызмет аясы артып, өлшеу қызметінде қолданылды. Адамның дене мүшелерінің ішінде өлшем ұғымдарын құрауға белсене араласатыны, яғни өнімділігі жоғары болып саналатыны – қол. Ойымызды тереңдетуде мына ойға ден қойсақ: «В современном казахском языке народный метроним «елі» мера, равная ширине пальца обозначает соответствующую толщину слоя или пласта чего-либо и в основном, применяется при измерении толщины брюшного жира заколотой лошади, толщины снежного покрова, ломтя хлеба, толщины доски, и.т.д., т.е. небольшую величину разных предметов в поперечнике» [91, 16]. Қол сөзімен қатысты өлшем мәнді сөзге мысал: Кереге қылатұғын ағашының ұзындығын өзінің отырған бойынан қол созым биік қылып отырып қана, қолын жоғары созып, мөлшерін сондай қылып ағашты турап тастапты (IX т., 253-б). – Менің биемнің тілінің түбіне тақалған жері қол басындай қап-қара еді (9 т., 157-б). Бұндай мысалдар М-Ж.Көпеевтің шығармаларында өте мол кездесетіндігіне картотека жинақтау кезінде көзіміз жетті.

Дене мүшесіне қатысты атаулар Н.И.Ильминскийдің сөздігінде де кездеседі: «Бармак – палець (собств.большой палецъ=бас бармак, а прочіе пальцы называются иногда қол. Имена пяти пальцевъ: бас бармак, сук кол указательный, ортаншы кол средниій, шынашак мизинецъ. Шынтак – локоть» [92, 84]. Өлшем мағынасындағы сүйем сөзі де түркі – монғол тілдерінде бірдей кездеседі. Монғол тілінде сөөм, саха тілінде сүйем. Алақан көпшілік түркі тілдерінде қолдың білек пен саусақ аралығындағы бөлшегінің ішкі жағын білдіреді [93, 118]. Ақын-жазушылар еңбектерінде, оның ішінде М-Ж.Көпеев шығармаларында да алақан, жұдырық сөздері көбінесе –дай жұрнағының тіркесуімен келіп, алақандай жер, жұдырықтай тас, ат төбеліндей жер түрінде шағын көлемді, аумақты білдіреді:

Аманжолдың ауыр қол жиып келсем, Алақандай аз ауыл жерге енерсің («Қыз бен жігіт», II т., 124-б).

- Алақандай бетін жұдырықтай нанға сатқалы кетті, - дейді («Жиренше шешен», VI т, 78-б). Құр алақан фразелогизмі қолда басы артық еш нәрсенің қалмағандығын, яғни жағдайдың төмендігін сипаттайтын тіркес. Тойға құр алақан келіпті десек, сыйлықсыз, бос келгендігін аңғартады.

Құр алақан болғанға құдай үшін, Ат түйеге бергісіз бір-бір бата («Хаятбақшы» III т., 126-б). Берсең де, дүние малын құны жетпес, Бармақтай қаралдысы – жамбы тас бар («Бір үйге», I т., 6-бет).

Сонан соң өздері кіріп барса, үйдің ішінде екі кісінің құшағы жеткісіз бәйбіше қатын отыр дейді (6-т, 184-б). Құшақ сөзінің араласуымен пайда болған күрделі тіркестен бәйбішенің денесінің ірілігін, толықтығын аңғаруға болады, яғни өлшемдік мағынадағы тапқыр қолданыс.

Бұдан шығатын түйін, соматикалық атаулар еркін сөз тіркестерінде ғана емес, тұрақты сөз тіркестерінде де жиі қолданылады. Бармақ единицасы арқылы ақын шығармаларында бармақтай, бармақтың қаралдысындай, бармақтың көлеміндей өлшем мәнді сөздер мен тіркестерді аңғаруға болады: Бармақтың қаралдысындай бір басты қолыңа салсаң, Сүлейменсің (9-т, 268-б). Үйірінен бір байталын және сойғызып қараса, бармақтың көлеміндей қара мік табылмапты («Тұлпардың дүбірі», 6-т, 92-б). Барлық құны бармақтың көлеміндей тас, болған бақыттың бақыттыққа не сәні бар? (9-т, 268-б). Бармақ атауына қатысты «бармағын жалау» деген ғұрып бар. Құрметті адамды біреу қонаққа шақырғанда оның жанына бір-екі жігіт шақырылмаса да ере барып, үй иесіне «Біз пәленшекеңнің бармағын жалауға келдік» - дейді. Мұның қазақ ғұрпында еш ерсілігі жоқ [94, 112]. Парсы тілінде саусақ, бармақ атауы есәре әнгошт деп аталады. Пелк – қабақ, чешм – көз, чәнг - уыс, қол, мошт – жұдырық, әбру – қас, әбру дәрһәмкеишдән – қабақ шыту, яғни түркі тілдерінің көпшілігінде соматикалық атаулар белсенді қолданыста.

Соматикалық атаулардан және нақты өлшем мәндегі атаулардан тұратын тұрақты сөз тіркестері Г.Смағұлованың еңбегінде өте жиі кездесетіндігін аңғардық: қарға адым жер, көзі іліну, азуы алты қарыс, қызыл көз пәле, күні бір уыс болу, маңдайының ырысы бес елі, тырнақ астынан кір іздеу, аяғын шалыс басу, қадамын қысқарту, аузын күншығысқа қарату, жұдырықтың астына алу, бір уыс қылу, ашса алақанында, жұмса жұдырығында, уысынан шығармау, бармағын батыру, табанын тілу, табанын тырнағын батыру, есесін жібермеу, бір сабақ жіп те алмау, қол ұшын беру, үйірімен үш тоғыз, қасықтай қанын қию, құшақ жайып қарсы алу, табанынан тік тұру, алақанына түкіру, екі елі ауызға бір елі қақпақ, жүрегіне жұдырықтай болып тұра қалу, төбесі көкке екі елі жетпеу, көзі алақандай болу, бармағын тістеу, балды бармақ, он саусағынан өнері тамған, ас ішіп, аяқ босатар, бір қазанға сыймай, қазанының қаспағы бес елі, ақылдан шайнам жоқ, маңдайының соры бес елі, құр алақан емес, екі дүние – бір қадам, маңдайының бес елі бағы бар, ырысы кере қарыс, ортан қолдай, егіздің сыңарындай, саусақпен санарлықтай. Бұл, әрине, сөздіктегі соматикалық атаулар мен өлшемге қатысты барлық фразеологизмдер емес, тек тікелей тақырыпқа арқау ету мақсатында кейбіреуін ғана келтірдік.



Тырнақ сөзімен қатысты өлшем мағынадағы сөз ақын еңбегінде кездескен. Мысалы: - Бәрекелді, барлық құны тырнақтың көлеміндей тас болған бақ-дәулеттің болғанға, тұрғанға не сәні бар? («Сүлеймен мен құмырсқа», IV т., 55-б). Тілімізде жиі қолданылатын тырнақтап жинау тұрақты тіркесі де мөлшерлік мағынада, адамның өзінің дүние-мүлкін, дәулетін адал еңбекпен, маңдай термен жинайтындығын, біртіндеп басы құралатындығын аңғартатын көрсеткіш. Өте жақын қашықтықты қол созым жер, бір адым, бір табан, қарыс, қадам, иек асты сөздерімен берсе, үлкен қашықтықты құлаш, ат шаптырым сөздері аңғартады. Бұл мәселеге қатысты Г.Я.Романова пікірінде: «Относительно устойчивые размеры народных метрологических единиц, связанных с частями человеческого тела, приводят к созданию средних эталонов измерения, основанных на нормальных средних условиях, обнаруживается также и взаимное отношение народных мер [95, 11] – деген тұжырым бар.

Қаракесек, Сүйіндік жазып жүрген, Бел буардан қара жер қазып жүрген (IX т., 61-б). Осы мысалда тереңдікті білдіретін бел буар – өлшемдік мәндегі атау. Ж.Ахмедова бұл сөз туралы: «Белбуардан – это сложное слово, оно состоит из существительного бел, глагола бу и аффикса причастия –ар, буквально: место, где проходит кушак, пояс, ремень. В каракалпакском языке и в некоторых говорах казахского языка оно произносится белбууар белбуар. До нас в основном дошла форма белуар, в которой второй корень бу свелся к у. Видимо, в этом некоторую роль сыграла артикуляционная близость фонем б и у и их взаимозаменяемость» [96, 7]. Белуарға қатысты этимологиялық сөздікте: «Бұл сөз бел және буар сөздерінің бірігуінен жасалған. Кейін айтыла келе белбуардың құрамындағы б дыбысы түсіріліп, белуар тұлғасында қалыптасып кеткен»[97, 61].

Осы ойды ғалым С.И.Садыбекова да құптайды: «Соматические наименования мер наиболее ярко выражают антропоцентрический принцип когнитивных процессов и данная лексико-семантическая группа отличается своим универсальным характером» [98, 24] – деп, соматикалық бірліктердің әмбебаптық ерекшеліктерін атап өтеді. Соматикалық атауларды іштей жіктеп көрсек, оның ішіндегі адым, қадам, сүйем, құлаш, құшақ, кез, қар атаулары ұзындықты өлшеуде қолданылады; қарыс, сүйем, елі, сере қарыс, жырта қарыс, бармақ, шынтақ заттың қалыңдығын анықтауда; ал тұтам, құшақ – заттың пішінін, ауқымын нақтылауда қолданылады. Соматикалық атау құлаштың кере құлаш, көш құлаш, өзек құлаш, сала құлаш түрлері сөздік қорымызда, көркем әдебиеттерде жиі орын алатын болса, қарыс өлшемдік лексемасының кере қарыс, сере қарыс, жырта қарыс, қарыс сүйем, қарыс қадам түрлерінің алма-кезек қолданылуы бұл атаудың мағыналық өрісінің кеңдігін, белсенді бірлік ретінде орын алатындығын танытады. Көзді ашып-жұмғанша, қас қаққанша, қас пен көздің арасында, табан астында, дем арасында фразеологизмдері лезде, қолма-қол мағынасында қолданылады.

Лингвистикада дене мүше атаулары соматизмдер (грек. sоmа – дене) деп аталады.

Соматикалық ұғымдармен келетін атауларға М-Ж.Көпеев шығармаларынан мысалдар келтірсек:

Берсең де, дүние малын – құны жетпес, Бармақтай қаралдысы – жамбы тас бар («Бір үйге» I т., 6-бет).

Жағасында бұл судың жата бермек, Былай басып, бір табан баруы жоқ («Қанағат туралы жұмбақ өлең», I т., 10-б). Бір арқа отынды алып келді. Кемпір бір аяқ көже берді («Желкілдек», II том, 163-бет). Бір тіленшіні көрсең: «Бір арқа отын алып келе ғой!» -де (9-т, 324-б). Бір қолымен белінен алды қысып, Бас-аяғы уысқа бір-ақ түсіп («Мұхаммед пен Әбужаһил», I т.,47- бет). Тақтайдан жуан елі көпір жасап, Астында шалқасынан жатты соның («Қажымұқан», I т, 225-б). Жуан, қалың білектей, бурыл мұртқа, Домалап улы жасы барып жеткен (7-том, 160-бет). Жетпіс құлаш шыңыраудан су шығарып, Егінжай қып қойыпты сусыз шөлді (III том, «Хаятбақшы», 146-б). Жоғарғы жағының биіктігі кісі бойы, - дейді, - мұз болып қатқан сүңгі бар, - дейді, - қолмен біреуін алсақ, түбімен қопарылып, қолға келеді, - дейді (9 мәтін. Сахабалар тарихы, қазақ қажылары, VIII т, 71-б, 2003 ж.). Көзім ілініп бара жатса, өн бойым мұздай болып, шымырлап бара жатқан соң, көзімді ашып жіберсем, білектей қара шұбар жылан ауызымның үстінен артылып түсіп бара жатыр екен (8-т, 186-б).

Кереге қылатұғын ағашының ұзындығын өзінің отырған бойынан қол созым биік қылып отырып қана, қолын жоғары созып, мөлшерін сондай қылып ағашты турап тастапты (IX т, 253-б). Қол созыммен мағыналас қолданылатын қол ұсыным тіркесі де жақын жерде деген мағынаны аңғартады.

Соматикалық атауларға байланысты туындаған фразеологиялық тіркестер тілімізде өте көп екендігіне І.Кеңесбаевтың сөздігіне назар аударғанда көзіміз жетті. Мысалдар келтіре кетсек, соматикалық атаулар туралы ойымыздың толыға түсері сөзсіз. Алақан соматикалық атауына байланысты: алақанға қарады, алақанға қойғандай, алақанға тұрды, алақан қышуы басылған жоқ, алақанның аясындай, алақаны жазық, алақанына қаратты, алақанынан түспеді, алақанына салды, алақанға түкірді, алақанын жайды, т.б. [99, 31]. Аяқ сөзіне қатысты: аяқ жетер жер, аяқ астынан, аяқ асты ету, аяқ асты болды, аяқ-қолын жерге тигізбеді, аяғынан тозды, аяқ алғысыз жер, аяғын қия баспады, аяғынан сабылды, аяғына бас ұрды, аяғының ұшынан басты, аяғы аспаннан келу, аяғы тайды, аяғыңды аңдап бас. Бармақ сөзіне қатысты: балды бармақ, бармағынан бал тамған, бармағын тістеді, бармақ басты, көз қысты, бармақ батырады. Жоғарыда соматикалық атаулар ішінде ең белсенді қолданыстағысы қол екендігін атап өткенбіз. Осы сөз фразеологиялық тіркес құрауда да қызметі ерекше екендігі аңғарылады: қол алысты, қол артты, қол астында, қол байлау болды, қол бастады, қол басындай (жұдырықтай), қол бұлғады, қолға алды, қолға түсті, қолға қарады, қолдан-қолға түсірмеді, қолды-аяққа тұрмады, қолды болды, қолдың саласындай, қол жайды, қол кесер, қолқама-қол салма, қол қусырды, қол созым жер, қол сұқты, қол соқты, қол тигізбеді, қол ұшын берді, қолы ашық, қолы босады, қолы кесілді, қолы қолына жұқпады, қолы қысқа, қолына қонды, қолымен күл көседі, қолын бір-ақ сілтеді, қолын жылы суға малды, қолын қақпады, қолының жымысқысы бар, қолы тар, қолы ұзын, қолы ілінді [100, 348]. Сол сияқты табан, жұдырық тәрізді соматикалық атауларға да қатысты тұрақты тіркестер мол ұшырасады: табан ақы, маңдай тері, табан аңдысты, табан аудармады, табандап тұрып алды, табан қарыс (өлшем), табан тіреді, табаны жерге тимеді, табаны күректей, табанынан сарсылды, табанын жалтыратты, табанын тайдырды, табанын тілді, табаны тайды. Жұдырығын түйді, жұдырық жеді, жұдырықтай бала, жұдырықтың астына алды. Соматикалық өлшемдік ұғымдарды ақын шығармаларында заттың түрлі белгілік ерекшеліктерін айқындауда, сапалық белгісін нақтылауда қолданылған. Дене мүшесінің атауларына сәйкес табиғи пропорция антикалық дәуірден келетінін байқататын деректер бар. «Меры, связанные с частями человеческого тела, получали постоянную величину и в таком виде почитались святынями и тщательно сохранялись» [101, 11] – деген Г.Я.Романованың пікіріне назар аудару барысында да бұл атауларға өте ертеден қатты мән берілгендігін, тіпті мұқият зер салғандығын байқауға болады.

Ф.И.Петрушевский дене атауларымен байланысты өлшемдік жүйені алғашқы қауымдық немесе табиғи дәстүр деп атаған, өйткені бұлардың барлығы – табиғаттың тартуы, халық қажеттілігін қанағаттандырудағы сыйы. Соматикалық атаулардың ішінде жиі кездесетін лексема – жұдырық. Жұдырық//жұмырық. Жұдырық сөзі жұмырықтың фонетикалық варианты: түркі тілдерінде м/д дыбыстарының алмасу заңдылығы бар. Жұмыр сөзіне –ық жұрнағы жалғану арқылы жұмырық//жұдырық зат есімі жасалған [102, 93]. Жұдырық – саусақтарды тегіс қатты жұмып, қысқандағы қолдың басы, жұмырық – саусақтары жұмылған қолдың басы [103, 109]. М-Ж.Көпеев еңбектерінде көбінесе жұдырықтай түрінде орын алып, заттың көлемін білдіреді: - Алақандай бетін жұдырықтай нанға сатқалы кетті, - дейді («Жиренше шешен», VI т, 78-б). Жұдырықтай тасты жерден алып: - Көз болсаң көнекке, тіл болсаң тасқа! – деп, сүттің ішіне тастай беріп, көнегінің бетін жаба қойды дейді (29-мәтін «Қазақ хандары», VIII т, 124-б).

М-Ж.Көпеев шығармаларындағы соматикалық атаулар ішінен сирек те болса кездесетін табан метрологиясын атап өтуге болады. Бұл бірлікті ақын көбінесе қашықтық, ұзындық мағынасын білдіруде, яғни өлшем мәнінде қолданған. Мысалдар: Жағасында бұл судың жата бермек, Былай басып, бір табан баруы жоқ («Бір үйге», I т, 10-б, 2003 ж). Қорек жалғар қарынға байлаулықтан, Бір табан асып әрі өтпе! – дейді. («Шешуі», I т, 11-б, 2003 ж).

Енді, міне, қартайдым, елу астым, Енді табан, қырыққа қадам бастым («Мінілмеген көлік», I т, 23-б, 2003 ж). Табан лексемасы да тіліміздің сөздік қорында белсенді қолданыста десек қателеспейміз, өйткені табан астында фразеологизмі қолма-қол, лезде, бірден мағынасын білдірсе, табандап тұрып алды тіркесі қозғалмады, өз айтқанынан қайтпады деген мағынада жұмсалады. Жылқы малының аса семіз қазысын табалдырық қазы, ал кей жерлерде табан қазы деп атайды. Шынтақ қазы, бармақ қазылар да соматикалық мәндегі өлшемдер. С.И.Садыбекованың табан лексемасына қатысты: «У многих славянских народов метроним стопа, в старославянском употреблявшийся для перевода соответствующей греческой меры, приобретают свою национальную специфику, в частности, в русском языке в связи с национальной обувью – лаптем. Так как размер лаптя был больше, чем стопа, применялись так называемая мера пол лаптя. По мнению Л.А.Молчановой, у народов неземледельческих стопа в качестве меры не употребляется. Однако, языковые и культурологические факты не подтверждают данное заключение, у казахов длина ступни ноги – табан также служит единицей измерения [104, 17] – деген ойынан табан өлшемдік метроним ретінде қазақ халқында, славян елдерінде де қолданылатындығын атап өтеді, сирек қолданыста, деген Л.А.Молчанова пікіріне қарама-қарсы өз ойын білдіреді.

Тола аяқ қара суға тобықтай тоң май салып апарып, қолына ұстата қойыңдар! – депті («Абылайдың тұтқын болуы», IX т, 28-б, 2003 ж). Болмаса, басқа қазақтың түйесін түгімен жұтса, мен тіріде Сатылғанның баласы тобықтай нәрсе беріп көріп пе еді? – депті (6-т, 186-б).Бұл мысалдан соматикалық атауға тобықтай метронимін негіз етіп аламыз. Контекстік мағынасына үңілетін болсақ, тобық бірлігі шағын, кішкентай сөздерімен мәндес. Соматикалық атаулардың

М-Ж.Көпеев шығармаларында мол кездесетіндігін айттық, енді қолданыс ыңғайына келетін болсақ, дене мүшелерінің атауларымен келетін өлшем мәндегі сөздердің түрлі ыңғайда орын алатындығын байқадық. Алақандай, жұдырықтай, білектей, бармақтай, тырнақтай, тобықтай сөздерінде –дай, -дей, -тай, -тей жұрнақтарының қатысуымен болжалдық мағынасын аңғартса, бес кез, төрт елі, он құлаш, бір қарыс, жеті адым, бір табан, бір уыс, қырық қадам, бір арқа тіркестерінде нақтылық басым. Кісі бойы, қол созым, жер қайысқан қол, самсыған сары қол, шөке атым (аттам) жер тіркестерінде де соматикалық атаулар ұзындық, қашықтық, мөлшер мағыналарын білдіреді. Құшақ-құшақ, уыс-уыс қос сөздері де дене мүшелері атаулары ыңғайында қолданылып, көптік мағынаны аңғартады. Бұдан шығатын түйін, соматикалық атаулар М-Ж.Көпеев шығармаларында жиі қолданылады, түбір, туынды тұлғада, тіркес түрінде де, қос сөз түрінде де кездесе береді.

Адамның дене мүшелерімен байланысты пайда болған сөздер Шығыс елдерінде, Орталық Азияда да көп қолданылған, олардың қатарында В.Хинц пен Е.А.Давидович еңбегінде қарастырылған кулач, суям, сера, кары тәрізді лексемаларды атап өтуге болады. Орыс халқында кең таралған соматикалық атаулар қатарына пядь, сажень, шаг, локоть, верста, рукой падать, по пояс, под носом (иек асты), в рост человека (кісі бойы), доля сөздерін қоссақ, ал ағылшын метрологиялық жүйесіне енген дюйм, миль, ярд, фунт метронимдері де өлшемдік жүйелердің адамның дене мүшесіне қатысты тобын құрайды.



Ойымызды жинақтайтын болсақ, дене мүшелерімен байланысты сөздік қорға енген барлық номинациялық атауларымыз күні бүгінге дейін белсенді қолданыста. Соматикалық атаулар сөздік қорда өте жиі қолданылуымен, сөзжасамдық мүмкіндіктерінің молдығымен ерекшеленеді. Ауызекі сөйлеуде болсын, жазба тілде болсын жиі ұшырауынан сөздік қорымыздан берік орын алғандығы аңғарылады. Адамның дене мүшелерімен қалыптасқан халықтық метрология әр ұлттың мәдениетінің тұрмыстық белгісі ретінде ежелгі тілдік қабаттар құрылымынан орын алады. Оны М.Қашқари сөздігінен, Бабыр еңбектерінен, Кодекс Куманикустан байқадық. Сол сияқты түркі тілдес халықтардың барлығында дерлік, славян халықтары тілдерінде соматикалық атаулар сол халықтың сөздік қорын жетілдіруге қомақты үлес қосып отырған лексиканың қайнар бұлағы екендігіне көзіміз жетті. Ғылыми-зерттеу бағытында қызығушылық тудыратын тақырып екендігі осы мәселенің қазіргі уақытта этнолингвистикалық, лингвомәдениеттанымдық тұрғыда жиі қарастырыла бастауынан аңғарылады. Тілдің лексикалық-семантикалық аталмыш бірліктерін мақсатты түрде нақты тақырыптар аясында адамның түрлі іс-әрекетімен ұштастыра қарауға алғышарттар жетерлік. Соматикалық атаулар байырғы лексикалық қорымызға енеді, дене мүшелеріне қатысты іс-әрекеттер көрінісі ата-бабаларымыздың тұрақты сөздік қорынан орын алып, күні бүгінге дейін өзгеріссіз күйде жетіп отыр.

2.2 Мәшһүр-Жүсіп Көпеев шығармаларындағы нумеративтік лексика: ұзындық, қашықтық өлшемдері
Бұл бөлімде Мәшһүр-Жүсіп шығармаларындағы метрологиялық лексиканың көлемді саласы – дәстүрлі ұзындық өлшемдеріне лингвистикалық талдау жасалынады. Ұзындық өлшемдері метрологияда барлық өлшемдердің бастауы ретінде орын алады, өйткені қашықтықты, белгілі бір нысанның ұзындығын өлшеу салмақ пен көлем өлшемдерінен анағұрлым бұрынырақ пайда болған. Лексиканың аталмыш тақырыптық тобын қарастыруда басқа түрік тектес тілдер мен славян тілдеріндегі метрологиялық атаулар да салыстыру мақсатында қарастырылады. Ұзындық өлшемдеріне қатысты Қ.Күркебаевтың, С.Садыбекованың диссертацияларында біраз жайлар арқау болған, бірақ бұл мәселені тек лингвистикалық тұрғыдан ғана емес, тарихи-этнографиялық тұрғыдан қарастыру – кезек күттірмейтін мәселелер. Ғылымның жан-жақты салаларында осы тақырыптар ашылатын болса, халқымыздың тарихи өмірінің түрлі кезеңдерінде қай деңгейде қолданыс тапқанынан да жете хабардар болатын боламыз. Адамдардың өндірістік іс-тәжірибелерімен тығыз байланыста жарыққа шыққан ұзындыққа қатысты метрологиялық бірліктердің атауларының көпшілігі шаруашылық әрекеттерінің түрлерімен, пайдаланған еңбек құралдарымен байланысты болып келеді. Бұл ойға қатысты: «Более или менее стабильные размеры народных мер длины, в основе которых лежат размеры частей человеческого тела, а также их способность группироваться в простейшие метрологические системы, были причиной того, что именно эти народные меры составили основу позднейших официальных метрологических систем» [105, 12] – деген Г.Я.Романованың пікірінен де метрологиялық лексиканың ұзындыққа қатысты өлшем түрлерінің өте көнеден бері белсенді қолданыста келе жатқан актив бірліктер екендігі аңғарылады.

Ұзындық өлшемдеріне байланысты Е.Жанпейісовтың еңбегіндегі: «В казахском языке, так же и в некоторых других тюркских языках, для обозначения длины и расстояния числовому выражению могут подвергаться не сами предметы, а такие их физические свойства, как протяженность, объем, вес и т.п. В этом плане в произведениях М.Ауэзова особенно выделяются мерные слова и конструкции типа қамшы бойы /в длину плети/, ұлтарақтай /размером со стельку/, төстіктей /размером с нагрудник/, есік пен төрдей /расстояние между дверью и төром/. Кочевой и скотоводческий образ жизни казахского народа оставил глубокий след в его языке, в особенности в мерных конструкциях, означающих различные расстояния [106, 142-143] – деген пікірінен түрлі қашықтықты, ұзындықты аңғартатын қазақ тіліндегі метрологиялық көрсеткіштерге халқымыздың көшпелі және мал шаруашылығымен айналысқан өмірі ерекше ықпал еткендігін байқауға болады.

Метрологиялық жүйенің алғышарты, бастау бұлағы, қайнар көзі –халықтың байырғы өлшемдері болып саналса, оның ішінде ұзындыққа қатысты түрлері көне метронимдер қатарынан орын алады.

М-Ж.Көпеев шығармаларында жиі кездесетін ұзындық өлшемдеріне елі, құлаш, қарыс, кез, түстік жер, аршын, қары, ат шаптырым, тұтам, шақырым, кісі бойы, қол созым, қадам, адым, бір табан жол, он айшылық, он күндік, күншілік, айлық, қоналқалық сөздері жатады. Әрқайсысының мағынасын аша кетер болсақ, елі – адамның бармағының ені, арпаның алты дәнінің еніне тең болады.



Шақырым ұзындық өлшемі ретінде ертеден бері қолданылып келе жатқан атау. Сан ғасырлар бойы шақырым ұзақ жол қашықтығының тұрақты лексика-семантикалық атауы ретінде қолданыста болды, әлі де бола бермек. С.М.Абрамзонда: «Чакырым – обозначающая расстояние, на которое может долететь звук человеческого голоса» [107, 64]. Баяннан тұрған жерім – алпыс шақырым, Қожа қорығы – Айдостың бұлағында («Айқап туралы», I т, 177-б).

Тұтам – алақанның, таяқ немесе арқанды ұстап жұмылған жұдырық енінің өлшемі. Тұтам – зат. Бес саусақпен тұтқандағы көлемге шамалас, 4-5 еліге тең ұзындық өлшемі (ҚТТС, IX том, 294-бет). Қазақ тілінің сөздігінде: «Тұтам – бүгілген саусақтар мен алақан арасындағы жұдырық бойы қуыс кеңістік, уыс [108, 656]. Керегенің басында тұтам күміс, аяғында тұтам күміс («Бұрынғы құдалық әңгімелері», IX т, 297-б, 2003 ж). Бұл сөзді не деп айттың, жаным, ботам?! Аяғым ұзын емес, бір-ақ тұтам («Ана тілі туралы», IX т, 318-б). Тұтам сөзінің өзін ақын түрлі ыңғайда қолданған, бір мысалдарда жеке қолданысқа енгізсе, енді бір мысалдарда нумеративтер түрінде қолданып, ұзындық шамасының тым аз не көп екендігін білдіреді. Болжалдық мағынада -дай жұрнағының тіркесуімен келетін мысалдар да ұшырасады: Ортасынан тұтамдай кестіріп алып, астырып жепті (9-т, 127-б).

Тұтам – бүгілген төрт саусақ пен алақан арасындағы қуыстың ұзындығына тең өлшем. Бабыр жазбаларында тұтам шамамен 8-8,5 см-ге тең ұзындық өлшемі делінген [109, 22]. Ертедегі жауынгерлердің қару-жарақтарында өлшем негізінде көбінесе тұтам сөзі қолданылғандығына Ш.Уәлихановтың мына пікірін дәлел етуге болады: «Нагайка делалась из сырых ремешков, заплетенных около стержня, также из сырого ремня, и имела длину до 7 захватов и один палец или два. Жеті тұтам, то есть семь захватов ладони» [110, 35]. М-Ж.Көпеевтің мұраларына назар аудару барысында тұтам лексемасының да жиі кезігетіні байқалды. Тұтам тобылғы, тұтамдай сиыр мүйіз, тұтамдай кестіріп, тұтам күміс тіркестерінде мөлшер мағынасында қолданса, кей өлеңдерінде сан есімдермен тіркестіріп бір тұтамын, бір-ақ тұтам жер түрінде қолданысқа енгізген, нақтылықты білдірген.

Қарыс – бас бармақ пен шынашақтың арасының өлшемі. Түсіндірме сөздікте : қарыс – зат. Бас бармақ пен ортан қолдың аралығымен өлшенетін ұзындық өлшемі (ҚТТС, IV том, 119-бет). В.Даль сөздігінде: «Пяда ж. стар. пядень, пядь, пядка, пяденька – протяженье межъ большаго и указательнаго перстовъ, растянутыхъ плоскости; мъра въ четверть аршина [III том, 111, 552]. Қарыс лексемасы М-Ж.Көпеев шығармаларында жиі қолданылатын өлшемдік атау қатарына енеді. Қарыс сүйем, қарысын тігіп, бір қарыс, алты қарыс, азуы қарыс, қарыстай жері, қарыс бойы тіркестерінің барлығы ақын шығармаларында түрлі өлшемдік мәнде жұмсалып тұрғаны аңғарылады: Найзаның қарыстай жері ұңғысынан үзіліп, Қосайдың ішінде қалды (5-т, 276-б). Бір қарыс маңдайы бар, нағыз батыр, Ауызбен айтып болмас оның затын (3-т, 206-б). Бір сөйлемдерде нақты сандық ұғым байқалса, енлі бір ойларында болжалдық мағына көрініс тапқан.

Сүйем – бас бармақ пен сұқ саусақ арасының өлшемі. В.Радловта: «соjам – четверть, разстояніе между концами большого и указательного пальцевъ [112, 579]. Бір сүйем – 18 см [113, 60]. Ақын шығармаларындағы қолданыс ерекшелігіне назар аударсақ: - Шырағым, «Тама қызы дәмді келеді, қарыс сүйем а...ды келеді, - деуші еді. Қарысын тігіп, сүйемін сі...п байқаса, қалай болар еді? – дегенде, қыз жұлып алғандай: - Ағайлар-ай, «Жағалбайлы жігіті жақты келеді, байлары көзі қиып мал сатпайтын атты келеді» - депті (VI т, 95-б).

Құлаш – екі қолды екі жаққа созғандағы ұзындық [ҚТТС, 132]. Құлаш метронимін М-Ж.Көпеев әр түрлі нұсқада пайдаланып отырғандығы байқалады. Бір сөйлемдерінде дара сан есіммен, тағы бір сөйлемдерінде күрделі сан есімдермен байланыста қолданылса, енді бірде сан есімдерсіз-ақ пайдаланған. Ақын қолданысында он құлаш, қырық құлаш, сексен құлаш, екі жүз сексен құлаш, жетпіс құлаш, қырық бір құлаш, он екі мың құлаш тіркестері жиі кездеседі, әсіресе ақын қырық сөзін көбірек тіркестірген. Отырған соң, құсты қолына алып көрсе, басында томаға, аяғында балақ бау тағып, бұрынғы жұмсақ қып, уықтың ала бауын тағып, құлаштай жібімен салады екен (6-т, 81-б). Сөйледім бейпіл сөзді мен құлаштап (4-т, 155-б). Құлашын керіп жазылып, Егізімнің сыңары, Бірін сойсам той болған (2-т, 37-б). Соңғы үш сөйлемде сан есімдерсіз морфемалар қосу арқылы қолданысқа енгізген, ұзындық мағынасын аңғартады. С.М.Абрамзонда: «В быту у киргизов употреблялись меры длины. Назовем, например, известную и у других средне-азиатских народов меру кулач размах рук (расстояние между концами вытянутых в стороны и находящихся в горизонтальном положении рук) [114, 64].

Н.И.Ильминскийде: «Елі – палецъ (мера ширины пальца) [115, 60]. Елі –сұқ қолдың еніне тең ұзындық бірлігі (шамамен 2 см). Мұнда өлшенетін дененің үстіне қолды салып, оған сұқ қолдан бастап шынашаққа дейін қанша саусақ орналасқанын анықтайды, қатар орналасқан төрт саусақтың ені төрт елі деп аталады (шамамен 7-8 см). Бас бармақтың ені үшін (шамамен 2,2-2,3 см). Кейбір жерлерде қатар қойылған алты арпа дәнінің ені алынған (Бабыр жазбалары XVI ғ). Қазы майының қалыңдығы, ою-өрнектің мөлшері елімен өлшенген [116, 22]. «Елі – саусақтың қалыңдық өлшемі, яғни бір елі – бір саусақтың жалпақтығындай қалыңдық» [117, 17]. Сегіз елі, бір-екі елі, төрт елі, жуан елі, бір елі тіркестері түрінде орын алып, заттың ұзындығын білдіреді. «Мынау менің өзімнің несібем!»-деп, Төрт қарыс, сегіз елі шортан алған (6-т, 241-б). Тақтайдан жуан елі көпір жасап, Астында шалқасынан жатты соның (1-т, 225-б). Көбінесе халықтық өлшем ретінде жылқы малының қазысының қалыңдығын нақтылауда қолданылады. Жоғарыда келтірген ақын шығармашылығында түрлі қалыңдықты аңғартады. Тілімізде төбесі көкке елі жетпеу тұрақты сөз тіркесі қуану мағынасын аңғартса, ал көзінен бір елі таса қылмады фразеологизмінде қасынан қалдырмай, қарап жүрді деген мағынаны аңғартады. Бұдан шығатын қорытынды, елі метронимі өлшемдік мағынаны ғана аңғартып қоймайды, сөздік құрамды толықтыруда қызмет аясы кең көрсеткіш қатарынан орын алады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет