Кіріспе Метрологиялық лексика (нумеративтер мен халықтық өлшем атауларының) тіл білімінде зерттелуі және қалыптасу жолдары



бет5/11
Дата15.09.2017
өлшемі2,18 Mb.
#33004
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

Кез – зат. 1. Көне. Шамамен 70-80 см-ге, дәлірек айтқанда 71,12 см-ге тең ұзындық өлшемі; аршын [118, 550]. «Кез» өлшем бірлігінің 3 түрі бар: 1. Қолдың ұзындығымен өлшенетін кез – созылған қолдың бармағының ұшынан иыққа дейінгі аралық. 2. Елімен өлшенетін кез – 24 еліге тең. 3. Тұтаммен өлшенетін кез. М-Ж.Көпеев шығармаларынан мысалдар: Үшата – Қозған: Шыңқожа баласы Шақпақты жалдап, өз үйі, қонақ үйінен басқа намаз оқу үшін - ұзыны жетпіс кез үй салдырған (IX т, 265-б). Жерді бір кез қазып барғанша микроб сиремеген, одан әрі барған сайын сиреген. Бес кез қазып барғанда жоқ болған (IX т, 309-б). Кез лексемасы сан есімдермен тіркескенде ғана ұзындық мағынасы аңғартады. Ақын өлеңдерінде, жинаған ауыз әдебиеті мұраларында кез лексемасының бір сан есімімен тіркесуі жиі кездеседі. Сонымен қоса, кез өлшем бірлігі үш, бес, қырық, жүз сексен сан есімдерімен жиі ұшырасады.

Аршын сөзіне тоқталар болсақ – метрге жуық ұзындық өлшемі (ҚТТС. І том, 355-бет). Парсыша-қазақша түсіндірме сөздіктегі мағыналары: 1. Кез-гәз. Аршын, ұзындық өлшемі, өлшеуіш. 2. Кез-гәз. Ашалап жасалған садақ оғының бір түрі. 3. Кез-гәз. Мерзім, уақыт [119, 188]. Бір кез - 62см [120, 60]. Мәселен, татар, башқұрт, өзбек, қарақалпақ, әзірбайжан, түрік тілдерінде аршин, аршын, аршан түрінде орын алады. Э.В.Севортян өз сөздігінде бұл атаудың төмендегідей мағыналарын көрсетеді:

1. Шынтақ, ұзындық өлшемі;

2. 40, 65, 75, 100 сантиметрге тең ұзындық өлшемі.

Этимолог-зерттеушілер аршын атауын парсы тілдерінен енген, ол тілдерде де ұзындық өлшемін білдіреді деп топшылайды. Бұл атау бурят тілінде де аршан-аршам тұлғаларында кездесіп, осы өлшемдік мағынада қолданылады. Монғол тілінде «аршин – 71 см-ге тең ұзындық өлшемі». Е.Аққошқаров: «Парсы тілінен енген бұл өлшемнің бастапқы дәл мағынасы – шынтақтан саусақтың ұшына дейінгі аралық» [121, 23] – деп есептейді. Е.Давидович 71,12см деп көрсетеді. Әлем бейнесіндегі бір нысанның екінші бір нысаннан алыс не жақын, бір заттың келесі бір заттан ұзын не қысқа, биік не аласа, ауыр не жеңіл екенін білуде әр халықтың өзіне тән өлшем жүйелері болған. Түркі тілдерінің көпшілігінде бұл сөз әр түрлі фонетикалық нұсқада кездеседі. Мәселен, татар, башқұрт, өзбек, қарақалпақ, қырым-татар, әзірбайжан, түрік тілдерінде аршин, аршын, (аrsin), якут тілінде ассын, чуваш тілінде аршан.



Мәселен, В.Г.Егоров аршын атауын парсы тіліндегі (арадж), (арандж) тұлғасында қолданып, «шынтақ» деген мағынаны білдіреді, түркі тілдеріне сол тілден ауысқан дейді. Бұл ұзындық өлшемін білдіретін «шынтақ» мағынасында славян тілдеріне енген деген пікірді зерттеуші-ғалымдардың көпшілігі құптайды.

Мысалы, М.Фасмер сөздігінде: «Аршин – мера длины с XVI в., Тюрк. заимств.:ср.тур., тат., кыпч., arsun «аршин», чагат. arsun -то же., [122, 92]. В.И.Даль сөздігіне назар аударсақ, аршын сөзінің мағынасы былайша беріледі: «Аршин – погонная мера, четыре четверти (пяди), по четыре вершка (верха пальца); треть сажени; длина всей руки от плеча; вольный шаг человека» [123, 21]. Бұл атау ежелгі түркі ескерткіштерінде «аршын», «аршун», «арчин» түрінде кездеседі, сонымен бірге дене мүше атауы «шынтақ» та ежелгі түркі ескерткіштерінде өлшемдік мағынада жұмсалған. Н.М.Шанский сөздігінде: «Аршин. Заимств. в XVI в. из татарск.яз. Татарск.аршын – «15 или 16 вершков – локоть»; восходит к перс.ars – «локоть», 15 или 16 вершков [124, 29]. Дегенмен, көптеген түркі тілдерінде шынтақ атауынан гөрі аршын атауының қолданылу аясының кең екенін, өлшемдік мәнінің басымдау екенін байқауымызға болады. Бұл атаудың шығу төркіні жөнінде зерттеу жүргізген ғалымдардың көпшілігі парсы тілінен түркі тілдеріне түбір формада «арш» болып еніп, -ын, -ун қосымшалары жалғанып, кішірейту-ұқсастыру мағынасын берген деп тұжырымдайды. Мысалы, этимолог-ғалым Ә.Нұрмағамбетов «Сөз сырына саяхат» еңбегінде парсы тіліндегі «арш» сөзі бізде шынтақ деген мағына береді, кейде шынтақ пен саусақ ұшына дейінгі аралықты да «арш» деп атайтынын тілге тиек етеді. Өз ойын ғалым былайша толықтырады: «Аршын – ұзындық өлшемі. Ол қазір қолданылып жүрген «метр» өлшеміне жуық. Бұл сөздің төркіні – парсы тілі. Олардағы «әрш» сөзі бізде шынтақ деген мағына береді. Кейде шынтақ пен саусақ ұшына дейінгі аралықты да «арш» деп атайды. Міне, осы түбірлердің біріне -ын жұрнағы қосылып, ұзындық өлшемін білдіретін «аршын» атауы пайда болған» [125, 62]. Аршын – көне түрік заманында қолданылған ұзындық бірлігі. Кейбір мәліметтерге қарағанда, он алтыншы ғасырдан бастап аршын 71,12 см-ге тең ұзындық өлшемі ретінде Россияның шет аймақтарында пайдаланылған. Парсы (Иран) тілінен енген бұл өлшемнің бастапқы дәл мағынасы – шынтақтан саусақтың ұшына дейінгі аралық. Кейбір әдебиеттерде хан аршыны деген атпен саусақтың ұшынан мұрынның ұшына дейінгі аралыққа тең өлшем де ұшырасады. Мына бір қызықты дерекке назар аударып көрсек: «Аршын» сөзінің әуелде қандай мағына бергендігін қазіргі тіліміздегі «көгершін» сөзі нақты дәлелдейді. Көпшілікке бұл құстың ағы да, сарысы да, басқа да түрлері бар екені, бірақ көк түстісі аса жиі ұшырасатыны, соған байланысты сол түрі жалпы атауға айналғаны және осы құстың тілімізде «кептер»деген де аты бар екені белгілі. Ақ түстісін әдеби тілде жиі қолданылатын «көгершінмен»тіркестіріп айтқанда, ыңғайсыздау тіркес жасап, бір түстің үстіне екіншісін қабаттастырып айтатынымыз бар. Осы сөздің құрамындағы «ершін» сөзі – «аршын» сөзінің өзгерген тұлғасы. Демек, көне тілімізде кептердің «аршын» деген де атауы болған. Сол құстың ерекше бұлтиып тұратын төсіне ұқсатып, атам қазақ «аршын төс», «аршындап жүру – кеудесін керіп жүру»деген бейнелі тіркес жасаған. Кейін келе аршынның құс аты екені ұмытылып, орыстың «арчин» сөзімен шатастыру басталған [126, 4]. Бұл пікірмен келісе қою да қиын, өйткені лингвистикалық, ғылыми-зерттеу еңбектерінің көпшілігінде аршынның ұзындық өлшемі ретіндегі мағынасы дәлелденген. Аршын туралы түйін жасайтын болсақ, метрологиялық лексикамыздағы белсенді қолданыста ежелден келе жатқан ұзындық мағынасындағы лексема. Зерттеушілер тарапынан да көп қарастырылған, әлі күнге дейін сөздік қорда жиі қолданылады.

Кез атауы ескілікті әдебиеттерде аршынның синонимі ретінде қолданылады. Бөкенбай деген төбені көргенде: -Ана Баянаула тауынан мына Бөкенбайдың қырық кез биіктігі бар екен! – депті (М-Ж. 6-т, 68-б).Түркі тілдерінің көпшілігінде сақталған. Қазақ тіліндегі ерте кезден келе жатқан өлшемдердің көпшілігі қолмен байланысты: құлаш, қарыс, сүйем, сынық сүйем, елі. Құлаш – керілген екі қолдың бір ұшынан екіншісіне дейінгі қашықтық өлшемі (ҚТТС,8). Құлаш сөзі көптеген түркі тілдерінде сақталған. Түсіндірме сөздіктегі мағынасы: 1. Иық деңгейіндегі кере созылған екі қол ұшының арасы. 2. Ұзындықты білдіретін өлшем (ҚТТС, VI том, 458 бет). Құлаш-құлаш – есепсіз ұзын деген мағынаны білдіреді. Құлаш сөзі екі сөзден құралған: қол + аш (ашу етістігі). М.Қашқарида – кулач сөзі қол + а + ч қолды аш, құлаш жаз, - дейді. Кейін келе бұл сөздің екі сөзден құралғандығы, оның өзінде ашу етістігінің бар екендігі көмескіленіп, құлаш сөзіне аш, жаз ауыс мағыналарында қолданылатын болған.

М-Ж.Көпеевтің туындыларынан мысалдармен дәлелдер болсақ: Қырық құлаш жібек арқан алып, тамақты түсірді баласына (« Желкілдек», II том, 161-бет). Жетпіс құлаш шыңыраудың су шығарып, Егінжай қып қойыпты сусыз шөлді («Хаятбақшы», III т, 146-б).

«1838-жылғы мәлімет бойынша Ферғана құлашы 166-170 см, Қазақстанда қолданылып келген Бұқар құлашы 142 см-тең. Құлаш сауда-саттық жұмысында, тұрмыста, сондай-ақ салықты өтеу кезінде пайдаланылған. Сондай-ақ құлаштың сала, кере, көш құлаш атты түрлері болған» [127, 22]. С.И.Ожегов сөздігіне назар аударсақ; «Сажень – 1) Русская мера длины, равная трем аршинам (2,13м). 2) Количество чего-н., измеряемое этой мерой [128, 616]. В.Даль сөздігінде: «Сажень – мъра въ 3 аршина, въ 12 четвертей, въ 7 англск. или руск. и въ 6 фрнцск. футовъ. При мъръ предмета, вещей, сажень разумъется погонная или квадратная или кубическая, смотря по предмету [129, 129].

Орыс тілі сөздігінде де осы мәндес түсінік орын алған: «Сажень – русская мера длины, равная 2,134 м, применявшаяся до введения метрической системы мер [130, IVтом, 13]. С.Мұқанов осы өлшемге қатысты: «Құлаш – өлшем аты, бұл адамның екі жаққа созған қолдарының ұзындық мөлшері. Бұл шамасы бір жарым метрдей, сонда 150 құлаш – 200 метрдей тереңдік» [131, 81]. «Русская маховая сажень считалась приблизительно 2,5 аршина, т.е.примерно 177-178 см. Эту величину условно можно принять и для Средней Азии как некую среднюю, вокруг которой колебался действительный размер кулача. Конкретные сведения, однако, показывают, что кулач мог сильно отклоняться от размера маховой сажени. Например, для Бухары под 1838 г. имеется известие, что кулач был равен 2 арчинам или 56 англ.дюймам, т.е. 142,24» [132, 118]. Орыс тілінде кездесетін ұзындық өлшемдеріне жан-жақты талдау жүргізген Г.Я.Романовада: «Сажень, равная двум шагам, известно в метрологической литературе как тмутороканская сажень. Она считалась основной мерой Киевской Руси. В старой метрологической литературе древняя сажень определялась как мера, равная трем локтям, в то время как позднейшая сажень равна четырем локтям» [133, 37].Осы ойларды жинақтайтын болсақ, құлаш ұзындық өлшем бірлігі ретінде көп елдерде қолданыста болған, әлі де кездеседі. Матаны, еденді, яғни көп заттардың арақашықтығын өлшеуде пайдаланады. Жалпы алғанда, 140-170 см аралығын қамтиды десек қателеспейміз.

Ұзындық ұғымын білдіретін сөздер М-Ж.Көпеев туындыларында да орын алғандығы төмендегі мысалдардан көрінеді: Ширекке төрттің бірі болдық деңіз, Айырылып бұрынғы аршын кезімізден. Даярлап күнде алдынан қақпан торын, Шыңырау ғып сексен құлаш қазған (М-Ж.Көпеев. Қазақ жұртының осы күнгі әңгімесі). Оңтүстік қырық кез жерде Зәмзәм-Шәріп, – Су іштік тоя, – дейді, – сонда барып немесе Есіктің биіктігі үш кез жерде, Сөйлесем бір күн, бір түн, айтып болман! («Ізбас қажы» І том, 203-б). Тақтайдан жуан елі көпір жасап, Астында шалқасынан жатты соның («Қажымұқан», І том, 225-б ). Тегеуріні төрт елі, Аспаннан түскен тас түлек, Жерге түссе тек кетпес (М-Ж.Көпеев жинаған ауыз әдебиеті үлгілерінен, ІІ том, 58-бет). Баяннан тұрған жерім – алпыс шақырым, Қожа қорығы – Айдостың бұлағында («Айқап туралы», I т, 177-бет). Бір қарыс маңдайы бар, нағыз батыр, Ауызбен айтып болмас оның затын («Ахтам хазірет һәм Ғалы батыр», III т, 206-б). Сайын сынды балаңды, Маңдайы құлаш ер, дейді («Сайын батыр», II том, 206-б). Жетпіс құлаш шыңыраудан су шығарып, Егінжай қып қойыпты сусыз шөлді («Хаятбақшы», III том, 146-б).

Қырық құлаш жібек арқан алып, тамақты түсірді баласына («Желкілдек», ІІ т, 161-б). Патша жұртқа жар салған екен: «Сандал ағаштың бір тұтамын бір алтыннан аламын!» - деп («Шыншыл мен суайт», VII том, 7-бет). Құлаш лексемасы М-Ж.Көпеевте сажын, сажин түрінде кездеседі:

Ұзындығы мың шақырымнан асады, көлденеңі – он бес сажин, алпыс сажыны бар жерлері бар (VIII том, 219-б). Қорек жалғар қарынға байлаулықтан, Бір табан асып әрі өтпе! – дейді («Шешуі», I т, 11-б).

Ақын халықтық өлшемді білдіретін сөздерді қолдана отырып, халық шаруашылығына, күн көрісіне, тұрмысына, негізгі кәсібіне тікелей қатысты заттар мен құбылыстардың атауы ретінде қолданған. Қадам – адамның жүру кезіндегі екі аяғының аралық қашықтығын танытатын өлшем болып танылған. Қадам, адым парсы тілінде әкдам деген атауға ие. М-Ж.Көпеевтің шығармаларында ұзындық өлшемдерінің ішінде өте жиі қолданылатындары – құлаш пен қадам. Екі жүз сексен құлаш, сексен құлаш, жетпіс құлаш, қырық бір құлаш, қырық құлаш, он құлаш, бес қадам, бір қадам, қырық қадам, жүз жетпіс қадам, жалғыз қадам, құлаштап, құлаш жайып, қадам бастым, қадам ұрмас, қадам қойды тіркестерін бірнеше еңбектерінде кездестіруге болады. Жүз жетпіс қадам басып келіп едің, Әр қадамыңызға бір құл азат қылдым! – депті (1-т, 61-б, 2003ж). Бұл ұзындық өлшемдері белгілі бір халықтың танымдық ойлау жүйесімен байланысты. Қазақ халқының математикалық есептеу жүйесінің басқа халыққа қарағанда оқ бойы озық болғандығының жарқын мысалы. Бұл мәселе халықтық метрологияның ел ішінде берік орын алуымен дәлелденеді. Осы орайда зерттеуші С.Кенжеахметовтың мына ойы пікірімізді тиянақтандыра түседі: «Ұзындық және қашықтық өлшемдері мүлде екі түрлі өлшемді білдіреді. Ұзындық өлшемдері бір заттың, таяқтың, арқанның ұзындығын анықтайды және ол: елі (1,5 см), екі елі, үш елі, тұтам, сынық сүйем (14-15 см), қарыс, кере қарыс (20-22 см), кез (50 см), аршын (75см), құлаш (1,60-2 м). Қашықтық өлшемдері – жер қашықтығына, ауылдың арақашықтығына қолданылатын өлшем. Бұл өлшем түрлері: адым (1 м), аяқ тастам (10-15 м), әу дейтін жер (100 м), дауыс жетер жер (250-300 м), шақырым (1 км), иек асты, бір төбе астында (4-5 км), қозы көш жер (5-6 км), көз ұшында (6-7 км), тай шаптырым (4-5 км), құлан шаптырым (8-10 км), ат шаптырым (25-30 км), бір күндік, айшылық жер [134, 60]. Қашықтық, мөлшер ұғымындағы сөздердің фразеологизмдермен келуі тілде жиі кездесетіндігі белгілі. Арақашықтықтың жақындығын ғалым Г.Смағұлова мынадай тіркестермен береді: бөрік тастам жер, бір қадам, иек артым жер, иек астында, қамшы салым жер, қарға адым жер, қарыс аттам жер, қозы көгеніндей жер, қол созым жер, оқ жетер жер, сідік шаптырым жер. Ал, қашықтық алыстығын: айшылық жер, адам аяғы баспаған жер, жер мен көктің арасындай, жер мойны қашық, жер түбі, жеті дарияның ар жағы, жеті қабат жер асты, ит арқасы қиянда, ит өлген жер, көз көрмес, құлақ естімес жер, қиыр шет, қиырдың қиыры, су аяғы құрдым [135, 112].

Кеңістік, қашықтық өлшемдері тілде кез келген заттар мен құбылыстардың атаулары емес, сол тілді қолданушы халықтың шаруашылығына, күн көрісіне, тұрмысына, негізгі кәсібіне тікелей қатысты ұғымдар мен атаулар негіз етіп алынып, ат шаптырым жер, қозы көш жер, таяқ бойы қар жауса тәрізді тұрақты сөз тіркестері пайда болып, кеңістік өлшемдері ретінде танылған.

М-Ж.Көпеевтің шығармаларынан қашықтық өлшемдерін де жиі кездестіруге болады. Қашықтық ұғымындағы сөздерге: адым, қадам, кез, таяқ тастам, бір табан, әудем жер, күндік жер, қиыр, жер мен көктей, шақырым, қозы көш жер, тай шаптырым, көз ұшында, ат шаптырым сияқты сөздер болатын болса, осы сөздердің барлығы дерлік ақынның мұраларынан орын алған. Жиірек кездесетіні – қадам сөзі. Қашықтық өлшемдерінің өзін жіктеп қарастыра кетсек, жақын мағынада айтылатын қашықтық өлшемдері: аттам жер, бөрік тастам жер, иек артпа жер, қозы көген жер, қол созым жер, қырық қадам, тас лақтырым жер, таяқ тастам жер, т.б. Сөзіміз дәлелді болуы үшін төмендегі мысалдарды арқау етсек:

Жағасында бұл судың жата бермек, Былай басып, бір табан баруы жоқ («Қанағат туралы жұмбақ өлең», I том, 10-бет). - Қорек жалғар қарынға байлаулықтан, Бір табан асып әрі өтпе! - дейді («Шешуі», I том, 11-бет). Күндік жер екі ортасы жортар атқа. («Ізбас қажы», I т, 204-б). Арамыз болғанменен жер мен көктей, Екі көңіл арасы алыс емес («Түн қандай», II т, 26-б).

Қазақтарда, сонымен қоса түрік халықтарының көпшілігінде қашықтық бұрынырақта көші-қонмен, төрт-түлік мал атауларымен тығыз байланыстырылған. Сойса тамақ, ішсе сүт, сатса пұл болып саналатын тіршіліктің көзі – төрт түлік малды халық ертеден-ақ қастерлеп, тұрмыстық қажеттілігін өтеуші негізгі қажеттілік деп есептеген. Өлең-жырға арқау етіп, күнделікті тұрмысқа қатысты сөздік қорларында жиі қолданған. Сөзіміздің нақты дәлелі Е.Жанпейісовтың еңбектерінде лайықты орын алған. «Абай жолы» романында кездесетін тұрмыстық нумеративтерге, атап айтқанда, қозы көш жер, көш жер, түйе көш жер, қой өрісіндей жер, қозы өрісіндей жер, бие бауындай жер тіркестеріне талдау жасалынған. Көшпелі өмірдің қажеттілігінен туындаған қашықтық өлшемінің ішінде сирек те болса қолданылатын түрі -әудем жер. «Әу» деп айқайлағанда жететін, естілетін жер, яғни жақын жер жеген мағынаны аңғартатын тіркес. Мал атауларымен қатысты орын алған тіліміздегі ұзындық ұғымдарының қатарына мына тіркестерді жатқызамыз: ат шаптырым , құнан шаптырым, тай шаптырым. М-Ж.Көпеев еңбектерінде жиі орын алатын тіркес – ат шаптырым. Ат шаптырым Ж.Ахмедовада «пробег лошади без отдыха около 14-15 верст», ал «құнан шаптырым жер» - «пробег трехгодовалого коня», это примерно 8-10км, «тай шаптырым» - «пробег стригунка», данная дистанция на 3-5 км. меньше, чем құнан шаптырым» [136, 9]. І.Кеңесбаев сөздігінде ат шаптырым – 1. Қашықтық өлшемі. 2. Өте алыс. Қашықтық ұғымындағы адым сөзінің этимологиялық қырына тоқталар болсақ, бұл сөз күні бүгінге дейін тілдік қорымызда жиі қолданылып келе жатқан сөз. Адым – жүру кезіндегі екі аяқтың аралық қашықтығы (ҚТТС, I том, 67-б). Бұл сөз қазақ, қарақалпақ, қырым татарлары, ноғай, татар тілдерінде адым, әзірбайжан тілінде азым, өзбек тілінде әдим, башқұрт тілінде адим, түркімен тілінде ута, чуваш тілінде утам деп қолданылады. Аталған тілдердегі бұл сөздердің беретін мағынасы – адымдау, жүру. Түркі халықтарының тұрмыс-тіршілігінде әр кезеңде әр алуан мағынаға ие болған. Мәселен, Э.В.Севортянның атап көрсетуінше, бұл сөз 12-13 ғасырларда Орта Азиялық теферистердің лексикасында «үш адымдық ұзындық өлшемі», чуваш тілінде 1/24 жер өлшемі мағыналарын білдірген. Сонымен бірге Алтай тілдер семьясының кейбірінде адым сөзі «із», «адамның ізі» деген мағынаны білдірсе, чуваш тілінде «циркуль» деген мағынаны білдіреді екен. Н.И.Ильминский сөздігінде: «Адым – шагъ» [137, 147]. Жалпы, ат түбірінің мағынасын есте жоқ бағзы заманнан бүгінгі күнге дейін сақталғанын ғалым Б.Сағындықұлы да атап көрсетіп, қандай семаларға ие екенін төмендегіше көрсетеді:

1. Жанды мақұлықтың көрінісі.

2. Мұндай қозғалыстың объективті қажеттіліктен болатындығы.

3. Қозғалыстың барынша жылдам, шалт өтетіндігі.

4.Қозғалыстың нәтижесінде мақұлықтың өз орнынан ажырап бөлінетіндігі.

5. Мұндай қозғалыстың табиғатта шексіз қайталанатындығы.

Басты мағынасы қозғалыспен байланысты болған ат архитипі сөзжасамдық ұяға айналып, тілдің даму сатысында аттау, ату, адым, тас атты, садақ атты сияқты туынды тұлғалардың өмірге келуіне ұйтқы болып тұр. Сондай-ақ, чуваш тіліндегі ат түбірі «жүру», «балшықпен жүру», «қалың қармен жүру», «бір нәрсеге аяғымен шалынысу» мағыналарын білдірсе, туыстас түркі тілінің бірі хақас тілінде бұл форманттар атых- ат+ых «секіру», «шабу» мағыналарын білдіретінін ғалымдар атап көрсетті. Осы пікірлерді салыстыра отырып ой түйіндейтін болсақ, «жүру, аттау, секіру, асығу» мағыналарын білдіретін ат, ад, атых, ат+ ых тұлғаларының дами келе өлшеу мағынасына ұласқанын аңғарамыз. Өлшемдік ұғымды білдіретін адым атауының шығу төркіні қимыл-қозғалысты білдіретін ат, ад түбір етістіктермен байланысты қалыптасқан деп қараған жөн.

Жеті адым көмген адам кеткеннен соң, Жаныңды тәніңе апарып қайта салар (II том, 215-б). Адым сөзіне мағынасы орайлас келетін бір табан тәрізді өлшемдік мәндегі сөзді ақынның мұрасынан кезіктіре аламыз:

Жағасында бұл судың жата бермек, Былай басып, бір табан баруы жоқ («Қанағат туралы жұмбақ өлең», I том, 10-бет).

- Қорек жалғар қарынға байлаулықтан, Бір табан асып әрі өтпе! - дейді («Шешуі», I том, 11-бет). М-Ж.Көпеев шығармаларында табан өлшемдік лексемасы көбінесе бір сан есімімен тіркес құрайды.

Сүйем – бас бармақ пен сұқ саусақ аралығымен өлшенетін мөлшер осылай аталады. Қырғыз тілінде осы мағынаны «сөөм» сөзі ұғындырады. мағынасы – біздегі «сұқ қол» екенін білеміз. Дыбыстық құрамы жағынан осы тұлғалас якут тіліндегі «сөмүйэ» сөзі «сұқ қол» мағынасында ұшырасады [138, 257]. Тілдік деректер мәліметін қорыта келгенде, «сүйем» сөзінің алғашқы мағынасы – сұқ қол. Ал бізде соның қатынасымен жүргізілетін өлшемде ғана сақталған [139, 257]. «Сүйем» метрологиялық бірлік ретінде түркі тілдерінің көпшілігінде қолданылады. Ғалым А.Қ.Тұрышев бұл сөздің мынадай варианттары бар екендігін көрсетеді: қарыс сүйем – бас бармақ пен сұқ арасы, кере сүйем – үлкен және сұқ саусақтың бүгілу арақашықтығы, сынық сүйем - бас бармақ пен сұқ саусақтың бүгілу арақашықтығы. Сүйем сұқ қол деген мағынаны берген өлшем [140, 394]. С.М.Абрамзон : «Сөөм – расстояние между концами раздвинутых большого и указательного пальца»[141, 64]. Е.Давидович: «Суям – расстояние между большим и указательным пальцами в предельно раздвинутом положении, приравниваемое к 18 см. Единица широко употреблялась в быту, в строительном деле [142, 119].

Қадам – адам адымына тең ұзындық бірлігі. Бүкіл шығыс елдеріне кең тараған фарсах – 12 мың қадамға тең деп саналады. Құрылыс жұмыстары мен суару жүйесінде кеңінен қолданылған. Бұқар әмірі байлары бірдей бірнеше адамды іріктеп алып, қадамның мөлшерін белгілемек болған. Бұл сияқты талпыныстар басқа жерлерде де кездеседі. Осындай мәліметтерге қарағанда, қадам 60-70 см шамасында болғанға ұқсайды [143, 22]. Жүру кезіндегі екі аяқтың аралық қашықтығын да қадам дейді. Араб-парсы тілінде қәдәм – адым, аттам, бір адым алшақтығы [144, 94].

Нұры көкке балқумен ажарланып, Сәулеттеніп майданға қадам басты («Мұхаммед пен Әбужаһил, I том, 46-б). Жүз жетпіс қадам басып келіп едің, Әр қадамыңызға бір құл азат қылдым! – депті («Ғалының ниеті», I том, 61-б). Көрге қойып, қырық қадам кетті дейді, Жалғыздық бейшараға жетті дейді («Сараң бай мен Ғалы Арыстан», III т, 228-б). Қарыс ұзындыққа байланысты қарастырылатын ұғым. Адамның дене мүшесі қар, яғни қолға байланысты шыққан болуы керек. Халықтық, тұрмыстық өлшем бірлігі ретінде қолданылып, күнделікті өмірде де жиі ұшырасады. Ортаңғы саусақ пен бас бармақты созып өлшеп, сол ұзындықты «қарыс» деген (ҚТТС). В.И.Даль сөздігінде: «Пяда – расстояние между большим и средним пальцем, растянутым на плоскость; треть аршина, четверть метра» [145, 3:422]. С.И.Ожегов сөздігінде: «Пядь – старинная мера длины, равная расстоянию между растянутыми большим и указательным пальцами» [146, 565]. Радловта: «Карыс – четверть, разстояніе между большимъ пальцемъ и другими пальцами (кроме указательного пальца) [147, 177]. «Қарыс – толық жазғандағы бас бармақ пен шынашақ ұштарының арасына тең ұзындық бірлігі (19-20 см шамасында) [148, 22].

Түсіндірме сөздікте кереқарыс – кең, жазық; ал он томдықта – қарыс жетпейтіндей кез деп баяндалған. Монғол тобындағы тілдер дерегінде хир, кірі, кирэ тұлғалас сөздер «өлшем», «өлшеу» мағыналарын береді. Парсы тілінде әрәш, әспәрса, бәһр, па, фәрсах сөздері ұзындық мағыналарын аңғартады. Ал ауыспалы мағыналары «көлем», «аумақ», сияқты түсінікке ие. Дегенмен, алғашқы мағынасын «өлшем» деп қараймыз. Анығырақ айтқанда, «кере» сөзінің қазақшасы – өлшеу.

«Тіркестің екінші сыңары иран тілінен табылады. Ғәріс – ен, енділік (Персидско-русский словарь, 1959 г.). Қазақ тілінде осы тұлға «қарыс» қалпына дейін өзгеріске түскен. Егер «кереқарыс» сөзін алғашқы мағыналары бойынша қазақшаласақ, «өлшеу енділігі» немесе «енділікті өлшеу», «ендік өлшем» болар еді. Қазақтар қолданысында да осы жағдай анықтала түседі. Мысалы, «маңдайы кереқарыс», «жылқының қазысы кереқарыс» іспеттес сөз тіркестерінде заттың ұзын тұрқы емес, енділігі өлшеніп отырғанын байқау қиын емес» [149, 137].

Ақынның өлеңдерінде жырта қарыс тіркесі кездеседі: Құлағы жырта қарыс, мұрыны қолағаштай (9- т, 92-б). Қарыс ұғымы ең алдымен халықтық – тұрмыстық, күнделікті өмірдегі жиі қолданысқа еніп жүрген белсенді өлшем қатарына енеді. Қарыс өлшем мәнді атауы бір, алты сан есімдерімен жиі тіркесетіндігін мысалдардан аңғардық: Апар бойы бір қарыс –десем, өтірікші болмаймын (9-т, 140-б). Сирек те болса төрт, бес, қырық, жүз жетпіс дара және күрделі сан есімдерімен тіркесу жағдайлары кездеседі. Бір қадам кейде жалғыз қадам деп те кездеседі. Мысалы: Жүз жетпіс қадам басып келіп едің, Әр қадамыңызға бір құл азат қылдым! – депті (I т, 61-б). Қорқытып, жә болмаса жалынса да, Ілгері қоймас еді жалғыз қадам ( I т, 41-б).

Үлкен өлшемдік ұғым деп қарастыруға болатын лексеманың бірі – шынтаққа байланысты қары ұғымы. Қары – қолдың шынтақ қосындысынан иыққа дейінгі бөлігі (ҚТТС VI т, 112-б). Ақынның шығармасынан мысал: Қанша созсам құлаштап жетер қарым, Бидай қайда, бұл әлі – арпа, тарым (III том, 148-б).



«Қолдың қары немесе қары – кеуденің орта тұсынан кере созылған қолдың ортаңғы саусағының ұшына дейінгі аралыққа (80-85 см шамасы) тең ұзындық бірлігі. Кейде оң иықтан бүкіл кеудені бойлай өтіп, кере созылған сол қолдың ортаңғы саусағының ұшына дейінгі аралық та (1 м шамасы) қары ретінде пайдаланылған [150, 22]. Ал, түркі тілдерінде бұл атаудың ұзындығы қанша шаманы қамтитындығы туралы пікірлерде бірізділік жоқ. Қазақ тілінде иық пен шынтақтың арасын және иықтан саусақтың ұшына дейінгі қолдың сыртқы ұзындығы да қары деп түсіндіріледі. С.И.Ожеговта: «Ярд – английская мера длины, равная 91,44 см [151, 115]. Орыс тілінің сөздігінде: «Ярд – единицы длины в системе английских мер, равная 3 футам или 36 дюймам (91,44 см) [152, IVтом, 783]. Бұл сөз көне өзбек, ұйғыр, тілдерінде «қол» мағынасын білдірсе, алтай, қырғыз, түрік тілдерінде «қолдың жоғары бөлігі шынтақтан иыққа дейінгі аралық мағынасында қолданылады. Сонымен бірге ежелгі якут, тува тілдерінде «қолдың шынтақ бөлігі», шынтақ сүйегі деген мағынада жұмсалған. Қары атауының этимологиясын В.В.Радлов: «Кары – мера длины: локоть» [153, 167] – деп танытады. Қары – өлшемдік бірлік, ол саусақтан иыққа дейінгі аралық. Мәселен, бұл ұзындық өлшемі Хиуада – екі аршынға, Түркістандағы ханның қары үш аршынға, базардағы қары екі аршын өлшемдік ұзындыққа сәйкес келеді, - деп тұжырымдайды. Қары атауына талдау жасаған А.В.Дыбо бұл сөздің көптеген түркі тілдерінде негізінен түбір тұлғада кездесетінін анықтап, осы тілдердегі білдіретін мағынасын төмендегіше көрсетеді: «Қары» шор тілінде - «иық пен иықтың арасы», ойрат тілінде - «шынтақтан иыққа дейінгі қолдың бөлігі», әзірбайжан тілінде - «жануарлардың төсінен тізесіне дейінгі аралық», түрікмен тілінде - «кеуденің ортасынан қолды созғандағы саусақтың ұшына дейінгі аралық», татар тілінің диалектісінде - «каре» тұлғасында кездесіп, шынтақтан саусақтың ұшына дейінгі аралықты білдіретінін атап өтіп, осы мағыналардың дамуы негізінде метрологиялық мағынаға ұласқан деп тұжырымдайды. Сондай-ақ, А.В.Дыбо қарының бүгінгі күндегі өлшемдік мағынасының шығу төркінін оңтүстік шығыс ұйғыр тіліндегі 1 метрге жуық ұзындық өлшем «кері» атауымен және чуваш тіліндегі 2 метрге жуық өлшемдік мағынаны білдіретін «хура» атауымен байланыстыра қарауды да жөн санайды. В.В.Колесникова осы сөздің негізін қырғыздың қарылу – мықты, иықты сөзінің төркінінен іздейді, бұл сөздің фонетикалық нұсқаларын ұсынады: кар/гары/хара/хары/хур/кару – қазақтың қарулы сөзінің негізінде қару формасы жатыр. Қырғыз ғалымы Дыйқанов «Этимологий некоторых киргизких слов» еңбегінде қарым сөзін екі морфемамен байланыстырады: кар (кол) және ши (ич) – ішкі бөліктің ұзындығын білу. Қарастырылатын нумератив түркі тілдес тілдерде түрлі мәнде қолданылады: Өзбекше қари – 140-145 см-ге тең ұзындық өлшемі ; қары 1) шынтақтан қолдың ұшына дейінгі бөлік, 2) ескірген ұзындық өлшемі, бір метрге жуық – кеуденің орта тұсынан созылған қолдың саусақ ұшына дейінгі аралық. Қазақ тілінде сонымен бірге кереғар (кере + қар) композиті де кездеседі. Ұзындық өлшемі ретінде күрделі кере қарыс нумеративімен сәйкес келмейді, құрылымы мен жасалуы жағынан жақын болғанмен. Сере қарыс, кере қарыс, жырта қарыс түрлері орын алады. Қолдың қары немесе қары – кеуденің орта тұсынан кере созылған қолдың ортаңғы саусағының ұшына дейінгі аралыққа (80-85 см шамасы) тең ұзындық бірлігі. Кейде оң иықтан бүкіл кеудені бойлай өтіп, кере созылған сол қолдың ортаңғы саусағының ұшына дейінгі аралық та (1 м шамасы) қары ретінде пайдаланылған. Шығыс елдерінде кең тараған бұл бірліктің шығу тегі де тым әріден басталады. Г.Я.Романова бұл өлшемдік лексеманың аршын атауының орын алуымен ресми метрологиядан ығыстырылғандығы туралы айта келіп, ойын былайша тұжырымдайды: «Локоть равная расстоянию от локтевого сустава до кончиков пальцев» [154, 67]. Ертедегі вавилондықтарда қолдың қары 525 мм шамасында болған. Ол вавилондық өлшеу бірліктері жүйесінің негізінде алынған. Қалған ұзындық бірліктері осы бірліктің туындысы ретінде пайдаланылады. Египеттіктерде үлкен қары (шамамен 525 мм) және кіші қары (шамамен 450 мм) қатар қолданылған. А.Серікбаева қар сөзінің төркінін былайша дәлелдейді: «Қол атауының түбірі ол, ал. Атаулардың бастапқы дыбысы алмасуы мүмкін, бірақ түбірі өзгермейді. Бұған дәлел – түркі тілдеріндегі қол атауы түбірінің айтарлықтай өзгеріске ұшырамай ол, әл, ал, эл, ил түрінде қалуы. Түркі тілдеріндегі қол ұғымын білдіретін атаулардың барлығының құрамында ол, ал, эл, әл, ил морфемаларының болуы – қол атауының түбірі осы морфемалар екендігін дәлелдейтін факт. Егер қол атауының түбірі ол морфемасы болса, онда бастапқы дыбыс қ – префикс [155, 151]. Қар сөзі монғол тілінен енген деген жорамал бар, бірақ бұл ойға қарсы пікір білдірушілер де көп. Ә.Қайдаров пен М.Оразовтың «Түркологияға кіріспе» еңбегінде қар сөзінің түркі тілдерінде кең таралғандығын, көптеген туынды тұлғалар жасағандығын дәлелдеген пікірлер жеткілікті. Монғол тілінде бұл сөздердің жоқ екендігін де ескертеді. [156, 76]. А.Тұрышев та осы пікірді қостап, қар сөзінде «қа» түбір морфема екендігін, ал «р» қосымша морфема ретінде корей, жапон, монғол, тунгус-маньчжур тілдерінде сақталып келетіндігін тілге тиек етеді. Орыстарда «локоть»аталатын бұл өлшемдік лексема екі түрлі мағынада жұмсалады: халықтық ұзындық өлшемі және ресми сауда өлшем бірлігі. Метрологиялық жүйеде орыстың «сажень, поприща, верста» ұзындық бірліктерінің құрамдас бөлігі. Е.Давидович Ферғанада құлаш қары, ұзын қары түрлерінің кездесетіндігін айта келіп, былайша түйін жасайды: «В Бухаре кары для измерения некоторых сортов ткани был равен 4,5 русского аршина, т.е. 320,04см. В Ташкенте еще 1866 г., упоминает два вида кары: базарный кары, равный маховой сажени (2,5 аршина), т.е. 177,8 см; ханский кары, равный 3 аршинам, т.е. 213,36 см» [157, 118]. Орталық Азияның көп елдерінде қолданыста болып, 140-170 см аралығын қамтыған.

Бабырдың жазбаларында (XVI ғ.) 6 тұтамға (шамамен 500 мм) және одан бір жарым есе артық қары да кездеседі. Бұқарда 1,07 м-ге немесе 1,5 аршынға тең қары пайдаланылған. Ол базар қарысы (177,8 см) және хан қарысы (213,36 см) болып бөлінеді. Алғашқысы сауда-саттықта, соңғысы салықты өтеу кезінде пайдаланылған. Мысалы, арқан салығы құлашпен және хан қарысымен өтелген. Сонымен қатар жібек маталар құлаш қары немесе ұзын қарымен (164,45 см), ал бөз келте қарымен (57,79 см) өлшенген. Орысша-қазақша сөздікте «локоть – 1) шынтақ; 2) қар. Қары туралы зерттеуші М.И.Грамм былайша ой өрбітеді: «Локоть был единицей у многих народов. Например, у древних египтян, о чем в V веке до нашей эры писал греческий историк Геродот. В Египте так называемый царский локоть составлял 52,4 сантиметра. Однако в повседневной практике египтяне использовали малый локоть в 45 сантиметров. Обо всем этом ученые узнали, когда обнаружили древний мраморный указатель уровня реки Нил на острове Элефантина около Ассуана в Египте, он был весь испещрен надписями, которые в том числе рассказывали и о древнеегипетских мерах длины. Из того же источника стало известно, что локоть равнялся семи ладоням, в каждой из которых было четыре пальца. Древнеегипетский же палец равнялся, что нетрудно подсчитать, 18,71 миллиметра [158, 19].

Бір уыс топырақ алған уақытында, Қырық қары, жеті қат Жер төмен түсті (II том, 120-б). Қары өлшем бірлігі Орталақ Азия елдерінде, орыс халқында кең қолданылғаны байқалады. Көбінесе маталардың өлшемі ретінде жиі кездескен. Қары лексемасына қатысты В.Хинц деректеріне үңілсек, бірқатар деректерді кезіктіруге болады: «Количество различных видов локтя в мусульманских странах весьма велико. В государстве Великих Моголов существовал «королевский» локоть (зира – и падишахи) из 40 ангуштов, который равнялся в точности 32 дюймам или 81,28 см. Египетский «практический» локоть соответствовал локтю Хашими, в среднем был равен 66,5 см. «Обычный» локоть, вероятно, = «черному» локтю в 54,04 см. «Суконный» локоть был в средние века, одним из распространенных видов локтя; длина его, конечно, была различной в разных городах, Дамасский «суконный» локоть – 63,036 см, в Иерусалиме – 64,77 см, в Багдаде – 80,26 см. «Почтовый» локоть был идентичен каноническому локтю в 49,875 см. «Локоть домов» составлял 50,3 см. Раннемусульманский локоть был равен 66,5 см. «Ручной» локоть – 49,32 см. «Строительный» локоть – 79,8 см. «Мерный» локоть – 66,5 см, «плотничий» локоть в среднем 77,5 см» [159, 68-70] .Қазіргі сөздік қорымызда, ақын-жазушылар тілінен бұл атауды жиі ұшыратуға болады.

М-Ж.Көпеев атамыз да өз еңбектерінде осы төрт түліктің ішінде жылқы малына байланысты өлшем мәнді атауларды жиі қолданған, ат шаптырым, тай шаптырым лексемаларының орын алғандығын ақын мұраларынан кездестіруге болады. Этнограф Х.Арғынбаевтың деректеріне сүйенсек, құнан шаптырымының қашықтығы – 10-15 км, ал аттікі – 30-40км. Р.А.Будагов сөздігінде: На скачке лошадей пускают верст за 40 (Б.Сл, I т, 241-с).Е.Жанпейісов өз еңбегінде М.Әуезовтің де осы мәселеде білдірген пікірін былайша келтіреді: «Расстояние в степи измеряется длиной пробега коней на байге (скачке). Бег жеребенка – 5 км, бег стрикуна – 8-10 км, бег коня – 20-25 км [160, 143]. «Өгіздің терісінің аумағындай жер» тіркесі арқылы ақын аумақты, көлемді танытқан. Сөзіміз дәлелді болуы үшін М-Ж.Көпеев шығармаларынан мысалдар келтірейік:



Бір өгіздің терісінің аумағындай жер берсеңіз болады (VIII том, 100-б).

Жылқы малын атамыз қазақ ерекше дәріптеген. С.Мұқанов: «Жылқы, ең алдымен, сол жауынгершілік заманның талабына сай құнды мал ретінде саналған. Себебі, ол кезде жауды қуып жетуге немесе одан қашып құтылуға жылқыдан қолайлы мал болмаған» [161, 67] – деп дәріптейді. Күні бүгінге дейін бұл төрт түлік малдың, оның ішінде жылқының адам өміріндегі мәні дами түсуде. Ендеше осы мал шаруашылығымен қатысты метрологиялық лексикамыз да жетіле түспек. Тілдік қолданыста ұзындық өлшемдері эмоциональды-экспрессивті бағалауыштық мәнде ауыз әдебиеті үлгілерінде мол ұшырасады. М-Ж.Көпеевтің жинаған мақал-мәтелдері ішінен ұзындыққа қатысты : Адым жерде - олжа бар, Адым жерде - пәле бар; Арамзаның құйрығы –бір-ақ тұтам; Баланың жеңінің ұшын жамаса, Қарыс – бойы өседі; Қарыс-алыс, сүйем-жуық тәрізді түрлері кездеседі, (5-т, Қазақ фольклоры үлгілері) бұның өзі ұзындыққа байланысты тілдік бірліктердің белсенді қолданыста екендігін аңғартса керек.

Қорытындылайтын болсақ, бұл бөлімде метрологиялық лексиканың үлкен саласын қамтитын ұзындық өлшемдеріне қатысты мәселе арқау болды. Логикалық қабілеті күшті дамыған ата-бабаларымыз ертеден-ақ күн мен жер, ай мен жер, жұлдыз бен жер, планета ара қашықтықтарын, шеті-шегі жоқ нысандарды түйсікпен сахарада жүріп-ақ өлшеген. Ой-қиялы алыс сағымдарға, биік аспан әлеміне, терең мұхиттар мен жер қабатына бойлаған адамзат түйсігі олардың мүмкіндіктерін халықтық өлшем бірліктеріне де әкеліп түсірген. Сол қиял жемісі ретінде аспанмен таласқан ғимараттар мен пирамидалар салған. Ой-армандары шындыққа ұласып, ғылымның көкжиегіне құлаш ұрған. Нәтижесінде сөздік құрам толығып, тілдік қабатымыз нығая түсті. Ұзындық өлшемдеріне енетін сөздерге мысалдар М-Ж.Көпеев шығармаларынан келтіріліп, ұзындық мағынасындағы атауларға этимологиялық-морфологиялық зерттеу де қатар жүрді. Этнолингвистикалық тұрғыдан қарастырылып, қолданылу аясының кең мүмкіндіктері арқау болды. Осы өлшемдерді өз еңбектеріне нысан еткен ғалым-зерттеушілер еңбектеріне назар аударылып, басқа түркі тілдес халық ұзындық өлшемдерімен салыстыру жүргізілді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет