Кіріспе Тақырыптың өзектілігі


III тарау 3.1. ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ- татар әдеби байланыстары



бет3/5
Дата05.11.2016
өлшемі0,83 Mb.
#954
1   2   3   4   5

III тарау

3.1. ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ- татар әдеби байланыстары.
ХХ ғасырдың басында татар әдебиеті барынша дамыды. Ол он ғасыр бойы жасай алмаған әдебиетін жасап, он ғасыр бойы тудыра алмаған әдебиет алыптарын тудырды.

ХХ ғасырдың басындағы татар мәдениеті көптеген түрік тұқымдас халықтардың мәдениетінен озық тұрды. Ал татар әдебиеті өзінің озық идеялары, көркемдік шеберлігімен басқа түркі тектес халықтардың әдебиетшілеріне үлгі-өнеге болды, татар арасынан ірі-ірі ақын-жазушылар шығып олар басқалар оқып-үйренерлік, тәлім аларлық бірсыпыра көркем туындылар берді. Мұндай адамдардың қатарына татардың ХХ ғасырдың басында өмір сүргенҚоғам және мәдениет қайраткерлері Х. Ямашев, М.Вахитов, Ғ.Құлахметов аса көрнекті ақын жазушылары Ғ.Тоқай,Ғ.Ибраһимов, М.Ғафури, Ф.Кәріми, Ғ.Камал, Ф.Әмірхан, М.Фаизи т.б. қосуға болады.

Академик –жазушы С.Мұқанов татар әдебиетінің қазақ әдебиетіне жасаған игілікті ықпалы жөнінде: «Ғабдолла Тоқай, Ғалымжан Ибраһимов, Мәжит Ғафури, Ғалиасқар Камал, Фатиз Әмірхан, Ғафур Құлахметов сияты үлкен жазушылар идея және көркемдік шеберлік жағынан қазақ ақын-жазушыларының бүкіл бір буынына әсерін тигізді. Татар әдебиеті және жекелеген татар жазушылары бізден басқа халықтардың да әдебиетіне да ықпал жасады. Мұның өзі түрікмен жазушысы Берді Кербабаев, өзбек жазушылары Абдолла Қадыри, Ғафур Ғұлам және тәжік жазушысы Садриддин Айнилардың шығармашылығынан айқын көрінеді. Мұның өзі бүкіл әлемге белгілі жайт»[37:84] десе ,белгілі қазақ жазушысы Ғ.Мұстафин: «Қалың татар көрмей жүрген халқымыз емес, қашанда адал ниетті көршіміз, ақ тілеулі ағамыз.Сахарада көзін ашқан жас балапан жазба әдебиетіміздің балақ жүнін түлеткен де- солар, төңкеріске дейін азын-аулақ кітаптарымыз болды десек, соның қай-қайсысында да кәрі қара шаңырақ Қазанның аты жазылған.Татар мәдениеті қазақ үшін көз көрмеген, аяқ баспаған бейтаныс өлке емес. Оның самалын ертеден –ақ саялап, оның миуасын баяғыда-ақ татқанбыз. Тәтті екен –тамсанғанбыз.Шөлдей, шөліркей ұмтылғанбыз сол жаққа»[38:№26].

ХХ ғасырдың басындағы татардың мәдениеті мен әдебиетінің ең көрнекті өкілі болған және татар әдебиетіне ғана емес, сонымен бірге бүкіл түркі тектес халықтардың әдебиетіне, көптеген ақын-жазушылары елеулі ықпал жасап, әсерін тигізген татардың ұлы халық ақыны Ғабдолла Тоқай (1886-1913) еді.Өйкені Ғ.Тоқай өзінің әлеуметтік мазмұны терең, көркемдік дережесі жоғары, шыншыл шығармаларынмен татар әдебиетін идеалық-көркемдік жағынан байытып оны биік сатыға көтереді.

Ол тек татар әдебиеті үшін ғана емес, бәлкім бүкіл дүние жүзінің классикалық әдебиеті үшін де маңызы бар шығармалар жазып, татар поэзиясы оның әдебиетінің негізін салған зор талант иесі болды.

Тоқай Оралда тұрған кезінде қазақтармен тығыз қарым-қатынас жасайды, медреседе оқып жүргенде, ондағы Ерғали, Нұрғали деген қазақ шәкіріттерімен достас, пікірлес, сырлас болады. Қала маңындағы Жымпиты, Қартөбе қазақ ауылдарына барып тұрады.Ол қазақ өлеңдерінің жарқын образға толы екенін айтып қайран қалады. Махаббат тақырыбына жазылған бір өлеңінен үзінді келтіре отырып, Тоқай былай дейді: «Осымен қатар менің оң жағымда бір парақ қағазға жазылған қазақ өлеңі жатыр. Бұл өлең мынау:



Қарағым, айналайын, сіз қызғалдақ,

Сізлерге берген екен мал менен бақ...

Құрбының арманы не сізді құшқан,

Аузың- бал, тілің- шекер, қойның- жұмақ.

Көресіз бе? Бұл қазақ ақыны өзінің сүйгенін қалай мақтай білген! Міне, осылардың бәріне қарағанда, біздің татарлар өлең жағынан қазақтардан да артта қалған екен» [22:144]. Тоқай мұнда , қазақтың халық өлеңдерінде адамның көңіл-күйі, ішкі сезімі нанымды, әсерлі суреттелетініне баса назар аударған.

Ғ.Тоқай 1910 жылы 15 сәуірде Қазан қаласында «Шарқ» (Күншығыс) клубында «Халық әдебиеті туралы» деген тақырыпта көпшілікке арнап лекция оқиды. Жұртшылық алдында оқыған осы лекциясында ол татардың көптеген кітаптарының басқа тілдерде, соның ішінде қазақ тілінде жазылатынын айтады. Бұған мысал терінде «Таһир Зуһра» дастанын келтіреді. «Бұл татар кітабы болғанымен, ол қазақ тілінде жазылған» дейді.Тоқай сонымен бірге жалпы қазақ әдебиеті туралы жоғары пікір білдіріп, қазақ өлеңдері әдемі, әсерлі екненін атап өтеді. Бұған мысал ретінде әлгі қазақ тілінде жазылған «Таһир-Зуһра» дастанының өте әсерлі екенін айтып, «менің ойымша кішкентай шағында осы кітапты оқып, жыламай өскен еркек пен әйелдеріміз сирек»[1:272], - дейді.

Оның «Уаллаһи»атты өлеңінен қазақ жері жөнінде төмендегідей жыр жолдарын кездестіруге болады:



Бақыттылар қырды жайлайды,

Ақ нанға қосып жейтіндей саф ауа,

Көкорай шалғын, құстар да сайрайды,

Ақша бұлттар көшпелі қазақтардай жосып,

Көктен бір түнейтін қоныс сайлайды.

Сәл ғана самал жел ессе,

Өсімдіктер жер бетінде ырғалып, ойнайды.

«Міне, таза ауа, кең далада көңілденіп отырғанда жазыла салған бір жыр бұл»[31:158], деп жазады ақын өлеңінің соңында.

Қысқасы, ХХ ғасырдың қазақ әдебиетінің даму тарихында Ғ.Тоқайдың ұстаздық рөлі ерекше орын алады.

Татар –башқұрт әдебиетінің классигі Мәжит Ғафури (1888-1934) көп жыл бойы Тройцк қаласында тұрды. Жаз күндері қазақ ауылдарына барып, мұғалім болып, бала оқытты. Сонда жүріп қазақ халқының өлең –жырымен, ән-күйімен танысты.

М.Ғафуриің шығармашылыық бетінің қалыптасуына қазақтың халық өнерінің елеулі әсері болған. Оны ақынның өзі де мойындаған. Мәселен, өзінің өмірбаянында Ғафури былай деп жазады: «Қазақтардың сөзге шешендігі олардың өлеңге және өлең шығаруға деген табиғи қабілеті (таланты), поэзияға толы көшпелі өмірі, қазақ әйелдерінің басқа шығыс әйелдеріне қарағанда еркін өмірі және олардың жүздерін жасырмай, ашық жүруі – міне, осының барлығы да маған үлкен әсер етті.Сондықтан да олармен бірге өткізген жеті жыл менің өмірімде өмір бойы өшпес із қалдырды... Мен ол күндерімді қазір де асқан сүйіспеншілікпен есіме аламын және ол жылдарға деген менің құрметім есімнен өмір бой өшпек емес» [39:24]7

Мәжит Ғафури қазақ халқының тұрмыс салтындағы көптеген жақсы әдет-ғұрыптарды, әсіресе қазақтардың суырып салма ақындық (импровизаторлық) өнерін өз бойына сіңіре білген. Ол кейбір айтыстарда, талас-тартыстарда өлеңді табан астында суырып салып, шығарып отырған. Мәселен, Ғафури бір қазақ байының үйіне келіп қонғанда, өзіне жөндеп төсек салып бермегені үшін өкпелеп, табан астында байға арнап мынадай бір шумақ өлең шығарыпты:



Екі қат көрпе- жастық Желдірбайға,

Төселген сондай орын Мұсатайға,

Кір жастық, жыртық көрпе мына бізге,

Жатайық дау шығармай енді жайға [40:10-13].

Мұны естіген үй иесі өз қателігін түсініп, Ғафуриге қайта төсек салып беріп, жақсылап сыйлап, жөнелтеді.Жалпы М.Ғафури өлеңдерінде қазақ өлеңінің құрылысы (он бір буынды қара өлең), ұйқасы (а,а,б,а) және ырғағы (3,4,4) үнемі сақталып отырады. Мұны, әсіресе, оның «Сібір темір жолы», «Шаттық жыры», «Бай адам», «Қорқақтық», «Алмашыну» т.б. өлеңдерінен анық байқауға болады.

М.Ғафуридің қазақ халқына деген сүйіспеншілігі мен құрметін ақынның баласы Әнуар Ғафури өзінің «Қонақжай елде» деген әңгімесінде толық әрі анық жазған.

Қазақ арасында жүріп өз шығармаларын қазақ, татар тілдерінде қатар жазған, сондықтан туысқан екі әдебиеттің ортақ өкілі саналатын ақындардың бірі, әрі драматург - Әкрам Ғалымов (1892-1913). Әкрамның әкесі Меңдіғалым деген кісі Уфа губерниясында дүниеге келген. Жас кезінде Троицкіге келіп, Мұхаметжан хазірет дегенннің медресесінде оқиды.Ол кейін Түркістан жағында біраз болады да, кейін Ақмола маңына келеді.Қазақ балаларын оқытады.Осында Қазаннан келген бір қызға үйленеді.Одан Әкрам туады. Сөйтіп Әкрам Ғалымов Ақмола қаласында, татар отбасында туады, сонда оқып, білім алады. Кейін Троицк, Қостанай медреселерінде оқиды. Содан соң Қостанайда мұғалім болып, бала оқытады. Өмірінің соңғы жылдарында «Айқап» журналында жауапты хатшы болып істейді [37:54-56; 32:148-150; 42:203-208].

Әкрам қаршадайынан-ақ қазақ және татар тілдерінде өлеңдер жаза бастайды. Оның тұңғыш өлеңдер жинағы «Жастық жемістері» деген атпен 1912 жылы Қазан қаласында, қазақ тілінде басылып шығады. Жиырма сегіз беттік жинағындағы бұл өлеңдерін Әкрам нағыз қазақ ақындарынша төгілдіріп жазады.

Әкрам драматургиямен де әуестенеді. Қостанай молдаларының басынан өткен бір оқиғаны пайдаланып, «Май мәселесі» атты бір перделері күлдіргі пьеса жазады. Қостанайдың көркемөнерпаз әуесқойлары бұл пьесаны сол кездің өзінде-ақ сахнаға қойып, бүкіл қаланы шулатады. Троицкідегі «Хызмет» баспасы бұл пьесаны 1913 жылы өз алдына жеке кітап етіп шығарады.

Әкрам Ғалымов жастай қайтыс болған. Бірақ осыған қарамастан ол артына едәуір әдеби мұра қалдырған. Оның жоғарыда аталған екі кітабынан басқа да бірнеше шығармалары баспа бетін көрген. Мәселен, «Айқап» журналының 1912жылғы 11 санында Әкрамның «Бишара қыз» атты көлемді әңгімесі жарияланды.Жазушы өзінің бұл әңгімесінде әйел теңдігі мәселесін сөз етіп, ескі әдет-ғұрыптың құрбаны болған қазақ қызының ауыр халін, аянышты өлімін суреттейді. Ақынның «Айт күні», «Замандастарға», «Жұртқа қайтып жағу керек», «Қыс», «Өкініш» атты өлеңдері де осы журнал беттерінен орын алған. Әкрамның «Не екен сұлу қыздың түсін алған» деп басталатын өлеңі Абайдың « Бір сұлу тұрыпты хан қолында» деп басталатын атақты өлеңімен өте үндес келеді.

Әкрам аударма ісімен де айналысқан. Мәселен, Ғ. Тоқайдың «Сүтке түскен тышқан» деген мысалын «Тышқаннан ғибрат» деген атпен аударып оны өзінің «Жастық жемістері» атты жинағына енгізеді, тіпті Әкрам ағылшынның ұлы ақыны Дж.Байронның «Шиллион тұтқыны» атты атақты поэмасын да орыс тілінен қазақ тіліне аударды.

Әкрам қазақтың сол кездегі көрнекті ақын- жазушылары М.Сералин,С.Торайғыров, С.Көбеев, М.Кәшимов, т.б. дос болған.

Ә. Ғалымов шығармаларында көбінесе халықтың көбінесе халықтың қараңғылығы, өнер- білімнен артта қалуы, қазақ әйелінің ауыр тұрмысы, қожа-молдалардың арамзалығы сөз болады.Халықты оқу-білімге, өнер-ғылымға үндейді, әйелдерге бас бостандығын беруге, теңдік әперуге шақырады. Әкрам шығармалары көбінесе өзінен бұрын және өз тұсында өмір сүріп, еңбек еткен қазақ пен татардың көрнекті ақын-жазушылары Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, Ғ.Тоқай, С.Торайғыров, С.Көбеев шығармаларымен үндес келеді. Кейде олардың ықпалында болып, солардың сарынында өлең жазса, кейде өзі де олардың кейбіреулеріне әсер етіп отырады. Қайткен кұнде де Әкрамның өмірі мен шығармашылығы қазақ әдебиеті мен сабақтас, соның бірі бұтағы я жапырағы тәрізді жайқалып тұрады.

Татар, башқұрт және қазақ әдебиетінің байланысы жөнінде сөз болғанда, атақты ақын Шаихзада Бабичтің (1895-1919) есімі де еріксіз еске түседі. Ол он бес жасынан бастап қазақ даласына жиі келеді, мұнда қазақ балаларын оқытады. 1911-1916 жылдары Уфадағы «Ғалия» медресесінде қазақ шәкірттері – Б.Майлин, Ж.Тілепбергенов, Н. Манаев, Ә.Мұстафиндермен бірге оқиды.

Ш.Бабич жас кезінен-ақ татар-башқұрт ауыз әдебиетін жинау және үйренумен шұғылданған. Ол өзінің күнделік дәптеріне қазақтың 79 мақал- мәтелін, көптеген қазақ өлеңдерін жазып алған. Ш.Бабич қазақ ауыз әдебиетін жинаумен бірге, қазақ халқының жазба әдебиетін де өте ықыласпен оқып, үйрене бастайды. Жас ақынға әсіресе, А.Құнанбаевтың өлеңдері ерекше әсер етеді.Өзінің кейбір өлеңдерін (Мәселен, «Халқым үшін», «Күнә мен жаза» т.б.) Абай өлеңдері үлгісінде жазады. Тіпті ол орыстың ұлы ақыны М.Ю. Лермонтов шығармаларымен алғаш рет Абай аудармасы арқылы танысады [37:48].

Бабич жалғыз Абай емес, қазақтың басқа да ақын- жазушыларымен , олардың шығармашылық ерекшеліктерімен жақсы таныс болған. Мұны оның кейбір шығармаларынан байқауға болады. Мәселен, ол әліпби тәртібімен жазған «Китаб ән-нас» сияқты ұзақ өлеңдерінде ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақтың көптеген ақын-жазушылары туралы пікір айтады [43:222].

Академик Қ. Жұмалиев Ш.Бабичті Абай шәкірттерінің қатарына қосқан .Міне, осының өзі-ақ Бабичтің қазақ әдебиетімен тығыз байланысын көрсетеді және оның шығармашылығы қазақ-татар әдебиетінің туысқандық байланысының жарқын бір беті болып табылады.

Қазақ тілін еркін игерген, оның бай ауыз әдебиетін жақсы білген, өз өлеңдерін кейде қазақтың өлең өлшемдерімен жазған татар ақындарының бірі – Зәкір Садықұлы Рәмиев – Дәрдмәнд (1859-1921). Ол Орынбор губерниясының Сперлітамақ уезінде туған, көбінесе Орск маңында тұрған. Алғашқы өлеңдері 1902 -1903 жылдары «Тәржіман», «Қазан мухбирі» газеттерінде, кейін өзі шығарып тұрған «Уақыт» газетімен «Шора» журналында жиі жарияланып тұрды. Өмірінің көпшілігін қазақ арасында өткізген ақын қазақ тілін жақсы біледі, сондықтан өзінің өлеңдерінде қазақ сөздерін жиі қолданады, өлеңдерін кейде қазақ жырының өлең өлшемдері, ырғақ,ұйқас түрлерімен жазады. Мәселен, оның 1906 жылы басылған «Яңбыр» («Жаңбыр») атты өлеңі тікелей қазақ өлеңінің үлгісінде жазылған.

Күн қызды, қызды ауа мұнарланып,

Сағымдап, қыр мен дала шұбарланып,

Ауа тымық, шық етпес, қысылды таң,

Жаңбыр күтед жер жүзі құмарланып,

Көрінді көк жүзінде қара бұлт,

Бұлғанып қайрат пенен ожарланып,

Жүгіртіп үйірмелер, естіріп жел,

Ашулы келе жатыр жұмарланып[44:26].

Немесе:

Мүйізі бар қойдың бәрі қошқар емес,

Ұшқан құстың бәрі сұңқар емес,

Кімдер айтпас өлеңді, айтар бәрі,

Шоқаңдаған ақсақ есек тұлпар емес [44:67]

Міне, татар ақыны Дәрдмәндтің бұл өлеңдерінің кәдімгі қазақ өлеңінен айырмасы аз. Алғашқы өлеңі Ы.Алтынсаринның «Сәуірде көтерілер рахмет туы» немесе А.Құнанбаевтың «Жазғытұрым қалмайды қыстың сызы» деген өлеңдерімен тақырып жөнінен де, көркемдік жағынан да, өлең құрылысы, өлшемі жағынан да үндесіп жатады. Тіпті,Дәрдмәнд өз өлеңдерінде татардың әдеби тілінде кездеспейтін, кездессе де өте сирек ұшырасатын қазақтың мұнарланып, сағымданып, шұбарланып, жұмарланып, ожарланып, оқырана, шуласып деген сөздерін де қолданады. Бұл сөздер татар тілінде болмағандықтан және татар оқушыларына түсініксіз болғандықтан, Дәрдмәнд кітабында оларға түсінік берген.

Дәрдмәндтің бұдан басқа «Өткен күндер», «Тал шыбық», «Корап» («Кеме»), «Балалар, бар мектепке!», «Кімдер айтпас өлеңді», «Жаз» сияқты өлеңдері де қазақ өлеңінің өлшемімен жазылған.

Қазақ өлеңдерінің өлшемін, ырғақ, буын, ұйқас заңдылықтарын пайдалану фактісін М.Ғафури, Н.Думави, Ә. Ғалымов, Ш.Бабич, Ф.Бурнаш шығармашылығынан да кездестіруге болады. Мысалы, М.Ғафуридің «Сібір темір жолы», «Бай», «Қорқақ», Фатхи Бурнаштың «Қорқыт», «Қазақ қызы», («Дала дауы»), «Сахара ханы» атты өлеңдері қазақтың өлең өлшемі, ұйқас, ырғақ заңдылықтарымен жазылған. Мұның өзі татар жазушыларының қазақ ақындарына үнемі ұстаз ғана болмай, сонымен бірге олардың да қазақ әдебиетінен көп нәрсені оқып үйреніп отырғанын көрсетеді.

Татар мәдениеті мен әдебиетінің ықпалында болған қазақ ақын-жазушыларының бірі және ең көрнектісі Мұхаметжан Серәлин (1871-1929) еді. Мұхаметжанның әкесі Серәлі қазақ, ал, шешесі татар қызы болса керек. Мұхаметжан сегіз жасында медресеге оқуға түседі. Онда алты-жеті жыл оқиды, мұсылманша орта дәрежелі білім алады. 1900 жылы ол татар миллионері Яушевке қызметке тұрады. Сонда жүріп татарша , орысша газет- журналдар оқиды, әдебиетпен әуестенеді, «Гүлкәшима» (1903), «Топ жарған» (1907) поэмаларын жазып шығарады, қазақ тілінде журнал шығару қажет екен деген ойға келеді. Ақыры ол 1911 жылдың қаңтар айынан бастап, Троицк қаласында «Айқап» атты қазақ журналын шығара бастайды.

М.Серәлиннің татар жұртшылығы және оның мәдениетімен байланысын оның өзі шығарып тұрған «Айқап» журналының беттерінде жарияланған мақалаларынан анық көруге болады. Мұхаметжан «Айқап» журналында қазақтың сол кездегі жағдайы, тұрмыс- халі, оқу-ағарту мәселелерімен бірге көркем әдебиет мәселесіне, соның ішінде татар - қазақ әдебиеттерінің байланысы мәселесіне де елеулі орын берген. Мәселен, «Айқап» журналыгың бетінде татардың көрнекті ағартушы ғалымы Шиһабетдин Маржани, «Тәржімән» газетінің редакторы Исмаил Гаспринский, татар халық ақыны Ғабдолла Тоқай жөнінде арнайы мақала жазады.Әрине бүгінгі күннің тұрғысынан алып қарағанда, бұл мақалалардың бәрі бірдей ойдағыдай шыға бермейді. Дегенмен, бұл мақалалар М.Серәлиннің татар халқына, оның мәдениеті мен әдебиетіне деген ілтипатын анық көрсетеді. Ол қай мақаласында болмасын татарларды «ноғай бауырларымыз» - деп атайды.

Татар -қазақ әдедиетінің өзара байланысы жөнінде сөз болғанда, ең алдымен Ғ. Тоқай мен С.Торайғыровтың (1893-1920) есімі еріксіз еске түседі. Бұлай дейтініміз, Тоқай қаншалықты үлкен ұстаз болса, Сұлтанмахмұт соншалықты өз ұстазына сай шәкірт еді. Екеуінің тағдыры да өте ұқсас. Мәселен, екеуі де бірдей қаршадайынан ата-анасынан айырылып жетім қалады, есін біліп, ер жеткенінше кім көрінгеннің қолдарында өседі.Әуелі ауыл молдаларынан оқып, хат таниды. Кейін медреселерде оқып, сабақ алады.

Екеуі де өлең жазады, ақын болады, жастайынан ауруға шалдығады. Ақырында екеуі де қыршын жасында - 27 жастарында қайтыс болады. Арттарына өлмес еңбек, өшпес даңқ қалдырады.

Сұлтанмахмұт татар тілі, мәдениеті, әдебиетімен ерте танысты.Біріншіден, ол алдынан өткен молдалардың көпшілігі татар еді, әрі ол кездегі оқу көбінесе татар тілінде жүретін. Оның үстіне ол кезде қазақ тілінде кітап, газет-журналдар (1902-1910) жоқтың қасы еді. Сондықтан олардың оқитыны көбінесе татардың кітаптары, журналдары, газеттері болатын. Сұлтанмахтұттың әдебиетпен, оның ішінде татар әдебиетімен алғаш танысуы 1906-1907 жылдары деуге болды. Өйткені, бұл жылдары ол Мұқан деген молдадан оқиды.

Сұлтанмахмұт осы Мұқан молдадан оқып жүрген кезінде содан үлгі алып, өлең жаза бастайды. Ал, татар әдебиетімен жақын таныс болуы – 1910жыл. Себебі бұл жылы ол Нұрғали деген кісіден сабақ алады. Ол Троицк қаласында оқып келген, жаңаша оқып келген кісі екен және қазақ- татар тілдерінде шығатын газет-журналдарды, әдебиет кітаптарын алдырып, оқып тұрады екен. Оның үстіне ол Сұлтанмахмұтқа заман жайлы, өнер жөніне, татар ақыны Тоқай туралы көптеген әңгіме айтады. Сұлтанмахмұт осы Нұрғали алдырған кітаптарды, журналадары, газеттерді оқиды, ол айтқан әңгімелерді сүйсіне тыңдайды. Сөйтіп, қазақ, татар әдебиетімен жақсы танысады. Дүниенің мәнін, заманының жайын аңғара бастайды. Осыдан бастап ол, өнер - білімге ықылас қояды, өлең, әңгіме жазуға белсене кіріседі.

Әкраммен таныс болған Сұлтанмахмұт «Айқап» журналының беттерінде өзінің бірсыпыра өлеңдерін, мақалаларын, хаттарын бастырады.Ал, кейін «Айқаптың» хатшысы болып қызмет атқарып жүрген Ә.Ғалымов қайтыс болғанда, оның орнына «Айқап» журналының редакциясына хатшы болып, Сұлтанмахмұт қызметке орналасады.

Троицкідегі медреседе оқуы, «Айқап» журналында қызмет істеуі С.Торайғыровтың көзқарасына және шығармашылығына едәуір әсер етеді. Өйткені, бұл жылдары ол татар әдебиетімен молырақ танысады, татар баспасөзінде жарияланған шығармаларды көбірек оқиды, ондағы саяси-әлеуметтік сарындар, қоғамдық көзқарастар жас қазақ ақынының ой-пікіріне, шығармашылығына өз ізін қалдырады. Мәселен, Сұлтанмахиұт өз аулында жүріп, 1907 – 1911 жылдары жазған өлеңдерінде көбінесе ел ішіндегі қараңғылықты, надандықты сынайды. Еңбекші бұқара мүддесін, таптық көзқарасты ашық, баса айтады. Ал, Троицкіде жүрген кезде жазған өлеңдерінде ақын көбінесе бірлік, елдік мәселесін көбірек қозғайды, жалпы ұлттық мәселені баса айтады. Бұл Сұлтанмахмұттың «Түсімде», «Бұлар кім», «Кешегі түнгі түс, бүгінгі іс» деген өлеңдерінде байқалады. Оның үстіне өз өлеңдерінде сөздері мен сөз тіркестерін көбірек қолданады. Мәселен, Торайғыров татардың , сол татар тілі арқылы келген араб-парсының мына сөздерін жиі қолданған:бәліш, милләт, бек, тауфих, дауан, шат, зинһар, хикая, ғафу, жамағат, мәтбұғат, хашия, мантық, хатымкәр, мүрит, хадим, жәдит, таракки, жаһаләт, мәжүж, нығмет, зілзәлә,ұсұлы т.б.

Сұлтанмахмұт татар баспасөзі көтерген ұлттық ұранмен бірге оның Ғ.Тоқай, Ғ.Ғафури, Ғ.Камал, Ғ.Ибраһимов көтерген ағартушылық – демократиялық идеясының да жаршысы болады. Бұған оның сол Троицкіде жүріп жазған «Оқып жүрген жастарға», «Талибтерге», « Оқудағы мақсат не?», «Түсімде көрген аянышты хал», « Анау-мынау», «Арыстан мен тышқан», «Мағынасыз мешіт», «Екі тышқан», «Көк өгіз», «Зарлану», «Бір баланың тілек- батасы», «Алғыс», «Шығамын тірі болсам адам болып» деген өлеңдері мен мысалдары «Қазақ оқу оқыту жолы қалай?», «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан», «Өлең мен айтушылары» деген мақалалары толық дәлел бола алады.Сұлтанмахмұт өмірінің Троицк кезеңіндегі саяси – мәдени және әдеби бетін анықтайтын, негізінен осы өлеңдері. Ал, ақынның бұл өлеңдеріне көбінесе сол кездегі татардың алдыңғы қатарлы ой-пікірлерінің, ең алдымен, татардың аса көрнекті халық ақыны Ғ.Тоқайдың игі әсері тигенін аңғару қиын емес.

С.Торайғыров татар тілінде оқу оқыған татардың сол кездегі мәдениеті мен әдебиетін еркін игерген және оны аса жоғары бағалаған.Сондықтан да ақын:

Анау қырда татар тұр,

Басқалармен қатар тұр [45:51],-

деп татар халқының оқу-ағарту, мәдениет жағынан алға кеткенін, өнер- білім жөнінде оларды басқалармен қатар тұрғанын жазады, ал, оқу-мәдениеті жағынан кеш қалған қазақ халқын татар халқынан үлгі-өнеге алуға, яғни оқу-білімге, өнерге ұмтылуға шақырады. Бұл жылдары С.Торайғыров,әсіресе татар ақыны Ғ.Тоқайдың шығармаларын көптеп оқиды, оның «Екі тышқан» атты мысалын қазақ тіліне аударады және Тоқай мысалының ізімен өзі де «Арыстан мен тышқан», «Көк өгіз» атты мысалдар жазады. Соның нәтижесінде Сұлтанмахмұттың көптеген өлеңдері мен Тоқай шығармаларының арасында мазмұн және идея жөнінен үлкен ұқсастық барлығы байқалады. Өзінің туған елін, жерін сүю, туған тілді құрметтеу, тұрмыс туралы түсінік, әйелдерге көзқарас т.б. тақырыптар жөнінде татар ақыны Ғ.Тоқай мен қазақ ақаны С.Торайғыров шығармалары үнемі үндес жатады.

Тоқай мен Торайғыров шығармашылығының тек мазмұны менидеясы ғана емес, сонымен бірге кейде тақырыптары да ұқсас болып келеді.Мәселен, Тоқай өз өлеңдерін «Достарға бір сөз», «Көк сиыр», « Туған еліме», «Тұрмыс», «Әне-міне», Алданған татар қызына», «Түс», «Сүтке түскен тышқан» деп атаса, С.Торайғыров өз өлеңдеріне «Досыма хат», «Көк өгіз», «Туған елім», «Тұрмысқа», «Әне-міне», «Шал алған қыз», «Түсімде», «Арыстан мен тышқан» деген ат берген. Екі ақынның бұл тақырып үндестігінің өзі олардың ой-пікірінің ұқсастығының бір көрінісі болмақ.

Ғ.Тоқай мен С.Торайғыров өлеңдерінің тек мазмұн иеясы мен тақырыбы ғана емес, сонымен бірге кейбір көркем сөз тіркестері сөз қолданыс тәсілдері де үйлес. Мәселен, Тоқай мен Сұлтанмахмұттың кейбір өлең жолдары былай болып келеді:

Тоқай:


Бұл тұрмыс кіммен тоқтар таластан?,

Соғыс сен де арып талмастан!

Сұлтанмахмұт:

Тұрмысы бұл дүниенің күреспен тең,

Тәуекел, күреске түс, бар-дағы жең.

Тоқай:

Сескенбейміз дұшпанның күшінен біз,

Бұл күні Ғали, Рүстемдерге теңбіз.

Сұлтанмахмұт:

Қаһарман, Рүстем, Әлі де

«Бұрам» деп жолда тұра алмас.

Тоқай:

О, туған тіл, ата-анамның тілі,

Көп нәрсені үйрендім сен арқылы.

Сұлтанмахмахмұт:

Сүйемін туған тілім – анам тілін,

Бесікте жатқанымда берген білім.

Мұның барлығы бір жағынан үлкен мәдениет ортасынан шыққан Тоқайға қарағанда, қараңғы халық арасынан шыққан С.Торайғыровтың ой-өрісі мен сана – сезімінің шектелісін көрсетсе, екінші жағынан, оның өзіндік пікірі, ақындық беті, шығармашылық жолы болғанын дәлелдейді. Дегенмен бұл айырмашылықтарына қармастан, Тоқай мен Торайғыров шығармашылығы қазақ-татар әдебиеттері байланысының тарихындағы ең ірі елеулі бет болып қала бермек.

ХХ ғасырдың басында татар әдебиетінен көп үйреніп,одан едәуір үлгі-өнеге алған қазақ ақын- жазушыларының бірі – Сәбит Дөнентаев (1894-1933). Өйткені ол жастайынан татарша, орысша қатар оқып, білім алады.

С.Дөнентаев қазіргі Павлодар облысында, қазақ, татар аралас отырған жерде дүниеге келді. 1907-1908 жылдары Маралды деген жерде Жәлелитдин деген татардың медресесінде Нұрғали деген молдадан төте оқу әдісімен, бірқатар білім алады.Одан кейін Павлодар қаласының жанындағы Қасымқажы Ертісбаев дегеннің татарша медресесінде оқиды. Бұл сол кездегі ескі хадим оқуы әдісіне қарсы төте оқуды, ғылымның әр саласынан білім беруді жақтаған медресе болады. Сәбит осы медресеге келіп оқумен байланысты (1910-1912) ана тілі, есеп, география, тарихты үйренеді. Медреседе оқып жүрген кезінде , сол сияқты ауылда мұғалім болып істеген жылдарында (1913-1916) Сәбит қазақ- татар тілдерінде шығатын «Айқап», «Шора» журналындарын, «Қазақ», «Уақыт» газеттерін алып, оқып жүреді. Өз тұсындағы татар , қазақ әдебиеттерімен танысып, қазақ ақыны Абай Құнанбаевтың өлеңдерін, татар ақыны Ғ.Тоқайдың шығармаларын, орыс ақыны И.А.Крыловтың мысалдарын оқып үйренеді. Солардың ықпалымен өзі де өлең жаза бастайды. Сәбиттің алғашқы өлеңдер жинағы 1915 жылы Уфа қаласында, татар баспаханасында «Уақ-түйек» деген атпен басылып шықты.

Сәбит Дөнентаев көтеріліске дейінгі шығармаларында патша үкіметінің отаршылдық саясатына, үстем тап өкілдерінің еңбекші халықты қанауына, сол сияқты ел ішіндегі қараңғылық, надандыққа, әйел теңдігін аяққа басуға, тағы басқа әлеуметтік теңсіздіктерге қарсы болды. Сонымен бірге ол өз халқының азаттық өмірде, бақыттт тұрмыста өмір сүруін аңсады. Ал, бұл жолға жету үшін Сәбит өз отандастарын әуелі бірлікке, өнер- білімге ұмтылуға, әйелдерге бас бостандығын беруге т.б. прогесшілдік адымар жасауға үндеді.Мұның барлығы да сол кездегі татардың озат ой- пікірлі адамдары көтерген мәселелер еді. Бұл тақырыптардың төңірегінде Ғ.Тоқай, М.Ғафури, Ш.Камал, Ғ.Ибраһимов, Ф.Бурнаш сан шығарма жазғаны белгілі.Қазақ ақыны Сәбит Дөнентаев сол алдыңғы қатарлы татар ақын-жазушыларының осы озат ой-пікірлерін еркін игеріп, шеберлікпен пайдалана білген. Мәселен Ғ.Тоқай:


Каталог: wp-content -> uploads -> 2013
2013 -> Ф 7 –007-02 Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
2013 -> Мазмұны Кіріспе–––––––––––––––––––––––– 3-9
2013 -> Мазмұны Кіріспе Тарау -I. Кеңестік шығармашылық интеллигенциясы калыптасуының бастапқы кезеңІ
2013 -> Жанғабыл Қабақбаев, Қазақстан Республикасы журналистер Одағының
2013 -> Әл Фараби дүние жүзілік мәдениет пен білімнің Аристотельден кейінгі екінші ұстазы атанған. Ол данышпан философ, энциклопедист ғалым, әдебиетші ақын, математик. Әл Фараби 870 ж
2013 -> Өмірбаяны ІІ негізгі бөлім
2013 -> Ф 15-07 Қазақстан Республикасының білім ЖӘне ғылым министрлігі
2013 -> Кіріспе. Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Дипломдық жұмысының өзектілігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет