Кіріспе зерттеудің көкейтестілігі


Абай құнанбаевтың қара сөздеріндегі дидактикалық ойлар және оларды оқу үрдісіне ендіру мәселелері



бет3/5
Дата11.11.2016
өлшемі1,29 Mb.
#1507
1   2   3   4   5

2 Абай құнанбаевтың қара сөздеріндегі дидактикалық ойлар және оларды оқу үрдісіне ендіру мәселелері
2.1 Абайдың қара сөздеріндегі дидактикалық ой-пікірлер
Дидактиканың басты мәселесінің бірі үйрету, үйрену болса, оны түбегейлі меңгеру алдымен істің мән-жайын ұғынып, түсіну арқылы атқарылады. Бұл оқытуды ұтымды жүзеге асыруда, жалпы әдістердің негізін құрайтын сөз түріндегі, практикалық іс-әрекет түріндегі және көрнекіліктерді қолданудың бағыт-бағдарын белгілейді. Қазіргі кезде жаңа технология деп жүргеніміздің де құрамында осы әдістер бар. Сөз түріндегі әдістердің мән-мағынасы мен оны қолдануда көздеу тұтатын негізгі пікірлерге Абайдың қара сөздерінде, өлең шумақтары мен тармақтарында көптеп кездеседі. Оларды педагогиканың теориясын оқытуда қолдану студенттер тарапынан дидактикалық ережелер мен қағидаларды жете меңгерулеріне шарт түзеді. Осыған орай ақын шығармаларынан сөз туралы сөздің күші, сөздің іші, сөздің қуаты деген ұғымдарды кездестіреміз.

Ғұлама ақынның “Біреудің кісісі өлсе қаралы ол” [54,26] “Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек” [54,73] және өлеңдерінде “сөз ұғу”, “сөзді ұғарлық”, “ұға алмайсың”, “сөзді ұғар”, “Білімдіден шыққан сөз” [54,28] өлеңінде “ұқпасын ба сөзді тез”, “ұғар көңіл шын беріп”, “Келдік талай жерге енді” [54,8] өлеңінде “тыңдаушымды ұғымсыз”, “салсын құлақ ұққандар”, “Әбдірахманға Кәкітай атынан хат” [54,12] өлеңінде “тегіс ұғар қай құлақ”, “Талай сөз бұдан бұрын” [54,49] деген өлеңінде “бірінің бірі шапшаң ұқпас сөзін” деп өлеңдерінде сөзді ұғу мәселесін мынадай үш түрлі мәнде ескертеді:

- адамның сөзді ұғарлықтай ақыл-ой, ынта, жігер мүмкіндігі болуы керек екені көңіл шын беріп ұғатын, құлақ салып ұқсын;

- сөзді ұғатын адамның психологиялық ерекшеліктерін – талапты, көкірегінде “көз” болсын, жүрегі айнадайын таза, көңілі ояу немесе зейінді болсын;

- сөз ұға алмайтындарды – ұғымсыз, елдің бәрі тегіс ұға бермейді деп әр жеке тұлғаның өзіндік психикалық ерекшеліктеріне жаңсайды.

Педагогикада ұғу, түсіну сөзі орыс тілінде понять, понимание деген бір ғана мағынада қолданылса, қазақ тіліндегі оның мәні түсінуден гөрі кең мағынаға ие. Біздіңше, бұл, оқыту барысында тыңдаушылардың зейін қойып тыңдауы, тыңдағанын ой елегінен өткізуі, артында не бар екен деп сараптап, саралап, іріктеп, ой жүргізу арқылы мәнін пайымдап аңғаруға ұмтылуы – ұғу мағынасында болса, түсіну – тыңдағанын ой елегінен өткізіп, өздестіруіне, басқаша айтқанда, білімділікке айналдыруына байланысты қарастырылады. Бұл ретте ұғу сөзінің келтірілген түрлері оқыту барысында ескеруге тұрарлық. Бұдан басқа қара сөздерінде де “ұғу” сөзі тек түсіну ғана емес меңгеру, өздестіру мағынасында кездеседі. Өздестіру дегеніміз – біздіңше, алған білімін өзінің сапасы, бойының қасиетіне айналдыру арқылы өмірде қолдану мүмкіндігіне ие болу. Осындай өздестіргені жеткілікті адамды білімді дейміз, Абай “көргені, естігені” көп адамды білімді дейміз деген. Мысалы, 7-қара сөзінде “көзбен көрген нәрсенің де сыртын көргенге-ақ тойдық. Сырын қалай болады деп көңілге салмадық, оны білмеген кісінің несі кетіпті дейміз. Біреу кеткенін айтса да, ұқпаймыз” деген. Осы келтірілген ақын сөзінен “ұғу” көзбен көрген нәрсенің сырын ой елегінен өткізіп, көңілмен саралау қажет екенін көрсетеді. 8-қара сөзінде [54] дүние, мал-мүлікке құмарлық сөз ұғуға мұршасын келтірмеді, “қолы тимейді” десе, 10-қара сөзінде [54] ғылым білімді ұғарлық ақыл болуы керек дей келе 17-қара [54] сөзінде ақыл, қайрат, жүрек үшеуінің таласы-тартысын келтіре отырып, ақыл “сенің сөзіңді ұғатын – мен, менсіз...ғылымды ұғып, үйрене алмайды... менсіз өздері неге жарайды?,” - депті. Көріп отырғанымыздай ұғу ақыл қызметі оған әсер ететін басты құрал сөз. Сөз, оқу мен оқыту үрдісіндегі басты қарым-қатынас құралы, оқыту әдісінің ұрымтал бір түрі. Бұл ақынның 31-қара сөзінде [54] айқындала түседі. Мұнда ғылым, білімді меңгерудің бір тәсілі “...естігенде көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек” десе 38-қара сөзінде “ықылас бірлән оқып, ұғып алыңыздар” дейді. Демек, ұғу зейін қойып шын ықылас, таза ниетпен ғана іске асады, мысалы, 43-қара сөзінде “не көрдің, не есіттің, әр нешік білдің, соны тездікпен ұғып, ұққандықпенен тұрмай” оның алды, артын себеп, салдарын ойша сұрыптап пайымдау арқылы “арты қайдан шығады, алды қайда барады сол екі жаққа да ақыл жіберу” керек екенін дәріптейді. Осының өзі ұғу дегеніміз – ой жүргізу арқылы пайымдау екенін көрсетеді.

Ғұлама, ақынның 38-қара сөзінде “...ұғып ғадаләтпен тәптештеуге керек” яғни, іздеп тапқан нәрсені не болмаса іздемек нәрсені алдымен ұғып, түсініп одан соң не үшін қажеттігін, тегін, пайда-зиянын жан-жақты білу дегенге саяды.

Мақсаттылық – дидактиканың тағы бір мәселесі. Білім алу, оқып үйрену алдымен, алдына ізгі мақсат қою арқылы іске асатыны белгілі. Бұл өз кезегінде әркімнің өз алдына қойған жеке мақсаты, соған кіретін білім алудағы жеке мақсаты болса, оны жүзеге асыратын білім алу үрдісіндегі ұстаздар тарапынан қойылатын оқытудың мақсаты, әр сабақтың мақсаты, әркімнің дербес іс-әрекетінің мақсаты болып бөлшектенеді. Осылардың барлығының іске асуына тірек болатын ниет пен талап “иннәмал-әғмал бин ниет” немесе іс істеу үшін ниет, талап керек. Мұнда, алдымен мақсатты қойып, сол мақсатты жүзеге асыруға ниет ету керек екені айқындалды. Ниет ету Абай ұғымында көздеген істі жүзеге асырудың бастамасы. Бұл пікірлер негізінен діни танымға байланысты айтылғанымен таным діни ме жоқ зайри ме бәрі бір таным емес пе? Абай Құнанбаевтың 32-қара сөзінде [54] “ақиқат мақсатпен” деп алдыға қойған мақсаттың шынайылығына мән береді. Бұндағы бастысы алдыға қойылған мақсат іске асатын, оған шамасы келетін, пайдалы болуы шарт. Әйтпегенде шынайы емес жалған, пайдасыз болмақ.

Жоғары оқу орындарында білім және тәрбие берудегі маңызды ескере отырып, Абай жас буынға жүйелі білім беру керектігін мойындайды. Ол тәрбие мен білім берудің жас буынды адам етіп қалыптастыруда шешуші рөл атқаратынын жақсы түсінді. Ол туралы: «Егер, мен заң қуаты қолымда болса, адам мінезін түзетуге болмайды деген адамның тілін кесер едім»,- деп жазды[54]. Абайдың осы қара сөзі арқылы біз қазіргі таңда жастар бойында кездесетін жаман қасиеттерді, мінездерді өзгермейді деген адамға мінезін өзгертіп көркем мінезді, тәртіпті, мәдениетті тұлға қатарына қосылуына талпынуына және де толықтай өзгеруіне бірден-бір түрткі болады деген ойдамын.

Абай оқыту ісіндегі схолостикалық әдіске, құрғақ жаттауға қарсы болды. Ол сапалы білім беруді қуаттады. Таяқ тәртібінің орнына саналы тәртіптің болуын жақтады.

«Дүниенің һәм көрінбеген сырын түгендеп, ең болмаса, денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды. Оны білмеген соң, жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады»,- дейді Абай[54].

Абай ғылымды үйрену ісіне тек пайда көздеп қарауға қарсы болды. Ол балаларға әуелі олардың ақыл-ойын, дүниетанымын, мәдениетін дамытарлық жалпы білім беру қажет деп есептеді.

Ол жастардың еңбексіз жүріп, жаманшылыққа бой ұратынына қарсы болды. 1886 жылғы бір өлеңінде ол:

«Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман,

Шошимын кейінгі жас балалардан

Терін сатпай, телміріп көзін сатып,

Теп тегіс жұрттың бәрі болды аларман» [54,169],-

деп, өз кезіндегі жастардың осындай жағымсыз мінездерін қатаң сынға алды.

Надан адамды Абай ақылы саяз, біреудің ақылымен, біреудің айтқанымен жүретін ойсыз, бейшара адам деп таныды. Осылардың арам ниетті мінездерін көргенде қаның қайнайды дейді ол. Алайда мұндай ақымақтар мінезіңді түзе, білім ал деген адамнан қашады. Оларша білімсіздік, ойсыздық – ұят емес, өсек тасу, біреудің сыртынан жауығып, тас ату, біреудің сыртынан орынсыз мақтану – міне, олардың кәсібі.

Оқудағы мақсат “білмек үшін”; үйренудегі мақсат та “білмек үшін”. Яғни, жалған мақсат та бар екен, олар: “түпкі мақсатың өз пайдаң болса”, “киімін түземелік” болса оның білім, ғылымға пайдасы шамалы. Ғұлама ақынның 38-қара сөзіндегі дидактикалық пікірлер 43-қара сөзінде одан ары дамып, жалғасын табады. Мұндағы ой жүйесі деп отырғанымыз жеке пікірлер арасындағы сабақтастықпен оның жалпы дидактикалық ереже, қағида, ұғым, түсініктерімен байланысы. Осы 43-қара сөздегі пікірлерінің барлығын жүйелі түрде толық талдамаса жеке дидактикасын бөліп алу ақын пікірінің кеңдігін көрсете алмас еді.

Дидактиканың түпкі мақсаты білдіру, үйрету болса олар ақыл, ғылымсыз іске асуы мүмкін емес, “ақыл, ғылым - бұлар кәсіби немесе іздену, үйрену, оқу арқылы пайда болады, ал бұл өз кезегінде сезім мүшелерінің қызметі арқылы сыртқы дүниені қабылдаудан бастау алады, “көзбен көріп, құлақпен есітіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрынмен иіскеп тыстағы дүниеден хабар алады” дейді Абай. Осының өзі кезінде Ян Амос Коменский айтқан дидактиканың алтын ережесімен сабақтас. Педагог-ғалым “Ұлы дидактика” еңбегінде “мүмкіндігінше барлығын сезім арқылы қабылдауға ұсыну: көрінетінді – көруге; еститінді – тыңдауға; иісті – иіскеуге; дәмді – татуға; түйсінетінді – ұстап көруге; Егер кейбір заттардың көптеген қасиеттерін бір уақытта сезіну мүмкін болса, оны да байқап қарасын” деген еді[15].

Абай мұрасындағы дидактикалық ереженің басты қағидасы “білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуел білмек керек” дегені. Бұл біз әдетте принцип, қағида, ереже деп жүрген педагогиканың ұстанымы.

Абай дидактикасының басты тұжырымының бірі “үйрен”. Бұл 12-қара сөзінде [54] негізінен құлшылық ету, ғибадатқа байланысты айтылған болатын. Сондықтан мұнда алдымен үйренетін нәрсеге ниет етіп “үйренемін, үйрене аламын, қолымнан келеді” деп соған сену керек екенін дәріптейді. Өйткені, сенім болмаған жерде алдыға қойған мақсат не іске аспайды не болмаса қателіктерге ұрындырады. Сондықтан алдымен мықты сенімді бекітіп, нығайтуға ниет ету керек екенін көрсетеді. Сонымен үйренуге қойылатын басты талап ниет ету – бұл дидактиканың, әсіресе, білік және дағды, әдет қалыптастыруға қоятын басты талаптарының бірі. Үйрену дегеніміз – көргенін, естігенін есте сақтап, соны көп рет қайталау арқылы өздестіру немесе өз басының бір қасиеті, мүмкіндігі, қабілетіне айналдыру. Осы қара сөзіндегі үйренуге қатысты басты пікірлердің тағы бірі “үйреніп, жеткенше осы да болады ғой демей үйрене берсе керек” дегені. Бұл да дидактиканың әдет, дағды, білік қалыптастырудағы басты қағидаларының бірі болып, ол жаттығу, көнігу, қайталау, қолмен, бармақтармен орындайтын операцияларды меңгеру арқылы іске асады. Мұны, әсіресе, кәсіби оқу үрдісінде кең қолданады: қол өнерінде пішу, тігу, кестелеу, ою, керту, сызу, бояу, т.б. практикалық іс-қимылдарды үйрену арқылы меңгереді. Меңгеру үйренуден кейінгі кезең болады, осы меңгеруді асқан ұқыптылықпен іске асыратын болса ол шеберлікке жеткізеді. Өзі шегіне жете меңгергенін біреуге үйрете алатындай күйге жетсе, бұл ұсталыққа жатады. Себебі, ол енді басқа біреуге ұстаздық етіп үйрете алады. Осыдан барып біз Абайдың:

Ұстаздық еткен жалықпас,

Үйретуден балаға деген өлең шумағының мәнін ұғынамыз. Үйрену, оқыту, білім беру үрдісінің барлық сатыларында орын алатын аса маңызды іс-қимыл. Үйренуді тек қана белгілі бір дене қимылдарын, қол, аяқ, т.б. деп ойласақ оның ауқымын тарылтып аламыз. Үйрену ақыл-ой қызметімен тығыз байланысты. Атап айтсақ, ой жүргізіп үйрену, жылдам ойлап үйрену, ойша ізденіп, қиялдану арқылы бір мәселенің шешімін іздеу, ойша талдап үйрену, тапқан пікірін ауызша айтып, қағазға түсіріп, үйрену; ойша талдау, топтастыру, жіктеу, қорытындылау, тұжырым жасау, т.б. меңгеру жатады. Жаратылыстану пәндері мен ізгілікті пәндер жүйесін оқытуда кең қолданылатын ой қызметіне қажет. Мұнда ұстаз Абайдың “күзетшісіз, ескерусіз иман тұрмайды; ықыласымен өзін-өзі аңдып...шыншылдап жаны ашып тұрмаса, салғырттың иманы бар деп болмайды” дегені де дидактикалық мәнге ие. Тек бұл жерде ол имандылыққа қатысты айтылғанымен осының өзі-ақ үйренудің, білім алудың басты қағидаларына жататыны көзкөрінеу. Өйткені, мұнда ол әр нәрсені үйренуге қажетті мынадай бес нәрсені ескертеді: 1. күзету; 2. ескерусіз иман тұрмайды; 3. ықыласымен өзін-өзі аңду; 4. шындап жан ашу; 5. салғырттық болмайды. Енді осыларды дидактиканың ережелері тұрғысынан талдап көрелік:

- Үйреніп болмайынша күзету немесе өзін өзі қадағалау немесе үйрене алдым ба, дұрыс үйрендім бе, қандай қателіктер кетіп жатыр деген секілді. Оқыту үрдісінде осы уақытқа дейін оқушыларға айтылмай келе жатқан нәрсе осындай үйренуге үйрету;

- Ескеру немесе үйренгенін, білгенін үнемі есіне алып, тұрмыста іс

жүзінде қолданып, қайталап еске алып тұрмаса ұмытылып қалатыны. Оқу және оқытуда алған білімін іс жүзінде қолдануға үйрету жеткіліксіз болғандықтан жылдам ұмытылып, күнінде бір керек болып қалса іске жарамай қалатыны;

- Ықыласымен өзін-өзі аңду немесе өзін-өзі бақылау ұмытып қалған

жоқпын ба, есімде бар ма екен, есімде сақталып қалды ма жоқ па; егер есімде бар болса оны сол күйінде іске жарата аламын ба деген секілді. Мұнда тіпті қайталап істеп, орындап көріп, үйренгенін қаншалықты іске жарата алатынын бақылап көру;

- Шын жаны ашып тұрмаса болмайды немесе жүзеге асқан,

үйренілген не болмаса енді үйренбек болып жатқан іс-қимылдың таза ниет пен қалаудан, шын қажеттенуден туындауы. Демек, оқыту да білім алуға, үйренуге шынайы қажеттенуін туындату керек. Бұл білім беру қағидаларының басты ұстанымы, тұтқасына айналмайынша терең де, дәйекті білім, білік болмайды.

- Салғырттық адамның ішкі сезімі мен санасының сәйкестігіне

тосқауылдық келтіретін немқұрайды, салдыр-салақтық секілді білім алуға, әр нәрсені үйренуге кедергі келтіретін психикалық күй. Шын ниет таза көңіл мен қажеттену болмаған жерде орын алатын ешбір адамға пайда бермейтін теріс мінез. Ғұлама ақынның иман туралы осы айтқандарының дидактикалық тегі 13-қара сөзінде жалғасады [54]. Мұнда ақын иманға инануға екі нәрсе керек “хақтығына ақылы бірлән дәлел жүргізу, екінші, иман келтірген нәрсесіне соншалық беріктік керек...” дегенін дидактикалық тұрғыда талдасақ, біріншісі, сол үйреніп отырғанының қажеттігіне, дұрыстығына, өмірлік мәніне сену; екіншісі, үйренгенін берік, мықты бекіту арқылы мәңгі есте сақтау арқылы керегіне жарату деуге болады.

Абай айтқан осы пікірлерді оқытудың басты қағидаларына айналдыру білім беруді қазіргі заман талаптарына сәйкес ұйымдастыруға шарт түзеді. Педагогика оқулықтарында үйрету туралы айтылғанымен оның осындай ереже, қағидалары талданбайды және зерделенбейді. Сондықтан осы қағидаларды оқыту үрдісін ұйымдастыру оның ішінде дидактика оқыту теориясына ендіру қажеттігі туындап отыр.

Білім алу бұл таным үрдісімен тығыз байланысты болатыны белгілі. Білім қалай жинақталады және қандай адамды білімді деуге болады деген сұрақтарға Абай ұстаз ретінде 19-қара сөзіндегі [54] дүние танымның басталуынан барып “дүниедегі жақсы, жаманды таниды - дағы сондайдан білгені көп, көргені көп болған адам білімді болады”, - дейді. Есті білімді болудың жолдарын көңіл қойып тыңдау, білмегенін сұрап алу, естігенін есте сақтау, ұғынып-түсінуге ұмтылу және іс жүзінде қолдануға үйрену екенін көрсете келіп, ол “мұндай сөзді есіткенде жайқақтап, шалғырттанып не салбырап салғырттанып есітсе, не есіткен жерін қайта қайырып сұрап ұғынайын деп тұщынбаса, сөздің расына көзі жетсе де шыға беріп қайта қалпына кетсе есітіп-есітпей не керек” дейді.

Абай ХІХ ғасырдың екінші жартысында әлемдегі басқа елдердің білім, ғылымға ұмтылып содан халық тұрмысының өрлеуіне, мәдениетінің дамуына алып келіп отырғанын ұғына отырып мал, мүлік, байлықты білім алып, өнер үйрену үшін жұмсау керек деген ой-пікірін халыққа жеткізеді. Шығармаларының 25-қара сөзінде [54] осы туралы айта келіп, “балаларды оқытқан жақсы, қарны аш кісінің көңілінде ақыл, бойында ар, ғылымға құмарлық қайдан тұрсын?” дей келе “мал тапса қарын тояды. Онан соң білім түгіл өнер керек екен. Соны үйренейін не балама үйретейін деп ойына жақсы түседі”, - дейді. Мұнда ұстаз Абай тағы да сол “үйрену мен үйретудің” әлеуметтік мәселесін көтереді. Өнер мен білімнің адамның материалдық қажеттенуімен байланысын немесе материалдық қажеттенуінің білім, ғылымға, өнерге ұмтылудағы іргетас, базалық маңызын қарстырып отыр. Ақынның бұл пікірлері материалдық қажеттенумен рухани қажеттенуді қанағаттандыру арасындағы байланысты пайымдауға мүмкіндік береді. Осы қара сөзінде ғұлама “үйрен” тұжырымының “не нәрсені үйрену керек” деген қоғамдық-әлеуметтік мәнін айқындайды. Мысалы, адал еңбекпен мал табуға үйрену; үйрену арқылы басқа өнер, білімі озық халықтармен теңелу; жұрт білгенді, біліп қатарға қосылу ниетінде үйрену керек деп кеңес береді. Ол “мына мен айтқан жол – мал аяр жол емес. Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең – оқыт, мал аяма!” деген.

Абай мұрасындағы дидактикалық пікірлердің бірі 31-қара сөзіндегі “естігенді ұмытпастыққа” берген нұсқауы десек те болады. Ол “әуелі көкірегі байлаулы берік болмақ керек; екінші – сол нәрсені естігенде я көргенде ғибратлану керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек; үшінші – сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек; төртінші – ой кеселді нәрселерден қашық болу керек” деп белгілейді[54].

Бұлар шындап келгенде білім алу, үйрену, білімнің беріктігі секілді оқыту қағидаларымен оны жүзеге асыратын тәсілдеріне келіп саяды. Атап айтсақ, алдымен білуге ниет етіп талаптану, сол үшін табандылық көрсету; бұл дидактикадағы оқу үрдісінің екі жақтылығы мен оқушылардың танымдық белсенділігін арттыруда ұстанатын қағидаларға саяды. Мұнда да білуге талаптану, ол үшін білмегендігі мен білу арасындағы қайшылықты жеңуде табандылық арқылы білім қалыптасатыны белгілі. Одан кейінгі кезең білуге ынталанып естігені, көргенінен әсерлену, таңдау секілді тағы басқа да эмоционалды ахуалдың туындауы білім қалыптастырудың тағы бір аса маңызды дидактикалық тұжырымдарының бірі. Ынта білуге ұмтылыс, көңіл бөліп, зейін қою сияқты психиканың қызметін білдіреді.

Бірақ, ол үшін білуге деген қызығумен, құмарлану немесе қажеттену болуы керек. Оқытуды ұйымдастыруда ескеретін аса маңызды мәселе осы білім алуға, білуге қажеттену. Бұның тегі күнделікті, әп сәттегі, осы кездегі “керектенуден” кең көлемді тұрмыстық, өмірлік тіпті материалдық қажеттену секілді адам үшін мәнділігі күшті әлеуметтік сұрау, талаптардан туындайтыны белгілі. Бұл ретте оқу білімдіге жақын. Орта, түпкі мақсаттың өзіндік орны бар. Ұстаз Абай белгілеген білім алудағы аса маңызды дидактикалық үшінші нұсқау, естіген, көрген, білгенін қайталап, есте сақтауға ұмтылу. Қайталау – оқыту үрдісін ұйымдастырудағы аса маңызды әдістердің бірі. Осындай ойша қайталау, ауызекі қайталау, практикалық іс-қимылдарды қайталау секілді тәсілдерден құралады. Қайталаудың ұрымтал әдістерінің бірі жаттығу. Алған білімді берік есте сақтау, керек уақытта еске түсіру немесе практикада ұтымды қолдануға шарт түзетін жаттау мен жаттығу. Сондықтан оқыту әдістерін меңгеруде ескеруге қажетті дидактикалық пікірлердің бірі осы. Осы қара сөзінде Абай ой кеселдері туралы пікір қозғайды. Олар “уайымсыз, салғырттық, ойыншыл-күлкішіл... қайғыға салыну, құмарлық пайда болу” бұлар қазіргі кезде де жастар мен балалар арасында кездесетін, оқуға, білім алуға кедергі келтіретін нәрселер. Ақын бұларды “ой кеселдері” деп атаса, осының өзін психикалық ауытқулар ретінде кездесетін өз ісіне есеп бере алмай әртүрлі құмарлықтарға салыну түрлері қазіргі күні өзгергенімен тегі бір. Мысалы, қазір ойын автоматтарына құмарлық, ішімдікке құмарлық, ойын-сауыққа орынсыз еліктеп құмарлану, нашақорлық та құмарлықтың бір түрі. Ұстаз осындай құмарлықтардан сақтандырады.

Оқу мен ғылым жолының өзіндік ішкі және сыртқы шарттары бар. Шарттар немесе білім алуға түзілетін ішкі жағдайлар тағы да сол адамның ой-сана дайындығы, ниет етуімен байланысты. Ал, сыртқы жағдайлар материалдық қамсыздық. Бұл туралы Абай 25-қара сөзінде “мал тапса қарын тояды. Онан соң білім түгіл өнер керек екен” деп көрсеткен[54].

Ал, 32-қара сөзінде білім алып, ғылымға ұмтылудың қажеттенулер мен ішкі жан-дүниесінің сұрау талаптарына тоқталады. Ұстаз Абай білім, ғылым үйренбекке “талап қылушыларға оның өзінің біраз шарттары бар” дей отырып, оны білмей іздегенмен табылмайтынын айтады. Сол шарттар мыналар:

1. Білім-ғылым табылса дүниенің бір қызықты нәрсесіне керек болар еді деп іздемеу, басқаша айтқанда, риясыз;

2. Білім-ғылымның өзіне ғана құмар, ынтық болып, бір ғана білмектің өзін өзін дәулет білсең;

3. Әр білмегеніңді білген уақытта көңілде бір рақат хұзур хасил болады;

4. Сол рақат білгеніңді берік ұстап, білмегеніңді тағы да сондай білсем екен деп үміттенген құмар, махаббат пайда болады;

5. Әр естігеніңді, көргеніңді көңілің жақсы ұғып, анық өз суретімен

ішке жайғастырып алады.

Келтірілген шарттардан соң ақын, оны жүзеге асырудың тетіктерін психологиялық тұрғыда ашып көрсетеді. Білім, ғылым іздеуге қажетті адамның ішкі жан-дүниесіндегі құбылыстарды мынандай тұжырымдарға байланыстырады:

Біріншісі, білім-ғылымға “көңіл мейірімінің түсуі”, әрине, мұндай білім нағыз, шынайы “білсем екен” деген құмарлықпен ұмтылғандар туралы болса керек, десек те білім-ғылым тезірек “қолға түсуі” үшін аса маңызды мәселе ішкі жан-дүниенің қалауы мен тілегінен туындаған ұмтылыс, соған түрткі беретін ішкі қуат немесе мотив болса керек. Ол үшін ой, сананы өзге нәрселерге шашыратпай білуге, білім алуға бағыттаған жөн, әйтпегенде көңіл, ой, сана “өзге нәрседе болса” білімдар болу екіталай; Білім-ғылымға ұмтылудың ежелден келе жатқан бұл қағидасы осы күні де сол күйінде деуге болады. Бірақ алған білімін тұрмыс қажеттеріне жарату, ғылым жетістіктерін адамзат өмірін жақсарту үшін пайдалану қазіргі заман мәселелерінің бірі. Оған жету үшін алдымен шын ниетпен білуге құмарлану арқылы іргелі, мықты, сапалы білім алуға болады.

Екіншісі, білім-ғылымды үйренгенде “ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек” дегені ақиқат, шынайы білімге ұмтылу. Шынайы білім, ғылым бұл адамның күнділікті тұрмыс игіліктеріне жаратумен бірге оның ішкі жан-дүниесін де өркениетті, парасат деңгейіне көтеретін ілім. Демек, оқу, білімнің түпкі мақсаты тек материалдық байлық жасау үшін ғана емес, адамгершілікті, игі қасиеттер-қайырым, мейірім, т.б. молайтуды көздеуі керек. Осы ақиқат мақсатқа қол жеткізуде баскалармен күш сынасу, бәсекеге түсу, онда жеңіп шығу бүгінгі күн талабы. Осыған орай ғұлама ақын Абай мән-жайын ашып түсіндірген бәсекенің маңызы оқыту барысында ескеретін дидактикалық талаптардың бірі деуге болады.

Қазіргі кезде “бәсеке-конкуренция” деген ұғым пайда болды. Өмірдегі барлық нәрсе соған құрылмақ та, мысалы, “бәсекеге қабілетті” білім беріп, біліктілік пен дағдылар қалыптастыру қазіргі оқытудың басты мәселесі болып отыр. Бұл Абайдың осы 32-қара сөзіндегі “бахас”. Мұнда ол білім, ғылымды “бахасқа бола үйренбе” бірақ “азырақ бахас көңілді пысықтандырмақ үшін қажет” дегені осы білімдегі бәсекеге қабілетті болу. Өйткені, осы қара сөзінде ол “бахас – өзі де ғылымының бір жолы” делінген[54].

Үшіншісі, алған білімнің берікті – дидактиканың маңызды ұстанымдарының бірі. Мысалы, білімнің беріктігі әр пән бойынша алған білімдерін тек есте сақтау ғана емес, сол негізде жаңа мәліметтер жинау, ғылым, білімін жаңа сатыға көтеру, ой жүргізу арқылы өмір қажетіне жарату, шығармашылық мүмкіндіктерін дамыту - дейді педагог ғалымдар.

Төртіншісі, білім, ғылымды көбейту. Біз бұған осы заман тұрғысынан ой көзімен қарайтын болсақ, жалпы білім, ғылымның күн сайын жаңғырып отыратын үдемелі даму тенденциясы тұрғысынан ұғынуымыз керек. Ақынның білім, ғылымды көбейту үшін ұсынып отырған екі жолы дидактиканың бұрынғы алған білімін үнемі жаңа, тың ақпарлармен толықтырып отыру деген қағидасына келіп саяды. 32-қара сөзінде ұсынып отырған екі жол мыналар: мұлахаза – адамның бойындағы бар күш, қуатын, мүмкіндігін, қабілеттерін білім алуға, ғылымды меңгеруге жұмсауы. Бар ой-санасын соған жұмылдыра білу және қүнделікті оқу мен оқыту үрдісінде көңіл бөлу, зейін қою, білім, ғылымға қызығу, қажеттену, құмарлану соның жолына түсу; ал мұхафаза – алған білімін қорғап, сақтау, бекіту оны ары қарай дамыту жолында болу. Қазіргі кезде оқу үрдісінде кең орын алған әр түрлі оқыту әдістері мен технологияларының барлығы да осыған бағытталған десек жаңыла қойымаспыз. Ақын “бұлар зораймай, ғылым зораймайды” деп ой қорытады.

Бесінші, оқу, білім беруді ұйымдастыруда оқушылардың жас және жеке ерекшеліктерін ескере отырып, білім алуға толық жұмылдыратын, оны тиімді жүзеге асыратын психологиялық шарттар туғызып, жағдайлар жасау. Бұл оқытудың эмоционалдылығы, жағымды тыныс орнату, түпкі пайдасын көздеу секілді қағидаларына келіп саяды. Осыған орай Абай, уайымсыз, салғырттық деген “ақыл кеселдерінен” сақтандырады. Уайымсыз дегені – алды, артын ойламау, мақсатсыздық, салғырттық дегені немқұрайдылық пен оқуға салақтық, жігерсіздік, талапсыздық секілді зиянды нәрселер. Ақын осындайлардың барлығын 19-қара сөзінде [54] “ой кеселі” деп көрсетеді.

Алтыншысы, мінезге қатысты. Осы туралы ұлы ғұлама әл-Фараби де кезінде келелі пікір айтқан. Ол “жаман мінез-құлық – рухани кесел” дей келе, жаман мінездің тек күнделікті тұрмыста ғана емес білім, ғылымда да аса зиянды екендігін көрсеткен. Ақын Абайдың “ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты бар” егер адам тұрмыста кездесетін көрсе қызарлық, жеңілдік, орынсыз сөзге “шайқаи лып қала берсе” ғылым, білім үйренуіне зиянды екенін ескертеді. Сондықтан “ақылды, арды сақтарлық беріктігі, қайраты болсын” деген. Аталған кеңестер оқыту үрдісінде ескеретін жәйт болса да әсіресе, ғалымдарға аса қажетті болып табылады.

Зерттеуіміздің бірінші бөліміндегі ақынның өлеңдеріндегі дидактикалық пікірлері оның қара сөзінде жалғасын тапқан. Атап айтсақ, оның “үйрен” тұжырымы өнерге қатысты көбірек айтылады. Педагогикада үйрету мен үйрену практикалық іс-қимылға байланысты көбірек қолданылады. Мысалы, оқуға үйрету, жазуға үйрету. Белгілі педагог, ғалым Я.А.Коменскийдің жазуға үйрену үшін жазу керек, оқуға үйрену үшін оқу керек деген дидактикалық пікірін еске алсақ та жеткілікті[15]. Оқыту, білім беру барысында қазіргі күні өздігімен ізденуге үйрету, ақпарат құралдарын пайдалануға үйрету, алынған мәліметтерді жүйелеп ой қорытуға, одан соң іс тәжірибесінде қолдануға үйрету секілді тағы басқа көптеген іс-қимыл түрлерін тізбектеуге болады. Осыған орай ғұлама ақынның 33-қара сөзіндегі [54] “үйренбек керек” тұжырымы жалпы білім, ғылым, өнер іздегендерге дидактикалық нұсқау десе де болады. Онда ақын үйренудің мақсатын көрсетеді. Олар мыналар:

1. Ол ісімді бұл ісімнен асырайын деу;

2. Ерінбей істей беру керек, өнерді асыра түсу, көбейте түсуді ойластыру;

3. “Дарқансың, өнерлісің” дегенге мақтанып кетпеу;

4. Барды қанағат етпей оны одан ары көбейте беру.

Бұлар дидактиканың адамның бойында бар мүмкіндіктерін ашып, оны одан ары дамыту деген қағидасына сай келетін пікірлер десе де болады. Әуел басында бұл ойлар Абай тарапынан алдымен дидактикалық одан соң экономикалық мәнде айтылған. Енді осыларды жүзеге асырудың жолдарын да “үйретеді”:

1. Өнер арттыру үшін түзден артық ісмерлер іздеп тауып, солардың өнерін көріп, бірге істеп “істес болып”, талаптану арқылы бұрынғы өнерін, білімін одан ары арттыра түсу;

2. Бір нәтижеге қол жеткен соң “еріншек, салдау, салғырт, кербездікке” салынбай “осы да болады ғой” демей сол нәтижені арттыра түсу, тоқтап қалмай істей беру, үйрене беру, оқи беру;

3. Адамдардың алдау мен мақтағанына сенбей, уақытты өткізіп алмай барды көбейту. Осы қара сөзіндегі соңғы 3, 4 нұсқаулар негізінен экономикалық тұрғыдан айтылғанымен оқу, білім, ғылымда да осы жолды ұстанған жөн.

Ғұлама ақынның 27-қара сөзі [54] қысқа-қысқа ой тұжырымдардан тұрады да адамға нақты пікірді орнықтырады. Осылардың ішінен дидактикалық маңыздағы кейбір пікірлер оқыту мен білім беру, үйрету-әдет, дағды қалыптастыруға қажетті заңдылықтар десе де болады. Заңдылық тұрмыста, ғылыми зерттеулерде, қоғамда, адамның ой-пікірінде кездесетін белгілі бір құбылыстың көп рет қайталануы десек, онда осы 27-қара сөзден мынадай заңдылықтар да кездестіреміз: наданға айтылған сөз қабылдана ма жоқ па соған қарай ақын “хикмет сөздер өзімшіл наданға айтқанда, көңіл уанғаны да болады, өшкені де болады” - осыны өлеңінде ол “онда ми жоқ құлақ бар”, “ойсыздарға айтпа сөз”, “бәһрә ала алмас”, сөздің ішіне үңіл, мәнін ұқ “нұрын, сырын көруге көкірегінде болсын көз” деген пікірлерімен сәйкес келеді. Бұл дидактиканың оқушының, шәкірттердің, ізденушінің іс-әрекетіне басшылық ету; сөз түріндегі оқытудың тәсілдерін қолдануда тыңдаушылардың психо-физиологиялық ерекшеліктерін, білім, біліктерін ескеру деген қағидасына саяды.

Осы 27-қара сөзіндегі “кісіге біліміне қарай болыстық қыл: татымсызға қылған болыстық адамды бұзады” деген ой тұжырымның астарында терең философиялық және психологиялық тамыры бар. Өйткені, біріншіден, кісіге біліміне қарай болыстық қыл дегендегі “білім” сөзі өте кең ауқымды. Мұнда ол тек қана белгілі бір пән не ғылым бағыты бойынша белгілі бір адамның білімін айтып отырғаны жоқ. Жалпы адамның парасатына қарай болыстық қылу керек дегенді алға тартып отыр. Өйткені, “парасатсыз”, “білімсіз” істеген жақсылықты дұрыс пайдаланбай, дұрыс түсінбей қайта зиянды жағын ұстанып кетуі мүмкін; екіншіден, жалпы біреуге болыстық қылу – ізгілікті, адамгершілікті іс десек те “қыл жақсылық, күт жамандық” деген халық нақылын естен шығармау. Қүнделікті тұрмыстан бастап ғылым және ғалымдарды да қамтиды.

Талаптану – ақын шығармаларының өзекті мәселелерінің бірі болғандықтан ол туралы “талап қыл артық білуге” не болмаса “білімдіден шыққан сөз талаптыға болсын кез”, “талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым”, “талаптың дәмін татуға” секілді өлеңдерінде кездесетін талап туралы пікірлері оны қазіргі кезде психологияда мотив, мотивация дегенге сәйкес келеді. Мотив - қимылға келтіреді, түрткі береді дегенді білдіретін латын сөзі болып, біріншіден, адамның іс-әрекетіне түрткі беретін ішкі қозғаушы күш; екіншіден, адамның белсенділігін оятатын сыртқы және ішкі шарттар; іс-әрекетіне бағыт беретін саналы себептер болып мұның қай-қайсысы болса да білім алу, үйренуде, ғылым іздеуде маңызы зор. Абай айтып отырған талап психологиядағы адамның өз бойындағы күш, қуатын мүмкіндіктерін іс жүзінде пайдалану, сол арқылы ішкі, сыртқы талаптарын қанағаттандыру. Ақынның 44-қара сөзіндегі [54] талаптың өзі әр түрлі болады және талап қылушылар да түрлі-түрлі дегені физиологиядағы талаптар, өзін сақтау, қорғауға талаптануы, әлеуметтік талаптар, мәселен, құрмет, істеген ісіне сенімділік, өз мүмкіндігін бас пайдасы үшін жұмсауға талаптану деген түрлермен сәйкес келеді. Осы 44-қара сөздегі “адам баласы кәдір іздеп” талаптанады, біреуі мал іздеп “мал қуып” талаптанады, біреу “қажеке”, “батыреке” атанамын деп талаптанады дегені ақынның осы мотив психологиясымен таныс болғанын көрсетеді. Ақын “талаптардың қайсысының соңына түссе де, бірінен бірі өнерлі, тұрлаулырақ келеді”, - дей отырып, қазаққа “кітап бетінен оқып іздеген талап” керек дейді. Ол үшін не істеу керек дегенге “алдымен көкіректі тазалау керек одан соң ниет ету керек” деген осы күндері аса маңызды дидактикалық пікірлер айтқан.

Абай Құнанбаевтың қара сөздеріндегі тағы бір басты дидактикалық тұжырым, біздің бағамдауымыз бойынша “іздеу” немесе “іздену”. Оқытудың қазіргі жаңа технологиясы бойынша оқу, білім іздеген адамның басты іс-әрекеті болып отырғанына қарамастан оған әлі күнге дейін толық педагогикалық тұрғыда анықтама берілмегені және талданбағаны осы пән бойынша оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарды зерттеу барысында байқалды. Бұл педагогикалық-психология, жалпы психологияда да толық ашылмаған болып шықты. Аса маңызды осы іс-әрекет педагогикалық психологияда, жалпы психологияда, жеке тұлға психологиясында да үнемі адамның осы екі ішкі түрткілері – қызығу мен қажеттену қимыл-әрекет түрлерімен қабыстырыла қарастырылады. Бірақ жан-жақты тереңдете зерделенбейді. Осы тұрғыдан алып қарасақ ақын шығармаларындағы іздену – қызығу, қажеттенуден туындайтын белсенді іс-әрекет болып, ол тек материалдық қажеттену емес рухани қажеттену мен қызығуды қанағаттандыру жолында істелетін жұмыс болып табылады.

Оқу іс әрекетінің аса маңызды құрамдас бөлігі “іздеу” мен “іздену”. Ақынның аталмыш пікірлерін талдаудан бұрын оның әр қандай іс-әрекетті жүзеге асыру үшін оған алдымен махаббат пайда болуы керек, ал ол “адамның адамдығы, ғақыл, ғылым” деген нәрселермен келеді. Ақыл мен ғылымның табылуына септігі тиетін себептер – ата- ана, жақсы құрбы және жақсы ұстаз болуы тиіс, олар “ғылым-білімге махаббаттандырмақ”. Дидактикада бұл оқытудың екі жақты сипатына саяды. Өйткені, қалай десек те баланың танып-білудегі алғашқы қадамы отбасында, ата-анадан алған үлгі, өнегесі, тәрбиесінен екені даусыз. Одан кейінгі баланы оқытып, тәрбиелеп, білім, ғылым жолына салатын ұстаз. Дидактикада оқу үрдісі жүзеге асу үшін оқытушы мен оқушының арасында білім алу мақсатын көздеген қарым-қатынас орнауы тиіс. Келтірілген пікірге байланысты педагогикада “оқыту – өзара әрекеттестіктің арнайы формасындағы мақсатты ұйымдастырылған балалар мен ересектердің бірлескен іс-әрекеті” делінген [24]. Осы тұста ақын 38-қара сөзінде [54] “Ғылым-білімді әуелі бастан бала өзі ізденіп таппайды. Басында зорлықпенен яки алдауменен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша дейді. Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады” деген. Берілген үзіндіден қазіргі кезде аса маңызды мынадай дидактикалық пікірлерді аңғаруға болады: а) білім ғылымды қабылдауға, оқып үйренуге баланы даярлаудың қажеттігі. Қазіргі кезде осыған ерекше мән беріліп мектепке дейінгі мекемелерде арнайы жүзеге асыру амалдары орындалуда; ә) алдаумен не зорлықпен дегені, “алдау” дегенді өтірік сөз айту емес ойын түрінде, басқа да неше түрлі балаларды еліктетін тәсілдерді қолдану арқылы оқуға қызығуын ояту, еліктету – деп түсінген жөн. Ал, “зорлықпен” дегені қиқар балаларды оқытуда кейбір сөгіс, тиым салу, мәжбүрлеу, талап қою секілді тәсілдерді қолдана отырып, оқуға ынтасын ояту деген мәнде түсінсек ақынның дидактикалық пікірлерін тиімді пайдалануға болады; б) оқу, білімге баланы үйір қылу бұның негізі отбасында қаланады. Отбасында бала әке-шешесі, апасы не ағалары, т.б. кітап оқығанын көрсе не олар балаға ертегі, әңгімелерді оқып берсе, айтып берсе сол арқылы баланың санасында “кітаптың ішінде көп қызықтар бар екен ғой” деген пікір туындаса, сонда ғана алдымен кітап оқуға одан барып жалпы оқуға, одан соң білімге, ғылымға қызығуына септігі тимек яғни, оқу ғылымға үйір болуы кітап оқуға үйір болудан басталады. Осылардың барлығы баланың, оқушының “үйрене келе өзі іздегендей” болғанша істелетін жұмыстардың кейбір түрлері. Абай айтқан “іздеу” тұжырымының бастамасы осы.

Оқу мен оқыту жалпы білім беру үрдісіндегі қазіргі кезде белең алып келе жатқан пікір ғылым, білімге ұмтылған әр адамның “ізденуі” осы іс-әрекетті жүзеге асыруға дайын болуы. Өздігінен іздену – жеке тұлғаның белсенділігінің басты белгісі болып оқыту барысында негізді ғылыми біліммен қоса осы іздену тәсілдерін, жолдарын меңгерулеріне шарт түзу бүгінгі күн талабы. Енді іздену дегеніміз не деген сауалға келетін болсақ, оны психологияда қажеттенуден туындайтын іс-әрекет түрі дей келе, оған әрқашан ішкі мотивтер-түрткілер қозғау салады және іздеу ақыл-ой қызметімен тығыз байланысты болып, белгілі бір дәрежеде белсенділікті талап етеді делінген. Іздеу немесе іздену үрдісінің құрылымын зерттеген ғалымдар оның мақсатқа сай әр түрлі болатынын белгілей келе, қарапайым материалдық талаптарды қанағаттандырудан іргелі ғылыми зерттеу мақсатындағы ізденулерге дейін барлығы да адамның белсенділігін талап ететіндігін атап көрсеткен. Қай тұрғыдан алып қарасақ та іздеу мен іздену адам өмірінің барлық жақтарын қамтитын күрделі психологиялық іс-әрекет екені белгілі. Ал, Абай мұрасындағы “іздеу” тұжырымының түпкі мәні керегін “адал табу” осының барлығын қамтиды және оның өзіндік дидактикалық арқауы бар. Оны:

Ғылымның біліп пайдасын,

Дүниенің көркін болжамай...

Адамның тауып айласын...

Адал тауып асықпай... деген өлең үзінділерінен байқаймыз, іздеудегі түпкі мақсат “табу” осы екі аралықтағы басып өтер жол белгілі дәрежеде білім мен біліктілікті керексінеді. “Не іздейсің көңілім, не іздейсің” деген өлеңінде іздеу табиғатының ерекшелігін “шарық ұрып тыныштық бермейсің” деп көрсетеді. Іздену өмірдің мәні екенін ол “Күлімсіреп аспан тұр” өлеңінде “тұрсын өмір жылытып” десе, “Сегіз аяқ” өлеңінде:

Ғылымды іздеп,

Дүниені көздеп,

Екі жаққа қарандым - дейді де, “Күлімсіреп аспан тұр” өлеңінде [54,78] мансап іздеген, мал іздеген, мақтан іздеген басқалардың күншілдігін тудырады деуі, тек ғылым іздеу ғана дұрыс - деген қорытындыға алып келеді. Жалпы іздеу тұжырымы ақынның қара сөздерінде нақтырақ сипатқа ие болып осы “іздеу” іс-әрекетінің психологиялық тегіне үңілуге мүмкіндік береді. Қажеттену оған түрткі беріп оны қанағаттандыру үшін рухани, материалдық жақтан қанағаттандырушы нәрселерді іздеуге итермелейді. Ізденуде “ой қызметі психикалық қозғалыстардың бір жағы... мысалы, аштық пен шөл адамға басқа ешнәрсені ойлауға мүмкіндік бермей тек сол талапты қанағаттандыратын заттарды іздеуге жетелейді”. Бұдан басқа танып-білуге құмарлық, эстетикалық ләззат алуға, жан рахатына ұмтылу секілді рухани талаптарды қанағаттандыру да іздеу немесе ізденуге түрткі береді.

Ғұлама ақынның “іздеу” тұжырымының қара сөздеріндегі түпкі идеясы “орнын тауып іздеу” 7-қара сөзінде; “жоғын іздеу арқылы” талаптанып, тілегіне қол жеткізу 11-қара сөз [54]; “бойын сынатпай жүріп іздеу” 15-қара сөзінде [55]; “өнерді, малды түзден, бөтен жақтан түзу жолмен іздеу”; “..еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі”; іздеудегі басты мақсаттың бірі – өнер арттыру үшін “ісмерлер іздеп” тауып үйрену;

Шығармаларындағы қалған “іздеулерді” осы екеуінің төңірегінде топтастыруға болады. Атап айтсақ, білмегенін білу, ақыл-ойын толықтыру, қолынан келмегенін істеп үйрену үшін соны шеберлікпен істей алатын адамды іздеп тауып содан үйрену, талап, мақсатқа жету үшін істелетін іс-әрекеттің барлығы да іздену арқылы іске асады. Адам дүниеге келген соң ол қызығатын нәрселер көп екені белгілі, мысалы, ғылым, білім олардың ең бастысы болса да көпшілік адамдар алдымен мал, мүлік, байлық, ақша секілді материалдық байлықтарды іздеуге жақын екені белгілі. Солардың ішінде құмарланып, қызығып іздеуге тұрарлығы ақыл, ғылым, білім екені Абай шығармасының арқауы десе де болады.

Ақын 32-қара сөзінде білім, ғылымды утилитарлы мақсатпен іздемей алдымен, оны білу үшін “құмар, ынтық” болып іздеу керек дей келе “дүние де өзі, мал да өзі ғылымға көңіл берсеңіз” деген. Ақын шығармасындағы іздеудің дидактикалық аса маңызды тұсы адамның өзінің ізденуі, бірақ бұл “әркімнің өзі іздеген нәрсесі бар” деген пікіріне негізделеді де, іздеушінің білімге ұмтылыс дәрежесін көрсетеді.

Ғұлама ақынның өлеңдері мен қара сөздеріндегі бүкіл дидактикалық ойлар жүйесін №3-кестеде келтірдік. Оны ғылыми педагогикадағы оқыту теориясына негіздей отырып, ақын шығармаларынан айқындаған дидактиканың негізгі санаттарын келтірдік. Олар мыналар:

1. Таным үрдісі - білім беру барысында оқушылардың кең ауқымды, жан-жақты дүниетанымын қалыптастыруға байланысты болып ол Абайдың “Әуелде бір суық мұз...”, “Ата-анаға көз қуаныш”, “Білімдіден шаққан сөз” өлеңдері мен 15, 17, 31, 38, 43 қара сөздерінде кездеседі;

2. Оқу үрдісінің мәні болып саналатын біл - іс-әрекет сипатында болса, білім – осы оқу іс-әрекетінің мазмұнын айқындайды, біліктілік –біл және білім сөздерінен келіп шығады да, алған білімнің қажетке жарауына меңзейді. Ал, ғылыми білім негізінде оқушылардың дүниетанымын қалыптастыру білімділіктің негізін қалайды. Бұлар “Білімдіден шыққан сөз”, “Ғылым таппай мақтанба”, “Интернатта оқып жүр”, “Мұны жазған кісінің...”, “Сегіз аяқ” өлеңдері мен 14, 32, 38 қара сөздерінде кездеседі;

3. Іздену – қазіргі кезде оқу үрдісіне ендіріліп отырған “оқытудың кердит жүйесінің” басты маңызы болып отыр. Ақынның ізде және іздену туралы ойлары соған сәйкес шығармашылық іздену іс-әрекетіне жетелейтін, оған түрткі болатын идеяларға толы, мысалы, ол “Бір дәурен кемді күнге боз балалық”, “Ғылым таппай мақтанба”, “Біреуден біреу артылса”, “Сегіз аяқ”, т.б. өлеңдері мен 7, 15, 43, 44-қара сөздерінен орын тепкен.

Кесте 3


Абай шығармаларындағы дидактикалық ойлар жүйесі


Дидактикалық санаттар

Ақын шығармаларында

Дидактикалық пікірлері

1. Таным үрдісі

Әуелде бір суық мұз,

Ата-анаға көз қуаныш.

Білімдіден шыққан сөз. Қара сөздері - 15, 17, 31, 38, 43;


Кең ауқымды дүниетанымын қалыптастыру

2. Біл және білім, біліктілік

Білімдіден шыққан сөз. Ғылым таппай мақтанба. Интернатта оқып жүр. Мұны жазған кісінің... Сегіз аяқ, т.б. Қара сөздері - 14, 32, 38.

Ғылыми білім негізінде дүниетанымын қалыптастыру

3. Ізден және іздену

Бір дәурен кемді күнге боз балалық. Ғылым таппай мақтанба. Біреуден біреу артылса. Сегіз аяқ, т.б. Қара сөздері - 7, 15, 43, 44.

Шығармашылық іздену іс-әрекетіне тәрбиелеу


4.Үйрен және үйрету туралы ілім

Әсемпаз болма әрнеге. Көжекбайға. Ата-анаға көз қуаныш. Әсетке… Қара сөздері - 13, 19, 32, 41, 43, 44;

Үздіксіз үйрену, оқу арқылы білімін үнемі дамытып отыру



5. Ұқ, ұғыну

Қартайдық қайғы ойладық. Әсетке. Өкінішті көп өмір кеткен өтіп… Қара сөздері - 8, 7, 9, 10.

Оқығанын, алған білімін түбегейлі ұғынып-түсіну арқылы өмір қажетіне жарату

4.Үйрену және үйрету туралы ілім дидактиканың өзегі болып ақын шығармаларындағы оның мәні үздіксіз үйрену, үйренгенін жойып алмай арттыра түсу, білмегенін білгендерден сұрап, шеберін іздеп тауып үйрену, оқу арқылы білімін үнемі дамытып отыруға үйрену дегендерді қамтиды. Мысалы, “Әсемпаз болма әр неге, “Көжекбайға”, “Ата-анаға көз қуаныш”, “Әсетке” т.б. өлеңдері мен 13, 19, 32, 41, 43, 44 қара сөздері ;

5. Ұқ, ұғыну тұжырымдары оқығанын, алған білімін түбегейлі ұғынып түсіну арқылы өмір қажетіне жарату. Бұл пікірлер ақынның “Қартайдық қайғы ойладық”, “Әсетке”, “Өкінішті көп өмір кеткен өтіп” т.б. өлеңдері мен 8, 7, 9, 10-қара сөздерінде кездеседі;

Осы пәредегі ғұламаның қара сөздеріндегі дидактикалық пікірлері мен алдыңғы тарауда келтірілген өлеңдеріндегі тұжырымдарды жинақтап берілген кестеден ақын мұрасындағы дидактикаға қатысты ойларды нақты көруге болады.



Каталог: uploads -> doc -> 0341
doc -> Сабақтың тақырыбы Бала Мәншүк ( Мәриям Хакімжанова) Сілтеме
doc -> Ана тілі №2. Тақырыбы: Кел, балалар, оқылық Мақсаты
doc -> Сабақ жоспары «Сәулет және дизайн» кафедрасының арнаулы пән оқытушысы, ҚР «Еуразиялық Дизайнерлер Одағының» мүшесі: Досжанова Галия Есенгелдиевна Пәні: Сурет және сұңғат өнері
doc -> Сабақ Сабақтың тақырыбы : Кіріспе Сабақтың мақсаты : «Алаштану» курсының мектеп бағдарламасында алатын орны, Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметі тарихының тарихнамасы мен дерекнамасына қысқаша шолу
doc -> Тәрбие сағаттың тақырыбы: Желтоқсан жаңғырығы
doc -> Сабақтың тақырыбы : Әбунасыр Әл- фараби Сабақтың мақсаты
doc -> Сабақ жоспары Тақырыбы: Үкілі Ыбырай Мектеп:№21ом мерзімі
0341 -> Жабуға болады? Жабу батырмасының қызметі
0341 -> «Қазақстан тарихы», «Дүниежүзі тарихы», «Адам.Қоғам.» оқу пәнінің мақсаты
0341 -> Сабақ жоспары №11 Пән: Биология негіздеріндегі химия


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет