13 - тақырып.
Кәсіпкерлік қызметті қаржыландыру
Лекцияның мақсаты: Кәсіпкерлік қызметті қаржыландыру қажеттілігін, кәсіпорын қаржыларының мәнін, кәсіпкерлік қызметті қаржыландыру көздерін қарастыру
Лекцияның сұрақтары:
Кәсіпорын қаржыларының мәні .
Кәсіпкерлік қызметті қаржыландыру көздері.
Лекцияның мазмұны
Кәсіпкерлік қызметтің дамуы мен тиімділігіне оны қаржыландыру шамасы тікелей әсер етеді. Яғни, қажетті көлемде қаржы ресурстары болуы тиіс. Қаржы – тауар – ақша қатынастарымен байланысты қалыптасқан категориялардың бірі. Ол экономикалық қатынастарда маңызды рөл атқарады.
Кәсіпорынның қаржы ресурстары – шаруашылық субъектінің иелігіндегі қаражаттар жиынтығы. Ол кәсіпорын табысын қалыптастыру, бөлу және пайдалану үрдісін көрсетеді, сондай-ақ қаржылық міндеттемелерді орындауға және кеңейтілген ұдайы өндірісті қамтамасыз етуге арналған.
Кәсіпорын қаржылары үйлестіруші және бақылау функцияларын атқарады.
Қаржылардың үйлестіруші функциясының мәні олардың көмегімен ұйымдағы ақшалай табыстар мен қорлар қалыптастырылады және жұмсалады. Осылайша, қаржылар жалпы ұдайы өндіріске қызмет көрсетеді және осылайша барлық сатыларына әсер ете отырып кәсіпорын қызметінің үздіксіздігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар ақшалай қаражаттар кәсіпорын жұмысын жақсартады.
Қаржылар сандық түрде ұдайы өндіріс үрдісінің барысын сипаттайды, ол оны бақылауға мүмкіндік береді. Бақылау функциясының негізін қаржылық ресурстардың қозғалысы құрайды. Бақылау функциясы екі жолмен жүзеге асырылады:
Бухгалтерлік, статистикалық және жедел есеп берудің қаржылық көрсеткіштері арқылы;
Қаржылық әсер ету арқылы.
Қазіргі таңда қаржылық әсер ету экономикалық тетіктер мен стимулдар (салықтар, жеңілдіктер, дотациялар және т.б.) арқылы жүзеге асырылады.
Кәсіпорын қаржыларының негізінде келесідей қағидалар жатады:
Қаржы – шаруашылық қызмет аясындағы өз бетінше жұмыс істеу;
Өзін – өзі қаржыландыру;
Жұмыс нәтижелеріне қызығушылық білдіру;
Осы нәтижелерге жауапты болу,
Қаржылық резервтерді құру;
Қаражаттарды меншік және қарыз қаражаттарына бөлу;
Бюджет пен бюджеттен тыс мемлекеттік қорлар алдында міндеттерді орындау реттілігі;
Кәсіпорын қызметіне қаржылық бақылау жүргізу,
Қаржылық қатынастар құрамында кәсіпорындардың ақшалай қатынастарының келесідей топтарын бөліп көрсетеді:
Контрагенттер – бастапқы табыстарды қалыптастыру, шаруашылық ішіндегі мақсатты қорларды құру мен қолдану бойынша (жарғылық капитал, жинақтау мен тұтыну қорлары),
Ұйымдар мен кәсіпорындармен – қаржыларды үлестіру бойынша, бұл жағдайда қаржылық ресурстардың қозғалысы келесідей нысандарда жүзеге асырылады: келісім – шарттарын бұзған жағдайдағы штраф төлеу, әртүрлі пайлық (взнос) салымдар салу, біріккен қызметтен түсетін пайданы үлестіру, мемлекет пен басқа да кәсіпкерлік ұйымдардың құнды қағаздарын сатып алу, олардан дивидендтер алу;
Өнім тұтынушыларымен – кәсіпорындар олармен байланысқа түсе отырып келісім – шарттардың түрлері мен нысандарын өзі таңдайды. Міндеттерді орындау шарттары мен санкцияларды орнату тәртібін өздері анықтайды, өз өнімдеріне деген бағаны өздері қалыптастырады. Жабдықтаушылар бағаларының негізділігін өз бетінше анықтайды. Жоғарыда аталған факторлар кәсіпорынның шекті нәтижелеріне біршама әсер етеді.
Сақтандыру ұйымдарымен – міндетті және ерікті сақтандырудың әр түрлі түрлерін таңдау бойынша.
Банктік жүйемен – қарыздарды алу және өтеумен, пайыздарды төлеумен байланысты есепті кассалық қызмет көрсету бойынша, сонымен қатар банктерге өзінің бос ақша қаражаттарын белгілі бір ақы үшін уақытша пайдалануды ұсыну бойынша.
Мемлекетпен – бюджеттік және бюджеттен тыс қорларды құрастыру және қалыптастыру, қолдану бойынша. Ақшалай қаражаттардың бұл тобы әр түрлі салықтарды, алымдарды төлеу түрлерінде жүзеге асырылады.
Жоғарғы басшылық құрылымдарымен – кәсіпорын ішіндегі қаржылық ресурстарды қайта үлестіру бойынша тік және көлденең өзара байланыстар.
Қаржылық механизм – бұл қаржылық ресурстарды ұйымдастыруға, жоспарлауға және қолдануды ынталандыруға септігін тигізетін өзара байланысты 5 элементтер жиынтығы:
қаржылық әдістер;
қаржылық тетіктер;
құқықтық қамсыздандыру;
нормативтік қамсыздандыру;
ақпараттық қамсыздандыру.
Қаржылық әдістер – бұл шаруашылық үрдіске әсер ететін тәсілдер. Олар екі бағытта жүзеге асырылады:
қаржылық ресурстардың қозғалысын басқару бойынша;
нарықтық қатынастар бойынша.
Қаржылық тетіктер – бұл қаржылық әдістерге әсер ету тәсілдері.
Құқықтық қамсыздандыру заңнамалық актілерден, қаулылардан, бұйрықтардан және басқа да құқықтық құжаттардан тұрады.
Нормативтік қамсыздандыру бұл инструкциялар, нормативтер, нормалар, тарифтік ставкалар, әдістемелік нұсқаулар және т.б.
Ақпараттық қамсыздандыру бұл әртүрлі экономикалық, коммерциялық, қаржылық және басқа да ақпарат. Қаржылық ақпаратқа серіктестер мен бәсекелестердің қаржылық тұрақтылығы мен төлемқабілеттілігі туралы мәліметтерді, бағалары, тауарлық қор, валюталық нарықтардағы дивидендтері, курстары туралы мәліметтерді, биржалық және биржадан тыс нарықтардағы істерінің жағдайы туралы мәліметтерді, шаруашылық субъектілердің қаржылық және коммерциялық қызметі туралы мәліметтері жатқызылады.
Қаржылық ресурстар бұл кәсіпорын иелігіндегі ақшалай қаражаттар, олар кеңейтілген ұдайы өндіріс бойынша ағымдық шығындармен шығындарды төлеуге, қаржылық міндеттемелерді орындауға және жұмыскерлерді экономикалық ынталандыруға бағытталған, сонымен қатар қаржылық ресурстар өндірістік емес сфера объектілерін дамытуға, тұтынуға, жинақтауға және арнайы резервтік қорларға бағытталады.
Кәсіпкерлік қызметті қаржыландыру ішкі және сыртқы қаражат көздері арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Яғни, меншікті және қарыз қаражаттары есебінен қаржыландырылады. Кәсіпкерлік қызметті қаржыландырудың ішкі көздеріне жарғылық капитал, қосымша капитал, резервтік капитал, амортизациялық қор, бөлінбеген табыс және өзге де көздер жатқызылады. Ал, қаржыландырудың сыртқы көздеріне банк несиелері, бюджет қаражаттары, бюджеттен тыс қорлардың қаражаттары, бағалы қағаздар шығарудан түскен қаражаттар және басқа да көздер жатқызылады.
Кәсіпкерлік қызметті қаржыландырудың меншікті қаражаттарының бірі – жарғылық капитал. Ол құрылтайшылардың салымдарының (үлестерінің, акцияларының, жарналарының) жиынтығынан құралады. Жарғылық капиталға жарна енгізу ақшалай түрде ғана емес, сондай-ақ мүлік түрінде де жүзеге асырылады. Жарғылық капиталды қалыптастыру тәртібі кәсіпорынның ұйымдық – құқықтық нысанына байланысты болады. Мәселен, өндірістік кооперативтің жарғылық капиталы оның мүшелерінің мүліктік жарналары негізінде қалыптасады. Жарғылық капитал кәсіпорын табысы есебінен де толықтырылуы мүмкін.
Қосымша капитал меншікті капиталдың бір бөлігі болып табылады. Ол негізгі қорларды қайта бағалаудан пайда болған табыстан, эмиссияық табыстан, яғни алғашқы эмиссиядағы акцияларды номиналды құнынан артық баға бойынша сатудан түскен табыстан қалыптасады.
Резервтік капитал кәсіпорын пайдасы есебінен құрылады. Ол кәсіпкерлік қызметтен болған зияндарды жабу, кәсіпорын табыс таппаған жағдайда құрылтайшыларға табыстар мен дивидендтер төлеу үшін пайдаланылуы мүмкін. Резервтік қордың мөлшері меншік иесі немесе құрылтайшылардың келісімімен белгіленеді және құрылтай құжаттарында көрсетіледі.
Амортизациялық қор амортизациялық аударымдар арқылы қалыптасады. Амортизациялық аударымдар негізгі қорлардың тозу шамасына қарай өндірілетін өнімнің өзіндік құнына өткізілетін ақшалай қаражаттарды білдіреді. Амортизациялық қор мақсатты бағытталған қор болып табылады және ол негізгі қорлардың ұдайы өндірісін қаржыландыру үшін пайдаланылады.
Бөлінбеген табыс дивидендтер мен өзге де мақсаттағы қаражаттарды төлегеннен кейін қалатын кәсіпорынның таза табысының бір бөлігі. Ол көбінесе кәсіпорын активтеріне табысты қайта инвестициялауды білдіреді. Мұндай пайда кәсіпорын балансында меншікті қаражат көзі ретінде көрініс табады және акционерлердің (құрылтайшылардың) келесі жиналысына дейін өзгеріссіз қалады. Акционерлер (құрылтайшылар) жиналысының шешімімен жыл қорытындысы бойынша бөлінетін болады.
Нарықтық экономика жағдайында кәсіпкерлік қызметті қаржыландырудың ішкі көздерімен қатар сыртқы көздері де маңызды рөл атқарады. Кәсіпкерлікті дамыту мен өндірісті кеңейту және тиімділігін арттыру қарыздық қаражаттарды тартуды қажет етеді. Қарыздық капитал қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді болып бөлінеді. Яғни, бір жылға дейін – қысқа мерзімді, ал бір жылдан артық болса – ұзақ мерзімді қарыздық капиталға жатқызылады. Қаржыландыру нысаны мен түрін таңдау әрбір нақты жағдайға байланысты болады. Сыртқы көздер арқылы қаржыландыру несие алу не болмаса бағалы қағаздар шығару жолымен жүзеге асырылуы мүмкін. Сонымен қатар, бюджеттен бөлінетін қаражаттар мен бюджеттен тыс қорлардың қаражаттары есебінен де қаржыландырылуы ықтимал.
Достарыңызбен бөлісу: |