114
Клара Қабылғазина
ШАРАСЫЗ
Сенiскен досым да жоқ, асылым да,
Ақыры өлең қылдым, жасыдым да.
Көрмеген көп дүние көл көрінді,
Кірлемеген көңілдің ашығында.
Абай
Алла тағала бұл дүниеге келтiрiп, адам етiп жаратқан соң, маңдайға
бiткен жолдың бақ па, әлде сор ма, әйтеуiр бiреуiмен өмiр кешедi. Бiрақ,
неге сол «сор»
деген көбiрек жабысып, «бақ» дегенiң ойқастаңқырап,
қашып, бейшара сормаңдайлар, бақытсыздар қатары молаяды екен?
Сол сұрақтарға жауап таба алмаған сайын осынау бiр оқиға көз алды-
ма келе беретiн едi...
Мына бiр қаршадай баланың маңдайына бiткен сордың бiр себебi
– арақ. Мөлдiреген қап-қара, тұнық көздерiнен үнемi мұң табы сезiлiп
тұратын, нәзiк, ап-арық, күнәсiз сәбидiң көз қарасына тап келiп қалған
сайын жерге қарап өтетiнмiн... Мұңдысын-ай... Қасiреттiң, шердiң,
қайғының табы емес, балалықтың шаттығы, қуанышы, еркелiгi сезiлiп
тұруға тиiстi жанарға түскен көлеңке сол
бал дәуреннiң белгiлерiн
қалқалап, көлегейлеп көрсетпей тұрғандай...
«Осы бір арақ дегендi кiм ойлап тапты екен? Сол бәлекет болма-
са қарным ашпас еді, менiң шешем де ана Арманның, Айдостың әке-
шешелерiндей әйбат кісі боп, мен де сол балалар құсап қарыным тоқ
болып, таза киiнiп, алаңсыз ойнап жүрмес пе едiм...» деген ойлар-
ды жиi ойлайтын да, сәби жүрек өзiнше қиналатын, өзiнше сан та-
рау сұраққа жауап iздеп сарсылатын.
Осы тектес сауалды тосыннан
маған қойғанында қатты тосылып қалғанмын. Әдеттегідей, күнделікті
жұмысқа бет алған едім. Санаммен сәбиді іздеп келе жатқанмын, ал-
дымнан шыға келді.
– Сәлеметсіз бе, тәте! – деді мұң кіреукелеген көздері жасаурай.
– Сәлемет пе, қалқам? Ойнауға шықтың ба? – дедім сөз ретін таба
алмай.
– Айтыңызшы, менің мамам неге арақ ішеді? Ал, сіз неге ішпейсіз?
– Арақ деген жаман нәрсе, сонан кейін ішпеймін... Ал мамаң жайы-
на келсек, оның өзінен сұрау керек болар.., – дедім күмілжіп.
115
Тіршілік
– Маған ішпейтін мама тауып бересіз бе?
«Япырмай, мама деген біреу-ақ болады, кез келген адам ана бола
бермейді дегенді қалай түсіндірем» – деп дал болдым. Сәби сана-
сында сондай үлкендерге тән ой жүреді деп ойламаппын. Ішкілік
дегенді кім
ойлап тапқан бәлекет екеніне, адамдардың соған не үшін
құмартатынына шынымен-ақ жауап таба алмадым.
Бұл баланың көзiн ашып көргенi шешесiнiң ащы суды iшiп алып,
әлде кiмдермен керiлдесiп жатқаны, немесе өздерi сияқты бiр топ
адамды жинап, айғайласып, ауыздарына келгенiн айтысып, орын-
сыз ыржыңдап, ия болмаса бір-бірлерінің кеңірдектеріне жармасып
жүргендерi. Солармен таласып-тармасып бiрдеңенi iшiп-жеген бала
босаған шөлмектердi солдат қып ойнағанды әдетке айналдырған. Ол
өзінің кішкентай нәресте кезiнде анасының онша iшкiлiкке салына
қоймағанын, күйеуi тастап кеткенiнше әжептәуiр әйел болғанын, өмiр
деген алып теңiздiң толқынына қарсы тұра алмай, босбелбеу, ынжық
мiнездi анасының осындай күйге душар
болғанынан хабарсыз бола-
тын. Бұл ащы судың не сиқыры барын нәресте сәби бiле алмайтын.
Әйтеуiр, соны ұрттамаса бұны жазықсыз ұрып-соғып, әйтпесе ұрсып
алатын анасы бiрер стаканды ұрттап жiберген соң керемет тамаша,
жайдары мiнездi адам болып шыға келетiнiне қайран қалады. Оның
ащы су екенiн ана бiр жолы татып көргенi бар. Отырған ағалардың бiрi:
– Әй, атың кiм едi? Кел, ағалардың мынандай да ащы нәрсенi
iшетiнiн көр, еще, соны iштiң деп балалары ұрсатынын қайтесiң... Мә,
татып көр... – деп Мәлiкке ұрттатып жiберген едi. Бұл сонда қақалып,
шашалып, көзiнен жасы ағып, тұншыға жөтелген болатын. Олар оған
қарқылдап күлiп: «Әне, көрдiң бе, бiрақ кейiн үйренiп кетесiң... Зәмзәм
суы деген осы шығар деп ойлайсың... Бұнысыз тұра алмайтын халге
жетесiң... бiз сияқты...» деген еді мәз-мәйрам болып.
Анадағы ағалар айтқандай,
кейiн iшерiн, iшпесiн бiр Алла бiлер,
бiрақ дәл қазiргi уақытта оның ащы суға тәбетi тартар емес.
Сәби жүрегi күндердi екiге бөлiп үйренген: жақсы күндер не-
месе жаман күндер. Жақсы күндер дегенi анасының үйде отырып,
бөтелкелердiң түбiнде қалған бiрдеңелердi iшiп, басын, қабағын жа-
зып алған соң, оны-пұныдан тамақ пiсiрiп беретiн күнi. Ал, жаман
күндер... Ой-бой..., оның бетiн құдай ары қылсын, мамасы дала безiп
кетiп, iшiп-iшiп, үйге қайта алмай, жолда құлап жататын күндерi. Он-
дай кездер Мәлiктiң басына қара күндер туды дей бер... Құлап жатқан
шешесiнiң басын отырып алып, жалынады, жылайды: «Мама, мама,