Күні: 19. 03. 2015 ж. Сыныбы: 3, 8 Пәні



Дата08.06.2018
өлшемі27,41 Kb.
#41340
Күні: 19.03.2015 ж.
Сыныбы: 3, 8
Пәні: Тәрбие сағаты

Тақырыбы: Наурыз – думан

Мақсаты: оқушыларға Наурыз туралы түсінік беру, ұлттық дәстүрлермен таныстыру, халқымыздың салтын, әдет-ғұрпын құрметтеуге баулу, өнегелі, өнерлі азамат болуға тәрбиелеу.

Көрнекілігі: Тақырып жазылған плакат, наурыз туралы нақыл сөздер, шарлар, ленталар, қазақ үйдің жабдықтары, ас тағамдарынан көрме.

Барысы
Ән: «Наурыз-думан» (Құлатаева А.)
1-жүргізуші: Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар!

2-жүргізуші: Бүгін ұлыстың ұлы күні.

1-жүргізуші: Ата-бабаларымыздың сөзімен айтсақ, ақ түйенің қарны жарылған күн!

2-жүргізуші: Күлімдеген көктемнің шуақты шақтарымен бірге жер бусанып, «арқаның қысы аттан түсетін» кез.

1-жүргізуші: Наурыз – табиғаттың тамырына қан жүгіртіп, тіршілік атаулыны қайта оятып, жаңартатын кез.

2-жүргізуші: Ендеше, көктемнің шуағын ала келген Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі құтты болсын! Құттықтау сөзін директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Дәмелі Тілеубайқызына береміз.
1-жүргізуші: Алдымен «Наурыз» сөзіне тоқталатын болсақ, бұл – көне парсы сөзі. Қазақшаға аударсақ, «жаңа күн» деген мағына береді. Бұл біздің халқымызда күн мен түн теңелер мезгіл – наурыз айының 22-жұлдызына сәйкес келеді.

2-жүргізуші: Құрметті халайық! Біздің өткен жылқы жылына еш өкпеміз жоқ. Солай ма?

Көпшілік: Иә, өкпеміз жоқ.

1-жүргізуші: Ендеше ең алдымен «өткенге – салауат, болашаққа – аманат» дегендей, жылқы жылын шығарып салайық.

(жылқы жылы келеді)

2-жүргізуші: Шөптің құнарын, судың мөлдірін таңдайтын Қамбар ата түлігі, мына жұртың өзіңе дән риза, қадамың құтты болды. Сен бізге мол жақсылықтар әкелдің. Астық мол болды, Елбасымыз аман, жұртымыз тыныш. Саған рахмет, жылқы жылы! Ал, өзіңнің мына жұртыңа не айтарың бар?

Жылқы жылы:

- Мен де халқыма дән ризамын! Ел іргесі бүлінбей, бейбітшілік сақталды. Лайым солай болғай. Өзімнің орнымды басар қой жылына да тілерім сол. Әрдайым бақытты, бейбіт өмір болсын. Елімнің жүзінен күлкі арылмасын. Аманшылықта кездесейік! Көріскенше күн жақсы, халайық! (жылқы қолын бұлғап шығып кетеді де).



1-жүргізуші: Ал, енді ортамызға жаңа жыл – Қойды шақырайық. (сахнаға қой жылы шығады).

2-жүргізуші: Қой жылын ежелден қазақ құтты жыл санаған. 1991 жылы, Қой жылы еліміз өз тәуелсіздігін алды. Міне, содан бері, екі мүшел өтті. Алдағы жыл да еліміз үшін қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған жақсы жыл болады деген ойдамыз. Ал, Қойеке, өзің төрт түліктің ішіндегі момынысың. Келер жылдан қандай жақсылық күтеміз?

Қой жылы: Армысыңдар, халқым. Көзді ашып-жұмғанша мен де келіп жеттім. Менің жылым ерінбей еңбек еткен адамға берекелі жыл болмақ.

1-жүргізуші: Рахмет, Қойеке. Қуантып тастадың ғой. (қой да шығып кетеді).
Ән: «Мереке» (Сулейова А.)
2-жүргізуші: Ғасырлар бойына атадан балаға мұра болып келе жатқан, дәстүрлі Наурыз тойы, бүгін міне, тағы да есігімізді ашып отыр. Ал, халайық! Енді осы ұлыстың ұлы күні ата салтымыз бойынша ортамызға Қызыр баба мен Наурыз қызды шақырайық. Қызыр баба баршамызға ақ тілек, оң батасын берсін!

Қызыр баба:

Армысыңдар, жамағат.

Ұлыс оң болсын,

Ақ мол болсын,

Қайда барсақ жол болсын!

Ұлыс бақты болсын!

Төрт түлік ақты болсын,

Ұлыс береке берсін,

Бәле-жала жерге енсін!

Ұлы халқым тоқ болсын!

Көйлектерің көк болсын!

Қайғы уайым жоқ болсын!

Қуаныштарың көп болсын! Әумин !!!
Наурыз қыз:

Сәлем, ата-аналар!

Айналайын балалар!

Елім, жерім аман ба?

Жаса, жайлы заманда.

Уақыт үдеп келдім мен,

Бақыт тілеп адамға.

Қудым жерден суықты,

Қырдан салқын бу шықты.


Сайратамын бұлбұлды,

Жайнатамын гүл-гүлді,

Мерейлі жұрт тойласын,

Мейрам етіп бұл күнді.


Қызыр баба:

- Қыздарым, ата салтын ұмытпай ұлыс тойын өткізіп жатқандарың жақсы екен. Үлкен рахмет! Біз, Наурыз қыз екеуіміз, ауыл-ауылды аралап балалардың өнерлерін тамашалап келеміз. Ал, енді қандай қызықтарың бар?


1-жүргізуші: Қызыр баба, Наурыз қыз, сіздер төрге шығып отырыңыздар, мектеп оқушылары өнер көрсетуге дайын.

(Оқушылар шығып, наурыз мерекесіне арналған тақпақтарын айтады).

Алуа:

Көктем жетті көл-көсір шуақ құрып,

Қыс барады қиылып жылап тұрып.

Шатырында үйлердің наурыз жүр,

Мұз көрпесін ақпанның лақтырып.

Наурыз қайтып оралды аты да аңыз.

Сұрамаймыз алғыс та, ақыл да біз.

Үй-дастархан, даламыз-сахнамыз,

Ұлы мейрам – Наурызға шақырамыз.
Нұрәділ:

Тыңдаңыздар, Тыңдаңыздар,

Босқа қарап тұрмаңызар,

Наурыз тойы басталды,

Көргенде де арманда,

Көрмегенде арманда.

Қызықтан тыс қалмаңдар.

Ата-салтын бабамның.

Алып келді ұлы күн.

Ақнұр:

Наурыз туын көтеріп,

Жар салайық әлемге.

Бір анадан туғандай,

Бір ұядан ұшқандай,

Бір аспанның астында,

Бір дастархан басында,

Береке, бірлік болсын деп,

Көп көжеден дәм татып,

Күшейтейік бірлікті.

Еңбек пенен бірлікті

Жарыса өнер көрсетіп,

Той тойлайық тамаша.

Бағжан:

Малдар төлдеп, қой қоздап,

Сүттен бұлақ ағызған.

Жаңа жылдың сипаты,

Малшылыққа аңыз боп,

Басталыпты наурыздан.

Көгіме күн өрлетіп,

Төрт түлігін төлдетіп,

Қаймақ сүтін көлдетіп,

Ырзық-құтын селдетіп

Келді Наурыз – Ұлы күн.
Балнұр:

Ақ қар кетіп, қыс өтіп,

Шырайлы шуақ жаз келіп,

Шаруаның бұл кенелген

Күн мейрамы ежелден,

Құтты болсын, бұл Наурыз.


Нұрғиса:

Наурыз мейрам жүректерге нұр сепкен,

Маңдайымнан сүйіп жатыр күн көктем.

Жарығыңмен, шуағыңмен Күн-Ана,

Алып келдің жер бетіне гүл көктем.
Эльвия:

Жыр сыйлаған, нұр сыйлаған тірлікке,

Қастерледік, қадіріңді білдік те.

Құтты болсын, Ұлыс күн жұмылдырған

Бәрімізді ынтымақ пен бірлікке.
Алиасқар:

Жарқыра, жайна, Наурызым,

Қабағы жаудың түйілсін.

Мереке, байлық, дәм-тұзың.

Халқыма мәңгі бұйырсын.

Наурыз тойы салтымыз,

Аман болсын халқымыз.
Дильназ:

Ата-бабам тойлаған,

Наурызым, армысың!

Қызығыңа тоймаған,

Сарқан дала, қарлы шың.

Мерекені байырғы

Алды халқым қабылдап,

Ақ дастархан жайылды,

Ошақта от жалындап.
Бекзат:

Ұлыс күні кәрі-жас,

Құшақтасып көріскен.

Жаңа ағытқан қозыдай,

Жамырасып өріскен.
Нұрай:

Ұлыс күні қар еріп,

Сай-салалар гүрілдеп.

Көк шөбі шығып желкілдеп,

Дүние біткен күлімдер.
Айбек:

Ежелгі шығыс елінің

Аңсаған арман, ойы бар.

Тарқайтын жері шерінің,

Дәстүрлі наурыз тойы бар.
Тұңғат:

Кеңінен елге таралған,

Негізі ерте қаланған.

Еңбек ерте қаланған,

Наурыздан басталған.
Жасұлан:

Шырқап салған әнімен,

Мерекелік сәнімен.

Топталып, ойнап, қыдырып,

Бөлісіп ішкен дәмімен.
Санжар:

Су сылдырап, жер, көктен,

Наурыз келсе, жыл басы.

Бау-бақша, егін өрнектеп

Өзгерер өңір тұлғасы.
2-жүргізуші: 22 наурызда күн мен түн теңелiп, табиғат гүлге, өріс төлге толғанда, адам жаны да жаңарып, жасарып, жүрегі әсем әнді, әуезді жырды аңсайды.
Ән: «Шақырады көктем» (Құлатаева А.)
Қызыр баба: Рахмет, айналайындар!

1-жүргізуші: Қызыр баба, халқымыздың салтында кез-келген той-томалақтың ойын-күлкісіз думансыз өтпесі белгілі. Ал сол ойын-күлкінің көркі мен сәні болған ертегі кейіпкерлерін ұмытпаған боларсыз. Бүгінгі тойымызға сол кісілер де келіп отыр. Соларды ортаға шақырып, қызықтарын тамашаласақ қайтеді?

Қызыр баба: Өте орынды! Мақұл, айналайын!

1-жүргізуші:

Шалқытып мерекеде ән салайық,

Өнерпаз өрендерге тамсанайық.

Аңыз бен ертегіден бізге жеткен

Құрметті қонақтарды қарсы алайық!

(Жел ұшырып, домалап ортаға Қаңбақ шал келеді).

Қаңбақ шал: Ой, ой, ой! Мен қайда келдім?

2-жүргізуші: Сәлеметсіз бе, ата! Сіз Қоңыр орта мектебіндегі Наурыз тойына келдіңіз.

Қаңбақ шал: Е, бағытым дұрыс екен.

1-жүргізуші: Енді таныдым, Сіз Қаңбақ шал деген атай екенсіз ғой.

Қаңбақ шал: Иә, Қаңбақ шал деген мен боламын. Жолда қатты жел тұрғанда, мен қасымдағы достарымнан адасып қалдым. Осында Наурыз тойын бірге тойлау үшін келе жатып едік. Менің қасымда Алдар көсе, Ер Төстік пен байеке бар еді.

(Сыпырғышты ат қылып мініп алып,  жан-жағына  жаудай  тиіп, ортаға мыстан шығады).

Мыстан: Әй, қауқиған  қаңбақ шал. Сен менен бұрын қалай келдің?

Қаңбақ шал: Әй, мыстан бәйбіше, ойбай-ау амансың ба? Наурыз құтты болсын!

Мыстан: Не дейді мына түйе қарын? Маған айтпай Наурыз тойламақпысыңдар а-а-а-а?

Қаңбақ шал: Уа, мыстан бәйбіше. Таңертең ерте тұрып, Наурыз тойын тойлау үшін өзіммен бірге достарымды  ала шыққанмын. Саған бара жатқанда, жолда жел ұшырып, мен достарымнан адасып қалдым. Содан желдің айдауымен осында тап болдым. Олар да келіп қалар, кел Наурызды бірге тойлайық.

Мыстан: Қайдағы той? Мыналар неғып жүр? Әй балалар, тараңдар, Ешқандай той да, тамаша да болмайды. Қазір қар жауып, боран соғады. Бар-бар, үйлеріңе тараңдар.

2-жүргізуші: Мыстан әже, сәл сабыр етіңіз. Біз бүгін Ұлыстың ұлы күні – Наурыз тойын тойлап жатырмыз. Қазір бізге  ертегілер елінен көптеген қонақтар келеді. Сіз де бізбен бірге той тойлаңыз.      

Мыстан: Ешкім де келмейді. Мен Қаңбақ шалмен бірге келе жатқан достарын сиқырлап, қара дәудің үйінде ұйықтатып кеттім.

Қаңбақ  шал: Не дейді мына мыстан?

1-жүргізуші: Енді қайттік? Ә, бәсе, мінекей келе жатыр ғой біреуі.

(Қолындағы домбырасымен әндетіп тазша бала келеді).

Тазша (иіліп): Ассалаумағалейкум,  халайық. Наурыз құтты болсын!

Мыстан: Тақылдаған сен кімсің? Мен неғып танымай тұрмын?

Тазша бала: Е, мен халқыма жақын Тазша баламын ғой. Әже, неғып тұрсыздар той тойламай?

Қаңбақ шал: Мына мыстан тойға келе жатқан достарымды сиқырлап, қара дәудің үйіне ұйықтатып кетіпті. Не істерімізді білмей дал болып тұрмыз.

Тазша бала: (қаңбақ шалға көзін қысып). Айтпақшы, әже, Наурыз тойына өзіңізге арнап бір өлең айтқым келіп тұр.

Мыстан: Маған өлеңнің керегі жоқ. Білем, бәрің де мен жек көресіңдер.

Тазша бала: Әжетай, сәл сабыр етіп, әнімді тыңдаңызшы.

Оу, халайық қараса,

Әжем қандай тамаша.

Ақ  тістері  маржандай,

Тізіліп  тұр  жараса.

Келбетіне  қарасам,

Наурыздың аппақ  қарындай.

Оймақ  ауыз, бұраң  бел,

Кім жек  көрер осындай,

Өзі сұлу, ақылды, 

Менің мыстан әжемді-ай.

Мыстан: Ой, айналып кетейін, Тазша бала. Мына өлеңің маған ұнады. Қой, болмас, мен барып әлгі қонақтарды  оятып, осында жіберейін. Олар да той  тойласын.

2-жүргізуші: Ал, қонақтар сіздер төрге жайғасып отырыңыздар.
Би: «Айгөлек» (3-сынып)
(Ортаға Алдар көсе әндетіп шығады).

Алдар көсе:               

Мен, Алдармын, Алдармын,

Сайтанды да арбаймын.

Сараңдарға  қаттымын,

Кедейлерге  балдаймын.
Мен, Алдармын, Алдармын,

Шегі  жоқ  бұл  даңқымның.

Өнерімді арнаймын,

Бақыты үшін халқымның.

 

1-жүргізуші: О, Алдар аға, қош келдіңіз. Ұлыстың ұлы күні Наурыз құтты болсын. Келіңіз, төрлетіңіз.

(Асығып аптығып Шығайбай мен кемпірі келе жатады).

Шығайбай: Әй, бәйбіше, бол енді, наурыздан кешігіп қалатын болдық.

Бәйбіше: Қазір, қазір, байеке, мына ыстық күлшені наурызға пісіргенмін. Ойбай-ау, мынау әлгі Алдар ғой, енді қайттік,  мынаны қайда тығам?

Бай: (қойнын көрсетіп). Мында тық. (кемпір күлшені қойнына тығады).

Алдар: Ассалаумағалейкум, байеке, наурыз құтты болсын! Ұлыста ойдағы, қырдағы құшақтасып көріседі емес пе? Кел, бізде  құшақ жая көрісейік.

Шығайбай: Ойбай, күйдім-күйдім. Жібере көр, Алдареке, осыны сен-ақ алшы.

2-жүргізуші: Алдар аға, Шығайбай ақсақал, Наурызда  араз ағайын татуласып, ренжіскендер келісіп жатады емес пе? Ендеше Сіздер де татуласып, тойымыздың құтты қонағы болыңыздар. (төрге жайғастырады).



(Ер Төстік келеді).

Ер Төстік: Армысыңдар, ағайын. Наурыз құтты болсын!

1-жүргізуші: Қош келдіңіз, Ер Төстік батыр. Сізді де оқушыларымыз асыға күтуде. Қонақтарға өз тілегіңізді айта кетсеңіз.

Ер Төстік:

Суға салса батпаймын,

Отқа  салса жанбаймын.

Ел-жұртымды  сатпаймын,

Өтірік сөз айтпаймын.

Мен Ер Төстік, ал қара,

Бота бала, нар бала,

Маған ұқсап өседі,

Мұнда отырған  бар бала.

2-жүргізуші: Ер Төстік батыр төрге шығыңыз. Бізбен бірге той  тойлаңыз.

Би: «Шернияз» (8-сынып)

Қызыр баба: Рахмет, айналайындар!

1-жүргізуші: Бүгінгі ұлыстың ұлы меркесінде қалайша ұлттық ойындарымызды ұмытамыз?

2-жүргізуші: Дұрыс айтасың, Ақниет. Ортаға қыз-жігіттерімізді қыз қуу ойынымен шақырамыз. (Ойын ойналады)

1-жүргізуші: Келесі кезекте ортамызға жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай, арыстан жүректі, сом білекті ұлдарымызды қол күресуге шақырамыз.

(3-сыныптың ұлдары)

(Ортаға ақ жаулықты Ақ әже келеді).

1-жүргізуші: Армысыз, ақ әже, қош келдіңіз!                                   

Ақ әже: Бар бол, балам. Наурыз құтты болсын, қайда барсаң жол болсын.

2-жүргізуші: Рахмет, ақ әже. Наурыз мерекесіне орай мына балаларға қандай сый әкелгенсіз?

Ақ әже:          

Адал астан бұйырған,

Дәм татсын деп ел жиылған.

Бидай  салдым көжеге.

Мол болсын деп биыл нан.

Осы ақ дәмнен ауыз тиіңдер қарақтарым.


Ән: «Қазақы дастархан» (Балнұр)
Қызыр баба: Ал, балаларым, бүгінгі көрсеткен өнерлеріңе ризамыз. Бізді басқа ауылдың балалары күтіп қалған болар, біз жүрейік.

Ұлы күні Ұлыстың баршамызға құт қонсын!

Наурызында қазақтың ризық-несібе мол болсын!

Қой жылы бақ қонсын

Ел қазаны тоқ болсын!

Берекеге кенеліп,



Қайғы мен мұң жоқ болсын!
1-жүргізуші: Құрметті ұстаздар, ата-аналар, оқушылар, осымен Ұлыстың ұлы күні наурыз мерекесіне арналған «Наурыз – думан» тәрбие сағатымыз аяқталды. Көңіл қойып тыңдағандарыңызға рахмет! Наурыз құтты болсын.

2-жүргізуші: Ұлыстың ұлы күні аталған Наурызда тілектеріңіз қабыл болсын! Қане, наурыз көжеден дәм татайық!

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет