212-бап. Резидент еместiң Қазақстан Республикасындағы көздерден алған табыстарын салық салудан толық босатуға қатысты халықаралық шартты қолдану тәртібі
1. Егер резидент емес халықаралық шарт жасасқан елдің резиденті болып табылса, мұндай резидент емеске табыс төлеу кезінде немесе резидент еместің есептелген, бірақ төленбеген табысын шегерімге жатқызу кезінде салық агентінің салық салудан босатуды дербес қолдануға құқығы бар.
2. Осы бапта белгіленген халықаралық шарттың ережелерін қолдану тәртібі осы Кодекстің 212-1, 212-2, 213, 214 және 215-баптарында халықаралық шарттың ережелерін қолдану тәртібі белгіленген табыстарды, сондай-ақ осы Кодекстің 197-бабында айқындалған табыстарды қоспағанда, осы Кодекстің 192-бабында көзделген резидент еместің табыстарына салық салуға қатысты қолданылады.
3. Резидент емес осы Кодекстің 219-бабының 4 және 5-тармақтарының талаптарына сәйкес келетін резиденттікті растайтын құжатты салық агентіне табыс еткен кезде халықаралық шарт қолданылады.
Бұл ретте резиденттікті растайтын құжатты резидент емес салық агентіне осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, бірінші болып басталатын мына күндердің бірінен:
1) резидент емеске табыс төленген немесе резидент еместің төленбеген табыстары шегерімге жатқызылған күнтізбелік жылдың 31 желтоқсанынан;
2) төлем көзінен ұсталатын табыс салығы бойынша салық міндеттемесін орындау мәселесі бойынша жоспарлы салықтық тексеру жүргізілген күнтізбелік жылда аяқталатын, резидент емеске табыс төленген тоқсанды мұндай салықтық тексеруді жүргізудің басталуынан;
3) төлем көзінен ұсталатын табыс салығы бойынша салық міндеттемесін орындау мәселесі бойынша жоспардан тыс салықтық тексеру жүргізілген күнтізбелік жылда аяқталатын, резидент емеске табыс төленген тоқсанды мұндай салықтық тексеруді жүргізу аяқталғанға дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей табыс етеді. Жоспардан тыс салықтық тексерудің аяқталған күні нұсқамаға сәйкес айқындалады.
4. Егер резидент емес Қазақстан Республикасында тұрақты мекемені құруға әкеп соқпайтын мерзім шегінде Қазақстан Республикасының аумағында қызметтер көрсеткен немесе жұмыстар орындаған жағдайда, халықаралық шарттың ережелерін қолдану мақсатында резидент емес заңды тұлға осы баптың 3-тармағында көрсетілген құжатпен бірге салық агентіне құрылтай құжаттарының нотариат куәландырған көшірмелерін не құрылтайшыларды (қатысушыларды) және резидент емес заңды тұлғаның мажоритарлық акционерлерін көрсете отырып, сауда тізілімінен (акционерлер тізілімінен немесе резидент емес тіркелген мемлекеттің заңнамасында көзделген өзге де ұқсас құжаттан) үзінді көшірмелерді табыс етеді.
Салық агенті табыс етілген құжаттардың және қызметтер көрсетуге немесе жұмыстар орындауға арналған шарттың (келісімшарттың) негізінде резидент еместің осындай шарттың (келісімшарттың) және олар болған кезде байланысты жобалардың шеңберінде қызметтер көрсету немесе жұмыстар орындау нәтижесінде тұрақты мекеме құру фактісін айқындайды.
Резидент еместің Қазақстан Республикасында тұрақты мекемені құру фактісі анықталған кезде, салық агенті Қазақстан Республикасында резидент еместің табыстарын салық салудан босату бөлігінде халықаралық шарттың ережелерін қолдануға құқылы емес.
5. Егер Қазақстан Республикасында тұрақты мекемені құруға әкеп соқпайтын мерзім шегінде Қазақстан Республикасының аумағында қызметтер көрсету немесе жұмыстар орындау бірлескен қызмет туралы шарттың шеңберінде жүзеге асырылатын болса, онда осындай шартқа қатысушы болып табылатын резидент емес заңды тұлға халықаралық шарттың ережелерін қолдану мақсатында осы баптың 3 және 4-тармақтарында көрсетілген құжатпен қатар салық агентіне бірлескен қызмет туралы шарттың немесе бірлескен қызметке оның қатысу үлесін растайтын өзге құжаттың нотариат куәландырған көшірмесін табыс етеді.
Егер резидент емес осындай шарттың (келісімшарттың) және байланысты жобалардың шеңберінде қызметтер көрсету немесе жұмыстар орындау нәтижесінде тұрақты мекеме құрмаған жағдайда, салық агенті резидент емес заңды тұлғаның табысына бірлескен қызмет туралы шартта көрсетілген бірлескен қызметке оның қатысу үлесіне барабар халықаралық шарттың немесе бірлескен қызметке оның қатысу үлесін растайтын өзге де құжаттың ережелерін қолдануға құқылы.
2012.26.12. № 61-V ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (2013 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Салық агенті салық органына табыс етілетін салықтық есептілікте резидент емеске есептелген (төленген) және халықаралық шарттардың ережелеріне сәйкес ұсталған, салық ұстаудан босатылған табыстар сомасын, табыс салығының ставкаларын және халықаралық шарттардың атауларын көрсетуге міндетті.
Бұл ретте салық агенті өзінің орналасқан жері бойынша салық органына осы Кодекстің 219-бабы 4 және 5-тармақтарының талаптарына сәйкес келетін, резидент емес салық төлеушінің резиденттігін растайтын құжаттың көшірмесін табыс етуге міндетті. Мұндай құжаттың көшірмесі, табыс етілу мерзімі резидент еместің осындай құжатты осы баптың 3-тармағына сәйкес салық агентіне тапсырғанынан кейін басталатын, салық есептілігін табыс ету үшін белгіленген күннен бастап күнтізбелік үш күн ішінде табыс етіледі.
7. Халықаралық шарттың ережелері заңсыз қолданылып, бұл мемлекеттік бюджетке салықтың төленбеуіне немесе толығымен төленбеуіне әкеп соққан кезде салық агенті Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен 212-1-баппен толықтырылды (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
212-1-бап. Резидент еместiң Қазақстан Республикасындағы көздерден дивидендтер, сыйақылар және (немесе) роялти түрінде алған табыстарын салық салудан босатуға немесе оларға төмендетілген салық ставкасын қолдануға қатысты халықаралық шартты қолдану тәртібі
1. Дивидендтер, сыйақылар және (немесе) роялти түрінде резидент емеске табыс төлеу кезінде немесе шегерімге сыйақылар және (немесе) роялти түрінде резидент еместің төленбеген табыстарын жатқызу кезінде, егер мұндай резидент емес түпкілікті (нақты) табыс алушы болып табылатын және халықаралық шарт жасасқан елдің резиденті болып табылатын жағдайда салық агенті тиісті халықаралық шартта көзделген салық салудан босатуды немесе төмендетілген салық ставкаларын дербес қолдануға құқылы.
Осы бөлімнің мақсатында табыстарды иелену, пайдалану, оларға билік ету құқығы бар және мұндай табысқа қатысты делдал, оның ішінде агент, номиналды ұстаушы болып табылмайтын тұлға түпкілікті (нақты) табыстарды алушы (иеленуші) деп түсінілуі керек.
2. Егер сыйақы төлеу түпкілікті (нақты) табысты алушыға (иеленушіге) делдал арқылы жүзеге асырылған жағдайда, салық агентінің бір мезгілде мынадай:
1) шартта (келісімшартта) делдал арқылы түпкілікті (нақты) сыйақы алушы (иеленуші) болып табылатын әрбір тұлға бойынша осындай тұлғаның деректерін (жеке тұлғаның тегін, атын, әкесінің атын (бар болса) немесе заңды тұлғаның атауын; бар болған жағдайда инкорпорация еліндегі салықтық тіркелу нөмірін (немесе оның аналогын); инкорпорация еліндегі мемлекеттік тіркелу нөмірін (немесе оның аналогын)) көрсете отырып, сыйақы сомасы көрсетілген;
2) салық агентіне осы Кодекстің 219-бабы 4 және 5-тармақтарының талаптарына сәйкес түпкілікті (нақты) сыйақы алушы (иеленуші) болып табылатын адамдардың резиденттігін растайтын құжат ұсынылған талаптар сақталған кезде осындай түпкілікті (нақты) табыс алушы (иеленуші) резиденті болып табылатын мемлекетпен жасасқан тиісті халықаралық шартта көзделген, табыс салығынан босатуға немесе оның төмендетілген ставкасын қолдануға құқығы бар.
Бұл ретте, резиденттікті растайтын құжат осы Кодекстің 212-бабының 3-тармағында көрсетілген бірінші болып басталатын күндердің бірінен кешіктірілмей салық агентіне табыс етіледі.
2012.26.12. № 61-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2013 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Салық агенті салық органына табыс етілетін салықтық есептілікте резидент емеске есептелген (төленген) және халықаралық шарттардың ережелеріне сәйкес ұсталған, салық ұстаудан босатылған табыстар сомасын, табыс салығының ставкаларын және халықаралық шарттардың атауларын көрсетуге міндетті.
Бұл ретте салық агенті өзінің орналасқан жері бойынша салық органына осы Кодекстің 219-бабы 4 және 5-тармақтарының талаптарына сәйкес келетін, резидент емес салық төлеушінің (табысты түпкілікті (іс жүзінде) алушының (иеленушінің) резиденттігін растайтын құжаттың көшірмесін табыс етуге міндетті. Мұндай көшірме, табыс етілу мерзімі резидент еместің осындай құжатты осы Кодекстің 212-бабының 3-тармағында көрсетілген күндердің бірінде салық агентіне тапсырғанынан кейін басталатын, салық есептілігін табыс ету үшін белгіленген күннен бастап күнтізбелік үш күн ішінде табыс етіледі.
4. Салық агенті осы баптың 2-тармағында белгіленген тәртіппен резидент емеске делдал арқылы сыйақы түрінде табыс төлеу кезінде халықаралық шарттың ережелерін қолданбаған жағдайда, салық агенті осы Кодекстің 194-бабында белгіленген ставка бойынша төлем көзінен табыс салығын ұстауға міндетті.
Ұсталған табыс салығының сомасы осы Кодекстің 195-бабында белгіленген мерзімде аударылуға жатады.
5. Резидент емес түпкілікті (нақты) табыс алушының (иеленушінің) табысының төлем көзінен ұсталған табыс салығын бюджетке салық агенті аударған жағдайда, халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес төлем көзінен артық ұсталған табыс салығын осындай резидент емеске қайтаруға құқығы бар.
Бұл ретте резидент емес түпкілікті (нақты) табыс алушы (иеленуші) салық агентіне:
1) делдалмен жасасқан, онда осындай тұлғаның деректерін (жеке тұлғаның тегін, атын, әкесінің атын (ол бар болса) немесе заңды тұлғаның атауын; бар болған жағдайда инкорпорация елінде салықтық тіркелу нөмірін (немесе оның аналогын); инкорпорация елінде мемлекеттік тіркелу нөмірін (немесе оның аналогын)) көрсете отырып, осындай резидент еместің сыйақы сомасы көрсетілген шарттың (келісімшарттың) ;
2) осы Кодекстің 219-бабы 4 және 5-тармақтарының талаптарына сәйкес келетін сыйақы түрінде табыс алған кезеңде оның резиденттігін растайтын құжаттың нотариат куәландырған көшірмесін табыс етуге міндетті.
Осы тармақта көрсетілген құжаттарды, егер халықаралық шартта өзге мерзімдер белгіленбесе, резидент емес бюджетке төлем көзінен ұсталған табыс салығын соңғы аудару күнінен бастап осы Кодекстің 46-бабында белгіленген талап қою мерзімі өткенге дейін табыс етеді.
Бұл ретте, резидент емес түпкілікті (нақты) табыс алушыға (иеленушіге) артық ұсталған табыс салығын қайтаруды салық агенті жүргізеді.
6. Осы баптың 5-тармағының талаптарын орындау кезінде салық агенті өзінің орналасқан жері бойынша салық органына резидент емес түпкілікті (нақты) табыс алушының (иеленушінің) сыйақы түрінде табыстарынан табыс салығын ұстау және аудару жүргізілген салық кезеңіне төмендетілген салық ставкасын немесе салық салудан босату қолданылған кездегі азайтылған сомаға төлем көзінен ұсталатын табыс салығы бойынша қосымша есептеуді табыс етуге құқылы.
Көрсетілген жағдайда төлем көзінен ұсталған табыс салығының артық төленген сомасын салық агентінің есебіне жатқызу осы Кодекстің 599-бабында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
7. Халықаралық шарттың ережелері заңсыз қолданылып, бұл бюджетке салықтың төленбеуіне немесе толығымен төленбеуіне әкеп соққан кезде салық агенті Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен 212-2-баппен толықтырылды (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
212-2-бап. Резидент еместiң депозитарлық қолхаттарының базалық активі болып табылатын акциялары бойынша дивидендтер түріндегі табыстарын салық салудан ішінара босатуға қатысты халықаралық шартты қолдану тәртібі
1. Депозитарлық қолхаттардың базалық активі болып табылатын акциялар бойынша дивидендтер түріндегі табыстарды резидент емес түпкілікті (нақты) табыс алушыға (иеленушіге) депозитарлық қолхаттарды номиналды ұстаушы арқылы төлеу кезінде бір мезгілде мынадай талаптар орындалған:
1) мыналарды:
базалық активі Қазақстан Республикасының резиденті шығарған акциялар болатын депозитарлық қолхаттардың меншік иелері болып табылатын жеке тұлғалардың тегін, атын, әкесінің атын (олар бар болса) немесе заңды тұлғалардың атауын;
депозитарлық қолхаттардың саны және түрі туралы ақпаратты;
жеке тұлғалардың жеке басын куәландыратын құжаттардың атауы мен деректемелерін немесе заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу нөмірі мен күнін қамтитын депозитарлық қолхаттарды ұстаушылар тізімінің болуы.
Депозитарлық қолхаттарды ұстаушылардың тізімін мына тұлғалар:
егер депозитарлық қолхаттар бойынша меншік құқықтарын есепке алуды және оны растауды жүзеге асыруға арналған шарт депозитарлық қолхаттардың базалық активі болып табылатын акциялардың эмитент резиденті мен осындай ұйым арасында жасалған жағдайда, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығында депозитарлық қызметті жүзеге асыру құқығын иеленетін ұйым;
немесе
егер депозитарлық қолхаттар бойынша меншік құқықтарын есепке алуды және оны растауды жүзеге асыруға арналған шарт депозитарлық қолхаттардың базалық активі болып табылатын акциялардың эмитент резиденті мен осындай ұйым арасында жасалған жағдайда, шет мемлекеттің бағалы қағаздар нарығында депозитарлық қызметті жүзеге асыру құқығын иеленетін өзге ұйым жасайды;
2) осы Кодекстің 219-бабы 4 және 5-тармақтарының талаптарына сәйкес келетін, депозитарлық қолхаттардың базалық активі болып табылатын акциялар бойынша түпкілікті (нақты) дивидендтер алушы (иеленуші) болып табылатын адамдардың резиденттігін растайтын құжаттың болуы кезінде салық агентінің осындай түпкілікті (нақты) табыс алушы (иеленуші) резиденті болып табылатын мемлекетпен тиісті халықаралық шартта көзделген, табыс салығының төмендетілген ставкасын қолдануға құқығы бар.
Бұл ретте резиденттікті растайтын құжат осы Кодекстің 212-бабының 3-тармағында көрсетілген бірінші болып басталатын күндердің бірінен кешіктірілмей салық агентіне табыс етіледі.
2012.26.12. № 61-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2013 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Салық агенті халықаралық шарттардың ережелеріне сәйкес есептелген (төленген) және ұсталған, салық ұстаудан босатылған табыстар сомасын, табыс салығының ставкасын және халықаралық шарттардың атауын салық органына табыс етілетін салық есептілігінде көрсетуге міндетті.
Бұл ретте салық агенті өзінің орналасқан жері бойынша салық органына осы Кодекстің 219-бабы 4 және 5-тармақтарының талаптарына сәйкес келетін, резидент емес салық төлеушінің резиденттігін растайтын құжаттың көшірмесін табыс етуге міндетті. Мұндай көшірме, табыс етілу мерзімі резидент еместің осындай құжатты осы Кодекстің 212-бабының 3-тармағында көрсетілген күндердің бірінде салық агентіне тапсырғанынан кейін басталатын, салық есептілігін табыс ету үшін белгіленген күннен бастап күнтізбелік үш күн ішінде табыс етіледі.
3. Осы баптың 1-тармағында белгіленген тәртіппен депозитарлық қолхаттардың базалық активі болып табылатын акциялар бойынша дивидендтер түрінде резидент емеске табыстар төлеу кезінде салық агенті халықаралық шарттың ережелерін қолданбаған жағдайда, салық агенті осы Кодекстің 194-бабында белгіленген ставка бойынша төлем көзінен табыс салығын ұстауға міндетті.
Ұсталған табыс салығының сомасы осы Кодекстің 195-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында белгіленген мерзімде бюджетке аударылуға жатады.
4. Салық агенті резидент еместің табыстарынан ұсталған табыс салығын бюджетке аударған жағдайда, төлем көзінен артық ұсталған табыс салығын осындай резидент емес түпкілікті (нақты) табыс алушының халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес қайтаруға құқығы бар.
Бұл ретте, резидент емес салық агентіне:
1) базалық активі эмитент резиденттің акциялары болып табылатын депозитарлық қолхаттарға меншік құқығын растайтын құжаттың;
2) осы Кодекстің 219-бабының 4 және 5-тармақтарының талаптарына сәйкес келетін дивидендтер түрінде табыс алған кезеңде оның резиденттігін растайтын құжаттың нотариат куәландырған көшірмелерін табыс етуге міндетті.
Осы тармақта көрсетілген құжаттарды, егер халықаралық шартта өзге мерзім белгіленбесе, резидент емес бюджетке төлем көзінен ұсталған табыс салығын соңғы аудару күнінен бастап осы Кодекстің 46-бабында белгіленген талап қою мерзімі өткенге дейін табыс етеді.
Бұл ретте резидент емеске артық ұсталған табыс салығын қайтаруды салық агенті жүргізеді.
5. Салық агенті өзінің орналасқан жері бойынша салық органына депозитарлық қолхаттардың базалық активі болып табылатын акциялар бойынша дивидендтер түріндегі резидент еместің табыстарынан табыс салығын ұстау және аудару жүргізілген салық кезеңіне төмендетілген салық ставкасы қолданылған кездегі табыс салығының азаю сомасына төлем көзінен ұсталатын табыс салығы бойынша қосымша есептеуді табыс етуге құқылы.
Көрсетілген жағдайда төлем көзінен ұсталған табыс салығының артық төленген сомасын салық агентінің есебіне жатқызу осы Кодекстің 599-бабында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
6. Халықаралық шарттың ережелері заңсыз қолданылып, бұл бюджетке салықтың төленбеуіне немесе толығымен төленбеуіне әкеп соққан кезде салық агенті Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен 213-бап өзгертілді (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
213-бап. Халықаралық шартты тұрақты мекеме арқылы резидент еместiң халықаралық тасымал жөніндегі қызметтер көрсетуден түскен табыстарына салық салудан босатуға қатысты қолдану тәртібі
2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Егер резидент емес табысты түпкілікті алушы және халықаралық шарт жасасқан елдің резиденті болып табылса, тараптардың бірі Қазақстан Республикасы болып табылатын халықаралық тасымал жөніндегі қызметтер көрсетуден түсетін табыстарға салық салудан босату бөлігінде оның халықаралық шарттың ережелерін қолдануға құқығы бар.
Халықаралық шартты салық салудан босату бөлігінде қолдануға резидент еместе корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны табыс ету күніне резиденттігін растайтын, осы Кодекстің 219-бабы 4 және 5-тармақтарының талаптарына сәйкес келетін құжаты болған кезде ғана рұқсат етіледі.
Резиденттікті растайтын құжаттың нотариаттық куәландырылған көшірмесін салық төлеуші корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны табыс еткен кезде тұрақты мекеме орналасқан жердегі салық органына табыс етеді.
2. Резидент емес корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияда салық сомасын, ставканы және соның негізінде мұндай ставка қолданылған халықаралық шарттың атауын көрсетуге міндетті.
2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Бұл ретте резидент емес заңды тұлға халықаралық тасымал жөніндегі қызметтер көрсетуден (халықаралық шартқа сәйкес салық салуға жатпайтын) және халықаралық тасымал жөніндегі қызметтер көрсетуден (халықаралық шартқа сәйкес салық салуға жатпайтын) және Қазақстан Республикасының аумағындағы пункттер арасында тасымал (тасымалдау) қызметтерін көрсетуден (салық салуға жататын) түсетін табыстар сомасын бөлек есепке алуды жүргізуге міндетті.
2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Халықаралық тасымал жөніндегі қызметтер көрсетумен байланысты шығыстардың сомасы тікелей немесе барабар әдіспен айқындалады.
Бұл ретте салық төлеуші өз таңдауы бойынша шығыстарды есептеудің көрсетілген әдістерінің бірін қолдануға құқылы. Таңдап алынған әдіс жыл сайын пайдаланылады және салық төлеуші орналасқан жердегі салық органына қатысты жоғары тұрған орган болып табылатын салық органының (уәкілетті органды қоспағанда) келісімі бойынша ғана, есепті салық кезеңі басталғанға дейін өзгертілуі мүмкін.
2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Тікелей әдіс халықаралық тасымал бойынша қызметтер көрсетумен байланысты шығыстардың (халықаралық шартқа сәйкес салық салуға жатпайтын) және Қазақстан Республикасының аумағындағы пункттер арасында тасымал (тасымалдау) қызметтерін көрсетумен (салық салуға жататын) байланысты шығыстардың бөлек есебін жүргізу негізінде тиісті шығыстарды айқындауды көздейді.
2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Барабар әдіс көрсетілген Қазақстан Республикасындағы көздерден табыстар алуға бағытталған қызметті жүзеге асырумен байланысты резидент еместің шығыстарының үлесі мен жалпы сомасының көбейтіндісі ретінде айқындауды көздейді. Үлес халықаралық тасымал жөніндегі қызметтер көрсетуден түсетін табыстар сомасының Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстардың жалпы сомасына арақатынасы ретінде айқындалады.
7. Халықаралық шарттың ережелері заңсыз қолданылып, бұл бюджетке салықтың төленбеуіне немесе толық төленбеуіне алып келген кезде салық төлеуші Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
214-бап. Халықаралық шартты резидент еместің тұрақты мекеме арқылы Қазақстан Республикасындағы қызметінен түсетін таза табысқа салық салудан ішінара босатуға қатысты қолдану тәртібі
2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Егер резидент емес халықаралық шарт жасасқан елдің резиденті болса және осындай халықаралық шартта резидент еместің таза табысына салық салудың осы Кодекстің 199-бабында белгіленген тәртіптен өзгеше тәртібі көзделген болса, тұрақты мекеме арқылы Қазақстан Республикасындағы таза табысына оның тиісті халықаралық шартта көзделген төмендетілген салық ставкасын қолдануға құқығы бар.
Төмендетілген салық ставкасын қолдануға резидент еместе корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны табыс ету күніне резиденттігін растайтын, осы Кодекстің 219-бабы 4 және 5-тармақтарының талаптарына сәйкес келетін құжаты болған кезде ғана рұқсат етіледі.
Резиденттікті растайтын құжаттың нотариаттық куәландырылған көшірмесін резидент емес корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны табыс еткен кезде тұрақты мекеме орналасқан жердегі салық органына табыс етеді.
2. Резидент емес корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияда таза табысқа салық сомасын, ставканы және оның негізінде мұндай ставка қолданылған халықаралық шарттың атауын көрсетуге міндетті.
3. Халықаралық шарттың ережелері заңсыз қолданылып, бұл бюджетке салықтың төленбеуіне немесе толық төленбеуіне алып келген кезде резидент емес салық төлеуші Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
215-бап. Халықаралық шартты салық агенттері болып табылмайтын тұлғалардан резидент емес жеке тұлғаның алған табыстарына салық салудан босатуға қатысты қолдану тәртібі
2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Егер резидент емес жеке тұлға табысты түпкілікті алушы және халықаралық шарт жасасқан елдің резиденті болып табылса, осы Кодекстің 204-бабында көрсетілген оның халықаралық шарттың ережелерін табыстарға салық салудан босату бөлігінде қолдануға құқығы бар.
Халықаралық шартты салық салудан босату бөлігінде қолдануға резидент еместе корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны табыс ету күніне резиденттігін растайтын, осы Кодекстің 219-бабы 4 және 5-тармақтарының талаптарына сәйкес келетін құжаты болған кезде ғана рұқсат етіледі.
Резиденттікті растайтын құжаттың нотариаттық куәландырылған көшірмесін резидент емес салық төлеуші жеке табыс салығы бойынша декларацияны табыс еткен кезде өзі болатын (тұрғылықты) жердегі салық органына табыс етеді.
2. Халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес есебіне жазылған (алынған) табыстардың және төленген (төлеуден босатылған) салықтардың сомасын және халықаралық шарттың атауын резидент емес жеке тұлға жеке табыс салығы бойынша декларацияда көрсетеді.
3. Резидент емес жеке тұлға жеке табыс салығы бойынша декларацияны табыс ету кезінде резиденттігін растайтын құжаты болмаған кезде осы Кодекстің 204-бабында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде бюджетке табыс салығын төлеуді жүргізуге міндетті.
Бұл ретте тиісті халықаралық шарттың ережелерін қолдануға құқығы бар резидент емес жеке тұлға бюджетке Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстардан түсетін табыс салығын төлеген жағдайда, осындай резидент еместің осы Кодекстің 217-бабында белгіленген тәртіппен төленген табыс салығын бюджеттен қайтарып алуға құқығы бар.
216-бап. Резидент еместің табыстарынан табыс салығын бюджетке немесе шартты банк салымына аудару тәртібі
2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Салық агенті осы Кодекстің 212, 212-1 және 212-2-баптарында белгіленген тәртіпті қолданбаған жағдайда, салық агенті резидент емеске табысты төлеу кезінде осы Кодекстің 158-бабының 1-тармағында немесе 194-бабында айқындалған ставка бойынша төлем көзінен табыс салығын ұстауға және ұсталған табыс салығының сомасын осы Кодекстің 161, 195-баптарында белгіленген мерзімдерде бюджетке немесе резидент емеске ашылған шартты банк салымына аударуға міндетті.
Табыс салығын шартты банк салымына аудару тәртібі резидент еместің тұрақты мекеме құруға алып келмейтін Қазақстан Республикасында жұмыстарды орындаудан, қызметтер көрсетуден түсетін табысынан ұсталған табыс салығына ғана қолданылады.
2. Табыс алатын резидент емес, салық агенті және салық агенті айқындаған резидент банк салық агентінің резидент еместің табысынан табыс салығын аударуының белгіленген мерзіміне дейін шартқа қатысушылармен келісілген нысан бойынша резидент еместің шартты банк салымын ашу туралы шарт жасасады.
3. Шартты банк салымы ұлттық немесе шетел валютасында ашылады. Шартты банк салымы шетел валютасында ашылған жағдайда бюджетке табыс салығының сомасы және бюджетке салық аударылған күнгі валюта айырбастаудың нарықтың бағамы бойынша қайта есептелген ұлттық валютадағы банктік сыйақылардың сомасы аударылады.
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Шотында шартты банк салымы орналастырылған банк есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың он бесінші күнінен кешіктірмей, салық агенті орналасқан жердегі салық органына Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген нысан бойынша есепті тоқсан ішіндегі ақша қозғалысы туралы есепті табыс етуге міндетті. Есеп шартты банк салымы орналастырылған шотта ақша қозғалысы болған тоқсандарға табыс етіледі.
Есепке өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу және оны табыс ету салық есептілігі үшін осы Кодексте белгіленген жағдайларда және тәртіппен жүзеге асырылады.
5. Салық агенті өзі орналасқан жердегі салық органына:
1) қол қойылған күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде шартты банк салымы туралы шартты (мұндай шарттың көшірмесі аталған салық органында сақталады);
2) шартты банк салымына аударылған табыс салығының сомалары көрсетілетін, осы Кодекстің 196-бабында белгіленген мерзімдерде резидент еместің табыстарынан төлем көзінен ұсталатын корпоративтік табыс салығы бойынша есеп-қисапты табыс етуге міндетті.
6. Салық агенті орналасқан жердегі салық органы шартты банк салымы туралы шартты салық агенті табыс еткен кезден бастап күнтізбелік екі күн ішінде тіркеуге немесе оны тіркеуден бас тартуға міндетті. Бұл ретте талаптары осы баптың ережелеріне қайшы келмейтін шартты банк салымы туралы шарт қана тіркелуге тиіс. Шартты банк салымы туралы шарт талаптарының осы баптың ережелеріне сәйкес келмеуі оны тіркеуден бас тартуға негіз болып табылады.
7. Салық органы резидент еместің пайдасына шешім қабылдағанға дейін резидент еместің және салық агентінің шартты банк салымына орналастырылған табыс салығының сомасына билік етуге құқығы жоқ.
8. Осы баптың ережелері салық органында тіркелген шартты банк салымы туралы шартқа ғана қолданылады.
9. Осы Кодекстің 195-бабына сәйкес айқындалатын төлем көзінен ұсталатын табыс салығын аудару күніне шартты банк салымы туралы шарт салық органында тіркелмеген жағдайда, бюджетке табыс салығын аудару белгіленген мерзімдерде жүргізіледі.
10. Салық агенті салық органына табыс етілетін есеп-қисапта есептелген (төленген) табыстардың және ұсталған салықтардың сомаларын, сондай-ақ солар бойынша табыс салығы есептелген ставкаларды көрсетуге міндетті.
11. Салық органы:
шартты банк салымдарына орналастырылған;
халықаралық шарттың ережелерін қолдануға құқығы бар резидент емеске қайтарылған;
бюджетке аударылған табыс салығы сомаларының есебін жүргізуге міндетті.
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 217-бап өзгертілді (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара); 2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен 217-бап жаңа редакцияда (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
217-бап. Бюджеттен немесе шартты банк салымынан табыс салығын қайтару тәртібі
1. Резидент еместiң мынадай жағдайларда:
1) салық агентi резидент еместiң Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстарынан табыс салығын шартты банк салымына немесе бюджетке аударғанда;
2) резидент емес халықаралық шартқа сәйкес Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме құруға әкеп соқпайтын қызметін филиал, өкiлдiк арқылы жүзеге асырғанда;
3) салық төлеушi осы Кодекстiң ережелерiне сәйкес салық төлегенде, осы бапта белгiленген тәртiппен халықаралық шарттың ережелерiне сәйкес табыс салығын қайтарып алуға құқығы бар.
Бұл ретте резидент емес осы Кодекстiң 219-бабында айқындалған құжаттарды қоса бере отырып, төленген табыс салығын халықаралық шарттың негiзiнде бюджеттен немесе шартты банк салымынан қайтарып алуға салықтық өтiнiштi (бұдан әрi осы Кодекстiң осы бабының және 218-бабының мақсатында - өтiнiш) салық органына табыс етуге мiндеттi.
2. Егер осы тармақта өзгеше белгіленбесе, резидент емес өтiнiштi салық агентiнің орналасқан (тұрғылықты) жерi бойынша салық органына қатысты жоғары тұрған орган болып табылатын салық органына екі данада табыс етедi.
Егер салық агентi орналасқан (тұрғылықты) жері бойынша уәкiлеттi органға тікелей сатылы бағыныстағы салық органында тiркелген жағдайда, өтiнiштi осындай салық органына табыс етеді.
Өтінішті табыс ету тәсіліне қарай, салық органына оны ұсынған күн:
1) келу тәртібімен - салық органы өтінішті қабылдаған күн;
2) почта арқылы хабарламасы бар тапсырысты хатпен - салық органы өтінішті алған күн болып табылады.
3. Халықаралық шарттың талаптарын орындаған және Қазақстан Республикасында жұмыстарды орындаған, қызметтер көрсеткен кезде, ұзақ мерзiмдi келiсiмшарттар бойынша жұмыстарды орындауды, қызметтер көрсетудi қоспағанда, резидент емес Қазақстан Республикасында жұмыстар орындау, қызметтер көрсету аяқталғаннан кейiн өтiнiштi ұсынады.
Осы бөлімнің мақсаты үшін ұзақ мерзімді келісімшарт оны жасасқан күннен бастап он екі ай кезең ішінде аяқталмаған жұмыстарды орындауға, қызметтерді көрсетуге арналған келісімшарт болып табылады.
4. Егер халықаралық шартта өзгеше белгіленбесе, салық төлеуші өтінішті салық органына табыс салығының сомаларын шартты банк салымына соңғы орналастырған күннен бастап немесе табыс салығын бюджетке соңғы аударған күннен бастап осы Кодекстің 46-бабында белгіленген талап қою мерзімі өткенге дейін табыс етеді.
Егер халықаралық шартта өзгеше белгіленбесе, резидент емес ұзақ мерзiмдi келiсiмшарттар бойынша өтiнiштi салық органына осы Кодекстiң 46-бабында белгiленген талап қою мерзiмiнiң өтуiнен кешiктiрмей, келiсiмшарттың iс жүзiнде орындалуына қарай табыс етеді.
5. Салық органы мынадай:
1) резидент емес өтінішті осы баптың 4-тармағында белгіленген мерзім өткен соң берген жағдайда, өтінішті қараудан бас тартады. Бұл ретте резидент емес салық органына өтінішті қайта беруге құқылы емес;
2) резиденттігін растайтын құжат осы Кодекстің 219-бабының 4 және 5-тармақтарында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген;
3) резидент емес осы Кодекстің 219-бабында айқындалған құжаттарды бермеген;
4) резидент емес осы баптың 2-тармағының ережелерін сақтамаған жағдайларда, өтінішті қараудан бас тартады.
Бұл ретте салық органының өтінішті қараудан бас тартуы туралы шешімі өтініш пен табыс етілген құжаттар қоса тіркеле отырып, салық органы оларды алған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде бас тарту себептері көрсетіле отырып, резидент емеске қол қойғызып немесе хабарламасы бар тапсырыс хатпен почта арқылы жіберіледі.
Салық органы осы тармақтың 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша өтінішті қараудан бас тартқан жағдайда, резидент емес өзі жол берген бұзушылықтарды жоятын болса, осы баптың 4-тармағында белгіленген мерзім шегінде қайтадан өтініш беруге құқылы.
6. Салық органы өтiнiштi резидент емес ұсынған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде қарайды.
Бұл ретте осы тармақта көзделген өтінішті қарау мерзімі мынадай:
1) осы баптың 8-тармағында көрсетілген тақырыптық тексеру жүргізу;
2) салық органы осы баптың 7, 9 және 10-тармақтарында көрсетілген сұрау салуды жіберген күннен бастап мұндай сұрау салуға жауап алған күнге дейінгі кезеңге тоқтатыла тұрады.
7. Резидент еместің өтінішін қарау барысында салық органы басқа салық органдарына, мемлекеттік органдарға, шет мемлекеттердің құзыретті органдарына, банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға және Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын өзге ұйымдарға қажетті ақпарат беру туралы, сондай-ақ салықты қайтарып алуға байланысты мәселелер бойынша резидент емеске сұрау салу жіберуге құқылы.
8. Резидент еместің өтінішін қарау кезінде салық органы, осы баптың 10-тармағында көрсетілген жағдайды қоспағанда, осы Кодекстің 89-тарауында көзделген тәртіппен резидент еместің салықтық өтініші негізінде төленген табыс салығын бюджеттен немесе шартты банк салымынан қайтару мәселесі бойынша тақырыптық тексеру жүргізеді.
9. Егер резидент еместiң Қазақстан Республикасында өкiлдiгi немесе филиалы болған жағдайда, өтiнiштi қарайтын салық органы резидент еместi оның осы Кодекстiң 46-бабында белгiленген талап қою мерзiмiнің өтуі кезеңiнде салық мiндеттемелерін орындауы және Қазақстан Республикасында тұрақты мекемесiнiң болуы не болмауы нысанасында жоспардан тыс кешендi салықтық тексеру жүргiзуге арналған сұрау салуды өкiлдiктiң немесе филиалдың орналасқан жерi бойынша салық органына жiберуге мiндеттi.
10. Салық агенті таратылған, банкрот болған жағдайда, салық органы өтініші қаралып жатқан резидент еместің резиденттiк елiнiң құзыреттi органына салық агентi мен резидент еместiң өзара қарым-қатынастары туралы ақпарат беру жөнінде сұрау салу жiберуге құқылы.
Бұл ретте осы баптың 11-тармағында көрсетілген шешім салық қызметі органдарының сұрау салуына резидент еместің резиденттiк елiнiң құзыреттi органынан алынған ақпарат және (немесе) таратылған немесе банкрот деп танылған салық агенті ұсынған, төлем көзінен ұсталған табыс салығы бойынша салық есептілігінің деректері негізінде қабылданады.
Шет мемлекеттің құзыретті органы осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша жіберілген сұрау салу бойынша мәліметтер ұсынудан жазбаша бас тартқан немесе кемінде екі жылдан астам мерзімде жауап ұсынылмаған жағдайда, салық органы өтінішті қараудан бас тартуға міндетті. Бұл ретте салық төлеуші осы Кодекстің 226-бабының ережелеріне сәйкес өзара келісу рәсіміне бастамашылық жасауға құқылы.
11. Резидент еместің өтінішін қарау қорытындылары бойынша салық органы мынадай:
1) төлем көзінен ұсталған табыс салығын толықтай немесе оның бір бөлігін қайтару туралы;
2) төлем көзінен ұсталған табыс салығын қайтарудан бас тарту туралы шешімдердің бірін шығарады.
Салық органының шешімі жазбаша нысанда ресімделеді және оған басшы немесе оның орынбасары қол қояды.
Салық органы төлем көзінен ұсталған табыс салығын толықтай немесе оның бір бөлігін қайтару туралы шешім қабылдаған кезде ұсынылған өтініште халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес қайтаруға жататын табыс салығының сомасы көрсетіледі және өтініш басшының немесе оның орынбасарының қолымен және салық органының мөрімен куәландырылады.
Төлем көзінен ұсталған табыс салығын қайтаруға арналған өтінішті қарау нәтижелері бойынша салық органының шешімінде:
1) шешім қабылданған күн;
2) шешім қабылдаған салық органының атауы;
3) өтініш берген резидент еместің толық атауы;
4) болған жағдайда резидент еместің инкорпорация еліндегі салықтық тіркелу нөмірі (немесе оның аналогы);
5) қайтару туралы шешім қабылданған жағдайда - бюджеттен немесе шартты банк салымынан резидент емеске қайтаруға жататын табыс салығының сомасы;
6) төлем көзінен ұсталған табыс салығын қайтарудан бас тарту туралы шешім шығарылған жағдайда - Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларына сілтеме жасалған және (немесе) мұндай шешім шығарған кезде салық органы басшылыққа алған шет мемлекеттің құзыретті органынан салық қызметі органының сұрау салуы негізінде алынған ақпарат көрсетілген негіздеме көрсетілуге тиіс.
12. Жоғары тұрған салық органы төлем көзінен ұсталған табыс салығын толықтай немесе оның бір бөлігін қайтару туралы шешім қабылдаған жағдайда, шешімнің және резидент еместің өтінішінің көшірмелерін осындай салық органы резидент еместің табыстарынан төленген төлем көзінен табыс салығын ұстауды жүргізген салық агентінің орналасқан (тұрғылықты) жері бойынша тіркелген салық органына жібереді.
13. Бюджетке табыс салығы төленген және салық органы төлем көзінен ұсталған табыс салығын қайтару туралы шешім қабылдаған жағдайда, салық агентінің орналасқан (тұрғылықты) жері бойынша тіркелген салық органы резидент емеске осындай шешім қабылданған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде осы Кодекстің 602-бабында көзделген тәртіппен халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес бюджеттен табыс салығының сомасын қайтаруды жүргізеді.
14. Табыс салығын шартты банк салымына аударған және салық органы төлем көзінен ұсталған табыс салығын қайтару туралы шешім қабылдаған жағдайда, банк резидент емеске шартты банк салымынан төленетін табыс салығының өтiнiште көрсетiлген сомасын және есептелген банк сыйақылары сомасын қайтаруды жүргізеді. Бұл ретте салық органы куәландырған өтінішті банкке резидент емес өз бетінше табыс етеді.
15. Салық органының шешімі резидент еместің өтінішінің бір данасы қоса тіркеле отырып, резидент емеске қол қойғызып тапсырылады немесе алуы туралы хабарламасы бар тапсырыс хатпен почта арқылы жіберіледі.
Тапсыру күні немесе почтаның немесе өзге де байланыс ұйымының хабарламасына резидент еместің белгі қойған күні салық органының шешімін резидент еместің алған күні болып табылады.
16. Резидент емес осы баптың 11-тармағында көрсетілген салық органының шешімімен келіспеген жағдайда, оған салық органының шешімін алған күннен бастап күнтізбелік тоқсан күн ішінде уәкілетті органға шағымдануға құқылы.
Бұл ретте резидент емес:
1) уәкілетті органға - өтінішті қоспағанда, салық органы шешімінің көшірмесін, сондай-ақ осы Кодекстің 219-бабында белгіленген құжаттарды қоса тіркей отырып, жазбаша нысандағы шағымды;
2) резидент емес шешіміне шағымданған салық органына - уәкілетті органға жіберілген шағымның көшірмесін жіберуге тиіс.
Шағымда:
1) резидент еместің шағымға қол қойған күні;
2) тегі, аты және әкесінің аты (ол болған жағдайда) не шағым беруші тұлғаның толық атауы, оның тұрғылықты жері (орналасқан жері);
3) болған жағдайда резидент еместің инкорпорация еліндегі салықтық тіркелу нөмірі (немесе оның аналогы);
4) шешіміне резидент емес шағымданған салық органының атауы;
5) шағым беруші резидент емес өзінің талаптарын негіздейтін мән-жайлар және осы мән-жайларды растайтын дәлелдемелер;
6) қоса берілетін құжаттардың тізбесі көрсетілуге тиіс.
17. Уәкілетті орган резидент емеске мынадай:
1) резидент емес осы баптың 16-тармағында белгіленген мерзім өткен соң шағымды берген;
2) шағымның мазмұны осы баптың 16-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген;
3) резиденттікті растайтын құжат осы Кодекстің 219-бабының 4 және 5-тармақтарында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген;
4) резидент емес осы Кодекстің 219-бабында белгіленген құжаттарды ұсынбаған;
5) резидент емес осы баптың 11-тармағында көрсетілген салық органының шешіміне сотқа шағым (арыз) берген жағдайларда, шағым ұсынылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде резидент еместің шағымын қараудан бас тартуы туралы шешім жібереді.
Уәкілетті орган осы тармақтың 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша шағымды қараудан бас тартқан жағдайда резидент емес өзі жол берген бұзушылықтарды жоятын болса, шағымды қараудан бас тарту туралы шешімді алған күннен бастап күнтізбелік тоқсан күн ішінде қайта беруге құқылы.
18. Уәкілетті орган шағымды резидент емес ұсынған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде қарайды.
19. Уәкілетті орган шет мемлекеттің құзыретті органына немесе Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына, сондай-ақ резидент емеске оның өтінішін қарауға байланысты мәселелер бойынша қажетті ақпаратты ұсыну туралы сұрау салу жіберген жағдайда, резидент еместің шағымын қарау мерзімі осындай ақпаратты алғанға дейін тоқтатыла тұрады.
20. Резидент еместің шағымын қараудың қорытындылары бойынша уәкілетті орган мынадай:
1) төлем көзінен ұсталған табыс салығын толықтай немесе оның бір бөлігін қайтару туралы;
2) төлем көзінен ұсталған табыс салығын қайтарудан бас тарту туралы шешімдердің бірін шығарады.
Уәкілетті органның шешімі жазбаша нысанда ресімделіп, оған басшы немесе оның орынбасары қол қояды және резидент емеске қол қойғызып тапсырылады немесе алуы туралы хабарламасы бар тапсырыс хатпен почта арқылы жіберіледі.
Тапсыру күні немесе почтаның немесе өзге де байланыс ұйымының хабарламасына резидент еместің белгі қойған күні салық органының шешімін резидент еместің алған күні болып табылады.
Уәкілетті органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімінде мыналар:
1) шешім қабылданған күн;
2) өтініш берген резидент еместің толық атауы;
3) болған жағдайда резидент еместің инкорпорация еліндегі салықтық тіркелу нөмірі (немесе оның аналогы);
4) қайтару туралы шешім қабылданған жағдайда - мемлекеттік бюджеттен немесе шартты банк салымынан резидент емеске қайтаруға жататын табыс салығының сомасы;
5) төлем көзінен ұсталған табыс салығын қайтарудан бас тарту туралы шешім шығарылған жағдайда - мұндай шешім шығарған кезде салық органы басшылыққа алған Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларына сілтеме жасалған және (немесе) шет мемлекеттің құзыретті органынан салық қызметі органының сұрау салуы негізінде алынған ақпарат көрсетілген негіздеме көрсетілуге тиіс.
21. Уәкілетті орган шешімінің көшірмесі шешіміне резидент емес шағымданған салық органына жіберіледі.
Уәкілетті орган төлем көзінен ұсталған табыс салығын қайтару туралы шешім қабылдаған жағдайда, шешіміне резидент емес шағымданған салық органы резидент еместің осындай салық органына бұрын ұсынған өтінішінде халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес қайтаруға жататын табыс салығының сомасын көрсетеді. Осындай салық органының уәкілетті орган шешімінің көшірмесін алған күні өтінішті куәландыру күні болып табылады. Бұл ретте өтініш басшының немесе оның орынбасарының қолымен және осындай салық органының мөрімен куәландырылады және резидент емеске қол қойғызып тапсырылады немесе алуы туралы хабарламасы бар тапсырыс хатпен почта арқылы немесе келу тәртібімен жіберіледі.
Шешіміне резидент емес шағымданған жоғары тұрған салық органы көрсетілген шешімнің көшірмесін және осындай резидент еместің куәландырылған өтінішін резидент еместің табыстарынан төлем көзінен табыс салығын ұстауды жүргізген салық агентінің орналасқан (тұрғылықты) жері бойынша тіркелген салық органына жібереді.
22. Резидент емес осы баптың 11 немесе 20-тармақтарында көрсетілген шешімге осы Кодекстің 218-бабының 1-тармағында белгіленген мерзімде сотқа шағым (арыз) берген жағдайда, шартты банк салымына орналастырылған салық сомасын бюджетке аудару туралы инкассалық өкімді банкке жіберу сот шағымды (арызды) іске алған күннен бастап сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін тоқтатыла тұрады.
218-бап. Табыс салығын шартты банк салымынан бюджетке аудару тәртібі
2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Салық органы шартты банк салымында орналастырылған салық сомасын бюджетке аудару туралы инкассалық өкімді банкке мынадай мерзімде:
1) резидент еместен осы Кодекстің 217-бабының 16-тармағында көрсетілген шағымның көшірмесін алмаған жағдайда - резидент емес осы Кодекстің 217-бабының 11-тармағында көрсетілген шешімді алған күннен бастап күнтізбелік тоқсан күн өткен соң;
2) резидент емес осы Кодекстің 217-бабының 11-тармағында көрсетілген шешімге уәкілетті органға шағымданған жағдайда - резидент емес осы Кодекстің 217-бабының 20-тармағында көрсетілген шешімді алған күннен бастап күнтізбелік тоқсан күн өткен соң;
3) сот осы Кодекстің 217-бабының 22-тармағында көрсетілген шағымды (арызды) толық не бір бөлігін қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдаған жағдайда - осындай шешім күшіне енген күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде жіберуге міндетті.
Бұл ретте салық қызметі органдары немесе сот төлем көзінен ұсталған табыс салығын ішінара қайтару туралы шешім қабылдаған жағдайда, инкассалық өкім резидент емеске бас тартылған талаптар бөлігіне сәйкес келетін шартты банк салымында орналастырылған салық сомасына жіберіледі.
2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Резидент емес осы Кодекстің 217-бабының 4-тармағында белгіленген мерзім өткенге дейін салық органына өтінішті табыс етпеген жағдайда, салық органы жоғарыда көрсетілген мерзім өткеннен кейін күнтізбелік он бес күн ішінде банкке шартты банк салымында орналастырылған салық сомасын бюджетке аудару туралы инкассалық өкімді жіберуге міндетті.
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Салық органы инкассалық өкіммен бір мезгілде табыс салығының сомасы резидент еместің шартты банк салымында орналастырылған кезден бастап бюджетке аударылғанға дейін банк сыйақыларының есебіне жазылған сомалары туралы сұрау салуды Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен және нысан бойынша банкке жібереді.
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Банк сұрау салу алынған күннен бастап күнтізбелік екі күн ішінде салық органына Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген нысандағы банк сыйақыларының есебіне жазылған сомалары туралы мәліметтерді жіберуге міндетті.
Банк сыйақыларының есебіне жазылған сомалары туралы мәліметтерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу және оларды табыс ету салық есептілігі үшін осы Кодексте белгіленген жағдайларда және тәртіппен жүзеге асырылады.
5. Салық органы банк сыйақыларының есебіне жазылған сомалары туралы мәліметтерді алғаннан кейін күнтізбелік екі күн ішінде банк сыйақылары сомаларын бюджетке өндіріп алуға арналған инкассалық өкімді банкке жіберуге міндетті.
6. Банк инкассалық өкімді алған күнінен кейінгі бір операциялық күннен кешіктірмей, шартты банк салымына орналастырылған табыс салығының сомасын және есебіне жазылған банк сыйақыларын бюджетке аударуға міндетті.
7. Банктің кінәсінен шартты банк салымы туралы шарттың талаптары бұзылған және табыс салығының ұсталған сомалары бюджетке уақтылы аударылмаған кезде банк Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
8. Банктің шартты банк салымына орналастырылған табыс салығының сомасын бюджетке аудару жөніндегі міндеттемелерді орындауы мүмкін болмаған жағдайда, төлем көзінен табыс салығын, банк сыйақыларын және бюджетке салықты уақтылы аудармағаны үшін айыппұл санкцияларын аудару жөніндегі міндеттеме салық агентіне жүктеледі.
219-бап. Резиденттікті растайтын құжатқа және төленген табыс салығын халықаралық шарт негізінде бюджеттен немесе шартты банк салымынан қайтаруға арналған салықтық өтінішке қойылатын талаптар
2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Осы Кодекстің 217-бабы қолданылған жағдайда, төленген табыс салығын халықаралық шарттың негізінде бюджеттен немесе шартты банк салымынан қайтаруға арналған салықтық өтінішті резидент емес салық органына мыналарды қоса тіркей отырып, табыс етеді:
1) жұмыстарды орындауға, қызметтер көрсетуге арналған немесе өзге де мақсаттарға арналған келісімшарттардың (шарттардың, келісімдердің) нотариаттық куәландырылған көшірмелері;
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
2) резидент емес заңды тұлғаның құрылтайшыларын (қатысушыларын) және мажоритарлық акционерлерiн көрсете отырып, құрылтай құжаттарының нотариаттық куәландырылған көшiрмелерi не сауда тiзiлiмiнен (акционерлердiң тiзiлiмiнен немесе резидент емес тiркелген мемлекеттiң заңнамасында көзделген өзге де ұқсас құжаттан) үзiндi көшiрмелер;
3) алынған табыстар мен ұсталған (төленген) салықтар сомаларын растайтын бухгалтерлік құжаттардың көшірмелері;
2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) резиденттік мемлекетінің құзыретті органы берген, резиденттікті растайтын құжат немесе оның нотариаттық куәландырылған көшірмесі.
2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен 5) тармақшамен толықтырылды (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
5) резидент емес Қазақстан Республикасының аумағында жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету үшін жалдаған қызметшілер немесе басқа персонал болып табылатын резидент емес жеке тұлғалардың жеке басын куәландыратын құжаттардың және олардың Қазақстан Республикасының аумағында болу мерзімін растайтын құжаттардың көшірмелері болған кезде қабылдайды.
2. Егер резидент емес депозитарлық қолхаттардың базалық активі болып табылатын акциялар бойынша алынған табыстардан төленген табыс салығын халықаралық шарттың негізінде бюджеттен немесе шартты банк салымынан қайтаруға арналған салықтық өтінішті берсе, өтінішке мынадай құжаттар:
1) мыналарды:
резидент еместің тегін, атын, әкесінің атын (ол болған кезде);
депозитарлық қолхаттардың саны мен түрі туралы ақпаратты;
резидент еместің жеке басын куәландыратын құжаттың атауын және деректемелерін (жеке тұлға үшін), резидент еместің мемлекеттік тіркелу нөмірін және күнін (заңды тұлға үшін) қамтитын «Орталық бағалы қағаздар депозитарийі» акционерлік қоғамынан алынған шоттың көшірме үзіндісі;
2) депозитарлық қолхаттардың базалық активі болып табылатын акциялар эмитентінің акционерлері жалпы жиналысының бір акция есебінен дивидендтің мөлшерін және дивидендтер алуға құқығы бар акционерлердің тізімі жасалған күнді көрсете отырып, белгілі бір кезең үшін дивидендтер төлеу туралы шешімі;
3) келіп түскен дивидендтердің сомалары бойынша валюта шотынан көшірме үзінділер;
2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) осындай резидент еместің резиденттігін растайтын, осы баптың 4 және 5-тармақтарының талаптарына сәйкес келетін құжат қоса беріледі.
3. Егер осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген құжаттар шет тілінде жасалса, резидент емес олардың қазақ немесе орыс тiліндегі нотариаттық куәландырылған аудармасын қоса беруге міндетті.
2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2012.26.12. № 61-V ҚР Заңымен (2013 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 4-тармақ жаңа редакцияда
4. Осы тараудың ережелерін қолдану мақсатында резидент еместің резиденттігін растайтын құжат табыс алушы резидент еместің Қазақстан Республикасымен халықаралық шарт жасасқан мемлекеттің резиденті болып табылатынын растайтын ресми құжатты білдіреді.
Резидент еместің резиденттігін растайтын құжатта көрсетілген уақыт кезеңі ішінде резидент емес Қазақстан Республикасымен халықаралық шарт жасасқан мемлекеттің резиденті болып танылады.
Егер резиденттікті растайтын құжатта резидент еместің резиденттігі уақытының кезеңі көрсетілмесе, резидент емес Қазақстан Республикасымен халықаралық шарт жасасқан мемлекеттің осындай құжат берілген күнтізбелік жыл ішінде резиденті болып танылады.
Резидент еместің резиденттігін растайтын құжатты табыс алушы резидент емес резиденті болып табылатын шет мемлекеттің құзыретті органы куәландырады.
2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді); 2012.26.12. № 61-V ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (2013 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Егер осы тармақта немесе Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шартта өзгеше белгіленбесе, резидент еместің резиденттігін растайтын құжатты куәландырған органның қойған қолы мен мөрі, сондай-ақ шетелдік нотариустың қойылған қолы мен мөрі осы баптың 1-тармағының 1), 2) және 4) тармақшаларында көрсетілген құжаттардың көшірмелерін нотариат куәландыратын жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен дипломатиялық немесе консулдық заңдастыруға жатады.
Егер халықаралық шарт шеңберінде уәкілетті орган мен шет мемлекеттің құзыретті органы резиденттікті растайтын құжатты заңдастырудың өзгеше тәртібін көздейтін өзара келісімге келген болса, онда көрсетілген тәртіп қолданылады.
220-бап. Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстардың және ұсталған (төленген) салықтардың сомасы туралы анықтама
1. Резиденттік елінде Қазақстан Республикасында төленген салықтарды есепке жатқызуды немесе Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстар шегерімін алу мақсатында резидент еместің Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстардың және ұсталған (төленген) салықтардың сомасы туралы анықтаманы салық органынан алуға құқығы бар.
2. Резидент емес Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстардың және ұсталған (төленген) салықтардың сомасы туралы анықтаманы алу үшін салықтық өтінішті төменде көрсетілген салық органына:
1) Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме құрмай жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлға - салық агенті орналасқан жер бойынша;
2) Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлға - тұрақты мекеме орналасқан жер бойынша;
3) шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам - салық агенті орналасқан жер бойынша;
4) Қазақстан Республикасындағы көздерден алынатын табыстардан салықтарды дербес төлейтін шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам - Қазақстан Республикасында болатын (тұрғылықты) жері бойынша табыс етуге міндетті.
2009.12.02. № 133-ІV ҚР Заңымен (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енді) (бұр.ред.қара); 2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді
3. Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстардың және ұсталған (төленген) салықтардың сомалары туралы анықтаманы салық органы мынадай күндерден неғұрлым кеш:
салықтық өтініш берілген күннен;
резидент еместің есебіне жазылған табыстарының және төлеуге жататын салықтардың сомалары көрсетілген салық есептілігінің тиісті нысанын резидент емес салық төлеуші және (немесе) салық агенті табыс еткен күннен бастап күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей береді.
2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Резидент еместің салықтық өтініші деректерінің салық төлеушінің және (немесе) салық агентінің салық есептілігі нысандарында көрсетілген деректерге сәйкес келмеуі анықталған кезде, сондай-ақ салық төлемі болмаған немесе салық төлеушіде және (немесе) салық агентінде салық өтініші берілген күні резидент еместердің табысынан салықты аудару бойынша салықтық берешек болған жағдайда, салық органы резидент емеске анықтама беруден жазбаша бас тартуды жібереді.
5. Резидент емес салық органына салықтық өтінішті табыс етпеген жағдайда, Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстардың және ұсталған (төленген) салықтардың сомасы туралы анықтама берілмейді.
2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Резидент емеске құжаттарды беру журналына қол қойғызып Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстардың және ұсталған (төленген) салықтардың сомалары туралы анықтама беріледі.
27-тарау. РЕЗИДЕНТТЕРДІҢ СЫРТҚЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТЕН ТҮСЕТІН ТАБЫСТАРЫНА САЛЫҚ САЛУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
221-бап. Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алынған табыстар
1. Осы Кодекстің мақсаты үшін Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алынған табыстар деп төленген жеріне қарамастан, Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған табыстар болып табылмайтын барлық табыс түрлері танылады.
2. Резидент - салық төлеуші Қазақстан Республикасындағы салық декларациясында Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі көздерден алынған, оның ішінде салық салуда жеңілдігі бар мемлекеттердегі көздерден алынған табыстарды көрсетуге міндетті.
2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен 221-1-баппен толықтырылды (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді); 2012.26.12. № 61-V ҚР Заңымен 221-1-бап өзгертілді (2013 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
Достарыңызбен бөлісу: |