Тақырыбы: « Көктуым –тұғырым,Елтаңбам-елдігім, Әнұраным-айбатым»
Мақсаты: І.Елтаңба, Ту, Әнұран туралы түсініктерін нығайту.Рәміздердің пайда болуы және тарихтағы маңызы жайлы түсініктерді дамыту.
ІІ. Оқушының есте сақтауын дамыту, өз ойын дұрыс жеткізуге ынталандыру.
ІІІ.Оқушыларды Отан сүйгіштікке, адамгершілікке, Отанына, халқына адал қызмет етуге, елінің Туын, Елтаңбасын, Әнұранын қастерлеп, құрметтеуге, халқының тегін, тарихын білуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Рәміздерге байланысты түрлі-түсті суреттер, буклеттер, карта, мақал-мәтелдер, Отан,жер туралы нақыл сөздер, слайд
Тәрбие сағатының барысы:
Кіріспе бөлім:
- Сәлеметсіздер ме балалар?
- Балалар көңіл – күйлерің қалай? Бүгін қандай мереке?
- Дұрыс айтасыңдар балалар. 1 қыркүйек - білім күні. «Мектеп – кеме, білім - теңіз» дегендей бүгінгі күні «Білім» теңізінде әрі қарай жүзу үшін
1. Еңбекқорлық
2. Білімпаздық
3. Ұйымшылдық қасиеттері бойымыздан әрқашан табылуы тиіс.
Бүгін міне сіздерге «Ешқашан жалықпайық», «Білім алу жолында талмайық», «Бір – бірімізге дос – бауыр деп қарайық» дегім келеді. Сонда ғана өз отанымыздың нағыз азаматы бола аламыз.
Олай болса біз отан деген сөзді қалай түсінеміз? Отан деген не? Деген сұрақтарға жауап іздеп көрелік.
- Өте жақсы балалар. Өз ойларыңды ортаға салдыңдар. Енді мен сіздерге бірнеше сұрақтар қойғым келеді.
1. Қазақстанның мемлекеттік тілі қай тіл?
2. Қазақстанда қандай ұлттар тұрады?
3. Қазақстан көлемі жағынан әлемде нешінші орын алады?
4. Қазақстанның астанасы қай қала?
5. Қазақстанның ұлттық валютасы қалай аталады?
6. Президенттің жұмыс орны
7. Қазақстан тәуелсіздікті қашан алды?
8. ҚР Конститутция күні қашан?
9. Рәміздерге нелер жатады?
10. ҚР туында не бейнеленген?
11. Тудың авторларын ата
12. Әнұранның авторлары кімдер?
- Міне балалар бастаймыз бүгінгі сабағымызда мемлекеттік рәміздерге көбірек тоқталамыз. Сондықтан да бүгінгі сабағымыздың тақырыбы - «Мақтанышым – мемлекеттік рәміздер» деп аталады.
Ақпараттар легі
Президент Н.Ә.Назарбаев «Мемлекеттік рәміздер –еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін паш ететін нышандар. Бұл рәміздер біздің мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы байланыстың жарқын бейнесі» деген еді.
Мемлекеттік рәміздер - халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер. Желбіреген аспан түстес байрағымыз халқымыздың арманын асқақтатып, қыран бүркіттей елімізді аспан әлемінде қалықтатып тұр.
Әнұран орындалады.
Еңселі Елтаңба.
Мемлекеттік елтаңбаның авторлары танымал суретшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шота Аман Уәлиханов.
Қазақта «Шаңырағың биік,керегең кең, босағаң берік болсын» деген тілек сөз бар. Елтаңба авторлары осы сөздерді басшылыққа алған. Қазақстан Республикасының Елтаңбасы көгілдір түстің үстіне салынған шаңырақ бейнесінен тұрады. Одан жан-жаққа күн сәулесі тәрізді уықтар тарайды. Шаңырақ пен уықтар біздің Отанымызда тыныштықта жарасымды өмір сүріп жатқан көптеген халықтардың бірлігін көрсетеді. Қазақстан Республикасының Елтаңбасының бір бөлігі ертедегі қанатты тұлпар. Елтаңбаның жоғарғы жағындағы бес бұрыш – бақытты өмірге жол сілтейтін жарық жұлдыздың белгісі. Төменгі жағындағы «Қазақстан» деген жазу республиканың атын көрсетеді. Масақ Отанымыздың байлығы іспеттес.
1-оқушы:
Қатар шапқан қос тұлпар,
Ай астында қазақ үй
Қалықтаған жас сұңқар,
Шарықтаған таза күй.
Бұл таңбасы елімнің,
Елдігімнің белгісі.
Тұғырлы туымыз.
Тудың авторы – Шәкен Оңдасынұлы Ниязбеков белгілі монументші - суретші. Біздің туымыз – көгілдір түсті, тік төртбұрышты мата. Ол бірлік пен аман-есендікті көрсетеді. Оның қақ ортасындағы сәулесін шашқан алтын Күн – тыныштық пен байлықтың белгісі.
Қазақ халқы сонау ерте заманнан бері қыранды киелі, қасиетті құс деп есептеген. Туда қыранның орын алуы тәуелсіздік алған Қазақстан қыран сияқты биікте болсын, қыран сияқты ғұмыры ұзақ болсын деген ойдан туған.
Тудың сабын бойлай ұлттық ою-өрнек салынған тік жолақ қазақ елінің өзіндік сипатын, танымдық бейнесін көрсетеді.
1-оқушы:
Айнымайды аспаннан Жанатын да өзі отша
Біздің тудың болуы Жалын шарпып бетіңді
Оны халық қашанда Туымыз да қазақша
Биікке іліп қояды. Сөйлеп тұрған секілді.
Асқақтаған Әнұран.
Кез келген мемлекеттік рәміздердің ең маңыздысы – Әнұран. Әнұран мемлекеттің салтанатты әні. Әнұранды түрегеліп, жүректің тұсына қолдарын қойып айтады. Бұл өз мемлекетіңе деген құрметті көрсетеді. Халық өмір салтын бүгінгі тіршілігі мен келешек армандарын, мың жылғы тарихын осы әнге сыйғызған.
Мемлекеттік Әнұранның авторы Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазғандар Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.
1-оқушы: Әнұран
Әнұраным –жан ұраным
Айтар әнім, сөйлер сөзім
Туған жерім сағынарым
Бақыт - бірлік күн талабы.
Тоқтамайды дабыр әні
Мәңгі бақи шырқалады
Республикам Әнұраны!
Ойын: «Сөз ойла, тез ойла»
Ережесі: Берілген сөздерден басқа сөздер құрап жазу
Елтаңба - ел, таңба, таң, аң
Байрақ - бай, ай, қар, ар
Әнұран - ән, ұра, ұн, нан
2. Ойын «Жауабын тап»
Ережесі: Әр сөздің сұрақтарына қарай жауап беру керек
Елтаңба – не? (шаңырақ,тұлпар, Қазақстан, егін, жұлдыз, т.б )
Ту – қандай? (көгілдір, төртбұрышты, әдемі, белгілі)
Әнұран – не істейді? (шырқайды, айтады, жаттайды)
Қорытынды: Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматының қасиетті борышы. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – елді, халықты, тарихты, әдет-ғұрыпты, салт-дәстүрді қастерлеу болып табылады. Ендеше сіздерді өз Отанымыздың алдында ант қабылдауға шақырамын.
Ант
Мен, өз Отанымды сүюге, қадірлеп, қорғауға, Мемлекеттік рәміздерді, тілімізді құрмет тұтуға, үлкенге - ізет, кішіге - құрмет көрсете отырып, елімнің көркейіп, дамуына өз үлесімді қосуға ант етемін.
Сабақтың тақырыбы:Туым–намыс, ұраным–бірлік, рәміздерім–мақтанышым
Сабақтың мақсаты:
Оқушыларды Отанымызды сүюге, еліміздің рәміздерін қастерлеуге баули отырып, туған жеріне деген сүйіспеншілігін ояту. Елін, жерін, тілін, тарихын құрметтейтін жаны таза, адамгершілігі мол азаматты қалыптастыру. Желтоқсан оқиғасын негізге ала отырып, патриоттық тәрбие беру. Оқушылардың тәуелсіздік алғаннан кейінгі жетістіктерімен таныстыру, білімдерін кеңейте түсу.
Көрнекіліктері: компьютерлік слайдтар, рәміздер, елбасының суреттері,т.б.
Барысы:
Жүргізушілер: Нұржан, Жансая
Нұржан: Бастаймыз ба?
Жансая: Нені?
Нұржан: Тәуелсіздік күніне арналған тәрбие сағатымызды.
Жансая: Бастасақ бастайық.
Нұржан: Алдымен амандасуды ұмытып кетпейік.
Жансая: - Жоқ, біз еш уақытта амандасуды ұмытпаймыз.
Нұржан: Сәлеметсіздер ме құрметті ата-аналар, оқушылар, ұстаздар!
Жансая: №46 А.С.Пушкин атындағы мектеп-лицейінің 5 «В» сынып оқушыларының Қазақстан Республикасының тәуелсіздік күніне орай «Туым–намыс, ұраным–бірлік, рәміздерім–мақтанышым!» атты тәрбие сағатына қош келдіңіздер!
Нұржан: Биыл еліміздің тәуелсіз Қазақстан Республикасы атанғанына 20 жыл да болып қалыпты
Жансая: Азаттық. Теңдік. Тәуелсіздік. Осы үш ұғымның салтанат құруы үшін кімдер бас тікпеді, кімдер құрбан болмады.
Нұржан: Тәуелсіздік шежіресіне көз тоқтатып қарайықшы. Сонау дүбірлі батырлар заманынан бері ел мен жер үшін қаншама қан төгілді, қаншама адам құрбан болды.
Жансая:Абылай заманы – батырлар заманы. Найзаның ұшымен, қылыштың жүзімен қасық қаны қалғанша ел мен жер үшін айқасқан бабалар аманатын жалғастырған боздақтар қаншама.
Нұржан: - Ақтаңдақ жылдардағы қазақ деп қабырғасы қайысқан қайраткерлер де тәуелсіздігімізге жеткізер ұлы жолдағы құрбандар еді.
Жансая: - Қашан да өршіл, намысқой, ержүректік қасиетті биік ұстайтын қазақ халқы Ұлы Отан соғысы жылдарында да аянбай шайқасқан.
Нұржан: - 1986 жылдың 16 желтоқсаны. Қазақтың санасын сілкіндірген желтоқсан ызғары жылдар бойы арман мен тәуелсіздіктің қайнар көзі болды.
Жансая: - Бұл – теңдік үшін, елдік үшін бас көтерген, тіпті тәнін аямай, жанын пида қылған жастарымыздың аңсаған армандарының, көздеген мақсаттарының ұшқыннан жалынға айналып еңселі ел болған күніміз.
Нұржан: - Бұл күн – халқымыздың қуанып, болашақ ұрпақтың ұрандап еске сақтар күні.
Аружан – Қазақстан – қасиетті ұғым бұл,
Ей, келешек, жан тәніңмен ұғын, біл!
Он бір әріп не мағына береді,
Ал толғайық жеткенінше қызыл тіл:
Т- Білдіреді теңдікті,
Ә- әдептілік, әлдікті
У- уайымсыздық, уақытты,
Е- егемендік, елдікті.
Л- дейді лағып, лепірме,
С- сенімділік секілді ең,
І- ілтипат пен ізет қой,
З- зиялылық тілек қой,
Д- шақырады достыққа,
І- Ізгілікті ниетпен,
К- дейді: күн бол көктегі
Көз алартпа, көршілерге қол сұқпа.
Мұғалім сөзі: - Тарих тереңінде қалмай сан мәрте сындарлы кезеңнің сызатын жарып, дүние көшіне ілескен қазақ елінің өткен жолы алмағайып. Ауыздықпен алысып, етігімен су кешкен ауыр күндерге төтеп көнбіс те болды, «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» заманда барын шайқап, аста төк жомарт та болды. әупірім зор заманға тән сұрқылтай күйін де кешті. Болмыстың осы кейпін көріп, ұлы Абай «Қайран елім, қазағым, қайран жұртым» деп күйзелсе, Жұбан ақын «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген» деп күңіренді. Ұлан-байтақ елімізге көз салушылар көп болды. Қаннен қаперсіз жатқан елімізге жоңғар қалмақтары тұтқиылдан шабуыл жасап, қалың жұртты қан жылатты. ХҮ ғасырдың басында дүрліккен ел шұбыра қашып, ақтабан шұбырынды болды. Жұрт Алқакөлге аялдап, қасиетті Қаратауға бас сауғалады. ХҮІІ-ХІХ ғасырларда халқымыз еркіндік пен тәуелсіздігінен айырылды. Ұланғайыр даламыз империя меншігіне айналды. Төзімді серік етіп, «үнсіздері күң болған» лениндік саясат салмағын, Сталиндік ақтаңдақ азабын, Брежневтік тоқырау тоспасын, Горбачевтік қайта құру баспасын бастан кешкен халқымыз ауыртпашылықтың бәрінен арымай өтіп, аңсары күнге де жетті. Бодандықтың бұғауын бұзған егемендік сағаты сыртылдай соғып, Тәуелсіздіктің нұрлы таңы келіп жетті.
Қазақстанның тәуелсіз мемлекеттігін құра бастаудың алғышарты «Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясын» қабылдау болды. Өзінің толық субъектілігін Қазақстан 1991 жылдың 16 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заңын қабылдау арқылы рәсімдеді. Сол нұрлы таңмен арайланып, байтақ еліміздің алтынмен апталған Ата Заңы өмірге келді. Туған еліміздің мемлекеттік тәуелсіздігінің қасиетті нышандары аспан түстес зеңгір көк Туымыз, айшықты Елтаңбамыз бен асқақ Әнұранымыз екенін өздеріңізде жақсы білесіздер.
«Орнында бар оңалар» дегендей, ел орнында, жер орнында. Жерге жетер байлық жоқ. Жер болса, ел болады; ел болса, ер болады. Ерлеріміздің арқасында Қазақстан егеменді, тәуелсіз ел болды. 120-дан аса ұлт өкілдері тұратын осынау қасиетті мекенде, өндірісі өркендеген мекенде өмір сүруші әрбір адам өз Отанын жанындай сүйіп, оның көк байрағы көкке көтеруді мақтаныш тұтады.
Біз сіздермен бірге тарихқа шолу жасадық. Енді өз елдерінің туралы, Отан алдындағы борыш, Отанды сүйе білу туралы не айтасыңдар.
1- оқушы: - Отан – тарих, Отан – тіл,
Жасаған елің, өз халқың.
Отан – өлең, Отан – жыр,
Көтер көкке ел даңқын.
2-оқушы: - Отан осы достарым,
Көңілге мұны түйе біл
Отан деп өсіп жас жалын
Оны ардақтап сүйе біл.
3- оқушы: - Отан - сенің ата-анаң,
Отан - досың, бауырың.
Отан - аудан, ауылың
Отан - өлкең астанаң
4-оқушы: - Отан дейміз от жаққан жерімізді,
Жасыл жайлау, жаңа жолдар, жас қаланы.
Отанның шеті де жоқ, шегі де жоқ,
Ол бірақ, өз үйімнен басталады.
5-оқушы: - Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,
Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем,
Мен оның қасиетті тілін сүйем,
Мен оның құдіретті үнін сүйем.
Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған,
Бәрі маған: «Отан!» деп сыбырлаған.
Жаным менің,
Кеудемді жарып шық та,
Бозторғайы бол оның шырылдаған!
Отан!
Отан!
Бәрінен де биік екен.
Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем.
Мақсат: «Туған жер» әні
Нұржан: - 1992 ж. 4-маусым – тарихи күн.
Жансая: - Сол кезде Республика жоғары Кеңесі Тәуелсіз Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туы мен Елтаңбасын бекітті. 1992 ж маусым айында тұңғыш президент Н.Ә.Назарбаев ұлт Туына тағзым етті.
5-оқушы: - Ел басқарған Нұрсұлтандай ағам бар,
Көк алқапты жасыл жайлау далам бар.
Ел бірлігін, ел тірлігін тілеген,
Ақ ниетті халық деген данам бар
Нұржан: - Батырлықтың уызына жарыған,
Ер түркіні байрағынан таныған.
Өзі ақын, өзі әнші халықта.
Кім айта алар болмаған деп әнұран.
Жансая: - Гректің «гимн» сөзі қазақша «ұран, ұран салу» деген ұғымды білдіреді. Басқа ұлттар секілді қазақ елінің де әрбір ру – тайпасының таңба белгілері, жалауымен қатар, әнұраны да болған. Елді жау шапқанда жер-жердегі сарбаздары жинауға ат шаптырып, ұран салады, хабар береді. Кезінде сарбаздарға рух берген, жауға қарсы ерлікпен күресе білуге жұмылдырған. Әскери ұрандар қатарында «Елім–ай» әнінің әуені халықтың әнұранына айналып кетті.
Нұржан: - Қазақ халқының «Бізді таныдыңдар ма?» деп әлемге жар салған «Менің Қазақстаным» Әнұранның әнін жазған авторлары, сөзін жазған ақындар - Ш.Қалдаяқов, Н.Назарбаев, Ж. Нәжімеденов.
Жансая: - Қ.Р–ның Әнұранында адамға зор рухани әсер ететін күш, өйткені Әнұранда халықтың, ұлттың, мемлекеттің, елдің бірлігінің нышаны бар екенін жазған.
Хор: «Менің Қазақстаным!»- әнұран
Нұржан: - Иә, бәрі болған қараң сынды көне елде,
Ел белгі де, ерлік өнер де.
Жаһандағы ең жауынгер халықта,
Кім сенеді «Ту болмады» дегенге?
Жансая: - Ту бейбіт кезде құрметпен сақталып, ал тек жаугершілік кезде ғана шығарылып отырған. Тудан айырылу - өліммен тең болған. Өздеріңізге белгілі қазақ жеріне көз тігушілер аз болмаған. Сондай бір қиын-қыстау кезеңде ұлы дана бабаларымыз Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би Орда басында кездескеннен кейін, Абылай хан үш жүздің басын қосып, Бөгенбай батырға қазақтың туын ұстатқан екен.
Арайлым: - ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТIК ТУЫ – Қазақстан Республикасының мемлекеттік негiзгi рәмiздердiң бiрi. ҚР Президентiнiң “Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәмiздерi туралы” конституциялық заң күші бар Жарлығымен (24.1.1996) белгіленген. Мемлекеттік ту көгiлдiр түсті тік бұрышты кездеме. Оның ортасында арайлы күн, күннің астында қалықтаған қыран бейнеленген. Ағаш сабына бекiтiлген тұста — ұлттық оюлармен кестеленген тік жолақ өрнектелген. Күн, арай, қыран және ою-өрнек — алтын түсті. Тудың ені ұзындығының жартысына тең. ҚР мемл. туының авторы — суретші Шәкен Ниязбеков. Бірыңғай көк-көгiлдiр түс төбедегі бұлтсыз ашық аспанның биік күмбезін елестетеді және Қазақстан халқының бiрлiк, ынтымақ жолына адалдығын аңғартады. Бұлтсыз көк аспан барлық халықтарда әрқашан да бейбiтшiлiктiң, тыныштық пен жақсылықтың нышаны болған. Геральдика (гербтану) тiлiнде — көк түс және оның түрлi реңкi адалдық, сенiмдiлiк, үмiт сияқты адамгершiлiк қасиеттерге сай келеді. Ежелгі түркі тiлiнде “көк” сөзi аспан деген ұғымды бiлдiредi. Көк түс түркi халықтары үшін қасиетті ұғым. Түркі және әлемнiң өзге де халықтарындағы көк түстiң мәдени-семиотик. тарихына сүйене отырып, мемлекеттік тудағы көгiлдiр түс Қазақстан халқының жаңа мемлекеттiлiкке ұмтылған ниет-тiлегiнiң тазалығын, асқақтығын көрсетедi деп қорытуға болады. Нұрға малынған алтын күн тыныштық пен байлықты бейнелейдi. Күн — қозғалыс, даму, өсiп-өркендеудiң және өмiрдiң белгiсi. Күн — уақыт, замана бейнесi. Қанатын жайған қыран құс — бар нәрсенiң бастауындай, билік, айбындылық бейнесі. Ұлан-байтақ кеңiстiкте қалықтаған қыран ҚР-ның еркiндiк сүйгіш асқақ рухын, қазақ халқының жан-дүниесiнiң кеңдiгiн паш етедi.
Нұржан: - Бас білгізіп жер тарпыған тарланға,
Жасы тұрмақ шығады екен қарты аңға.
Қалай оның Елтаңбасы болмайды,
Түлігіне дейін салса ен-таңба.
Енді бүгін өлген туым тірілді,
Әнұраным жалғап алды ғұмырды.
Босағада қалып кеткен Елтаңбам,
Баяғыша төріме кеп ілінді.
Дамир: - Елтаңба — Қазақстан Республикасының негiзгi мемлекеттiк рәмiздерiнiң бiрi. ҚР Президентiнiң “Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк рәмiздерi туралы” конституц. заң күшi бар Жарлығымен (24.1.1996) белгiленген. Рәмiздiк тұрғыдан ҚР мемл. гербiнiң негiзi — шаңырақ. Ол — гербтiң жүрегi. Шаңырақ — мемлекеттiң түп-негiзi — отбасының бейнесi. Шаңырақ — Күн шеңберi. Айналған Күн шеңберiнiң қозғалыстағы суретi iспеттi, Шаңырақ — киiз үйдiң күмбезi көшпелi түркiлер үшiн үйдiң, ошақтың, отбасының бейнесi. Тұлпар — дала дүлдiлi, ер-азаматтың сәйгүлiгi, желдей ескен жүйрiк аты, жеңiске деген жасымас жiгердiң, қажымас қайраттың, мұқалмас қажырдың, тәуелсiздiкке, бостандыққа ұмтылған құлшыныстың бейнесi. Қанатты тұлпар — қазақ поэзиясындағы кең тараған бейне. Ол ұшқыр арманның, самғаған таңғажайып жасампаздық қиялдың, талмас талаптың, асыл мұраттың, жақсылыққа құштарлықтың кейпi. Қанатты тұлпар Уақыт пен Кеңiстiктi бiрiктiредi. Ол өлмес өмiрдiң бейнесi. Бiр шаңырақтың астында тату-тәттi өмiр сүретiн Қазақстан халқының өсiп-өркендеуiн, рухани байлығын, сан сырлы, алуан қырлы бет-бейнесiн паш етедi. Бес бұрышты жұлдыз гербтiң тәжi iспеттi. Әрбiр адамның жол нұсқайтын жарық жұлдызы бар. Қ. Р. мемлекеттік елтаңбасының авторлары — Ж.Мәлiбеков пен Ш.Уәлиханов.
6- оқушы: - Әнұраным-жан ұраным
Айтар әнім,сөйлер сөзім.
Туған жерім-сағынарым,
Жүрсем егер дүние кезіп.
Туымыздың көне күнін,
Даламыздың байтақ үнін ,
Ол әні ғой жүрегімнің
Мың қайталап айтам мұны.
7-оқушы: - Қатар шапқан қос тұлпар,
Ай астында қазақ үй,
Қалықтаған жас сұңқар
Шарықтаған таза күй.
Бұл таңбасы елімнің
Елдігімнің белгісі,
Мұнда да бар ерлігім,
Мұнда да бар жер күші.
8- оқушы: - Айнымайды аспаннан
Біздің тудың бояуы,
Оны халық қашан да,
Биікке іліп қояды.
Жанатындай өзі отта,
Жалын шарпып бетіңді.
Туымыз да қазақша
Сөйлеп тұрған секілді.
Туымызға жас тұнған,
Бір қарамай өтпейміз,
Сол көк тудың астында
Көгереміз көктейміз
Бәрі:- Қазақстан,
Туымен тұғырлы,
Елтаңбасымен еңселі,
Әнұранмен айбатты.
Нұржан: - Біздің халқымызда Отан тақырыбына өлең - жыр да, күй де, тіпті мақал-мәтелдер де көп-ақ.
Жансая:- Енді солардың біразына тоқталып өтсек, суреттердің орнына тиісті сөзді қойып, белгілі бір мағынасы бар мақал шығарыңдар.
9- оқушы: - Мерейім – нұрлана бер,азат Күнім,
Көрейін бақытымның азаттығын.
Тауымды тамылжытқан бостандықтан
Танылды бар әлемге қазақ бүгін.
Құттысың тәуелсіздік – киелі күн!
Құт күшім –егемендік иелігім,
Уақыттың биігінен шуақ төгіп,
Бақытым – еркіндік боп үйілер күн.
10- оқушы: - Көрейін бақытымның азаттығын,
Таңымды тамылжытқан бостандықтан,
Танылды бар әлемге қазақ бүгін.
Кең далам, көл-дариям, сеңгір тауым,
Бабалар жеңді ерлікпен небір жауын.
Байрағым желбіреп тұр биіктерде,
Байладым тәуелсіздік - өмір бауын!
Нұржан:- Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің елімізге арнаған сөзінде «…Уақыт қарқыны зымыран. Күні кеше өткен сияқты уақиғалар бүгінде тарих беттеріне айналып та үлгерді. Бұл жаңа мемлекет пен жаңа қоғамның дүниеге келуінің азапты толғаққа толы, сонымен бірге ғаламат сәті еді. Сол сәт әлі аяқталған жоқ, бірақ ең қиын белестерден аса білдік. Ең қиын жылдар дәл қазір артымызда қалды, сондықтан да мен еліміздің еңсесі биіктей беретініне сенемін.» деген еді.
Жансая:- Еліміз қалай болғанда да сан ғасырлық қиын-қыстау жолдан, тар жол тайғақ кешуден өтіп, тәуелсіз елдер қауымдастығына қосылды. Отанымыз Қазақстанымыз туралы айтарымыз да мақтанарымыз да көп-ақ! Ендігі жеңіс те ерлік те біздің қолда. Дербес болуға бағыт алған егемен еліміз – Қазақстанды көркейтетін, шаңырағын биіктетіп байытатын, абыройын асырып, өз бақытының иесі болуына қол жеткізіп отыратын, білім мен білік жолын таңдаған кейінгі ұрпақтар, яғни, біз жұмыла еңбек етуіміз қажет. XXI ғасырда қазақтың қасіреті аз болғай, қуанышы көп болғай! Таяудағы жүз жылдық, әрідегі мың жылдықтарда қазақтың арманы мен мүддесін, елдігі мен еңбегін хақ тағала баянды еткей!
Хор: «Елім менің»
Мұғалім сөзі:- Міне, балалар, бүгін өздеріңді Тәуелсіз еліміздің болашағы екендеріңді, яғни, нағыз азамат екендіктеріңді көрсете білдіңдер. Белгілі ақын атамыз Ж. Молдағалиев:
Өткеніңді еске алсаң,
Өскеніңнің белгісі.
Өткеніңді ұмытсаң,
Өшкеніңнің белгісі,
- деген екен. Сондықтан, халқымыздың бүгінгі уақытқа дейінгі жеткен жетістіктері өздеріңе аманат. Сондай-ақ, еліміздің егемендігін танытатын ресми ерекшелік белгілері: Ана тіліміз, Елтаңбамыз, Туымыз, Ата заңымыз, Әнұранымызды бойындағы бойтұмарындай сақтап қана қоймай, қашанда еліміздің, жеріміздің еркіндігін сақтар мықты ұрпақ, мықты азамат болатындарыңа сенімім мол. Жолдарың ашық, жарқын болсын, Тәуелсіз елдің азаматтары!
Достарыңызбен бөлісу: |