Гүлдархан Смағұлова



Дата17.06.2018
өлшемі45,99 Kb.
#43213
Гүлдархан Смағұлова

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры

«Қазақтар ана тілі әлемінде» немесе «Қазақтануға» қосылған үлес...

Әдетте той иесі үшін ел-жұрты алдында мерейтойдың есеп бергізетін міндеті бар екені еске түседі... Егер 90 жастың салмағын екшелеп көрсеңіз бұл міндеттің жүгі тіпті ауырлай түсетіні ақиқат. Бірі өткен өмірінің сансыз тірлігінің жемісі мен жеңісін үлгілеп, адамға тән саналы өмірінің, күндерінің жылдарға ұласқан ұзақ қуанышын паш етеді. Қалған қарттық ғұмырының жағдайын жасаумен тірлік етеді. Енді бірі істеген қызметімен халқының қалаулысы ғана емес, қарттығына қарамай ұлтының рухани құндылықтарын өмір бойы іздеп, түгендеп жүреді.



Жалпы шығармашылықпен айналысатын адамдарға тән қасиет олар әркез ізденгіштік қалыптан бір сәт ажырамайды. Ғұмыр бойы ой үстінде, көрген, білгені мен естігені, көңілге тоқығандарын өзіндік болмыс биігімен өлшеп, кесіп, қажетін ел кәдесіне жаратуды мақсат етеді. Бұл да болса, жиған-терген рухани қазыналарын жадыда жоғалтпай, қалам ұстаған қолы талғанша жазуды міндетіне алған ғажап тірлік.

Академик Әбдуәли Туғанбайұлы 90 жылдық мерейлі мерекесінде, міне, деп, сиясы кеппеген том-том кітаптарын ұсынып отыр. Сонда қарап тұрып, осыншама жасқа келгенге дейін тек жаза берген бе, құдай-ау, неткен жады мен жанкештілік деп, таңданыс пен ризашылық сезімде боласыз.

Осыдан жиырма жыл бұрын академиктің 70 жылдығында ендігі жазатын дүниелерім 25 кітаптай болатын шығар дегенін өз аузынан естігенмін. Аса илана қоймағанымыз рас. Ғылыми еңбек жазу үшін білім қоржынында ұзақ жылдар тынымсыз әрекетпен жиналған зерттеуге лайық және бүгінгі күннің ақпараты тасыған интернет заманында аса бір қат дүние болуы керек қой. Осы жылдар арасында өзі айтқан 25‑тің 16-сы кітап болып шықты. Академик қаламынан тіл білімінің бүгіні мен болашағы үшін, ұрпақ қамының рухани байлығы үшін қаншама ғылыми кітаптар жазылып, дүниеге келді. Түзетіліп, өңделіп шығып жатқан оқулық кітаптарын санамағанда «Тіл білімінің өзекті мәселелері» (1998ж.), «Ғылымдағы ғұмыр» (2000ж.), «Қаңлылар» (2002ж.), «Тысяча метких и образных выражений» (2003ж.), «Түркітануға кіріспе» (2004ж.), «Халық даналығы» (2004ж.), «Қазақ қандай халық?» (2008ж.) «Қазақтар ана тілі әлемінде» І том – Адам (2009ж.); ІІ том – Қоғам (2013ж.) ІІІ том –Табиғат (2013.), «Қазақ тіліндегі қос сөздер» (2013ж.), «Қазақ тіліндегі этимологиялық зерттеулер» (2014ж.) қазақ ғылымның игілігіне айналды...

Кезінде Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының қазіргі А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтында 42 жылдай басшылық қызметте жүрген Әбекең өмір бойы ғылымға керек‑ау деген дүниелерін буып‑түйіп, асықпай саралап, талдап, үсті‑үстіне жинай берген, жинай берген. Жұмысындағы жазу үстөліне қосымша жалғас қойылған үстөлдегі қатар‑қатар тұрған шағын жәшіктердегі картотекалардың көптігі кімнің болса да назарын аудартатын. Сөйтсек сарғайған қағаздардағы осындай материалдар ғылыми байлықтың негізіне айналып, қазақтардың ана тілі әлемінің аспаны соншалықты жарық, бейнелеп айтсақ, күні де шуақты, айы да толған, жұлдыздары да жарқыраған ғажайып ұлттық кеңістікке алып кетеді... Мұндай әсерге академик Ә.Қайдардың «Қазақтар ана тілі әлемінде» атты әрқайсысы 45-50 баспа табақтан тұратын үш томдық қалың сөздік кітаптарды парақтап, оқығанда ие боласыз.

Қазақ деген ұлттың тіл әлемін саралап, талдап, түсінік беретін «Адам» (1 том), «Қоғам» (2 том), «Табиғат» (3 том) атты этнолингвистикалық сөздіктер ұлт тілінің байлығын жинақтаған еңбек. Тіл білімінің ең бір өзекті, әсіресе, адамдық факторға негізделген этнолингвистика саласын академик өткен ғасырдың соңғы ширегінде зерттеуді қолға алып, кейін осы салада өз мектебін қалыптастырған. Белгілі бір этностың, ұлттың тілінде сөйлейтіндердің, сол ұлттың тұрмыс-тіршілігін, ұлтқа тән ұғым-түсінігін, әдет-ғұрпын тек қолданыстағы тілінде сақталған сөздер, фразеологиялық тіркестер, мақал-мәтелдердің мазмұныны ашу арқылы түсіндіру осы этнолингвистика пәнінің құзырына жатады.

Атор 1 кітаптың («Адам») алғысөзінде: «Қазақ халқының тұрақты дамуының ең сенімді, әрі құдіретті күштеріне қазақ тілінің тек қатынас құралы ретіндегі ғана емес, оның өткен өмірді де, халық даналығын да, ұлттық салт-дәстүр мен мәдениеті, ата мұрасын ұрпақтан ұрпаққа шашапай-төкпей жеткізетін мұрагерлік (кумулятивтік) қызметі жатады. Ұлттық тіл ұлттың өзін ғана танып-білудің құралы емес, сонымен қатар, халықтарды бірлестірудің, елдікті сақтаудың, мемлекетті дамытудың алғы шарты» деп жазғанын оқығанда Елбасының «Қазақстан - 2050» стратегиясының түп қазығы етіп алған Қазақ Елі - Мәңгілік ел ұғымын жан-жақты түсінуге де бағдар беретін еңбек деп атаған жөн.

Сөздік – қазақ ұлтының халықтық биік рухын, ақыл парасатын, рухани-мәдени байлығын көрсететін қазақ тіліндегі мақал-мәтелдер, тұрақты тіркестер, тұрақты теңеулер мен бейнелі сөз орамдарымен көрсетілетін тілдік бірліктерді тақырыптық жағынан топтап, жүйелеп, астарлы мазмұн болса астарын ашып түсіндіру, аталым болса не себепті аталған, ұғым бойынша қандай жағдаятта қолданылады деген сұрақтарға жауап береді.

Адам табиғаты ерекше құбылыс. Тілдік деректерге сүйенсек, оның бүкіл болмысын бейнелейтін, жақсы-жаман қасиеттерін жан-жақты толық танытатын сөздер мен тіркестер соншалықты мол және қазақ адамының тұтас жай-күйі ұлт өкілі ретінде түпсіз терең тұлға екендігін байқаймыз. Ежелгі грек философы Протогодың айтуынша, «адам барлық заттың өлшемі» және «әлемді адам қандай ой-сезіммен қабылдаса, дүние нақ солай бейнеленеді». Демек, қазақ ұлт ретінде кім, қандай халық, ол әлем бейнесін тілінде қалай өрнектеген, несімен ерекшеленеді деген сұрақтарға Сөздіктен жауап табасыз.

Сөздіктің «Жақсы» Адам мен «Жаман» Адам тараушасында: «Адамның даналығы мен надандығы да, қасиеті мен қасиетсіздігі де, жақсылығы мен жамандығы да, табиғат болмысына тән сан алуан заттар мен құбылыстардың жақсы, жаман сипаты, нарқы мен парқы да Адам арқылы анықталып бағаланады» дейді. Демек тек тіл фактілерін сөйлету арқылы Адамның философиялық, физиологиялық, психологиялық, моральдық-этикалық т.б. толып жатқан контрастивті қасиеттерін тануға болады. Өмірде «жаман» адам, «жақсы» адамдардың болуының өзі - тіпті қоғамдағы, қарапайым тіршіліктегі тепе-теңдікті сақтауға мүдделі екендігі. Мысалы, Сөздікте Адам туа жаман болмайды, жүре жаман болады. <адамның жаман болуы оның айналасына, ортасына байланысты. Жаман әдеттердің бәрін ол солардан үйренеді> Үскене (кесе) көп болса, сынғаны білінбейді; екі жақсы дауласса, тынғаны білінбейді <біркелкі ұсақ әрі көп кесенің күнде есебін алып, санай бермейді де, оның сынғаны көп біліне бермейді; Сол сияқты екі жақсының дауын да, олардың татуласын да ешкім біле бермейді, өйткені ол, әдетте, у-шусыз, бейбіт жолмен, ақыл-парасатпен тындыратындығына байланысты. Сонда жақсы адамдарға тән тағы бір абзал қасиет – олардың бір-бірімен дауласпауында, жауласпауында>. Жаман кісі жаудан жаман <жау – алыста, жаман - жаныңда> Үш жамандық <қазақ салт-дәстүрінде сан алуан жамандықтардың ішінен ерекше аталатын үш жамандыққа мыналар жатады: 1) нақақ қан төгу; 2) кісі малын нақақ иеленіп алу; 3) ата-бабадан қалған ескі жұртты бұзу > т.б. тіркестер талданған.

Сөздікте Адамның жағымды-жағымсыз қасиеттерін сипаттайтын сөздер мен тұрақты оралымдар саны едәуір. Мәселен, тек жағымды қасиеттерді білдіретін АБЗАЛ <ел-жұртына ардақты, жаны ізгі, таза, жүрегі адал, игі жақсы істерімен көзге түсетін адам>; ПАРАСАТТЫ <жан дүниесі бай, дүниетаным қабілеті жоғары, парқы, түйсігі терең, кез келген нәрсені ақылға салып қарайтын, байсалды білімді адам> деген түсінікті оқисыз.

Қазақтың ұғымында Адамның зиялы қасиеттерін сипаттайтын 250-ге жуық сөз-атаулары мағыналарының 50-60-на ғана талдау жасалыпты. Мәселен, ақыл, ой, сана, парасат, зерде, зейін, зеректілік, ұғым, түсінік, ұят, сезім, ес, иман, игілік, ибалық, көңіл, қалау, таным, қиял, қылық, мерей, машық, ар, намыс, наным, мінез, ождан, опа, пайым, пікір, өнеге, өсиет, рух, рай, рақым, сөз, сенім, сыр, үміт, ізгілік т.б. Ал КӨҢІЛ <адам болмысына тән табиғаты аса күрделі, мәні терең, мағынасы кең, мазмұны ауқымды, қолданыс шеңбері шексіз, қолмен ұстауға болмайтын, көзге көрінбейтін ғажайып зиялы қаситеттерінің бірі...> дей келе, автор «көңіл» ұғымына, түсінігіне қатысты жеке сөздер мен жай және тұрақты тіркестерді, мақал-мәтел т.б. деректерді жинақтап, жүйелеп, мән-мағынасын ашып береді. Көңілдің (34 түрін) *Қамкөңіл <бір нәрсеге қамыққан,торыққан, көңілге қаяу түскен адам>, екіұдай көңіл, жас көңіл т.б. түрлері сипатталса, көңілге қатысты ұғымдардан, мысалы, Көлденең кісі көңілге қарамайды <адамға таныс емес, бейтаныс, бөгде адамдарды режіп қалады-ау дегенді ойға алмай әр нәрсені айтып қалады, ондай жайт адамның көңілін жаралап ренжітеді>, ақымақтың көңілі тоқ, Соқырдың көзі – көңілінде, Күлегештің көңілі азбас т.б. 143 тіркес мағынасы ашылған. Сөздікте үш мыңға жуық мысалдармен Адамның жағымды-жағымсыз қасиеттері сипатталып, адамның тек физиологиялық қасиеттеріне қатысты ұғымдарды бейнелейтін бір жарым мыңдай бірліктер талданған. Мысалы, аяғын алдыру, бұйығып ұйықтау быржию, дүмпию, көстеңдеу, кілтілдеу, мыртыңдау т.б. сөздерді қазіргі жастар көп қолдана бермейді.

Өмір қарама-қарсылықтардан тұратындықтан, түрлі қайшылықтар туындайды. Бұлар тілде антонимдік жұп құрайды. Адамның психикалық қасиеттерін қазақтар қуаныш-реніш, сүйініш-күйініш, құмарлық-салғырттық, сүйіспеншілік-жеккөрушілік, рақымдылық-мейірімсіздік, сақтық-бейқамдық, адалдық-арамдық, кішіпейілділік-дөрекілік, батырлық-қорқақтық, тәкаппарлық-именшектік, сабырлылық-шыдамсыздық, еңбекқорлық-жалқаулық т.б. сезім спектрлерін суреттейтін сөздер мен тіркестерді тіл байлығы ретінде молынан, жан-жақты қолданған. Сөздікте екі мыңнан астам түрлеріне түсінік берілген. Адамның психикалық келбетінің ең бірінші көрінісі – ақыл. Осы сөз ұйытқы болған ақылы қысқа, ақыл қону, ақылға салу, ақылы көзінде, ақыл қосу т.б. барлығы 25 тіркес сипатталған.

Көркем әдебиетте қазіргі жазушылардың портрет жасау (соматема - адмның сырт тұлғасы, дене тұрқы; вестема - киім киісі) шеберлігінде жетіспей тұратын, сырт қалған сөздер мен тіркестер кездеседі. Осындай олқылықтың орнын толтыратын осы Сөздіктегі 1.6. Адамның сырт тұлғасы, бой –тұрқы деген тараушадағы деректер. «Атап айтқанда, бойдың биік-аласалығына, белдің жуан-жіңішкелігіне, бет-жүздің пішіні, рең-түсі, көлеміне, саусақтың ұзын-қысқалығы мен жуан-жіңішкелігіне, көздің бітімі мен жанарына, өткірлігіне, үлкендігіне, ауыз бітім мен оның үлкен-кішілігіне, еріннің қалың-жұқалығына, иық пен жауырынның кең-тарлығына, сақал-мұрттың көлемі мен пішініне, түсіне, мұрынның бітімі мен ұзын қысқалығына, т.б. дене мүшелерінің ерекшелігіне байланысты сөздер, айшықты сөз орамдары адамның жалпы сырт тұлғасын сипаттауда қолданылады» (196б). Мысалы, КӨЗ: *бұзау көз <мөлиген, жанарсыз көз> *жыпсық көз <сығырайған қысық көз> *сағал көз <сарғылтым, сарғыш көз>.Сөздікте көздің 29 түрі талданған. МҰРТ: *Лақа мұрт <лақа балықтың мұрты сияқты едірейген мұрт >*Шалғылы мұрт <қияғы үлкен жебелі мұрт > *Шапыраш <көзі қисық, қыли > *Сіріңке қара <арық, қатпа қара> сияқты 9 түрі бар. (204б).

Адамның іс-әрекеті мен қалып-күйіне қатысты талданған мысалдарды қарасақ, қазақ өмір бойы миллиондаған қимыл-қоғалыстағы әрекетіне де ұлттық мінез-құлық, ұлттық болмыс, тіпті ұлттық темпераментті қалыптастырған. Тілде сақталған бай деректер арқылы өзге этностың болмысы мен тіршілігінде кездеспейтін, тіпті қайталанбайтын ұлттық мінез мен мұндалап тұрғандықтан, тек қазақи қалыпты танисыз. Мұнда, әсіресе, ырымдар мен тыйымдар жетерлік. Мысалы, Айналу <1. Бір орныан қозғалтпай айналдыру; 2.Жақсы көрген адамды айналып-толғанып еркелету > ≠ Адамды [отты, үйді] айналма! <отырған адамдарды, от басын, үйді, малды т.б.заттарды айналғанда адам өзіне көшіріп алады деген ырымнан, нанымнан, оны сақтандырудан пайда болған... Тағы бір тарихи –этнографиялық дереккөздерге сенсек, бақсы-емшілер аурудың «рухын» қуып шығу үшін ауру адамның күнәсін ақтайтын құрбандық бағыштап, оны аурудың басыңқы я тура ауыратын жерінде айналдырып тұрған. Қазақтардың «айналайын» дейтін жылы сөзінің де төркіні осы ырымға байланысты іздеген дұрыс. Яғни ол жақсы көретін адамының құрбандығы болуға дайындығын немесе оның айналасына еш жамандық жуытпауды білдіреді>.(218б). Сөздікте «Жылаудың» 74 түрлі тіркесі талданған. Әдетте «Күлкі» эмоционалды қалып, алайда күлкіге қарағанда психологиялық құбылыс «Күлудің» 116 түрі тіркелген. Автор айтады, күлу әрбір адамның өзіндік (мінез-құлқына, темпераментіне, көңіл-күйіне, әдетіне, жасына, зиялы қасиетіне) ерекшеліктеріне байланысты, бір-біріне ұқсай бермейтін әр алуан болып келуіне байланысты болса, күлкі сол үдерістердің белгілі ситуацияға, қауымдық ортағы, мотивтері мен себептеріне байланысты өзіндік мағына-мәні бар, атқаратын әлеуметтік қызметі бар инсандық фактор, адамға тән зиялы қасиеттердің бірі дей келе, қазақ этносының қалыптасқан салтында күлкі түрінің саны 20 шақты болса, ал күлудің ұзын саны 160 шақты.

Сөздіктің II тарауы «Өмір-Тіршілік» деп аталады. Адам баласының сәби кезінен бастап, жер-бесікке енгенге дейінгі өмір-тіршілігін «Нәрестенің дүниеге келуі», «Өсіп-өну, ержету», «Адамның жас ерекшеліктері» туралы сипаттайтын сөздер мен сөз тіркестері талданады.

Келесі тараудағы қазақтардың туыс-жақындық қатысты бідіретін тақырыптық саласындағы жүздеген атаулар мен мыңдаған тұрақты тіркестер мен басқа да бейнелі сөз қолданыстары бар бай тілдік деректер ұлттың ұрпақ өсіруді мақсат-міндет деп принципті түрде дамытқандығының көрінісі. Мысалы, «Атадан ұл туса игі еді, ата жолын қуса игі еді». *Ұлыңа қолыңды төменнен бер, Қызыңа қолыңды жоғарыдан бер <Өсіріп отырған ұлы мен қызыңа қамқор бол. Ұлыңа қамқорлық жасасаң, үнемі қол ұшыңды беріп демеп отыр, ал қызыңа қамқорлық жасағанда алдында болып, үнемі өнегеңді көрсет. Қызыдың жолы жіңішке екендігін ескертетін нақыл сөз >

Басқа түркі халықтарына қарағанда, туыс-жақындық қарым-қатынастар қазақ халқында аса терең және жан-жақты дамыған. Кітапта бұлар Ата өріс (Атажұрт), Ана өрісі (Нағашы жұрт), Құдандалық өріс (Қайын жұрт) сияқты қалыптасқан ұлтық жүйемен топтастырылған.

Адам баласының тіршілік етіп, өсіп-өнуіне қажетті азық-түлік, ұлттық тағамдар атаулары (4 тарауда), денсаулық (5 тарау) дене мүшелері мен ауру түрлерінің ұлттық атаулары, емшілікте қолданылатын ем-дәрілер, дәрілік шөптер атаулар мен тұрақты қолданылатын тіркестер мағынасы талданады.

Адамзат құндылықтарының басты көрсеткіші – дамыған тіл. Барлық білім мен оның жетістіктері тек тілде сақталады, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіледі. Тіл байлығы болмаса, ұлт ерекшелігі туралы толық мәлімет алу мүмкін емес. Қоғам дамуының алғышартын ақындайтын ақпараттар тасқыны тек тіл арқылы өзектеліп, мазұнға ие болып, қажетті жағдайда өңделіп отырады. Сөйлеуді қалыптастыратын тіл әлемі - қазақтар үшін кие, құдірет. Барлығы да тілден: тіл –бал, тіл – ажал <адамдардың өзара қарым-қатынасы тілмен ғана шешілетіндіктен, барлық іске тіл жауапты. Балдай тәтті шақты сыйлаған тіл ажалға да апарады. Барлығы да тілден деп бекер айтпаса керек> Тілдің қамы –елдің қамы < бұл тіркестің мәні дәл қазір қазақ ұлтының тіл үшін күрес майданында жүру мақсатын ашып береді. Елдің қамы деген – Отанның қамы, ұлттың тұтастығы, болашақ үшін әрекет, осылардың бәрі тілге қамқорлықтың арқасында ғана жүзеге асырылмақшы> деп талданады.

Сөз байлығы тілдің негізгі белгілерінің бірі. Автор «Тілге қатысты айтылған бірліктер тек сандық көрсеткіш деп ұғуға болмайды. Ұлттың өз тілі туралы түсінігі мен құрметі, оның тіліне берген бағасы тілдің алуан түрлі қасиеттері мен қызметіне негізделген» деп, тіл сөзінің басқа басқа сөздермен тіркесімділігінің көптігін, бірақ жиналмай тіркелмей қалғандарының әлі көп екендігін және тілдің динамикалық дамуына қарай басқа да жаңа тіркестердің жасалатынын айтады. Тілдің түрлері, оған қатысты ұғымдар (Атағыңды өсірер де –тіл, өшірер де – тіл); Жағымпаз тіл жауыр болғанша жалайды <жағымпаз тілдің шегі жоқ. Ол мақтағысы келген адамын көкке көтеріп мақтайды, олар «сіз ұлысыз, сіз ақылды адамсыз, неткен данышпансыз, өзіңізден басқа кім болушы еді» дейтін «желім» сөздерді қоса сөйлегенді ұнатады>дейтін сияқты тіркестердің мазұны түсіндіріледі.

Ал сөз табиғаты деген не? Әрине, сөз болмаса, адамның бүкіл сөйлеу үрдісі, барлық іс-әрекеті, тіпті қимыл қозғалысы да танылмаған болар еді. Тараушада «Ақсақалдың ақылы қысқарса, аузындағы сөзі ұзара береді»; « Адамның ішіне ас сыйса да, сөз сыймайды», «Сөз дегенде данышпандай, Іс дегенде ауыс жандай» т.б. мақал-мәтелдермен қоса, «Сөз тұздығы», «Сөзіне қарауыл қою», «Сөзі сымбат» т.б. фразеологизмдер берілген жалпы мыңнан астам тіркестер қамтылған. Сөз табиғатынан соң, сөз түрлері мен оған қатысты ұғымдар жүйеленген. Мұнда эпитетті, метафоралы қолданыстардың бағалауыштық сипаты өте бейнелі, суретті болып келеді. Жалпы қазақтардың сыни көқарастағы көркемдік ой-табиғаты тым әсерлі, прагматикасы терең. Мәселен, тек жақсы сөз ұғымын толықтырып мәнін ашатын 30 шақты тіркес берілген, мағыналары баяндалған. «Жақсы сөз –жанның жарығы»; «Жақсы сөз тасты жібітер, жаман сөз басты шірітер» т.б. Тәрбиелік мәні бар, әр қазақтың тілдік қолданысында жүруі тиіс небір айшықты сөз орамдарын осы кітаптан табасыз. Мысалы: Келіннің сөзі <келіннің сөзі басқаларға қарағанда өте сыпайы, мейірімді, тәрбиелі сөз болуы керек>; «Құдай сөзі», Қымбат сөз, Ұста сөз –ұстаз сөз»; Ат өтті қолқа сөз <сөз арасындағы айтылған тілек>;

6.3. Тараушасында сөйлеу, айту, тілдесуге қатысты деректер сарланған. «Жақсымен сөйлесең қуанасың, Жаманмен сөйлессең мұңаясың», «Сөйлесе білген үйлесе біледі» т.б. көптеген және кейбірі сирек қолданыстағы деректер мазмұндалуымен қатар, сөйлеудің түрлеріне байланысты 500 тіркес мәні сипатталады. Тілдесу формасын көбінесе жүзеге асыратын дене мүшелері. Мұнда 200-ге жуық мысалдың астарына мағыналық талдау жасалған. «Аузы желдей есу, аузы жиғызбау, көкезулену, мұрнынан сөйлеу, тілін безу т.с.с. Ал түрлі тәсілдер ақылы тілдесуге : арсалаңдау, байбалам салу, гүжілдеу, жуып-шаю, қазымырлану, өкіреңдеу, сыпылдау, ұсыныс жасау, шүйіркелесу, ырылдасу сияқты мысалдарға түсінік берілген. Жалпы өнер алды қызыл тіл деген және шешендік өнерді қастерлеген қазақтың тіл әлемі аса бай құндылықтың қазынасы іспеттес. Сөздіктің бұл тарауын үш мыңнан астам мысалдар дәйектейді.

«Қоғам» деп аталатын ІІ томда қазақтың ұлттық болмысының қоғам өмірімен етене байланысы қандай болған, әлемдік өркениеттен қалмай, тіпті өзіндік бағдары бар мәдени тіршілігін қалыптастырудағы іс-әрекеті тіл фактілерінің деректері негізінде талданады. Дүниеде осы күнге дейін қазақтай қауымдасып өмір сүру, тіршілік ету көп ұлтта кездесе бермейді. Жекелеген жан тыныштығын дағдыға айналдырған қазіргі еуропа адамдарындағы салқындық, айналасынан іргесін аулақ салып, туыс-жақындықтан гөрі өз жай-күйін жоғары қоятын астамшылық сияқты мінез, тәубе дейік, қазақ ұғымына жат. У ішсең –руыңмен деп шегелеп айтқан. Сөздіктің алғашқы тарауы Қазақ этносының шежіресіне қатысты жиналған тілдік деректерін шежіре тілі деп, оны тіл білімінің нысаны етіп қарастырады. Шежіре тілінің деректерін «халқымыздың зейіні мен зеректігін, тіл тұтастығы мен этногенетикалық жадының ғажайып ерекшелігін, дәстүрінің беріктігін паш ететін мәдени құбылыс» деп бағалайды. Сондай-ақ, автор «Шежірелерде Хундар (Гундар) мен Сақ-скифтерге байланысты нақтылы деректер келтірілмейді. Дегенмен, оларсыз Қазақ тарихын сөз ету мүмкін емес. Қазақ тарихының басы қазақтың ең көне ру-тайпалары – Үйсін, Қаңлы, Қыпшақ т.б. екендігі талассыз болса, олардың б.з.б. дәуірлерде Хун (Гун), Сақ тайпаларымен өте тығыз байланыста болғаны да даусыз. Алайда, барлық тарихшылар тарапынан мойындалып, барлық тарихи зерттеулерде көп айтылатын екі мәселенің күні бүгінге дейін тиянақты бір шешімін таппай келе жатқаны қынжылтады. Екі мәселенің бірі – Хун, Сақтардың көне қазақ тайпалар – Үйсін, Қаңлылыар генетиклық жалғасы ма, жоқ әлде, олардың жеріне, салт-дәстүр, мәдениетіне мұрагер, мирасқор ғана ма? Екінші мәселе – Ғұн, Сақтар тегі түркі болды ма, жоқ әлде, түркі тілінде сөйлеген басқа текті тайпалар ма» (12б) деген талас пікірлерді шешуде шежіре тіліне назар аудару керектігін ескертеді. (Осы арада айта кететін бір жайт, академик Ә.Қайдардың «Қаңлы» кітабы Қаңлылардың тарихи шежіресіне арналған).

Сөздіктегі ерекшелік Үш Жүздің руларына қатысты ұғымдардың аясында ру туралы ел аузында қалған әзіл-қалжың үлгілерін де кірістіріп отырады. Мысалы, Екі Шеркеш қосылса, батырлығын айтады, екі Адай қосылса, зорлығын айтады, екі Ысық қосылса, қорлығын айтады <оның мәні: Шеркештер өзінің батырлығымен, жауынгер қасиетімен ерекшеленсе, бас қоса қалса, сол туралы әңгіме қозғау әдетіне басса, Адайлар елге істеген зорлық зомбылығын, Ысықтар өздерінің мал ұрлайтын әдетін, барымташылдығын, Алаштардың басқа рулардан көрген қорлығын сөз етуі >.

Сөздіктің басқа тарауларында қазақ елінің ел басқару, әдет шариғат заң, әлеуметтік жағдайы, көшпелі, отырықшы ел салты, материалдық-экономикалық және рухани мәдениеті, ұлттық өнер, ұлттық ойындар, ұлттық өлшемдер, аңыздар мен мифтерге қатысты тілде қалыптасқан мақал-мәтелдер, фразеологизмдер, жеке аталымдар мазмұны баяндалып, түсініктер берілген. Қазақтың «үлкен елден ұлық адамдар жаралады» деген нақылын ескерген автор қазақ қауымынан шыққан және оған қатысы бар ұлы адамдар мен тарихи тұлғалар туралы айтылатын сөздер тобын да мазмұндап, жүйелеп тізіп берген. Мәселен, парасатты өнер иесі – билік айтуымен басқаларды мойындатын, өзі ақылман, тіл байлығымен танылған сұңғыла би. Қазақтар тәжірибесі мен ақыл-ойының ерекшелігіне қарай, билердің түрін: бала би, қарт би, орта би, аға би, бас би, төбе би, сүбе би, батыр би, жанама би, қарша би, әділ би, айлалы би, тура би, ықпалды би, майтымақ би, қадау би т.б. деп жіктеген.

Қазақ әдетінде ақынжанды. Демек, екінің бірі «әу деп» өлең айтатындай, ет пен терінің арасындағы шабытпен тақпақтап, тіпті мықты болса шарықтаған нағыз ақындары да жетерлік. Әсершіл қазақ ақынның түрлеріне қатысты атаулардың сипаттамасын эпитетті бояумен 100-ге жуық бейнелі тіркестермен өрнектеген. Мысалы: Ақжолтай ақын <алыс сапарға аттанған жолушыға өлеңмен бата іспеттес сәт сапар тілеуші ақы. Өзінің де жолы болғыш>; Дырау ақын <сөз құдіретіне айқайы басым>;. Жаршы ақын<оқыс жаңалықтарды елге өлеңмен таратушы ақын>;

Мұзбалақ ақын <көп ақындардан оқ бойы озық, оқшау тұрар, өресі биік, өлеңі терең, қырандай алғыр, дара ақын>; Сүлей ақын <жыршы суырып салма, жырау ақын>; Сұраншақ ақын, Тұлпар ақын, шебер ақын т.б. түрлеріне мағыналық талдау жасаған. Әрине, ақынға берген халық бағасының осыншалықты көп болуын ұлт болмысындағы сыни баға бергіштік қасиетінен іздеген жөн. Ал ән мен өлең туралы әнші қазақтың тіл байлығы мұхит...

Таза ұлттық мұра, рухани мәдени ескерткіш ретінде сақталуы тиіс ойындардың қазіргі кездегі бірен саран асық ату, алтыбақан, ақ сүйек ойыны мен спорттық (көкпар, қазақша күрев, тоғңызқұмалақ т.б.) түрлері ғана жиі көрінеді. Осы Сөздікте алғаш рет қазақтың ұлттық ойындарының аттары және оларға қатысты сан алуан ұғым түсініктері жүйеленіп, мағыналары талданады. Автор қазақ ұлттық ойындар санын (вариант ретінде қайталанатын, әр жерде әрқилы аталатын және ойналған түрін қоса есептегенде) 750- дей екен дейді. Мысалы, қанкөбелек, мәлкі тотай, таяқ доп, ортеке т.б. 60-тан астам түрлеріне түсінік берілген.

Қазақтар ана тілі әлемінде деген этнолингвистикалық сөздіктің ІІІ томы Табиғат деп аталады. Жер, Ай, Күн, Жұлдыз, өсімдіктер мен жан-жануарлар әлемі, құстар мен жәндіктер, суы мен ауасы – барлығы Алла тағаланың адамзаттың тіршілігіне берген сыйы. Жер басып жүрген әр адам қоршаған орта құдіретін сезінбей, бағаламай, таңқалмай, жұбанбай өмір сүруі мүмкін емес. Қазақтың ұғымында туған жер, атамекен - киелі ұғым. (Қазіргі жастар түсінігінде туған жер - роддом). Басқа ұлттардан қазақтардың тағы бір ерекшелігі - жержадылық. Кеңестік кездегі тың игеру, БАМ т.б. шақырған басқа жерлерге қазақ алып-ұшып бара қоймаған. Өйткені туған жер ата-бабаның табыстаған, мұра қылған басты байлығы. Осы байлықты қастерлеу үшін: «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол»; «Туған жерге туың тік» деп ақыл берген. Жердің иесі – халық. Өз мүлкі ретінде қарағандықтан Жер туралы және жерге қатысты ұғым-түсініктерін ой байлығының тұғыры етіп, тіл байлығын дамытқан. Жер бедерлерінің атаулары: «аран, белес, далын жер, жықпыл, жазира, күрдек, кенере, қырылық, сібер, шыт, шат» деген атаулар сырын біреу біліп, біреу білмес. Ауа, топырақ, суға қатысты ұғымдар, мысалы, ақаба су, есірік, кемер т.б. жан-жақты талданған. Тұқан <суы тартылып,кеуіп қалған өзен арнасында пайда боатын, ауқымды, табиғи шұңқыр> десе, Ыза <дария тасып, суы тартылғаннан кейінгі бос жатқан, дымқыл, сызды жер; дария жалғасы Сыр маңындағы өлкеде ызаға көбінсе қауын егеді, қауын өте дәмді болады; жердің ыза болғанын жергілікті халық су тартылғаннан кейінгі бетіне шыққан көбік пен сордан байқайды; Орынбор жағындағы тоғай араларындағы ызаларға көкмайса қалың шөп шығады>. Қазақ жерінде екі теңіз, үлкенді-кішілі 730 өзен бар екен. Олай болса, су туралы айтылатын мақал-мәтелдер, тұрақты тіркестер, ырым-тыйымдардың көптігін мен мазмұн маңыздылығын өзіңіз бағамдай беріңіз. Тек қазіргі тілдік қолданыстағы жұтаңдығы еске түседі.

Аспан әлемі де қазақ тілінің сөздік қорын байытып тұрған табиғат бөлшегі. Сөздікте талданған мысалдардың баяндалуында қазақтардың астрономиялық білімінің тереңдігін байқайсыз.



Ал табиғат құбылыстары туралы тарауда 30-ға жуық: алағат қар, сонар қар, үрме қар т.б. қардың түрі, оған қатысты ұғымдар Қыс: «тоны жоққа сәлем де, етігі жоққа өзім барамын» депті т.б. тіркестер мәні баяндалған. Желдің (Ебі желі, мырза жел, ықтырма жел т.б.) 43 түрі талданған. Ауа райының қолайсыздығынан болатын жұт түрлерінің атаулары, ауа райы туралы халықтық болжамдар, жылдың төрт мезгіл түсініктері, уақыт, өлшем ұғымдарының ежелгі атаулары қазақ этносының өмірлік бай тәжірибесінен туған ұлттық-мәдени ерекшеліктер. «Тілімдегі – түрімде, түрімдегі –тілімде» дегендей, қазақтың бүкіл болмысы туған тілінде сөз байлығы арқылы өрнектелген. Жер бетіндегі ең малсақ халық – біздің қазақ халқы, дейді автор. Төрт түлік маға қатысты жалпы атаулар мен ұғымдар, жайылымның түрлері, төрт түліктің ауруына, төлдеріне, жасына, байланысты сөздер мен тіркестер молынан жиналған. Жалпы малға қатысты жазылған кітаптар да баршылық. Дегенмен де қазақ ұлтының брендісі іспеттес төрт түлік малға қатысты мәліметтердің барлығын жинап, үлкен сөздік жасауға да болады екен. Сөздіктің 50 шақты беті тек жылқы малына арналған ұғым-түсініктерді қамтыған. Келесі тараулардағы «Жануарлар дүниесі», «Өсімдік түрлері» мен «Түр-түс табиғаты» қазақтың тіл байлығын еселей түседі. Танымдық бағыттағы небір сөздердің мағыналық астарын біле жүргенге не жетсін.

Бұл үш томдық Сөздік тек тіл мамандарына немесе көп білгісі келетін энциклопедиялық білім жинайтын адамдарға ғана емес, ұлтының рухани мәдениетін жоғары қоятын және Қазақ елінің мәңгілігіне сенетін жандарға қажет. Соңғы кездері «Қазақтану» тақырыбы қазақтың кім екендігін өз ұрпағына жан-жақты жеткізу үшін, басқаларға таныту үшін жиі айтылып жүр. Әрине, ұлттық болмыс тек шежірены білумен, діни қағидаттарды меңгерумен шектелмейді. Біздіңше, «Қазақтану» - қазақ деген ұғымға қатысты бүкіл білімдер саласының мәдени-тарихи жақтарын қамтуы тиіс. Академик Әбдуәли Туғанбайұлының бұл Сөздігі аз уақыттың жеміс емес, оның өмір бойы жинап-терген, саралаған, тұжырымдаған білім қорының сүбелі нәтижесі. Қазақ өзі туралы, өз болмысының өзгешеліктерін ана тілі арқылы аса бай, мәнерлі, бейнелі сөздерімен сөйлеткен. Қазақ туралы пәлен мың жылдық ақпарат тек тілінде сақталған. Олай болса, «Қазақтану» тақырыбын барынша насихаттайтын бұл сөздікті Қазақтануға қосылған үлес деп бағалаймыз.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет