Көлiк құралының сәйкестендіру нөмірі бойынша көлік құралдарының жекелеген түрлерiн мемлекеттiк тiркеу және есепке алу, Механикалық көлік құралдарын жүргізушілерді даярлау, Емтихандар қабылдау және жүргізуші куәліктерін беру қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 2 желтоқсандағы № 862 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 5 қаңтарда № 10056 тіркелді
РҚАО-ның ескертпесі!
Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 6-тармақтан қараңыз
«Жол жүрісі туралы» Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 17 сәуірдегі Заңының 10-бабының 24-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған:
1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Көлiк құралының сәйкестендіру нөмірі бойынша көлік құралдарының жекелеген түрлерiн мемлекеттiк тiркеу және есепке алу қағидалары;
2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Механикалық көлік құралдарын жүргізушілерді даярлау қағидалары;
3) осы бұйрыққа 3-қосымшаға сәйкес Емтихандар қабылдау және жүргізуші куәліктерін беру қағидалары бекітілсін.
2. Астана, Алматы қалалары және облыстардың ішкі істер департаменттерінің, ІІМ-нің Байқоңыр қаласындағы өкілдігінің бастықтары:
1) ішкі істер органдары жеке құрамының осы бұйрықты зерделеуін, сондай-ақ Қағидаларда көзделген қызметтік құжаттаманы дайындауды қамтамасыз етсін;
2) ішкі істер органдарының жұмысын осы бұйрықтың талаптарына сәйкес ұйымдастырсын.
3. Осы бұйрыққа 4-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің кейбір бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын.
4. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті (И.В. Лепеха):
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді және оны ресми жариялауды қамтамасыз етсін;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
5. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары полиция генерал-майоры Е.З. Тургумбаевқа және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитетіне (И.В. Лепеха) жүктелсін.
6. Осы бұйрық 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілетін Көлiк құралының сәйкестендіру нөмірі бойынша көлік құралдарының жекелеген түрлерiн мемлекеттiк тiркеу және есепке алу қағидаларының 17-тармағының 14), 15) және 16) тармақшаларын қоспағанда, алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр
полиция генерал-лейтенанты Қ. Қасымов
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер Министрінің м.а.
____________ Р. Жошыбаев
2014 жыл «__» _________
Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрінің
2014 жылғы 2 желтоқсандағы
№ 862 бұйрығына 1-қосымша
Көлік құралының сәйкестендіру нөмірі бойынша көлік құралдарының жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу және есепке алу қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Көлiк құралының сәйкестендіру нөмірі бойынша көлік құралдарының жекелеген түрлерiн мемлекеттiк тiркеу және есепке алу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) көлік құралының сәйкестендіру нөмірі бойынша көлік құралдарын тiркеудің және есепке алудың бiрыңғай тәртiбін белгілейді.
2. Қағидалар халықаралық қозғалысқа қатысатын, басқа мемлекеттің құзыретті органында тіркелген және Қазақстан Республикасына бір жылдан аспайтын мерзімге әкелінген көлік құралдарына және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа әскерлері мен әскери құрылымдарының механикалық көлік құралдарына және олардың тіркемелеріне қолданылмайды.
3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) дипломатиялық корпуспен жұмыс жөніндегі ұйым – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Қазақстан Республикасында тіркелген дипломатиялық өкілдіктермен, халықаралық ұйымдармен және/немесе олардың өкілдіктерімен, консулдық мекемелермен және Қазақстан Республикасында аккредиттелген олардың қызметкерлерімен жұмыс жөніндегі ведомстволық бағынысты ұйымы;
2) жоғары сұранысқа ие мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері (бұдан әрі – МТНБ) – жеке және заңды тұлғалар көлік құралдарының 001, 002, 003, 004, 005, 006, 007, 008, 009, 100, 111, 200, 222, 300, 333, 400, 444, 500, 555, 600, 666, 700, 777, 800, 888, 900, 999 цифрлық белгідегі мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері;
3) жол қозғалысының шетелдік қатысушылары – 1961 жылғы «Дипломатиялық қатынастар туралы» Вена конвенциясына және 1963 жылғы «Консулдық қатынастар туралы» Вена конвенциясына сәйкес артықшылықтар мен иммунитеттерге ие, Қазақстан Республикасында тіркелген дипломатиялық өкілдіктер, халықаралық ұйымдар және/немесе оның өкілдіктері, консулдық мекемелер және Қазақстан Республикасында аккредиттелген олардың қызметкерлері, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар, сондай-ақ шетел қатысуымен заңды тұлғалар, Қазақстан Республикасында тіркелген шетелдік заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктері;
4) көлік құралын тіркеу туралы куәлік (бұдан әрі – КҚТК) – көлік құралының жол қозғалысына қатысуға жіберілгенін растайтын құжат;
5) көлік құралын мемлекеттік тіркеу, оның ішінде көлік құралын бастапқы тіркеу – құжаттардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігін тексергеннен, КҚТК мен МТНБ бере отырып, көлік құралының сәйкестендіру нөмірлерін салыстыра тексергеннен кейін уәкілетті орган жүзеге асыратын, көлік құралының жол қозғалысына қатысуына рұқсат беру рәсімі;
6) көлік құралын бастапқы тіркеу – Қазақстан Республикасының аумағында алғаш жүзеге асырылатын, көлік құралын мемлекеттік тіркеу;
7) көлік құралын есептен шығару – ішкі істер органдарының (бұдан әрі – ІІО) меншік иесі мекенжайының өзгеруіне байланысты Қазақстан Республикасында тіркелген көлік құралының тіркелген жерін өзгертуге, меншік құқығының өзгеруіне байланысты иелену құқығын тоқтатуға, кейіннен мәміле жасауға, кәдеге жаратуға (жарамсыз деп белгілеуге, есептен шығаруға), иесінің өтініші бойынша жол қозғалысына қатысуға рұқсатты уақытша тоқтатуға, уақытша әкетуді қоспағанда, көлік құралын Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге әкетуге, көлік құралын меншік иесінің заңды иелігінен шығаруға (айдап әкету, ұрлау) бағытталған қызметі;
8) көлік құралдарын мемлекеттік тіркеудің бірыңғай ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – БАЖ) – көлік құралдары және олардың иелері туралы мәліметтерді орталықтандырылған есепке алуды қамтамасыз ететін және көлік құралының сәйкестендіру нөмірін, сондай-ақ КҚТК мен МТНБ міндетті түрде көрсетіп, осы мәліметтерді орталықтандырылған есепке алуды қамтамасыз ететін мемлекеттік ақпараттық жүйе;
9) көлік құралдарын тіркеудегі өзгерістер – азаматтық заңнамада белгіленген құқықтық негіздер болған кезде БАЖ бен МТНБ-ге өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
10) көлік құралының сәйкестендіру нөмірі – БАЖ-да көлік құралын сәйкестендіруді жүргізуге мүмкіндік беретін, көлік құралын шығарушы берген, тізбектелген әріптік-цифрлық символдар түрінде көрсетілген көлік құралының жеке сериялық нөмірі;
11) көлік құралының иесі – көлік құралының меншік иесі, сондай-ақ көлік құралын шаруашылық жүргізу құқығында немесе жедел басқару құқығында не өзге де заңды негізде (жалға алу құқығы, көлік құралын басқару құқығына сенімхат, көлік құралын осы адамға беру туралы тиісті органның өкімі) иеленетін адам. Көлік құралын өзінің қызметтік немесе еңбек міндеттерін орындау үшін, оның ішінде көлік құралының меншік иесімен немесе өзге де иесімен еңбек және азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде басқаратын адам көлік құралының иесі болып табылмайды;
12) қайта жабдықтау – жол жүрісі қауіпсіздігіне ықпал ететін, көлік құралының конструкциясында көзделген құрамдас бөліктер мен жабдық бұйымдарын алып тастау немесе көзделмегендерді орнату;
13) МТНБ – мемлекеттің меншігі болып табылатын және жеке әріптік-цифрлық белгіні қамтитын, механикалық көлік құралына берілетін және ұлттық стандарттың талаптарына сәйкес жасалған бұйым. Бұл түсінік «Транзит» МТНБ-ге таралады;
14) нөмірлік агрегат – көлік құралының шанағы, шассиі, рамасы, кабинасы;
15) техникалық құжат – көлік құралының оның техникалық параметрлеріне сәйкестігін белгілеуге мүмкіндік беретін ақпаратты қамтитын құжат (КҚТК, басқа мемлекетте берілген КҚТК, көлік құралының паспорты, дайындаушы зауыттың қабылдап алу-беру актісі);
16) тіркеу-емтихан пункті (бұдан әрі – ТЕП) – көлік құралдарын тіркеу және есепке алу бойынша рәсімдерді жүзеге асыратын, оның ішінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) ғимараттары мен үй-жайларында орналастырылған ІІО бөлінісі.
Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ішкі істер министрінің 07.12.2015 № 999 (алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР Ішкі істер министрінің 26.01.2016 № 73 (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
2. Көлік құралының сәйкестендіру нөмірі бойынша көлік құралдарының жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу және есепке алу
4. Көлiк құралдары жеке тұлғалардың атына олардың тұрақты тіркелген тұрғылықты жері бойынша тiркеледi.
Көлік құралдарын заңды тұлғалардың атына мемлекеттік тіркеу олардың тіркелген заңды мекенжайы бойынша, ал филиалдар мен өкілдіктерінің атына – олардың орналасқан жері бойынша жүргізіледі.
5. Көлiк құралының иесi бiрлескен меншiк құқығы туралы куәлiктi ұсынған жағдайда КҚТК-нің «Ерекше белгiлер» бөліміне: «Тең иесі – Т.А.Ә.» деген жазба енгізіледі.
6. Меншік иелері он төрт жасқа жетпеген кәмелетке толмаған азаматтар болған жағдайларда көлік құралдарын тіркеу және есептен шығару олардың атынан ата-аналары (асырап алушылар) немесе қамқоршылық және қорғаншылық органдары, ал меншік иелері 14 жастан 18 жасқа дейінгі адамдар болған жағдайда ата-аналарының (асырап алушылардың) немесе қамқоршылық және қорғаншылық органдарының жазбаша келісімімен осы адамдар жасайды.
7. Жол қозғалысының шетелдік қатысушыларының көлік құралдарын тіркеу және есептен шығару дипломатиялық корпуспен жұмыс жөніндегі ұйым арқылы жүргізіледі.
8. ІІО жүзеге асыратын, жеке жеңіл көлік құралдарын, мотоциклдер мен мотороллерлерді қоспағанда, көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу және есептен шығару Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 19 шілдедегі № 747 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы әскери-көлiк мiндеттілігi туралы ереженің6-тармағына сәйкес жүргізіледі.
9. Көлік құралдарын тіркеу, тіркеуге өзгерістер енгізу, есептен шығару кезінде көлік құралы мен иесі туралы барлық қажетті деректер БАЖ-ға енгізіледі.
10. Көлік құралын тiркеу және/немесе есептен шығару, КҚТК мен МТНБ беру, КҚТК-ге (жоғалған, пайдалануға жарамсыз құжаттың орнына тіркеу құжатын беруді қоспағанда) өзгерістер енгізу кезінде көлік иелерi нөмірлік агрегаттардың көрсетілген құжаттардағы және/немесе БАЖ-дағы есепке алу деректерiне сәйкестігін салыстырып тексеру мақсатында көлiк құралын ТЕП-ке әкеледі.
Сырттай қарау процесінде:
1) тiркелетiн көлiк құралы конструкциясының қауiпсiздiгін;
2) түстi графикалық сызбаларды, тану белгiлерiн, жазуларды, арнайы жарық және дыбыс сигналдарын салу талаптарына сәйкес келетін жедел және арнайы қызметтердің көлiк құралдарын;
3) нөмірлiк агрегаттар мен МТНБ түпнұсқалығын (жасырын, жалған немесе қандай да бір өзге тәсiлдермен өзгертілген нөмірлік агрегаттарды, сондай-ақ МТНБ анықтау) және олардың көлiк құралдарының құжаттарында және/немесе БАЖ-да көрсетiлген деректерге сәйкестігін тексеру жүзеге асырылады.
Дайындалған көлік құралдарының конструкциясы, оның ішінде олардың құрамдас бөліктерінің, қосымша құрал-жабдық заттарының, қосалқы бөлшектерінің және жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты бөлігінде керек-жарақтардың конструкциясы белгіленген техникалық регламенттердің талаптарына сай болуы тиіс.
Тіркелген көлік құралының конструкциясына, оның ішінде оның құрамдас бөліктерінің, қосымша жабдықтар заттарының, қосалқы бөлшектерінің және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал ететін керек-жарақтарының конструкциясына өзгерістер енгізілгеннен кейін Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен сәйкестігін қайта растауды жүргізу қажет.
Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ішкі істер министрінің 12.04.2016 № 383 (алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
11. Көлік құралын байқау нәтижелері осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша көлік құралын тіркеу (есептен шығару) актісінде көрсетіледі және тегін, күнін көрсете отырып, байқауды жүргізген лауазымды адамның қолымен расталады, Мемлекеттік корпорацияда байқау нәтижелері ақпараттық жүйеде қалыптастырылады және көлік құралын байқауды жүзеге асыруға уәкілетті қызметкердің электрондық цифрлық қолтаңбасымен расталады.
Көлік құралын байқау нәтижелері күнтізбелік жиырма күн жарамды болады.
Ескерту. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ішкі істер министрінің 26.01.2016 № 73 (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
12. Осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша көлік құралының орналасқан жері бойынша жасалған, уәкілетті орган қызметкерінің қолымен және мөрімен расталған көлiк құралдарын байқау актілерін ұсынуға рұқсат етіледі. Актінің жарамдылық мерзімі - күнтізбелік жиырма күн.
13. ТЕП лауазымды адамдары және Мемлекеттік корпорация жұмыскерлері тіркеу іс-қимылдарын жасау кезiнде жеке басты куәландыратын құжаттың негізiнде көлiк құралдары иелерiнің жеке басын сәйкестендіреді.
Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ішкі істер министрінің 26.01.2016 № 73 (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
14. Жеке тұлға болып табылатын, көлiк құралы иесiнiң өкiлi өтініш білдірген жағдайда азаматтық заңнамаға сәйкес берілген құжаттың негiзiнде көлiк құралын тіркеу кезiнде иесінің мүдделерiн білдіруге оның өкiлеттiгi тексерiледi. Заңды тұлға өкілінің өкiлеттiгi басшысының немесе уәкілеттік берілген өзге адамның қолымен және заңды тұлғаның мөрiмен расталған сенiмхатпен немесе көлік құралын тіркеу актісіндегі басшының қолымен және заңды тұлғаның мөрімен расталады.
15. Кәмелетке толмаған адамның туу туралы куәлiгiн ұсынған жағдайда жеке басын анықтау оның ата-аналарының (асырап алушылардың), қамқоршыларының (қорғаншыларының) немесе қамқоршылық және қорғаншылық органдары өкілдерінің қатысуымен жүргізіледі.
16. Тiркеу іс-қимылдарын жасау үшін көлік құралдарының иелерi:
1) көлік құралын тіркеу (есептен шығару) актісін;
2) жеке басты куәландыратын құжатты;
3) алып тасталды - ҚР Ішкі істер министрінің 07.12.2015 № 999 (алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен;
4) мыналарды:
«Салық және бюджетке төленетін басқа да төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (бұдан әрі – Салық кодексі) белгіленген баждар мен алымдардың төленгенін;
Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінде белгіленген, көлік құралдарын бастапқы тіркеу кезінде өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерді орындағанын растайтын құжаттарды;
5) алып тасталды - ҚР Ішкі істер министрінің 07.12.2015 № 999 (алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен;
6) тіркейтін орган беретін, заңды тұлғаның мемлекеттік тіркелгенін (қайта тіркелгенін), филиалдың (өкілдіктің) есепке алынып тіркелгенін (қайта тіркелгенін) растайтын анықтаманың көшірмесін;
7) техникалық құжатты;
8) дайындаушы зауыттың немесе Қазақстан Республикасының шегінде көлiк құралына арнайы (немесе мамандандырылған) жабдықты орнатқан кәсiпорынның сертификатын немесе әкелінген жабдыққа тиiстi кедендiк құжаттарды, сәйкестік сертификатын;
9) кері әкету туралы мiндеттемемен Қазақстан Республикасына әкелінген көлiк құралдарының МТНБ, КҚТК және/немесе тiркеу құжаттарын;
10) осы Қағидалардың 12-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, көлік құралын;
11) дипломатиялық корпуспен жұмыс жөніндегі ұйымның жолдамасын (жол қозғалысының шетелдік қатысушылары үшін);
12) заңды тұлғаның өзінің құрылымдық бөлімшесіне немесе басқа заңды не жеке тұлғаға көлік құралын бөлу және беру туралы мөрмен расталған бұйрығын (өкімін);
13) көлiк құралына, нөмірлiк агрегатқа меншiк құқығын растайтын құжатты, оларға:
кедендік ресімдеуден өткенін растайтын құжаттар (кеден декларациясы, кедендік кіріс ордері, уақытша әкелген жағдайларда кері әкету туралы міндеттеме);
сот шешімінің, қаулысының сот растаған көшірмелері, орындауға жататын мемлекеттік органның әрекеттері туралы сот орындаушысының хабарламасы қоса берілген атқару парағы;
азаматтық заңнама талаптарына сәйкес жасалған шарттар, мәмілелер, куәлiктер, мүлікке мұрагерлік құқығы туралы құжаттар жатады;
14) Кеден одағы Комиссиясының 2011 жылғы 9 желтоқсандағы № 877 шешімімен бекітілген «Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының Техникалық регламентіне (бұдан әрі – 018/2011 КО ТР) 17-қосымшаға сәйкес нысан бойынша көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлікті:
жеке тұлғалар Кеден одағы/Еуразиялық экономикалық одақтың (бұдан әрі - КО/ЕЭО) бірыңғай кеден аумағына өз қажеттіліктері үшін әкелетін, айналымға шығарылатын көлік құралдарын мемлекеттік тіркеген кезде;
көлік құралын дайындаған сәттен бастап үш жылдан көп уақыт өткен жағдайда, бұрын КО/ЕЭО мүше болып табылмайтын мемлекеттерде жол жүрісіне қатысқан, Кеден одағының бірыңғай кеден аумағына әкелінетін көлік құралдарын заңды тұлғалар мемлекеттік тіркеген кезде;
жеке және заңды тұлғалар айналымға шығарылғанға дейін конструкциясына жеке тәртіппен өзгерістер енгізілген, сериялық өндіріс жағдайындағы; немесе сериялық өндірістен тыс жеке тәртіппен құрастыру жиынтығынан немесе жеке техникалық шығармашылық нәтижесі болып табылатын; немесе бұрын мемлекеттік қорғаныс тапсырысы бойынша жеткізілгендер қатарынан айналымға шығарылған көлік құралдарын мемлекеттік тіркеген кезде;
15) пайдаланудағы және қайта жабдықталуына байланысты Кеден одағының бірыңғай кеден аумағында тіркелген көлік құралын мемлекеттік тіркеген кезде 018/2011 КО ТР 18-қосымшаға сәйкес нысан бойынша көлік құралының оның конструкциясына енгізілген өзгерістермен қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі туралы куәлікті;
16) 018/2011 КО ТР 14 және 15-қосымшаларға сәйкес нысан бойынша көлік құралының түрін мақұлдауды, көлік құралы шассиінің түрін мақұлдауды:
көлік құралын дайындаған сәттен бастап үш жылдан аз уақыт өткен жағдайда, заңды тұлғалар Кеден одағы/Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын елдерден әкелінетін, айналымға шығарылатын көлік құралдарын мемлекеттік тіркеген кезде;
жеке және заңды тұлғалар Кеден одағы/Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден әкелінетін, айналымға шығарылатын көлік құралдарын мемлекеттік тіркеген кезде;
Көлік құралының иесі Мемлекеттік корпорацияға жүгінген кезде осы тармақтың 1) және 6) тармақшаларында көрсетілген құжаттар ұсынылмайды.
Ескерту. 16-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ішкі істер министрінің 07.12.2015 № 999 (алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 26.01.2016 № 73 (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 12.04.2016 № 383 (алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.
17. Көлік құралын мемлекеттік тіркеуді жүргізуге өшірілген не қосып жазылған, сызылған сөздерi және басқа да, сондай-ақ қарындашпен жазылған түзетулерi бар және егер ондағы мәтін анық көрінбеген жағдайда құжаттар қабылданбайды. Жеке тұлғалардың тегі, аты және әкесінің аты тұрғылықты тіркелген жері мекенжайының деректері көрсетіле отырып, ал заңды тұлғалардың, олардың филиалдарының және өкілдіктерінің атаулары қысқартусыз және олардың заңды мекенжайлары көрсетіле отырып толық ұсынылады. Көлік құралдарын тіркеуді жүргізу үшін ұсынылатын құжаттардың көшірмелері аталған құжаттарды берген заңды тұлға мөрінің түпнұсқасымен расталады.
18. Мемлекеттік және орыс тілдерінен басқа тілде жасалған, көлiк құралдарын тіркеу үшін ұсынылатын құжаттар мемлекеттік немесе орыс тiлдерiне аударылады және аударманың дұрыстығы туралы нотариустың не осындай іс-әрекеттерді жүргізуге құқығы бар басқа лауазымды адамның қолымен куәландырылған болуы тиіс.
19. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес көлік құралдарына енгізілген ауыртпалықтар, сондай-ақ кері әкету туралы міндеттемемен Қазақстан Республикасына уақытша әкелiнген көлiк құралдарын шетелге әкету мерзiмi БАЖ-ға енгізіледі.
Осы тармақта көрсетілген мәліметтерді өзгерту тиісті тыйымдар мен шектеулерді енгiзген органдар берген құжаттардың негiзiнде жүргізіледі.
20. Арнайы жарық және дыбыстық сигналдар беруге арналған құралдармен жабдықталған көлiк құралдарының КҚТК-не «дыбыстық және (арнайы маяктың нақты түсi көрсетiледi) жарық сигналдары» деген жазба жазылады.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік стандарттарында көзделген көлік құралдарына арнайы жарық және дыбыс сигналдарын беру мен түрлі-түсті графикалық сызбаларды қолдануға арналған құралдармен жабдықтау құқығының тоқтатылуына байланысты тіркеу есебінен алу және тіркеу мәліметтерін өзгерту көрсетілген аспаптар бөлшектелгеннен және түрлі-түсті графикалық сызбалар жойылғаннан кейін жүргізіледі.
21. Көлік құралдарын мемлекеттік тіркеуді, сондай-ақ есептен шығаруды жүргізер алдында көлік құралын, иесін және иесінің өкілін олардың іздестіруде болуы мәніне ІІО ақпараттық ресурстары бойынша тексеру жүзеге асырылады. Жүргізілген тексеру нәтижесі көлік құралын тіркеу актісінде тексеру жүргізілген күнді, тексеру жүргізген уәкілетті қызметкердің тегін, қолын көрсете отырып белгіленеді.
22. Ұсынылған құжаттарды, МТНБ-ны қолдан жасау белгілері, зауыттық таңбалаудың өзгертілгені, агрегаттар нөмірлерiнiң ұсынылған құжаттарға немесе тiркеу деректерiне сәйкес келмейтіні анықталған кезде, сондай-ақ көлiк құралының (нөмірлiк агрегаттардың), иесінің немесе ұсынылған құжаттардың iздестіруде екенi туралы мәліметтер болса, ІІО қызметкері дереу ІІО кезекші бөліміне ақпарат береді, көлiк құралдары ұсталады, ал құжаттар тиісті аумақтық ІІО-ға берiледi.
Соғылған, егелген нөмірлiк агрегаттар, іздестіру бойынша есептен шығарылмаған көлік құралдары тiркеуге жатпайды.
23. Тіркелген техникалық ақаусыз көлiк құралдарына тиісті үлгідегі КҚТК, МТНБ беріледі. Автомобильдер мен автобустарға екі, ал мотокөлiк құралдары мен тiркемелерге бiр МТНБ берiледi.
24. Дайындаушы кәсiпорындардан, автожөндеу зауыттарынан, мемлекеттік кіріс органдарынан және сауда ұйымдарынан тiркеу орнына өз жүрiсiмен жеткiзiлген, сондай-ақ тұрғылықты жерiнің немесе меншiк құқығының өзгеруiне байланысты есептен шығарылған көлiк құралдарына бiр рет пайдалану үшін «Транзит» МТНБ-ны тиiсiнше дайындаушы ұйымдар немесе ТЕП береді.
«Транзит» МТНБ беру кезінде көлiк құралдарына меншік құқығын растайтын құжаттарда көрсетілген белгiлердiң сериясы, нөмірi, берілген күнi мен жарамдылық мерзiмi көрсетiледі және осы жазбаларды жазған ұйымдардың мөрлерiмен куәландырылады.
«Транзит» МТНБ қолданылу мерзiмi – берiлген күнінен бастап күнтізбелік он күн.
«Транзит» МТНБ қолданылу мерзімін ұзартуды ТЕП қызметкері бір рет жүзеге асырады. Ұзарту мерзімі – күнтізбелік он күн.
25. Көлік құралдары иелерінің қолда бар жоғары сұранысқа ие МТНБ тізбесіне (бұдан әрі - тізбе) қолжетімділігі тиісті ақпаратты ТЕП пен Мемлекеттік корпорация үй-жайларында стендтерде және ақпараттық тақталарда орналастыру жолымен ұйымдастырылады.
Ескерту. 25-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ішкі істер министрінің 26.01.2016 № 73 (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
26. Көлік құралының иесі жүгінген кезде ТЕП-тің лауазымды адамы мен Мемлекеттік корпорация жұмыскері көлік құралының иесі көрсеткен жоғары сұранысқа ие МТНБ-ны тізбеден алуды жүргізеді және ақпаратты БАЖ-ға енгізеді.
Ескерту. 26-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ішкі істер министрінің 26.01.2016 № 73 (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
27. Бұрын жоғары сұранысқа ие МТНБ тіркелген көлік құралын мемлекеттік есептен шығарған жағдайда бұл нөмірлік белгі ТЕП-ке сақтауға тапсыруға жатады.
28. Бұрын ТЕБ-ке сақтауға тапсырылған және ҚР СТ 986-2012 МемСТ талаптарына сәйкес келетін жоғары сұранысқа ие МТНБ көлік құралы иесінің сұрау салуы бойынша ол жаңадан сатып алған көлік құралына қайта беріледі.
Бұл ретте көлік құралының иесі МТНБ беру үшін айлық есептік көрсеткіштің (бұдан әрі – АЕК) 280 пайызы көлемінде мемлекеттік баж төленгенін растайтын құжатты ұсынады.
29. Жоғары сұранысқа ие МТНБ-ның телнұсқасын берген кезде көлік құралының иесі МТНБ беру үшін АЕК-ның 280 пайызы көлемінде мемлекеттік баж төленгенін растайтын құжатты ұсынады.
30. Бұрын пайдалануда болған МТНБ-ларды өзге көлік құралдарының иелеріне беруге жол берілмейді.
Ескерту. 30-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ішкі істер министрінің 12.04.2016 № 383 (алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
31. Тіркеуге бөлінген уақыт кезеңінде көлік құралы тіркеу әрекеттерін жүргізу алдында оны тексеруге ұсыну мақсатында, сондай-ақ көлік құралын байқап тексеру барысында анықталған ақауларды жою үшін жеткізу кезінде – көлік құралын тіркеу (есептен шығару) актісінде уәкілетті органның лауазымды адамдарының тиісті белгілері қойылған кезде ТЕП-ке әкелінеді.
32. Ауыртпалығы бар көлікке құжаттар мен МТНБ телнұсқалары тиісті шектеулерді қойған органдар берген рұқсат беру құжаттарының негізінде беріледі.
33. Есептен шығарылған көлiк құралдарының тiркеу құжаттары жоғалған жағдайда ТЕП көлiк құралының иесіне орналасқан жеріне қарамастан бұрын тiркелгені туралы анықтама-растау береді. ТЕП көлік құралының бұрынғы тіркелген жері бойынша сұрау салу жібереді, олардың орындалуы сұрау салуды алған күннен бастап 3 жұмыс күні iшiнде міндетті болып табылады.
34. Көлік құралдарын тіркеу актілері, көлiк құралдарына (нөмірлiк агрегаттарға) меншік құқығын растайтын құжаттар, Қазақстан Республикасына әкелiнген көлiк құралдарын тіркеген мемлекеттердің және Қазақстан Республикасының тіркеу құжаттары мен МТНБ (егер оларды кеден органы алмаған болса) және «Транзит» МТНБ ТЕП-ке тапсырылады.
35. Кері әкету туралы міндеттемемен Қазақстан Республикасының аумағына екi айдан астам мерзiмге уақытша әкелiнген көлiк құралдарын мемлекеттік тiркеу иелерiне кедендік құжаттарда көрсетiлген олардың әкелінген мерзiміне КҚТК мен МТНБ бере отырып жүргізіледі. Өзге мемлекеттердің тiркеу құжаттарының және МТНБ түпнұсқалары ТЕП-те сақталады.
36. Жол қозғалысының шетелдік қатысушыларына тиесілі көлік құралдарына мынадай сериядағы МТНБ беріледі:
«D» - Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктердің, халықаралық ұйымдардың және/немесе олардың Қазақстан Республикасында тіркелген өкілеттіктері, консулдық мекемелері қызметкерлерінің қызметтік және жеке көлік құралдарына;
«Т» - Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктердің, халықаралық ұйымдардың және/немесе олардың Қазақстан Республикасында тіркелген өкілеттіктерінің, консулдық мекемелерінің әкімшілік-техникалық қызметкерлерінің қызметтік және жеке көлік құралдарына;
«НС» - Қазақстан Республикасында аккредиттелген шетелдік мемлекеттердің құрметті консулдарының көлік құралдарына;
«М» - Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген шетелдік заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктерінің көлік құралдарына;
«Н» - Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген шетелдік азаматтардың қатысуымен заңды тұлғалардың көлік құралдарына;
«F» - шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдардың көлік құралдарына;
«D», «T», «HC» сериясындағы МТНБ-сы бар көлік құралдарының жол қозғалысына қатысуы үшін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық корпусымен жұмыс жөніндегі ұйым беретін стикердің болуы қажет.
«D», «T», «HC» сериясындағы МТНБ-ның қолданылу мерзімі стикерде көрсетілген мерзімге тең.
37. Ақаулы көлік құралдарының қосалқы бөлшектерінен және агрегаттарынан жиналған, техникалық регламенттерді бұза отырып, қайта жабдықталған көлік құралдары тіркеуге алынбайды.
38. Жасалған тіркеу әрекеттері, тiркелген көлiк құралдары, көлік құралдарының меншік иелері мен иелерi туралы мәліметтер, сондай-ақ тіркеу әрекеттерін жасау үшін негіз болған құжаттар (құжаттардың көшірмелері) жазбаша сұрау салу негізінде соттарға, құқық қорғау органдарына олардың өндірісіндегі қылмыстық, азаматтық істерге, әкімшілік құқық бұзушылық істерге байланысты, сот орындаушыларына олардың сот актілерін немесе басқа да органдардың актілерін орындауы бойынша функцияларды жүзеге асыруына байланысты, сондай-ақ мемлекеттік кіріс органдарына және басқа органдарға өз функцияларын орындау үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шарттарда және тәртіппен ұсынылады.
39. Лизингке сатып алынатын көлік құралдары «Қаржы лизингі туралы» Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 5 шілдедегі Заңының және осы Қағидалардың 16-тармағында көрсетілген құжаттардың негізінде тіркеледі.
40. Жеке немесе заңды тұлға меншігіне сатып алған және лизинг шарты немесе қосалқы лизинг шарты негізінде жеке және заңды тұлғаға уақытша пайдалануға не иеленуіне берілген көлік құралдары лизинг беруші немесе лизинг алушы тараптардың жазбаша келісімі бойынша тіркеледі.
41. Көлік құралдарын лизинг берушінің атына мемлекеттік тіркеуді, өзге тіркеу әрекетін жасауды және осындай көлік құралдарын тіркеу есебінен шығаруды ТЕП жалпы негіздерде лизинг берушінің заңды тіркелген жері бойынша жасайды.
42. Көлік құралдарын лизинг алушының атына тіркеуді көздейтін лизинг немесе қосалқы лизинг шартының негізінде лизинг беруші лизинг алушыға уақытша иеленуге және (немесе) пайдалануға берген көлік құралдары лизинг не қосалқы лизинг шартының негізінде лизинг алушының атына орналасқан орны бойынша шарттың қолданылу мерзіміне ТЕП-те тіркеледі.
Көлік құралдарын лизинг алушының атына уақытша мемлекеттік тіркеу лизинг немесе қосалқы лизинг шартында не Қазақстан Республикасының аумағына көлік құралдарын уақытша әкелген кезде мемлекеттік кіріс органдары беретін құжаттарда көрсетілген мерзімге МТНБ және КҚТК бере отырып жүргізіледі.
Көлік құралдарын лизинг берушінің атына тіркеу орны бойынша ТЕП берген МТНБ және КҚТК, сондай-ақ лизинг берушінің атына тіркелген немесе тіркелмеген көлік құралдарына берілген лизинг немесе қосалқы лизинг шартының көшірмелері (ксерокөшірмелері) көлік құралдарын лизинг алушының атына уақытша тіркеу орны бойынша ТЕП-ке тапсырылады.
43. Қазақстан Республикасының аумағына басқа мемлекеттерден уақытша әкелінген көлік құралдарының тіркеу құжаттары және тіркеу нөмірлік белгілері көлік құралдарын тіркеу орны бойынша ТЕП-ке тапсырылады және лизинг алушының атына тіркеледі.
44. Лизинг берушінің атына тіркелген немесе көлік құралдарына меншік құқығының лизинг алушының атына ауысуын көздейтін лизинг шартының негізінде лизинг алушының атына уақытша тіркелген көлік құралдары тиісті тіркеу есебінен шығарылады және Қазақстан Республикасының аумағына уақытша әкелінген көлік құралын кедендік ресімдеу аяқталған кезде көлік құралына меншік құқығының ауысуы туралы лизинг берушінің жазбаша растауының, лизинг шартының негізінде лизинг алушының атына тіркеледі.
Көлік құралдарына меншік құқығының лизинг алушыға ауысуын көздемейтін лизинг шартының мерзімі аяқталған соң көлік құралдары тиісті есептен шығарылады және лизинг алушының атына тек осындай көлік құралдарына лизинг алушының меншік құқығын растайтын тиісті құжаттардың негізінде ғана, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағына уақытша әкелінген көлік құралдарын кедендік ресімдеу аяқталған кезде тіркеледі.
45. Лизинг берушінің тиісті жазбаша өтінішінің негізінде лизинг беруші лизинг шартын бұзған және көлік құралын лизинг алушының атына уақытша тіркелген көлік құралдарын алып қойған жағдайда, мұндай көлік құралдары тіркеу есебінен шығарылады.
46. Лизинг алушының атына уақытша тіркелген көлік құралдарының тіркеу деректерін өзгерту лизинг алушы көлік құралдарына күрделі және/немесе ағымдағы жөндеуді жүзеге асырған жағдайда ғана, оның ішінде егер бұл шартта көзделген болса, нөмірлік агрегаттарды ауыстыра отырып жүргізіледі.
Көрсетілген жағдайларда тіркеу деректерін өзгертуді берілген тіркеу туралы куәлікті ауыстыру және көлік құралдарының паспорттарына тиісті өзгерістер енгізу арқылы көлік құралдарын лизинг алушының атына уақытша тіркеу орны бойынша ТЕП жүзеге асырады.
47. Лизинг алушының атына көлік құралдарының уақытша тіркелу мерзімі аяқталған кезде осы көлік құралдары лизинг алушының өтініштері негізінде тіркеу есебінен шығарылады. Лизинг алушыларға берілген МТНБ және КҚТК көлік құралдарын уақытша тіркеу орны бойынша ТЕП-ке тапсырылады. Өтініш берушілерге олардан қабылданған тіркеу құжаттары мен лизинг берушінің атына тіркелген көлік құралдарына МТНБ қайтарылады.
Қазақстан Республикасының аумағына уақытша әкелінген көлік құралдарын оларды Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге әкетуге байланысты тіркеу есебінен шығарған кезде өтініш берушілерге көлік құралын тіркеу есебінен шығару туралы белгісі бар КҚТК беріледі, сондай-ақ көлік құралы тіркелген шет мемлекеттердің тіркеу нөмірлері қайтарылады, ал олар болмаған кезде «Транзит» МТНБ беріледі.
48. Жеңілдетілген кедендік тариф бойынша Қазақстан Республикасына әкелінген арнайы көлік құралдары кедендік жеңілдіктер қолданылмайтын көлік құралының басқа түріне қайта жабдықталған жағдайда, мемлекеттік кіріс органдарының тиісті рұқсатын ұсынғаннан кейін тіркеледі.
Достарыңызбен бөлісу: |