Семей қаласы. Ертіс өзенінің жағасы. Өзеннің үлкен қала жақтағы паром, қайық тоқтайтын жиегі. Қала бейнесі айқын көрінеді. Әсіресе, Воскресенский алаңы, қазақ орыс шеркеуі ерекше көзге түседі. Ертістің арғы бетіндегі «Заречная слабодка» қаласы да аулағырақтан айқын көрінеді. Перде ашылғанда шіркеу қоңырауының үні, алыстан ақтың әскерлерінің өлең айтқан дауысы естіледі. Қайықшы киімін киген Шалтай котельге шай қайнатып отыр. Жағада төңкерілген ескі қайықтың үстінде трубкамен шылым тартып, балық салған болып партизан отырады. Әрлі - берлі өтіп ақтардың сақшы солдаты жүреді.
Шалтай. /от жағып отырып ыңырсып ән салады/
Ертістің ар жағынан көрдім сені,
Сырғаңды қайық қылып өткіз мені.
Сырғыңды қайық қылып өткізбесең,
Болсаң да хордың қызы алам сені.
/Сақшы аулағырақ кеткенде балық салып отырған партизанмен сөйлеседі/.
Е... тамыр, қалай балық тарта ма?
Партизан. /артына қарап/. Тартады. Шортан іліне ме деп отырмын.
Шалтай. Темекі бар. Махорка, ә?
Партизан. Кел тарт.
Шалтай. Ой рахмет.
Қасына барып шылым орайды.
Партизан. Олжабай қалай кешікті?
Шалтай. Тез оралам деген. Аналармен шатасып қалмаса.
Партизан. Олжабай олармен қалай сөйлесуді біледі. Сендерге баратын «қонақтарды» байқадың ғой. Артиллериясы, автомобиль отряды бар.
Шалтай. Иә... қонақ мол.
Солдат келе жатады.
Шалтай. Махоркаң ашты, крепкий махорка. Е... жақсы болды.
От басына кетеді. Солдат та бұларға қарап өтіп кетеді. Шалтай әндетіп от жаға береді. Қолында дорбасы бар Олжабай келеді.
Олжеке келдіңіз бе?
Олжабай. Атаңа нағлеттің арағын әрең таптым. /Солдат жаққа иегін көтеріп/ Ананың атасының асы ғой... Сабыржанға айт Нұржанның Ерғалиін ана атаңа нәлеттер жауып тастапты. Тірі құтылар ма екен байғұс... Азамат еді. /Пакетті беріп/. Иә, өрте мынауыңды. Пәле болды.
Шалтай алып отқа тастайды.
Шалтай. Қалада не боп жатыр, Олжеке?
Олжабай. Не болсын. Шеркеуін даңғырлатып, сырнайлатып-кернейлетіп жатқан жоқ па. Аржаққа өтпек қой бүгін. Олжабай аман болса өткізер атаңа нәлеттерді. /партизанға айғайлап/ Әй, балықшы, бері кел. Балық бар, ә.
Партизан. Бар, бар.
Олжабай. Әкел бері. Мен саған арақ, самогон берейін. Құй Шалтай!
Партизан. Ой рахмет!
Партизан келеді. Қастарынан солдат өтіп бара жатады.
Олжабай. Ей, солдатушка, кел /арақ құйып/. Мынаны жұтып жібер.
Солдат. Нет, нет... мен постыда.
Олжабай. Қай атаңа нәлет жау келіп тұр. Іш! Біз тамыр, друзия. Давай іш!
Солдат. Начальниктер білсе жаман.
Бәрі «Іш, іш» десіп жатады.
Олжабай. Начальник-машальник, не ол. Біз свой. Іше бер. /Солдат арақта қағып салып, рахмет айтып жүріп кетеді/.
Ал, Ермалай Метрш, ақтар шіркеуге жиналып, алласына сиынып жатыр. Намаздан соң арғы бетке өтеміз дейді ғой, атаңа нәлеттер. Менен бірдеңе білгілері келді-ау деймін. Бірақ, ашып айтпады. Тегі бізге сенбейді.
Партизан. Олар халыққа сенбейді. Еңбек елінен есі кетіп қорқады. Большевиктерді құртпақ. Халықты басшысыз қалдырмақ. Халықтың қанын судай төгіп, революцияны тұншықтырмақ. Әскердің күшімен, найзаның ұшымен үстемдік құрмақ. Жоқ. Ол болмайды. Халық ешқашан құрымақ емес. Ендеше большевиктерді де құрыта алмайды. Жаудың күні санаулы. Бұлар кәзір күзгі күнгі қалың қара шыбын сияқты, өлер алдында аянбай шағады.
Олжабай. Бұл жауыздардың ендігі бет алысы қай жақ өзі?
Партизан. Жетісуды басып алып, Ташкентке тартпақ. Ондағы Түркістан Совет өкіметін құлатып, Мәскеуге аттанбақ. /Шалтайға/ Ашынған жау жаралы қабандай ызалы. Енді бар күшін жиып, Аякөздегі советке, сендерге салмақ.
Олжабай. Сабыржан да соны сезіп, Шалтайды бізге жіберіп отыр ғой.
Шалтай. Комиссар әдейі сіздерге жіберді.
Партизан. Біздің жасырын большевиктер ұйымы жауға қарсы жан-жақты шабуылға шығуды ұйғарды. Жетісуда жаудың желкесін қию. Ұран сол, достар.
Олжабай. Біздің жігіттердің де алақаны қышып, «аттан» қай күні шығады деп, құлақ түріп, сақадай сай отыр.
Партизан. Олжеке, революцияның дұшпандары бірін-бірі ұлып тапқан қасқырдай, Семейге топталып отыр. Айла-тәсіл керек. Босқа арандауға болмайды. Сабыржан Ғаббасовқа сәлем. Аз уақытқа болса да ақтың әскерлерінің Ертістен өтуін шама келгенше бөгейміз. Заречная слабодка байланысын үземіз. Аржақтағы алаш орда отрядын талқандаймыз.
Шалтай. Біздің комиссардың тілегі де сол ғой.
Олжабай. Қысқасы жау Семейден сыбағасын алып кететін болады ғой, аман жібермейміз енді атаңа нәлеттерді.
Партизан. Сибирь партизандары Семейді ақтардан азат етуге аттанғалы отыр.
Олжабай. Шалтай, сен осының бәрін ұғып ал, айта бар Сабыржанға.
Шалтай. Құлаққа құйып жатыр ғой, Олжеке. Бәрін де жеткіземін. Сабыржан сеніп жіберген ініңіз аты Шалтай болғанымен өзі шалтай-балтайдың жігіті емес екенін өзіңіз де білесіз ғой енді, Олжеке!
Олжабай. Әй өзіме тартқан ожарым-ай!
Партизан. Енді қан майдан ұрыстың басы Аякөзден басталады. Ал, Олжеке, уақыт тар. Бүгінгі ісіміздің сәтті болуын ойлайық.
Олжабай. Алдымен Ертістің аржағына өткізбеу керек дедік қой... Бұл сұмдардан да арам айла құтылған ба...
Партизан. Ия?
Олжабай. Бізден аманатқа адам ұстап отырған жоқ па.
Партизан. Адам ұстап дейсіз бе, Олжеке.
Олжабай. Мені шақырып алып, ана штабы ма еді, не еді иттердің...
Партизан. Сонан соң?
Олжабай. Қашан әскер аман-есен арғы бетке өтіп болғанша, өзің осы жақта боласың деп қолымнан пәдпеске алды емес пе. Өзіміздің ақылдасқан іске кесел келмесін. Түйенің үлкен өткелі таяқ жейді ғой. Атаңа нәлеттердің көзін алдап, түйедей боп мен-ақ қалайын қолдарында. Әйтеуір маған мініп Ертістің аржағына өте алмайтыны хақ қой. Сендер түгел аржаққа өтіп кетіңдер. Тек ойлаған ісіміз сәтті болсын.
Шалтай. Ойбай-ау, Олжабай ағау, о не дегеніңіз.
Партизан. Ондай ерлікті қоя тұрыңыз, Олжеке.
Олжабай. Ой, ерлігім емес, шыным сол. Игілікті істі бүлдіріп алмайық деймін. Әйтпесе өзіне өлім тілеп, жанынан безе алмай жүрген Олжабай жоқ. /солдатты нұсқап/ Ананы кескегін ұстатып неге қойды дейсің.
Шалтай. Олжекеңді жау қолына беріп кеттік деп мен не бетіммен Сабыржанға көрінем. Қойыңыз, Олжеке.
Партизан. Аңдытып қойған кескектіні Олжекеңнің жолына құрбандыққа шаламыз – шешім сол.
Олжабай. Қасаптап кетейік дейсің ғой
Партизан. Әрине.
Олжабай. Қасаптаудан Олжабай қашпайды-ау... тек бүлдіріп алмайық.
Асығыс Фазылжан келе жатады. Қазақша киінген. Оны күзетші солдат тоқтатады. Фазылжан солдатқа документ көрсетеді. Солдат честь беріп қала береді.
Партизан. Міне біреуі кім?
Олжабай. Ойбай-ау Алаштың атаңа нәлеті ғой...
Фазылжан келеді.
Фазылжан. Ассалаумағалейкум, Олжеке.
Олжабай. Өзің немене Фазылжан мырза-ау. Төре пормоңды өзгертіп, ауыл мырзасына ұқсап кетіпсің мүлде.
Фазылжан. Олжеке, алыс сапарға бара жатырмын, Олжеке. Қимылдаңыз. Міне, ұйқылығым.
Қалтасынан ақша әпереді.
Партизан. Асығыс жолаушының жолын бөгемеңіз, қайықшы.
Олжабай. /ағайлап/. Әй, Айдарбек, мына мырзаны арғы бетке өткізіп тасташы. /Бір қайықшы келеді/. Ал, мырза отыра бер қайыққа. /Қайықшыға/ Мына атаңа нәлетті өткіз де өзің сол жақта бол. Барлық қайықтың күректерін, көрмелерін жинап тығып тастаңдар.
Бірінші қайықшы мақұл. Мақұл.
Партизан. Беретін белгіні айтыңыз.
Олжабай. Біз сырнайлатып, әндетіп жағадан жөнелгенде жол болды дей беріңдер.
Партизан. Ұрысқа әзір тұрыңдар.
І-қайықшы. Менің іздегенім бата оқыр ғой. Мақұл.
Кетеді. Қайықшы Фазылжанды алып жөнеледі.
Партизан. /Шалтайға/. Дәуде болса сенің Аякөзіңе бара жатқан жансыз.
Шалтай. Бәсе.
Олжабай. Нағыз атаңа нәлеттің өзі. Қасаптап тастау керек еді өзін.
Партизан. Үлкен істі бүлдіріп аламыз деген сол болады. Болмайды, Олжеке. Сабыр керек. Шалтай сен әлгіні ұмытпа. Танып ал.
Шалтай. Әкесінің терісін қаптап кисе де танимын енді.
Партизан. Ал, Олжеке шақыр жігіттерді. /Қарауылдағы солдатты нұсқап/ Ананы жайғастырайық та жөнелейік.
Олжабай. Әй, Аманжол, Қарабала, келіңдер сырнайларыңмен. Көңіл көтерейік. Келіңдер бері!
Екінші, үшінші қайықшы келеді. Біреуінің қолында гармонь бар.
Шалтай. Отырыңдар, жігіттер.
Гармонь тартылады. Арақ құйысып жатады.
Партизан. Олжеке, шақырыңыз.
Олжабай. Әй, солдатушка, кел тамыр!
Партизан. Ал, жігіттер, мылтық дауысы шықпасын. Жым-жырт жайлаңдар.
ІІ – қайықшы. Тұяқ серіпкізсем тұқымым құрысын.!
ІІІ – қайықшы - Маған қоя бер. Ененді ұрайынның кеңірдегінен қысып, горласын суырып алайын.
Солдат келіп қолына арақ ала бергенде, тасырлатып шауып келе жатқан аттың дүбірі естіледі. Партизан жігіттерге «тиме» деген ишарат білдіреді. Солдат тұра жөнеледі.
Партизан. Шортаны келе жатыр. Жанжал үлкенге кетті.
Олжабай. Атаңа нәлеттердің аузын ашырмаңдар.
Офицер келеді. Солдат честь беріп тыныштық екенін айтып жатады. Офицер қайықшыларға келеді.
Офицер. Бұл не сауық?
Олжабай. Тақсыр, сіздердің құрметтеріңізге, деп аздап ішіп жатырмыз, өзіңіз білетін арақ қой.
Офицер. Паромдар, қайықтар дайын ба?
Олжабай. Дайын тақсыр.
Офицер. Қане, қайда?
Олжабай. Арғы бетте.
Офицер. Қазір әскер өту керек. Сен арғы бетте бейсің. Подполковник Тоқтамышевқа бұйрық берілгені қайда.
Олжабай. Подполковник пе, шорт полковник пе, ол да аржақта шығар.
Офицер. Не дейді мына калбит!
Олжабай. Тақсыр тіліңізді тартыңыз, қайықшының мінезі жаман атаңа нәлетті... шатақ болар.
Офицер. Тоқтат!
Партизан. Ақырмаңыз, ақ офицер!
Офицер. Сен қай сволочсың? /солдатты шақырып/ Тінт мына мужикті!
Партизан. Тінтсін, тінтсін.
Солдат партизанды тінтіп жатады. Партизан екі қолын жоғары көтеріп тұрып, солдатты қаисыра құшақтап алып ұрады. Олжабай офицердің басына дожпезигін жаба салады. Екінші, үшінші қайықшы офицерге қона түседі. Офицердің, солдаттың қолын байлайды.
Олжабай. Тартыңдар, жігіттер қайықты!
Офицер мен солдатты қайыққа салып алып, есіп жөнеледі. Ақау Семей, тіл мен көмей... деп ән салып, гармондатып ұзап бара жатады. Сахна аз бос. Жағаға музыкалатып келе жатқан әскерлер, автомобиль дүрілі. Жүгіріп бір офицер шығады.
Офицер. Ей, паромщиктер! /айнала қарап/ Жер жұтқан ба бұл иттерді. /дүрбімен арғы бетті қарайды./ бар паром арғы бетте тұр. /Жан-жағына қарап/. Бұл жақта бір де қайық жоқ. Құрыдым мен!
Әскердің алды жағаға жақындап келіп қалғаны байқалады. Бронемашинаның алдыңғы жағы көрінеді. Машинадан Виноградов түсіп жүгіріп шығады. Оған офицер келіп:
Офицер. Господин, капитан, бір де бір паром, бірде бір қайық жоқ.
Виноградов. Сукин сын, сен кінәлі. Масқара! /Осы кезде арғы жағадан мылтық, пулемет дауысы естіледі. Сахнаға қолында кірес епископ, Ғинаш, Кирилл, Сидоров шығады/. Мә саған!
Виноградов офицерді атып өлтіреді. Епископ шоқынады.
Виноградов. Госпада, тағы большевиктер... Не сұмдық... Масқара!
Барлығы аңырап тұрып қалады.
Ш ы м ы л д ы қ.
Достарыңызбен бөлісу: |