ҮШІНШІ АКТ
Екінші картина
Толқынның үйі. Алғашқы пердедегідей. Перде ашылған да Күнікей далаға шығатын есіктен қарап сөйлеп жатады.
Күнікей. Аян, Аян. Алысқа ұзап кетпе. Осы үйдің маңайында ойна, айналайын. Қазір папаң келеді. /Есікті жабады/ Папаң десе елең ете түседі. Аумаған әкесінің мінезі. Бәрін де сезеді.
Ішкі бөлмеден Толқын шығады.
Толқын. Оны мұнда кім шақырды?
Күнікей. Шақырғаның не...
Толқын. Не дедің жаңа Аянға. Папаң келеді... Көзің әлі күнге дейін жетпеп пе еді? Дұшпаныңның қолында қол жаулық болып, бізді басқа теуіп отырған жоқ па...
Күнікей. Тепсе көтер. Кінә сенде, қызым.
Толқын. Өз басы бір сәрі. Кімнің, кімнің шырмауына түсіп жүр... Қашан саған Шәрбан дос еді. Көктен тілегенін жерден бергендей, мұқатты... Масқара, мазақ еттім деп отырған жоқ па... Сен кемпір оны білмейсің оны білмейсің де, анамын деп елдің бәріне де құшағыңды жаясың.
Күнікей. Шәрбан! Оның жазығы не?
Толқын. Жазығы күндеу. Өскенімді көре алмай алды-артынан ор қазады. Табалаушы дұшпаным...
Күнікей. /Сөзін бөліп/ Ақырын сөйлеші. Бұланжан асығыс бір жұмыстарын істеп жатыр. Бүгін жүремін дейді. Сенің қайғың оған да оңай тиіп жүр деймісің. Жә, ... анау дұшпан еді, мынау қас еді деп көрінгенге соқтықпа.
Кешірімді бол. Біреудің бағын біреу тартып ала алмайды. Шыныңды айтша. Болары болды, бояу сіңді деймісің. Жоқ, ашу алда, ақыл сонда, деп ақылыңа келемісің?
Толқын. Мен ақылыма келер ем. Дұшпаныма жығып берді...
Күнікей. Жығылатын жөнің бар. Жолдан тайдың жығылдың. Кімді кінәлайсың. /Зілдене/ Ауыр тиер, көтере алмас, кәрі анам ғой деп мені ойладың ба? Жаралы болып келген жалғыз бауырың Бұланды ойладың ба? Сен үшін басын туаға да, тасқа да ұрған Тоқтарды аяй білдің бе? Жоқ, құдайыңды ұмыттыңсен қыз. Мың асқанға бір тосқан, Өкінесің, қор боласың, адасқан қаздай жалғыз қаласың. Шет жағасын көрдім де, сездім де... Райыңнан қайт!
Толқын. Апа, маған жеткен жоқ па, неге қинайсың?!
Күнікей. Көлденеңнен еститініңді өзімнен есті. Көрмеймін көкірек көкке саулады.
Толқын. Кеш апа! Кеш!
Күнікей. Тәубаңа кел.
Толқын. Қорқамын апа сілеңнен. Басқа қарғаса да сен қарғамасаң екен.
Күнікей. Ел қарғысына ұшырағанша, өзім қарғайын.
Толқын. Жалынам, аяғыңа бас ием. Қарғамашы, апа! Тым болмаса сен аясаңшы! Құшақтап жылайды.
Күнікей. Көзден босқа жас ақпайды. Өкінгеннің де, өксігеннің де алды осы. Әлі де кеш емес. Ойлан, тәубаңа кел.
Толқын. Тәубаңа кел деймісің...
Күнікей. Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң...
Толқын. /Бірден шешіп айта алмай/ Ия... Жоқ... Ия жолдан тайып, өмірден адасып, тілек үзілген адам... қалай тәубасына келетін еді... Не деп мойындайтын еді... Ауыр апа, ауыр...
Сырттан қоңырау соғылады. Толқын өксіген күйінде ішкі бөлмеге кетеді. Күнікей есік ашады, даладан Күлтай, Тоқтар кіреді.
Тоқтар. Рұқсатпа? Күйлімісің апа?
Күнікей. Шүкір қалқам.
Тоқтар. Апа, мені жай шақырдың ба?
Күнікей. Неге жай болсын. Бәрі отыр. /Орындықты нұсқайды/
Күлтай. Толқын қайда апа?
Күнікей. Анда. /Күлтай Толқынның бөлмесіне кетеді/ Сені шақырғаным... Өскен ортаң ұшқан ұяң мен едім. Осы үйдің түтініне жас та болсаң бас болған, сен едің. Берекеңе әреке келіп араласқанда, үйірінен шошыған құландай безіп шыға келетін не жөнің бар еді? Көңілің қалып, жүрегің суыса да ұшқан ұяңды ұмытпа. Ат айналып қазығын табады. Өз жаққан отыңды өзің сөндіремісің?
Тоқтар. Рас апа, дұрыс айтасың, береке, абыройға шақырасың. Ол аналық міндетің... Түсінемін, сыйлаймын да. Бірақ көңілге шер болатын, мәңгі өшпейтін бетте дақ қалды-ау. Оны өшіру қолдан келер ме екен?
Күнікей. Мен аналық мейріммен, ақ сүтіммен жусам, сен азаматтық арыңмен ақылыңа жеңгізсең тарқамайтын шер, өшпейтін дақ бола ма.
Тоқтар. Оған енді мені қинамаңыз, қайда жүрсем де қорғаның болайын. Сізге мәңгі бақи ризамын. Ана деп ардақтау әлде болса да менің борышым.
Күнікей. Бір билігіңді берсең деп тілеп ем. Толқын тәубасына келсе... не дауың бар.
Тоқтар. Оған енді кеш.
Күнікей. Ойлан балам, ойлан.
Тоқтар. Мен ойланып болғанмын, апа.
Күнікей. Менің ақ ниетімнен арадағы әзәзілдің арбауы күшті болғаны ма?
Тоқтар. Арбауы... Бекер болар, апа.
Күнікей. Бекер емес. Шәрбанның шырмауына шырмалдым де, онан да. Ақылыңды тұман басып, көшеде сенделіп жүргеніңде бетіңді достыққа қарай түземей, теріске бұрған жанды әзәзіл демей не дейін... Айып Толқында болса, адасу сенде болды.
Тоқтар. Оған да мойындаймын, апа.
Күнікей. Мойындасаң сен де райыңнан қайт! Толқын, бері кел /бөлмеден Толқын, Күлтай екеуі келеді/ Екеуіңнің некеңді ақ сүтіммен қиып ем. Қосылуларың қандай қиын болса, айырылуларың одан да қиын.
Тым-тырыс.
Күлтай. /Үміттеніп/ Тоқтар аға, Толқын тәте, апам не деді. Ұзақ пауза. Екеуі де ойда отырып қалады. Бұл кезде есікті ашып, түсі салқын Рәш кіріп келеді. Тоқтар оған сексене қарайды.
Рәш. Рұқсатсыз кіргеніме кешіріңіздер! Бұрын да бір іздеп келіп ем. Төрт көздеріңіз түгел отыр екенсіңдер.
Толқан. /Қалтырап/ Сізге кім керек?
Тоқтар. Кім екенін сұрамайық... Білем бұл кісіні.
Рәш. Білсеңіз сіз білерсің. Білмейтіндеріңіз де бар... Менен сескенейін дедіңіз бе? Намысың болса сескенерсің...
Күнікей. Не деп тұрсың шырағым? Кімсің өзің?!
Рәш. Жоғалтқан бақытымды іздеп жүрген жанмын. /Толқынға тесіліп/ Анадан азып туған азғын. Құлынымның қыршынын қиған... өзегіме өрт салған сен... Не азапқа салдың мені... Өлген баламның қаны сенің мойнында. Неден өлді... неден өлді!... Мен қаңғырып қалмасам... Жарымнан айырып, жаныма жара салмасаң, мұндай халге жетер ме ем? /Талықсып/ Кешіңіз ана... кешіңіздер, бауыр-туысқандар... Неге келді деп сөкпеңдер, ызы-намыс, кеудемді кернеген шерімді төгейін деп келдім. Ана алдына жүгінейін деп келдім.
Талықсып отыра кетеді.
Тоқтар. Сүйей бер сорлыны, сүйей бер. /Күлтай екеуі сүйейді/ Талықсып кетті... Су әкелші.
Күлтай су әкеледі.
Күнікей. Жасаған, көрсетпегенің көп екен ғой. Не естідім. Шыққар көзім, не көрдің...
Күлтай. Тоқтар аға, Бұлан көрмесінші. Жүрегі қозғалады. Жүріңізші екеуіміз үйіне апарайық.
Рәш. /есін жинап, басын көтеріп/ А... бұл үйде де қаймығатын біреу бар ма еді. Жеткізіңдер мұнымды.
Күлтай. Сөйлетпеші аға, жүріңізші. Қасыретіне мен ортақ болайын.
Рәш. Ана аузынан неге естімедім бұл сөзді.
Күлтай. Менің сөзім анамның сөзі.
Рәш. /Рәш түре келіп, тесіле қарап/ Жаның қандай таза еді... Бір ауыз сөзің талған жүрегіме нәр берді. Адасып келген мен сорлыны тура жолға өзің бастап салып жібер. Сүйенішім, балапандарым, соларға тез жетейін. Қош бол, ана. Жамандыққа ұйғарма. Көрсін, білсін, куә болсын деп келді.
Күлтай Рәшті алып шығып кетеді.
Бұлан. /Бөлмесінен шығып/ Бұл не сұмдық тағы да.
Күнікей. Сұрама, сұрама. Бөлмеңе баршы, құлыным!
Бұлан. Тоқтар, сен мұнда ма едің?
Тоқтар. Ия, Бұлан осындамын.
Бұлан. Анау зарлап, боздап бара жатқан неткен жан? Ол неге күңіренеді?
Күнікей. Сен білетін іс емес, сұрамашы, Бұланжан.
Бұлан. Сендердің пәлелеріңнің шарпуына душар болған сорлы ма әлде...
Тоқтар. Ия, не пәлесі болса да тиген...
Бұлан. /Аңырап қалып, кенет/ Жаң шошитын сұмдық, сендерден болады деп кім күткен!... Араласпаспын деп ем... Бекер болды... Апа, мен қазір жүремін. Нәрселерімді дайындадың ба?
Екеуі ішкі бөлмеге кетеді.
Тоқтар. Бір үміт, бір қауып, тең тартыс ойда келіп ем. Толқын... Үміт сөнді. Күнә үстіне күнә жамалды. Енді маған кінә қоймассың....
Толқын. Ешкімге де кінә қоймаймын. Аз десең тағы нең бар айтып кет...
Тоқтар. Жоқ, мен саған түк те айтпаймын.
Толқын. Үй сенікі, мен кетейін.
Тоқтар. Жоқ, бәрен де қидым. Жүрегімнің жартысы сенде қалып барады. Саған қидым. Өгей деген ат жаман... Жалғыз - ақ тілегім – апамның бауырынан айырма... Ер бала ғой, ер жеткен соң табар... Қош!
Кете береді. Алдынан арқасында жол жабдығын салған қабы бар Шалдыбай кіреді.
Шалдыбай. Мен сені анау үйден барып таба алмай, осында ескі мекеніңе кетті деген соң іздеп келдім. Мен де жөнелтетін болдым. /Сыбырлап/ Әлгі үйде ме? Ә... Толқын, денің сау ма? Аман есенбісің. Әдейі сенімен қоштасайын деп келдім.
Тоқтар. Мұның не қайда?
Шалдыбай. Труд армияға. Семей жаққа. Шөп шабу, ағаш кесу дейме, немене. Вообщем, жалпы солай.
Тоқтар. Үй ішіңді қайттің?
Шалдыбай. Қалада осында, бірер жылға жетерлік азық - түлігі бар.
Тоқтар. Дегенмен қиын болған екен. Әйелің момын еді.
Шалдыбай. Бекер. Алған екем соны. Все же біздің әйел табылмас нық шегенің өзі ғой. Ал өздерің былай... Әлгі нетіп... общем жалпы татулыққа келдіңдер ме? Не керек осы бүйректен сирақ шығарып, бірінші тойларыңды өз қолымнан өткізіп ем. Екінші тойларыңа дәм жазбайын деді, общем.
Тоқтар. Сен енді бізге жарапазан айтуды қой, Шалдыбай.
Шалдыбай. Ә... апам қайда? /Үйден Бұлан, Күнікей шығады Шалдыбай сескеніп кетуге ыңғайланады/ Апа, қолыңнан дәм тата алмай кетіп барам. Қош болыңдар... Мына екі тентекті өзің бердеме ете жатарсың енді...
Күнікей. Байғұс-ау, қайда кеттің, тұра тұршы...
Шалдыбай. /Бұланнан қорқып/ Общем, міндетіміз ғой... Тоқтар, сен енді мұнда тұрсың, жүр шығарып сал мені.
Күнікей. Алыс жолға бара жатыр екенсің, дәм ауыз ти шырағым.
Шалдыбай. /Бұланнан шошынғандай/ Ә... Иә... Жоқ. Е, Бұланжан...
Бұлан. Отыр. Бос сөз неменеге керек.
Шалдыбай отырады, Күнікей дәм береді. Есік қағылады, Бұлан барып ашады.
Дауыс. Ермұратов Бұлан осында ма?
Бұлан. Ия, осында.
Дауыс. Телеграмма бар. Қол қойыңыз. /Бұлан қол қойып алады. Бұлан оқып/ Апа, сүйінші! Күлтай қайда?
Күнікей. О, не қалқам, кімнен екен?
Бұлан. Ер атағын алған, елге еңбегі сіңген қазақтың жауынгер батыр ұлынан. Дос сенімін ақтаған Күлтайдың сүйген жарынан /қуанып/ Бүгін, бүгін кешке... Қайғыны қуаныш жеңеді деген осы емес пе... /Күлтай кіреді/ Міне, Күлтай, көзде жоқта, көңілде берік сақтаған, айнымас досыңнан телеграмма... Бүгін келеді.
Күнікей. Жасаған, қуанышыңнан айыра көрме.
Күлтай. /Жүгіріп барып, қуанып Бұланды құшақтай алады/ Мені де сен сағына күтіп едің... Сеніміңді ақтадым. Тоқтар аға... Толқын тәте... /Екеуін барып құшақтайды/ Өмірге тұңғыш аттап басқан қадамым екеуіңнің араңа дәнекер бол ма деп едім. Болмады... Өкінішті сол ғана.
Тоқтар. Күлтай қалқам, мен де қуанамын...
Асығыс түбі өкініш,
Мақтан іздеп, қайға алма!
Мініңді ұрлап жасырып,
Майданға түспей бәйгі алма! - дейді ұлы ақын. Солай болды. Жол осы. Қош болыңдар!
Толқын. /Ұмтыла түсіп/ Тоқтар... Тоқтар...
Соңынан жүре түсіп, босағаға сүйеніп тұрып қалады, Тоқтар қайырылмайды.
Шымылдық
Достарыңызбен бөлісу: |