Қатысушылар:
Күнікей
|
-
|
Қарт ана, 50-де
|
Толқын
|
-
|
Қызы. Актриса, 30-да
|
Бұлан
|
-
|
Ұлы, майданнан қайтқан офицер
Әскери қызметкер, 25-те
|
Тоқтар
|
|
Толқынның күйеуі. Артист, 35-те
|
Күлтай
|
-
|
Жас актриса. Күнікей мен Тоқтардың тәрбиесінде, 18-де
|
Шарбан
|
-
|
Актриса 30-да
|
Рәш
|
-
|
Үй шаруасындағы әйел, 35-те.
|
Шалдыбай
|
-
|
Азық-түлік даярлау орнының қызметкері, 35-те.
|
Оқиға Қазақстанның үлкен қалаларының бірінде болады. Оқиғаның болған уақыты Ұлы Отан соғысының 1944-1945 жылдарының кезі.
БІРІНШІ АКТ
Бірінші картина
Тоқтардың үйі. Оң, сол қанатта жалғас екі бөлме. Төргі жақта веранда. Үйдің іші әсем жиналған. Жұмсақ орындықтар, диван, қабырғада кісі бойы үлкен айна, оның қасында туалет столы. Стол үстінде қазақтың үкілі тақиясы, сылдырмақты тізбек моншақтар, тағы сондай театр жабдықтары...
Шымылдық ашылғанда ішкі бөлмеден күй-сандықта ойналған қазақтың бір күйі естіліп тұрады. Оған желдіртпелі сарынмен Толқын қосылып өзіне дайындық жасап жатады. Күй ойналып аяқтала берген кезде үстінде әскери киім, жаралы Бұлан кіреді.
Бұлан. /Тыңдап тұрып/ Бәрі жақсы... Бірақ, күй пернесін дұрыс басқанмен жан пернесін дұрыс баспадың... /ынта мен көңіл аударып/ Сап алтын өнер неден туады?
Екінші бөлмеден Толқын мен Күлтай шығады.
Толқын: /Аз кідіріп, түрін байқап/ Тағы да не деп толғанып тұрсың?
Бұлан. /Кекей, тесіле қарап/ Сенің жан күйің кімді толғандырмайды...
Толқын. /Қарсы бөлмеге жүре беріп кенет тоқтап/ Я, біреуге ерте, біреуге кеш. Айтайын дегенің сол ғой...
Бұлан. Я, маған ерте, саған кеш. /Қалтасынан алып Күлтайға жоғалтып олда толғанып жүрген болар. Тез хат жаз. Дос сенімін ақтай біл.
Күлтай. Кім сарғайып күте білсе, сол ақтамай ма...
Бұл хат қашан келді?
Бұлан. Қашан келгенін қайтесің. Не депті, оқысаңшы.
Күлтай. /Оқып, өңі өзгеріп/ Жаралымын. Госпитальға түстім депті. Ашып айтпайды. /Көзіне жас алады/.
Толқын. Сен жылап тұрсың ғой!
Бұлан. Орнымен жалай да білу керек. Тағы не депті? Әрі қарай оқышы.
Күлтай. /Оқып/
Елімнің жібермеуге жауға кегін,
Орнаған жүрегімде берік сенім.
Алысқан өмір, өлім майданында,
Әл берген махаббатың сәулем сенің.
Жүректе айтқан сертті таза сақтап,
Күн туар қайтатұғын сенімді ақтап.
Ақ көңіл, адал жүрек, шын махаббат,
Арлы адам абыроймен бақыт таппақ.
Жауымның арнап атқан оғы тиіп,
Жатқанда жүрек жанып, жаным күйіп.
Көре алмай қош айтыссам жас өмірмен,
Өлермін сондадағы сені сүйіп...
Бұлан. Әрбір сенім осылай неге болмасқа... /Жігерленіп/ Шерге толған көкіректі сенімі берік сыр ашар... Ауыр азап, ащы дәмін татпай өмірдің шын қасиетін кім білер. Татқан білсе, мен білемін, сол үшін де әлі де талай күресерміз. Сен бүгін жүрсің ғой?
Толқын. Иә, жүремін.
Бұлан. Қалқам, Күлтай сен бара тұршы! /Күлтай хатты ұстаған қалпында ішкі бөлмеге кетеді./ Бұлан Толқынға тікелей тесіліп/ Сен менің жаныма бір жара аз дедің бе?
Толқын. Не деп тұрсың, Бұлан?
Бұлан. /Бекініп, ауыр зілмен/. Не оймен аттанбақсың?
Алды-артыңа әбден қарап болдың ба?...
Толқын. Бауырым, мен үшін қиналмашы!
Бұлан. Жоқ... Өзің біле ме деп ем, білмедің. Рас сен менен үлкенсің... Апа дейді... Туыс дейді... Біз екеуміз осындағы шүйкелей кемпірден тудық. Әкеден жетім қалғанды мен мектеп есігін жаңа ғана ашқан бала едім. Сен бойжеткен қыз емес пе едің. Сенгеніміз сен едің ғой. Есіңде болар Толқын, кімге сүйеніп едің? Дәрменің аз, арманың көп, өнерге жаңа талпынған шағыңда қанат қаққызып ұшырған кім еді. Кімді қор етпексің.
Толқын. Қорладың деймісің?
Бұлан. Енді не?
Толқын. Менің халым өз басыңда болса недер ең?
Бұлан. Жеңгізбес ем.
Толқын. Адасқаныңда артынан білсең...
Бұлан. /Қадала қарап, таңдана/ Ә, сен әлі адастым деп жүр ме едің!
Толқын. Я, тәтемнен құйын соққан жоқ.
Бұлан. Құйын емес, жын соқты.
Толқын. /Масайрап кекете/ ілгеріле де күн бар, көзің жатар. Ол сені қаруғып жұмсап, мұқатамын дейтін шығар. Жоқ... жаңылғаныма жазықты болармын, бірақ мұқалмаспын.
Бұлан. Әсіре қызыл тез оңар демей ме қазақ.
Толқын. Тілегіме сай тірегім де бар.
Бұлан. Тірегің арзан сауда, айырбас болса, оны да көрерміз. Мені де бір ойласаңшы. Білетін ел-жұрт сенің інің дейді. Өлім мен өмірдің алысқан арасынан келдім. Сахна, ән күй, би көруде ғана деп ойлаймысың. Олай ойласаң адасқаным деп біл.
Сырттан Күнекей кіреді., ұзақ пауза.
Күнікей. Толқынжан, машинаң қай уақытта келуші еді? /Кенет ойланып/ Тоқтарды сен бір жерге жұмсап па едің? /Екеуі де үнсіз, Бұланның ашулы екенін сезіп/ Бұланның, айту жетті ғой...
Бұлан. Жеткені осы болса, жетпегені не, апа?
Күнікей. Ойланар, ақылына түсер деп еді. Қай сорға бастап тұрғанын қайдан білейін...
Бұлан. Я, күткен абырой осы еді.
Толқын. Тергеуің жетті, Бұлан.
Бұлан. Жоқ, ана алдында бас игізгім келеді.
Толқын. Анасы қадірлемеген кім бар. Мен өз борышымды ақтағанмын. Тоқтарға көңілім қалған, жүрегім суынған, дәнекер бола алмайсың. Кеш айтты деме, сағың сынады, Бұлан.
Бұлан. Рас айтасың, мен анама қандай қарыздар болсам, сен Тоқтарға одан да ауыр қарыздарсың. Мынау аппақ қудай шашы бар, қарт ананың да қинап отырғаның соның қарызы. Соны театрдың сахынасында тайрандап жүргенімде соның қарызы... Майданның кешегі мен де солдатымын. Сол майданға бізді аттандырған елге барғалы отырсың. Халық маңдайындағы жұлдызына балайды. Қарыз, қадір деген сол. Сынса осыны ойлап менің сағым сынады.
Толқын. Жә, маған мораль оқымай-ақ қой. Есім кірген жынды емеспін. Ақылыңа рахмет. Өлер жерімді менде білемін. Апа бері жүрші. Кетуге ыңғайланады.
Күнікей. Апаң құрсың, несіне апа дейсің.
Бұлан. Басыңнан аттаса алақаныңды теріс жай, көкірегіңді көкке сау... Басқа қолыңнан келер не қалыпты.
Толқын. Неге сілтеп тұрсың?
Бұлан. Ә, сілетеуден қорқамысың. Қорыққан кісі аяғын байқап басады.
Толқын. /Булығып, қысылып/ Қаламым түзу, қалай басам десем еркімде.
Жалт бұрылып бөлмесіне кетеді. Аз үнсіз.
Күнікей. /Іштей күйінішпен / Бұ қыз ба, бұ қыз қаперге алмады ғой.
Кеудесіне саршұнақ шайтан шықпастай болып ұялаған. Баяғыда күйеуімізбен бір ауыз жаман сөзге келсек. әп-сәтте-ақ жарасып жүре беретін едік. Бүгінгінің әйелі құлағына қол апартпайтын бір көкшұнақтар... Жасан-ай... Ода бір сорлы. «Толқынтай», «Толқышке», «Тоня», «Ішке», «мішке» деп ақарында міне, қатынды бастан, баланы жастан тиып ұстамас болар ма... Сенің де мінезің бір томырық... Үркіте, қорқыта сөйлейсің... Теректің шоғындай шартылдап тұрған немеге барлығы да қамшы...
Бұлан. Сенің де менің де бетімнен өшпес таңба болды, апа.
Күнікей. Тетелес інісісің ғой, не дейді, саған сырын айтты ма?
Бұлан. Ей апа, аңқаусың. Сырын ерте білгенмін. Түзеледі ғой, енді ойлар деп... әттең дүние, окопта, блиндажда... жау оқығын астанда, шыбын жанды шүберекке түйген сағатта... Арыммен ант етіп хат жаздым. Оның да әсері болмаған...
Күнікей. Ойлайтыны не, ашып сұрадың ба?
Бұлан. Желді күннің оты қалай шалқимын десе еркінше емес пе. Әне, Тоқтар да келе жатыр. Бір кезде жігіттің гүлі еді, қор болғаны кімге аянышты емес, апа. Туысынан қол үзіп, бар өмірін біздің бақытымыз үшін жасаған жанның жарасын ана болып, сен емдеуге жарамасаң, туыс болып мен уытын басуға жарамасам, не қасиет қалды. Жоқ мен енді көрмеймін.
Күнікей. Сабыр етші
Бұлан. /Бойын ашу кернеп теңселіп тұра алмай/ Бұдан кейін не қылған сабырлық. Өнер қуған, үлгі берген тәтем бар деп келгенде көрген қызық, қуанышым осы болғаны ма... /Дірілдеп/ Басы мең-зең, көзім қараутып барады, апа сүйей бер. /Күнікей сүйіп отырғызады/ Бұл не? Адасу ма... Айну ма... Апа, маған Күлтайды шақырып берші.
Күнікей. Қазір қалқам, тынышталшы. /Айқайлап/ Күлтай! Жасаған-ау, өзі құрғаны мен қоймай сені де құртқаны ма...
Бұлан. Мені құрта алмайды... Шақыршы апа. /Ішкі бөлмеден Күлтай келеді/ Күлтай бері келші маңдайымды ұсташы.
Күлтай. Неге ашуландың, Бұлан аға? /Диванға жатқызады/
Бұлан. Жәй, әншейін. Сен маған тура қарашы...
Күлтай. Қарадым, Бұлан...
Бұлан. Жанарыңмен тура қарап жауап берші, дос сенімін ақтадың ба?
Күлтай. О не дегенің, Бұлан...
Бұлан. Иә, одан биік не бар. Сар даланың сыры тек қана сенің бойында... Төңкерілген аспан асты қайдай кең... Күн не деген мырза... Жел қандай майда... Ол сонда, от ішінде, өлім аузында... Сені менің қасымда отырсың... Далада өскен дала қызы... Ер жанына сусын беретін дана қызы.... Өз өлеңінді айтпай-ақ қой... Соның жазғанын оқып берсең де болады.
Күлтай. /Қалтасынан хатты алып, ақырын қоңыр баяу әнмен оқиды.
Елімнің жібермеуге жауға кегін.
Орнаған жүрегімде берік сенім.
Алысқан өмір, өлім майданында,
Әл берген махаббатың Сәулем сенің
Жүректе айтқан сертті таза сақтап,
Күн туар қайта тұғын сенімді ақтап
Ақ көңіл, адал жүрек, шын махаббат,
Арлы адам абыроймен бақыт таппақ...
Ән аяқталады. Ішкі бөлмеден үстінде жол киімі Толқын шығады. Есіктің қасында көзін төңкере қарап, сілейіп тұрады.
Бұлан. /Толқынға көзі түсіп/ Әкетіңдер мені бұл үйден. /Басын көтеріп алып/ Кеудем қысылып барады. Сенделіп түрегеледі. Күнікей мен Күлтай сүйемелдеп сол жақтағы бөлмеге алып кетеді.
Толқын. /Сағатына қарап/ Жүруіме аз-ақ уақыт қалды. Дауыл тұрды. Бет ашылды. Дос пен дұшпан не деседе еркінде. /Булығып сөйлей алмай/ Алдамшы бақ тек менің ғана басымда... Не болдым... Не болғалы тұр... Алдың бұлдыр болса да алған беттен қайтпа деймісің. Көп аузын жаба алмайсың, көптің сөзін тоқтата алмайсың, әлде абыройым төгіліп, бағымның қайтуына бастадың ба... /Қатты қиналып, туалет столына етпеттей отыра кетеді. Сырттан қоңырау соғылады/ Сол... келді /Басын көтермейді/.
Күнікей. /Ішкі бөлмеден шығып/ Қазір. Сормаңдайлардың біреуі аша да салмайды. Есік ашады. Қолында бірнеше бөлек бумасы бар, қолтығына қысқан нотасы Тоқтар кіреді.
Тоқтар. Апа, мына нәрселерді алыңызшы.
Күнікей. Бұ не, қалқам?
Тоқтар. Толқынның жолға алатын азық-түлігі де.
Күнікей. /Нәрселерді алып/ Маңдайдың тері, қолдың кірі дүниеде... /Кете береді/.
Тоқтар. /Мағына бермей/ Ғайыбынан түсті, апа. Қызыңның жолы болады екен. /Толқынға нотаны ұсынып/ Міне, Толқын... Күнім - ау, бұл қай жатқаның! Тағы не болып қалды... Басыңды көтерші. Міне, анадағы әнші өз даусыңа қайта жазғыздым. Біраз нелеу, бірақ, оқасы жоқ, ырғағы аяғындағы қайырмасыда жақсы шыққан.
Толқын. /Ашулы/ Әнеугіден бері шошқа тағалады ма екен.
Тоқтар. Жаным-ау енді, өзгерте қою оңай деймісің...
Толқын. Жол жөнекей үйрене қою маған оңай болып па. Бір ауыз бірдеңені дыр еткізгеніне бәлсініп, әкесінің құнын сұрайды. Онысы бір адам сияқты ән болса екен. Көңілге қонар құны жоқ... Жамау-жасқау құрама. Көкірегемнің садағасы, айтпаймын.
Тоқтар. О бейшараларда не күнә бар. Жоғары дедің, төмендетті. Күй қақпай, домбыра шертпей болсын дедің оған да көнді.
Толқын. Беделге қарап неге жазады.
Тоқтар. Жаным-ау, екеуімізді ескермей жүрген күндері бар ма?
Толқын. Шәрбанға неге аудара жапырақтайды. Жақсының бәрін соның маңдайына жазып қойып па...
Тоқтар. Өзіміз жақсы болсақ, жақсылық бәрімізге де жетеді ғой.
Толқын. Аямастан-ақ үстіне үйіп төге салып едіңдер, масыл болды ма... Бәрінің де шашбауын көтеретін сен аққұс. Мәшинең қайда?
Долданып жинала бастайды.
Тоқтар. Саған не болған, сабыр етші. Машинаны Шалдыбай беретін болды, қазір келеді.
Толқын. /Бақастықпен/ Табанымыздан тозып жүргеніміз мынау /Аяқ киімін көрсетеді/ Мына адыра қалғырды қалада сүйрегеніміз аздай, далада сүйретеміз бе? Уәделескен тігіншің қайда...
Тоқтар. Толқын-ай, аяқ киімі құрғырың бар емес пе еді. Тігінші антұрған үйінде жоқ, әйелінің соңынан кетіпті. Тағы да барып келейін. Кетуге ыңғайланады.
Толқын. Бармай-ақ қой...
Тоқтар. Неге?!
Толқын. /Әзілмен кекей/ Тұғырыңнан шошынған тұйғындай қайтып қолға қондыру қиын болар. Иә, барып не қыласың.
Тоқтар. О не дегенің!
Толқын. /Безеріп, салмақпен/ бармайсың. Отыр. Менің сенімен ашып сөйлесетін әңгімем бар.
Тоқтар. Тағы не күйге бастағалы тұрсың, Толқын. Не деп тұрғаныңа түсінбеймін.
Толқын. Я, мәселе сол түсінбеуде. Сен маған түсінбейсің. Мен де саған күні бүгінге дейін түсінбей келдім... Тегі есебімізді айырғанымыз жөн болар...
Тоқтар. Не айтып тұрсың сен...
Толқын. Осылай жүруімізде не қасиет, не қызық, не баға бар. Намысың бар жігітсің ауыр тиер.
Тоқтар. Ауыртпалықты адам ғана көтереді.
Толқын. Көтересің білемін...
Тоқтар. Білсең оның несін айтып тұрсың маған...
Толқын. Екеуміздің қосылғанымызға он жыл екен. Содан бері сырласып, сөйлесіп, кінә айтысу сенің ойында болды ма?
Тоқтар. Кінә айтысу...
Толқын. Қол ұстасып қосылғаннан бері біз екеуіміз шешіліп сөйлесе алмай келеміз. Ол анық, Тоқтар. Бүгін осы жерде күнгір ойды анықтап, жөнімізді табайық.
Тоқтар. /Шошып/ Толқын...
Толқын. Шошымай-ақ қой, ол халден өткенсің.
Тоқтар. Елеусіз қарайтын күннен өтіп, шошитын, сескенетін күнге жеттің деймісің. Кінәлі мен болып, сен кінәсіз болсаң деп тілейтін едім. Рас, сенің кінәлі болғаның ауыр екен. Жарайды. Онда бұл әңгімені қозғамайық. Осымен доғарсада болады. /Ішкі бөлмеге қарай жүріп/ Күлтай!
Толқын. Сеніңше не? Сөз қылуға тұрарлық емес пе?
Тоқтар. Жоқ Осымен доғарайық дедім ғой... Күлтай. /Ішкі бөлмеден Күлтай кіреді/
Күлтай. Жай шақырдың ба, аға.
Тоқтар. Қазір барда директорға жолық, өзі біледі.
Күлтай. Жолдан кешігеміз ғой аға.
Тоқтар. Үлгересің.
Толқын. Үлгере алмайды. Бармайсың.
Тоқтар. Үлгерту, үлгертпеу менің қолымда. Жылдам тез барда, мына қағазды бер.
/Қағаз жазады/
Күлтай. Жақсы аға барайын.
Кетеді.
Тоқтар. Я, толқып жеткен жерім де...
Толқын. Толғанып жеткен жерім. Күлтайды неге жұмсадың?
Тоқтар. Ол бармайды.
Толқын. Менімен бірге ме?
Тоқтар. Иә сенімен бірге.
Толқын. Тоқтар, жеке бастың мәселесін, әлеумет ісіне араластырмайық. Жіберме, қайыр. Өз берген жақсылығыңды өзің қайтып алмақпысың. Ынтымағым жараспады деп жолға бөгет боламысың. Жіберме мен үшін, өзің үшін.
Тоқтар. Оған енді кеш қалдың...
Толқын. Иә енді барлығына да кеш.
Тоқтар. Дұрыс, Толқын, сенің қауіпің жолыңнан жетістік табу арманы болса, маған о да соққы. Сен ашып айттың. Жеткен жерім осы деп толғанып айттың... Бірақ, сен еккен дертке қарсы қолданатын шара екен деп ойлама. Өз берген жақсылығыңды өзің қайтіп аламысың дедің ғой, жақсылық қайырып алынбайды. Есіңде болсын. Толғауы жеткен іс тоқта дегенмен болмайды. Сен жанымды жүз жерден жарала, жазуға да, сауығуға да құдіретім, күшім де жетеді... Жеткеннің алды осы.
Толқын. /Үрейлі пішінмен/ Мұнымен не айтқын келеді.
Тоқтар. Ойымда не бар, соны айтам.
Толқын. Айта алмайсың, айтатың күннен кеткенсің.
Тоқтар. Жақсы, айта алам ба, айта алмаймын ба, тыңдап көр.../Телефон сылдырайды, Тоқтар тыңдап/ Иә, соның пәтері. Кімді Толқынды ма? Кім сұрайды?... /Өңі бұзылып, телефонның трубкасын қолына ұстап... үрейленгендей аз кідіріп /Мә, ал!/ Трубканы лақтырып тастап, теріс айналады.
Толқын. /Сездірмеуге тырысып/ Қызғану әркімнің де қолынан келеді. Жігіт болсаң, қорғай біл. /Тыңдап/ Ия, мен. Вокзал басынан...
Тоқтар. /Өзіне өзі/ Сезіп едім, шыдап едім...
Толқын. Қашан?... Жарты сағаттан кейін.
Тоқтар. /Ашулы/ Жарты сағаттан кейін дейді. Сайқал... Бар әйелдің күнәсі сендей болғанда, әлемді түнек неге баспайды... Күледі... Қуанады... Мазақ етеді...
Толқын. Неге қорланасың?
Тоқтар. Қорлық емей немене.
Толқын. Үйренген...
Тоқтар. Не деп тұр, бұйдалы тайлақ, қайда жетелесем сонда деймісің. /жалт бұрылып, телефонға тап беріп/ Тоқтат! Қорлауың жетті! /Телефонды жұлып алады/ Сен не деп тұрсың, не істедің!... Тірі жанды арбаған зымиян. Қылығыңнан жер жеркенсін. Арың қалай барады. Дәтің қалай шыдайды.... Бұданда сен меңіреу түнде мияулаған мысық неге болмадың.
Ішкі бөлмеден Күнікей келеді.
Күнікей. Құлындарым-ау, бұларың не?..
Тоқтар. Адал сүтің... Ақ батаң...
Күнікей. Қой деп елім-ау, Толқын. Тілімді алмадың.
Екеуінің бұл күйігіңді көргенше, мойыма дорба салып неге қаңғып кетпедім екен...
Толқын. /Безеріп тұрады да, кенет/ Мен кінәлі. Не деп сөксеңдер де еріктерің. Мен кінәлі. Өз бөлмесіне кетеді. Ұзақ паузы. Даладан Шалдыбай келеді.
Шалдыбай. Апа, дені-қарның сау ма?
Күнікей. Шүкір, шырағым.
Шалдыбай. Толқын қайда? /Сағатына қарап/ Ә, әлі де уақыт бар екен. Машинаны қоя берейін бе, жоқ тоса тұрсың ба? /Тым-тырыс. Жауап ала алмайды/ Сендерге не болған ей... Неге үндемейсіңдер?...
Күнікей. Е, отбасы, ошақ бұтының әңгімесі ғой шырағым.
Шалдыбай. Апырай, осы отбасы дегенің қиын-ай...
Апа, қолыңнан дәм татпағалы бірсыпыра уақыт болды. Таң атқалы Тоқтар екеуіміздің шабылып - сабылып... Оңай деймісің осы күні қолға түсіре қою. /Тоқтарға/ Ой, сенікі не ей... Толқынның жолға шығып жүргені бүгін емес қой... Тәйірі алсын сені. Өздерің артиссіңдер, мұңдайда мәз-майрам болып жатпайтын ба. Апа, мына күйеу баланың иығы түсіп кетіпті, бірдеме бар ма мына бізге беретін.
Күнікей. Ия, қалқам бұрынғы жай, бұрынғы күй бар деп айтып тұрсың ғой. Тең құрбысысың, не болғалы тұр, тым болмаса зер салып, көңіл аударсаңшы. Шалдыбай-ау...
Шалдыбай. Өй, өй, не болып қалып еді... Апам тіпті ауыр сөз айтып тұр ғой. /Қолын сілтеп/ Әй, осы сендер-ай. Шөлкиін жөндеп кие алмайтын бір шүйке басым бар. Ашуланса басымызға әңгір таяқ ойнатады. Сақ бол, байқап жүр, деп ақыл да айтып қояды. /Тоқтардың қасына барып/ Онысы теріс те емес, телефонға маза бермейтіңдерің кім, деп әурелейді-ау. Кім болсын, таныс жолдастар деймін. Жоқ, сенің сұмдығың ішінде дейді. Сезеді кәпір. Е, Шалдекең аяғы шалдыра ма. Оның қасында сенің әйелің қордың қызы емес пе? Төбеңе секірсе де көне бермеймісің.
Тоқтар. Лепірме жел сөзіңді қойсаң екен. Бәрі де болды, бәрі де бітті.
Шалдыбай. Апа, мынау не деп тұр өзі...
Күнікей. Иә, ие деді дерің бар ма...
Шалдыбай. /Сөйлетпей/ Жә, жә, бопты, бопты. Әй, сен де бір қызғаншақ, түймедейді түйедей қылатын... Артистка, амалың қанша, көнесің. Шыда. Құдай біздің қолымызды артистерге жеткізбейді. Сен қадірлей білмейсің. Олардың жаны күйрек, нәзік. Сахнада қандай көрсең үйінде де сондай көр. Чепуха, ондай-ондай болады. /Айғайлап/ Толқын, бері кел. /Үйден Толқын шығады/ Біріңнен бірің үрікпей отырсыңдаршы осылай
/столдарды ыңғайлап қоя бастайды/ Әй, осы шүйкедей жаман кемпірдің арқасы бәріңнің адам болып отырғандарың. Апа, бірдемең болса әкелші, мына екі күшікті татуластырып жіберейік. /Күнікей қолынан жетектеп ауыз үйге алып кетіп бір бөтелке арақ алып кіріді/ Рюмке бар ма? /Өзі тауып алып құяды да, біреуін қағып жібереді/ Делқұлы десеңдер де осы мен сендерге бір сөз айтайын ба? Тыңдайсыңдар ғой? /Сыртта машинаның гудогі естіледі, верендадан қарап/ Тоқтай тұр, қазір - қазір. Жолдастарың келіп қалды, кәне, кәне, болсаңдаршы. /Шыдамсызданып өзі қағып салып, тағы құйып қояды/ Я, мен сендерге, ұмытпасам осыдан он жыл бұрын, шіркін,өткен өмір-ай, осы үйде ме еді? Е, айтпақшы ана кішкене үйлеріңде екен ғой. Осындай үстелдің басында, тең - құрбымның алдында елді уатып, жұртты шулатып екеуінің Қозы-Көрпеш – Баяндай болып қосылған тойларыңда бірінші тостымына жаман досың көтеріп еді-ау.
Шәрбан кіріп келеді.
Шәрбан. Әй, мынау не деп бөсіп тұр. Жазған-ау, мұның да жүрмейтін жері болсашы.
Шалдыбай. Тоқтай тұр Шәрбан. Бері келші өзің, мына жерге отыршы.
Шәрбан. «Жаман үйдің қонағы билейді» деп, кісі үйінде мырзаситын әдетің-ау сенің. Ал, отырдық.
Толқын. /Тоқтарға/ Соныман сен мені мұқаттым дейсіңғой.
Тоқтар. Кімнің мұқалғанын жұрт айтсын. Менен ауысқан жақсылық қалған өміріне азық емес пе? Оны несіне сұрайсың.
Толқын. Жақсылық қылсаң түгел қыл. Қайда жібердің Күлтайды?
Дауыс. /Жамырап шығады/. Толқын, Толқын.
Шәрбан. Толқын-ау, Күлтай қайда кетіп еді... Немене, ол бармайтын болды ма?
Толқын. Шәрбан қоя тұршы. /Тоқтарға/ Тағы да айтам, жібер деймін.
Тоқтар. Жүре бер, жолың болсын. Менің еккен жемісімнің жапырағы басыңда күнге шалғызбайтын сая болған.
Шәрбан. Бұларың не... Түсінбеймін.
Толқын. /Долданып/ Түсінесің, Шәрбан. Бүгін болмаса ертең. Еңбегім елге ортақ екен. Ортақ іске іріткі салып Күлтайды алып қалғаның шықпасын, абыройын айрандай төгейін, құлап қайт дегенің ғой. Жарайды, оған да жауап беретін сен.
Сырттан. Толқын, Толқын. Болсаңшы.
Шәрбан. Мұның өзі не боп барады...
Шалдыбай. /мастау/ Тоқтар, сенікі де, Толқын сенікі де... ым, ия, екеуіңдікі де /столды қойып қалып/ дұрыс емес, совсем дұрыс емес.
Шәрбан. /Кекеп, мысқылдап/ Машинаның моторы дүртілдеп тұр екен. Авария болып жүрмесін сақтанғайсың.
Шалдыбай. Толқын әнеукүнгі алған нотаң қайда? Концертке шығуға жарамасақ та қолымызда болсын.
Толқын. /Іштей күйініп/ Мә, нотаң. Шырқай бер әніңді. Дүние сенімен маған тар еді, енді міне кеңейейін деп тұр. Сүйінші сұра, жар сал, қызық хикаң, құлақ құрышын қандыратын әңгіменің арқауы мен болсам, таратушы сен боласың, қуан. Шалқы, масайра.
Шәрбан. /Таңырқаған болып/ Мәссаған, қызықсың-ау өзің. Ит ашуын тырнадан аладының кебі. Жазығым не, қойдық. Күл болмасаң, бұл бол. Қош бол.
Шалдыбай. Шәрбан, Шәрбан. Сен екеуіңдікі не?
Шәрбан. Қолыңнан келсе ана екеуін жарастыр.
Кетеді.
Дауыс. /Сырттан/ Поездан қаламыз, қашан шығады.
Асығып Күлтай келеді.
Күлтай. Толқын апа, сізді тосып тұр. Тез шықсын дейді. Аға директормен сөйлестім, сіз біледі дейді ғой.
Толқын. Оның не білетіні бар, жүресің!
Күлтай. Аға... аға...
Тоқтар. Рұқсатым жоқ, бармайсың, қалқам!
Толқын. /Әбігер/ Бұл қай қастығың.
Тоқтар. Қас пен досты өткелден өткенде көрерміз депті ғой біреу.
Толқын. Олай болса, сол өткелді мен күттім. Ер болсаң жібермей бақ.
Шамаданын лақтырып тастап, отыра кетеді.
Күлтай. Аға, барайын, барайын аға. Сіз үшін, екеуіңіз үшін. Келген соң рөлімді дайындаймын ба?
Толқын. /Дірілдеп/ Сені менен алып қалғалы тұрған рөл ме екен.
Тоқтар. Сенің сапарың сағым сияқты бұлдыр іске ұмтылу болса, Күлтайдың сапары бөленген бесігінде тербеліп адамның рөлін жасау. Ол бармайды, ойнайтын рөлі бар.
Үйден Күнікей шығады.
Күнікей. /Тоқтарға/ Тілеуің берсін, барсын қалдырмашы жолынан.
Тоқтар. Адасқаның алды жөн, арты соқпақ... Енді жөнді менен несін сұрайды. Қолқалама апа.
Машина гудок береді. Тым-тырыс.
Толқын. /Шыдамсызданып, жылап/ Жаным апа, не боп барады... Іштен шыққан балаң емес пе едім. Неге айтпайсың...
Күлтай. /Тоқтарға/ Ағатай, рұқсат етші. /Бұл кезде ашулы Бұлан шығады/ Бұлан, ағаны көндірші.
Бұлан. Ағаң алдында бас игенде ғана көнеді... Бұл сен баратын жол емес. Театрды мына сен, мен, Тоқтар ағаң үшеуіміз осында құрамыз. Әреке араласпаған, берекелі шын театр құрамыз.
Толқын. Театрдың берекесін алған мен екенмін. Олай болса, Күлтай, сен қала-ақ қой. Өзім-ақ барайын. Не көрсемде бағымнан... Қош болыңдар!
Асығып шығып кетеді.
Шалдыбай. /Соңынан жүре түсіп/ Драмасы осы ма, не деп түсінесің.
Кетеді.
Сыртта машинамен өңдетіп кетіп бара жатқан артистер.
Күлтай. /Өзіне/ Бұл әзірлік қана... Шын драма әлі алда.
Шымылдық.
Достарыңызбен бөлісу: |