«Дауылдан соң» /«Майданнан майданға»/ деген
Мұқамедханов Қайымның пьесасы туралы.
Жаңа жазып, жақсымызды мадақтау туралы жазушылар алдындағы міндет белгілі. Қайымның пьесасы соғыстан кейін еліміз бен жеріміздің жаңа белеске, жаңа міндетке ауысқан дәуіріне арналған. Мұнда өткен сұрапыл соғыстың жауынгерлері бар, оларды күткен елдегі еңбек пен ғылымның қайраткерлері бар. Бәрі де соғысқан, бәрі де қаны мен терінен, тілек, ниеттерін төккен адамдар. Осылар бірімен-бірі кездескенде «енді болдық, бәрін бітірдік» деп болдырған, дем алғысы келген күйде кездеспейді, жеңіспен тыңайған, қанаттанған, жаңа тілекке қанат қаққан түлеген қалыпта кездеседі. Осы күйдің өзі совет халқының жеңімпаз, ілгерішіл бейнесіне сайма-сай шыққан.
Бас геройлардың бірі -жазушы – Еркін өмірге құмар, жақсылыққа, табысқа тоймайтын, қайрат күшіміздің ұйыған, жинақталған сымбатын көруге құмар, соның скульптурасының өзі жасауға қызығатын адам. Оның жары, хирург – Бақтыбала –ғылымдағы озат адамдарымыздың бірі. Өмір үшін күрес, ажалмен арпалыс соғыстан кейін де тоқтамайды. Ауыр жарақаттанып, жауды жеңіп қайтқан жас герой Мақсот қауіп қатер үстінде тұрғанда, Бақтыбала ғана қорғап шығады. Бұл ұлы жеңістер үшін, ұлы күрестің тоқтамағанын көрсетеді. Сол сияқты Мақсот пен жас ғалым Айбаланың қатынасы, махаббаттары да біздің адамдарымыздың жаңа бейнесін көрсетеді.
Театр өнеріндегі қайраткерлер, халық ақыны, ғылым салаларының алуан адамдары мінез, кәсіп жағынан бір-бірінен өзгешеліктері болса да, мұрат, Мақсот жағынан бір адамдар. Бір-біріне тілектес, біріне бірі жәрдем, күш сияқты боп шыққан бұлардың қуныштары мен жеркенетін себептерінің де дәлелдері бір арнадан шығады. Сондықтан жеңіл мінезді, өзімшілдігі күшті, тәрбиесі жетпеген Тұрдықұлдың іс әрекеттері басқаларды қатты жеркендіреді. Пьеса компазиция, адамның характерлары, тілі жағынан жақсы шыққан. Мен бұл пьесаны Орталық Театрлардан бастап, барлық театрда қойылуға ылайық, жақсы шығарма деп танимын.
Әбділда Тәжібаев
Достарыңызбен бөлісу: |