Орындалған өсиет
Шыңына хан Шыңғыстың шықтым келіп,
Қырандай айналам көз жіберіп.
Қызғалдақ, қызыл жасыл көк балдырған,
Бөлеген Сарыарқаны көрік беріп.
Арқаның самал желі беттен сүйіп,
Тұрдым мен таза ауда кеуде керіп.
Сайраған сандуғаштың тәтті әуезі,
Жүрек тербеп, бітірді көңілге елік.
Бұлбұл құс әсем әнмен бойды билеп,
Кеттім мен бар ынтамен соған еріп.
Шерткенде жүрек қылын көңіл күйі,
Адамның болмақшы ма өзінде ерік.
Қалқытып, қалықтатып, тоқсан толғап,
Шалқытып, шарықтатып, бітер желік.
Балқытып қорғасындай бар денеңді,
Кетпей ме сезім билеп, сүйек еріп.
Сыбдырын тоқтатпай ма жапырақта,
Жел тынып, тыңдағандай аспан төніп.
Қызыл гүлдің ғашығы сандуғашты,
Жан бар ма тыңдамайтын болмаса өлік.
Сандуғаш шарықтатар көңіл құсын,
Еркін ел кең далаға болған көрік.
Айдынның аққуындай, жүз қаламым,
Теңіздің тереңінен маржан теріп.
Бұлбұлдай сен де сайра қызыл тілім,
Қанаттанған қиялға бол да серік.
Шыңынан хан Шыңғыстың төмен құлап,
Сылдырлап, сылаң қағып күміс бұлақ.
Сынаптай тастан орғып, сайды жол ғып,
Дамылсыз ағып жатыр қылмай тұрақ.
Сұлудай шолпы таққан мөлдір бұлақ,
Сыңғырлаған үніне салсаң құлақ.
Тер сыр, таусылмас мұнда жыр бар,
Бұлақтың білмек болсаң сырын сұрап.
Тасбұлақ тоқсан тарау жатыр құйып,
Дарияға айналасы көкше құрақ.
Мен келдім дараланып жағасына,
Жайқалған көк шалғынның арасына.
Тауында байғыз, көкек, көкте торғай,
Сайраған бұлбұл қонып ағашына.
Не түрлі дәмді жеміс, дәнді жеміс,
Сайының енсең барып саласына.
Шалқыған дария бейне көкшіл аспан,
Толықсып жатқан сыймай сабасына.
Тұңғиық түбі терең, көлемі кең,
Көзіңнің сыймайтұғын шарасына.
Айна боп бар әлемді тұрған тартып,
Қазақтың ұлан байтақ даласына.
Шөлде қалып сусаса сусын болған,
Өмірдің талай тартыс таласында.
Ертеде еңіреген ел-жұртының,
Ем болған жүрегінің жарасына.
Қараңғы қара түнде сәуле болған,
Қапалы қалың қазақ баласына.
Еңіресе емшек беріп емін тапқан,
Кім айтпас мәңгі алғыс анасына!
Күркіреп, тау мен таста асыр салып,
Бұралып айдаһардай жүз толғанып.
Күңірентіп жатты Кавказды долы Терек,
Көкке атып ақ көбігін толқындатып.
Жолында кездескенді кесіп өтіп,
Бусанып, буырқанып, бұзып, жарып.
Екпіні жер бүйірін соқтырғандай,
Ақырып салғанында ашуланып.
Каспийге тентек Терек бара жатыр,
Қазына неше түрлі сыйлық алып.
Қарасам дарияның бір шетіне,
Көрінді жалғыз жалау көлбең қағып.
«Жалғыз жалау жалтылдап,
Тұманды теңіз төрінде...
Жат жерде жүр не тыңдап?
Несі бар туған жерінде?
Ойнақтап, толқып, жел гулеп,
Майысар діңгек сықырлап...
Ол жүрген жоқ бақ іздеп,
Қашпайды бақтан бойды ұрлап.
Астында дария көк майдан,
Үстінде сәуле, алтын күн.
Қарашы, ол бүлік құдайдан
Сұрайды дауыл, күні, түн.»
Жай оғындай сөзі бар өр кеуде ақын,
Лермонтов келе жатыр тұрсам бағып.
Таңырқап ұлы ақынға тұрғанымда,
Көңілімді бөліп кетті ән шырқалып.
Махаббатты жүректен шыққан мұңлы ән,
Тамылжып тәтті үнмен тұрды ырғалып.
Қарасам Татьяна аққудайын,
Үзіліп тал шыбықтай, бел бұралып.
Ақ тамақ, ай маңдайлы, алмадай бет,
Тұрғандай дәл алдымда маған налып,
Керіліп кер маралдай келе жатыр,
Кейде от, кейде шоқ боп жүрек шалып.
Қоңырлатып қырдағы салған әні,
Күңгірлетіп Сарарқаны кетті алып,
Қазақтың қарақат көз сүмбіл шашы,
Тәтішке тәтті үнін қосты барып.
Семей қаласы, 1940 жыл
***
Жамбыл
(Ақынның 75 жылдық тойына толғау)
Жұлдыздай ақ қаламым,
Төгілт жүрек шаттық жыр.
Заманға сай талабым,
Бөгелме сайра, сайра тіл!
Ал, қаламым күлдіра
Күмістей сөз сылдыра
Жүрегін достың тасыта,
Жау жүрегін жасыта,
Жайна жырдан жинап гүл!
Айдыным асыл ару,
Аққудай жүзген көлінде,
Отанның ерке мен ұлы,
Еркін өскен елімде
Ерке еткен мені ХХ жыл
Шырқатқан бақыт жырына,
Туған анам Октябрь,
Бөлеген бақыт нұрына.
Екпіндеп Еділ тасқан жыр,
Шарықтаймын, қалқимын,
Тербеп қалам терең жыр.
Шығындап көкке қалқимын
Атаңа арна жырыңды,
Атаң алып, сен тұйғын,
«Домбырасын серік қып»,
Келген атаң ғасырдан.
«Өлеңді төгіп өрнектеп,
Асулардан асырған»,
Жүзге жасы келгенде,
Бұл заманды көргенде,
Домбырасын қолға алып,
Қырандайын қомданып,
Нөсерлетіп шаттық күй,
Кәрі саусақ маймаңдап,
Перне үстінде билеп би,
Тоқсан тоғыз толғанып,
Жырдан жібек есіліп,
Кең даламда көсіліп,
Тасыды қарт, тасыды,
Сөз түйіні кесіліп!
Шықты аспанда шарықтап,
Енді онда жоқ жалықпақ,
Бақыт тауып қуанып,
Өшпес күннен нұр алып,
Жамбыл қайта жасарған.
Жырдан маржан дестелеп,
Асыл сөзден кестелеп,
Өнерін Жамбыл өрнектеп,
Жақсы жыр қосты халқына,
Тоқсанды тежеп тойтарып,
Жиырма бесін қайтарып,
Қарлыққан дауыс ашылып,
Кәрілікті қасарып,
Сыбызғыдай сызылып,
Сұңқылдаған көмейі,
Салған әні үзіліп,
Жамбылдың үстем мерейі.
Көлшікке кеше айналған,
Су алуға ойланған.
Болды міне дария.
Үлде мен бүлде бөленіп,
Көсегесі көгеріп,
Шат-шадыман заман,
Шын бақытқа кенеліп,
Қайта туған қария,
Боз балаға теңеліп,
Келді жігіт қалпына.
Заман кеше тарылып,
Елді кезіп сарылып,
Бақыт таппай зарлаған,
Елдің туын жыр қылып,
Ердің сырын сыр қылып,
Ел үмітін жырлаған.
Күннің көзін көре алмай,
Өрістеп өлең есе алмай,
Құлашын кең жая алмай,
Шаршаған дауыс баяулай,
Шарықтап көкке шыға алмай,
Шіркін дүлдүл сыналмай,
Топтан озып жүлде алмай,
Қайғы жырлап, зар толғай,
Еркін өмір сүре алмай,
Өмірден ләззат ала алмай,
Шаттық қуып күле алмай,
Сән салтанат құра алмай,
Көкті бұлт торлаған.
Бал тамған тілі бұлбұлдың,
Басынан өткен сол заман.
Біздей ұсақ ұлтты,
Біздің елдей жұртты,
Сұм патша шырмап торына,
Тұншықтырған ол заман.
Сол заманда Жамбылдың,
Алпысқа жасы басқанда,
Жер баспас жорға даңғылдың,
Жорғасынан танғанда,
Домбыраның орнына,
Қолына таяқ алғанда.
Кең даланы кезе алмай,
Төсекте жатып қалғанда,
Ән шырқап өлең айта алмай,
Болды Жамбыл арманда.
Өмірдің болмай тұрлауы,
Ауыр тұрмыс шырмауы,
Кәріліктің бұғауы,
Мойынға құрық салғанда,
Нұрын алып көзінің,
Сынын алып сөзінің,
Бетінен шырай өң кетіп,
Бұлбұлды кетті меңдетіп.
Басынан кешкен ауыр күн,
Күн емес-ау қара түн.
Бұл кезеңі өмірдің,
Оты сөніп көңілдің,
Жамбылға болды үлкен сын,
Кетпестей естен жалғанда.
Кешіккен жоқ Октябрь,
Күткен күні жарқ етті.
Күлімдеп көктен төкті нұр,
Халықтың бақыт таңы атты,
Жайды Жамбыл қанатты,
Жас баладай шаттанды,
Жаңа өмірге аттанды.
Жиды бойға қайратын,
Жетті уақыт сайрайтын.
Ақындық кілтін ашады,
Сөзден меруерт шашады.
Тиегін жырдың ағытып,
Шарықтап шалқып тасады.
Шаттық күйін сызылтып,
Домбырадан үзілтіп,
Зулап саусақ қағады,
Тасқындап күй ағады.
Сөз асылын тарады,
Күректеп кенін ақтарып,
Сөз гауһарын табады.
Құшағында бақыттың
Шуласып ән салады,
Шырқаған әні шығындап,
Жер мен көкті алады.
Жаңа өмір, жаңа түрге еніп,
Тоты құстай түрленіп,
Жазы шығып жадырап,
Бәйшешектей гүлденіп,
Кәріліктен ажырап,
Жастыққа Жамбыл ұласты.
Жамбылда жоқ қажымақ,
Салтанаты ұнасты,
Жібек шапан кигені,
Қара жорға мінгені,
Өмірден ләззат алады.
Даусы көкке өрледі,
Күш қайнап, жігер кернеді,
Екпінді үні ескектеп,
Алатаудың бауырын,
Аралап колхоз, ауылын,
Қарт Кавказды жаңғыртып,
Алтын – Алтай тауының,
Шыңына да барады.
Дауысы тасты жарады,
Тянь – Шянның биік құзына,
Сібірдің көкше нұрына,
Зулап ескен желдей боп,
Жетті әсем ән сала.
Қазақстан даласын,
Асқар бел, сай – саласын,
Көркем жырға бөледі,
Сөзден меруерт себеді,
Ақтарылтып алтындай.
Өркендеген өнері,
Жетпіс бес жыл өмірі,
Ақынның дана шебері,
Шыңыраудан шығарып,
Шырын сөзін береді,
Салыстырып салмақтап,
Бриллиантын тереді.
Қазынасын халықтың,
Қарт атам жинап келеді,
Сталиндік ғасырдың,
Жүз жастағы жігіті,
Өлеңнен ұрық себеді.
Сұңқардайын түледі,
Тұлпардайын үдеді.
Қайраты тасып алыптың,
“Жүрекке нәзік жыр беріп,
Табиғатты меңгеріп,
Ар, атаққа ие етіп,
Марқайтқан еңбек қауымын.
Сталиндік ұлы заң...”
Деп жырлады қариям.
Болмаған өткен тарихта,
Ешбір елде, халықта,
Алтын таңын тарихтың,
Жаңа заңын халықтың,
Кәріге қуат әл болған,
Шырайлы гүлдей жайнатып,
Бойына жігер жан болған,
Гүлстанда сайратқан,
Кеудесіне нұр толған,
Жамбылды көріп жадырап,
Кәрі тарих таң болған.
Өкінішті өмірде,
Қайғы мен кімдер өтпеді.
Жамбылдай асқан таланттар,
Не дарынды талаптар,
Бақытқа қолы жетпеді,
Жүрегін ұлы шер кернеп,
Домбыра зарлап, күй тербеп,
Таппай бақыт жалғанда,
Шалдығып, шаршап талғанда,
Домбыра болып серігі,
Өмірдің болмай көрігі,
Өтті Қорқыт арманда.
“Жерұйық” іздер жер шарлап,
Көзінен қанды жас парлап,
Өмірден ләззат ала алмай,
Іздеп бақыт таба алмай,
Батқан қалың қайғыға,
Бейнесі мұңды көңілдің,
Бейнесі сұм өмірдің,
Өтті Асан қайғыда.
Тоқсаннан жасы асқанда,
Жүзге аяқ басқанда,
Жарқын жүзі жадырап,
Күлімдеп күні аспанда,
Нұрына қартым бөленіп,
Бозбалаға теңеліп,
Кәрілік естен кетеді,
Арманына жетеді,
Жамбыл бақыт табады!
Миллионның жүрегі,
Бақыттың берік тірегі,
Сәлемі мен халықтың,
Мұрасы мен тарихтың,
Москваға барады.
Күлдірген күнін өзіне,
Қуат берген үніне,
Рух беріп тасытып,
Ұқсатқан бақша гүліне,
Жасарғаны Жамбылдың
Сталинді көргені.
Күннен нұрлы кеудеде,
Жарқыраған ордені.
***
Жырдан бұлақ ағызса,
Тілден шырын тамызса.
Көз алдында Сталин.
Ақтарылса асыл сөз,
Сөз алдында Сталин.
Арқауы өлең жырының,
Жүректе терең сырының,
Дерегі – дана Сталин.
Бақшасында бақыттың,
Сайратқан оны Сталин.
Жігер беріп, әл беріп,
Өмірге көрік, сән беріп,
Жайнатқан оны Сталин.
Жетпіс бес жыл ақындық,
Өмірінің табысы,
Әлемге кетті дабысы,
Өлгенінше Жамбылдың,
Жырлайтыны Сталин!
“Екпінді” 1938 жыл
***
Достарыңызбен бөлісу: |