***
Алдымда ақын Абай – Темірқазық
Алтайдың ақ иығы шығып шыңға,
Алдыға көз жіберді мың-мың жалға,
Алтын туын өлеңнің тігіп құзға,
Артқыға үлгі – деді қыз бен ұлға.
Атасы ақындардың Абай еді,
Алғыр ойлы, ардагер асыл тұлға,
Алтын күнге көз салып қарады да,
Аманат, сен куәсің, - деді туға!
Кейінгі ұрпақтарым қанаттанып,
Қырандай шықсын құзға қанат қағып,
Талабы тасығанда ұлы өмірге,
Жырласын тіккен туды қолына алып.
Қаламымды қалдырдым, тот баспасын,
Асыл сөз мұхитына кеттім малып.
Болат қалам сенімді қолға тисін,
Қаламыммен жыр жазып, қаруланып.
Жыр жазып тасбұлақтай тасқындатып,
Қарасын барлық әлем қайран қалып.
Сөз болмақ самародни сары алтыным,
Әлемге әйгіленер, бақыт жайып.
Адамшылық ар үшін еткен еңбек,
Ескерілмей тарихта қоймас қалып.
Мұрагерім, артымда қалың жұртым,
Куә болар ісіме кәрі тарих.
Болашаққа сенімдімін ұрпақтарға,
Есінде мәңгі сақтар мені халық.*
Ал халқым мен қалдырдым қазынамды,
Пайдалан керегіңше ішкің қанып.
Сырты күміс, іші алтын сөзім қалды,
Қаламым ақ қағазға өрнек салып.
Сотықпалы соқпақсыз жерде өстім,
Бәйгеге шаба алмадым * жарып.
Бәйгеге түс, жеткіншек жас тұлпарлар,
Бәйгемді бермесеңдер сендер алып,
Өкінішті өмірім бұлдыр болды,
Сендердің өмірлерің болар жарық.
Ұрпақтар енді маған кінә қойма,
Өмірден соққы көріп кеттім налып.
Өмірдің төріне шық, шыңға өрле,
Даңғыл жол алдарыңа кеттім салып.
Ұрпақтарым мен еккен гөзел гүлім,
Өсіңдер шашақ атып, шешек жарып.
Алды үміт, арты өкініш өмір сүрдім,
Сендерге бақыт таңы туды анық.
Сонда менің ақталар адам атым,
Сонда өзім табамын іздеп барып.
- Деді де қанат қағып, көкке самғап,
Өсиетін айтты да жөнелді алып.
Қаламын қолына алып бабасының,
Терең ой, ақыл дария данасының.
Өсиетін орындап отырғалы*
Абайдың баласының баласының*
Ақ көңіл адал жүрек бол дедің сен,
Адал еңбек, адамдық сол дедің сен.
Адамшылық қақы үшін еңбек қылсаң,
Айнымас ақ ниетті жол дедің сен.
«Пайда көрсең бас ұрып,
Мақтан іздеп қайғы алма.
Мініңді ұрлап жасырып,
Майданға түсіп бәйге алма»
Пайда көріп бас ұрып бұрылмадық,
Мақтан іздеп қайғыға ұрылмадық.
Мінді ұрлап, жасырып жасқанбадық,
Майданға түсіп бәйге бұрын алдық.
Құрыштай асыл сөзбен қаруландық,
Қан майданда жауға аттық, ойнақ салдық.
Қас жаудың қақыратып қабырғасын,
Қайрадық қаламыңды майлансын деп.*
Ұлы өмірде біз алдық көкті, жерді,
Мұхиттың күл-талқан қып мұзын жардық.
Табиғат тәжім етті бізге келіп,
Бұрынғыдай қылмайды бізге баздық.
«Ғылым таппай мақтанба»,- дедің бабам,
Ғылым дариясына жүзіп қандық.
Қалың елің қазағың қайта туып,
Өмірдің ең төрінен орын алдық.
Сен көксеген өмірге жетті ұрпағың,
Бұрынғы ескі өмірден қалмай қалдық.
Өлсең де өзің салған даңғыл жолмен,
Маржандай тізілдіріп сөз жырладық.
Алпыс тарау әніңді жүз толғатып,
Сандуғаштай сайрады еркін халық.
*Ұрпағыңды бастаған ұлы Сталин,
Бөлеген бақытқа елді ұлы Сталин.
Абайдың асыл сөзін ардақта – деп,
Күлімдеп көз алдымда тұр Сталин.
Ендеше орындалды өсиетің,
Адамшылық арыңмен, ақ ниетің.
Халқыңның бел баласы, сен ұлысың,
Елің бар махаббатпен шын сүйетін.
Жүрекке жылы тиіп, тілге жеңіл,
Алтындай Абай сөзі ерітер көңіл.
Аспанда – ай, көкте – күндей күн-түн сөбей,
Абай - тірі өлмейді, жасайды өмір.
Өлеңін асыл сөздің кеткен жазып,
Бойға қуат, жаныма болған азық.
Қалам алсам қолыма, өлең жазсам,
Алдымда ақын Абай – Темірқазық!
Семей, 14 қазан 1940 жыл.
***
Достарыңызбен бөлісу: |