Революция дауылпазына
(Максим Горькийге)
Дауылпаз асты үні аспанды алған,
Шаңқылдап қара түнде ұран салған.
Бұлт басқан алтын күнді күлімдетіп,
Бұлт пердені талқандап бұзып жарған.
Теңізде таудай толқын тулағанда,
Дауылда құрыш қанат емес талған
Бұлт бұзып, тұман сүзіп, бұғауды үзіп,
Тас жастап, мұз төсеніп, қар жамылған.
Қиалап аспанды өрлеп бұлттан асқан,
Құшақ жазып қарсы алған көкшіл аспан.
Қияның шың құзына шығып қыран
Құйылып сөз бұлағы дария тасқан.
Қас налып, қалтыраған, дос қуанып,
Құрыш сөз жай оғындай өткен тастан.
Қан майданға шақырып қайрат беріп,
Халқына бақыт үшін ұран салған.
Сол майданда дұшпанды жеңген елім,
Сол ұраннан жүректе мықты сенім.
Орынап, орындалған күткен мақсат,
Ұлы Отан ұмытпайды сендей ерін.
Сені халқың сүйеді: «Шын ұлым!», - деп,
Сені сүйген Сталин – көсем – Ленин.
Сенің атың сақтаулы Кремльде,
Сені бізден айырмақ емес өлім!
«Екпінді», 1940 жыл
***
Ойнақы көз, тұрақсыз сөз,
Қылтың қызыл оңатын тез.
Көздің құрты сылқым сұлу,
Бола қалдың сен қайдан кез...
Нәрсіз – тәтті көлгір күлкі,
Бойындағы қымбат мүлкі.
Жел көңілді желіктірген,
Сылаңдаған қызыл түлкі.
Желөкпе едім кеттім еріп,
Жел нәпсіге ерік беріп.
Қызыл түлкі жалт бергенде
Қу құйрығын қалдым көріп.
Қала бердім көңілім суып,
Жүрмеспін деп енді жуық.
Бір аңғалдың көзі шалып,
Арсалаңдап кетті қуып...
Арсыз нәпсі мені алдапты,
Маңдай тасқа тиді қатты.
Келші сәулем, қайдасың сен,
Қайдасың жар махаббаты.
Түннен қара, күннен нұрлы,
Көрем көзді терең сырлы.
Ақылы алтын, жүзі жарқын,
Терең сырлы, сегіз қырлы.
Тәкәппарлау мінезі бар,
Тұла бойы ұят пен ар.
Жаны таза, сабыры мол,
Сенсің сәулем, сен асыл жар.
1936 жыл
***
Туған айдай толықсып сен көріндің,
Көріндің де, еркін алдың көңілдің.
Айым, күнім, қуанышым, бақытым
Бір ғана сен кілті дедім өмірдің.
Ақ жүзіңнен әлем жарық болғандай,
Сарғайған гүл шашақ атып толғандай.
Күн көзіңмен күлімсіреп қарасаң,
Бақыт құсы басқа айналып қонғандай.
Сиқыр сөзің аузыңнан дүр шашқандай,
Сегіз жұмақ тегіс есік ашқандай.
Жабырқасаң күн тұтылып түнеріп,
Бар әлемді қараңғылық басқандай.
Осындай боп көрінгенде көзіме,
Өз жүрегім билетті ме өзіме.
Еркімді алдың сен – дария, мен – балық,
Мен бағындым, мен табындым өзіңе.
Жібек шашың оралғанда мойныма,
Арсыз нәпсі қызғыңа тойды ма.
Сүйіп, күйіп, денем балқып, жан иіп,
Сезім билеп ақылды да, ойды да.
Оттан ыстық құшағына алғанда,
Асау жүрек естен танып қалғанда.
Ақ төсінен тоят алып аймалап,
Демедім бе арман бар ма жалғанда.
Сәулем сені көре алмасам күнде бір,
Маған жат боп көрінентін сұм өмір.
Тағдыр айдап айырғанда жарынан,
Жаралы жан өлмей тірі нағып жүр.
Ен шөлдеп махаббатқа келдім шөлдеп,
Ғашығың қарсы алмасаң бәрбір өлмек.
Ішінде әлдеқандай сусыны бар
Қолыңда сәулем сенің алтын шөлмек.
Құй жаным, оң қолыма кесе тұтам,
Мейілі, у құйсаң да бірақ жұтам.
Шарабы болса егер махаббаттың,
Қайғы мен қасіретімді мүлде ұмытам.
Қайғыны тастан қатты кеміріп жеп,
Өміріме бір көргенім болады сеп.
Әркімнің мен дегенде аузы жеңіл,
Жалынам, айта көрме жалғаншы деп.
1942 жыл
***
Достарыңызбен бөлісу: |