Ері қорған еліне
(Советтер Союзының батыры Василий Кисляковқа)
Бір биіктің басына,
Бір топ ерлер құрып шеп.
Тайсалмада, жасыма,
Биікті жауға берме деп.
Бұйрық солай берілген,
Шегінуге орын жоқ,
Ар ұят күшті өлімнен –
Деді, достар, Кисляков.
Найзағайдай жарқылдап,
Ажал оғы тұр жақын.
Жау жақындап, алқымдап,
Туды ерлерге зор қауіп.
Қара бұлттай түйіліп,
Торлап қауып қаптады.
Қалың жау шулап түйіліп,
Келеді ерлер атпады.
Елеуреген есерлер,
Ентелей басып келеді.
Дегенде атар осы-ау жер,
Команда сонда береді.
Жыртқыш аңдай жаралы,
Дұшпан тағы төкті күш.
Оқ азалып барады,
Ерлерге туды қиын іс.
Ерлер атқан автомат,
Оқ бітіп үнсіз қалғанда.
Енді дұшпан қаптамақ,
Ажал қоршап алғанда.
Оқ таусылды амал жоқ,
Қырылмайық бәріміз -
Деді сонда Кисляков
Достарым, кейін барыңыз!
Қош болыңдар, достарым,
Ел үшін жаным садаға.
Жау алдын жалғыз тосқаным,
Қалмайық енді табаға.
Жауда жалғыз қалып сіз,
Байлап берген секілді.
Өлсек бірге өлдік біз,
Кетпейміз, деп өтінді.
1941 жыл
***
Қарындастың білем атын
(герой-партизанка Тося Петроваға)
Кірлетпеген ар, ұятын,
Кірлетпеген даңқты затын.
Отаны үшін жан қиятын
Қарындастың білем атын.
Қуған ерлер елдің кегін,
Қанға малып халық жауын,
Ердің қаны кетпей тегін,
Зұлым жаудың шақты тауын.
Анасындай сүйген елін,
Өлімге де белін буған.
Жүрегінде берік сенім,
Елдің кегін қанмен жуған.
Бір топ қана партизандар,
Тап бергенде қалың жауға.
Үрейленген жыртқыш аңдар,
Таба алмады басқа сауға.
Жүздеп неміс қалды жайрап,
Қан үшін-қан, жан үшін-жан,
Күн бұрыннан қойған сайлап,
Кетті жерге атқанша таң.
Қалың тоғай. Жер балаған,
Жатыр ерлер демін алып.
Зұлым дұшпан анталаған,
Қапылыста келді қалып.
Ас даярлап от басында,
Нәзік дене жас қыз жүрген.
Анталап жау тап қасында:
«Беріл, орыс!», - деп, иттей үрген.
Балағанға ерлер жатқан,
Жаудырды жау гранатын.
Жауға жалғыз мылтық атқан,
Қарындастың білем атын.
Пистолеттен дәлдеп атып,
Оқ жаудырды жауға жалғыз.
Ондап фашист қалды жатып,
Берілмеді партизан қыз.
Бетіне ұстап бір ағашты,
Қалың жаумен ұрыс салды.
Ажал қоршап аузын ашты,
Қыздың жалғыз оғы қалды.
Мен құрбаның, ұлы Отаным!
Қыз дауысы шықты қатты.
Халқым үшін пида жаным!
Ақырғы оғын өзіне атты.
Кірлетпеген ар, ұятын,
Кірлетпеген даңқты затын.
Отаны үшін жан қиятын
Қарындастың білем атын.
22 май 1943 жыл
Достарыңызбен бөлісу: |