ТӨРТІНШІ АКТ
Жаролла байдың ауылы. Қазақ үйлер. Аулақта дала көрінісі, сары дала, адыр, төбелер. Алыста Ақшатау көрінеді.
Сахнаның оң жағында кедей шаруаларының қазақ үйінің ішкі көрінісі. Ол үйде қол - аяқтары байлаулы, жаралы Сабыржан, Әлімқан, Шалтай. Сахнаның сол жағынба байлардың үйінің сыртқы көрінісі. Күн таудан асып батқалы бара жатқан кешке таманғы мезгіл. Жаролла, Құмар үй сыртында сөйлесіп отыр.
Жаролла. Ал, Құмар, Сабыржан қолға түсті. Аумалы-төкпелі заман боп кетті. Арты не болар екен.
Құмар. Мықтыбай да хабарды жеткізген болар. Ақтардың қолына береміз де алла деп отырамыз. Сабыржан болшебек. Болшебек бізге дос емес екеніне алланың өзі куә.
Жаролла. Ақ патша тағынан тайып, жығыса жығылған ақтар ғой. Аякөз үстінен өткіншідей өте шығып, тағы қызыл пәлесі қылт ете түссе, күніміз не болады сонда біздің...
Құмар. Аруақ-құдай бар болса, қызылықның қыры кетті білем. Алда-жалда, жаман айтпай жақсы жоқ, қызыл келе қалса: Сабыржан ауылымызды шапты, сон соң халық ұстап өкімет қолына берді... аржағын біз білмейміз. Сөз осы.
Жаролла. Ақ орнығып қалса, ақ түйенің қарны жарылады. Сабыржанға бүйрегім бұрып отырған мен жоқ. Артын ойлап, амал етейік.
Құмар. Қол көтердік, торға түсірдік. Ата жауды аяма. Тісің барда тас шайна.
Жаролла. Мәслихат. Пәле - жаласы өзімен кетсін. Арылған болайық. Сабыржанның өзінен болды десін ел.
Мықтыбай келеді.
Мықтыбай. Ассалаумағалейкум!
Құмар. Жалғызбысың?
Мақтыбай. Ғинаш бастаған 20 қазақ орыс келе жатыр. Жақыпбек ауылында түстеніп қалды. Мен озып кеттім.
Құмар. Аякөзің не боп жатыр?
Мықтыбай. Пәленің басы, Сабыржанның серіктері түгел дерлік қолға түсіпті.
Жаролла. Ақтар әбден орныққан ғой.
Мықтыбай. Әй, білмейім-ау.
Құмар. Иә?!
Мықтыбай. Көр қолы Үржар, Мақаншыға суыт аттаныпты. Жетісу, Семей жақтан қызылдар қаптап келеді деп ел дүңк-дүңк етеді.
Шаруа келе жатады.
Жаролла. /Мықтыбайға/. Қоя тұр. Жүр үйге кіріп сөйлесейік.
Жаролла, Құмар, Мықтыбай кетеді.
Әлімқан. Ой жалған дүние, арманда кеттің-ау, қарағым.
Сабыржан. Әлеке, дүние жалған емес, дүниені жалған деп түсіндіретін зұлымдар жалған. Шындық, адам баласының бақыты, бостандық үшін алысып өлген арман емес.
Әлімқан. Сенің жаның қалса, мен садаға, Сабыржан.
Сабыржан. Мен күрескен ісімнің әділдігіне көзім жеткен, көңілім сенген. Қызығын көрмедім деп арман етпеймін Әлеке. Сіздер көрсеңіз етті.
Әлімқан. Ер туса – елге ырыс, сен елдің ері едің, Сабыржан.
Шаруа келеді.
Шаруа. Сабыржан қарағым, Аякөзге жіберген кісісі келді.
Әлімқан. Не деп келді?
Шаруа. Не десін... не дейін...
Сабыржан. Белгілі ғой, Әлеке.
Шаруа. 20 казак-орыс келе жатыр.
Әлімқан. Жендеттер десеңші.
Шаруа. Қанатымен су сепкен қарлығаш құрлы болмадым, қарақтарым. Қайтейін.
Жылайды.
Сабыржан. Біз сізге ризамыз. Көзіңнің адал жасы – сепкен суың сол.
Шаруа. Не істе дейсіңдер. Айтыңдаршы, қарақтарым.
Сабыржан. Шамаң келсе хат жазуға қолымды босат. Болмаса, өкпе жоқ.
Әлімқан. Балаң қайда? Балаң...
Шаруа. Жылқыда ғой ол сорлы. Іші қазандай қайнап, не істерін білмей жүр. Кәзір, Сабыржан қалам, байқап келейін.
Сабыржан. Он жолдасым не күйде? Жасымасын. Мен айтты де.
Шаруа. Қазір.
Шаруа шығып кетеді.
Әлімқан. Қалың кедейден ат тізгінін беретін жан шықпағаны ма!
Сабыржан. Жасиын дедің бе, Әлеке.
Әлімқан. Сен сау қалсаң арманда кеттім демес ем.
Жаролла, Құмар келеді.
Жаролла. Сабыржан, мұсылманның баласы едің. Алдыңа келсе атаңның құнын кеш дейді қазақ...
Сабыржан. Мен сенің алдыңа келгенім жоқ. Құрған торыңа түстім.
Құмар. Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң.
Сабыржан. Мен адасқам жоқ. Табатын үйірім сендер емессіңдер. Арбамаңдар. Аулақ!
Жаролла. Әлі де кеш емес.
Сабыржан. Маған кеш емес. Сендерге кеш. Кер заманның керауыздары. Жаным үшін жау алдында да жалбарына алмаймын. Пітіне болып, шатылғанша, азамат бол да атыл.
Жаролла. Жан күйінгенде адам не демейді...
Құмар. Мұсылмандық қарызымыздан құтылайық дегеніміз емес пе.
Сабыржан. /ойланып/. Ә, солай ма! Олай болса менің қасымдағы адамдарды түгел босатыңдар. Бұлардың сендерге жазығы жоқ. Мені жендеттеріңнің қолына беріп абырой алыңдар.
Құмар. Өз басыңды ойла, Сабыржан.
Жаролла. Аяз әліңді біл... саған сөз қалған жоқ.
Әлімқан. Бөрі жеген бөксем бар, иттен несін аяйын... О, жауыздар...
Құмар. Тарт тіліңді!
Жаролла. Біз сені Сабыржан деп, Ғарапшаның баласы деп келсек... Әлі большевикше сөйлейсің ғой.
Сабыржан. Большевикпін! Жаңа түсіндіңдер ме большевиктің кім екенін. Боьшевик большевикше өледі. Жауыздыққа бас имейді. Ертең тіпті жақсы түсінесіңдер, большевиктің әрбір тамшы қанын халық қалай бағалайтынын, қалай жоқтап ала алатынын.
Құмар. Қой, Жаролла, пәледен аулақ... Кеттік.
Сабыржан. Сендер, тірі аруақсыңдар. Әлдеқашан кеткенсіңдер. Кетіңдер!
Жаролла. Ә, солай ма!
Сабыржан. Солай!
Жаролла, Құмар шығып кетеді. Шаруа кіреді, Сабыржанның қолын шешеді.
Шаруа. Ал қарағым, жалғызымды қостым жаныңа. Ат даярлап күтіп тұр.
Сабыржан. Рахмет сізге, дән ризамын!
Шаруа. Қарағым, Сабыржан, Жаролланың тортөбелін дайындап қойдым. Ана қызыл шілікте балам күтіп тұр. Жалғызымды өзіңмен бірге ерте кет. Айтпақшы Аякөзді қызылдар алыпты.
Әлімқан. Иә, құдай!
Шалтай. /басын көтеріп/. Рас па, ата, рас па?
Сабыржан. Кім айтты, анық па?
Шаруа. Әлгі біздің ұл. Анық дейді, рас дейді.
Сабыржан. Қарай тұрыңыз, олай болса.
Шаруа. Қимылда, қарағым.
Шығып кетеді. Үй сыртынан бағып тұрады.
Әлімқан. Жолың болсын, жөнел Сабыржан!
Шалтай. Тез кетіңіз, Сабыржан аға, тез!
Сабыржан. Сабыр керек. Ақыл керек. Асығыс түбі - өкініш. Менің атқа мінер халім жоқ.
Әлімқан. Не дейсің, қарағым-ау!
Шалтай. Енді қайттік...
Сабыржан. Шыдаңдар кішкене. /хат жазып жатады/. Қадірлі жарым, Мәкіш! Мен қолға түсіп қалдым. Өмірден үмітім үзілді.
Әлімқан. /өз-өзіне/. Не дейді!
Сабыржан. /Жаза береді/ ... Мен саған дән ризамын. Ендігі ерік өзіңде. Жалғызымды жақсы тәрбиеле. Оқыт. Большевиктер жеңгенде менің қанымды мына залымдардын сұрарсыңдар: Жаролла, Құмар, Мықтыбай... Қош, бақыл бол, жолдасым, жарым, уақыт тар... Ескіше 11 июль 1918 жыл. /Әлімқанның қолын босатып хатты береді/ Мә, Әлеке аға, жөнел...
Әлімқан. Қарағым-ау, бұның не?!
Шалтай. Сабыржан аға...
Сабыржан. Жаман айтпай жақсы жоқ. Тірі қалсақ бәрі ұмыт. Аякөзді біздің большевиктер алғаны рас болса, тез жетіңіз. Хабар етіңіз. Олай-бұлай боп кетсек, бар істің куәсі боласыз. Аман көрсеңіз, Байсұңқарымды мен үшін сүйіңіз. Болды. Жөнеліңіз! Берік болыңыз!
Әлімқан. Не дейді, Сабыржан... Көріскенше күн жақсы. Сақта құдай, бар болсаң. Аққа жақ!
Сабыржан. Қош жақсы аға, жан жолдас, ризамын!
Әлімқан. Шалтай бауырым, жақсы інім... қош!
Шалтай. Кешіңіз, әз аға, қош!
Әлімқан кетеді. Үй сыртында шаруа Әлімқанға жол сілтеп жібереді. Түн. Жым-жырт.
Сабыржан. /Шалтайдың қолын шешеді/. Сен тыңсың, аяғың сау «Балта шапқанша, дөңбек жал табады». Түн жамылып, бас сауғаласаң деймін.
Шалтай. Айта көрмеңіз. Сіз не болсаңыз, мен де сол. Іштей берген сертім бар. Ердің екі сөйлегені - өлгені. Бір кемеге мінгенбіз... Сізден тәнім ғана бөлек. Шыбын жаным бір, Сабыржан аға. Аяңыз мені!
Сабыржан. Жау келсе жастығымызды ала өлетін болдық. Алысып өлетін болдық.
Аз тым-тырыс. Бозарып таң атып келе жатқан кез. Аттың дүбірі, ауыл иттерінің үргені естіледі. Қасында солдаттары Ғинаш келеді. Ол Жаролланың үйінің сыртында, солдаттарына бұйрық беріп тұр. Асығыс Адъютанты келеді.
Адъютант /Ғинашқа/. Господин полковник, ауыл қоршалды.
Ғинаш. Тірі жан шашу шықпасын. Ана дөң бастарына жан-жақтан қарауыл қойылсын!
Басқа солдаттар кетеді. Ғинаш Адъютантымен қалады.
Үйден Жаролла, Құмар шығады.
Жаролла. Ассалаумағалейкум, Ғинаш мырза!
Құмар. Ассалаумағалейкөм!
Жаролла. Оң сапар болсын! Қуаныш қайырлы болсын!
Ғинаш. Бірге болсын, қадірлі ел ағалары. Ғаббасов қайда. Комиссар... большевик...
Жаролла. Жауыңызды байлап, сый-сыбағаңызды сайлап отырмыз, мырза. /Үйді нұсқап/ рақым етіңіз!
Құмар. Алдияр, қош келдіңіз!
Ғинаш, Жаролла, Құмар үйге кіреді. Адъютант сыртта қалады. Сабыржандар жатқан үйге шаруа келеді.
Шаруа. Келді жендеттер.
Сабыржан. Қанша адам?
Шаруа. Ауылды қоршап алды әйтеуір, бастығы бір жандарал... мұсылман, әйтеуір. Құдай қуатын берсін, қарақтарым.
Шаруа асығыс кетеді.
Сабыржан. Бастығы мұсылман дейді. Кім екен. /Шалтайға/ Берік бол. Қолыңның бос екенін сездірме. Менің сол жағымда бол. Сүйеніш бол. Басқа қимылды ретіне қарай көреміз.
Шалтай. Мақұл, Сабыржан аға.
Жаролланың үйінің сыртында тұрған Ғинаштың Адъютантына асығыс бір солдат келіп, хабар айтады.
Солдат. Бір топ қару-жарақты аттылар келіп қалды. Көп өздері. Жақындап қалды. Қызылдар сияқты.
Адъютант. Кімдер екенін анықта, бар!
Солдат кетеді. Адъютант Жаролланікіне кіреді. Аздан соң Ғинаш, Адъютант, Жаролла, Құмарлар шығады.
Ғинаш. /Жароллаға/. Ғаббасов қайда? Тез алып шығыңдар!
Құмар. Тиыштық па, тақсыр?
Ғинаш. /Жауап бермей/. Жылдам!
Жаролла. Мақұл.
Жаролла Сабыржандар жатқан үйге кіреді. Сабыржан, Шалтай қолдарын артына ұстап тұрады.
Сабыржан. Қожаларың келіп қуанып жатырмысың!
Жаролла. Шақырды, жүр!
Сабыржан. Кім шақырды?
Жаролла. Полковник Ғинаш мырза.
Сабыржан. Ә... Ғинаш па. Өзі келсін, бар айт!
Жаролла, бұл қай қайсарлық?
Сабыржан. Бұл большевиктік қайсарлық!
Жаролла. Сол большевиктігің жетеді ғой түбіңе.
Сабыржан. Большевик сендердің түбіңе жетеді. Есіңе сақта. Сабыржан сияқты бір большевик өлсе, оның орнына жүз большевик шығады.
Жаролла шығып кетеді.
Ғинаш. Немене?
Жаролла. Дау болмас мынаған. Өзі келсін дейді.
Ғинаш мылтығын қолына алып, Сабыржандар жатқан үйге кіреді.
Ғинаш. Ә! Сабыржан, мырза!
Сабыржан. Мен мырза емеспін. Ол сенің атығың. Мен большевикпін.
Ғинаш. Большевикпен сөйлесіп тұрар уақытым жоқ.
Сабыржан. Білем. Сендердің уақыттарың өткен. Сен әлде қашан өлімге бұйырылған жаралы жыртқышсың.
Ғинаш. Кім жыртқыш? /Мылтығын көздеп/. Пйт иманыңды!
Сабыржан. Сен жыртқыш. Тұтқындағы адамға мылтық кезеп қоқандайсың... қоян жүрек! Пасық! Қорқақ!
Даладағы Жаролла, Құмар үрейленген. Асығыс үйлеріне кіріп кетеді. Адъютант есіктен Ғинашқа: «Тездетіңіз, полковник, тақсыр» дейді. Алыстан аттың дүбірі, айғай-шу естіледі. Ғинаш Сабыржанды атып жібереді. Оқ араға түскен Шалтайға тиеді. Тез шегініп үйден шыға бере Сабыржанды тағы атады. Далада айғай-шу күшейеді. Ақтың отряды «Қызылдар», «Большевиктер» деп үрейленіп қашып жатады. Ақтың солдаттары Ғинаштың: «Тоқта, бассыздар!» деген сөзіне қарамай қашып жатады. Ғинаш жаралы Сабыржанға бірнеше оқ атып кете барады. Сабыржан сахнаның ортасында жер тіреп жанбастап жатады.
Олжабай отряды келген. Ақтарды қуып барады. Олжабай мен Мұқаметша келеді.
Мұқаметша /Сабыржанға/. Бауырым-ай тірімісің...
Олжабай. О, ардагерім, азаматым, ерім!
Сабыржан. Жеткен екенсің ғой, Олжеке... Ризамын... жақсы аға, жан достар...
Шаруа келіп, Сабыржанды сүйеді.
Сабыржан. /шаруаға/. Таныдым... білдім, халқым, қамқорым...
Әлімқан, Мәкіш келеді.
Мәкіш. Сабыржан! Жаным, тірімісің...
Әлімқан. Кеш, қарағым, осы болды жеткенім...
Сабыржан. Мәкіш, аяулы... жолдасым, тірімін... Енді менде арман жоқ... Маған әлім жоқ.
Мәкіш. /қуанғандай/. Естіртші осындай жақсы лебізіңді.
Сабыржан. /шығып келе жатқан күнді нұсқап/. Ана көтеріліп келе жатқан қызыл арай күн... бақыт күні... Ленин тудырған күн. Бақытты ұрпақ!
Музыка.
Ш ы м ы л д ы қ .
Семей 1957 - 1980 ж.ж.
ЕР БІЛІСАЙ
Екі бөлімді тарихи драма
Қатысушылар:
Білісай
Мырзағали – оның ері
Сымағұл – ақтардың қол шоқпары
Тоқтар – жылқышы
Михаил Беспалов – большевик-революционер
Жұмағұл Ағадаев – большевик-революционер
Мұса – шаруа
Құсайын – ауыл адамы
Мұқыш – шаруа
Зылиха – кемпір
Офицер
Солдат
Ауыл адамдары, малшылар, ақтың солдаттары.
Оқиға 1919 жылы Семей облысының Жарма ауданының жерінде болған.
БІРІНШІ СУРЕТ
1919 жыл. Семей қаласын тастап, қашып шыққан атаман Анненковтың ақ бандаларының бір үлкен тобы, жолдарындағы бейбіт елді қырып-жойып, Георгиевка селосы мен Ақжал кенін бетке алып келе жатқан кез.
Достарыңызбен бөлісу: |