Байланысты: Саясаттану ғылымы әлеуметтік гуманитарлық ғылымдар жүйесінде
Саясаттану ғылымы әлеуметтік гуманитарлық ғылымдар жүйесінде
Саясаттанудың негізгі мәселелері. Саясаттану (грек. «politike» — мемлекетті басқару өнері және logos – білім, ілім) – саяси құбылыстар әлемін тұтас және өзара тығыз байланысында зерделейтін ғылым. Әдетте, «саясаттану» және «саяси ғылым» терминдері синонимдер тәрізді қолданылады. Саясаттану немесе саяси ғылым зерттеу пәні ретінде қоғамдық өмірдің экономикалық, әлеуметтік және рухани салаларынан салыстырмалы түрде тәуелсіз саяси саласын иеленеді.
Саясаттанудың ғылым ретінде әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар (философия, тарих, әлеуметтану, мемлекеттік-құқықтық ғылым, этнология, психология және т.б.) арасында оның зерделейтін мәселелері мен сұрақтары шеңбері бойынша ғалымдар арасында әжептәуір талас-тартыстар бар. Бұл әбден түсінікті де, өйткені саяси құбылыстар қоғамдық өмірде орын теуіп жатқан экономикалық, тарихи, әлеуметтік, рухани-адамгершілік, дүниетаным және басқа құбылыстар мен үдерістер легімен өзара тығыз байланыста. Дегенменен оның қалыптасу тарихымен, заманауи даму деңгейін ескере отырып, саяси ғылымның негізгі мәселелерінің шеңберін жеткілікті түрде айқын сипаттап беруге әбден болады.
Саясаттанудың мәнін нақтылай түсу және оның зерделейтін мәселелерінің шеңберін анықтау үшін, ең алдымен, саясаттың мәнін құрайтын мазмұнды қырларын ескерудің маңызы зор. Біріншіден, саясат билік (оны ұйымдастыру, бөлу, мемлекеттік қызметтің бағыттарын анықтау және т.б.) маңында құралымдалатын қатынастармен, яғни биліктік қатынастармен тікелей байланысты; екіншіден, саясат қоғамның барлық мүшелерін біріктіретін жалпы бастаманың негізінде сан қилы мүдделерді үйлестіру жолы мен қоғамдық өмірді ұйымдастыру тәсілі ретінде көрініс табады; үшіншіден, ол мемлекеттік билік институттарының көмегімен қоғамдық дамудың үдерістерін басқаруға бағытталған элиталар мен жетекшілердің іс-әрекеті болып табылады.
Осы айтылғандарды ескере келе, саясаттануды саясаттың көп қилы көріністерін түгел қамтитын тұтас саясат туралы ғылым деп анықтауға болады. Саяси ғылым өз аясына мемлекеттік биліктің барлық институттарын, тұтас алғанда, қоғамды және қалай болғанда да, әрбәр жеке адамды тартатын, қоғамда орын тебетін саяси үдерістердің заңдылықтарын айшықтайды. Саясаттану зерделейтін мәселелер шеңбері өте кең және жүйеленген түрде былайша бөлінеді:
шым-шытырық қиюласқан қалыптағы саяси үдерістер мен институттар, саяси шешімдерді қабылдау тетіктері және оларды іске асыру өнері;
барлық ішкі мемлекеттік, мемлекетаралық, ішкі партиялық және партияаралық, мүдделік топтар, саяси жетекшілер мен элиталар арасындағы және т.б. саяси қатынастардың жиынтығы;
саяси жүйелер, оларды ұйымдастыру және қызмет атқару принциптері, олардың өзгеруі мен алмастырылуының заңдылықтары;
партиялар және партиялық жүйелер, саяси идеолгиялар, сайлау жүйелері, саяси және сайлау технологиялары, саяси мәдениет және психология;
саясат теориясы, саяси ілімдер және дәстүрлер, саясаттың әлеуметтік-философиялық және идеялық-теориялық негіздемелері және т.б.