Коммерциялық емес ашық акционерлік қоғамы



бет5/10
Дата07.02.2022
өлшемі110,46 Kb.
#95362
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
Байланысты:
Саясаттану ғылымы әлеуметтік гуманитарлық ғылымдар жүйесінде

Саясаттанудың шығу тегі

Саяси құбылыстар мен үдерістер туралы білімдер біртіндеп жинақталған. Сондықтан саясаттанудың ғылым ретіндегі пайда болуы – үш кезеңге бөлінген тарихи-әлеуметтік дамудың нәтижесі. 1) көне дүние мен орта ғасырларды өзіне қосатын тарихи уақытты; 2) Жаңа және XIX ғасырдың ортасына дейінгі ең жаңа уақытты; 3) XIX ғасырдың екінші жартысын және ХХ ғасырдың бастапқы онжылдықтарын қамтиды. Үшінші кезеңде саясаттану өз пәні, ұғымдық аппараты және зерттеу әдістері бар дербес ғылым болып қалыптасып үлгереді. Алғашқы екі кезеңдегі саяси ғылымның пайда болу алғышарттарының пісіп жетілу уақыты деп сипаттауға болады.
Адам өмірінің саяси қырларына алғаш көңіл бөлген ойшылдар мен көнеқытайлық, көнеүнділік және көнегрекиялық философтарды атауға тиіспіз. Олар тұтас дүниетүзілім заңдарымен қоғамдық-мемлекеттік құрылыс заңдарын қоса танып білуге ұмтылды. Көне Қытай философы даосизмнің («Дао» аударғанда «жол» дегенді білдіреді) негізін қалаушы Лао-цзы (б.д.д VI ғ.) барлық заттар мен құбылыстар негізінде дүниеден тысқары әмбебап бастама Дао жатыр деп көрсетті. Ол – шексіз және белгісіз, алайда тұрақты әрекетшіл, аспандағының да, жердегінің де бәрін заң ретінде анықтайтын әлдене. Даоға бой ұру – адамдар өміріндегі тыныштық пен бейбітшілікке жетудің жолы, осы жол өкімет басшысының (мемлекет иегерінің) мемлекетті дұрыс басқаруына өте маңызды. Даосизм бойынша, адам жердің заңына, жер аспанның заңына, ал аспан, өз кезегінде, даоның заңына, ал дао өзіне-өзі сүйенеді. Ең жақсы өкімет басшысы деп, Даоның табиғи заңдарына қатаң сүйенетін, әділ, бәрін ойлап істейтін және сөзге байыпты, мемлекеттік істерде табысты әрі халықтың сеніміне берік басшыны айтады.
Мемлекетті басқарудың мәселелері ұлы қытай философы Конфуцийдің (б.д.д. 551-479жж.) ілімінде маңызды орын алады. Ол бұл істің басына қалай болғанда да күш көрсетуді талап ететін қатаң мемлекеттік заңдар мен олардың орындалуына деген қатаң бақылауды емес, өкімет басшысының мейірбандылығын, оның өзіне бодан барлық азаматтары үшін үлгі боларлық мінез-құлқын қояды. Конфуцийшіліктің саяси философиясы бойынша, ең бастысы жэнь категориясы арқылы білдірілетін адамдарға деген махаббат, яғни қандай да болмасын күш көрсетудің болмауы. Осы адамдарға деген махаббат және оның мүмкіндігі мен шындығының жағдаяттарын негіздемелеу мемлекетті басқару туралы Конфуций ілімінің мәнісін құрайды. Ол қылмыс және күш көрсету орын алмайтын қоғамды идеалды деп санаған. Ал ондай қоғамға қол жеткізу үшін әрбір адам жэньге сәйкес іс-қимыл жасауы, яғни қоғамның әрбір мүшесі өз мейірбандылығын жетілдіре отырып іске асыруы тиіс. Сонда «адам – отбасы – мемлекет» тізбегі бойынша бүкіл елде тәртіп пен тыныштық орнығады, жалпылама бейбітшілікке қол жетеді.
Көне үнділік саяси-философиялық ойда Ведалар деп аталатын құдайлар құрметіне арналған гимндер жинағына сүйенетін брахманизм мен буддизм жетекші бағыттар саналады. Ведалар бойынша, Брахман Ғаламның абсолюттік бастамасы, бүкіл бар болудың қайнар көзі және шексіз көптүрліліктің себебі болып табылады. Қоғамда адамдардың әлеуметтік жағдайы олардың қай кастаға – Варналардың қайсысына – жататынына тәуелді. Варналар дін уағыздаушылары (бархмандар, Ведаларды түсіндірушілер), жауынгерлер – әкімдер (кшатрийлер), еркін қауымшылар (вайшийлер) және қызметшілер (шудралар) болып бөлінеді әрі ру ақсүйектері брахмандар мемлекетте алдыңғы орынды иеленеді. Брахманизмнің бір догмасы карма заңдары бойынша жандардың қайта жаңғыруы орын алады. Ал бұл қайта жаңғыру құдайлар әрбір Варнаға тағайындаған нұсқамаларды адамдардың қалай орындайтынына байланысты. Патшаларды дін уағыздаушыларының нұсқауларына сай басқаратын теократиялық (грек. theos – құдай, kratos – билік) мемлекет брахманизмнің илеалы болып табылады. Б.д.д. VI – V ғғ. брахманизмге қарсы күресте пайда болған буддизм патшалардың сайлау арқылы тағайындалуын, адамның қадір-қасиетін сыйлауды және бейбітшілік саясатын жүргізуді қалайтын басқарудың республикалық формасын дұрыс деп санады.
Антика заманының философтары Платон (б.з.д. 427-348жж.) және Аристотель (б.д.д. 384-322 жж.) мемлекеттің табиғаты туралы мәселелерге, мемлекеттік құрылыс формаларын жіктеуді іске асыруға, «саясат», «демократия», «әділеттілік» және т.б. ұғымдарды талдауға көп көңіл бөлінген. Мысалы, Платон, өзінің «Мемлекет», «Саясат», «Заңдар» деп аталатын әйгілі диалогтерінде қоғамдық және мемлекеттік өмірдің идеалды құрылысының өзіндік түсінігін баяндап береді. Оның айтуынша, заманауи қоғам және мемлекет үш сословиеден (басқарушылар-философтар; жауынгерлер-сақшылар; қолөнершілер мен диқаншылар) тұрады. Олардың әрқайсысының өз ісі бар: философтар әділ басқаруды іске асырады, әскерлер қоғамды қорғайды, ал қолөнершілер мен диқаншылар материалдық игіліктерді жасайды. Идеалды мемлекеттің құрылысы, міне, дәл осындай болуы тиіс, тек сонда ғана нағыз мейірбандылық орнығады.
Аристотельдың мемлекет туралы ілімі оның «Саясат», «Афиналық полития», «Никомах этикасы» трактаттарында баяндалған. Мемлекеттің мақсатын ол барлық азаматтардың жалпылама игілігіне жетуде деп қарастырады. Тап осы белгі бойынша ол монархияны, аристократияны және политияны мемлекет құрылысының дұрыс формалары ретінде бөліп көрсетеді. Ал басқалары (тирания, олигархия, және демоктратия) дұрыс емес деп саналады, өйткені олар басқарушылардың өзінің пайдакүнемдік мақсаттарына қызмет етеді екен. Ол ең жақсысы деп политияны, яғни білімді әрі дүние-мүлкі жағынан қамтамасыз етілген көпшіліктің басқаруын атайды. Өйткені, оның ойынша, полития мемлекеттің барлық басқа формаларының жақсы жақтарын өзіне синтездеген. Аристотель саясатты адамдарды «жалпылама игілікке» және «бақытты өмірге» бастайтын қауымдастықтардың формасы ретінде санаған. Адамды ол белгілі бір ережелерге сүйеніп өмір сүруге мәжбүр «саяси жануар» деп сипаттап, әрбір адамның игілігі мен бақыты сол ережелерге тәуелді деп санаған.
Көнеримдік ойшыл және мемлекет қайраткері Марк Тулий Цицерон (б.д.д. 106-46жж.) «Мемлекет туралы», «Заң туралы» және т.б. өз трактаттарында Платон мен Аристотельдың философиялық-теориялық идеяларын Рим мемлекетін жетілдірудің практикасымен байланыстыруға ұмтылады. Ол құықытық мемлекет теориясының негіздерін қалап, мемлекеттік құрылыстың ең үздік формасы деп монархияның, аристократияның және демократияның өзіндік бір біріктірілген түрі болып табылатын мемлекеттің аралас формасын есептейді. Цицеронның пікірі бойынша, жекелей алғанда олардың әрқайсысы мемлекеттіліктің дағдарысына апаратындай болып ыдырап кетуі мүмкін, ал белгілі бір пропорцияда біріктірілгенде (тежемелік және теңгерушілік принципі бойынша) орнықты құрылғыны құрайды.
Орта ғасырларда (б.д. V – XV ғғ.) діни дүниетанымның үстем болуына орай мемлекеттік басқару және саяси өмір мәселелері батысеуропалық христианшыл ойшылдардың еңбектерінде және араб-мұсылмандық Шығыс философтарының ілімдерінде, көбіне теологиялық-философиялық тұрғыдан түсіндірілді.
Католиктік шіркеу дін мен философия саласында үлкен бедел иесі деп мойындаған Аврелий Августин (354-430) «Құдай қаласы туралы», «Құлшылық» және т.б. еңбектерінде жер бетіндегі қалаға (яғни, мемлекетке) Аспан қаласын (яғни, құдай қаласын) біріншісін екіншісіне бағындыра отырып қарсы қояды: мемлекет шіркеудің қолдауымен құдайға қызмет етуі тиіс. Ортағасырлық схоластикалық философияның көрнекті өкілі Фома Аквинский (1225-1274) шіркеу билігінің зайырлы биліктен, яғни мемлекеттік биліктен, оның шығу тегінің құдайылығын мойындай отырып жоғарылығын негіздейді. Оның пікірінше, монархия мемлкеттік басқарудың ең үздік формасы болып табылады, өйткені ол қоғам бірлігін қамтамасыз етуге қабілетті.
Саясат және мемлекеттік билік туралы толыққынды ілім құрған араб-мұсылман философы әл-Фараби (870-950) өзінің «Ізгі қала тұрғындарының көзқарастары туралы» деп аталатын трактатында идеалды қала – мемлекет жобасын баяндап береді: мұнда тұрғындардың игілігі мен бақыты қамқорлыққа алынған болуы, ал басқарушы қалаулы мақсаттарына жетуі үшін жоғары адамгершіліктік талаптарға сай болуы тиіс.
Саяси ғылымның негізін қалаушылардың бірі ретінде Қайта Өрлеу дәуірінің итальяндық ойшылы Никколо Макиавелли (1469-1529) саналады. Ол өзінің «Билеуші» («Государь»), «Флоренция тарихы» және т.б. трактаттарында саяси саланы оның қатынастылы дербестігінде бөліп алуға және саяси ғылым негіздерін діни догмалардың шатпағынан тазартуға талаптанды. Ол мемлекеттік басқарудың ең үздік формасы деп монархияның, аристократияның және демократияның белгілерін үйлестіретін аралас республиканы санаған.
Жаңа және ең жаңа уақыт дәуірінде (XVII – XIX ғғ.) феодалдық қоғамдық қатынастар орнына капиталистік қатынастардың келуіне байланысты жаңа идеялар дами бастайды. Ал бұлардың арасында мемлекеттің келісімдік сипаты туралы идея басты рөл атақарады. «Қоғамдық келісім» теориясы қоғам өзінің табиғи күйінен, яғни адам табиғаттың бір бөлігі саналатын күйінен, мемлекет ұйымдастырған өркениетті өмір сүру күйіне ауысуының қажеттілігін негіздеуге тиіс болатын. Ал соңғысы қоғамда зерделі бастамалар негізінде тәртіп пен әділеттіліктің орнығуын, тұлғаның құқықтары мен еркіндіктерінің қамтамасыз етілуін қалайтын болуы тиіс. Бұл теорияның дамуына айтарлықтай үлес қосқандар қатарына ағылшын философтары Томас Гоббсты (1588-1679) және Джон Локкты (1632-1704), француз ойшылдары Ш.Монтескьені (1689-1755) және Ж-Ж.Руссоны (1712-1778) жатқызуға болады. Сонымен бірге бұлардың еңбектерінде билікті бөлісумен, адамзат қоғамдасуын демократиялық құру теориясының басталуы бар.
Демократия теориясының негізін француз әлеуметтанушысы Алексис Токвиль (1805-1859) қалады. Ол «Америкадағы демократия туралы» кітабында демократизмнің артықшылықтарын да, кемшіліктерін де ашып берді. Жаңа және ең жаңа заманғы уақыттың саяси-құқықтық идеяларын жүйелеуде маңызды рөл неміс классикалық философиясының өкілдері Иммануил Кант (1724-1804) пен Гегельге (1770-1821) тиесілі. Адамзат қоғамының саяси және мемлекеттік-құқықтық саласы дамуының диалектикалық-материалистік тұғырнамасын Карл Маркс (1818-1883) пен Фридрих Энгельс (1820-1895) жасап шығарды. Олар адамзаттың коммунистік болашағын негіздеуге талаптанған болатын.
XIX – XX ғасырлар тоғысында біртіндеп саяси ғылым мәселелерінің өзіндік алқабы барған сайын айқындала түсті. Қоғамдық ғылыми пәндермен (философиямен, құықпен, тарихпен және т.б) шекарасы анықталып, дербестігі артты. Батыс еуропа елдерінде (Германия, Франция, Англия) және АҚШ-та саяси ғылымның орталықтары пайда болды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әлемде саяси ғылым дамуының жаңа кезеңі басталды.
Қазақ саяси-қоғамдық ойының дамуында ерте кезеңін (б.з. XI – XIV ғғ.) ерекше даралап айтуға болады: бұл кезеңде жалпытүркілік дүниетаным шеңберінде біртіндеп Қазақ мемлекеті туындауына алып келген өзіндік саяси-мемлекеттік идеялар қалыптаса бастады (Жүсіп Баласағұн, Ахмет Иассауи, Махмұд Қашғари және т.б.). одан кейін қазақ ақын-жырауларының шығармашылығы (Асан қайғы, Бұқар жырау және т.б.) және Қазақ хандығы өмір сүруі кезеңінде (XV – XIX ғғ. ортасы) мемлекеттік мәселелерді шешудің үлгілерін жасаған хандар (Керей мен Жәнібек, Қасым, Тәуке, Абылай және т.б.) мен билердің (Төле, Қазыбек, Әйтеке және т.б.) ойлары мен практикалық іс-әрекеттері алдыңғы қатарға шықты. Мұнда тәуелсіз Қазақ мемлекеті өмір сүруінің мүмкіндігі мен шындығы нақтыланып, түпнегіздері қаланған болатын.
Келесі кезең қазақ ағартушыларының (Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев есімдерімен байланысты: олардың еңбектері XIX ғасырда патшалық Ресейдің отарлау саясатының күшеюіне орай дала аймақтарында етек жайған саяси оқиғаларды бастан кешкен қазақ халқының рухани түлеуінің қайнар көзі болды. ХХ ғасырдың алғашқы онжылдықтарында қазақы саяси-құқықтық ой тәуелсіз Қазақ Республикасын құру үшін күрес формасына енеді («Алаш» партиясы қайраткерлерінің шығармашылық іс-әрекетінде). Кеңестік биліктің басқаруы кезінде саяси ой түгелдей коммунистік идеология рухына бағындырылды. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары Қазақстандағы саяси түрленулердің тарихын қайта ой елегінен өткізуге, мемлекеттік құрылыстың заманауи мәселелерін, көп түрлі саяси-құқықтық, саяси-әлеуметтік және басқа міндеттерді шешуге бағытталған саясаттанулық зерттеулер жүргізіле бастады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет