Коммуникативтік қажеттілік – тіл үйренудің басты факторы Т. Н. Ермекова, Ф.ғ. д., профессор



Дата15.09.2017
өлшемі96,41 Kb.
#32621
Коммуникативтік қажеттілік – тіл үйренудің басты факторы
Т.Н.Ермекова,

Ф.ғ.д., профессор

ҚазМемҚызПУ

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты кезекті Жолдауының басты құндылығы – қалыптасқан Қазақстан мемлекетінің жаңа саяси бағыты – «Қазақстан – 2050» стратегиясын белгілеп беруде десек, оның басым бағыттарының бірі ретінде көрсетілген: «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды! Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн» деген жолдардың маңызы ерекше [1]. Елбасы 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуге тиіс деп талап қойған еді. Бұл міндет өз кезегінде қазақ тілі мамандарынан тегеурінді жұмыс күтетіні хақ.

Осы уақытқа дейін жарық көрген оқулықтармен мемлекеттік тілде еркін сөйлеп шығуға қол жеткізе алмауымыздың себебі неде? Әрине, мемлекеттік тілде еркін сөйлеп шығуға қол жеткізу – көп аспектілі жұмыс. Қоғам, орта, үйренушінің ынтасы, психологиялық мінез-құлқы, үйретушінің шеберлігі, педагогикалық такт т.т сияқты мәселелермен астасып жатқан бұл проблеманың бір ұшығы оқулықтарда жатқаны мәлім. Оқулық жазу оңай шаруа емес, бірақ бір оқулықты жазушы автордың не авторлар ұжымының тұжырымдамасы, ұстанымы айқын болуы қажет. Осы орайда екінші тілді үйрететін оқулықтың басты ұстанымы - коммуникативтілік қажеттілікті қанағаттандыру болуы тиіс. Өйткені қай жастағы адам болмасын екінші тілді коммуникация үдерісіне қатысу үшін үйренеді.

«Коммуникация» сөзінің негізгі мазмұны жалпы қарым-қатынас, хабарласу, араласу, байланыс жасау деген мәнге саяды. «Коммуникация» - қарым-қатынас, өзара байланыс деген ұғымды білдіреді. Тілді қатысымдық (коммуникативтік) әдіс арқылы үйретудің оңтайлылығын көрсеткен – Е.И.Пассов болып саналады [2,173].

Ол өз еңбектерінде жалпы оқыту әдісіне тән бірнеше белгілерді бөліп шығарды:
1. Әрбір оқыту әдісі белгілі бір мақсатқа жетудің құралы болып табылады. Қатысымдық әдістің негізгі мақсаты – сөйлеу әрекетінің түрлерін (айтылым, жазылым, тыңдалым, оқылым, тілдесім) меңгерте білу.
2. Әдіс оқыту процесіндегі тактиканы емес, стратегияны анықтайды, сондықтан да ол (әдіс) оқытудың шартына тәуелді болмайды.
3. Оқыту әдісінің аумағы өте кең, сондықтан сөйлеу әрекетінің қай түрінде болсын оқытудың барлық жақтары қамтылады.
4. Әдісте барлық қағидалардың басын біріктіретін ең басты, негізгі идея болады. Басты идея методологиялық рөл атқара келіп, әдістің жүзеге асуы үшін барлық мәселелердің басын біріктіреді.

Сөз болып отырған әдіске қатысты негізгі идея, басты өзек – қатысым болып табылады. Қазақ тіл білімінде қатысымдық әдістің негізін қалаған профессор Ф. Оразбаева берген анықтамаға жүгінсек, «Қатысымдық әдіс дегеніміз – оқушы мен оқытушының тікелей қарым-қатынасы арқылы жүзеге асатын; белгілі бір тілде сөйлеу мәнерін қалыптастыратын, тілдік қатынас пен қағидалардың жүйесінен тұратын; тіл үйретудің тиімді жолдарын тоғыстыра келіп, тілді қарым-қатынас құралы ретінде іс жүзінде асыратын әдістің түрі» [3,78].

Әдіскер ғалым З.Н. Никитенко тілді үйренудегі негізгі маңызды факторы ретінде төмендегі факторларды атап көрсетеді:


  1. Әлеуметтік-экономикалық және саяси фактор;

  2. Әлеуметтік-педагогикалық фактор;

  3. Әдістемелік фактор;

  4. Әлеуметтік-мәдени фактор;

  5. Жеке тұлғалық фактор [4, 22-23]. Тіл үйренуде аталған факторлардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар. Тіл үйретуде оңтайлы технология ретінде қатысымдық технология жиі аталады. Аталған технологияның басты ерекшелігі – коммуникативтік қажеттілікке негізделуінде. Ол:

а) оқу материалын сөйлеу үдерісінде меңгеруге бағытталады;

ә) тұлғаға бағытталады;

б) үйренушілер мен үйретушінің ынтымақтастығына бағытталады, сол арқылы оқу мақсаты жүзеге асырылады.

Біздің ойымызша, үйренушілердің коммуникативтік қажеттілігі дегеніміз – тілді үйрену барысында қоғам сұранысына сай олардың алдына қоятын практикалық міндеттері мен мақсаттары, яғни тілді үйрену барысында байқалатын коммуникация кезіндегі зәрулік. Демек, тіл үйренушінің коммуникативтік қажеттілігі – бұл олардың тілді шынайы қолдануда білім, білік, дағдыны қалыптастыру барысындағы белсенділіктерінің ішкі қозғаушы күші. Үйренушінің коммуникативтік қажеттілігіне сай таңдалынып алынған оқу материалдары міндетті түрде олардың оқуға деген ынтасын қозғап, қызығушылығын туғызуы керек, мұның өзі оқу барысында кездесетін қиындықтарға төзе білуге дайын болуына көмектеседі. Бұл тілді үйрену үдерісінде маңызды жетістікке жетуге көмегін тигізеді. Сондықтан тіл үйрену мәселесі, алдымен лексикалық қордың болуын қажет етеді. Тіл үйренудің бастапқы деңгейінде қазақ тілінің бай лексикалық қорын түгел жаттап шығу мүмкін емес. Сондықтан оны тіл үйренушінің коммуникативтік қажеттігіне қарай іріктей білу қажет. Ол сөздер күнделікті қажеттілікке сай қолданылатын тұрмыстық лексика және қызмет бабында қолданылатын кәсіби лексиканы қамтиды. Сондықтан тіл үйренушінің сөздігі әдеттегі екі тілдік сөздіктен айырмашылығы болуы тиіс, ол жиі қолданылатын сөздерден тұратын тақырыптық лексемалар мен жағдаяттық сөйлесімдерді қамтығаны жөн.

Қазір әлемдік тіл үйрету тәжірибесінде «тілді грамматикасыз үйретуге бола ма?» деген сұрақ бар.

Тілді табиғи ортада үйрену бар да, мақсатты үйрену бар. Табиғи ортада үйрену күнделікті қарым-қатынаста үзбей жүзеге асатындықтан және қажеттілік факторы басты рөл атқаратындықтан, тіл үйренушінің санасына психологиялық-әлеуметтік тұрғыда жақсы сіңеді, тұрақтанады. Сондықтан да тілі шықпаған бала тілді грамматикасыз үйренеді, өйткені оның тілдік санасы жаңа парақ секілді. Олай болса, тілді грамматикасыз үйрену мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды.

Ал тілдік санасы қалыптасқан тұлғаға табиғи ортасыз екінші тілді үйрену оңай емес. Сондықтан да тіл үйретушілер «жасанды табиғи орта тудыру» идеясын дүниеге алып келді. Жасанды табиғи орта топ ішінде үйренушілер арасында және тіл үйретуші мен үйренушілер арасында жүзеге асады. Бұл жерде әдістемелік фактордың маңызы зор. Әдістемелік фактордың құрамдас бөлігінің бірі – үйрететін тілдің грамматикасы. Тілдік санасы бір тілде қалыптасқан тіл үйренуші тұлғада екінші тілдің грамматикасына сұраныс туады. Айталық, «Мына нәрсенің көп екенін қалай білдіруге болады? Уақытты білу үшін қалай сұрақ қоямын?» т.т. сұрақтардың жауабын грамматикадан іздейді. Ал грамматиканы үйрену, алдымен, психологиялық кедергіні жеңуден басталуы тиіс. Басқаша айтсақ, үйретілетін тілдің грамматикасының коммуникацияға қажетті және оңай формасы ізделуі тиіс. Оңай форманы тауып алғашқы сөйлемдерді сәтті айта бастағанда немесе өзара коммуникацияға түсе бастағанда психологиялық кедергі жойыла бастайды, сенімділік пайда болады. Осылайша «жеңілден ауырға» принципі негізінде сөйлеуге қатысты грамматиканың өзге бөлімдері қарастырылады. Айталық, қазақ тілінің грамматикасын үйренуді неден бастаған жөн? Біз бұл жерде фонетика, қазақ тілінің ерекше дыбыстары, олардың айтылым ерекшеліктері туралы сөз қозғамаймыз. Бірінші сабақта қалай қазақша сөйлеуге болады?

Тілдік коммуникацияның басты бірлігі - сөйлем болса, сөйлем субъект-предикаттық қатынасқа негіздлеледі. Субъект – іс-сапа иесі. Ал предикат – сөйлемде айтылған іс-сапаның өзі. Субъектінің коммуникациядағы функциясын жіктеу есімдіктері атқарады.

Мен – я Біз - мы

Сен – ты Сендер - вы

Сіз – вы Сіздер - вы

Ол – он, она Олар - они

Аталған жіктеу есімдіктері атау тұлғада тұрғанда, іс-сапа иесі болады. Септелген жағдайда ол объектінің де, атрибуттың да қызметін атқарады. Сондықтан лингвистикалық әдебиеттерде атау тұлғадағы жіктеу есімдігін субъектілік жіктеу есімдіктері деп атайды.

Ал предикат функциясын есім сөздер де, етістіктер де атқарады. Ал кез келген сөз предикат қызметінде жұмсалуы үшін жіктелуі қажет. Үш жақтың әрқайсысының жіктік жалғауы бар. Өзге тілді аудиторияда бірінші сабақтан сөйлем құрап үйрену үшін «ең оңай 3-жақ (самое легкое 3-лицо)» - тан бастаймыз. Ал қай тілдің граммматикасында да 3-жаққа ол, олар есімдіктерінен басқа кез келген адам есімдері, тіпті кез келген зат есім бола алады. І, ІІ жақта жіктік жалғау сингармонизм заңдылығы бойынша түрленіп жалғанса, ІІІ жақта есім сөздер мен қалып етістіктерде арнайы жіктік жалғауы жоқ. Сондықтан қазақ тілін үйренушілер үшін ІІІ жақтағы сөйлем құрау өте оңай.

Қазақ тілінің ең басты жеңілдігі – род категориясының жоқтығы. Сондықтан сөздіктен сөйлесімге қажетті зат есім не сын есімді тауып қоюға болады.

Мысалы:

Он умный. Ол ақылды.

Она умная.

Самат – учитель. Самат – мұғалім.

Сауле – учительница. Сауле –

Она школьница. Ол – оқушы.

Он школьник.

Она красавица. Ол сұлу (қыз).

Кошка белая. Мысық ақ.

Оно густое и т.д. Ол қою.

Бұл типтес сөйлемдерді аударуда үйренушінің сөздік қоры мен ол жетімсіз болған жағдайда сөздіктен басқа ешнәрсенің қажеті жоқ.

Предикат зат есімнен жасалса, оның алдына сын есім қою арқылы сөйлем іргесін кеңейтуге немесе неғұрлым нақтырақ сөйлем жасауға болады.

жақсы


Самат – үздік мұғалім.

Сәуле – қатал

мейірімді
хороший/-ая

Самат / лучший/-ая учитель/-ница.

Сауле – строгий/-ая

добрый/-ая



Ал предикат сын есімнен жасалса, оған зат есімнен жасалған сөз тіркестірсек, аталған зат есім предикатқа айналып, сын есім оның атрибутына айналады.
Ол ақылды — Ол ақылды бала/ұл/қыз.
Он (Она) умный/-ая — Он (Она) умный/-ая ребенок/ мальчик/девочка.
Субъектілік жіктеу есімдігімен ІІІ жақта жіктік жалғаусыз (өзгеріссіз) тіркесетін етістіктер де бар. Ол – қалып етістіктері:
отыр – сидит,
тұр - стоит,
жатыр - лежит,
жүр - ходит.
Бұл етістіктер дара тұрғанда тек қана осы шақта жұмсалады.

Ол /Олар отыр. (Он/Она/ сидит/ Они сидят).

Ол /Олар тұр. (Он/Она стоит / Они стоят).

Ол /Олар жатыр. (Он/Она лежит/ Они лежат).

Ол /Олар жүр. (Он/Она ходит/ Они ходят).


Субъектілік жіктеу есімдігімен ІІІ жақта жіктік жалғаусыз (өзгеріссіз) тіркесетін сөздердің келесі тобы – модаль сөздер:
Керек / қажет – нужно, надо
бар - есть,
жоқ - нет

Уақыт/қарындаш керек (Нужно время/карандаш).

Уақыт/ қарындаш бар (Есть время/ карандаш).

Уақыт/ қарындаш жоқ (Нет времени/карандаша).

Уақыт/қарындаш/ оқу/ адам қажет (Надо времени/қарандаша/ читать/ людей).

Керек, қажет сөздері – синонимдер және олар тұйық етістік (-у) формасындағы сөзбен тіркесе алады. Оқу/көру, бару/ айту + қажет/керек.

Сонымен, субъектілік жіктеу есімдіктері арқылы ІІІ жақта өзгермейтін, сөздік арқылы қиналмай сөйлесім құрастыратын төрт модель бар:




Ол (немесе зат атауы, кісі есімі) + зат есім

Ол /Асан/Айша – дәрігер.



Ол (немесе зат атауы, кісі есімі) + сын есім

Ол /Асан/Айша + жас/ ақылды/алғыр.



Ол (немесе зат атауы, кісі есімі) + қалып етістіктері

Ол /Асан/Айша + отыр/ тұр/ жатыр/ жүр.



Ол (немесе зат атауы, кісі есімі) + керек, қажет, бар, жоқ

Ол /Асан/Айша + керек/ қажет/ бар/ жоқ.



Осы негізде өзгермейтін ІІІ жақты игеріп болған соң, ІІІ жақтың өзгеретін формаларына, қосымша, шақ түрлері т.т. сияқты коммуникацияда белсенді қызмет атқаратын формаларға ауысады.

  1. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2014 жылғы 17 қаңтар //http://www.akorda.kz/kz/page/page_215750_poslanie-prezidenta-respubliki-kazakhstan


  2. Пассов Е.И. Коммуникативный метод обучения иноязычному говорению. 2 изд. М. Просвещение, 1991. -312 с.

  3. Оразбаева Ф. Тілдік қатынас: теориясы мен әдістемесі. –Алматы, 2000 ж. -256 б.

  1. Никитенко З.Н. Теория и практика обучения иностранным языкам. – Смоленск: «Ассоциация ХХІ век», 2007.- 176 с.


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет