Түркілер – әлем тарихында айрықша кезең болып табылатын көне түркі дәуірі кезеңінде түркі халықтарының жүйелі мемлекеттік құрылымымен, жетілген әскери тактикасымен, қалыптасқан жазба дәстүрімен, бейнелі де бай тілімен ерекшеленеді.
Зерттеушілер көне түркі руникалық жазбаларын YII-IX ғасырларға тән деп жатқызып келді. Бұл тақырыпта көптеген даулы мәселелер көтерілді де. Алайда, 80-жылдары Монғолиядан табылған тас ескерткіштер руна жазуларының тарихы тым әріде жатқандығын дәлелдеп берді. Көне түркі жазба ескерткіштерінің ішіндегі неғұрлым ежелгілерінің бірі ретінде Бұғыты жазбасы (Бугутская надпись) аталып жүр. Бұл жәдігерлік YI ғасырдың соңғы ширегіне жатқызылады.
Жалпы көне түркі жазбаларының алғаш ашылуы XYIII ғасырдың 20-шы жылдарына дәл келеді. Тасқа қашалған мұралардың тұңғыш үлгілері Ф.И. Страленбергтің «Северная и Восточная части Европы и Азии» атты еңбегінде жарыққа шықты. Ал 1721 жылы зерттеуші ғалым Д.Г.Мессершмидт Енисей өзенінің жағалауынан тасқа ойылып жазылған ескерткіш тапты. Біршама уақыттан кейін, нақтырақ айтсақ XYIII ғасырдың аяқ шенінде ғалым Р.Паллас Енисей руна жазбаларының бесеуін жария етті. 1889 жылы Көкшін-Орхон өзенінің жағасындағы Коше-Цайдам аңғарынан қытай әліпбиімен және руна жазуымен жазылған екі үлкен тас ескерткіш табылды. 1893 жылдың 15 желтоқсанында дат профессоры Вильгельм Томсен Орхон-енисей ескерткіштерінің құпиясын шешті. Ол тастағы белгілерді салыстыра отырып, дыбыстардың ыңғайына қарай белгілер алдыңғы және артқы қатардағы болып екі топқа бөлінетіндігін айқындайды. Бұл түркі тілінің құрылысына тән еді. Академиктер В.В. Бартольд пен А.Н. Самойлович бұл оқиғаны − XIX ғасырдың ең ұлы жаңалықтарының қатарына жатқызды.