-ғ, -қ жұрнақтары етістікке жалғанып, сын есім жасайды: алығ — байлық (түбірі ал), ыдуқ —қасиет (түбірі — ыд — жіберу), бедүк — биік (түбірі — бедү — көбею).
-сығ, -сық, -шығ, -шіг жұрнақтары түбір сөздерге жалғанып, қатыстық сын есім жасайды: Ачсық тосық өмезен — Аштықта тоқтықты түсінбейсің; Нең йылсығ будунқа олурмадым — Хандығымдағы халық бай емес-ті; Ечім қаған илі қамашығ болуқынта — Менің нағашым қағанның елі бүлікшіл болды;
-шағ жұрнағы, -чыл жұрнағы бір-ақ сөзде кездескен: Сүчіг сабын, йымшақ ағын арып — Тəтті сөз, асыл сый берді; Іч йер ілкі артзун, атчыл апытутуқ йоқ — Ішкі жерде еліктер артты, оны аулайтын атшыл (ат мінуді сүйетін) біздің елде жоқ екен.
-тег жұрнағы зат есімге жалғанып, салыстырма мəнді сын есімдер тудырады: теңрітег — тəңрідей, бөрітег — бөрідей. Бұл жұрнақтың қызметі қазіргі қазақ тіліндегі қатыстық сын есімдер жасайтын -дай, -дей аффикстерінің қызметімен сəйкес келеді.
-ге жұрнағы етістіктерге жалғанып сын есім жасайды: білге — білгіш. Білге қаған ерміш — Білгіш қаған екен.
Көне жазба ескі-де -дем жұрнағы бір-ақ вариантта ғана кездеседі. Бұл жұрнақ есім сөздерге де, етістіктерге де жалғана береді: Ер атым Ерен улуғ ердеміг батур — Менің атым батыр Ерен ұлық атақты батырмын. (Ердем — даңқты, түбірі — ер). Қазіргі түркі тілдерінде ол сөз жасаушы жұрнақ ретінде кездесе бермейді, бірақ кейбір түркі тілдерінде, мысалы, башқұрт тілінде берзам (бірлік), кундəм (тіл алғыш) деген сөздер бар [1; 155–165].
Ескерткіштерде сын есімнің шырайлары ретінде салыстырмалы шырай: ақсырақ — ағырақ, өкшүрек — көбірек, бегрек — бегірек, йақшырақ — жақсырақ, ертерек — ертерек, теңрітег — тəңрідей. Күшейтпелі шырай ретінде зерттеушілер Орхон-Енисей жазбаларында, көне ұйғыр ескерткіштерінде ең ілкі — ең əуелгі сөзін, ал басқа ескерткіштерден күшейтпелі шырай: апақ, қып- қызыл, көм-көк сөздерін мысалға келтіреді [2].
М.Қашқари сөздігінде сын есім тұлғаларының бəріне бірдей тоқтала бермеген. Сын есімге тəн тұлғалардың ішінен М.Қашқаридың жекелеп алып қарастыратыны — сын есімнің интенсив формалары (күшейтпелі шырай тұлғалары). М.Қашқаридың түсіндіруінше, сын есімнің күшейтпелі түрлері мынадай жолдармен жасалады: бір буынды сөздердің соңғы дыбысы п, м дыбыстарының біріне ауысады: Көп — көк (түрік тайпасы тілінде), көм — көк (оғыз тілінде). Сарығ сөзінің күшейтпелі түрін сап — сарығ сипатында айтады. Сондай-ақ бос жер, ашық жер мағынасындағы йазы сөзінің күшейтпелі түрі йап — йазы (жап-жазық). Бұл айтылғандардан шығатын екінші мəселе көп буынды сөздердің алғашқы буыны ғана қайталанады. Қайталанған уақытта буынның соңғы дыбысы дауыссыз болса, п, м дыбыстарының біріне ауысады, егер дауысты болса п дыбысы үстіне буын барып қосылады. М.Қашқаридың айтуынша, күшейтпелі мəнді сын есімдер арнаулы сөздердің сын есімдермен тіркесіп келуі арқылы жасалады: тес — күшейтпе мəн беретін қосымша (оғызша). Оғыздар домалақ нəрсе туралы айтқысы келсе тес тегірме дейді, бұл — доп-домалақ деген». Тум — мал, хайуандардың реңін айқындауда толық мəн беру үшін қолданылатын сөз: тум қара ат (тым қара ат). Чім — бір нəрсенің ылғалдығын, пісіп жетілмегендігін асырып айтуда қолданылатын сөз: чім йік ет (тым жас ет). Сүм — өте, тіпті, жүдə: Сүм сүчүк нең (өте тəтті нəрсе) [2; 161].
Сөздікте есімдерден сын есім жасайтын қосымшалардың ішінен М.Қашқари -лығ, -ліг, -луғ, -лүг аффиксіне арнайы тоқталған. Ол туралы автордың пайымдауларына мыналар жатады: 1) заттың неге, не мақсатқа арналғандығын аңғартады: төшеглік барчын (төсекке дайындалған жібек мата); 2) іс иесінің қасиетін, сапасын білдіреді: бедүк қарынлығ ер (үлкен қарынды кісі; білеклік ер (білекті, күшті адам); 3) болған істің кімге, неге қатыстылығын: сарығлығ ер (сары ауруына ұшыраған адам).
Есімдерден сын есім жасайтын аффикстің бірі — -чыл, -чіл. Бір нəрсе үстіндегі əрекеттің ұзақ, көп болғандығын білдіру үшін сөзге -чыл қосылады. Сондықтан: тупчыл йер (дауылды, желді жер) тіркесіндегі жел мəніндегі тупчыл сөзіне -чыл қосылып желкем мəнін беретін сын есімге айналған.
Ұзақ ауырған кісіні ігчіл деу де осы қағидаға жатады. Алайда бұл жай көп таралмаған. Сөйтіп, бұл қосымша арқылы жасалған сын есімдер кең тараған емес.
Сонымен қатар сөздікте сын есім жасайтын жұрнақтарға: -ын, -ін, -ун, -үн (теркін сув — тоқтау су, балшықты су); -қы, -кі (қатқы кіші — қатты адам, ешкімге бойұнсынбайтын адам; тұрқы нең — тырысқан, бүріскен нəрсе); -ығ, -ық, -іг, -уқ, -үк (пышығ ет — піскен ет); -ға, -ге (йорыға ат — жорға ат). Сондай-ақ сөздікте: Оғлақ йіліксіз, оғлан біліксіз; ұсұз кіші — ұйқысыз кісі; арпасыз; арқасыз; басыншақ-жасқаншақ; бағырсақ — бауырмал. Сындық мағына беретін ызұқ — ұзын (ызұқ тағ); арұқ (арық); озұқ ат (жүйрік ат); ұлық тон (ескі тон); ұтұн (дөрекі); евек (ұшқалақ), сарығ (сары), йаратты йашыл жеш (көгілдір етіп жаратты) сөздер, сөз тіркестері бар [2; 163].
Көне қыпшақ тіліндегі ескерткіштерден сын есімнің жұрнақтары ретінде: -ағай, -егей (солағай- солақай, -ғы, -гі, -қы, -кі (базардағы — базардағы, алдыкі — алдыңғы), -лы, -лі, -лу, -лү (татлы — тəтті, йазуқлы — жазықты), -сыз, -сіз, -суз, -сүз (тəңір ішісіз — тəңірісісіз, еч йамансыз — еш жамансыз), -ачық, -ечік (азачық — өте аз, итчүк — кішкентай ит, қылыччуқ — кішкентай қылыш), -ғақ, -гек, -қақ, -кек (батқақ, қачқақ, тайғақ) жұрнақтарын айтуға болады [2; 230–231].
Қазіргі түркі тілдерінде сапалық сындардың күшейту тəсілдері бір-біріне ұқсайды. Есімдерге жұрнақтар қосылу арқылы қатыстық сын есім жасалады. Бұндай жасалмалы сын есімдер сапалық сын есімдер сияқты көптеген заттың сынын білдіре берместен, өзінің тектес зат есімдеріне ғана қатыстығын білдіреді. Есімдерден, басқа да сөз таптарынан жасалған сын есімдердің көпшілігі өзінің негізімен жасалу тəсілі бойынша бір-біріне ұқсас. Мысалы, -қы, -кі, -ки, -ғы, -гі, -ги — қазақ, қарақалпақ тілдерінде; -қы, -гы,-ги, -гу — қырғыз тілінде; -ги, -ки — өзбек тілінде; -қи, -қы — ұйғыр тілінде; -қи, -қы — түрікмен тілінде; -лы, -лі, -ды, -ді, -ты, -ті — қазақ тілінде; -лы, -ли — қарақалпақ тілінде; -луу, -лүү, -туу, -түү, -дуу, -дүү — қырғыз тілінде; -ли — өзбек тілінде; -лы, -ли — түркімен тілінде; -сыз, -сіз//-сиз — жұрнақтары қазақ, қарақалпақ тілдерінде; -сыз, -сиз, -суз, -сүз — қырғыз тілінде; -сиз — өзбек, -сиз — ұйғыр тілінде; -сыз, -сиз, -суз, -сүз — түрікмен тілінде. Бұл -сиз, -суз жұрнағы ескі жазба ескерткіштерде, əдеби мұралар тілінде өте көп кездеседі жəне сол мағынасымен атқаратын қызметін дəл түрінде сақтағанын байқаймыз [3; 69].
Түркі тілдерінің тарихына қатысты -лығ> -лы; –сыз// -сар туралы пікірлер айтылады.
Достарыңызбен бөлісу: |