ЭНДШПИЛЬ
Көптеген партиялар тастардың аз қалған кезде аяқталатыны белгілі. Өйткені аз фигурамен ашық қалған ханға мат жариялау оңайға түседі. Шахматтағы ойын соңын эндшпиль деп атаймыз. Эндшпиль ағылшынның «end», яғни «біту», «аяқталу» деген сөзінен алынған. Расында да көптеген партиялар, сондай-ақ тапсырма-есептердің көбісі эндшпильдік ойын-позициясына негізделіп беріледі. Бір сөзбен айтқанда эндшпиль шахматтың үшінші ең басты бөліміне қарайды.
Бәрімізге белгілі дебюттен кейін миттельшпиль, ал миттельшпильден соң эндшпиль кезеңі басталады. Себебі миттельшпильде тартысты да шиеленісті тұрған позицияда тастар біртіндеп айырбасталынып кетеді де ақырында аз фигурамен ойын соңына ауысады. Сырт көзге қарағанда эндшпиль жеңіл болып көрінуі мүмкін. Алайда бұндай пікірге келісетіндер бір жағынан дұрыс ойласа, екіншіден оңбай қателеседі. Себебі эндшпильдің жүгі дебют пен миттельшпильден де ауқымды, күрделі болып келеді. Өйткені эндшпильде барлық нәтижелік қорытынды шығады. Егер дебют пен миттельшпильде ұту мүмкін болмаса, ал эншпильде ұтыс та, жеңіліс те, тең де барлығы ап-айқын белгілі болып шығады. Сондай-ақ эндшпильдік ойын соңындағы позицияда кім көп тер төккені, кім артықшылыққа кенелгені, кім қандай әдіс қолданғаны түсінікті етеді. Өмірдегідей егер дебютті балалық, миттельшпильді жастық, ал эндшпильді қарттық кезең деп қарастыруға әбден болады. Қарттық шақтағы денсаулығыңыз, жинаған рухани, материалдық байлықтарыңыздың барлығы жас кезіңізбен тікелей байланысты болатыны жасырын емес. Қалай еңбектенгеніңіз, қандай қызмет еткеніңіз, бағыңыз немесе бабыңыз да зейнет жасына әсер етпей қоймайды. Тура сол сияқты эндшпиль дебют және миттельшпильмен тығыз байланысты. Егер басында өте нашар позицияны алып, ортасында түзей алмай, керісінше материалық кемшілікке бой алдыртсаңыз, онда эндшпильдегі жағдайыңыз жақсы болмайды. Керісінше белсенділік танытып, артықшылыққа кенеліп, тиімді позицияға қол жеткізсеңіз, эндшпильге жеткен кезде рахатын көресіз. Дегенмен өмірдегідей жамандықпен басталған іс міндетті түрде жамандықпен немесе жақсылық жақсылықпен аяқталатындай жаттандылық шахматта жоқ. Өйткені эндшпильде бәрі өзгеріп шыға келуі ғажап емес. Тіпті нашар жағдайдың өзін ұтыспен немесе керемет позицияны ұтылыс не теңмен аяқталатын кездер аз болмайды. Сондықтан эндшпиль өзіндік қырымен ерекшеленеді.
Достарыңызбен бөлісу: |