Көсемәлі Сәттібайұлы Аран



бет2/19
Дата20.06.2018
өлшемі0,65 Mb.
#43920
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19

Кенен Әзірбаев, халық ақыны
«Басқа бәле тілден» деп жағы сембейтін жездеме бәленің көкесі сақалдан жабысады деп кім ойлаған.

★★★


Айтыскер ақын атанып, бірде гөй-гөйге, бірде беу-беуге басатын жездем сақал қойғалы шоқтығы биіктеу жамағаттың кейбір шоғырына жақпай қалды.

- Қасқа, Жылқыбай сақал қойыпты.

- Пәлі, мен оны «уахаби» деп естідім.

- Өлә, ондайларды «бақабис» демеуші ме еді?

Жездемнің иегіндегі Сарыарқаның селеуіндей желбіреген сақал туралы «жыр» той мен қаза сайын төбе-төбеге бөлініп, тоң-торыстау жүретін ағайындарымның аузында шүу дегенде осылай гуілдеді. Әлхамдулилла, бірақ «жоқ болсаң бере алмайтын, бар болсаң көре алмайтын» туғандарымның сыпсыңдарының сыры ары кетсе алауыздық, бері шегінсе іштарлық екенін бес саусағымдай білетін мен олардың шәйден шәйге ұласатын іш пыстырар кеу-кеулеріне елп ете қоймаймын. Төрдегі құрақ көрпеше қысыр сөзге құмарлау ағайындардың құйымшақтарынан босады-ау деген сәтте шалқамнан түсіп жатып алам да, Кенен атамнан қалған қайран да қайран қара домбыраның ішегін тыңқылдатып, қалың ойға шомам.

★★ ★


Содан тыңқ-тыңқ, тыңқ-тыңқ...

Қара домбыраның шанағынан шыққан қоңыр үн небір ғажайып қиялдарға жетелейді. «Кенен атам «Бас та өлең, мұрын да өлең, құлақ та өлең» деп әндеткенде нені меңзеді екен жарықтық». Бұл - сана шымылдығынан сығалаған алғашқы ой. Тапқырлығыма өзімнен өзім жымиып қоямын. Өйткені енді ары қарай қара нардай қасиетті атаңнан надан болып тумасаң оңай. «Тәңіртаудың жоғарғы жағына ақпанның арқыраған аязында булары бұрқырап, омыраулары алқа-салқа ашық жүретін, бау-шарбағы да бәденді белсенділер қоныстанушы еді, солар сияқты бастың бел ортасынан орын алған құлақ пен мұрын ақын атамның шыңнан шыққан шалғыдай өткір тіліне ең алдымен оралғанда, жоқ-жұқаналардай етектегі иекке ілініп, жаққа жабысқан сақал байғұс қалай қалып кетті екен?». Бұл енді желкені жалт еткен кемедей қиял теңізінен қол бұлғаған екінші ой. Әп, бәрекелді! Бұдан ары дәмі таңдайға татитын бірдеңені құрастыруға әбден болады. Ол «бірдеңе» де көп күттірген жоқ. «Түпкіштей түртінектесе бұл өлеңде әдебиетшілер әлі күнге дейін түрен салмаған бір тылсым сыр бар. Әйтпесе, өзі ревком, өзі ақын атам бас, құлақ һәм мұрынға бола бостан-бос сөз шығындамаса керек-дүр». Табылды!


★★ ★

Тыңқ, тыңқ...

Ақын атамның қара домбырасы қоңыр үнмен «таспа бала, таспа» дейтін сияқты. Бірақ қайдан, ой деген ойпырайың құрақ көрпешенің үстінен қиқымдай жұлып алып әй-шәйға қаратпай қиял теңізінің толқыны тулаған асау айдынынан бір-ақ шығарды.

«Атамды айтам да, құдайдың құдыреті десеңші, қалай-қалай қиыстырады ә. Қараңызшы, бастың бас жағында бірі салбырап, бірі жабысып тұрғандықтан әрі кетсе анатомия ғылымының төңірегінде ғана еске түсетін бас пен құлақты қайталанбас үнімен қалықтата әкеп әнге қосқанда, адамзаттың он екі мүшесінің бәрі тек қана Басқа құлдық ұратынын меңзеген екен ғой. Бас қаласа бітті, ауыз жамандайды, құлақ тың тыңдайды, көз көрместі көреді, аяқ тебеді, қол сілтейді. Немесе керісінше. Осының бәрінің артында, әрине, қабаттасып асыра жамандау деген албасты мен асыра мақтау деген аяр жүреді. Мен білсем, ақын атам дүниедегі қиянаттың бәрі де, міне, осы екеуінен басталады деп тұр.

Бұған сапсиған сақалдың қандай қатысы бар дейсіз бе? Шынында, қызыл таңнан қара кешке дейін иекте бір тұтам боп желбіреп тұратын Сақал байғұстың Бастың төңірегінде күн құрғатпай болып жататын мақтаулар мен даттауларға қандай қатысы бар?!. Бірақ Ми мәнзелдес мырзалардың мәнеріндегі ақыл-кеңеске зер салсақ, Бастың басыбайлы иелігінде тұрып Басқа қызмет етпеу өзіңді өзің қарадай өлімге айдау екен де. Әсіресе, дөкей атаулының қолына иіліп-бүгіліп су құйып, сүрініп-қабынып сүлгісін әперетін анау Балғабай сықылдылардың дәурені жүріп тұрғанда. Мұқым мүше: аяқ, қол, мұрын, құлақ, көз, тағы не... Басекеңе бас шұлғып, қоғадай жапырылып жатқанда, Сақал (мұрынға тығылып, ауызды жалаған мұртты қойшы): «өй, өңкей жағымпаздар-о-ой, жүрегімді айныттыңдар-ау» дегендей жападан- жалғыз қалып қоя береді екен де.

Әлбетте, ертелі-кеш ербеңдеумен жүретін Қолдың да шамшылдығы бір басына жетерлік: «Бастың аты Бас, ал анау сапсиған Сақалға кімсің деп қызмет етуім керек?» депті-міс. Деп қоя салмапты, талағы тарс айырылып, ашу шақырыпты. Кешке дейін алу, беру, мөр басудан басталып, жуу, сүрту, сылау, сипау деп аяқталатын жақсылы-жаманды тірліктер де әбден жүйкесіне тиген ғой байғұстың».


★★ ★

Тыңқ-тыңқ, тыңқ-тыңқ...

Кенен атамның қайран да қайран қара домбырасының тыңқылы шабытымды қамшылап, түркиялық бауырым Орхан Памуктың Нобель сыйлығын алған қилы-қилы романдарына бергісіз ғажап қиялымды одан ары қоздырды.

«Бастың бабын жасаймыз» деп апы кіріп, күпі шығып жүргенде Сақалдың күтімі, әрине, алдымен Көзге түрткі болары анық. Өйткені айна ал- дына келгенде тарам-тарам Сақалдың жәй-күйін Қолға көрсететін алдымен осы Көз ғой. Қалай дейсіз бе? Масқара болғанда мешіттегі мұқтарам жамағат Балғабай сияқтылардың басындағы гауһар тас қадаған құндыз бөрікке емес, Жылқыбай сияқтылардың омырауын жапқан ақ күміс сақалға сүйсініп қарайды екен дә. Осы «төтенше жағдайды» басқалардан бұрын көрген Көз шарасынан шыға таңқалып, байқаған бәлесін дереу Құлақ пен Ауызға жеткізеді. Құлақ пен Ауыздың қызметінің сыры белгілі, естіп, білгендерін дереу Басқа баяндайды. Бас бұл қорлыққа ашуланбай қайтсін. Тіпті тас-талқан болады. Тас-талқан болғаны сол, «Сақал атаулыны иектен түп-тамырымен жойыңдар» деп жалма-жан жарлық шығарады. Міне, осы қаһарлы жарлыққа қол қойылған күннен бастап Сақал сорлының өзі де, артындағы үрім-бұтағы да қатты қуғын-сүргінге ұшырайды. Әлекедей жалаңдаған Қолға да керегі осы жарлық, иек деген итиген елдегі Сақалдың төбесі көрінген бетте жанын жаһаннамға жіберетін болады. Біздің айдың-күннің аманында үш төбеге бөлініп отыратын ауылымызға сол «Сақал сүргінінен» аман-есен жеткендердің біреуі Жылқыбай жездемнің иегін сағалап еді, міне, әлгі той мен қазада үш төбеге бөлініп, берілген сый- сияпатқа көңілі толмай қарадай қыңырайып жүретін ағайындарым оны да көп көріп, сыпсыңдай бастады».

- Оттапсың!

Небір қызыл кеңірдек айтыстарда құр гөй-гөйін ғана емес, білім-білігінің де бірқыдырау екенін байқатып жүрген жездем қиялымдағы қызық дүниенің быт-шытын шығарды. Қонақтардан босамайтын құрақ көрпешеге әлгінде Жылқыбай да келіп бір қырым еті жоқ құйымшағын төсеген. Менің қиял теңізіне қайта-қайта сүңгіп жүріп тапқан інжу-маржанымды жақтыра қоймаған ол:

Оттапсың, — деді тағы да, — Ақын атамның «Ой жайлауында мұндай қияңқы нәрсе жоқ.

— Ойбай-ау, бұл ән «Ой жайлау» емес қой.

— Енді қайсысы?

— «Бас та өлең» деген әні.

— Не дейт? Мен қалай естімегем? Қане, бір шумағын айтып жіберші.

Кенен атамның қара домбырасын тыңқылдатып, «Бас та өлең» деп, тамағымды кенедім де, даусымды создым.



Бас та өлең, құлақ та өлең, мұрын да өлең,

Бір ақын өлсе талай қырылды өлең.

Тұсында әділ заман бағаландым,

Арманда кеткен екен бұрынғы өлең.

Қайырмасы былай:



Балыққа саяз судан терең оңай,

Ақынға қара сөзден өлең оңай.

Халыққа адал қызмет етпесеңіз,

Абырой-атақ деген келе ме оңай.

Жездем жағын таянып ойланып отыр екен:



  • Ары қарай айта берейін бе? — дедім.

  • Айта бер, жақсы екен.

Ай туса ол да тартар жарығына,

Су ақса ол да тартар арығына.

Атасы кімнің текті, кімнің тексіз,

Бәрібір бір тартады қалыбына.

— Бұл жолғы қайырмасы бөлектеу:



Су шығар жалбызы көп шилі жерден,

Сөз шығар естімеген үлгілерден.

Бай болғын, патша болгын, батыр болғын,

Түбінде құтылмайсың қара жерден,

охо-хо-хой-ай, —

деп, жыларман болып отырған жездемді желпінтейін деп тағы бір-екі шумағы мен бір-біріне ұқсамайтын тағы бір-екі қайырмасын қайырып барып тоқтадым.

— Мынауың шынында мықты екен-әй. Бірақ қазақтың қаптаған ән жинақтарының бірінде жоқ қой. Қайдан үйреніп жүрсің?

— Несіпжан көкемнен. Осы әнді үйренген кезде Кенен атамның мұражайындағы ақын атам жатқан кереуеттің торын сықырлатып үш күн түнегем.

— Ырымшылын қарай гөр! Бірақ бұл өлеңнің сен оттап отырған ертегіге түк те қатысы жоқ қой, рас па?

— Ендеше Сіздің сапсиған сақалыңызды басқалай ақтау да, мақтау да мүмкін емес. Оның үстіне қазіргідей заманда...

— Ол қандай заман?

Жездем де бәле. Мені аузына ие бола алмайтын аңқау санап, түпкіштей сұрап отырғанын көрмеймісің.

— Сақал қойған сақылардың иегінен періштені көрудің орнына, сойқандарды суырып алғысы кеп жүрген жарыместердің заманын айтам да.

Бен Ладен сияқты басы бәйгеге тігілмегенімен сақал қойғалы бері соңынан сөз бораған жездем байғұс ойланыңқырап қалды. Әсіресе, бастау-бұлағын әннен шығарып, өзек-желісін ықылым замандардан таратқан ертегімнің астар-әдібіндегі Аралдан ұшқан тұзды шаңдайын ащы шындық қатты соққы болған сияқты. Ендеше мүмкіндікті босқа жібермеу керек.

— Өзі ревком, өзі ақын атам Қордайды жағалап, қырғызды сағалап, сергелдең болып жүргенде Бас жаққа өз жәйінен жәйбағыстап хабар беруді де ұмытпаған ғой.

«Атасы бір ағайындарым сақалымды сан алуан сыпсыңға қосып жүргенде, қу қайным тағы бір бәлеге ұрындырғалы отыр-ау осы» дегендей, жан-жағына сақтықпен сығырая бір қарап қойған Жылқыбай:

— Бесін намазының уақыты болып қалыпты, мешітке барайық, — деп орнынан түрегелді.

★★ ★


Сақал демекші, өткенде базарда Вань-цзыға жолығып қалдым. Үрімшіге барғыштап жүріп ханзу тілінен де хабардар болдық қой, вань - патша, цзы - ұстаз дегенді білдіреді екен. Қытайдың қазымыр баласы қазақшаға шорқақ болса да, үш төбенің басына үш күн сайын жиылып, өзді-өзінің ұраны мен ұланын айтып, мақтанудан басқа түк бітірмейтін ағайындарымның аузын топайдай ғып бір сұлуына үйленіп алды. Кәсібі - сауда. Жылқыбайды көрсе сапсиған сақалына қарап: «Сауда сақал сипағанша ә, қайнаға» деп қутыңдайды. Жылқыбай болса «Жүре берсең көңе бересің» деген, иегіне бір тал қыл шықпайтын көселермен де құда болдық-ау» деп талқан болады. Қайнағасының көңілін көтерейін дей ме, Вань-цызы «Жаратқан ием бізге бір шөкім сақал бермесе де құмырысқадай қаптаған тұқым берген» деп сүйреңдеп қоймайды.

Төрткүл дүниенің тынысына құлақ түрген жампоздар жаһандану деген сөздің төңірегінде оқыған-тоқығандарын ортаға салып, ойбайлап жүргенде біздің үштөбеліктер (төбе-төбе деп бөліне берген соң Жылқыбай екеуміздің қойып алған атымыз ғой) батыспен де, шығыспен де әлдеқашан андаласып үлгерген. Бұрын орыс келін мен неміс күйеу балаға бет шымшитын апаларым, қазір африкалық абысындарының амбициясына да үйренген. Ол жазғандар да анда-санда ат сабылтып келіп тұрады. Мынау қақсаған ханзу бала да әлігі жампоздар шошып жүрген үдерістің біздің ауылға тән бір сипаты. Шүкірі мен тәубесі сол, қайын жұртының дүние-мүлкін ғана емес, қалжыңпаз дәстүрін де сыйлайды әйтеуір. Сол Вань-цзы амандық-саулықтан кейін:

— Жылқыбай қайнағам сақалын күзеп тастаған жоқ па? — деп жымиып қойды. Сосын жып-жылмағай иегін саумалап:

— Анау өйдеді, мынау бүйдеді екен деп бекерге жүйкесін жұқарта бермесін. Біздің аспан асты елінің тарихында да талай күлкілі жағдай болған. Бір белсенділер ата-бабаларыма бұрымдарың ұзын деп қамшы үйірсе, екіншілері сол ұзын бұрымды неге қидырасыңдар деп күн көрсетпепті. Айтып отырса, қақ-соқпен ісі жоқ қарапайым халық шашқа бола шаш-етектен азап шеккен. Менің атам әйтеуір жасанды бұрымның арқасында аман қалған көрінеді. Керек кезінде тағып алады, керек емес кезінде алып тастай- ды. Ал енді сіздерде «жасанды сақал» мәселесі жүдә күлкі тудыруы мүмкін.

Вань-цызының сықсиған көзі мүлде жүмылып, ішек-сілесі қатты. Мен де күлген болдым. Бірақ ішім қан жылап тұ р. Қу қытай ойымды оқып қойыпты.

— Оған неменесіне намыстанасың. Сақалға қол шошайту бүгін ғана пайда болды дейсің бе? Орыстың боярлары, қазақтың нояндары сақалына жармасқандардан талай қорлық көрген жоқ па. Оның қасында менің үштөбелік қайнағаларымның қылығы айналайын ғой, — дейді жырқ-жырқ етіп.

Жездем алда, мен артта.

— Әй, адам құсап қатар жүрсей.

Маған оның қылқиған мойнына, тауықтың жұмыртқасындай тап-тақыр һәм сопақ басына қарап ой қуған қызық. Жаратқан ием Жылқыбайға тіл мен жақты аямай берген де, түр-түс, кескін-келбет дегенге келгенде кәдімгідей сараңдық жасапты. Тақыр бас, қоңқиған мұрын, сығырайған көз, опырылған жақ алагеуімде кездескен адамды шалқасынан түсірері анық. Ол аз дегендей сақалы бар болғыр да бір уыс бет-аузын бетперде сияқты бүркеді де тастады. Жездем сол қаба сақалымен Мәдениет үйіне алғаш рет кіріп келген күні ең алдымен:

— Астапыралла, түрің не боп кеткен?!. — деп, Балғабай ішегін тартқан.

Оның жақтырмағанын Жылқыбай да сезе қойды.

— Әй, саған қай уақта жағамын осы, аһ? Сенің әулие аралап, мазарға түнеп, мола көрсең ботадай боздап жүргеніңді бетіңе баспай-ақ жүрміз ғой осы.

Жездемнің күйінетініндей бар. Өйткені Балғабайдың астапыралласының астарында сені жұрттың бәлен-түген деп жүргені тегін емес-ау осы деген күмән-күдік бөртіп тұр еді. Ал Үштөбеде ондай бөрткеннің ушығуы жүдә оңай.

★★ ★


Бірақ бұл дүниеде мен үшін Жылқыбайдан көркем адам жоқ. Балғабай не десе, о десін.

Мұса пайғамбардың атағы дүркіреп жаңадан шыққан кезінде араб елінің бір ақылды патшасы ең шебер деген суретшілерін шақырып салаллаһу ғалайһи уә салләмның бейнесін айнытпай салып келуді бұйырыпты. Бұйрық бұлжытпай орындалған кезде сол тұстағы бейнелеу өнерінен хабары мол күллі оқымыстыларына енді маған мына суреттегі кісінің мінез-құлқын айтып беріңдер дейді. Сонда оқымыстылар күбірлесіп, сыбырласып:

— О, мәртебелім, мына бейне дүниедегі ең қатыгез, менмен, пайдакүнем, таққұмар пендеге ғана тән екен, — дейді бір ауыздан.

Бұл жауапқа қатты ашуланған патша:

— Олай деуге қалайша батылдарың барады, бұл — адамгершілігі мен имандылығы дүние жүзіне жайылған Мұса пайғамбардың бейнесі емес пе, — дейді де, мәселенің мәнісін білмекке салаллаһу ғалайһи уә саләмның мекеніне өзі аттанады.

Сонда Мұса пайғамбар:

— Сіздің суретшілеріңіз менің бейнемді қалай айнытпай салса, өнер-білімі мол ақылмандарыңыз да мінезімді айнытпай дәл тапқан. Кезінде олар айтқан кемшіліктердің бәрі де менің табиғатыма тән нәрсе еді. Бірақ мен өмір бойы мінез-құлқымдағы жаман әдеттерден арылта гөр деп бір Аллаһқа жалынып, жалбарынумен келемін, — дегенде патша жағасын ұстап таң қалған екен дейді.

Менің де Жылқыбайдың жанынан шамға үйір жынды көбелектей айналып шықпайтыным оның жақсылыққа ғана құштарлығынан болса керек. Сақалы сапсиып, мұрны қоңқайғанмен жанынан күншуақтай бір жылылық еседі де тұрады.

★★★

Бір қазанға симайтын екі қошқардың басы сияқты бір ауылға сиыспай жүрген Жылқыбай мен Балғабай кейде сахнада да шарпысып қалды. Жылқыбайдың қолында домбыра. Балғабайға домбыра қажет емес, екі қолын бүйіріне таянып алады да, жоқтау айтқан кейуанадай аңырата береді. Наурыз айтыста ма екен, Балағамыз салған жерден құлақ естіп, көз көрмеген бір бәлелерді жіпке тізіп, термелете жөнелді. Баянына құлақ түрсек, әлгі «бақабис» деген бәлең ғұсыл дәретін алмайды екен. Намазға аяқтарын талтайтып, жалаңбас тұрады-міс. Кешегі партком, бүгінгі ауыл ақыны Балғабайдың ашқан «жаңалығы» Мәдениет үйіне содырлар келіп қалғандай әсер етіп, зәрелері зәр түбіне кеткен жамағат Жылқыбайдың сапсиган сақалын жаңа көргендей бажайлап қарай бастаған. Бірақ Жылқыбай саспады. Ышқына «е-е-еуге» салып:



Сапсиғанмен сақалым таза адаммын,

Сақтасын Құдай сені жазадан мың.

Тақиямды түнде де шешпей жатам,

Өйткені мен тақырбас, таз адаммын.
Бәле жауып қоймады-ау Балғабайым,

Арақ десе жұтынған «ал, дабайым».

Жайнамазға талтайып тұрад дейсің,

Шақар шалдай шабандоз талтақаймын.
Ақ бұлтқа будақтаған бу пара-пар,

Бәлеқорлар жәй жүрмей у таратар.

Тазалыққа тәні үйір Жылқыбайың,

Дәретіне бір литр су жаратар, беу-беу, —

деп домбырасын төпеп-төпеп жібергенде әлгіндегі үрей бұлты сейіліп, Мәдениет үйінің іші күлкіден жарылып кете жаздады. Балғабай екі бүйірін таянып тағы бірдеңе дейін деп келе жатыр еді, «болды енді, уәлі сөзге тоқтау керек» деген жұрт ду қол шапалақтап, орындарынан дүркірей тұрып кетті.

Жақында Балғабай Мәдениет үйіне деректір боп тағайындалды. Жылқыбай жездем де біраз жүгіріп еді, бірақ аудандық мәдениет бөліміндегі сірескен шенеуніктер сақалыңды күзеп кел, сосын көрерміз депті. Көрерміздің ар жағы шығарып салма сөз екені айтпаса да түсінікті ғой. Қазір ауылдағы Мәдениет ошағының басы, көзі, құлағы Һәм мұрны Балғабай.

Анда-санда ауылға аудандық мәдениет бөлімінің бастығы келіп кетеді. Құрбан айтта дүрбелең болды. Дүрбелең болатыны, бірнеше сценарий жазылып, біреше сценарий жыртылады. Сценарий бойынша бастықтың «Мерседесі» келіп тоқтайтын күре жолдан мешіттің есігіне дейін созылатын «тірі дәліздің» төр жағында тұратын құрметті тізімнен Жылқыбай жездемнің аты-жөні бірнеше рет сызылып тасталды. Сөйтіп ол орынға азанға бармайтын, намазға тұрмайтын, арақ-шараптан қайтпаған, лә иллаһа илалла деп өмірі айтпаған бұрынғы ауылкеңес, тағы кім еді, ә-ә, жұмком болған сақал-мұртсыз шал-шауқандар лайықты деп табылды. «Тірі дәліздің» төріне тұрғызу үшін олардың бірін бильярд, екіншісін карта ойнап, қызыл күрең коньяк ішіп, қызара бөртіп жүрген жерінен алдыртты. Бірақ, алдыртқаны бар болсын, Үштөбеден ұшқан жалғыз бастығымыз ырғалып-жырғалып келгенше сәскеге дейін сіресіп тұрған «тірі дәліздің» біреуі уай, белім-айлап, екіншісі әй, келін-айлап, кетеуі кете бастаған соң мектептегі мұғалімдер бөлмесінен орындық тасып қор болған Балғабайдың маңдайы шып-шып терледі. Жаман болса да көкем ғой деп мен де зыр жүгіріп қолқабыс бердім. Орындық тасимын деп жүріп Жылқыбай жездем жетпеген бақытқа қолым жетті. «Бұл бастықтың отырса тұра алмас, тұрса отыра алмас бір тосындау үзірі бар екен, соның үшін жұмсақ орындық керек болып тұр» деп майда тілді имам мәймөңкелетіп жіберген соң, мешітке жиылған мұқым мұсылман жүзін туралайтын михрабтың тап қасына орындық тасуыма тура келді. Бастықтарын біреу алып қашып кететіндей үнемі қоршап жүретін қызметкерлері үшін де орындық қойылды. Сөйтіп алашапқын болып жүргенде имам хүтбасын бастап та жіберген. «Хадисте былай делінген, — деді ол құлаққа жағымды қоңыр үнмен, — әрбір адам өзі туралы өсек тараған кезде бейтарап бола білсе, сабыр сақтаса, яғни ашу мен бұзақы ойдан сақтана білсе, ол адам екі дүниеде де жақсылық иесі болады». Имамның уағызына бөгет жасамайын деп бастықтың қасындағы ұлтарақтай жерге тізерлей кеттім. Тізерлеп отырып жатып сыртта қалған Жылқыбайдың сабырлылығына тәнті болдым. Дегенмен бір көзім имамда, бір көзім бастықта. Өйткені жылында бір келетін құрбан айтта жамағатпен бірге сәждеге жығылып, тізге бүгудің орнына тосындау кінәратын сылтауратып қоқиған орындыққа жайғасқан оның қылығы миыма мүлде қонатын емес. Бірақ ол орындыққа отырғанына ыңғайсызданудың орнына көкпаршыдай қотарыла еңкейіп барып алдына бір ақ түйреуішті көлденең қойып қойды. Мұнысы несі тағы? Қызметінен әне кетеді, міне кетеді деуші еді, қалт-құлт етіп жүргенімде жұрттың көзі тиіп, жалп ете қалмайын дегені ме? Бесікте уілдеп жатқан балпанақтай немересінің қалпағының маңдайына түйреуіш тағып қоятын әжемнің қылығы есіме оралып, өзімнен өзім күліп жібере жаздадым. Сонда мына қарны қатпар-қатпар зіңгіттей пенденің де жамағаттың назарынан кінараттанып қалатын нәуетек болғаны ма? Әлде балгерлерге жүгініп, әулиелерге сиынып, қабір көрсе ботадай боздап қоя беретін Балғабай жәркештің ұсынысы ма?

Түйреуіштен төменірек қарап ем, о тоба, орындықтың талтайған төрт аяғының арасынан 45-ші өлшемді аяқтар сорайып тұр екен. Өлшем жөнінен жаратқанға менің де өкпем жоқ, бірақ бар бәле бастықтың аяғындағы шұлықтың табаны мылтықтың бытарасы тигендей әр жер, әр жерден ірілі-ұсақты болып тесіліп қалыпты. Жылт-жылт еткен табанға қарап отырып, мына табан бұқараның мәдени ахуалын білмек үшін ойға-қырға шапқылаймын деп жүріп тесілген табан ба, әлде бильярдтың столын айналып, шар қуалаймын деп жүріп тозған табан ба, деген ойға берілдім. Сауық-сайран мен саунаға үйір Балғабай кешке дейін бильярдтың тасын қуған адам 10-15 шақырымды беймарал матап тастайды дейтін. Мүмкін Вань-цызының күлдібадам бұйымдарына ілесе келген арзанқол бірдеңе ме? Қайткенде де мына шұрқ тесік табан дені сау адамдыкі емес. Бір жағынан на- мыстанып кеттім. Ата-бабаларыма құран оқытамын деп арнайы келген кісі бас-аяғына қарап, дұрысталып киініп келсе болмай ма? Менің имамға емес, қасқыр көрген ешкідей екі көзімнің бастығының тесік шұлығына тесірейе қадалып қалғанын байқаған Балғабайдың түрі оңған шүберектей болып бозарып кетті де, саусағын аузына апарып, «тыс-с-с» деп, ернін шүршитті. «Үндеме, дымың ішіңде болсын» дегені. Табан астында өлең шығаратын Жылқыбай емеспін ғой, үндеген жоқпын. Үндегенде не деймін, «Аса мәртебелі бастық аға, шұлығыңыздың табаны тесіліп қалапты» деп сүйінші сұраймын ба?

Хұтбадан кейін айт намазы оқылып, бет сипалып, Құрбан шалынды. Құрбан шалардың алдында имам алыс-жақындағы кәсіпкерлерді келістіріп тұрып бір сынап алды. Имамның айтуынша, қос-қос «Джип» мініп, қос-қос думанхана мен зауыттың кілтін ұстап жүрген кәсіпкерлер салықтан қашқандай, зекеттен де айналып өткісі келеді екен. Оларға қарағанда бір айлыққа шүкір деп отырған қарапайым халық жомарт. Бірақ айналып келгенде бұл сын да бастық ағамыздың май басқан қатпар-қатпар бүйірінен айырмен түйреп өткендей болды: өйткені құрбандыққа түйе, сиыр шалуға байлығы беймарал жететін мырзаның шашбауын көтеруге келген қызметкерлері бастырманың астына бақылдаған серкені сақалынан сүйреп келе жатқан еді.


★★★

Сыртқа шықсам Жылқыбайым басындағы бөркіне күмістей әппақ сақалы жарасып талдың түбінде тұр екен. Белсенділердің апы-күпі тірлігіне аянышпен қарап, мұңайып тұрған жездемді көңілдендірейін деп бастық ағамыздың шұлығының тесігі туралы жаңалығымды жалма-жан жеткізе беріп ем:

— Шұлығын жөндеп кие алмай жүрген маубас мәдениетті қалай басқарсын, — деп күрсінді. Сосын біреудің кемшілігін айтып күнәға батып неғыласың дегендей:

— Көркемтай, бүгін мен түнімен Мұқағалимен сырласып шықтым. Аллаһты таныған ақынның бірі сол екен. Кезінде шолақ белсенділерден әбден қорлық көрген Мұқаш: «Я, жаратушы Аллаһым, қолдай гөр! Сүйей гөр мені, сүйей гөр! Қолдары да, қорғаны да жоқ жан ем. Жасаған ием, құлап барам, сүйей бер, Пенделерге табына-табына болған ем!» депті.

Жылқыбай жездемнің ойын түсіндім. Аллаһты мойындап, Мұхаммед пайғамбар салаллаһу ғалайһи уә салләмның һақ жолына түсем деп аузы жеңіл ағайындарынан түрткі көрді. Енді, міне, алтын басы қор болып жақсылар мен жайсаңдардың қатарына қосыла алмай тұр. Анау ауданнан келген бастықтың қолын ұстап қалуға тырысып қауқылдасып жатқан «тірі дәліздерден» оның өлсе өлімтігі артық емес пе?

Ол маған осы тұрысында өзінің сақалын емес, иманын жоғалтқан замандастарының ақыреттегі сұрауын ойлап, мұңайып тұрғандай көрінді. Не деп жұбатсам екен? Бірақ ол менің жұбатуыма мұқтаж ба? Қайта ол бастықтың қолын бір ұстап қалуға таласып-тармасып жатқандардың пендешіліктерін налып, мүсіркеп тұрған жоқ па?!.

Менің бұл күнгі құрастырған ертегімнің өзегі — сақалдың «синонимі» жалғыздық екен деген түйінге келіп тірелді. Жалғыздықтың сыпайы аты — оқшаулану. Ал оқшаулану діни түсінікте қылует дегенді білдірсе керек-дүр. Яғни, Әмір Темірден қалған сонау да сонау замандарда өткен Қожа Ахмет Яссауи тақуа сияқты тірідей көрге түспей-ақ бөлектенуге болады екен. Бірақ оны анау Аллаһы бір, айласы бөлек сайтани сенімдегілер сан-саққа жүгіртіп мойындай қоймас.

Жылқыбай жездем де, оның Сарыарқаның селеуіндей желбіреген күміс сақалы да пыраққа мініп, аспанға ұшқан Мұхаммед пайғамбар саллаллаһу ғалайһи уәсалләмдай көз алдымда бірте-бірте аспандап бара жатты. Уа, жалған дүние-ай, Кенен атамдай майын тамызып шырқай алсам, сақалы бар болғырың да сылдыраған кәусар бұлақтай бір ғажайып жыр екен-ау...

СӘТСӘЛІЗІМНІҢ ДЕРТІ
«Күйеуі арақ ішпейтін әйелдердің не арманы бар екен, шіркін!». Осы бір еңку-еңку ойдың үстінде отырғанда Инабаттың ұялы телефоны әндетіп қоя берді.

— Әлөу, Ибаш, мен ғой.

Былдырлаған дауыс таңертеңнен бері өлі-тірісі белгісіз Орақбайдыкі екен.

— Әй, қайда жүрсің?

— Теа-тыл-дың қа-шын-да...

— Немене, спектакльге шақырайын деп пе ең?

— Мә-мә-ши-нем-ді шо-шо-ғып а-ал-дым.

«Кедейдің етегіне бидай салса, төгіп алады» деген. Сонда бұл кім үшін күйіп-пісіп жүр? Қытай мен Қызылжардың арасын жол қылып, сауда жасап жүргені байдың абыройы, бала-шағаның қамы емес пе? Инабаттың қаны басына шапты.

— Құдай-ай, арақ деген бәлені кім шығарды екен, осы!

Инабат «теа-тыл-ды» он айналды. Бай тұрмақ байғүс та жоқ. «Теа-тыл-ға» ұқсайды-ау деген үйлер де түгел сүзілді. Жым-жылас.

Үйіне ызаланып келді. Көз байланып, қараңғы түсіп қалған. «Әкелеріңді іздеңдер» деуге бейкүнә бала-шағаны аяды. Сол уақытта қоңырау шыр ете қалды. Есікті ашса жездесі тұр. Былқ-сылық еткен Орақбайды құлап қалмасын деп қолтығынан сүйеп алыпты.

— Қайдан таптыңыз?

Жездесі жыларман.

— Элеватор жақта жүр сандалып.

Орақбай жазған элеваторды театрмен шатастырған болды.

— Бұл мені «теа-тыл-дың» қасында тұрмын деп алаөкпе қылды емес пе ?

★★★

Қызылжар ауылына баса-көктеп кіріп келген кәпитәлизімнің «тілін» тапқан алғашқыда әйелдер болды. Солардың бірі — Инабат. Алақұйын капитализм алқымнан алған соң:



— «Кештік өмірің болса, түстік мал жина» деген. Орақбайға сеніп омалып отыра берсем, аштан өлермін, — деген Инабат Қытай мен Түркиядан тауар тасуға көшкен. Баяғыда бастықтардың дуайпаттары қасқалдақтың қанындай қат тауарларды екі есе бағасына көтеріп сатқанда абысын-ажындарымен бірге «жәлдептер» деп, бетін шымшитын еді, енді өзі де солардың кебін киді. Бірақ бүгінде баяғыдай «жиналысқа салады» деп қорқатын кәмүністер жоқ. Билік те, партия да саудагердің жағында. Тек салығын төлесең болды.

Ал әшейінде пәлен-түлен деп, аяғын жерге тигізбейтін бөріктілер ең болмаса жиырма жыл майын иіскеп, түтінін жұтқан темір-терсегінің құнын даулауға жарамады. Бірақта бар ғой, аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен сол немелер келген-кеткен әкімқараларға күл шаш десең аттыға жол, ауыздыға сөз бермейді. Ашуын «ащы судан» алатын солардың бірі Инабаттың шымылдығына да «шы-шылап» ұялмай кіріп-шығып жүр.

★★★

«Ат аунаған жерде түк қалады». Ішіне жүз грамм түссе Қызылжарды қырық жілік қылуға шамам келеді деп бөсетін Орақбайдың «теа-тыл-ға» дейінгі дерегі мен дәйегі Итбайдың үйінен шықты. Итбай мен әйелі Зипаш базарда Талдықорғанның аккумуляторын сатады. Инабатты көріп Зипаш ал кеп сайрасын.



— Кеше күйеуіңнің қолында мыж-мыж мың теңгесі бар әбден мазамызды алсын. Итбай «ішпеймін» десе де, езеуреп қоймайды...

Мұндай сөзуар болар ма? Әншейінде мән бермейді екен. Итбайдың арақ қойғанын басқа уақытта естісе шынымен-ақ қуанар еді. Бірақ бұл жолы қыстығып қалды. «Қашаннан бері сопы боп жүр. Белгілі «бесбике» емес пе?».

— Әй, отырсай, шәй ішейік.

— Жоқ, қайтам.

Орақбайдың арағының уайымына Зипаштың усойқы сөзі қосылып, қаны басына шапшыды. Газет оқығансып, жүзін жерден көтермей отырған Итбай ең болмаса «Орақбай аман ба?» деп, жанашырлық білдіруге жарамады.

«Қап, осы кісәпірлігіңді алдыңа келтірмесем бе?».

★★★

Орақбай ойланып отыр. Бүйтіп ойнақтай берсе бір күні от басатыны кәдік. Инабат байғүс «Итбайдың үйінде пальтоң тұр, бірақ тұмағың жоқ. Сайтанның сідігін сіміруіңді доғармасаң, бір күні тұмақ тұрмақ басыңнан айырыласың» деп, жыларман боп келді.



Былтыр Малдыбайдағы емшіге қаралған. «Сәтсәлизімнің дерті ғой. Мұны Гәрбәшөв те жеңе алмаған. Мас та, маскүнем де көп қой. Көпке қалай топырақ шашсын» деп, шәй оқып берді. Бірақ молда үшкірген қара шәй қанша сораптаса да ем болмады. Қайта «ақаңды» үдете түсті.

Анасының уайымын түсінген үлкен қыз тымырайып үндемейді. Қыздың үндемегені Инабаттың ұрысқанынан жаман. Екі бала болса ішінде ит өліп жатса да сыр бермес. Кенже қызы ерке ғой, шешесіне жақтасқандай:



Город Балқаш,

Улица «Алқаш».

Квартира «Нөл».

Арак, ішіп өл, —

деп, шапқылап жүр.

Малдыбайдың молдасы «Бұл дерт адам таңдамайды. Анау шіренген кезде қара жерді қақ айыра жаздайтын шенеуніктерді де талай емдегем. Оппозицияның «серкелері» де жынынан айырылған бақсыдай келіп тұрады» деп еді. Сол рас болды. Сөз бостандығының жыртысын жыртқан Итбайдың да арақ ішкен кесесін зәкөскеше шайнағанын талай көрген. Кеңес өкіметінің кезінде балаларына үрлеп беретін шар таппай әйелінің бөксесіне басып жүр- ген «грелкасын» үрлеген қара дүлейге кесе сөз боп па тәйірі?

— Әй, Ибаш, мені диш-пан-шерге апаршы. Шотталғанша, «кодталып» біл-ақ қа-ла бет болайын.

Орақбай бәленше «торпедо» салдырыпты, түгенше «кодталыпты» дегенді талай естіген. Жақсы атақ емес, әрине. Бірақ енді тартынатын не қалды?

Инабат осы сөзді күтіп отырғандай жалма-жан телефонға жармасты. Орақбай құлағын түріп жатыр. Ар жағындағы дауыс «өз еркімен бе? » деді-ау шамасы, «өз еркімен» деп таңдайы тақ ете қалды. Ары қарай «қанша жылға?», «қашан әкелесіз?» деген сұрақтарға жауап берілді.

— Үһ...

Орақбай күрсінгенін байқамай қалды.



— Әй, не болды сонша?

— О-о-он жыл-да кім бал, кім жоқ...

— Саддам Хүсейін ғұрлы жоқсың ба? Дарға асқалы жатқанда да былқ еткен жоқ қой сабаз. Оныкінің қасында сенікі «условный» емес пе?!.

★★★


Инабаттың қуанышында шек жоқ. Дәрігер Нина Григорьевна Орақбайдың «шаруасын бітіріп», шалқасынан жатқызып қойған соң екеуі кофе ішіп отырып біраз сырласты. Рас болса, арақ деген бәленің адамзат баласына қатері дүние жүзінде СПИД-тен кейін екінші орында тұр дейді.

Нинаның үстелі толған «визитный карточка» екен. Барлығы да емделуге келген дөкейлердікі. «Орақбайым қойса, басқаларда шаруам не?» деп отырған. Кенет «салық төле» деп, әлек-шәлегін шығара келетін шегірткенің айғырындай шикіл сарының аты-жөнін оқып, таң қалды. Ол да осында емделіп шыққан қу екен дә. Бәсе сүзектен тұрғандай өңі сынықтау көріне беруші еді. Ары қарай Инабатты әуесқойлық жеңді. «Таныстардан кім бар екен?» деп, мұқият қарай бастады.

ИТБАЙ САБАЗҰЛЫ

«ЫРЫС» ЖШС-ның директоры,

техника ғылымдарының кандидаты

деген «визитка» сопаң ете қалған кезде Инабат «әп, бәлем, сырың белгілі болды» деді ішінен. Кешегі аспаннан түскендей болып тұрған Зипаштың кекесін сөзі, «Құрдасым аман-есен ба?» деуге кісілігі жетпеген Итбайдың жылтыраған майлы жүзі, бәрі лезде маңызынан айырылды.

Үйіне келіп, сырт киімін іле бергені сол еді, ақ телефон айғырдай кісінеп қоя берді. Зипаш екен:

— Әй, Орақбайдың бас киімі табылды ма? — деп, кешегі қалпы кекете ыздиып тұр. Инабаттың да күткені осы еді.

— «Бір жоқты бір жоқ табады» деген. Орақбайдың тұмағын іздейміз деп жүріп Итбайдың «визитный карточксын» тауып алдым, — деп салды.

— Қайдан құдай-ау?

— Наркологиялық диспансерден. Орақбай досына бір ауыз айтпай жасырын емделіп алыпты ғой. Сосын... Ырғайтының совхозтехникумын әрең бітіріп еді, қай уақытта ғалым болып жүр? Әлде кандидаттықты акку- мулятордан түскен табысқа сатып алдыңдар ма?!.

— Дың... дың... дың...

Зипаш телефонның трубкасын тастай салды. Инабат арқасынан ауыр жүк түскендей диванға отыра кетті.

ҚАЙНАРБЕКТІҢ ҚАНЫ

(әңгіме)

Ал көктеп көр, ал бүрлеп көр, қаулап көр,

Ал маздап көр, ал лапылдап, лаулап көр.

Соғыстан соң... аққан қан мен шыққан жан

Құнына сен күнәһардай жауап бер.

Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ

— Е-е-ей, бері кеңдер, мына жерде аяқтар жатыр!

Қырғидың үні жерден жеті қоян тапқандай шаттана шықты. Сірә, соңына ерген нөкерлері «қанекилеп» тұра жүгіреді деп қалса керек, бірақ балалар ентелей ұмтылудың орнына қорқақтап тұрып қалды. Қырғи айғайға қайта басты.

— Әй, бері кеңдер дедім ғой мен сендерге.

Үнінде ашылмаған аралға кезіккен кеме капитанының көтеріңкі көңіл-күйіне тән мақтан бар.

— Адамның аяқтары-ау дейім! Көресіңдер ме, әні, аноу жатыр.

Қой бастаған серкедей балалардың алдында жүруді ұнататын ол сайдың қабағында тұр еді. Бірақ «атаман» атанып, топ бастап жүрсе де «аяқтардан» оның да сескеніп қалғаны байқалады. Батырлау деген балалар Қырғи нұсқаған тұсқа кібіртіктей басып жақындай бастаған. Жалғыз қалса «қорқақ» деген атаққа қалатын болғандықтан үркердей топтың соңынан Нұршуақ та ілесті.

Балалардың соңын ала жақындағанда байқады, атаманның «адамның аяқтары-ау дейім» дегені... сай табанында шашылып жатқан ескі протездер екен. Бұл кезде сай түбіне бәрінен бұрын жеткен Қырғи сықырлаған ағаш аяқтардың иініндегі темір бұрандаларды Сәндібай сынықшыдай сипалап:

— Қайнарбектің аяқтары, — деді сенімді үнмен.

Шыны сол ма, әлде осының алдында ғана Қайнарбектің «шабуылына» тап болып, тырағайлап қаша жөнелген соң ба, сөзі өте нық.

★★★


Малдың өрісіне ыңғайлы деп ауылдың шетінен жаңа үй салып алған Қайнарбектің ескі қонысы көшенің орта тұсында еді. Есік-терезесін, төбесіне көлденең тастаған бел ағаштарын алып кеткен соң қаңыраған там Қырғидың «штабына» айналған.

Қараталда әр маусымның өз ойыны бар. Біраз болды Қырғи бастаған балалар «қылыштың» құмарынан шыға алмай жүр. Кеше де, арғы күні де есік-терезесі үңірейген Қайнарбектің ескі үйінен таяқтардың тарс-тұрс еткен дыбысы мен балалардың шәңкілдеген үндері естіліп жатқан.

Қолбасшы бүгін де «қылыш» ойнаймыз деді. Қылыштары — сәмбі талдан кесіп алған оқтаудай түзу ағаш. Кей балалар оның қабығын тұтастай сыдырып алып тастаса, енді біреулері бәкімен қабығын айналдыра тіліп, ою-өрнек салып алады. Қолбасшы Қырғиға қарсылас шақ келер емес. Сарт-сұрт ұрады да, «жауының» қылыш ұстаған қолының сыртынан сақ еткізеді. Бұл — оның ең сүйікті тәсілі. Күтпеген жерден тиетін осы соққыдан Нұршуақ қапы қалып, талай рет «мерт» болған.

Ойын енді қызып келе жатқан. Ескі үйдің ішіндегі шаң-тозаңнан ешкім көрінбейді. Әскери тілімен айтқанда бұл стратегиялық әдіс-тәсілді ойлап тапқан да Қырғи. Бекінген «жауды» шебінен қуып шығау үшін ол жауынгерлеріне «Шандатыңдар!» деп бұйырады. Балалар топырақты қағазға орап, граната сияқты үңірейген терезеден ішке лақтырған кезде бозборан шаңнан демала алмай қалған «жау» бекінісін өзі-ақ тастап шығады. Міне, осы сәтте терезенің түбінде аңдып тұрған Қырғи оларды бір-бірлеп қылышымен «түйрей» береді, «түйрей» береді. Бірақ:

— Балалар, қашыңдар, Қайнарбек келе жатыр! — деген үрейлі үн бүгін осы қызықтың шырқын бұзды.

Шал, шынында, қара айғырымен екпіндете келіп қалыпты. Қара айғыр — Қараталдағы ең сұлу жануар. Тұрқы биік, мойны ұзын. Басын шұлғып, жалын сілкіп, көзін төңкере қарап кісінегенде кім-кімнің де аузының суы құритыны анық. Талайлардың арманына айналған сол сүліктей сұлуға обал болады-ау деместен жылтыраған сауырын ағаш аяғымен тепкілеп есікке қарай өте берген қарияны Нұршуақ терезеден аңдап қалды.

— Қане, көздеріңді жойыңдар бұл жерден!

Балалардың бірі есіктен, енді бірі терезеден секіріп, тым-тырақай қаша жөнелді. Жау тарапының жауынгерлерін емес, мүйізі қарағайдай командирлерін жайратса ғана жеңіске жететінін жақсы білетін қарт майдангер алдымен балалардың «бастығын» іздейді. Оның ойынша, бар пәле содан. Қырғи жоқ болса, құда да тыныш, құдағи да тыныш.

Сарбаздарының соңын ала терезеден секіріп шыққан ежелгі дұшпанын көзі шалып қалған Қайнарбек:

— Сен Қырғын торыдан-ақ көретін болдым-ау, көресіні, — деп, қамшысын сілтеп кеп қалып еді, оқ жыландай қайқаңдап, безе жөнелген қара баланың арқасына дарымаған алты өрім қайыс ауаны осып өтті. Сосын тақымына басып жүретін келтелеу келген балдағын іске қосты.

— Мә, ендеше, жүгермек!

Бірақ буынсыз жәндіктей бұғып қалған баланың басынан асып, ол да лағып кетті.

— Оққағары бар ма, бұл қара пәленің, а!?.

Осы кезде безіп бара жатқан Қырғи есіне әлдене түскендей кілт тоқтап, анандай жерде шаң қауып жатқан балдақты қораның үстіне лақтырып жіберді де:

— Кәнтөжіндер өңкей! — деді ысылдап.

Абырой болғанда, есік-терезесі үңірейген үйге жоламай осқырына шегіншектеген атын тебінген шал мұны естімеді.

Қайнарбек ескі үйінің есік-терезесін алып кеткенімен, қора-қопсысын бұзбаған. Балдақ сол қора-қопсының үстіндегі жоңышқаға барып түсті. Шөмелелеп жиған жоңышқа әлдеқашан сарғайып кеткен. Бірақ бүйірін үңгісең жасыл жапырақтардың жұпар иісі мұрын қытықтар. Шал кемтар аяғымен итшілеп жүріп жиған осы жоңышқасын балалардың бір тал сіріңкесінің оты жалмап кетер деп сескене ме, әлде Ауған соғысынан миы шайқалып қайтқан жалғызының ағаштан мылтық, қылыш, граната жонып, оны балаларға үлестіріп, өзі осы қыршыныңнан қиылғыр Қырғимен бірге соғыс «ойнайтыны» есіне түсіп жүйкесі сыр бере ме, әйтеуір ескі үйінің маңынан қара борбайлардың айқай-шуы естілгеннен атына қонып, қиқуға басады.

— Әй, — деді шал ентігіп, — сен... сен... Сағыныштың баласы емессің бе осы?!.

— І-і-иә, — деді Нұршуақ.

— Қане, қораның үстіне шықтағы балдағымды әпергің.

Кейде қораның үсті де «жау» шебіне айналып кететін. Сондықтан өзіне үйреншікті «соқпақпен» қораның үстіне тез көтерілді де, көкірегі сырылдаған қарияға балдағын ұсынды.

— Адам болам десең, ана имансызға жолама....

★★★

Ежелгі дұшпанына деген ашуы бойынан әлі тарқай қоймаған Қырғи қолындағы ағаш аяқты кимекке бел байлағандай бұтына ыңғайлай бастады да:



— Қайнарбектің қалай ақсақ болғанын білесіңдер ме? — деді.

Балалар үндеген жоқ.

— Ол былай. Қайнекең (кекеткені) қарнын құрбақа сияқты жалпайтып жатып алып, — айтқан әңгімесін қол-аяғын ербеңдетіп, бет-аузын қисаңдатып қимылмен көрсетпесе айызы қанбайтын Қырғи сайдың табанындағы көгалға етпетінен түсіп «Қайнекеңнің құрбақа сияқты жалпайып қалай жатқанын» көрсетті, — сосын автоматымен былай, — ол енді қарсы алдындағы балаларға сайдың табанынан тауып алған ағаш аяқты кезенді, — фашистерді пах... пах... ата бастайды. Фашистер жоңышқадай жапырылады. Сол кезде Қайнарбек қуанғаннан аяқтарын бұлғаңдатып, былай, — ол енді етпетінен жатқан күйі аяқтарын жоғары көтеріп бұлғалақтата бастады, — «Алақай!» деген кезде қаңғыған оқ тарс етіп, бір сирағын жұлып кетеді... Балалар үнсіз. Қолбасшыларының көңілі үшін кейбіреулері мырс-мырс еткен болды. Аяқ туралы «қойылымы» аса сәтті шықпағанына ызаланған командир де көгалдан көтеріліп, шалбары мен көйлегін қаққыштаған күйі:

— Мә, сенің туысқаның ғой, киіп ал, — деп, «Қайнарбектің аяғы» деп тапқан дүниесін Нұршуаққа қарай салдырлатып лақтырып кеп жіберді. Қалбалақтай ұшып, кеудесіне сарт ете түскен «аяқты» ұстауға дәті бармаған Нұршуақ шегіншектеймін деп шалқасынан түсті...

★★★

— Сол Қырғын торыға ілеспе деп қанша рет айтам осы!?.



Алқара таудың қарағайлы шатқалындағы айна көлдей мөп-мөлдір боп жайнап тұратын ана көзі жасқа шыланып, мұнарлана қалыпты. Ерніне су тамызған ба, бас жағында суы орталау пиалай тұр.

— Соңынан салпақтатып ертіп жүріп бір күні орға итеріп кетсе қайтесің?!.

Жүрек соғысы сабасына түсіп, әл жиған Нұршуақтың ойына бірден сайдың табанында шашылып жатқан ағаш аяқтар түсті.

— Аяқтарды қайтті?

— Қайдағы аяқтарды айтасың құдай-ау?!. Осы ауылдағы ақсақ-тоқсақ шалдардың ескі протездері ғой ол лақтырып тастаған. Өрнек енемнің шалын «кәнтөжін» дейтіні рас абысындарымның, әйтпесе, бала-шағаның үрейін ұшырғанша істен шыққан пәлелерін терең ғып көміп тастамай ма, түге?

Өрнек — Қайнарбектің кемпірі. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» дегендей, герман соғысынан «кәнтөжін» атанып оралған шалының шаң-шұңына Ауған соғысынан миы шайқалып қайтқан жалғыздың сандырағы қосылғасын егіле-егіле екі етегі жасқа толып, жанары су қараңғы боп қалған.

★ ★★

Таң әлетінде түс көріпті. Соғысқа қайта шақырылған екен дейді. Қып-қызыл отқа әне-міне кіргелі тұр. Ысылдай ұшқан қорғасыннан шыбын жанның қалу, қалмауы неғайбіл. Бойын билеген үрейден жүрегі атқақтай соғады. «Қаңғыған оқтың бірі қақ маңдайдан тиіп мерт боп кетсе, мынау жарық дүние жалғанға айналып, қала барады-ау заматта? Жасы жер орта- сынан асқанда майданға қайта тықпалап жүрген қай жексұрын болды екен? Көлденең көк аттыға ілескен иттей салпақтап ере берген өзіне де обал жоқ. Қулық-сұмдықты да білуі керек қой адам деген. Бірақ...



Оу, батырекесі, тоқта, тоқтай тұр, дүниенің тегершігі теріс айналып кетпесе, Өрнегіне аман-есен оралмап па еді баяғыда.

Қайнарбек жанарын тұмантып, кірпігін кіреукелеген жасты бет орамалымен басып, құрғатты.

— Түсіме соғыс кіре беретіні несі осы? Әлдеқашан бітпеп пе еді?!. Қан сасыған майданда жүретінім не ылғи?

Ұйқысы ашылып кеткен ол түсіндегі ысқырған оқтар мен дұшпандар бекінген жақтың қарауытқан сұсты түрін өңінде көргендей үрейленді. Алмағайып өткелін алдына тосқан тозақтай қанқұйлы соғыстың қақ ортасында қайта жүру, түс болса да, сұмдық қорқынышты. Әсіресе, автоматтарын кезенген жауларының қарауыта жақындап келе жатқан сұлбалары Таң әлетінде түс көріпті. Соғысқа қайта шақырылған өлексені торуылдаған шибөрідей тым жаман көрінеді екен.

Терезесі көшеге қарайтындықтан қай үйдің шамы бұрын жанатынын шал жатқа біледі. Бірінші болып Сәндібай сынықшының терезесінен жарық көрінеді. Әлден уақта есігі ашылады да, шалдың қамыт аяқ баласы сықырлауық есікке арқасын тіреп жатқан төбетті қожайынсынып бір теуіп, қора айналады. Тепкіге үйренген қара төбет «қаңқ» ете түскенімен аңсары табалдырықтағы жылы орнына ауып, ұзай қоймайды. Одан кейінгі сәуле Нұршуақтың үйінің терезесінен себездейді...

Бірақ бүгін уақыт тоқтап қалғандай түнгі көше тым-тырыс. Қораздан бұрын қиқуға басатын құрдастарының бәрі ауыл іргесіндегі төбеге барып, төмпешік боп алған, әлдеқашан. Тас қараңғы көшеге тағы үңілген. Сынықшының ауласы әлі тым-тырыс. Кенет өз көзіне өзі сенбеді: баяғыда өзі соғысқа аттанған Шеңгелсай жақтан шыққан бір аяқ... көшенің басынан бермен қарай сықырлай басып келе жатыр. Рас па, өтірік пе дегендей саусақтарының ұшымен көзін уақалап, қайта қарады. Рас, рас екен. Бір жүріп, бір тоқтайды. Бірақ келе жатыр. Бағыты мұның үйі. Кімнің аяғы? Иесі кім? Өзі қайда? Таң қараңғысынан қыбырламаса жұмысынан кешігіп қалатындай неге асығып келеді? Астапыралла, мынау өзінің соғыста жоғалтқан аяғы ғой! Тапты-ау ақыры! Табысты-ау ақыры! Сықырлаған протезді лақтырып тастайтын да ақжарылқап күн болды екен-ау! А, Құдай, мұныңа да шүкір. Қанша жыл күтті осыны! Енді бәрі орнына келетін болды... Тәуба, тәуба... Тоқта, мынау аяғының алдында омыраулап келе жатқан кім? Қайдан пайда болды? Әлде Нұршуақтың үйінен шықты ма? Алда Құдай-ай, мынау Қырғи ғой. Қолына... адамның бас сүйегін ұстап алыпты. Газетке... жо-жоқ, қызыл мауытыға орап алыпты аялап. Бас сүйек таныс сияқты. Сабалақ... балам... бауыр етім... қаным... Қыстығып жылап жіберді.

Шал бастырылып жатыр екен, оянып кетті.

★★★
Елірме дертке шалдыққандай түнімен «Аяқ!», «Қайнарбектің аяғы!» деп шырт ұйқыдағыларды шошытып оятатын Нұршуақ, енді: «Бас!», «Сабалақтың басы!» деп шыңғырып шығатын болған.

— Құдай-ай, осы ауылдың кемтарларының аяқтары мен бастары жарығымның жүрегін жарып жіберер ме екен, қайтер екен! Көгермегір Қырғын торы, сенің таппайтын пәлең жердің астында шығар, сірә. Желкең үзілсін, желкең үзілгір, білдің бе.

Ауру бала күткен оңай дейсің бе, жүйкесі жұқарып, қажыған ана қарғысының Қараталдағы қайнағаларының құлағын бір шулатып барып, «Қырғынторы» атанған қара балаға келіп тірелетініндей бар...

Қырғидың өкшесі арықтың түйетайлы жиегіндегі сарғайып жатқан сүйекке тайып кетіп, батпаққа былш ете қалғанын шомылып жүрген балалар байқаған жоқ. Бірақ ол өзін шалқасынан түсірген заттың не екенін білмекке қолына ілінген бұтақты ала салып, әлгі таздың басындай жылтырап жатқан нәрсенің айналасын жалма-жан қаза бастаған. Жаздай су үзілмейтін оман арықтың жағасындағы топырақ жұмсақ болатын, бала көп ұзамай-ақ өзін ұшырып түсірген затты сопаң еткізіп суырып алды. Бірақ суырып алуын алса да ә дегенде не қорыққаны, не таңғалғаны белгісіз, аңтарылып ұзағырақ тұрып қалған. Өйткені қолында үңірейген екі көз бен сәңкиген мұрынның қуысынан ғана тұратын адамның... бас сүйегі тұр еді. Дегенмен қорқу-үрку дегенді білмейтін ұл сәл қобалжығаны болмаса, сүйекті қолынан тастаған жоқ. Шу-шу еткен шибұттарға қорыққанын сездіріп қойса «атаман» деген атағына нұқсан келмей ме.

— Бас, адамның басын тауып алдым!

Судың тереңіне сүңгуге таласқан балалар қолбасшыларының қолындағы көзінің аңғалағы үңірейген қу басты көріп шу ете қалды. Қорыққандары сонша, қасқырдан үріккен қой сияқты иіріле ығып, оман арықтың арғы жағасына қарай қашты. Денелері құс еттеніп, иықтары қушиған балалар жаурап тұр ма, әлде сескеніп тұр ма, әйтеуір, қалш-қалш етеді. Қу басты қызықтамақ тұрмақ, Қырғидың қасына жақындауға батылдары жетер емес. Ал Қырғи болса «олжасының» көзі мен мұрнына кептелген балшықты арықтың суымен шайып, тазалай бастады. Нұршуаққа сарғыш тартқан бас сүйектің тарам-тарам болған жіктері анық көрініп тұр.

— Бұл дәу де болса Сабалақтың басы, — деді командир. — Сенбесеңдер қараңдар, міне, мынау... оқтың орны. Ал мынаусы әскери оташының тіккен жері. Маған өзі көрсеткен.

«Қар қалың жылы жоқ болып кетті. Қаңғып жүріп бір жерде үсіп өліп қалды ма, әлде ит-құсқа жем болды ма, әйтеуір, мәйітін таба алмай қалды байғұстың» деп отыратын анасы.
★★★
Еміс-еміс бірдеңе есінде. Терезеден сыртқа қарап тұрған. Жаздағы жайдары келбетінен жұрдай болған сұрқай даланың реңінен күздің қара суығы күшіне мінгені байқалады. Ұйтқи соққан ызғырық жел ойнақ салған күйі үйдің төріне шыға алмағанына ызаланғандай ызалы дыбыс шығарып, мөлдір шыныны шағып тастағысы келгендей екпіндей келіп ұрады. Мұндай ауарайында шаруа біткен малын жайғап, ас-суын қамдап, негізінен, жылы үйде отырады.


  • Қазақтардың «күшеншек айы» туды деп, өзбектер осы қараша күзді айтқан.

Сексеуіл сынықтарын құшақтаған анасы үйге сөйлей кірді.

— «Күшеншек» дегені несі?

— Қақаған қара суық түскен кезде дала қазақтарының «аһылап-үһілеп» кететін мінездерін мазақтағаны да.

— Сабалақты көрсе мазақтай алмас еді.

Шынында Қараталда қара суықтан да, қарлы бораннан да қыңбай, жеңіл-желпі жүре беретін бір адам бар еді. Кімді ойласаң сол тап бола кетеді. Ол өзіне қарап тұрған баланы байқаған жоқ. Мыжырайған әскери малақайы бір шекесіне қарай қисайып кетіпті. Шинелі де түгі қырқылып, әбден тозған. Жыртылған, жамау түскен жерін санамай-ақ қойыңыз. Өзіне-өзі сөйлеп, әлденелерді айтады. Айтқаны анық болғанымен, мағынасы бұлыңғырлау. Бәлкім, үзіп-жүлып айтқандықтан болар. Нұршуақ құлағын түрді. Бәрі таныс сөздер. Анасына талай рет айтып берген. Талай рет айтып берген сайын мұның санасы да Ауған соғысы туралы еш жерде жазылмаған қорқыныштармен толыға бастаған.

Сабалақ: «Атамбайдың екі аяғын мина жұлып кетті...». Анасы: «Бұл ауылда Атамбай деген жоқ. Мүмкін, майдандасың шығар». Сабалақ: «Жарық дүниені қимаймын, госпитальға ала кетіңдер...». Анасы: «Әлгі Атамбай осылай деді ме?». Сабалақ: «Қан... қан... ағыл-тегіл қан...». Анасы: «Екі аяғын бірдей мина жұлып кеткен соң, әрине, қан өзен боп ағады да». Сабалақ: «Жыламсырап, ыңырсып жатқан жерінде атып тастады...». Анасы: «Алда байғұс-ай, иманы саламат болсын». Сабалақ: «Командир... мені... госпитальға ала кет...». Анасы: «Е-е, бейшара ит құсатып сені де атып кетпегеніне шүкір де». Сабалақ: «Түн... түн... түн жақсы... соғыста бәрі түнде өлгенді қалайды...». Анасы: «Астапыралла, астапыралла... Жарық дүниемен қоштасудың қиындығынан-ау шамасы...».

— Апа, терезенің сыртында Сабалақ өзімен-өзі сөйлесіп тұр, шақырайын ба?

— Шақырсаң шақыр. Бір шаңырақта үш кемтар. Атың өшкір соғыс... сенің әкеңді де «тірі өлік» қып қойды ғой.

Нұршуақ ес білгелі әкесі ауру. Бес жасында шығар Ыстыққұмның етегіндегі арықтың жағасына қауын-қарбыз еккен. Ырғын боп шықты. Бүкілауыл-аймақ қарық болды да қалды. Сол жылы алыстан талдары менмұндалап шақырып тұратын, бұл үшін мүлде жұмбақ мекеннен ақ сақалы омырауын жапқан сұңғақ бойлы бір аттылы кісіні ертіп келді. Оның Сәндібай сынықшы екенін кейін білді, ол кісі мұны жерге қабаттап салған көрпешенің үстіне шалқасынан жатқызып қойды да, ертегі айтып отырып сүндетке отырғызды да тастады. Ұстараның жүзі терісіне тиген сәтте «тыз» етті ме, әлде «шым» етті ме, әйтеуір ауырсынғандай болды да жылап жіберді. Ақ сақалды кісі әлгі «тыз» еткен жерге (бәлкім, «шым» ете түскен шығар) дереу сексеуілдің күлін септі. Анасы кеше самаурынның оттығынан сексеуілдің күлін алып оны шүберектің күлімен араластырып неменеге әбігер боп жүр деп еді, бәрі мұны сүндетке отырғызудың қамы екен. Әкесі кейін атқа мінгізіп әлгі талдары менмұндалап шақырып тұратын ауылдағы мектепке бір жылдай атпен апарып, әкеліп жүрді де, келесі жылы біржола көшіп алды.

★★★
Міне, әкесі содан бері ауру. Анасы әке дертін ашып айтпайды. Бұл болса жеңіс мерекесі қарсаңында мұғалімнің жыл сайын қайталанатын сауалына кеуде керіп жауап бере алмай, жасып қала берді.

Ондайда анасы:

— Тұтқындағылар нағашысының үйіне барып, демалып қайтқандай ожыраяды түге бәрі. Әйтпесе, сенің әкең де бір, анау «кәнтөжін» Қайнарбек те бір емес пе? — дейтін кейіп.

Анасының айтуынша, қоршауда қалып, тұтқынға түскен әкесін фашистер қара жүмысқа жегіпті. Одақтас әскерлер келгеннен кейін ғана көздері ашылған. Соғыс біткеннен кейін қасындағылардың бәрі елге барсақ «сатқын» деп атып тастайды деп қара орман, бау-шарбақтарынан безіп, шетел асып кетіпті. Сонда мұның әкесі ғана «өлсем де туған жеріме жетіп өлейін» деп, нар тәуекелмен Қараталға қайтқан. «Үндемес» атанған әке тағдыры, ана аузымен айтқанда, қысқаша осылай.

— Кетті, — деді ол терезеден сыртқа қарап тұрған күйі, — кетіп бара жатыр. Арқасына ағаш мылтық асынып алыпты.

— Қайнарбек байғұсқа да оңай емес.

— Неге?


— Ақыл-есі ауытқыған дап-дардай жігітті бағу оңай деймісің.

Анасы аузын жиып үлгергенше дәліздегі аяқ-табақтарды салдыр-гүлдір еткізіп Сабалақтың өзі кіріп келді.

— Жейше, мен соғысқа... Ауғанстанға... кетіп барам... Айраныңыз бар ма, кішкене құйып беріңізші.

— Айналайын-ау, алдымен дастарханға келсейші. Содан кейін құйып берем ғой.

Сабалақ айран құйылған керден кесені басына бір-ақ көтерді.

— Ал, қош болыңыз.

Ол айран құйылған флягі мен бір үзім нанды қалтасына салды.

- Жортқанда жолың болсын, қайным. Дұшпандарыңды жеңіп қайт.

— Құп болады, жейше.

Қырғи Қайнарбекке кіжіне қарап: «Кәнтөжіндер өңкей» дегенде Нұршуақтың есіне осы оқиға түскен. Тіпті, Қырғиды командирлікке баулып, ұрыс тәсілдерін үйреткен де Сабалақ десетін балалар. Кейін жоқ болды да кетті ғой. Біреулер Мәскеудің Қазан вокзалынан көріпті десе, енді біреулер Тәшкеннің Алай базарынан көріпті-мыс деген дүдәмал болжамдар айтатұғын. Өйткені ауылдың жанындағы күре жолмен керуенше шұбырып өтіп жататын «КамАЗ»-дармен басы ауған жағына кетіп қалып, екі-үш айдан кейін қайтып келетін оның кезбелігіне жұрттың еті үйреніп кеткен. Ал сол жолы оралмапты. Аудан орталығынан келген тергеушілер Қайнарбекті біраз тергеп-тексерген. Ақыры ілік табылмай, іс қысқарып, Сабалақ аты бірте- бірте ұмытыла бастаған.

★★ ★

Белорус елінің ізшіл оқушыларына еліктегенімен қияндағы Қараталдың күн күйдірген даласынан соғыстың ізі тұрмақ, иісін де таппай қынжылып жүретін балалар командирлері тапқан «олжа» қанша жерден құнды болса да елпілдей қоймады. Өйткені жауынгердің оқ тескен каскасын, майысқан флягісін, тот басқан жұлдызын тауып алу бір басқа да, ауыл «кәнтөжін» деп атап кеткен Сабалақтың бас сүйегін тауып алу мүлде басқа әңгіме.



Жел ұшырып кетпесін деп кесекпен бастырып қойған газет-қалпағының бүктеуін жазып, оған оман арықтың жағасынан табылған басты аса бір қүрметпен қүндақтай бастаған Қырғи:

— Әлденағайғаапарыпберем. Музейге өткізеді, — деді.

«Музейге өткізеді» деген кезде Қырғидың бұйра шашынан мейірлене сипап тұрған Әлден ағайларының кескін-келбеті көз алдына елестеп өткен Нұршуақтың ішінен бір ыссы леп жоғары қарай лап көтеріліп, бетін ду еткізді. Бірақ Әлден ағайы ауыл өмірі үшін оғаштау «жаңалыққа» қабақ шыта қарап, «қанеки, қазып алған жеріңе қайта апарып көміп таста» тас-талқан боп ашуланғанымен бірте-бірте сабасына түсті. «Қайнарбектің жалғызының басы болса басы шығар, бірақ оны қалай анықтаймыз?» дегендей тұнжырай ойланып қалған ұстаздың жағдайын әбден түсінуте болатын еді. Өйткені ол «Адам анатомиясынан» сабақ бергенімен, Бұхардан бастап бүкіл әлемге билігін жүргізбек болған Әмір Темірдің бас сүйегін «қалпына келтірген» антрополог Герасимов емес қой. Содан кейін, сонау жаугершілік заманнан бермен қарай Қараталға кім келіп, кім кетпеген. Бұл жермен Шыңғыс ханның сары масадай самсаған қалың қолы да, қыдың-қыдың еткен Қалдан Сереннің қосыны да өткен лек-легімен, Қоқаңдаған Қоқанханы Құдиярдың салықшылары да қыз-қырқын іздеп сандалған талай. Сондықтан Қырғидың қолындағы бас — батырдың басы ма, ақынның басы ма, қастың басы ма, достың басы ма, бір Аллаға ғана аян еді. Десе де бастың аты бас, ол кімнің басы болса да құрметтелуі ләзім дүр. Басты бипаздай ұстаган бұйра бас, жалпақ мұрын қара балаға да «жайыңа неге жүрмейсің, жүгермек» деп жерден алып, жерге салудың қисыны жоқ.

— Бұл Қаратал да талай рет қанға бөккен жер ғой, кім білсін кімнің басы екенін? Әлден ағайлары сөзін аяқтағанша мектептің терезесінен Қайнарбектің айғыры мен оның бүйірін тебінген ағаш аяғы көрінді.

— Қайнарбек келе жатыр!

Кәнтөжін шалдан қуғын-сүргін көріп, жүректері әбден шайлығып қалған балалар дүрлігісіп қалды. Бірақ мектептің ішінде, мұғалімдерінің қасында тұрғандықтан сыр бермеуге тырысты. Мұны ұстаздарының да жүрегі сезген сияқты.

— Жә, қорықпаңдар! Сендердің кінәлерің жоқ.

Бекерден бекер «кәнтөжін» атана ма, шал мектепке ақыра кірді.

— Лағынет атсын сені, Қырғын торы! Ақсақ аяғымды келеке-мазақ қылғаның аздай, енді баламның әруағымен ойнайын дедің бе?

«Қырғи оман арықтың жағасынан Сабалақтың басын тауып алыпты» деген хабар құлағына жетісімен әңгіменің рас-өтірігін білмекке қара айғырына міне сап, мектепке қарай тұра шапқан сияқты.

— Лағынетті балаға емес, сұм соғысты ойлап табатындарға айтыңыз!

Көзілдірігінің үстінен сұрлана қараған мұғалімге жазда қырманның, қыста қамбаның қарауылы болып, ілдалдалап жүрген сауаты шамалылау шал ләм-мим дей алмай:

— Бас қайда? Басты көрсетші? — дей берді жан- жағына алақ-жұлақ қарап.

— Мінеки.

Мыж-мыжы шыққан «Известияның» үстінде жатқан басты қолына алған Қайнарбек оны айналдыра ұзақ қарады. Әсіресе, бастың «тігілген» тұсына мұқият шұқшиды. Сосын төс қалтасынан бір түйіншек алып шықты. Түйіншектің ішіндегі қорапты былай шығарып қойды. Нұршуақ ол қораптың ұстара екенін бірден білді. Өйткені шал мұның әкесін туысқан тұтып, шашын алдыруға келгенде талай рет көрген.

Ентіккен шал ұстараның бүктеуін жазды да жан-жағына қарады. Балалар қорыққанынан шегінісіп тұрды. Әлден ағайларының қабағы түйіле түсіпті. Ал өң мен түстің арасында тұрғандай реңі бұзылып кеткен қария дәл қазіргі ісіне есеп беретіндей халде емес еді.

— Саусағыңды бері әкелші!

Ол ұстарасын икемдеп ұстазға ым қақты. Әлден ағай күбіртке шығып, шор боп біткен тырнағы бар балаң үйрегін ұсынды. Сол-ақ екен, шал көз ілеспес жылдамдықпен саусақтың ұшын ұстарамен шекіп кеп жіберді. Қан бұрқ етті.

— Енді мына басқа тамыз.

Қу басқа тамған қан лезде ұйыды да қалды.

Қайнарбек енді шүңірейген көзімен Қырғиды іздеді.

— Әй, Қырғын торы, бері ке бері. Атамансың ғой, саусағыңды әкел.

Талай рет қан тапсырған, жүйкесі жібек жіптей мықты бала да балаң үйрегін шошайта жақындады. Шалдың жылдамдығына көз ілеспейді. Ұстаз қанының қасына тамған баланың қаны да көп ұзамай кеуіп, қарақошқылданып қалды.

Қайнарбек осы кезде «біссіміллә» деп ұстарасының қылпып тұрған өткір жүзімен өзінің сұқ саусағының ұшын тіліп кеп жіберді. Тіліп кеп жіберген кезде ыршып шыққан қызыл күрең қан бастың маңдайына барып тамды.

О, Құдайдың құдіреті! Асау желдің айдауымен адасқан жалғыз-жарым тамшының құмға сіңіп жоғалғанын көргеніңіз бар ма!?. Мұндай жағдай, әдетте, бірте-бірте жақындап келе жатқан үлкен нөсер алдында болады, сонда тамшы тамған құмның беті жейденің түймесіндей болып дымданады да көз ілеспес жылдамдықпен кеуіп, лезде жоқ боп кетеді. Қайнарбектің сұқ саусағынан көздің жасындай болып ыршып түскен бір тамшы қан да бас сүйекке дәл сол жаңбыр тамшысындай сіңіп жоқ болды да кетті. Сол сол-ақ екен, қабағы қату келген шал кемсеңдеп қоя берді.

— Ойы-бой, жал-ғыз-е-е-ем!

Мектеп іші у-шу.

— Қайнеке, сабыр етіңіз. Бұл — мектеп. Ұят болады. Жүріңіз, үйіңізге барайық... Қайнарбек есін жиғандай қайтадан қатулана қалды. Сосын үстінен саудырлатып қызы-жазы тастамайтын сулығын шешіп, басты соған мәпелей орады да, ағаш аяғымен мектептің еденін тарсылдата басып сыртқа беттеді. Жүрісі мығым. Бірақ ол мығымдық атына аяқ артып, ерге тақым басқанша ғана екен, сүліктей сұлуының басын үйіне қарай бұрып, тебініп қалғаннан кейін:

— Ойы-бой, жал-ғыз-е-е-ем! — деп өкіре жылап, шаба жөнелді.

Мектептегі у-шу аздай енді бүкіл ауыл дауыс салып, Қайнарбектің үйін бетке алды. Шалдың ағайындары қолдарына кетпен-күректерін ұстап, оман арықтың жағасына аттанды. Бекер аттанбапты, бас сүйек шыққан жерден Сабалақтың флягісі табылды. Шинелінің жұлым-жұлым үзіктері де күрекке ілінді.

Шал жалғызбасты көрінгенмен, діңгегі жуан дарақтай өрен-жаранды екен, алыс-жақыннан құда-жегжаттары, қыздары мен күйеубалалары, немерелері топ-топ болып келіп Сабалақтың сүйегін арулап жерледі. Молдалығы бар Сәндібай сынықшы жаназасын шығарды.

Ал Қайнарбек бастап, Нұршуақтың анасы қостап құдайдың құтты күні қарғап-сілейтін қатқан қайыстай қара бала Қырғи бір сәтге қаһарман атанып шыға келді.

★★ ★

Бүгін Алқара тау үстінде бір алапат соғыс жүріп жатқан сияқты: тарс-тұрс, сарт-сұрт. «Таңды атыс-шабыспен бастаған бұл кімдер екен?» дегендей, Нұршуақ орнынан тұрып, терезеден қараған. Сарт-сұрт «майдан шебі» аспанды тұмшалаған бұлттардың арасында сияқты. Бірде алыстан, енді бірде дәл қасыңнан естіледі. «Әй, жылауық, әкім болдым мінеки» деп, ұмытып кеткен жоқсың ба мені? Кел, аспанға, «қылыш» ойнаймыз» деп, шақырып жатқан Қырғидың рухы ма әлде? Бүкіл ауыл «ой, бауырымдап» ұлардай шулағаны күні кеше ғана сияқты еді, міне, оған да талай жыл болыпты.



Ел айырылған аңызындағыдай екі құрдас мектепті бітірген соң екі айырылып, бірі Алматыға, екіншісі Ташкентке оқуға аттанған. Ташкентке аттанған бұл шіреніп, шенеуніктер қатарына қосылды, ал Алматыға кеткен Қырғи сол кеткеннен мол кетті. Елге денесін әкелген әскерилер ең болмаса табытының бетін де аштырмады. Қызыл жағалы қату сардарлар «баламның денесін жуып, арулап көмейін» деген ана тілегіне де құлақ аспады. «Осыған да шүкір деңдер» дегендей, қара табытты иектерімен нұсқап, сыздана қарайды.

Боздағын арулай алмағанына өкініштен өзегі өртенген Сәндібай сынықшы: «Сабалақтың сүйегін ақ кебінге орап, шариғат жолымен көміп ек, мыналар Қырғиға оны да көп көрді ғой», — деп, қыстыға күбірлегенде, көз жасы бырт-бырт үзілді.

★★ ★

Нұршуақ депутаттық сұрау салып жүріп соғысқа қатысқан қараталдық боздақтардың есімдері жазылған мәрмәр тастың қасынан Ауған соғысы мен Желтоқсан көтерілісінің құрбаны болған Сабалақ пен Қырғиға ескерткіш орнатуға рұқсат алған. Бүгін, құдай қаласа, соны ашпақ.



— Қайнеке, ассалаумағалейкүм.

— Нұршуақпысың, кел, төрлет.

— Ертең Сабалақ пен Қырғидың ескерткішін ашамыз. Шамаңыз келсе барып, халыққа бір-екі ауыз сөз айтсаңыз.

— Сабалақ... Қырғи... деймісің. Бүгін... түс көрдім. Баяғыдай жалғызымның басын ұстап келе жатыр екен. Көп қарғап ем, әруағы кешіре көрсін, айналайынның. Бақилық мәселесінде де алдымды орап, аузымды аңқитып кетті ғой, жан-е-ем. Айтарым... сол... кешсін... кешіре гөрсін... мен сияқты... кәнтөжін шалды...

Тоқсаннан асып, төлежіп қалаған Қайнарбек кемсеңдеп жылап жіберді.
АРАН
Ағаларым жырын таңға айтып тауыса алмайтын атақты жатақханадан маған да бір төсек бұйырды. Бір бөлмеде төртеуміз. Төртеуміздің де мақсатымыз айқын. «Ақыр аяғында мұратына жетіпті» дегендей, үйі, саяжайы, мәшинесі һәм атағы бар бақуатты жазушы болып, зейнетке шығу. Даладан қалаға адам болам деп аяқ басқан бөзөкпелер үшін, шынында, тәтті арман емес пе?!.

Біздің «классиктердің» хикаясы жатақхана қауымы түгел ұйқыға кетіп, түн жарымының жым-жырт таныштығы айрандай ұйыған сәтте басталады. Бөлме қабарғасын бозартқан ай жарығынан рең-рәуіштері анық көрінбегенімен, сораң-сораң еткен сұлбалар, сидаң-сидаң еткен аяқтар жарқанат-студенттердің ұйқы алдындағы қам-қарекетінен хабар беріп, біраздан кейін сыбыр-күбір басталады. Бас-тайтын Азат.

— Жігіттер, қалай ойлайсыңдар, біздің әдебиетке бірдеңе жетпей тұрған сияқты осы, ә?

— Шындық па?

Көзін ұйқы қамай бастаған Қанат есінейді.

— «Басқа елдің Ыбырайы Ыбырай, біздің елдің Ыбырайы сұмырай», — дегендей, мына орыстардың ақын, жазушылары «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» шебер жазады. Бір ғана Булгаковын ал, мысалы...

Тыныштық орнады. Осы аз-кем тыныштықты ойпікірімді ешкім қолдамады деп өзінше түсінген Азат:

— Оны айтасың, анау Ильф пен Петровтың «Он екі орындығын» оқышы, жазу шіркінді меңгергендігі сонша, айтқысы келгендерін әлдеқашан айтып тастапты, — деді тағы да. — Бізге олардай болу қай-да-а-а?

Қанат тағы есінеді. «У ішсең руыңмен іш». Маған да үндемей қалуға болмайтын сияқты.

— Жазып көрсін, жандарын жаһаннамнан бір-ақ шығарсын.

— Жоқ, біздікілер де бірдеңе деу керек еді ғой. Айтпақшы сендер «Мастер мен Маргаританы» оқыдыңдар ма?

— «Иттің жүрегін» оқыдым. Шолақ белсенділерді ақымақ төбетке теңепті.

Есінеуі жиілеген Қанат көзіне ұйқы тығылса да қақсап-зарлап Азаттан қалыспайды.

Тағы да бірауық үнсіздік орнады. Студенттер алакөлеңкеде бір-бірінің қимылдарына құлақтарын түріп жатыр. Осы кезде Сәби төсегін сықырлатып басын көтерді.

— Менде бірдеңе бар еді, оқиын ба?

Сәбидің шын аты Арман. Біреуіміз әскерден, енді біреуіміз құрылыстан келіп оқуға түскен кәртеңдеу студенттердің қатарына жататындықтан жасы кіші Арманды «Сәби» деп еркелетуші ек.

— Екі әңгіме, — деді Сәби, — біреуінің аты «Мылқау бауыр», екіншісінің аты «Әлди-ай, бөпем, әлди-ай». Қайсысын оқиын?

— Екеу дейсің бе, ұйқы келіп жатқанда тым көп емес пе? Ойымды оқысын десең бір беттен асырма, деген кім еді осы?

Шыдамсызданып жатқан Қанат баяғы.

— Оған назар аударма, оқи бер, Сәби.

Бозаң тарта бастаған таңғы жарыққа ұқсайтын ай сәулесі анық көрсетіп тұр, Азаттың сөзін арқаланған Сәби төсегінен тұрып түгі қырқылып, жұқарып кеткен жамылғыны иығына жапты да, әңгімесін бастады.

— Ау, қолжазбаң қайда?!.

Қанат жұдырықтай басын жастықтан жұлып алып, Сәбиге таңдана қараған.

— Мұндай әңгімелерді жазғаннан гөрі, айтқан ләзім. Сонымен...



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет