Көсемәлі Сәттібайұлы Аран



бет6/19
Дата20.06.2018
өлшемі0,65 Mb.
#43920
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19

ШАЛ
Былайғы жұрт өзін ыстық, суыққа бірдей, көнбіс кісі санайтұғын Ақылбай аяқ астынан бүйірі шаншығандай қабағы кіржиіп, әжімі тереңдеген қу шандыр өңіңдегі кейістікті көрсетпейін дегендей, жүзін қабырғаға беріп, бүк түсіп жатты да қалды. «Тұлпар арыса — тулақ, ер арыса — әруақтың» кебі де. Болмаса жалғыз қабат жадағай көрпеше жамбасына тастай батып, үйінің қаракөлеңкелеу бұрышында жатқан қаңбақ шал ғұрлы қарамы жоқ құр сүлдерді сонау жылғы кеудесі аяққаптай атан жілік Ақылбай еді деуге ыстық ұрттағандай тілің тұтылғаны былай тұрсын, күні кеше ғана осы қара шаңырақта болып өткен ақар-шақар қуаныштың ортасында қайғысыз- қамсыз, ақжұлық бөркі аспандап отырған базарлы шал еді деудің өзі күшке түскендей. Белі еңкейіп, білегінен қайрат тайған қарт сәби деген емес пе? Шал кейіп, қыстығып жатса да келіні келіп: «Ататай, кешіре көріңіз...» деп әне-міне қапсыра құшақтай алатындай ұзақ күтті. Сөйтсе көңіліндегі әб жыландай бас көтерген түйткілді тарс ұмытпақ. Зады діні жуас адам ғой, оңдайда оң бүйрегі бүлк-бүлк етіп, алпыс екі тамыры иіп, кәдімгідей елжіреп кетеді. Бірақ қанша күтсе де жуығарақпанда келіні келмеді, иіліп кешірім сұрар да болмады. Қайта жаңағы әзірде қыбырлап, оны-мұны шаруасын айналдырып жүрген сықылды еді, онда шал да анасына өкпелеген баладай өзінің өкпе-наласы келінінің жүрегіне шым-шымдап жетсін дегендей ауық-ауық «аһ» ұра күрсініп жатқан, енді түкпіргі бөлмесіне кіріп кетті ме, үйдің іші құлаққа ұрғандай тым-тырыс. Бұл — шалдың көңілін тарқаған базардың жұртындай одан бетер құлазытты. Ақылбай келініне мән-жайды айтып түсіндірмеген өзіне де ызалы. Бағана үйге көңілі бұзылып енгеннен кейін, кейістігін білдіріп бір ауыз тіл қатайын деп оқталды да жетесінде болса өзі-ақ ұғар деп қисая кеткен. Сол қалпы әлі тыпыр еткен жоқ.

Обалы не керек, келін түскен құтты күннен былайғы бір айдың мәулетіне дейін Ақылбайдың өзіне де, қара есігіне де тыным болған жоқ. Көлдей дастарқанды бар мәзірін жасатып, жайнатып тастады да, азанды кешке, кешті таңға ұрғызып әдейі жинатпай қойған. Онысы, мынау шаңырағына апы кіріп, күпі шығып, қуанышын бөлісіп жүрген халық риза болсын дегені. Онысы, анау қас бағып, қабақ аңдыған қоңсы-қолаңдарының: «Жарымағыр қақбас, жиған-тергенін жалғызының қызығынан аяп қалды», — деген сыпсыңнан аулақ болайын дегені.

Қойшы сонымен келінінің келісімімен құдаларға жөнелтілген «өлі-тірінің» 100 мың теңгесі мен осы иіс-қоңысқа деп жемдеп жүрген құйрығы кетпендей қызыл ісекті есептеп-қисаптамағанның өзінде Ақылбайдың қоңыраулары сылдыр қаққан шеңгел шарбағында құдайысы, беташары, ауыл тойы, тағы несі, ә, айтпақшы, құтты болсын айта келгендерге арнап сойғаны бар бір жетінің айналасында сегіз-тоғыз жандықтың терісі жайылып та үлгерді.

Беташар демекші, Ақылбай келінінің жүзін сонда алғаш көріп еді-ау. Үріп ауызға салғандай екен өзі де. Үй боп, отау тігіп кеткен қыздарының: «Келініңіз қаланың қызы екен», — дегендерін құлағы шалып еді, асылы сол немелерінің айтқандарының жаны бар сөз болды. Рең-басы мынау Қызыларықтағы анау Құрамыстың бойжеткен қыздарының түр-сипатынан бөлек, киімі де жинақы, тал бойына жарасып-ақ тұр. Сол сәт Ақылбайдың пендешілігі қозып, келініңнің анау, мынау емес, мәдениетті от басынан өргеніне қуанған-ды. Тіпті жүрегін мақтаныш сезімі лүп-лүп қағып өткен. — Балам, — деген сосын бір қағаберісте, «келін» деп атауға тілі түскірі күрмеліп, икемге келмей қойса боларма. — Өзің менен әтейі ақылдасайын деп келдім. «Малды ноқта, адамды неке жалғайды» дейді екен аталарымыз. Бұйыртса, аруақ сыйлаған шаңырақтың табалдырығынан аттап отырсың... Иә, не айтайын деп ем, ә, біз өзі төменде жоғарғы жақтың заң-зәкүнінен тысқары жатқан ауылмыз. Ал енді өз дәстүріміз бойынша, — деп онысының алды «өлі-тірі» деп аталатынын жұқалап отырып жеткізген.

— Солай, шырағым, кесімін өзің айт. Қартайғанда көрген қарағымның қалыңынан қалған мал — мал, жан — жан....

Келіні жарған жүгерідей әппақ тістерін жарқырата күлімсіреген. Бұл онсыз да борықтай, бәденді немені түлкінің баласындай одан бетер құлпыртып жіберді. «Тіпә, тіпә... «Түсі игіден түңілме» деген, түсі жылы екен. Құдая, ауыл аймағына мейірімді қыла гөр...» Шыбын жаны келінінің үстінде, қалт-құлт етіп қарадай өбектеп тұрғанда даусыңнан айналайын «ата» деп тіл қатса болар ма, сыңғырлап. Иә, иә, мұның әлдеқашан беріш болып қатып қалған тулақтай тұл денесін керегенің көгіне деп жібіткен көндей был-бы-ра-те-еп «ата» деді ғой. «Ата» деді де:

— Өздеріңіз шеше беріңіздер, папам ренжи қоймас, — дегені.

— Ой, ай-но-лайын! — Бұрынғы бұрынғы ма, Ақылбай енді одан бетер бәйек болда да қалды. — «Жоққа — нысап, барға — қанағат». Мә, ботам, ендеше мынаны ал-дағыны, — ол шәйі шүберекке оралған қомақты нәрсені келінінің қолына ұстата берді, — құдаларға аттандыратын кісілерімізді ыңғайлап алғанша өзіңде сақтай тұр...

Шәйі шүберектегі қомақты нәрсе Ақылбайдың әлгі «өлі-тіріге» деп сары майдай сақтап жүрген екі жарым мың пұлы еді.

Сол күні Ақылбай үшін дүние-жаһанда келінінен жақын, келінінен сенімді, келінінен жанашыр жан жоқ еді. Қарайып соңынан ергені болмаса осы жаман шалдың ұлы екенмін-ау, іші-бауырына кіріп, ашылып әңгіме дүкен құрайыншы деп қаперіне алмайтын жалғыздан гөрі мынау жүзін төмен салып мөлдіреген, аққудай келіні жанын әп-сәтте баурап алды. Кейін құлағдар болды, сөйтсе Ақылбайдың кәрі қойдың жасындай ғана ғұмыры қалғанда көрген осы там-тұм қызығының өзін әр саққа жүгірітіп, көрші-қолаңдары кәдімгідей күңкілдесе керек. Оларын хатқа жазсақ былай болып келеді.

— Сақалды басымен келінінің алдына қымсынбастан оңаша қалай барды екен?...

— Япыр-ай, десейші «келін-кепшіктері жоқтай қайын атамыздың мұнысы шынында да ерсі енді.

— Әй, далбасаламаңдар түге, «қуанған мен қорыққан бірдей» деген осы. О несі сонша, аңсап жүріп жеткен қызығы ғой. Ақылекем бүгін не істесе де жарасады.

— Беу, Бүбіш жер басып жүргенде бұ байғұсты өстіп қазан-ошаққа араластырып қояр деп пе ең? Сорлы кемпір: «Жалғасжанымның табалдырығынан келінімнің оң аяғымен аттағанын көріп өлсем арманым жоқ» деп отырушы еді, дегеніне жете алмай кетті ғой...

— Оның рас-әй, ақ жаулықтысы жоқ үйдің мұндай олпы-солпысы болмай тұрушы ма еді? Бұйртса енді келінді болды, орнында бар оңалар, әлі-ақ түгіндері түзеліп кетеді. Осыған бола бықсытатындай ештеңе бүлінген жоқ.

— Қайдам, біз де келін түсіріп, құда күтіп көріп ек. Бірақ, бүйтіп келініміз босағадан бас сұқпастан жатып айдауына көніп, айтқанын істеп, тайраңдатып қойғанымыз жоқ. Өстіп жүріп келінді еркетотай етіп жібермесе неғылсын...

— Жоға деймін де, тым құрыса қыздарын жіберіп сөйлеспей ме?..

Ақылбай әдепкіде ағайын-туысқандарының қамырдан қыл айырғандай суыртпақтап отырып жеткізген осы сыпсыңдарында иығындағы жүмыр қауагына ой салғандай, болмаса таңдайына салып дәмін алғандай ауыз түшытарлық түйірдей дән бар болса, шынында бар шығар деп біраз екшеп көрді де, кенет өзінен-өзі осқырынып, оқыс мырс етті.

— Әптілеріңді үрайын, өңшең шуылдақ, санда- лып, оттай береді...

Дегенмен кемпірі жөніндегі әңгіме шалдың қиялын қай-қайдағы, жай-жайдағы ойға жетеледі. Өзі де осы той-томалаққа жеткелі мынау шат-шадыман қуанышқа бөленіп жатқан қара шаңырағында тағы бірдеңенің орны олқы соғып тұрғанын, әрі оның не нәрсе екенін пайымдай алмай көңілі алағызи беріп еді. «Қуанған мен қорыққан бірдей» деуші ме еді, сол айтқандай, есі шығып жүріп бұл мұндар сөйтсе марқұм кемпірін тарс есінен шығарып алыпты. Еһ, қазір жер басып, тірі жүрсе Ақылбай есімі ұмытылып, бұл тойхана алдымен Бүбіштікі болар еді ғой.

Тағдыр тауқыметі әуелі беліне түсіп, ерте еңкіш тартқан кемпірі өзінің соншалықты жұпынылығына қарамастан жанының дархандығы жөнінен мұқым ауылға мәлім-ді. Өле-өлгенше кісінің бетіне келіп, жүз шайыспаған қоңторғай мінезімен жақты ма, кім білсін, абысын-ажындарының алдында да сыйлы еді байғүс. Бір жағынан Жалғасжанын өбектеп, бір жағынан шалының шайын қайнатып, онымен де қоймай өмірі бітпейтін қыбыр-жыбыр тірлігіне де үлгеріп жүрген кейуанаға, енді байқап отырса, келін-кепшіктер де үйір екен. Бірі «Осы апамның көмген наны-ай» деп, кемпірінің дастарқанындағы оттан қызара бөртіп жаңа түскен таба нанды тамсанып үзе отырып, көңілін көтерсе, екіншісі: «Ене-ау, құртыңыздан қалды ма? Ойпырмай, сыртына майы шығып, тістесең таңдайың бал татып шыға келетін Жалғастың апасының құртына аңсарымның ауып тұратыны-ай, осы» деп, алдап-суласа да, кәрі жанына кәдімгідей қанат байлап кететін-ді. Қайсыбірі тіпті: «Апа-ау, балаңызды соқталдай ғылмай үйлендірмейсіз бе?» деп кемпірдің ең осал жерінен ұстайтын. Ондайда күннен-күнге жапырақтай желкілдеп, өсіп келе жатқан ұлын медет тұта ма, кемпірі: «Тоба, тоба, жеткізсе көп ұзамай біз де келінді болып, тұс-тұсымыздан лақша маңыраған немерелеріміздің ортасында миымыз ашып отырармыз» дейтін еметейі езіліп.

Беу, оның бәрін енді айтты не, айтпады не?

Бүбіш жазған бұл күнді сарылап қанша күтті дейсің. Екі қыздан соң пұшпағы қанамаған бейбақтың қырыққа ілінгенде көрген ұлына деген көңілі алабөтен еді ғой. Ырым ғып, ұлының ныспысын Жалғас деп қойған да өзі болатын әуелі. Сол Жалғасының үстінен ызыңдаған шыбын ұшырмай, суға барса да, қой қайырса да арқасынан тастамай, әлпештеп өсірді емес пе. Оған ел-жұрт куә. Айтпақшы, ұлы қызылшамен ауырғанда ғой, мойнына бұршақ салып, Жалғасжаны қашан тәуір болып кеткенше тастамай қойғаны, жарықтықтың қарға тамырлы қазақтың ырымында мұндайдың да болатынын естігені болмаса, осы жасқа келгенше өз көзімен көрмеген Ақылбай бұршақ қиып, күлдірген терінің астынан қып-қызыл қаны шығып тұрған Бүбіштің талша мойнына көз тоқтатып қарай алмай жаны ышқынғаны бар сонда. Хақ-тағала сөйткен байғұстың бір-екі жыл ғұмырына да сарандық етті. Өзі де жүрегі бір жаманшылықты сезетіндей ылғи: «Сол күнге жетем бе, жетпеймін бе?» деп отырушы еді. Кейде Ақылбайдың: «Тәйт, әрі сұңқылдамай» деп жекігенін құлағына ілместен саусақтарын бүгіп, жыл санайтын да «Жалғасжаным жиырмаға толғанда мен алпыстың пәленіне келеді екем» дейтұғын күрсініп. Кемпірі күрсінгенде Ақылбайдың жүрегі шым етіп бүре түсетін де, қабағы түйіліп кететін. Бірақ кемпірі сөйлей береді: «Ақылбай, менің алыс-жақын абысын-ажындарымды көріп өзіме: «Құдая, осы үйдің табалдырығынан бір шүйке бас оң аяғымен аттап, жақсылықты күнге жеткізсе, келінімнің бетіне жел болып келмеспін деген сертім бар еді. Кім біледі, бүгін бар да, ертең жоқ алмағайып өмір ғой, олай, бұлай болып кетсек, осы өсиетім екеуіміздің де қатерімізде жүрсін» дейтін мұның екі иығына қорғасын артқандай ап-ауыр ғып. Е-е, кетті ақыры, бар міндетті бір мұның мойнына артып... Көп ұзамай дүрілдеп той да өткен. Тойға келінінің төркіні жағынан келушілерде қисап жоқ. Еркектері кілең қасқа бас, ығай мен сығай, әйелдері ылғи алтын мен аптап, күміспен қаптағандай жалт-жұлт көйлек киген әртістер сықылды бір керім. Қойшы, сонымен не дейсің, әйтеуір Ақылбайдың нәміне қарасты үйлердің от басында түгел болып, қалқып ішіп, шалқып жеген соң: «Келіндеріңіздің жасау-жабдығы» деп күллі ағаш саймандарын тиеп әкелген, ащы ішектей ұзын қорапты машиналарына Ақылбай атаған ірі қараларды бірін қалдырмай қолма-қол тиеп алып, тартып отырысты. Ақылбай қадірменді құдаларының бұл қылықтарынан бір ыңғайсыздықты сезсе де сыр бермеді. Бірақ елдің аузына қалайша қақпақ боларсың? Жай жүрсе іштері кебетін жұрт, мынандай тілге өзі тіленіп тұрған гәпті қанын жерге тамызбай іліп ала жөнелді.

— Құдай сый-ла-да-ы... ағайындар-ау не байқадыңдар? Мынау сұмдық қой, күндері өтіп бара жатқандай атаған малды қолма-қол артып әкеткендерді көргенім осы.

— Өзіміз құдаларға мінгізген малымыздың құмның қай түлейінде жүргенінен де бейхабармыз, әуелі.

Ақылбай бұл әңгімелерді естісе де естімеген болды. Бұған салса, қалған жандықтарды қоса тиеп кетсін, мейлі. Айтпап па еді: «Жалғасымның тойынан қалған мал-мал, жан-жан» деп. Ендеше ақымақтар босқа арамтер боп, ойларына келгенін оттаймын десе еріктері білсін. Оған Ақылбайдың титтей де қылы қисаймайды. Ау, мал құдаға деп аталған екен, оны мезгілімнен алып кетсе несі айып? Зәкіржан молда айта беретін қайыр-сауап деген осындайда тимей ме қайта? Кемпірі байғұс мұның береген қолына риза болғандықтан қабірінде жатып бір аунап түскен шығар. Көріп жүр ғой, әлгіндей деп тантыған көп немелерді, араға жыл аралатып жүреді де жеме-жемге келгенде атаған малдарын «жоғалып кетті» болмаса, «өзің іздеп тауып ал» деуден жүздері жанбайды. Жоқ-жоқ, басқаны қайдам дәл мұндай харамдық Ақылбайдың қолынан келе қоймас, қарап жүрмей осы жұрт та қажытып бітті кісіні. Бұйыртса, енді бір демалмақ.

Қоңыртөбел ауылдың қоңырқай тәтті тіршілігі Ақылбайдың шаңырағында басталып та кеткен сөйтіп. Өзіне тартқан, аузынан сөзі, қойнынан безі түскен ұлы жұмысына ертелетіп жөнелгеннен етігіне бір елі шаң қонақтап ымыртта бір-ақ оралады. Үйде келіні екеуі-ақ. Келіні оянғанша анау-мынау тірлікті өзі-ақ тындырып қояды. Қалай дегенмен, үйреніп қалған қолға дауа жоқ екен. Қасқа сиыр болса-болмаса суалып кеткен, ертелетіп падашының алдына салып бергеннен өзге ауыртпалығы жоқ о қарасанның. Ал шайға қататын бір тостаған сүтті сырт көз байқамасын деп, елең-алаңда қораға кіріп ақ ешкінің бауырынан өзі-ақ тартып ала қояды. Иә, кейде: «Қой, мұным болмас, келініме айтайын, өз тірлігіне өзі бас болып, пысысын», — деп оқталғанмен, артынша «жә, болмашы іске бола әурелемей-ақ қояйын» деп ойлайды. Оның үстіне, соңғы кезде түсіне жиі еніп жүрген кемпірі: «Маңдайына жазған жалғыз келініңді әлпештеудің орнына әлден ауыр жұмысқа жегіп, ауылдың салпы етек қатындарының қатарына қосайын деп пе ең?» деп қадалып тұрғандай көреді де тұрады. Онысы рас, тірі болса Бүбіш жазған бүкшеңдеп жүріп самаурынды өзі-ақ қайнатар еді. Бірақ Ақаң ондайға бармайды. Жоқ, самаурынға бір шелек суды төңкеріп, қу тезекті кәресінге малып, от қойғанды қиынсынғандықтан емес, ауылдастарының сөзінен қаймығады. Ауыздарында сөз тұрмайтын қу көмей ағайынның тағы неге жорырын кім біледі? Сосын жүрелеп отырып алады да мұрнының астынан ыңылдап сексеуіл жаңқалайды. Келіні орнынан тұрып, (ауылдан әлі ыңғайлы жұмыс табылмай жатыр), үйді жинағанша осы қыбыр-қыбыр, осы жыбыр-жыбыр. Әсеті келістіріп дастарқан жайып, майысып шай құйғанда да ішінен: «Жаратқан иемнің бұнысына да шүкір» деп тәңіріне деген ықыласын ішінен күбірлеп, қайталап айтып отырар еді. Өстіп жүріп жатқан. Жоқ жерден қамқорси қалатын қашанғы әдеттері ғой, басшылар әшейінде орталықта өтетін жиналысты Бестамға жасаймыз деп бәтуаласа қалыпты. Мұнысы «орталықтан жырақ елді мекеннің жаяу-жалпысы тұрғындарының қамын ойлағандары шығар, мақұл ендеше» деп түйген Ақылбай да жұртқа ілескен.

Жиналыстағы басты мәселе сайлауға байланысты екен, оның аяғы үйреншікті дау-дамайға ұласып кетті. Бәрін бастайтын әлгі Мүсірәлі құрымағыр. «Сайлау, дауыс дегенде әлекедей жалаңдайсыңдар түге, ал азын-аулақ шаруамыз болып алдарыңа барсақ желкелеріннің шұқырын көрсетесіңдер» деп бастады бұл жолы да. Обалы қане, берекесіз дегенмен Мүсірәлінің сөзінің әбден-ақ жан бар. Бірақ амал қанша, «жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпастың» кері, қызылкеңірдек боп керілдескенмен айналып келгенде басшылардікі жөн боп шыға береді. Ақылбай бесенеден белгілі әңгімеге құлақ түріп, тып-тыныш қана отыр еді, біреу жеңінен тартты. Қараса — Қызыларықтағы Қынаша. Ұзын бойлы кел- ген, атжақты, ақ құба өңіне ақ сақалы үйлескен кісі өзі. Сән қуа ма, болмаса туасы сыпа кісі ме, әлгі шылғи ақ түстердің үстіне ақ шапан киіп, атына ақ жабу жауып жүретіні және бар. Сайлау жиналыс Қынашаны да жалықырса керек:

— Ақа, Бүбіштің қара қазанының құлағын ұстайтын келінді болыпты деп естіп жатырмыз. Сырттай тілектес жанбыз ғой, құтты болсын қадамы, — деп тіл қатты.

— Айтсын, айтсын... — Ақылбай қайта-қайта басын шұлғып, отырған орнында қозғалақтап қойды. Бұл — шын пейілімен разы болғандағысы, Қынаша сөзін жалғады.

— Бұрыннан аралас-құралас, көрпемізді тұйықтамаған ағайын ек. Балаңның қуанышына атаған бір жандығың мойнымызда. Қалай деп бола ма, сол тұста ескі сырқатым қозып, қуаныш үстінде қара көрсете алмасам, кешір... — Жо, Қынеке, о не дегенің... Ақылбайдың жүрегі енді тіпті елжіреп кетті. Әсіресе, кемпірі Бүбішті еске алып, аталы сөзін алыстан орағытып бастағанына кәдімгідей риза. «Бір ауылдың абыз тұтқан ақылгөй ақсақалы ғой, ақ батасын алып, үйден дәм-тұз татқызып жіберудің орайы кеп тұр екен өзі». Ойын осылай түйген ол Мүсірәліге: «Жиналыс аяқталғаннан кейін ақсақалдарды ертіп үйге кел, Бүбішке құран түсіртіп жіберейік» деп ескертті де, өзі әкім баладан ұлықсат алып үйіне қайтты.

Келіні үйінің ішін тап-тұйнақтай ғып жинап қойып, кішкентай бөстектің үстінде қолын таянып, журнал оқып отыр екен.

— Қарағым, — деді Ақылбай табалдырықтан аттар-аттамастан, — қазаныңа су құйып, көтере бергің. Жиналысқа Қызыларықтан сыйлы аталарыңның бірі келіп қалған екен, қолыңнан дәм-тұз татып кетсін. Бүбіш марқұмның барында талай дәм татқан шаңырағы ғой. Сөйте ғой, шырағым, мен шарбақтағы тоқтыны Мүсірәлінің тентегіне бауыздата берейін.

Ақылбай келінінің келісімін күтпестен асығыс тысқа қайта шығып кетті. Ойланып жүр. «Бұл бір сәтімен оңғарылған іс болды. «Ақа, келініңіз құтты болсын!» деп тағы біреу-міреусі кеп қала ма деп бір тоқтыны өрістен алып қалып, шарбағына байлап жүр еді, ақыл болған екен. Өзінің де еті уылжып, бал татып тұрған шығар. Қынекем бір мәз болып қалатын болды.

— Ас-су ішіліп, дастарқанның шеті қайырылды. Тіс шұқылаған қонақтар қабырғаға қарай шегініп-шегініп отырысты. Қара тоқтының былбырап піскен басы, келінінің қамырын қардай аппақ ұннан илеп, қағаздай жұп-жұқа ғып жайып салған наны бәрінің көңілдерінен шыққан сияқты. Айран қатқан қышқылтым жас сорпаны тағы бір шыны аяқтан тұшына жұтып-жұтып алысқаннан кейін жағалай қол сүртісіп, Бүбіш марқүмға тие берсін айтылды. Осы тұста әңгіме арнасы да өзінен-өзі кемпірге ойысып кете барған. — Иманды болғыр, келінінің қызығын көре алмады демесе, ешкімге ауыртпалығын артпай жақсы кетті ғой.

— Соны айтсайшы, балалардың алдында бейшара ғып, қол-аяқтан айырып қойғаннан сақтасын, құдай.

— Опасыз жалған деп несіне айтады дейсің. Әйтпесе, басқаны қайдам, тура осы Бүбіштің немере сүйетіндей еңбегі бар еді...

Кеудесіне түсіп кеткен басын анда-санда шұлғып қойған Ақылбай әңгімеге елтіп отыр. Дәл қазіргі жайында жақсы лебіз атаулыны осылай отырып өмір бақи тыңдай берсе де жалығар сыңайы байқалмайды. Осы кезде есіне қайдан сап ете түскенін, төргі үйдің қабырғасындағы қалың кілемнің қақ ортасында от басының тыныс-тіршілігін сақшыдай бағып тұратын кемпірінің суретіне бір қарап алғысы келді. Жансыз сурет болса да бір қарап: «Міне, Бүбіш, әруағыңның алдында адалмын, ризамысың?» демекші еді. Бірақ бұрылып, желке тұсына қарай берді де біреу үстіне бір шелек су құйып жібергендей әлгінде ғана бусанып, былбырап отырған денесі мұздап жүре берді. «Қой, кәрі жанарым сыр берген шығар» деп қайта бұрылып еді, жоқ, шыққыр көзі алдамапты. Сурет орнында жоқ. Кеше ғана, жо-жоқ, осыдан бір жеті бұрын кірген бұл бөлмеге. Сонда жоғын іздеймін деп жүріп, төрдегі кемпірінің жансыз суретімен жанарының тоқайласып қалғаны бар. Бірақ қадалып көп қарауға дәті жетпей, дұғасын күбірлеп, бөлмеден шыға жөнелген. Енді мынау алқа-қотан топтың ортасында емін-еркін бір қарап мауқын баспақ еді, кемпірі... жоқ, сурет құмға сіңген судай зым-зия. Ақылбайдың іші алақұйын болып өртеніп жүре берді. Ыстық шай іштегі өртті одан бетер өршітіп, бір-екі рет «аһ» ұра күрсініп те жіберді. Шалдың мұнысын «кемпірін ойлап отырға» жорыды ма, қонақтар өздерімен өздері.

Ақылбайдың алдындағы ернеуіне алтын түстес бояу жалатқан ақ кеседегі шай әлдеқашан суып қалған. Дымға тәбеті жоқ. Өзінен-өзі жүрегі айнып, артық-ауыс дем шығарса, әлгінде ғана сүйсіне асаған бір-екі кесек жұмсақ құйрықты қайта құсып тастайтындай. Келіні демдеген, өзі күн сайын бие сауым уақыт отырып сораптайтын қызыл күрең шай да дәл қазір жыланның уындай зәрлі көрініп кетті. «Иә, бұл тек келіннің ісі. Бала бүйтпесе керек. Үйдің ішін сиыр жалағандай жылмитып, төсеніштің үстінен көлденең жатқан бір тал сыпырғыштың сынығын байқаса ішіп отырған ас-суын тастай ұмтылатын тазалыққа бас шайқаушы еді, міне, сол күдігінің ақыры расқа айналды. Расқа айналғаны сол, үйдің ішіндегі ескі- құсқыны күйедей жалмап келіп, кемпірінің көзіндей көріп жүрген көне суретке де қол салған екен ақыры. Жазықсыз сурет қай сәндерін бұзды екен? Осыдан кейін енді келінін қайтып жақсы көреді? Ұлын қалай ес тұтады? Ертеңгі күні маңдайына жазылған өлшеулі дәм-тұзы түгесіліп, ақ бұйрықты өліммен көз жұма қалса, мұның да киімдерін отқа жағып, тұтынған заттарын қоқысқа лақтырмай ма бұлар? Әлде... «Әкенің жинағаны балаға дүние болмайды» деген рас па? Жо- оқ, олай болса, сонау ықылым заманнан бері атадан балаға мирас болып келе жатқан салт-дәстүріміздің де күні тумақ қой. Сонда деймін-ау, бұлардың мынау төрт қабырға тірелген жылтыр ағаштардың тұтқынындағы қуыршақ ғұмыры жылусыз ошақ сияқты қадірсіз бірдеңе болып шықпай ма?!».

Ақылбай жүрегі шаншығандағы әдетімен көзін шарт жұмды. Есіне ертоқым түскен. Иә, әкесінен қалған кәдімгі құранды ертоқым. Әкесі көз жұмғанда, онда бұл шикі өкпе бала кезі, шешесінен сол ертоқымды қалаушыларда қисап болмады. Шешесіне біреуі келіп: мұның әлі ат жалын тартып мінуге жарамаған жас екенін көлденең тартса, енді біреуі күміс ертоқымды алып шығып, бар сән-салтанатымен ерттеп міне қоятын аты жоқ екенін беттеріне салық қылды. Анасы бәрібір илікпеген. Қайсысы келсе де жауабы даяр: «Балам жас болса өседі, аты жоқ болса бітеді. Ал, құранды ертоқым — сол игілікке деген үміттің басы. Сондықтан оны өзімнің көзім тірі тұрғанда ешкімге ұстата да, бере де алмаймын». Анасы марқұмның ақыры айтқаны келді. Шаңырақтарына мал да бітті, жал да бітті. Сонда Ақылбай қара айғырымен көшеге сар желдіріп шыға келгенде доға мойын қыл құйрыққа бір, тақымындағы әшекейлі айыл-тұрманға бір қызыға қараушылар көп болған. Ие, заман өтті ғой. Бүгінде сол ертоқым да көне тартып барады. Аман болса, әлі оған немересін де өз қолымен қондырар бұл Ақылбай. Ал, бұлардың сынын кемпірінің суреті бұзыпты. Қолдары қалай барды екен десей. Көзін көрмесе де біреуінің өмірден ақ жолын тілеп өткен енесі, енді біреуінің ақ сүтін емізіп асыраған анасы емес пе еді, Бүбіш! Әңгімеге алданып отырып мұны Мүсірәлінің абайламай қалғаны мақұл болды, әйтпесе, «жығылғанға жұдырық», өзі күйреп отырған жанын одан бетер қаусатып тастар еді...»

Бесін кезінде Ақылбай қонақтарымен қош айтысып, шарбақтың сыртына дейін шығарып салды. Білдірмеймін дегенмен қабағында кірбің бар. Өз үйіне өзі кіре алмай қорланып, әулісінде едәуір жүрді. Бір сәт келініне: «Бүбіштің суретін қайда құрттыңдар!» деп бір шүйлігейін деп тұрды да, «өз қолынды өзің кесесің бе, әзірше «ищә» деспеген қарағымның тілін шығарып аламын ба деп қибыжықтады. Ақыры: «Қой, не де болса анау мәнжубас ұлды күтейін. Төрдегі мұның кемпірінің сүйреті қай сындарын бұзғанын со сүмелектің өз аузынан естиін» деген ойға тарс бекінген Ақылбайдың аяқ астынан бүк түсіп жатып қалған себебі осы болатын.

Тағы қанша уақыт жатқанын, сырттан кірген кісінің көзі сүрінгендей үйдің іші әбден қараңғыланған екен. Ақылбай «битке өкпелеп, тонымды отқа тастаймын ба» одан да тұрып, малды жайғастырайын» деп бір оқталды да, келіні жақтан тықыр еткен дыбыс білінбеген соң, қайта тырысып қалды. «Нағыз айлакердің өзі екен, жүдә. Ата, аталап жүріп суреттің түбіне жетті, енді бір күні мұның өзін қомсынып, шоланға қуып шықпасына кім кепіл?..

Осы мезет топсасы шиқылдап сыртқы есік ашылды. Жауырынымен сезіп жатыр, біреулер абыр-дабыр әңгімелесіп, үйге кіріп келе жатқан сияқты. Үндерін таныды: келіні мен ұлы. Босағадағы түймені «шырт» дегізіп, шамды жақты. Шал көз қарықтырар жарықтан жасқанып жанарын жұма қойды. Ұлының үні кейісті.

— Елпілдеп, алты қырдың астындағы маған тұра жүгіргенше, үйдің іргесіндегі дәрігерге бармадың ба? Қаяқта жатыр өзі?

— Әне... — Келінінің үні пәс. Ұлы үйге жеткенше өзінің біраз жер-жебіріне жеткен сияқты.

— Әке, не болды? Қай жеріңіз ауырып қалды. Тағы да жүрегіңіз бе? Қазір, сәл шыдаңыз, дәрігер де келіп қалады.

«Келінімнің маналы бері тым-тырыс болып кету себебі енді түсінікті болды». Ақылбайдың жүрегі жұмсара түсті де, сурет есіне түсіп, қайта кіржие қалды.

Ұлы келініне әлі ренжулі.

— Шам жағылмапты, малдар да үрпиісіп қораның сыртында ошарылып тұр. Әбден әкеме арқа сүйеп алғансың.

«Қарайгөр-ей. Қалай-қалай сөйлейді-әй, мынау жаман күшік. Жуас деп жүргенім жуан болып шықпасын».

— Жолшыбай орталыққа соқпағанда бағана-ақ келетін едім. Қарашы енді...

— Алдың ба? Келіні кінәлі үнмен күмілжи тіл қатады. «Әлі бала екен-ау, өзі. Күйеуім ұрсып жатыр екен демейді, «алдың ба?» деп әлденені сұрайды. Әлгі қымбат көйлек-көншектерінің бірі болмаса неғылсын тағы. Әні, бұлардың әсілі дүниеге ауған...»

— Алдым, мә, орнына қой да әкемнің киім-кешектерін әзірле. Ауруханаға апарамыз дей қалса, дайын болып тұрайық.

«Әй, әй, мыналар қайтеді-әй. Мені енді ауырмай-сырқамай о дүниеге жөнелткендері ғана қалып еді. «Ақылбай ыңқылдап (ыңқылдамайын-ақ деп еді, оған болмады, үні құрымағыр өзінен-өзі шығып кетті), басын көтере берді де келінінің қолындағы затқа назары түсіп кетті. Сурет! Кемпірінің суреті! Жөнделіп отыра беріп, қайта қарады, Иә, иә, бірақ мынаның жылтырақ қатырма қағазының түсі мен алтын жақтау ағашы бөлек пе, қалай өзі? Әлгі Мүсірәлі тамсанып айтып отыратын кәмпүйтіріне жасатты ма екен?

Ақылбай ұлына да, келініне де қарамай суретке қолын соза берді. Жалғас әкесінің ауру тұрмақ бәлесі де жоқ, күндегі сап-сау өңін көріп айран-асыр. Келіншегінің де ұялы жанары шарасынан шығып кетердей бақырайып қалыпты.

— Әкпел бері!..

Әкесінің нені сұрап тұрғанын қас қағысынан ұққан Жалғас лып етіп әлгі үр жаңа, жиек ағаштары жалт-жүлт еткен суретті ұсына беріп еді, бұрын мұндай оқыс мінез көрсетпейтін шал шекесі тырысып, шақшаң ете қалды.

— Жоқ, анаусын бер деп тұрмын, мен саған!

Әкесінің жанары қадалған жаққа жалт қараған Жалғастың көзі анасының әжім шимайлаған қарапайым жүзі мен мейірімді жанарына жолықты. Көне суреттен күле қараған анасы жәй ғана күбірлеп тұрған сияқты. «Әй, қарағым-ай! Әкеңнің мінезін білмеуші ме едің? Менің сүйретімді қанша әрлеп, әспеттегендеріңмен әкелерің үшін сол баяғы Бүбішпін ғой. Жылтырақ нәрсенің жанға жылу болмайтынын шал ғұрлы білмегендерің бе ? Одан да ескі суреттің шаңын аптасына бір рет сүртіп, көз алдына іліп қойсаңдар шал үшін одан асқан құрметтің керегі де жоқ еді ғой...»

Кемпірінің суретімен соншалықты сағына көріскен шалдың жан дүниесіндегі қозғалысқа түскен алай-түлей ағыстың айыпкерін өзі деп ұққан ұл теріс айналып кетті. Қолындағы жаңа жақтаулы супер суретті не істерін білмей қиналған келінінің халі одан да мүшкіл еді...




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет