Көшпенділер. Екінші кітап



бет2/4
Дата07.02.2022
өлшемі0,76 Mb.
#84220
1   2   3   4
Байланысты:
Көшпенділер. Екінші кітап

БІРІНШІ БӨЛІМ
I
Қазақ елі бүл кезде көкпарға тартуға дайындалған серке тәрізді еді. Жан-жағынан анталаған қай жауының тақымында кетеді? Әлде өзара қырылысқан хан, сұлтандар қанын сорғалатып, біреуі — аяғын, біреуі — қолын, біреуі — басын қанжығаларына байлап әкете ме, кім білсін?
Ел басына төнгелі келе жатқан мұндай ауыр кезеңді дұрыс ұғып, терең болжап, болашақ тарихы мен тағдырының төрт жағынан бірдей соққалы тұрған сұрапылдан халқын құтқарар кімі бар?
Мұндай жанталаста халық алдыңғы шепке ең алдыменен өзінің тәжірибесін, ақыл-парасатын, табандылығын салуға тиісті. Өйткені қазақ елін көкпар етіп ала қашуға дайындалып жатқан ең бірінші қасы оған айқын еді.
Шыңғысхан құрған монғол хандығының ғұмыры екі жүз жылға жетпеді. Бір кездегі ұлы көшпелі мемлекет — Қарақұрым ордасы Құбылайдың тұсында Пекинге көшісімен-ақ монғол хандығы делінуден қалды. Құбылайдан кейінгі қытай боғдыхандары енді өздерін Шыңғыс мұрагерлері санап, монғолдың атамекен көне қонысы түгіл, «Бар әлемді тітіретуші» жирен сақалды ханның жаулап алған жерлерін де бауырларына басқысы келді. Бұлар енді бір кезде ұлы Қытай империясын Шыңғысханның күшпен жаулап алғанын, оның көп шаһарларын тып-типыл етіп қиратып, егістік даласын малға жайылым еткісі келгенін ұмытты. Ал монғол жеріндегі ұлы Қарақұрым хандығы да бөлшектене бастады. Өзара қырқыс, жанжал бір жағынан, күнгей үрдісінде пайда болған манчжур хандарының ұзақ жылғы ұрыстары екінші жағынан берекесін алып, бұлардың бұрынғыдай іргелі ел болып отыруына мүмкіндік бермеді. Оның үстіне негізгі кәсібі мал бағу болған, әр аулы өр бөлек қонған монғол шонжарларына қыс — қыстау, жаз — жайлау жетпей, елге қоныс, малға өріс тапшылығы тағы бір пәле болды. Әсіресе батыс монғол тайпалары — Чорас, Ойрат, Торғауыт, Төлеуіт рулары қытай боғдыхандарының тегеурініне шыдай алмай атамекен қоныстарын тастап, жер іздеп босып кеткен. Бір бөлегі Сібір жеріне, қалғаны Ертіс бойына, Тарбағатай тауына қарай ойысты. Қалмақ аталған бір бөлегі жер іздеп, көше-көше тіпті Еділдің төменгі сағасына өтіп кетіп, Айдархан (Астрахань) маңайында көшпелі аймақ боп тұрып қалды. Батысқа қарай ығысқан бұл елдерді қытай боғдыхандары Сібірге, қазақ жеріне және Орта Азияға өзінің ықпалын жүргізудегі алдыңғы шебі деп санады. Ал бүл зұлымдық саясатқа көнгісі келмей, өздеріне қарсы шыққан кей қонтайшыларды ауыл-аймағымен, бала-шағасына дейін қалдырмай қырып тастап отырды. Енді қытай зардабынан қорыққан жұрт ойысып кеп, Тарбағатай тауын, Іле өзенінің сағасын, Жайсан (Зайсан) көлінің өңірін мекендеді.
Осы арада олар аман қалған руларын жинап көшпелі мемлекет — Жоңғар хандығын құрған. Бір мың алты жүз отыз төртінші жылы бұл хандықтың қонтайшысы боп Хара-Хұла батырдың баласы Батур сайланған. Бұл қонтайшының маңына енді Енисей, Ертіс өзендерінің жағасын жайлаған монғолдың басқа да ұсақ рулары жинала бастады. Өстіп Жоңғар хандығы үлкен күшке айналған. Ол өзінің ордасын Зайсан көлінің жағасына көшірген. Дәл қасында пайда бола қалған көшпелі жауынгер мемлекетке қытай саясатшылары енді қобалжи қарады...
Батур қонтайшы өзі өлгенше орыс патшаларымен тату бола отырып, Жоңғар хандығын күшейтуді арман етті. Батур негізгі саясатын қытай боғдыхандарының ақылымен Оңтүстік Сібір мен қазақ жерін алуға құрды. Алдымен ол Тәуекел ханмен, соңынан Есім ханмен сан айқасты, бірақ дегеніне жете алмады.
Батур өлгеннен кейін оның орнын үлкен ұлы Сэнгэ, содан кейін кіші баласы Қалден басты. Қалден Қытай императорының жарлығы бойынша осы кезде бас көтеріп ереуілге шыққан, өздерімен қандас Шығыс Монғолияның орта шарқы руларын аямай қырды. Бұл ара енді құлазыған қу далаға айналды. Сөйтсе де, жоңғардың қарақұрым боп өсіп келе жатқан мал басына жайылым тағы таршылық етті. Сонда барып Қалден Бошұқты Жоңғар хандығын Қалқа өңірін қосып алып, кеңейтпек болды. Осы саясатпен ол қонтайшы ордасын Іле өзенінің жағасына Тувадағы Хемчик өзенінің бойына, соңынан Қобда өзенінің төменгі сағасына көшірді. Бұл кезде Жоңғар хандығына Тибет, Енисей өзенінің өңіріндегі қырғыз рулары мен бүкіл Алтай тауының аймағы кірді. Осыншама жерге қожа болған Жоңғар қонтайшысы енді Қалқаны да қосып аламын деп жорыққа аттанды. Бірақ Қытайдың Манчжур (Цин) хандығынан жеңіліп қап, Қалқаны Қытай алды. Осы жорықтан тұрмастай болып күйреген Қалден өзін-өзі бауыздап өлтірді. Қалден өзінің үстемдігін жүргізіп тұрған кезінде, бақ күндесім болмасын деп ағайын-туыстарын да аяған жоқ. Бас көтергенін құртып жіберіп отырды. Осындай құртам деген жақынының бірі, немересі Сыбан Раптан Турфанға қашты. Қалден Қалқаны қосып аламын деп жорыққа аттанғанда, Сыбан Раптан өз еліне қайтып келіп, Буратал өзенінің бойын жайлады. Бірте-бірте ол бүкіл Жоңғар елін өзіне бағындырды. Қалден өзін-өзі өлтіргеннен кейін, бір мың алты жүз тоқсан жетінші жылы бүкіл Жоңғар қонтайшысы осы Сыбан Раптан болды. Сыбан Раптан Қытай еліне әкесінің інісі Қалденнен кем жау болған жоқ, Қытай императорымен сырт байланысы түзу саналғанмен, көршілес қалаларына шабуылын тоқтатпады. Ал Сыбан Раптан, баласы Қалден Церенмен қосылып, Халш дуанын тонаудан бастап Қытайға қарсы соғыс ашқанда, Джунгоның жаңа Цин династиясының императоры Канси сол жылы Жоңғар жерін бүтіндей бұрынғы өздерінің князьдарына қайтарып, Сыбан Раптанға Ертіс бойынан ғана шағын жайылым қалсын деп «Фимен» (жарлық) берді. Бұл жарлық бойынша Сыбан Раптан Қытай боғдыханы өкілін қатыстырып, Жоңғар елінің Құрылтайын шақыруға міндетті еді. Құрылтайдан кейін Қытай еліне шабуыл жасай берген Жоңғар хандығы енді қазақ жеріне беттеуге тиісті. Сөйтіп Қытай боғдыханы өзімен итжығыс түсіп жүрген қазақ халқын да мұқатпақ болды. Бұны істемесе, Қытайдың қалың әскерін Сыбан Раптанға қарсы аттандырып, Жоңғар ордасын біржолата күл-талқан етеміз деп қорқытты. Қытай мен Жоңғар хандығының арасында жойқын соғыс басталатыны мүмкін боп қалғандай еді, бірақ қытай шекарасындағы Жоңғар рулары Кансидің қаһарынан ығып, енді Ілені құлдилай төмен көшіп, көбі Алтынемел тұсына келіп орналасқан. Қонтайшы Сыбан Раптан Іле өзенінің күнгейі, Сарын шаһарының күншығыс тұсына өзінің ордасын тікті.
Бірақ, сонау Қытай шекарасынан көшіп келген қалың Жоңғар елі бір Іленің бойына сияр ма, әрине, сыймайды. Қалайда қоныс кеңіту керек... Осы кезде Канси қаза тапты. Бірақ Канси өлгенмен, оның қалың әскері қалды. Жоңғардың Қытайға күш-қуаты жетпейді, жармасары баяғы үйреніскен жауы, қазақ елі. Олардың жүз мың атты әскеріне қазір қазақтың төтеп берер жайы жоқ. Әрине, бұл кездегі Жоңғар әскері Қалден кезіндегі шоқпар, сойыл ұстаған жабайы, тағы әскер емес. Әскер сапын Европа тәртібімен құрған, соғыс тәсілін европаша жүргізе алар зеңбірегі, білте мылтығы бар. Оған Жоңғар жауынгерлерінің ғасырлар бойғы ұрыс-соғыс тәжірибесін, төзімділігін, жанкештілігін қоссаңыз қандай күшке айналады.
Жоңғар әскерін мұндай мықтылыққа жеткізген Сыбан Раптан, оның жауынгер баласы Қалден Церен мен жалдама Қытай әскери мамандары еді. Бұған швед офицері Иоганн Густав Ренат та аз үлес қосқан жоқ. Ол Жоңғар жасағы Бухгольц экспедициясын құртқан ұрыста Өскемен бекінісінің жанында қолға түскен кіші офицер еді. Осы унтер-офицер Сыбан Раптан әскерін Европа тәртібімен құруды, соғысты Европа әскерлерінің әдісімен жүргізуді үйретті. Ойрат ұсталарына зеңбірек құйдырды. Жоңғар елі білмейтін өнерлермен таныстырды, тіпті баспахана да ашты. Осындай он қолынан өнері тамған, көп ғылымнан хабары бар Ренат пен Қытайдың жалдама мамандары Жоңғар әскерін соғыстың жаңа тәсілдерімен таныстырды. Енді олар Орта Азия, қазақ жауынгерлеріне жат, жан шыдаспас айбарлы күшке айналды.
Бұл тұста «Үлкен Орда» ханы болып, Жәнібек ханның кенжесі Жәдек ұрпағы, Тәуке ханның бәйбішесінен туған Болат отырған. Бірақ, бұл бозөкпе, ел басын біріктіріп жауға қарсы қоюдың орнына, Орта жүздің азулы руларының таласынан аса алмай жүрген шөре-шөре хан. Өзі көптен ауру, көп істі немере інісі Сәмеке атқарады. Кіші жүздің ханы — Абдолла сұлтанның баласы Әбілқайыр, Ұлы жүздің ханы Жолбарыс — Әбілқайырмен әкесі бір, шешелері бөлек. Бұ да расында қадірі бәлендей күшті кісі емес. Орта жүзге кіретін қалың Найман, Жоңғар хандығымен іргелес, өз алдына жатқан бір тайпа ел. Бұлардың басшылары — Сібір хандарының ұрпағына жататын Бөкей ханның шөбересі Тұрсыннан туған көкжал бөрі Барақ пен Күшік сұлтандар.
Бұның алдында Түркістанды астана етіп, Үлкен Орда ханы бон Есімнің немересі Жәңгірден туған Тәуке отырған.
Тәуке!
Ол күшейіп келе жатқан Жоңғар хандығының қазақ еліне өте қауіпті екенін бірден түсінді. Сондықтан да Тәуке Россиямен қарым-қатынасын жақсартып, оған арқа сүйемек боп, бірнеше рет әрекет еткен. Бір мың жеті жүз екінші жылы-ақ Өскемен бекіністеріне қазақ елшілерін жіберді. Бірақ оларды жолай ойраттар ұстап алып өлтірген. Содан он үш жыл кейін Тәуке қарым-қатынасымызды жөндейік деп, орыс патшасының қарамағындағы Уфа қаласына Тайқымұрын биді бас етіп елшілерін қайтадан аттандырды. Бірақ Уфадан хабар келгенше, көп жылдардан бері сырқат Тәуке бір мың жеті жүз он бесінші жылдың аяғында қайтыс болды.
Тәуке басынан талай айқасты өткізді. Түркістан Сайрамды аламын деп қалың қолмен келген Бұхара, Қоқан, Хиуа хандарына төтеп бере алды. Әсіресе, Тәуке Жоңғар нояндарымен көп алысты. Бұл айқастарында ол үнемі қырғыз елімен бірге болды. Қырғыз манабы Тиес әрқашанда Жоңғарға қарсы Тәукемен бір сапта шықты. Қазақ, қырғыз арасында Тәуке хан мен Тиес манапты бөлмей, екі халықтың достығының бейнесі етіп, Тәуке — Тиес деп, қосақтай атады. Тәуке хан кезінде қырғыздың көп-көп ауылы қазақ ауылдарымен аралас, Әндижан маңайын, Шу, Шарын өзендерінің бойын жайлады.
Сол кездегі қазақтың алғыр билері — Қаракесек руынан шыққан, отыздардан жаңа асқан қаз дауысты Қазыбек, Үйсін Төле билер, әз Тәукенің ордасына жиі келіп, ханның ел билеу ісіне арналған атақты ережесі «Жеті жарғысының» жазылуына көмектесті. Сонау Баянауланы жайлаған қалың Қаржасқа жататын Алтынторы руынан аты шулы Қалқаманұлы Темірғали — Бұқар жырау жиырма бесінде әз Тәукенің ордасына кеп, сарай ақыны атанды. Тәуке хан алпыстан аса беріп дүние салғанда, бар қазақ аза тұтып, ардақтап оны Қожа Ахмет Яссауидың мазарының түбіне қойды.
Үлкен талас-тартыспен, қазақтың басты билерінің қолдауымен Орта жүз тағына Есімханның екінші баласы, Жәңгірдің інісі, Сырдақтың немересі Керей сұлтаннан туған Қайып отырды. Тәуке оқи алмай кеткен орыс әкімдерінің сәлем хатын бұл оқыды. Сол күні-ақ ол Уфаға «Ұшпу хатларыңызды алып қуанып қалдық» деп жауап қайырды. Қайып немере ағасы Тәукенің ұстаған жолын дұрыс деп тапты. Сол жылы жаз тоқсанның аяғында Тобыл қаласындағы Сібір губернаторы Гагаринге Екешұлы Бекболат би мен Бөріұлы Байдәулет ақсақалды бас етіп, елші жіберді. Губернатор ақ патша ағзамға жеткізсін деп арнаулы хат жазылды. Бұл хатта орыс елі бізбен мәңгі-бақи тату болса екен, екі ел бірлігі, Жоңғар қонтайшысына қарсы шығалық, оған біз жиырма-отыз мың атты әскер берер едік деген қазақ елінің тәуелсіздігіне зор маңызы бар тілектермен бірге қазақ саудагерлерінің Тобыл қаласына келіп сауда жасауына рұқсат сұрады.
Бекболат пен Байдәулет ақсақал губернаторға: «Қазақ жігіттері орыс қалаларына тимейді. Ал тиер болса, оларға өлім жазасына дейін шара қолданылады. Керек десеңіздер, ондай адамдарды ұстап алып, Тобыл қаласына жүргізуге бармыз», — деген ханның ауызша сәлемін де жеткізді.
Мұндай хат Қазан мен Уфаға да жолданған. Гагарин Қайып ханның хатын Петербургке жіберді. Сенат қазақ ханы мен халқының өтінішін шын ықыласпен қарсы алды. Бұған Бірінші Петр патша да қосылды. Тек бірігіп Жоңғар қонтайшысымен соғысалық деген Қайып ханның тілегін қабылдамады. «Қазақ жұрты бізбен дос елдермен соғыс ашпай, тату-тәтті тұру керек», — деді. Ал Қайып хан қазақ халқының тәуелсіздігі мен жер-суын сақтап қалу үшін, күншығысы мен оңтүстігінен қысып келе жатқан жауларына төтеп берудің жолы — Россияның көмегіне сүйену екенін есінен шығара алмады. Әсіресе, мұндай шешімге келуге бір мың жеті жүз он жетінші жылғы Аякөз өзенінің жағасында өткен ұрыс себепкер болды. Бұл ұрысқа Қайып пен Әбілқайыр бірігіп шыққан. Екі жақтан отыз мыңдай әскер қатысқан. Қазақ қолы Сыбан Раптан әскерінің осы бір бөлігінің өзінен жеңіліп қала жаздаған. Бұл ұрыс Сыбан Раптанның қазақ әскерінің қандай күйде екенін білудегі елеулі күш жұмсаған алғашқы барлауы еді.
Қазақ елінің жағдайын дұрыстап түсіну үшін, Бірінші Петр патшаның бұйрығы бойынша, Сібір губернаторы Гагарин қазақ жеріне Борис Брянцев басқарған арнаулы елшілер шығарды. Бұл елшілер тобы 1728 жылы Көкек айының бесі күні Жайық жағасындағы Кіші жүз ханы Әбілқайырмен, жаз тоқсанның алғашқы айының жиырма бесі күні Түркістандағы Орта жүз ханы Қайыппен кездесті.
Қазақ жеріне жеткен елшілер ең алдымен, бұл арада сауда-саттықты молайтудың сан жолы бар екенін ұқты. Қазақ даласы арқылы Азияның ұлы мемлекеттеріне, әсіресе, ар жағында жатқан Үндістанға қол созуға болатынын көрді. Қиял қанатты Бірінші Петр патшаның да күткені осы еді. Ол Азияның ұлы мемлекеттеріне жол ашу — Россияның дүние жүзіндегі ең құдіретті патшалықтарының қатарына қосылуы деп ұғынған. Әбден күшейіп алған және өзінің ұлы патшасы «аспанға шапшытқан» Россия бұл кезде Англия, Франциялармен қатар басқа елдерін отарлау бәсекесіне молынан кіріскенді. Бірақ қазақ даласы мен Орта Азияға Россияның келуі — отаршылық саясатының толып жатқан қиянатына қарамай шағын елдерге қытай үстемдігінен көрі анағұрлым жеңіл зәбір еді. Бұл қоғамдық әрекет тарих жүзінде өзінің маңызды орнын алды. «Шынында да шығыс елдерінде Россия прогрессивтік міндет атқарып отыр... Россияның бұл үстемдігі Қара теңіз бен Каспий теңізінің тұсында, Орталық Азияға мәдениет әкелді» деп жазды соңынан Энгельс.
Орыс елшілерінің тағы бір түйгені — ол қазақ хандарының қазіргі күнде Жоңғар қонтайшысына қарсы тұра алатын күшінің жоқтығы болды. Бұл жөнінде Брянцев экспедициясы қазақ хандығына жәрдем беру саясатын қолдады. Сонда барып, Бірінші Петр Жоңғар хандығына елші жіберуге бекінді. Бірақ жіберген елшісі Унковский қайтып келіп, Петр патша тиісті қорытынды істегенше, жоңғар мен қазақ арасы әлем-тапырық болды да кетті.
Әрине, мұндай жағдайда қазақ елі Сыбан Раптан секілді пышақтың жүзіндей қылшылдаған, қазірдің өзінде жетпіс мың әскері бар жауға қарсы тұра алар ма? Және жауы жалғыз Жоңғар хандығы ғана ма? Мұндай қиындықта тек хан ордасының маңындағы ағайын, туыс, төлеңгіт секілді аз ғана күшке сүйенген хандардың қолынан не келеді? Әр жүздің ханы, сұлтанымын деп отырған Болат, Әбілқайыр, Сәмеке, Барақ, Күшіктердің өз ордаларының іші толған жанжал, бақталастық, қым-қиғаш тартыс.
Ал патша үкіметі, болғалы тұрған қанды уақиғалардың екі жағымен де түбі тіл табу керек екенін есіне ұстап, Орта Азия істеріне өте сақтықпен қарады. Қайып хан өлісіменен: «Арты не болар екен?» — дегендей күту саясатына көшті.
Осының бәрі қазақ халқының басына бір жамандық әкелгелі тұрғандай еді.
Жоңғар қонтайшысы жорық алдындағы кеңесін шақырды. Осы кеңесте Қазақ елін шабу тәртібі шешілген. Ренат ақылы бойынша, ежелден шығыс жеріндегі жауды бір тұстан шабу дәстүрі қолданылмай, бірден қос бүйірден ала бастамақ болды. Жоңғардың бар әскерінің қолбасшысы етіліп Сыбан Раптанның інісі Шұна Дабо баһадур белгіленді. Бір жағы Қаратауды басып, Шу мен Талас өзенінің бойына түйілсе, екінші жағы Шыршық қойнауына шықпақ. Сол үшін Шұна Дабо әскерін жетіге бөлді. Әр қол енді тау бөктерлеріне, не жау жеріне қарай ағатын өзен бастарына өзінің туын тігіп, әскерін жорыққа дайындады. Бірінші қол Жетісу Алатауының етегіне, Балқаш көліне құятын төрт өзеннің басына жиналды. Бұл қолға Сыбан Раптанның баласы Қалден Церен қолбасшы боп белгіленді. Екінші қол Алтынемел тауларына таяу Іле өзенінің теріскей жағындағы Көктал мен Көктеректің ортасына туын тікті. Бұған қолбасшылыққа Сыбан Раптанның інісі Қорен батыр бекітілді. Үшінші қол Кеген өзенінің солтүстік жағасына, Нарын өзенінің күншығыс жағында жатқан Кетпен тауының бауырына жиналды. Бұған қолбасшы Қалден Цереннің он жеті жасар немересі Амурсана болды. Төртінші қол Шелек өзенінің басына туын тікті. Бұның қолбасшысы етіп, он сегіз жасар жас батыр Сыбан Доржыны (Қалден Цереннің ортаншы баласын) бекітті. Бесінші қол Түп өзенінің бойына, Ыстық көлдің жағалауларына қостарын тікті. Бұл қолға қолбасшы боп, Қалден Цереннің үлкен баласы Лама Доржы тағайындалды. Алтыншы қолды Шуға құятын Үлкен Кебен өзенінің алқабына жинады. Бұған қолбасшы етіп, Меркиттен шыққан ақсүйек ноян Церен Доржыны тағайындады. Жетінші қол боп, Сыбан Раптан қонтайшы өз туын (Жоңғар әскерінің бас туын), осы күнгі Құлжа қаласына таяу Талқы асуының оңтүстік-батыс тұсына тікті.
Осылай, Алатау бөктерін жайлаған қалың елді қоршай, Сыбан Раптан әскері тұрды. Тек қонтайшының «Алға!» деген әмірі ғана қалған.
Сыбан Раптан көктем туысымен шабуылға шықпақ болды. Бұл көп жылқылы қазақ елінің тай-жабағысы піштірілген, жаңа аяқтанған қозы-лағының көшке ере алмайтын, ұрысуға ыңғайы жоқ кезі еді.
Бүгін күн бүкіл Түркістан уәлиеті мен Жетісудың күншығыс-солтүстігін айнала қоршап тұрған қалың әскердің ызғары соққандай, бір түрлі сұсты еді. Дәл жер сілкінердің алдындағыдай, өзінен-өзі тұншыға безерген дүние. Бұл қорқынышты адамнан басқа өзге тірінің бәрі де күні бұрын сезеді-міс. Жылан інінен шығып, тышқан өзен жағасынан алыс кетуге тырысады деседі... Дәл осындай бір ауыр жағдай бүгін де күннің ашықтығына қарамай, адамның иығынан басып, бүкіл әлемді тұншықтырып бара жатты. Жоңғар қақпасынан соғатын салқын жел, әдеттегідей жұпар аңқыған жасыл шөп иісінің орнына төгілген адам қанының жылымшы иісін жеткізді.
Дәл осы күні түнде Түркістанда тағы бір оқшау оқиға болды. Хорезм, Хиуа елдерін Сайбанның баласы Темір сұлтаннан тараған Жәдігер, Хаджім, Ақатай атты хандар билеген — 1696—1697 жылдары Хиуа тағына осы хандардың соңғы ұрпақтарының бірі Уәли отырған. Бірақ өзінің тентек, есерсоқ және сәл есуастау мінезімен жұртты басқара алмай, қазақ жеріне қуылып келген. Осы кездегі Орта жүздің ханы Тәуке оны Яссыға даруға еткен. Уәли Түркістан әмірі болысыменен үш айдан кейін дүние салған. Тәуке әмеңгершілік салтыменен оның жесірі Нұрбикені өзі алған. Жеті айдан кейін ханым Абылай атты ұл тапқан... Бұл бала, емшектен шықпай жатып, шешесімен бірге нағашы жұрты Алтын хан еліне кеткен. Төркіндеп барған Нұрбике кенет ойламаған кеселге душар болып, сол Алтын хан жерінде қаза болған. Жалғыз қызынан айрылған қайын атасы Тәуке ханға: «Жалғызымыздан айрылдық — аққан бұлағымыз суалды, жанған шырағымыз сөнді. Өзі кетсе де көзіндей көріп бауырымызға салып өсірейік, бұдан да өзге балалары бар ғой, Абылайжанды ат жалын тартып мінгенше бізге қисын. Есін білген соң елін өзі де табар» деп елші салған. Тәуке жастары келіп қалған қайын ата, қайын енесінің көңілдерін қалдырмаған, екі жасар Абылай солардың қолында қала берген. Сол Абылай он жетіге шыққанда Тәуке хан өлерінің алдында сонау Алтын хан өлкесінен елін іздеп, өзі келген. Тәуке ұлан асыр той жасап, «он бесінде отау иесі» деген дәстүрмен, сол жылы Абылайды өзінің үзеңгілес серігі, қырғыз елінің шоң манабының бірі Тиестің кіші қызы — он төрт жасар Зеренге үйлендірген. Алдына қыруар мал салып, ақ отауын тігіп, оңаша ауыл еткен. Жыл өткеннен кейін Зерен арудан егіз ұл туған. Бірінің атын Уәли, екіншісінің атын Балқы қойған. Тәуке хан екі елдің қыз-бозбаласын, батыр-балуанын, игі жақсыларын шақырып, тағы ұлан-асыр той жасаған, егіз немерелері болғанына жас баладай қуанып, шаттыққа бір кенелген.
Бірақ Тәуке Абылайды алғашқы көрген күні-ақ таң қалды. Қара сұр, ат жақты, үлкен сұр көзді. Түсі орасан суық. Адамның бетіне қарағанда, екі көзі тасырайып, ең болмаса кірпіктерінің ұшы да қимылдамай, өңменіңнен өтіп кете жаздайды... Оның үстіне, Күлмес хан тәрізді, езу тартып күлімсіреуді білмейді. Тәукенің өзіне де, атасы Есім ханға да ұқсамаған. Әлде арғы бабам Шағай ханға тартты ма екен, — деп ойлайтын кейде Тәуке, — со кісінің түсі осындай суық болған деуші еді қариялар. Көп кешікпей, Тәуке Абылайдың тағы бір жан шошырлық мінезін аңғарды. Ол өзге балаларындай емес, мал бауыздауға құмар боп шықты. Бұны Тәуке Шыңғыс тұқымына тартқан қаттылығы шығар деп ойлады алғашқы кезде, бірақ бертін келе бұның қанқұмарлығы мүлде шектен асып кетті. Жас жігіттің қанды көрсе, жаны жай табатыны байқалды. Жұрт оған сырттай «қанішер» деген ат тақты.
Тәуке енді Абылайдан өзі шошына бастады. «Бұл қалай? — деді ішінен, — әлде Алтын хан елі менің ұлымның орнына бөтен біреудің қанқұмар баласын жіберді ме? Әлде менің кейбіреуге істеген қиянатым үшін құдай маған жаза ретінде осындай баланы бергені ме? — Тәуке аң-таң. Тек Тәуке бір-ақ адамды ұмытқан: Бұл қанды көз Уәли сұлтанның баласы еді.
Тәуке енді Абылайды көрген сайын, өз балаларының басына бір ажал қылышы төнгелі тұрғандай, мазасыздана берді. Кенет ханның есіне көкек балапанының қылығы түсті. Дүниеде көкек құстың жүз жиырма алты түрі бар. Солардың сексен екісі жұмыртқасын басқа құстардың ұясына тастап кетеді. Ол құсты андып тұрып, жем іздеп кеткен кезінде, ұясына ұшып келіп, басып отырған бір жұмыртқасын алып кетеді де, орнына өз жұмыртқасын тастайды. Қайта ұшып келген құс көкек жұмыртқасын өзінікінен айыра алмайды, балапан боп, аузын ашқанда да жем береді. Бұл құстың жейтін жемі де өзінің анасының жемімен бірдей болғандықтан, көкек балапаны да өсе береді. Ал осы жұмыртқасын басқа құстың ұясына салатын көкектердің балапаны да тасбауыр келеді. Ол жемқор, ашқарақ боп жаратылады. Қауызын жарып шығысымен-ақ жұмыртқадағы өзге «бауырларынан» тез құтылуға тырысады. Мұндай көкек балапаны өзге балапандардан қауызын бұрын жарады және қауызынан шығысымен-ақ ұядағы өзге жұмыртқаларды біртіндеп ұяның шетіне апарып, жерге құлатады. Сөйтіп жемге ортақ болатын өзге балапандардан жұмыртқа күнінде-ақ құтылады.
Тәуке Абылайды өле-өлгенше, көкектің балапанындай жат санап кетті. Бірақ әкенің бір затқа көзі жетпеді. Қанішер Абылайдың баласы Уәлиден Әбілмансұр деген ұл туып, ол он сегіз жасында «Абылайлап!» жауға шауып, қанішер атасының атын әлемге жаятынын білмеді. Қазақтың «Абылай» атаған әйгілі ханы осы Әбілмансұр еді. Оған әйгілі Абылай аталуға әлі көп уақыт бар. Ал әзірге атасы «Қанішер» Абылай қанқұмарлы құлқыменен Түркістан маңын шошытумен болды.
Тәуке өлгеннен кейін Абылайдың ызғарынан ыққан іні-ағаларының бірі Сайрамға, екіншісі Ташкентке қашты. Тек Түркістанда, көп нөкерінің қоршауында қала хакімі Құдайберді баһадүр қалды. Абылай нөкерлерін ертіп түн жамылып Құдайберді сарайына келді, бірақ жанашыр адамдары хабар бергендіктен ол Сайрамға қашып құтылды.
Құдайберді баһадүрдің қаша алмай қалған емшектегі жас баласы мен зайыбы Айымбикені өз місетіне тиген үлес санап, қараңғы лабазға апарып тықты да, тірі жанға ләм-мим деп тіл қатпай, таң әлетінде төсегіне кеп жатты.
Таңертең шайын ішіп болғаннан кейін, кешегі нөкерлерімен Құдайберді баһадүрдің сарайына кеп орналасты. Хакімнің бөлмесіндегі қырмызы қызыл кілемнің үстіне кеп малдасын құрып отырды да:
— Бүгіннен бастап, Түркістанға мен қожамын! — деді тұнжырап. Есікке таяу жақтағы серіктері шуылдап қоя берді:
— Иә, тақсыр, енді сіз қожасыз, — деді.
— Сендер енді менің нөкерлерімсіңдер, — деді жаңа хакім.
— Иә, тақсыр, біз сіздің нөкерлеріңізбіз.
— Мен тұр десем — тұрасыңдар, өл десем — өлесіңдер.
— Тұр десеңіз — тұрамыз, өл десеңіз — өлеміз!
Бұл содыр, сотқар бұзықтардың өздерінше берген анты еді. Абылай:
— Әрқайсыңа олжа тағайындадым. Оны кеш әлетінде естисіңдер. Ал бүгін менің Түркістанға ие болған құрметіме үлкен той жасалсын! — деді.
— Құп, тақсыр, той жасалсын!
— Той Құдайберді баһадүрді қолдайтын адамдарды бауыздаудан басталсын!
Бірақ бұл қан сасыған той басталмай қалды. Кенет қонақ үйдің есігі тарс ашылды да, қолына найзасы бар, сауыт киген алып денелі жас жігіт кіріп келді. Бұл Найман батыры Қаракерей Қабанбай еді.
— Жау келе жатыр, Абылай сұлтан!
— Қайдағы жау? Қанша?
— Жоңғар қонтайшысы Сыбан Раптан! Жетпіс бес мың әскері бар!
Абылайдың беті бүлк еткен жоқ.
— Тым көп екен! — Ол есігінің алдында отырған нөкеріне қарады. — Ал менің бар жауынгерім жетпіс бес-ақ қылыш!
— Өзгелері қайда? Хан ордасы көшкенмен, ел бар ғой! Мұнда бұрын ең аз дегенде он мың әскер тұратын.
— Бұрын он мың болса, қазір он жауынгері қалған жоқ. Бәрі қашып кеткен...
Кенет Қабанбай қолындағы найзасымен оны отырған жерінде жайратып тастағысы келіп кетті. Бірақ, ел басына күн туғалы жатқанда төре тұқымын өлтіріп, тағы у-шу шығару... Ол тамағына тығылған ашуын әзер басып:
— Барлық әскеріңізден айрылып қалған болсаңыз, қаланы енді қалай қорғамақсыз? — деді.
— Қаланы қорғайды деп саған кім айтты? Жетпіс бес адаммен жетпіс бес мың әскерге қалай қарсы тұрмақпын?
— Сонда не істемексіз?
Қанды шелек адам қорқау қасқыр тәрізді өз басына шындап қауіп төнсе, су жүрек келеді. Қара сұр бетінің қуарып кеткеніне қарап, бұның қорқып отырғанын Қабанбай енді білді... «Ел билеген төрелердің бәрі осындай болса, жетіскен екенбіз! Жоқ, төрелерге сенуге болмайды. Жауға қарсы халықты көтеріп, қазір дабыл қағу керек. Болат, Әбілқайыр, Сәмеке қарамағындағы руларға тезірек ат шаптырып хабар берейін», — деді ішінен Қабанбай. Сөйткенше болған жоқ, Абылай орнынан тұра берді.
— Қалаңызды кімге қалдырасыз?
— Уәлиге! Сосын... өздеріңе!
Абылай шығып кетті. Нөкері соңынан тұра жөнелді.
Қабанбай атына мініп, қала халқы жиналатын, кісі асатын дарғасы мен жұртқа хабар жаятын жаршысы бар, Қожа Ахмет Яссауи мешітінің алдындағы алаңға қарай шапты.
Халық суық хабарды бұнсыз да естіген екен, алаң іші ығы-жығы жұрт. Кемпір-шал, қатын-қалаш, бала-шаға — бәрі де жетіпті. Сойыл ұстауға жарайтын еркек кіндік түгел аттарына мінген: қолдарында көптен бері сандық түбінде жатқан қылыштары, екі жүзді айбалталары. Кейбіреулері жаяу. Бұл жиналған еркектер жауға шауып жүрген жауынгерлер емес, қаланың тұрғын халқы, көптен бері қару ұстауды ұмытып кеткен ұста, диқан, шәкірт, мүрит, қожа, молдалар. Қалаға жау келе жатыр дегенді естіп, ғасырлар бойы бойларына сіңген әдеттеріне басып, бәрі қолдарына қару ұстап, қалаларын қорғамақ ниетпен алаңға жиналған. Әрине іштерінде қалтырай қорыққандары да бар. Мешіт маңы ың-жың, даурыға шыққан дауыстар.
— Қала әміршісі Құдайберді баһадүр қайда?
— Түнде қашып кеткен!
— Жаудан қорқып па?
— Жоқ, інісі Абылайдан қорқып.
— Ол інісі қайда?
— Жаңа үй-ішімен атқа қонғалы жатқан.
— Сонда бізді кім басқарады?!
— Төресіз қолыңа найза ұстай алмайсың ба? Өзімізді өзіміз басқарамыз!
— Жоқ, үлкен баласы Уәлиді қалдырып кетеді деген!
— Онысы бір бозөкпе дейді ғой!
— Несіне әбігерленесіңдер? Келе жатқан шүршіт көрінеді ғой. Үйреніскен жау алысуға жақсы, содан қорқамыз ба, сыбағасын берерміз!
— Бұ жолы сыбағасын бере алсаң жарар еді, өздері тым көп деседі.
— Шүршіт емес, жоңғар деседі ғой.
— Жоңғар болса тіпті жақсы болды. Ана жылы біздің ауылдың жылқысын айдап әкетіп еді. Өзі келе жатыр екен қолыма!
Қалың жұрттың арасымен алаң ортасындағы жаршы мұнараға бара жатып, жаңа ғана Абылайға өзі естірткен сөз халық құлағына қалай тез жеткеніне Қабанбай батыр аң-таң. Бір жағынан, осыншама жұрттың іп-ілезде алаңға жиналғанына төбесі көкке тигендей қуанды. «Мұндай халықты жоңғар түгіл, қытай да жеңе алмайды. Тек басқаратын ер болсын!» Ол атынан секіріп түсіп, иін тіресе тұрған жұртты қақ жара мінбе-мұнараға шықты.
— Уа, халайық! Мен Қаракерей Қабанбай батырмын! — деді жуан даусын кең кернеп, — ел-жұртымыздың басына қатерлі күн туғалы тұр. Күншығысың мен оңтүстігіңнен қаулап, қалың Жоңғар келе жатыр. Қала иесі қанішерлерің шаһарларыңды тастап қашқалы жатыр. Бастарыңды қосып, шепке тұрғызар еркек кіндік қайсың бар?!
— Мен, мен бармын! — деді бір күндей күркіреген жуан дауыс.
— Шық, мына мінбеге!
Жұртты қақ жарып, жолбарыс мүшелі, нар кеуделі, жиырма бестер шамасындағы ақсары жігіт алға қарай ұмтылды. Бұл Шыршық өзені бойынан Түркістандағы нағашысының үйіне келіп жатқан Сіргелі руының «бала балуан» ел атанған Елшібек атты батыр жігіті еді. Ол мінбеге шығысыменен, Қабанбай батыр:
— Ал, халайық! Келе жатқан осал жау емес, — деді. — Елімізді, жерімізді ақтап қалу үшін бізден жүректілік табылар, тек бірлік керек. Түркістанды жауға берсеңдер, қазақ елінің шаңырағы құлап жерге түскені. Жас деп қырын қарамаңдар, еріңдер мына Елшібек ердің соңынан! Талаптының алдынан нұр жауар. Ел бастаймын деген батырдан қашанда батылдық табылады!
— Ереміз Елшібекке!
— Бастасын бізді жауға.
Осы кезде мінбе жағынан тағы шу шықты.
— Уа, жол беріңдер! Жол беріңдер!
— Уәли сұлтанның өзі ғой!
Жұрт қақ жарылып жол берді. Мінбеге қияқ мұртты, ақсұр келген, құндыз бөрікті, отыздар шамасындағы жігіт шықты.
— Халайық! — деді ол қалың жұртқа қарап, — әкем он төрт жасар балам Әбілмансұр екеумізді осы Түркістанға ие болыңдар деп тастап кетті. Қабанбай батырдың сөзін тегіс естідім. Елшібек балуан менен жас болса да, жорық көрген, топ көрген жігіт. Осы күнге дейін қолыма найза ұстаған жан емеспін... Егер мен Елшібекке жәрдемші бола алсам, сендердің деген жерлеріңнен шыққаным деп ойлаймын!
Уәли сөзін ұнатпаған әлдекім:
— Уа, сұлтан болғаныңа болайын! Төреден шығып, қараға жол бере ме екен!
— Қайтсін бейшара, соғыс көрмегенін айтып тұр ғой! — десіп жатыр. — Ел басына күн туғалы тұрғанда, қазір төре-қара дейтін дым да жоқ, кім жұртты жауға қарсы бастай алса, біз соның соңынан ереміз!
— Дұрыс айтасың, шырағым, — деді сәлделі ақсақал. — Тілегің оң болсын! Әумин!
— Әумин! — Жұрт қолдарын жайып, беттерін сипады.
— Жауға шабуға жарайтын жұрт алаңда қалып, өзгелерің тарандар! — деп дауыстады Елшібек.
Жұрт тарап, қару ұстаған кісілер сапқа тұра бастады. Қабанбай енді Елшібекпен, Уәлимен қоштасты.
— Ендігі істі өздерің де білесіңдер ғой, — деді ол аналарға, — жан-жақтағы елге ат шаптырыңдар. Әбілқайыр ханға тезірек хабар жеткізіңдер. Арқадағы елге қазір мен өзім аттанам! Келе жатқан жау өте қауіпті. Бар қазақты көтеру керек!
— Құп, Қабанбай батыр! Жолың болсын! — деді Елшібек пен Уәли қосарласа.
Алып денелі Қабанбай атына қарай аяңдады. Дәл осы кезде аландағы жалғыз ашада байлаулы тұрған Қабанбайдың аты шулы «Көкдауыл» атанған қара көк атын жетелеп, Қаратаудың сусар бөркін киген сұңғақ бойлы, бота көз аққұба бойжеткен алдынан көлденең тарта берді.
— Батырдың жолы болар ма екен, өзім аттандырайыншы, — деді маржандай аппақ тісін көрсете күлімсіреп, сөйтті де тізгінді қолына алып, үзеңгісіне аяғын салған қас батырдың қолтығынан ұстап, жоғары көтере бастады.
Қабанбай атына мінген соң ғана қыздың жүзіне дұрыстап қарады. Қыз екі көзі жаудырап, Қабанбайды қимаған адамдай мөлдіреп тұр.
— Рақмет, құрбым, — деді Қабанбай, жүрегі кенет дүрсілдеп, — айдын көлдің аққуы аттандырды ғой, жолым болады екен! —
Қыз әлі жаудырай қарап тұр.
— Айтқаныңыз келсін!
— Қош бол, қарындасым!... — Қабанбай атының басын тежей қалды, — кездесе алмай қалсам, ең болмаса біліп кетейін, атың кім, қарындасым?
— Атым Гәуһар.. Бәсентин Малайсары батырдың қарындасымын, — қыз бұ жолы сүйріктей әппақ саусақтарын ұсынды. — Алла сау-сәламат көрісуге жазсын!
— Айтқаның келсін, қарындасым! Қош бол!
— Қош болыңыз!
Қабанбай Көкдауылын тебініп қап, «Гәуһар... Гәуһар!...» деп күбірлей солтүстікке қарай жөнеп берді. Ұзап бара жатып, артына бұрылып қарады. Қыз әлі орнында тұр екен. Ол ақ орамалын алып, жігітке «сау қайтыңыз!» деп екі-үш рет бұлғады.
— Гәуһар десе Гәуһар-ақ екен! — деді Қабанбай, атының борбайына қамшыны басып жіберіп.
Бұл Түркістанның теріскей беткейіне шыққанда, алыстан қара-бұйраланып көрінген Қаратаудың бөктеріне қарай шұбырып бара жатқан салт атты адамдарды көрді. «Қанішер Абылай ғой, қашып барады» деді ол, сосын Көкдауылының тізгінін сәл босатып, қолындағы ақ найзасын беліне қыстырып, ұзақ-сонар cap желіске салып, шаһардан ұзай берді.
Сыбан Раптан қонтайшы бастаған жоңғардың қалың қолының келе жатқанын екі-үш күн өтпей-ақ бүкіл Арқа, Еділ, Ақ Жайық, Ертіс, Есіл бойындағы елдер де тегіс естіді. Бірақ «Ақсарбас» айтып, бас құрап, елін, жерін жаудан қорғауға халықтың мұршасы болмай қалды. Таудан құлаған тасқындай, төтеннен келіп қалған Сыбан Раптанның жеті салалы жетпіс мың қолы Жетісудың оңтүстігі мен күншығыс жағын бір айдың ішінде басып алды. Бұл апат қазақ ауылдары мен қалаларына көктен түскен жасылдан кем тиген жоқ. Ержүрек азаматтар Ақсу, Тұрфан секілді шаһарларын қорғап та көрді, бірақ қолдарынан келмеді. Ақыры отыз жылда жер үшін, су үшін бірімен-бірі таласып, барымталасып, әбден көнігіп қалған қазақ жігіттері шоқтанып жиналғанмен, әп-сәтте сап түзеп әскерге айнала алмады. Кей жерде қарсылық еткен ауылдар болса, жоңғар жағы еркектерін қойдай бауыздап, қатын-қызын байлап-матап күңдікке айдады. Тау жайлаған қырғыздармен көршілес отырған кейбір қазақ ауылдары жау аяғы басылмайтын құз-қияларға қашып қана жан сақтады. Қазақ жері енді жазықсыз жылаған жұрттың көз жасымен дымқылданды. Таланған мал-мүлкі, өрт алған қалалар... Он бесінші ғасырдың отызыншы жылы қазақ елімен ұрысын бастап, екі ғасыр бойы соғысып келе жатқан ойрат хандары енді ғана дегендеріне жетті. Сұлу қыз-келіншектерді шаштарынан матастыра топтап, батырлары әйелдікке алды, найза ұстауға жарайтын жігіттерін қойдай бауыздады, кәрі-құртаң шал-кемпірлерді айдалаға айдап тастады. Жас балаларды, «түбі бұлар да бізге жау болады» деп, найзаларының басына іліп алып, әке-шешелеріне көрсетіп қарқ-қарқ күлді. Жас қыздарын көзінше қатын еткен жоңғар шапқыншыларының қиянатын көрген талай ата-ана қорланып шаштарын жұлып, беттерін қан-жоса етіп тырнап, бүкіл cap даланы сарнауға, зарлы үнге толтырды. Небір азаматтар ақыл-естерінен адасып, жынданып кетті.
«Қалқаман — Мамыр» жырында Шыңғыстау төңірегінде болған бір ұрыс, былай суреттеледі:
Ол кезде жерге талас қазақ, қалмақ,
Атысып, ауыл шауып, жылқыны алмақ.
Қалмақты бір соғыста қазақ жеңіп,
Бәрі де Тобықтының тойға бармақ.
Той қылған Орта жүзде Сәмеке хан,
Жиылды той болған соң бірталай жан.
Бай, бәйбіше, үлкендер сонда кетіп,
Жас жігіт, қыз-келіншек үйде қалған»...
«Әнет Бабаң Арғынның ел ағасы,
Өзі би, өзі молда, ғұламасы,
Үлгі айтқан Орта жүзге ғадыл екен,
Сол кезде тоқсан беске келген жасы»
деп, Қалқаманға қол алдынан атпен шауып өтуге билік еткен Әнет Бабаны таныстыра келіп, оқиғаның аяғын ақын былай бітірген:
«Мың жеті жүз жиырма үшінші жыл,
Соғысқан қазақ, қалмақ — мұны да біл,
Қалмақтың бастаушысы Сыбан Раптан
Өзі батыр, соғысқа тым айлашыл...
Шеп құрып ұрысыпты қазақ, қалмақ,
Қорқаққа оңай емес шепке бармақ,
Бабаңның бес баласы садаққа ұшып,
Бұл соғыста қазаққа түсті салмақ.
Қазақты бұл соғыста қалмақ алды.
Бес шыңның бір үшеуін қырып салды.
Жеңілген соң тұра алмай Сыр бойына,
Арқаға қазақ ауып кетіп қалды.
Қалқаман сол қалғаннан қалды ізделмей,
Іздемейін деген жоқ, шама келмей,
Ол түгіл, Әнет Бабаң көшке ере алмай,
Тірідей дөң басында қалған өлмей», —
деп ата жолын бұзған Қалқаман — Мамырға үкім айтқан Арғынның биі Әнет бабаның осы қырғында тірідей дөң басында көшке ере алмай қалғанын жыр етеді. «Қалқаман — Мамырда» айтылғандай қазақ елінің бестен үш бөлігі қырылды. Сыртқы жауынан қазақ елі бұрынды-соңды мұндай апатқа ұрынған емес. Атақты Жошы ханның Арқаны, Сыр бойын алатын ұрыстарының өзінде де қазақ даласында қырылған ел үштен бір бөлегінен аспаған. Жошыға қазақ жерінде хан болу үшін ел керек болса, Сыбан Раптанға қазақ халқының жері мен малы керек еді.
Кейбір тарихшыларының есебі бойынша, Жоңғар әскері атының тұяғы жеткен жеріне дейін, сол кезде екі миллиондай қазақ халқы тұрған екен. Жоңғар шапқыншылары соның бестен үшін өлтірген, яғни екі миллион адамның бір миллион екі жүз мыңдайын жоқ еткен. Жан түршігерлік апат!
Ел қонысынан, мал-мүлкінен айрылды. Ата-ана ұл-қызынан айрылды. Алып қазақ жерінің сонау күншығысы мен оңтүстігінен Сыр бойына қарай жаяу шұбырған жұрт жоңғарды қойып, ит пен құсқа жем болды. Жалғыз Әнет Бабаң емес, қазақтың талай аяулы кемпір-шалы көшке ере алмай, төбе-төбенің басында қалды. Нелер ғибратты әйелдер, жас келіншектер нәрестесіне емшектен берер сүті болмай, жау қолына өздері барып түсті. Кешегі ақ майды аяғымен тепкен ел енді құлазыған қу даладан, жаужұмыр, алғыр, қозықұйрық секілді нәрі бар шөптермен қоректенді. Қайың ағаштың қабығын сыдырып, бетіндегі желімін жеп, «қайың сауған» деген атқа ие болды. Осылай қазақ тарихында «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама» деп аталған халықтың ұлы апаты басталды.
Сонда барып шұбырған елдің қанды жасынан туған, қайғысына жер жүзіндегі бірде-бір әуен пар келмес атақты «Елім-ай» әні дүниеге келді.
«Қара таудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді,
Ел-жұртынан айрылған жаман екен,
Екі көзден мөлтілдеп жас келеді.
Мынау заман қай заман — қысқан заман,
Басымыздан бақ құсы ұшқан заман.
Шұбырғанда ізіңнен қар борайды,
Қаңтардағы кар жауған қыстан жаман.
Мынау заман қай заман — бағы заман,
Баяғыдай болар ма тағы заман!
Қарындас пен қара орман қалғаннан соң,
Көздің жасын көл етіп ағызамын.
Қабырғама қара жер батты, құдай,
Мұнша қысым қылдың ғой, қатты құдай!
Жаяу жүрсем — табаным ауырады,
Тым болмаса бермедің атты, құдай!
Мына заман қай заман — қай-қай заман?
Ұл айрылған атадан — дай-дай заман.
Бауырыңнан айрылған жаман екен,
Күн бар ма екен көрісер, есен-аман?»
Тұяқ серпіп қарсылық етуге шамасы келмей қалған қазақ елі, жоңғар құлдығында қалудан қаңғырып өлуді артық көріп, шұбыра берді. Кіші жүздің көп елі Сауран шаһарын айнала қашып, Хиуа, Үргенішке, Бұхараға қарай жосыды. Самарқант пен Ходжентке қарай шұбырған Ұлы жүз бен Орта жүздің кей рулары Сырдария жағасынан алты шақырым жердегі Бетпақдалаға қарай кеткен Үлкен арықтың екі айырылған тұсындағы Алакөлге келіп құлады. Енді «Ақтабан шұбырындыға» «Алқа көл сұлама» деген қанатты сөз қосылды. Тек Арқадағы Арғын руының дені өз жерінен қозғалмады; бұл румен іргелес отырған Қыпшақ, Найман, Керейлердің біраз елі солтүстікке қарай ығысты. Жетісуда қазақ ауылдары шамалы қалды. Жоңғар ханы қазаққа еткен ауыртпалығын қырғызға да көрсетті. Бірақ Күнгей Алатауды жайлаған қырғыздың кей манаптары Сыбан Раптанмен тіл табуға тырысты. Сыбан Раптан мұндайларды қазақ еліне қарсы қойып та көрді. Бірақ көптен бері қаны мен жаны бір болып қалған екі елдің арасынан шоқ тастап жөнді өрт шығара алмады.
Сыр бойының ызғарлы қара суығы басталмас бұрын, Жоңғар шапқыншылары Түркістан шаһарын қоршады, Елшібек басқарған қала халқы нартәуекелге бел буып қаланы қорғап бақты.
... Сыбан Раптанның айбынды атты әскері қала қақпасына лапылдап келіп, қардай жауған садақ оғынан сан рет кейін қайтты. Күн ара бие сауымындай ғана мезгіл көзінің шырымын алуға мұршасы жеткен Елшібек, ат үстінен түсуге де уақыты болған жоқ. Егер халық оққа кеудесін қарсы тосса, оны ешқашан ала алмайтынын Жоңғар әскері енді білді. Сөйтсе де долы Шұна Дабо жасақ үстіне жасағын төкті. Қала қамалының қасында тау-тау өліктерін қалдырып, олар тағы да кейін шегінді.
Ұрыс осылай қызып жатқан кезде, кенет құмды боран басталды. Ысқыра соққан желмен бірге қала үстіне қара түнек құм төнді. Бұл дауыл. жеті күн борады. Бүкіл құдық біткеннің бәрін құм басты. Енді тұрғын жұрт пен әскер шөлден қырылуға айналды. Сонда ғана барып Елшібек батыр қаланы беруге мәжбүр болды.
II
«Қазақ халқы мұндай күйге қалай жетті? Осыдан екі ғасыр бұрынғы айбары қайда?» — Бұл сұрақ осынау сұрапылда үлкен-кішінің көкірегіне үйелеген запыраннан кем болған жоқ. Кім бұған жауап берер?
Міне, бүкіл қазақ даласына әйгілі, бұл күнде жасы қырықтарға келіп қалған шоқша сақалды, кең маңдайлы Бұқар жырау да осындай толғаныс үстінде еді. Ол есікке таяу отырған бала жігітке сезіктене көз тастады. Адамға тесіле қарайтын үлкен сұрғылт көзді, ат жақты, ақсұр жігіттің топ жылқының ішіндегі ақалтеке, арғымағындай, бойшаң келген дене бітіміне қарағанда, оны он төрт — он бес жастарда деу қиын еді. Тек осы шамада екенін ұстараның жүзі тимеген бет әлпеті ғана аңғартады. Отырған отырысында, қозғалыс-қимылында бір паңдық, тәкаппарлық байқалады. Ақынның қырағы көзі алдамаса керек-ті. Бала жігіттің дәл қазіргі өздері отырған қараша үйде — кедей шаруаның үйінде тумағаны анық...
Үйде бұлардан басқа тағы екі кісі бар. Бірі төрде отырған қара сұр жүзді, қияқ мұртты, жасы отыздарға жаңа жеткен Кіші жүздің ханы Әбілқайыр. Екіншісі — босағада тері тулақ үстіндегі алпамсадай қаба сақалды, қоңыр беті күн мен желге күйіп әбден тотығып кеткен мосқал кісі. Бұл — Ораз атты құл.
Түркістан қаласын қорғау кезінде сұлтан Уәлидің он үш жасар баласы Әбілмансұр жау қолына түскен-ді. Оны шынжырлап Хиуа базарына құлдыққа сатуға апарған жерінен бері қарай осы Ораз құл алып қашып, құтқарып еді. Қазір Әбілмансұр мен Ораз құлдың Ұлы жүз Төле бидің түйесін бағып жүрген шақтары. Екеуінің де аты-жөнін ешкімге ашпай, құпия ұстаған жайлары бар. Әбілмансұр өзінің қазіргі жағдайына намыстанып, сұлтан тұқымынан екенін жасырса, құл қожасының дегенінен аса алмаған.
Барлауға шыққан Әбілқайыр мен Бұқар жырау бүгін серіктерінен көз жазып қалып, бір сайда жеке отырған осы түйешілердің лашығына кеп аялдап еді.
Бұқар жырау Ораз құлмен бірге далаға шығып, қазанға ас салысып кірді. Қазір шұбат ішіп, әңгіме-дүкен құрып, шүйіркелесіп отырған кездері. Әбілмансұр Төле бидің түйешісі екенінен бөтен тіс жарып сыр ашпады. Бірақ қырағы жырау туысы бөлек бұл бала жігіттің тіпті де қарапайым түйеші емес екенін іштей сезіп отыр. Ал бала жігіттің беті бүлк етпейді, құпия сырын мүлдем терең тығып тастағандай. Кенет ол жырау ойын оқып қойғандай, есік алдында отырған Ораз құлды иегімен нұсқап:
— Бұл кісі маған әке орнына әке, шеше орнына шеше болған адам — деді.
— Сан ажалдан қағып келген періштем, Жәбірейілім...
Бұқар ағат сөздің аузынан қалай шығып кеткенін білмей қалды.
— Ол қамқорлық қасиеті маған аян...
— Қалайша?!
Әбілмансұрдың өткір сұрғылт көздері, самай тамырға қадалған алмас қандауырдың ұшындай, Бұқар жыраудың бетіне қадала қалды.
Бұқар жыраудың бойы шымырлап кетті.
«Бәтшағардың көзі қандай өткір еді... Шағатын жыланның көзіндей селт етер емес қой...»
Ораз ас қамдасып жүрген адамы даңқы қазақ қауымына аян Бұқар жырау екенін білген соң Әбілмансұрдың ата-тегін толық ашпағанмен, өздерінің Хиуадан қалай қашып шыққандарын айтқан-ды. Жыраудың «Ораз құлдың қамқорлық қасиеті маған аян» деуі осыдан еді.
Бала жігіттің көзқарасынан шошынып қалған Бұқар енді іштей қобалжи бастады. «Ауыздан шыққан сөз — атылған оқпен тең, сорлының обалына қалмасам нетсін. Шыңғыс ұрпағы өздеріне кір келтіретін, құпияны білетін адамдарды аямайтын еді, бейшараға зақым келтіріп жүрмесе жарар еді».
Жырау Әбілмансұрға жалтарма жауап бергенше, бұлардың сөзін Әбілқайыр бөліп жіберді.
— Сонымен бұл күйге біз қалай жеттік, Бұқар аға? — деді бұрын басталған әңгімені қайта сабақтап. — Қасым ханнан кейін халықтың басын қосып, бір шаңырақтың астына жинайтын ұл тумағаны ма?..
Бұқар жырау ойлана жауап берді.
— Неге тумасын, талай ұл туды ғой... Бірақ ел басын біріктіру оңай ма... Қасым хан кезінде де Ақ Ордаға Ноғайлы елі, Жетісу бойы тегіс кірмеген-ді. Сыр бойының қалалары біресе Мұхамед-Шайбани ордасына, біресе қазақ еліне алма-кезек ауысып, ел арасы талан-тараж болуы біткен бе?.. Амал не, есіл ерлер арманына жете алмай кетті ғой.
— Ел бірлігі үшін жанын құрбан етіп кім шықты?
— Халықтың өзі.
— Халық қашан да бар ғой. Хандардан кімді атар едіңіз?
— Хақназар, Тәуекел...
— Хақназар туралы әркім әр түрлі айтады. Анығын өзіңізден бір естиін деп едім, — деді Әбілқайыр. — Сол аталарымыз жайында сөз қозғай отырыңыз.
«Ораз құлдың айыбын қалай жеңілдетемін» деп отырған Бұқар жырау бірден келісе кетті.
— Онда тыңдай бер. Хақназардың түбіне жеткен баяғы алауыздық пен Шайбани тұқымы Абдолла болатын...
Қараша үйде отырғандардың көз алдында жырау әңгімесі ғажайып суреттерге айналып, тізбектеліп өте бастады...
— Жалғанда өкініштен ауыр қасірет бар ма екен? Күшің жетпей, жаудан жеңілсең, — бұл өлім. Күшің жете тұрып жауыңды босатып жіберсең — бұл жомарттық. Ал артынан сол жауыңнан қастық көрсең — бұл өкініш. Өлімнен де ауыр өкініш! — деп бастады жырау әңгімесін...
Он екі қанат ақ боз үйді басына көтерген қыз-бозбаланың ду-ду сөздері де, дүркін-дүркін күлкісі де Хақназар ханның көңілін бөлер емес. Оң тізесін баса шынтақтай отырған кіші балдызы, ақ тотыдай сыланған ерке-шора Ақбаланың сыбырлай айтқан әзілі де құлағына кірер емес. Тек босағада тұрған кісі бойындай құмыраға оқта-текте көзі түсіп кетеді де, ондағы кестелі көне нақылды ойлана оқиды.
«Бұл құмыраға алтын құяр болар,
Бұл құмыраға күміс салар болар.
Бұл құмыраға шарап құяр болар,
Бұл құмыраға көздің жасы толар...»
— Хан жезде, — деп Ақбала кенет Хақназардың қара санынан бұрай шымшып алды. — Тіпті езу тартып, тіл қатар емессіз, нағыз Күлмес хан өзіңіз болдыңыз ғой.
Сан еті ду ете түссе де, қыздың сөзі бәрібір құлағына кірмеді. Балдыздың бұдан да қияңқы еркелікке хақы бар... Хақназар сол қолымен жас сұлудың мықынынан қытықтай сәл өзіне тартты, бірақ өзегі өртеніп, бар ойы осыдан бие сауымы бұрын келген шабарман хабарынан ұзай алмады.
Ақбала тағы да сыңғырлай күлді.
— Жауға шапқанда жолбарыстай батыл деуші еді, әлде Сарайшықтың қыз-қырқынынан жүрексініп отырсыз ба? Жүрексінбеңіз... Кісі жейтін әдетіміз жоқ...
Қыз сөзін енді ғана еміс-еміс естіді. Енді ғана өзінің қай жерде отырғанын есіне түсірді.
Әлсірей ыдырап құлаған Алтын орданың орнына қазір Қазан, Қырым, Астрахань хандықтары пайда болған. Бір кезде Батый хандығының кіндігі саналған, сан мемлекеттің сауда жолдары түйіскен, тас дарбазаларынан шығыс пен батысқа хан өмірлері тараған Еділ өзенінің бойындағы Сарай қаласы мүлде күйреп, оның орнына осы Сарайшық шаһары салынған. Бір кезде бұл да Каспий теңізі арқылы өтіп келіп, батыс пен шығыс саудагерлерінің бас қосатын үлкен сауда кіндігіне айналып еді. Ал қазір бұл — Жайық жағасындағы Үйшіктен жиырма шақырымдай жерде жатқан шағын ғана жай шаһар.
Алтын Орда әлсіреп бітуге айналғанда, негізі Маңғыт руынан құрылған Ноғайлы қауымы сол Сарайшықты өзіне астана етті. Ал қазіргі кезінде Ноғайлы хандығының бір бөлегі Астраханға, бірі Қазанға, бірі Өзбек Ордасына, қалғандары Ақ Ордаға ауып, бет-бетімен ыдырауға айналған шағы. Тек Ноғайлы деген жалпы ел аты мен әлі де болса сауда-саттығы мол Сарайшық шаһары қалған-ды.
Осы Сарайшық шаһарына екі сана қолмен бұдан бір апта бұрын Ақ Орда ханы Хақназар келген. Сонау ит арқасы қияннан қалың әскермен сапар шегуге Ақ Орда ханы мәжбүр болған.
Әкесі Қасым Әбілқайыр мен Ақсақ Темір ұрпақтарынан Сейхүн дарияның төменгі жағы мен Қаратал, Сайрам, Талас, Шу өзендерінің бойын ғана алып қойған жоқ, ол қазақ хандығына Жетісу, Еділ, Ақ Жайық бойын да бағындырмақшы болды.
Осы саясатты көздеген Қасым мен Астрахань хандығына қарай бейімделе түскен Ноғайлы елінің көп жұртын өз шеңберінен босатпаймын деген оймен, 1523 жылы Сарайшыққа келіп, сондағы бір айқаста қаза тапқан. Содан кейін-ақ Бұхар ханы Абдолла мен Моғолстан ханы Әбдірашиттің бірігуі арқасында қазақ жері талан-таражға түсті. Көптеген рулар Арқа жеріне қарай ойысты.
Міне, Хақназар Ақ Ордаға осы кезде хан болды. Көп жерін Бұхара, Моғол хандарының басып алғаны аз болғандай, дәл осының алдында ғана Жәнібектің кенжесі Жәдіктен туған Шағай сұлтан Абдолламен тіл тауып, Түркістан уәлиетінің күншығыс жағын бөліп алып, Бұхара хандығына қарап кеткен.
Хақназар Ақ Ордаға ие болғаннан бері де он бес жылдай уақыт өткен. Бірақ осы он бес жыл Хақназарға оңайға тимеді. Бөлшектеніп кеткен қазақ хандығын, әкесі Қасымдай, қайта біріктіруге кірісті. Бұл істің сәтті болуына бір себеп қазақ елінің негізгі жауы қытай боғдыхандары өзара қырылысып, қазақ жерін шабуға қолы тимеді. Соны пайдаланып Хақназар қырғыз бен қарақалпақ туыстарды да өз туының астына жинай бастады. Нелер қан төгіс шайқас, арпалыс, қырғындар өтті халықтың басынан. Әсіресе, Сейхүн дария бойындағы қазақ шаһарларын қайтарып алу, ғаламат ауыр тартыстарға айналды.
Бұдан бұрын әлсіреп қалған Шайбани ордасы, осы ұрпақтан шыққан Абдолла сұлтан Бұхар әміршісі болғаннан бері қайтадан туы көкке өрлеп, күшейе түскен. Бірақ, Шайбани ордасының тым дәуірлеп кетуіне арасындағы алауыздық көп қырсық етті. Алауыздықтың негізі — Ташкент әміршісі Бабасұлтан мен Абдолла арасындағы таластан туған.
Бұл таласқа қазақ хандары да жан сала кіріскен-ді. Абдолла жағында Шағай, Бабасұлтан жағында Хақназар. Абдолла мен Бабасұлтанның таласы, бір жағынан Хақназардың қазақ хандығын күшейтуіне мүмкіндік берсе, екінші жағынан, Шағай сұлтанды өзіне қарсы қойып, бүкіл қазақ елін біріктіруге үлкен зиянын тигізіп келді.
Бұның үстіне Хақназар қол астына енген қырғыз, қарақалпақ елдерінің арасындағы өзара тартыс, дауы да Ақ Орданың күшеюіне әжептәуір кедергі болды. Оң қырғызға жататын Сарбағыш, Солты, Бұғы, Саяқ, Черін жер ыңғайына қарай қазақ ханына қосылса, Сол қырғызға кіретін Әдігене, Жәдігер, Базыс, Бағыш, Тұнғатар, Сары тәрізді рулары біресе Шығыс Түркістан ханы Әбдірашитке, біресе Ақсақ Темір ұрпақтарының жағына шығып, бірігіп ел болуға көп бөгет етті.
Мұндай жағдайда Хақназар ханға біржолата берілген сенімді күш керек болды. Бұл күш Сырдария мен Қаратал бойларынан Ұлытау, Арғынаты өңірінен, Көкше теңіз, Есіл, Ертіс, Тобыл, Нұра жағаларынан табылды. Бірақ қайтадан күшейіп келе жатқан Мұхамед-Шайбанидың Ордасына қарсы тұруға бұл күш те аздық ететін еді. Шайбани Ордасына төтеп берер еді-ау, Алтай жақтан Ойрат қолы төнгелі келе жатыр. Оңтүстігінен Қытай дүбірі естіледі. Ақ Еділдің ар жағында — бүгін болмасаң ертең тұғырына қонғалы тұрған Россия...
Жоқ, ту-талақай болып әркімнің қолында кетпес үшін жалғыз жол — ел болып бірігіп, Ақ Орданың маңына шоғырлану керек. Арқа мен Жетісу өңіріндегі рулардың беті бері қарады. Ендігі кезек — әкесі Қасым да жөндеп көндіре алмай кеткен Еділ, Жайық өзендерінің арғы-бергі жағындағы көп елді Ақ Ордаға қарату. Сонда ғана бұл ел сырт жауларға қаймықпай қарсы тұра алады.
Осындай халдегі Ақ Орданың ханы Хақназар, Абдолла мен Бабасұлтан арасындағы шиеленіскен тартысты пайдаланып, өзіне аз тыныс тауып, Ноғайлы елінің кіндігі — Сарайшық қаласына келіп еді.
Ноғайлы еліне аттану үшін Хақназар Сарайшық шаһарының түбіндегі әкесі Қасымның зиратына барып құран оқып, басына қайтадан күмбезді мазар салуды сылтау еткен. Бірақ сыбырлағанды құдай естімей ме дегендей, мұндай қолдың текке келе жатпағанын Еділ, Жайық бойындағы Маңғыт, Алшын, Байұлы, Әлімұлы, Жағалбайлы рулары бірден сезген. Бұл елдердің қазіргі бас көтерер адамының бірі — атақты Шалкиіз жырау, қалың қолмен Хақназар келе жатыр дегенді естіп, сойыл ұстап қарсы шықпақ болған желөкпе жігіттерін басып, ханды құрметпен қарсы алуға кеңес берген. Қарт жыраудың ақылын ақсақалдар да мақұл көрді. Ақыры, Хақназар ханды жұрт болып шын ықыласпен қарсы алған.
Келесі күні екі жақ келіссөзге кірісті. Шалкиіз жырау қартайған соң Ноғайлының түп қазық биі болған Қойсары би толғауын бастап кетті.
— Ойлай берсең — ой да көп, уайым да көп. Ойнай берсең — ой да жоқ, уайым да жоқ! — деп бастады сөзін Алшынның ақ саңлағы. — Бір жайлауда іргелес, бір керуенде тіркелес ел едік, екі сана қол ертіп Ноғайлыға келуіңде, Хақназар хан, гәп болар. Әйткенмен сөздің басын сұрақтан бастайын. Кәрі құлақ еміс сөзге де емексиді, әкең Қасым ханның зиратына құран оқып, мазар салғалы келген сыңайың бар секілді... Қасым хан саған әке болса, Ноғайлыға хан еді, мазарының басындағы алтын айына дақ түсірмей отырғанымызды кеше көзің көрді, — деп Қойсары би ханға әскермен келуінің төркіні басқа-ау деген тұспалды бір аңғартып өтті де, — иә, Қасым алдияр жігіттің сырттаны еді, маңдайымызға сыймады, қара жер оны да алды, — деп аз бөгеліп отырып, ар жағын тақпақтап кетті: — Қара жер жалғыз Қасымды алды ма? Өлмесе қайда кетті бұрынғының кәрісі. Жердің жүзін жұтса да бір тоймайды, қара жердің талысы. Өлім деген — ұзақ жолдың алысы.
Қойсары би тағы да тоқтап, кенет басын көтеріп алды:
— Иә, өткеннің өкінішін айтып өзегіңді өртегенмен, алғанын құдай қайтарып бермес, бар үміт — алдағы заманда... Алдағы күйді болжап, жол шеккендей түрлерің бар, сапарың оң болсын, ағайын!
Сөзді Хақназар ордасының төбе биі — Ақсопы би алды.
-- Ну қарағай құласа, орнында қалған шыршасы жапырақ атып гүлденіп, бұтақ шығып бүрленіп, қиядан ұшқан қыран құс қонақтап өтпес демеңіз. Айдын шалқар суалса, бұлақ болып арқырап, теңіз толып жарқырап, аққу-қаздар үстіне тұрақтап өтпес демеңіз. Арғымақ өлсе құлын бар, әкесі өлсе ұлы бар. Қасым хан қаза болғанмен, артында қалған Хақназар, алтын тұғырға қонған ақ сұңқардай, әке тағына отырды. Ақ Орданың іргесі ыдырап, түндігін дауыл көтеріп, ел басына күн туған кезеңде, сол Ақ Орданың шаңырағын құлатпаймын деп, Хақназар оғлан атқа қонғанына міне он бес жыл! Сол он бес жылдың ішінде ыдырауға айналған Ақ Орданың іргесін қайта бекітті, құлауға қалған шаңырағын қайта тіреді... Бірақ арлан біреу... — қасқыр көп. Ақ Орданың күлін көкке ұшырып, уық-керегесін бұтарлай бөліп алуға анталаған жау аз ба? Өзгені қойып, осы бес-алты жылдың ішінде Мұхамед-Шайбани Ордасынан көз алартқан Абдолла баһадүрдің өзі де өкпе тұсына оқтай қадалды. Бір Әбілқайыр ұрпағы емес, Ақсақ Темір әулеті де соған еруде. Олар түгіл мына өзімен қан-жыны бір Шағай сұлтан да сонымен тілектес болып жүр.
Абдолла оңай жау емес... Бұған қарсы түру үшін ойдағы, қырдағы қазақ тайпасының бас бірлігі керек. Оғыз жылдан бері шалғай қонып, шет жайлап кеткен Ноғайлы саңлақтары, сендердің де қайтадан өз үйірлеріңе қосылғандарың абзал. Сөйтсек қана біз ен жайлап, еркін көшкен елдігімізді сақтаймыз. Бұхар мен Хиуаның құлақ кесті құлы болудан құтыламыз. Басымыз да, қосымыз да бір болсын, елдігіміз бен белдігімізді бір жерден ойлайық, бізге қосылыңдар. Сырымыз да сыңайымыз да осы. Қолмен келсек, қорқытқанымыз емес, жауға қарсы қайрат көрсетер күшіміз сендерге де көз қуаныш болсын деп келіп отырмыз. Он сан Орманбеттің Еділ-Жайық бойында қалған ұрпақтары, ендігі сөз сендерде, — деп Ақсопы би сөзін тамамдады.
Бұл баяғы Ақжол бидің Момын деген әйелінен туған Ақсопы, Қарасопы, Сарысопы, Арықсопы, Нәдірсопы атты бес ұлының үлкені. Арғынның аты шулы Қанжығалы, Тобықты руларының ірге атасы. Жасы сексеннен асып кетсе де, әлі ат жалын өзі тартып мінетін қуатты қарт. Оның аталы сөзі мен әділетті тоқтамын екі жақ бірдей ықыласпен тыңдады.
Қойсары, Ақсопы билер қайтадан сөйледі. Алуан-алуан ойлар, кесек-кесек ұшқыр сөздер айтылды. Бұлардан кейін кезек Төле би, ұрымтал, ұшымды билерге берілді. Олардан басқа ділмар, сөзуарлар қызыл тілдерімен сан өрнек тоқыды. Ел бірлігін тілге тиек еткен нелер әшекейлі толғаулар ортаға салынды. Бір мезет Хақназар Ақ Орданың басына төнгелі тұрған қилы-қилы кезеңдер бар екенін баяндай келіп, Ноғайлының Ақ Ордаға түгел қосылуын талап етті.
Осылай үш күнге созылған шешендер талқысынан кейін, Ақ Орда мен Ноғайлы қауымы ел арасын алыстатпайтын бітімге келді. Ноғайлы елі Хақназарға бағынып Абдолла ханның бетін қайтарып, Сыр бойындағы қазақ қалаларын біржолата Ақ Орда қарамағына алып қалу үшін, осы жаздың өзінде он мың атты әскер бермек болған тұжырымға тоқтады.
Мұндайда ру бірлігі, ел билігі құр сөзбен ғана бітпейтіндігі ежелден белгілі. Қазақ дәстүрі бойынша сөз бірлігін сүйек бірлігімен нығайталық деп, Ноғайлы қауымы Хақназар ханға қыз бермек болды. Ежелден Жағалбайлы елінің қыздары сұңғақ бойлы, алма мойын, оймақ ауыз, көген көз, сұлу келетін. Әсіресе, Қарасай байдың Ақторғын, Ақбала атты қос аруы бүкіл Ноғайлы еліне аты шыққан әйгілі сұлу, асқан көрікті жандар еді.
Билер құран ұстап бітімге келген Ноғайлы елінің бекзадалары хан көңілін біржола өздеріне қаратуды ойлап, елінің ең аяулы сұлуының бірі Ақторғынды қалыңдыққа ұйғарды.
Хақназар мен Ақторғынның қосылу тойы бүгін таңертең басталған. Күншығысын қалың әскер қаптап, үрейленіп қалған Сарайшық бір түнде түлеп шыға келді. Қыз-бозбалалар жаңбыр жуған қызғалдақтай құлпыра қалған. Керуен сарайлар, қала аулалары ән-күйлі, ойын-күлкілі думанға толып, екі жақтың әскерлері бейбіт бәсекеге шығып, әр жерде сайыс, күрес, көкпар, жамбы ату ойындарына кіріскен.
Қырыққа таяп қалған Хақназардың түрулі шайы шымылдықтың астында ақ дүрия көйлек, оқалы бешпент киген, басында үкісі бұлаңдаған, асыл тасты жағалбайлы шошақ тақиясы бар қалыңдығын көргенде, жүрегі шымыр ете қалды.
Ақторғын десе, ақ торғындай-ақ екен! Екі беті жаңа жауған ақша қардай, ұзын кірпіктерін көтермей, төмен қарап отыр. Күйеу жігіттер кіріп келгенде, ханның мысы жеңіп, шымылдықты жабуды ұмытып кеткен қыздың бір жеңгесі асыға қимылдап, шымылдықты түсіре қойды.
— Күйеужан, көрімдігіңді бермей жатып, аққуыма сонша сұқтанғаның не? — деді қыз жеңгесі әзілдей күліп.
Дәл осы кезде күтпеген жағдай болды. Үйге асып-сасып үсті-басын шаң-тозаң басқан, киім болмысы Сыр бойынан екені айтпай-ақ танырлық, шоқша сақалды біреу кіріп келді. Бет-әлпетінен алыс жолдан арып-ашып жеткені көрініп тұр.
— Хан ием, — деді ол есіктен аттай бере тізесін бүгіп. — Оңаша айтар жедел хабарым бар.
Хан шабарманды енді таныды:
— Ау, Қияқ батырсың ба?
— Иә, тақсыр.
Хақназар дереу орнынан тұрып, сыртқа қарай бет алды. Сонау Қараталда қалған Ақ Ордадан шабарман Қияқ қандай хабар әкелді? Оны ханнан басқа ешкім сезген жоқ. Көп кешікпей, ол үйге қайта кірді. Қияқ ақ сабын болып көпсіп терлеген атын ауыстырып, күншығысқа қарай қайтадан шаба жөнелді.
Үйге кірген хан, серіктерінің қобалжи қараған сұраулы кескіндеріне жауап бергендей, жайбарақат:
— Жай хабар. Той-думанды бәсеңдетпеңдер! — деді.
Әңгіменің дәл осы тұсында Ораз құл сыртқа қазан қарауға шығып кетті. Бұқар жырау ошақтағы тобылғы шоғын сәл көсеп, үй ішіне жарық берді де, «не ойлап отыр екен?» дегендей Әбілмансұрға сынай қарады. Жас түйешінің беті бүлк етер емес. Бір тұңғиық қиялға шомып, үн-түнсіз қатып қалған. Әлден уақытта барып ол:
— Хақназар хан шабарманға әскери тапсырмадан бөтен сыр айтты ма? — деді ол.
Бұқар жырау сәл қозғалды.
— Айтса ше?
— Қожасының құпиясын білген құл — қойныңа салған жыланмен тең, бір күні болмаса бір күні шағып алуы хақ.
Бұқар жыраудың бойы тағы шымырлап кетті.
«Япырмай, мынау бір сұмдықты айтып отыр ғой. Оразға бір қауіп төніп-ақ тұр екен...»
Әбілқайыр да түйешіге таңдана көз тастады. Осы кезде қолына шылапшыны мен құманын ұстап Ораз да кірді. Үйдегілер қолдарын жуа бастады. «Жасым кіші жалшымын ғой» деп, Әбілқайыр хан мен жырауға орамал ұсынып, бәйек қаққан жоқ, дәрежесі тең адамдай өзі де барып құманға қолын тосты. Анау жасым үлкен ғой деп шамданбай, ілтипатпен су құйды. Әбілмансұрдың тегін түйеші емес екеніне Бұқардың көзі енді әбден жетті. Бұқар жырау: «Осы бейшара өзіне төніп тұрған қауіпті сезбей жүр ме?» дегендей құлға да сынай қарады. Ананың жүзінен абыржығандық белгі барын сезді. Жырау аяп кетті.
Астан кейін Бұқар әңгімесін қайта бастады. Бірақ көңілінен: «Мына бәтшағар расымен-ақ құлын өлтіріп тастамаса жарар еді» деген күдік кетпей-ақ қойды.
Қияқ келіп кеткеннен бастап ханның қабағы ашылмады. Жаңа ғана Ақторғынды көргенде лаулап тұтана қалған жалыны да лып етіп қайта сенгендей. Өзінің үйлену тойында отырғаны да естен шыққан, көңілі әлдеқайда. Ханның жабырқаңқы жағдайын ұққан балдызы Ақбала қасына келіп, тізесін шынтақтай отырғанда да селт етпеді. Айтылған әзілге жай бір сүлесоқ күйде жауап бере салды. Ханның үлкен қобалжуда екенін сезген серіктері ғана сыр бермегенсіп, үй іші толған қыз-бозбалалардың әзіл-күлкісіне белсене араласып отыр.
Шағай бұдан көп жыл бұрын бір жорықтан келе жатып, Сайрам даласында бір кезде Әбілқайырдың атақты жауынгері болған Қоңырат Ұршы батыр ұрпағының аулына түскен. Бұл ауыл жұпыны киінген кісінің Шағай сұлтан екенін білмейді. Жолаушылар ауыл ақсақалы Ұршы батырдың шөбересі Әбілқасымның үйіне түнейді. Түнде Шағай Әбілқасымның оң жақта отырған Күнсана атты бойжеткен қызын оятады. Қырыққа келіп қалса да жастық оты өлі сөнбеген сұсты Шағайға қыз беріліп қалады. Қыздың ашылмаған гүл, жарылмаған бүр болып шыққанына риза болған Шағай, сол бір айлы түнде Күнсананы қалың малын төлеп алмақ болып ант береді.
Сұлтан уәдесінде тұрады. Еліне барған соң Әбілқасымның қызын сұратып кісі жібереді. Әбілқасым аулы Хақназар ханға қарайды және Шағай сұлтанның Мұхамед-Шайбани Ордасы жағына шығып, туған еліне опасыздық істегеніне риза емес болатын.
Шағайдың өтінішін қабылдамағаны былай тұрсын, ол сұлтанның адамдары кеткен күннің ертеңіне, Күнсананы атастырған Созақ түбіндегі Дайыр қожаға кісі жіберіп: «Біздің бақшаның миуасы пісіп тұр. Қызыққан жат көз көп. Қарға-құзғынға шұқыттырмай, алып кетсін», — деп сәлем айтады.
Құда жағының күткені де осы еді. Бір аптаға жеткізбей келіндерін әкеткен. Шағай бармағын шайнап қала берген-ді. Әбілқасым аулын шабуға Хақназардың қаһарынан сескенген және Созақ түбіндегі «пайғамбар әулеті» қожалармен араздасуды да жөн таппаған.
Бірақ сонау айлы түнде толықсыған сұлудың ыстық ернінен алған ләззаттың шырын дәмі Шағайдың есінен кетпей қойған. Сусыны қанып ішпеген махаббат шәрбаты жүрегіне сарсу болып ұйып, кетпес кеселге айналған.
Сөйтіп жүргенде жыл өтті. Шағай барған жерінде Күнсана тоғыз айға жетпей Тәуекел деген ұл тапты дегенді естіді. Санай келіп, ол бала — өзімдікі деген байламға бекіді.
Арада тағы да бес-алты жыл өтті. Күнсана махаббаты да тот басқан асылдай көңілден көмескілене бастады. Дәл осындай мезгілде бір күні Шағай Созақтан келген керуеншіден Дайыр қожаның баласы сүзектен қайтыс болып, жесір қалған Күнсананы «аға өлсе жеңге мұра, іні өлсе келін мұра» деген қазақтың көне дәстүрі бойынша, қожаның үлкен баласына бергелі жатыр деген хабарды естіді. Жүрегінде қоламта болып сөнуге айналған шоқ қайтадан лап ете түсіп еді. Күнсананы бір кезде атастырған еріне қиғанмен, енді әмеңгерлікке қимады. Ел билеген дәрежесіне қарамай, қасына сенімді он нөкерін ертіп өзі жай адамша киініп, атқа қонды.
Түн ішінде қаннен-қаперсіз жатқан Дайыр қожаның аулына кеп, қарулы он жігітімен сау етіп түсе қалды. Шырт ұйқыдағы үй адамдарының үнін шығартпай, шымылдық ішінде жатқан Күнсананы жас Тәуекелмен атқа өңгеріп, ала жөнелді. Байлаудағы Дайыр қожа таң атқасын ғана түндегі болған оқиғаны Созақ хакіміне жеткізді. Хакім қуғыншы жібермек боп жатқанда, Созақтан әйел алып қашқан бір топ қарақшы Отырардан қайтып келе жатқан Хақназар хан жасағының қолына түсіпті деген хабар келді. Жасақ бастығы қолға түскен Шағайдың өзі екенін біліп, тұтқынды жанындағы адамдарымен қоса, Сығанақтағы Хақназар ханның Ордасына алып барды.
Ағалы-інілі екі адамның баласы қапысын тауып бірінен бірі өш ала берсе, өзге ел не демек? Хандар қаныпезерлік етіп жатқанда, екі ұдай қалың жұртқа не тосқауыл? Жоқ, ел сүйсінер үлгі емес. Ер татулығы — ел татулығы...
— Ат-көлігіңіз аман жеттіңіз бе, Шағай сұлтан? — дейді. Сосын нөкерлеріне қарап: — Шағай сұлтанның қолын шешіңдер, — деп бұйырды.
Нөкерлер Шағайдың қыл шылбырмен байланған қолын босатты. Шағай ұйып қалған қолдарын жазбақ боп сәл қимыл істеп еді, есік алдында тұрған күзетшілердің екеуі жалма-жан жетіп келіп қарсы алдынан жалаңаш алдаспандарын айқастыра қойды. Онсыз да абыржып сасқан тұтқын сескеніп қалып, кейін шегіне берді. Шағайдың бұл қылығына сәл қабақ шытқан сұңғақ бойлы аққұба жас әйелді Хақназар енді аңғарды. Бұл Күнсана еді. Жұқа батсайыдан мол қылып тіккен қос етек көйлегінен бөтен киімі жоқ. Өрімі тарқап кеткен ұзын шашы жерге шұбатылып түсіп тұр. Етегіне тығыла түскен үлкен қара көзді бүлдіршіндей баласы бар. Анасының да, баласының да кейпінде шошығандық, қорыққандық белгі жоқ. Болып жатқан іске таң қалғандық қана байқалады. Шағайдың қандай себеппен қолға түскеніне қанық Хақназар нөкерлеріне:
— Мына кісіні баласымен бірге еліне апарып салыңдар, — деді Күнсананы көрсетіп.
Бірақ әйел орнынан қозғалмады.
— Хан нем, мен енді қайын жұртыма бармаймын, — деді Күнсана Хақназарға жаутаңдай қарап. — Шағай сұлтаннан айыра көрмеңіз. Бала сонікі, енді онымен мәңгі бірге болуға бармын.
Хақназар да бір сырды аңғарып қалғандай.
— Шағай сұлтанмен мәңгі бір болуға бармын дейсіз бе? — деді ол қабағын шытып. — Егер Шағай сұлтанды ел-жұртымыздың бірлігін бұзған күнәсі үшін өлім жазасына бұйырсақ, онда да бірге өлуге бармысыз?
— Иә, бірге өлуге бармын!
— Мына нәрестеңізді қайтесіз?
— Жазмыш солай болса, қолдан келер не бар?
Хақназар ойланып қалды. Мынау келбетіне көз тоярлық сұлу әйел не қайын жұртынан орасан қорлық көрген жан, не Шағайға өлердей құмар...
— Сұлтан, — деген Хақназар қабағын шытып, — не өлесің, не бізбен біргесің! Ал енді Ақ Ордамен бір боламын десең, қазір босатамын! Екі шешім жоқ, таңдағаныңды ал!
— Үкіміңе ризамын, Хақназар хан! Жан сауға! Жан сауға! — деді қуанғанынан көзінен жас ағып. — Айыбымды адал қаныммен жуамын! Өле-өлгенше сендермен бірмін! Көрмегенім Абдолла болсын! Міне антым! Міне құран!
Мұндай күрт шешімді күтпеген Хақназар ханның өзі де абыржып қалды. Шағай туралы бұрын да: «Қорқау қасқыр секілді бір тою үшін қандай өлімтіктен де бас тартпайды; оның ойы ел-жұрт емес, қара басының қамы», — дегенді сан рет естіген. Бірақ дәл мұндай қорқақ деп ойламайтын. Әлде ел-жұртынан бөлінгені жанына батып жүрді ме екен? Хақназар бетін Шағайдың серіктеріне қарай бұрды: кілең баскесер, ұят-ар дегенді білмейтін, еңгезердей қарақшы нөкерлері де, қожаларының мына қылығына ұялағандай, төмен қарап қалыпты.
Хақназар енді жүзін Күнсанаға аударды. Оның құп-қу түсінен ешбір сыр ұғуға болар емес, бетін Шағайдан сәл бұрып, тас мүсін тәрізді қатып қапты. Тек көзінде ғана әлденеден жиіркенгендей бір қиналыс ұшқыны бар... Дәл осы сәтте Хақназар Шағайдың құнсыз жау екенін ұқты.
— Бұл жолы Жәдік сұлтанның аруағы үшін босаттым, — деді Хақназар. — Егер бұдан былай тағы да бабамыз Жәнібек ханның Ордасына опасыздық етер болсаң, бұл елге өкпелеме!
Шағай сұлтан өз ордасына жеткен күні өзінің Хақназардан қорқып, жалған ант бергенін көрген нөкерлерін бір түнде басқа жендеттеріне бауыздатып тастады. Жаңа ғана құшағынан шыққан Күнсананы да өлтіруге бұйрық берді. Сұлтан ойын сезіп қалған Күнсана жендеттер айдап бара жатқанда, хан есігінің алдынан өте беріп:
— Төрем, еш жазығым жоқ қой, құлыным Тәуекел үшін мына жендеттеріңнен алып қал! — деп жалынды.
Бірақ Шағай Күнсананың сөзін естісе де естімеген боп, төсегінде теріс қарап жата берді. Бұл қанды оқиғаны бөтен бөлмеде шырт ұйқыда жатқан жас Тәуекел білмеді.
Ертеңінде анасын іздеп зар жылады. Сұлтан оны ер жеткенше асыра деп, бір бекзадасының үйіне беріп жібереді. Өзі Абдолладан жедел әскер алдырып, қарамағындағы елді еріксіз көшіріп, Ташкент уәлиетіне өтіп кетеді.
Бұл оқиғаны бір шабарман дәл бүгінгідей бір той үстінде ханға жеткізген. Хақназар онда тек:
— Абдолла ханның жеріне қанша түтін көшті? — деп сұраған.
— Он бес мыңдай...
— Бұл алпыс мыңдай жан ғой, — деген күрсініп. — Әйтеуір, шамасы келгенше қазақты жырымдап жатыр-ау бекзадалар...
Сол күні де дәл бүгінгідей оның жан сезімін өкініш билеген. Он бес мың үйді Абдолла ханның еріксіз айдап кеткеніне, жас Тәуекелді жетім қалмасын деп, қас жауына аяушылық еткеніне өкінген. Көз алдынан «апалап!» шырқыраған жетім баланың бейнесі кетпей қойған.
Одан бері де талай уақыт өтті. Адамды аяғыш күйрек сезімдер қазір қу томардай мұжылған. Қырғын соғыстар азалы жанына қаяу салып тасбауырлыққа үйреткен. Бұл кез Ақ Орданың да, Хақназардың да бүкіл Дәшті Қыпшақ, Мауреннахр Жетісуға әбден әйгілі болған кезі еді. Сөйтсе де шабарман Қияқтың бүгінгі әкелген хабары ауыр тиді.
Осы уақиғаның алдында ғана Абдолла ханның қол астында жүрген Бабасұлтан Ташкент шаһарына қалың қолмен аттанған Хақназардың қаһарынан қорқып, енді қазақ ханымен одақтасуға уәде берген. Хақназар одан қантөгіс соғыссыз, Ташкент уәлиетіне жататын Яссы, Сауран қалаларын сұраған.
Бұл кезде қазақтарға қарсы тұрар бәлендей әскері жоқ Бабасұлтан бір амалын таппақ болып: «Сәл шыдаңдар, ақылға салайын» дейді. Абдолла ханға Дүстем биді аттандырады: «Ұлы мәртебелі ханға берген антымызда тұрамыз, пендешілігімізді кешсін. Дәшті Қыпшақтың ханы қарамағымыздағы уәлиеттен жер сұрайды. Қарсы тұрар бізде күш жоқ. Не істеуіміз керек?» деген сауал айтады.
Өзінің Абдолла жағында екенін бұлдағысы келгендей, Әндижан әміршісі етуді өтінді. Бұл кезде Чарджоу маңайында, Жейхундарияның жағасында анда жүрген Абдолла Бабасұлтанның бұл хабарын естіп, бұлқан-талқан ашуланады. Бабасұлтанға Әндижанды бермейтінін білдіреді. Бабасұлтаннан келген елші Дүстем биді ұстап қалып, оның әкесі Бөлтірік биді Ташкенттің жағдайын анықтауға жібереді.
Бөлтірік би келіп, Абдолланың: «Қазақтарға жер беруші болма» деген бұйрығын жеткізгенше, қазақтың қалың әскерінен қорыққан Бабасұлтан Хақназарға Яссы, Сауран шаһарлары мен сол маңайдағы жерлерді соғыссыз беріп, онымен қоймай Абдоллаға қарсы соғысуға уәде байласады.
Хақназар қайын атасы Жәлім сұлтан мен оның балаларына қосып өзінің он бес-он алты жастағы екі ұлын Ташкентке жібереді. Ондағы ойы — Хақназар ханның Бабасұлтанмен шын одақтас екенін сездіру еді. Ал қайын атасы Жәлім сұлтанға Бабасұлтанның тағы Абдолла жағына шығып кетпеуі тапсырылады.
Рамазан айында Абдолланың соғысқа шықпайтынын және Абдолламен күресуге күшінің әлі де жете қоймағанын білген Хақназар Еділ — Жайық бойындағы қалың қазақтан қол жинамақ болып, Сарайшыққа сапар шеккен.
Сөйтіп Ноғайлы елімен бітімге келіп, Ақторғын арумен бірге он мың қол алмақ боп көңілі хош отырғанда, Қияқ шабарман суық хабар әкелген.
— Шабарманның айтуы бойынша, Хақназар Сарайшыққа кеткен кезде елдегі жағдай кілт өзгеріпті, — деді жырау.
Абдолла хан рамазан айы өтпей Бұхараға қайтып келе жатып, Бабасұлтанның қылығын естиді. Дәл осы кезде Балқыда нағашы жұртына келген Бабасұлтанның он бес жасар қызын Абдолланың адамдары ұстап алып, ханға әкеледі. Жас қыз Абдолланы қанша қызықтырса да, хан өзін-өзі ұстайды. Бабасұлтанның қызын Қоңырат Қосқұлақ бимен бірге аман-есен Ташкентке қайтарады және әкесіне сәлемін қоса айтып жібереді: «Егер Бабасұлтан бізбен тату-тәтті тұрам десе, маңайына жиналған Самарқант сұлтандарын қусын, қазақтардан да біржолата ат құйрығын кессін. Ал бұны істемесе өз обалы өзіне!» — дейді.
Әбден сасқан Бабасұлтан Ташкентке інісі Тахир сұлтанды бас-көз етіп қалдырады да, өзі Түркістанға сапар шегеді. Ондағы ойы Хақназардың әскерімен бірігіп, Абдолла ханға шығу еді...
Бабасұлтан кеткеннен кейін, Қосқұлақ би Ташкенттің билігі қолында қалған Тахир сұлтанды азғырады: «Бар пәле Шах-Саид оғланда, ол Самарқант сұлтандарымен байланысты, егер сен оны тұтқындап, Абдолла ханға жіберсең, хан күнәларыңды кешіп, кейін қайтады», — дейді. Бұл сөзге сенген Тахир сұлтан ағасы Бабасұлтанға көп жыл еңбек сіңірген, Бұхар ханымен күрестің бір басында жүрген Шах-Саид оғланды ұстап алып, қол-аяғын байлап, Қосқұлақ биден беріп жібереді. Абдолла хан қас адамдарының ең бастысының бірі оп-оңай қолға түскеніне қуанады, сөзге келмей бірден басын алдырып, Түркістандағы Бабасұлтанға жолдайды.
Қияқ сөзін тыңдап тұрған Хақназарды мәлімсіз қорқыныш билеп кетті. Бабасұлтанға кенет күдіктене қалған хан:
— Ал, қазір жау әскері қай жерде, — деп сұрады.
Қияқ мүдірмей жауап берді.
— Абдолланың негізгі әскері Ташкент түбінде. Кей қолы Яссы, Сайрам, Отырарға беттеуде.
— Жәлім отағасы Бабасұлтан сарайынан қайтып па еді?
— Жоқ. Сіздің қос ханзадаңыз — Хасен мен Құсайын да Бабасұлтан қосымен бірге...
Жәлім сұлтанның қызы Айгерімнен туған бұл егіз екі баласын хан өте жақсы көруші еді. Екеуі де он беске биыл шыққан, ханның өзге балаларындай емес, момын, қатыгездік қылықтары жоқ.
Сол екі баласының басына бір қауіп төнгенін Хақназар байқаған сияқты. Бірақ, сыр бермей, Қияқтан тағы да мән-жайды сұрастырды.
— Абдолла әмірдің өзі қайда?
— Жезақта.
— Ал әскерін кім бастап келеді.
— Шағай сұлтанның баласы Тәуекел баһадүр.
Тағы Тәуекел! Егер күндердің күнінде Тәуекел өз еліне қарсы қол бастап шығарын білсе, Хақназар оны сонау Шағайды босатқан күні басқа елге жібермеген болар еді-ау. Қайтсе де өз қарамағына алып қалар еді... Тәуекелдің бұлай кетерін байқаса, Хақназар сол түндегі аяушылығын істер ме еді? Жауын аяған — жаралы деген осы.
Енді міне, өз қолынан өмір берген сол екеуінен қанша қазақтың қаны төгілмек! Құр ғана қара қазақтың қаны ма, өзінің екі баласының тағдыры қыл үстінде тұрған жоқ па?
Оның құлағына тағы да балдызы Ақбаланың сылқ-сылқ күлген даусы естілді.
— Күлмес хан жездем, — деді ол әзілдеп. — Сізге не болған, әлде Ақторғын апамның жүзін көргеннен кейін, тіліңіз байланып қалды ма?
Қыз қалжыңы тағы құлағына кірмеді. Бабасұлтан қолындағы қос қозысы мылтық аузында тұрғандай жүрегі сыздап, жанын қоярға жер таппай отыр Әлденіп қалған Ордаға қан майданнан тайсалып, Бабасұлтанның Яссы, Отырар дихтарын өз еркімен бергені Хақназардың күштілігінің айғағы. Қазір бұның қарамағына, әкесі Қасым ханның соңғы кезіндегідей, Созақ, Сайрам, Сауран шаһарлары тегіс кірген. Яссыны астана еткеннен бері Хақназардың абыройы тіпті қарыштап кетті.
Иә, солай. Яссы маңайында қазақ жеріндегі дін ошағы болған Қарнақ, Сунақ дихтары да мұсылман қауымына үлкен әсер етеді. Сол себептен де Астрахань хандарының қарамағына біржола кіруге айналған Сарайшықтағы Ноғайлы қауымы да Құтлық Темір әулетінің тегеурінді темір шоқпарынан жасқанбай, Хақназар жағына шығып отырған жоқ па? Ел бірлігі — жұмылған жұдырық. Сол жұдырық қазір шын ашылмастай болып жұмылып тұр ма? Жоқ. Рас, қырғыз-қазақ бір одаққа бірігіп, Шайбани Ордасының тегеурініне ілініп қалмау қамында. Бірақ Шағай секілді бүйректен сирақ шығарып Абдолла ханға жағынып жүргендер аз ба? Ежелгі жау ел болмас, Шағай шіріген бір жұмыртқа... Бірақ оның артында қасқырдың бөлтірігіндей бес баласы бар-ay! Әсіресе жиырма жасар Тәуекел. Болғалы тұр, шіркін!
Тағдыр деген қызық, біреудің жолына өзінің жасыл жібек кілемін төсейді, ал енді басқа біреудің барар жері, басар тауын қалақай мен тікенек етеді. Мысалды алыстан іздемей-ақ қояйық. Дайыр қожаның ақ боз үйінде Күнсанадан Тәуекел туған күні, Хақназар Ордасының есігінде жүрген Айқара құл мен Қойсана күңнен бағанағы шабарман Қияқ туған.
Ал енді бір күнде туған сол екі баланың тағдыры қандай қым-қиғаш? Тәуекел сұлтан — Абдолла ханның әскер басшыларының бірі. Ал Қияқ болса, ерлігі де, ақылы да Тәуекелден кем болмаса да, шабарман ғана. Бұған кім айыпты? Жазығы құлдан туғаны ма?
Бұқар жырау әңгімесінің осы жеріне келгенде сәл кідірді.
— Қожасының сырын білген құл — қойныңдағы жыланмен тең деп мен бекер айтқан жоқпын, — деді тағы да Әбілмансұр. — Қияқ Тәуекелдің кімнен туғанын білсе, түбі сұлтанды бір мықтап шағар-ақ...
Бұқар жыраудың жүрегі тағы мұздай боп суып кетті. «Бәтшағар, Ораз құлға арнап қанды пышағын қайрап-ақ қойған екенсің ғой, тірі қалдырмассың» деді ішінен, сөйтсе де:
— Бекер олай жорисың, — деді түйешіге, — Қияқ Тәуекелдің түбі өз үйіріне қосылуына себепкер болады.
Жас түйешінің көзі қара көлеңкеде жарқ етті.
— Құл ақылымен үйірін тапқан сұлтан тым ұзақ өмір сүрмес-ті...
Бұқар жырау басын көтеріп алды.
— Неге үйдейсің? Хан халқымен ғана күшті.
Күндікке тұнжырап отырған Әбілқайыр мырс етіп күліп жіберді.
— Бассыз дене қайда барады? — деді ол, сөйдеді де әңгімені бұзғысы келмей, — жырау, шежіреңізді жалғай беріңіз! — деп бұйырды.
Бұқар жырау сөзін бастамастан бұрын көз қиығын Ораз құлға аударды. Сұп-сұр боп, басы төмен салбырап кеткен екен, «Бейшара, бұл да сұмдықты сезіп қалған екен, енді есебін тауып қашып кетер» деді іштей қуанып.
Әңгіме қайта басталды. Қазақ елінің ғажайып тарихы үй ішіндегілердің көз алдынан тағы да тізбектеліп өте берді.
— Орда маңындағы қол бастар батырлардың санатына ілігу үшін, соңыңнан ерген руың, елің болуы керек. Ал Қияқтың кімі бар? Әлі де сол күң қалпындағы кәрі шешесі — Қойсана ғана. Тәуекел мен Қияқ талайының кереғар болуын тағдыр өзі күні бұрын шешкендей бірінің анасының аты Күнсана, екіншісінің шешесінің аты Қойсана дегізуін қарашы! Мұнда да жазмыштың бір ұйғарғаны бар тәрізді...
Бірақ жазмыш деген не? Қияқ секілді мыңның тағдыры бұл күнде хандар қолында емес пе? Әрине, солай. Қияқ секілді өжет жігітті Хақназар үзеңгілес етіп көтерсе, кімнің шаңырағы құлап, жерге түседі? Жоқ, өйтуге болмайды. Құлдан шыққан жігіттің басына бақ құсын қондырамын деп, бүкіл сұлтан, би, манаптарды наразы қылудың қанша керегі бар?
— Ертеңіне Хақназар ақсақалдармен тағы ұзақ әңгімелесті. Ақырында мынадай тұжырымға келді. Аласапыран жаугершілік мезгіл, бұл жақта Хақназардың ұзақ, аялдауына болмайды. Ол ертең таң ата, өзінің екі сана әскерімен, Сарайшық маңындағы Ноғайлы қауымының мыңға тарта атты әскерін ертіп, еліне қайтпақ. Ноғайлының қалған әскері бір аптадан кейін Ақторғын сұлуды ырғалтып-жырғалтып көшіріп, Яссыға сапар шекпек. Ат тұяғы жетпейтін жер жоқ, бұдан былай қарай екі елдің арасы жиі қатынасып тұрмақ. Әзірге осындай байланыс арқылы Сарайшыққа жататын ел Хақназар ханға бағынышты екенін бекем ұстамақ.
Ақсақалдар әңгімесі біткен кезде, бесін намазы да болып қалған екен. Жұрт дәрет алуға тысқа шықты. Бір топ серіктерімен хан сарайының сыртында тұрған Хакназар шаһарға қарай шауып келе жатқан шабарманды жұрттан бұрын көрді. Атқа отырысынан, хан хабаршысының белгісі — орамалдай ақ жалауды найза ұшына ілген нышанысынан бұл келе жатқан Қияқтың тетелес інісі Тұяқ екенін хан бірден таныды. Шабарман шабысының сыңайынан қарап, хан бір сұмдықтың болғанын сезді, көңілі алабұртып, серіктерін кейін тастап, жолдың ернеуіне қарай таяды.
Астындағы құлагерін құйқылжыта жетіп, Тұяқ жеке тұрған ханды көріп, алысырақта ат үстінен асыға түсті. Тізгінін тастай салды да, Хақназарға қарсы жүрді. Сұп-сұр боп кеткен хан:
— Жат елде жұрт көзіне түсетін қимыл жасама. Ауызша айта бер, не болып қалды, жарқыным? — деді.
Тұяқ сол тізерлеген қалпында:
— Қайғылы хабар, хан ием! — деді ерні кезеріп.
— Айта бар.
— Хасен мен Хұсайын... — Тұяқ айтуға аузы бармай, күмілжіп қалды.
Хақназар бұрынғысынан да сұрлана түсті.
— Кімнің қолынан қаза болды?
— Бабасұлтанның.
— Қалайша?
Жігіт орнынан түрегеліп, болған оқиғаны бастан-аяқ айтып берді. Шах-Саидтың басын өзіне жіберген Абдолланың қаһарынан, Бабасұлтан өлердей қорқады. Қайтадан Бұхар жағына шығуды ойлайды. Абдолла құр сөзіме сенбес, деп атасы Жәлім мен қолындағы Хақназардың егіз ұлын өлтірмек болады.
Өзіне құрылған қақпаннан қаннен-қаперсіз Жәлім Бабасұлтанмен тізе қосып, Абдоллаға қарсы шығуға Шарабхана өзенінің жағасында атқа қонады. Жаңа ғана аллаға ақсарбас қой айтып, жауға қарсы бірге аттанбақ боп бәтуаласқан Бабасұлтан бір топ әскер басы батыр адамдарымен ешбір күмәнсіз тұрған Жәлім сұлтанның қасына келіп, атының шаужайынан ұстай алады. Бір сұмдықты сезген сұлтан қынабынан қылышын суырғанша, оның арт жағынан келген Жанқұла би алдаспанмен басын қағып түсіреді. Сол сәтте өзге батырлар, абайсыз тұрған төрт бала жігітті найзалап өлтіреді. Ал күні бұрын дайындалған Бабасұлтан лашкарлары бір сапта жауға аттанғалы шыққан өзге қазақ жігіттерін де заматта жан-жағынан қоршап алып, қарсыласуға мұрша бермей, қойдай қырып салады. Бұл күтпеген айқастан ілуде бір-екеуі ғана қашып құтылады.
«Шарафнамейи-шахи» шежіресі айтқандай, кең дала қызғалдақ гүлдерімен безенгендей, қызыл қанға боялады...
Көзінің ағы мен қарасындай көретін егіз ұлы — Хасен мен Хұсайынның қалай қаза тапқанын естіген Хақназар, жүрегі у ішкендей өртеніп тұрса да сыр бермеді. Әлден уақытта барып:
— Абдолла хан Ташкентті шапты ма? — деп сұрады.
— Жоқ, — деді Тұяқ кенет бойын жинап алып.
Шах-Саид оғланды Тахир сұлтан ұстап бергеннен кейін, Абдолла хан оны өз жағына шыққан екен деп, хат жазып, кісі жіберген. Хатында: «Сізге сенімім зор. Бас иіп, алдыма келіңіз, не болмаса қаланы тастап, өз беттеріңмен кетіңдер» деген. Шах-Саид оғланды босқа ұстап бергеніне енді өкінген Тахир сұлтан бүл бұйрыққа көнбеген. Жедел шара қолданып, Ташкент шаһарын бекініске айналдыруға кіріскен. Осындай жағдайда оған Бабасұлтанның қазақ сұлтандарын өлтірген хабары жеткен.
Хақназар Тұяқ сөзін бөліп жіберді.
— Бабасұлтан қазақ жігіттерін қырып жатқанда Бұзахұр сұлтан қайда еді?
— Оны Бабасұлтан көп әскермен сіздің жолыңызды аңдуға жіберіпті деседі... Қапелімде сізді өлтіріп, әскеріңізді қырып тастауға бұйрық берген көрінеді.
— Иә, сосын, қазақ жігіттері қырылғанын естігеннен кейін Абдолла хан не істепті? — деді Хақназар.
— Бабасұлтанға кісі салып «Қазақ сұлтандары сенің де, менің де ортақ жауымыз еді, жақсы істепсің. Ал енді бізбен одақтас боп Ташкент уәлиетін өз қарамағыңа қалдырғың келсе, екінші жауымыз Бұзахұр сұлтанды ұстап бер, не өзің өлтір. Егер мұны істемесең, біздің тарапымыздан саған кешірім болмайды, қолымызға түскен сағатыңда басыңды аламыз», — депті.
Бағанадан бері тас мүсіндей мызғымай тұрған Хақназар сәл алға қарай ұмтыла түсті. Көзінде ашу ұшқыны жарқ етті.
— Ал Бабасұлтан қандай жауап қайырыпты?
— Ағайын, достығын ұмытып қорыққанынан Абдоллаға Бұзахұрды ұстап беремін деп уәдесін беріпті. Және оны ұстап әкелуге бір топ лашкар мен Дүстем биді жіберіпті.
— Ал бұл кезде Бұзахұр қайда еді?
— Бұдан екі апта бұрын Талас бойындағы сіздің жылқыларыңыздың біразын айдап әкеткен. Бабасұлтанның Абдолла жағына шыққанын естігеннен кейін Жетісуға қашыпты деген сыбыс бар...
— Қан иісі шыққанда қарап отыра алмайтын еді, қорқау қасқыр Шағай сұлтан қайда?..
— Баба мен Бұзахұр арасының не боларын күтіп, қалың қолмен Талас маңында күтіп жатыр деген хабар бар.
— Бәсе, өзім де солай деп ойлап едім. Қандай зұлым еді Абдолла! Өзіне қас сұлтандарын біріне-бірін айдап салып, оп-оңай жеңіске жетпек қой! Иә, бұл оның негізгі айласы... Осылай ол Самарқант сұлтандарын да құртпақ... Айтпақшы, Тәуекел баһадүр қайда екен?
— Шағай сұлтанның қолымен бір көрінеді.
Хақназар сәл үнсіз тұрды да, Тұяққа бұйыра сөйледі:
— Маған әкелген хабарыңды тірі жан естімесін. Қазір арғы беттегі әскерлерге жет. Жолға дайындалсын де! Күн бата қозғаламыз.
— Құп, тақсыр!
Егіз ұлының өлгенін естірткенде, ләм-мим деп тіл қатпаған Хақназар туралы: «таста тамыр, ханда бауыр жоқ» деген осы екен ғой, деді ол ішінен.
Хақназардың ұстамдылығын тас бауырлыққа жорыған аңқау батыр осыдан екі апта өткеннен кейін, ханның көзге түрткісіз қараңғы түнде егіз ұлының зиратына келіп, жас қабырды құшақтап, ағыл-тегіл жыларын қайдан білсін!
Хақназар Тұяқ ойын біліп тұрғандай:
— Кімнің қас, кімнің жау екенін соңынан ұғарсың, ал қазір әскерге жет, бұйрықты орында! — деді.
Ұрлығының үстінен шыққандай сасып қалған Тұяқ:
— Құп, тақсыр! — деп, ентігі басылған құлагерін борбайлай өзеннің арғы бетіне қарай шаба жөнелді.
Сол күні түнде, ай туа Хақназар Ноғайлы елінің жедел жинаған әскерімен бірге қалыңдығы Ақторғынды алып, Түркістан жеріне қарай қауырт сапарға шықты. Бұлар жорықтағы салтпенен еш жерге ұзақ тоқтамай, он үш тәулікте Яссыға жетті. Жолай Хақназар ағалы-інілі екі сұлтанның кездескен хабарын алды. Екі жақта көп әскер қырылып, Бұзахұрдың қолға түспей кеткенін, бірақ Абдолланың алдында «Бұзахұрдың басын әкеп беремін» деп Бабаның уәде бергенін естіді. Бабасұлтанның өшпенділігін ұмытпаған Абдолла, Ташкент әміршісінің осы бір әлсіреген тұсын пайдаланып, Шағай сұлтанға оны өлтіруге келісім берді.
Екі әскер енді Талас бойында кездесті. Қан тағы судай ақты. Өмір үшін емес, өлім үшін ұрысқа шыққан Бабасұлтан жараланған барыстай жан ашуымен қимылдап, Шағай әскерін жеңді. Содан кейін барып, Бұзахұрды ұстап берген күнде де, Абдолламен бітімге келе алмайтынына Бабасұлтанның көзі жетті. Енді ол Сайрамға қарай бет бұрды. Ондағы ойы — ар жақтағы Самарқант әскерімен қосылып, Абдоллаға тағы қарсы шығу еді.
Баба, Бұзахұр, Шағай сұлтандардың осы қым-қиғаш ұрыстары, аз уақыт болса да, Абдоллаға Хақназар ханды ұмыттырды. Ал Хақназар қолымен Яссыға аман-есен жетті.
Яссыға келгеннен кейін Хақназар тағы қалың ойға шомды. Баба, Бұзахұр сұлтандар мен өзіне қарсы Ақсақ Темір ұрпақтары — Самарқант әмірлерін біржола жеңіп алмай, Бұхар әміршісі Абдолла қазақ хандығына қарсы қазір соғыс ашпайды.
Ал жау қай жақтан? Жау Бабасұлтан мен Бұзахұр жағынан. Бірақ бұлар да қазір Абдолламен алысып жүріп, қазақ қауымына бет бұрар халде емес. Мейлі олар бет бұрмағанмен, Хақназар бет бұрады. Алтын басы қара жерге кіргенше, сонау Шарабхана жағасында жазықсыз төгілген қанды, күнәсіз бауыздалған қос боздағының кегін Бабасұлтанға кешпейді! Ғазиз жандардың кегін қайтарады!
Күншығыс Қашқар әміршісі Әбдірашиттің әкесі — Ақсу ханы Сұлтан-Саид қаза болғаннан кейін, бұл таққа он екі ұлының үлкені Әбді-Латиф сұлтанды отырғызған. Қазақ хандары мен Әбдірашит арасындағы Жетісу үшін талас енді Әбді-Латифқа көшкен.
Бабасұлтан мен Әбді-Латиф Абдолла мен қазақ хандарына қарсы жүргізген саясаттарында үнемі одақтас болып келген. Бабасұлтанның жеңілуі — Әбді-Латифтың жеңілуі. Ал Әбді-Латифтың күйреуі — Бабасұлтанның күйреуі. Оның үстіне бұл кезде қазақ елімен одақтас қырғыз қауымы да, Жасылкөл жанындағы жерлері үшін күресуге құлшынып отырған.
Хақназар осы бір қым-қиғаш тартыс кезін пайдаланып, қырғыз, қазақ боп бірігіп, Ақсуды шаппақ болды.
Хақназардың өртенген жүрегі енді сәл толастады. Бірақ ол, бұл шешім түбі өзінің өлімімен тынатынын білмеді. Тұла бойын өшпенділік билеген Хақназар енді қара түнді жамылып, қос перзентінің қабірінің басына барды. Ұзақ отырды. Өн бойын дерт басқан, жаны жара, көңілі нала Хақназар, болашақ тартыстың ауыр жүгін арқалап, той сарайына келді.
Бұл кезде тойға жұрт әбден жиналған екен. Осыдан бірнеше күн бұрын ғана Шарабхана өзенінің бойында қаза тапқан аяулы ұлдарын жерлеп, қан жылап, қара жамылған жұрт аз күннің ішінде бар қайғысын ұмыта қоймапты.
Хан тойы болған соң амалсыз келген тәрізді... Қыз күлкі-назы тұншығып, жігіт әзіл-оспағы сыбырлап шығады. Әйтсе де, қаралы ханның көңілін көтергісі келгендей, Хақназар үйге кірісімен жұрт бір мезет жадырай түсіп, жиын-думан сәл қызғандай болды.
Хақназар Ақторғынды тағы көрді. Тағы жүрегі алғашқы көргендегідей дір ете қалды. Енді ол өзіне-өзі таңдана түсті. Жаңа ғана қос арланының жеке қабірін құшақтап, ұлыған аш қасқырдай ішін тартып, өксігін баса алмай, ұзақ жылағанында тіршіліктің құны көк тиынға татымай қалып еді. Ал қазір... жаңадан күн шыққандай, дүние қайтадан жарқырап сала берді. Бұл қандай құдірет, тәңірім-ау. Дәл қазір ләззат іздейтін уақыт па?
Сол күнгі түн екеуінің ең соңғы түні болды...
Әбді-Латиф Хақназар ханмен сан мәртебе кездескен. Қазақ әскерін сан мәртебе жеңген де. Бірақ осы жолғы Алтын Емел тұсындағы кездесу өзгеше өтті. Хақназар басқарған қалың қырғыз-қазақ әскері Ордасында ұйықтап жатқан Әбді-Латифты түн ортасында шапты. Жар құшағындағы ханды төсегінен тұрғызбай, айбалтамен шапқылап өлтірді. Ақсудың мал-мүлкін талап, қазақ-қырғыз қолы Жасылкөлге қарай көтерілді.
Бұл лаңды естіген Әбді-Латифтың ағасы, Қашқар ханы Әбдірашит қасіреттен от басында түнеріп ұзақ отырды. Айла-тәсілі таусылып, ақыры қарамағындағы елдің бар жігітін ертіп, Жасылкөл жағасында Артыш деген жерде бекініп жатқан қазақ-қырғыз қолына кеп тиді. Қарсы жақтың бекінісін бұзып, қазақ-қырғыз әскерімен тіктесе ұрысқа шықты. Екі жақтан қан көл-көсір ақты. Майдан екі аптаға созылды. Ақырында Әбдірашит жағы жеңді. Сойқан ұрыста қазақтың басты-басты бірнеше батыры мен Хақназар хан қаза тапты. Бірақ өлер алдында Ақ Орда ханы, басында отырған Тұяқ батырға Тәуекел сұлтанның тарихын ашып кетті.
— Әбілқайыр мырза, — деді Бұқар жырау сөзін аяқтап, — сіз бұл күйге қалай жеттік дейсіз?.. Ел бірлігі жоқ жерде бұдан да сорақы күйзеліске ұшырау таң емес. Мүйізі шаңырақтай Хақназардың да қолынан келмеді бар қазақтың басын қосу. — Жырау ауыр күрсінді. — Біріктіре білсеңдер, халық деген қара тастан да берік қой. Бірақ қазір оны іске асыра алатын кім бар?
Қараша үйде жанған тобылғы шоғы әлдеқашан сөнген. Бұқар жырау әңгімесі де әлдеқашан біткен. Ұйықтап кеткен адамдардың пысылдары мен үйді айнала қоршай шөккен түйелердің анда-санда ұйқылы-ояу ыңыранғандары ғана естіледі. Тек Бұқар ғана ояу жатыр. Шаңырақтан жыбырлаған көп жұлдыз көрінеді. Жырау ауыр ойда: «Қазақ елінің басынан талай қиын-қыстау кезеңдер өтіп еді, бірақ ең қорқынышты қауіпке енді тап болмаса не қылсын! Шығыс Түркістанды жұтар-жұтпастан, бері қарай Қытай айдаһары жылжып келеді. Ал Қытайдан ығып, Алтай тауынан құлаған Жоңғар қауымы болса мынау.
Россия да бұрынғы бөлшектенген Россия емес. Әлемді шарлауға шыққан екі басты самұрық құс тәрізді әбден бекініп алған. Қанатының серпіні сонау, жағасын балықшылар жайлаған үлы Мұхитқа да жетіп қалды. Сонда... қазақ елі қандай күйде? Жұрттың басын біріктіріп, жауыңа қарсы шығар кім бар? Болат, Сәмеке, Барақтар ма елге тірек болар?... Жоқ, оларға қарағанда осы Әбілқайырда бір үміт тұр ма, қалай? Әй, білмеймін. Халықты соңынан ерту үшін кемеңгердің ақылы керек қой адамға! Әлде қара басының қамын ойлап, бұл да бір бүйірге бұра тартып жүре ме, кім білсін? Жыраудың безек қаққан ұшқыр ойы — елінің тағдырын қолына алар жаңа қайраткерін іздеп шарқ ұрды. Неге екені белгісіз, оның қиялы жанында шалқасынан түсіп, қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан Әбілмансұрға қайта-қайта орала берді.
— Бітісі бөлек екен, ұл туса осындайлардан туар... — деді ол ақырын күбірлеп. — Хан болса несі бар. Асыл тастан, ақыл жастан. Бірақ қаптаған Сәмеке, Барақ, Әбілқайырлар бұған жол берер ме? Кім біледі, алғырлық, ерлік кейде өзіне-өзі жол салатын да кезі болатын еді.
Жырау қалжырап жатып, таң ата ұйықтап кетті.
Күн шыға оянған Бұқар үй сыртындағы қыбырлап жүрген адамдардың Әбілқайыр нөкерлері екенін білді. Жанында Әбілмансұр сол қалпында ұйықтап жатыр. Тек көзіне Ораз құл түсе қоймады. Жүрер алдында қолтығынан көтеріп атына мінгізген Әбілмансұрдан:
— Үлкен түйешіні көре алмадым-ау, ол қайда? — деп сұрады.
— Қайда екенін мен айтпайын, сіз сұрамай-ақ қойыңыз.
Бұқар жырау ауыр күрсінді. «Иә, сұрқия, сұм бұл заманда құл бейшаралардың тағдыры, міне, осылай шешіледі».
— Ол сенің жауың емес еді ғой...
— Жұрттың бәрі қазір менің жауым.
— Олай болса, сенің өрісің де ұзаққа бармайды екен. — Бұқар жырау жас түйешіге түксие қарады. — Біздің қазір екі-ақ жауымыз бар. Бірі — сыртқы жау. Екіншісі, жұрттың басын қостыртпай, бөлшектеп билегелі жүрген би, сұлтандар. Ел қамқоры болам деген адам бұны білсе керек. Қайратың тасып бара жатса, халықтың адал ұлдарының қанына ортақ болғанша, қолыңа қару алып, жауға неге шаппайсың?
— Кезегі келгенде жауға да шабамыз. Ал Ораз құлды мен өлтіргенімді қайдан білдіңіз?
— Көзің айтып тұр.
— Ендеше ешкімге тіс жарушы болмаңыз.
— Неге?
Әбілмансұр Бұқар жыраудан көзін алмай тесіле қарады.
— Түбі Үш жүздің ханы мен боламын, Бұқар аға. Ал сіз қазақ халқының ел болғанын тілейсіз ғой...
Бұқар жырау жүрмекші боп ыңғайлана берді.
— Бүгіннен бастап мен енді Әбілмансұр емеспін! — деді жас түйеші.
Бұқар жырау оған таңдана көз тастады.
— Кімсің сонда?
— Абылаймын!..
— Абылай?.. Қанішер Абылай сенің атаң еді ғой! Қазақ елі бұл аттан қорқатын...
— Менен де қорықсын!
Түркістанды жау қолына беру — намысқор Елшібекке қазақ Ордасының шаңырағы күйреп, жерге құлағандай көрінген. Бармағын шайнай-шайнай бұл ауыртпалыққа да көнуге мәжбүр болды. Көзінде жасы, жүрегінде ашуы, сонау ең ақырғы сұрапыл дауылды қара түнде амалы жоқ, шаһарды тастап, ең сенімді деген бір топ жігітімен қазақтың көне астанасының бірі Сауранға беттеді. Жауынан Түркістанда ала алмаған кегін Сауранда алмақ. Бұл қаланы кеудесінен жаны шыққанша қорғамақ...
Елшібекке ермеген жұрттың біразы Сауранды айналып өтіп, Ташкентке қарай шұбырды. Біразы Түркістаннан ұзамай, Сырдарияның жағасындағы қалың қамысқа барып тығылды.
Ертеңіне боран да тыйылды, бос қалған шаһарға күн шыға Шүно-Дабо әскері де кірді.
Түркістанда Сыбан Раптан қонтайшы кеңесін шақырды. Өзінің басты баһадүрлері мен нояндарының ақылы бойынша, бұлар енді Сырдария мен Амударияны жағалай отырып, Жайық, Еділ өзендеріне дейін өтіп, сонау Айдархан (Астрахань) түбіндегі қалмақ аймағымен ұштаспақ болды. Бұл жолды Ренат та мақұлдаған. Арқа жерінде Бетпақдала, Қарақұм арқылы жүрудің қауіпті екенін еске алып, ол жаққа келесі жазда Ертіс бойындағы Төлеуіт (ақ қырғыз), Телес, Мұндас, Енисей қырғызы, Құман Челкан сынды Ойрат тұқымдас Батыс Сібірде тұратын ұсақ руларды қоса отырып қазақ жеріне Есіл, Тобыл өзендері жағынан тиюді ойлады. Сөйтіп, сонау Қытай шекарасынан солтүстіктегі Тобыл, Есіл өзендеріне дейін, күнбатыста Еділдің бергі жағасынан, күншығыста Ертістің арғы бетіне дейін жайлаған қазақ елін біржолата өзіне бағындырып, Сыбан Раптан атасы Батурдың қолынан келмеген ұлы Жоңғар хандығын құрмақ болды. Бұл бұл ма, қазақ жері тақиясына тар келгендей, ол Россия патшалығына жататын Түмен, қазіргі Красноярск, Кузнецк қалаларын да Бірінші Петр патша өз еркімен берсе — қолынан, бермесе — жолынан соғысып тартып аламыз десті.
Он бес кез анаконда деген әпжылан өзінен бес есе жуан бұқаны жұтады екен. Осыншама жерді басып алған қазақ елінен халқы үш есе аз Сыбан Раптан, өзінен жүз есе халқы көп Қытаймен соғысамын деп жүрген Сыбан Раптан, расында да осы анаконда әпжыланы тәрізді еді. Қазақ елін дәл осы быт-шыт болып жүрген кезінде жұтып жіберуі де ғажап емес-ті. Бірақ бұл «өгізді» қай жағынан жұту керек? Анаконданы ұстауға шыққан адамдар өгізді қарсы жібермейді, жанынан қашырады. Қашып бара жатқан бұқаны анаконда арт жағынан жұтады, бұқаның алпамсадай бүкіл денесін қылғытып жібергенмен тамағынан шаңырақтай қос мүйізі өтпейді. Бұқаның денесін не құсып тастай алмай, не жұтып жібере алмай, қақалып жатқан қомағай анаконданы айдаһар ұстаушылар, аузынан шығып тұрған қос мүйізден сүйреп әкеп, темір торға бір-ақ кіргізеді. Сыбан Раптан да осынау қазақ жері деген алып «өгізді» қай жағынан жұтқанын аңғармай қалды. Алып даланың қос мүйізі тәріздес сонау Россиямен шектес Еділ мен Жайыққа жеткенінде, оны әрі қарай жұта алмай қалатынын еске алған жоқ. Өйткені, осы қос мүйізге жетуін әдейі күтіп отырған Россия атты алып күш жатқан-ды. Егер Сыбан Раптан осынау қалың қосынын Жайыққа қарай емес, Үргенішке бұрғанында, кім біледі оның қанды семсер — көшпелі хандығы өз ашқарақтығына өзі тұншықпас па еді, қайтер еді...
Бірақ адамды құдай адастырар алдында ең алдымен ақылынан айырады. Күзтоқсанның ең ақырғы айында Сыбан Раптанның баласы Қалден Цереннің қолы Түркістаннан шығып, Жаңақорғанға беттеді. Бұ жолы оның қарамағында қырық мың атты әскер бар-ды. Өзге әскерін жаулаған жерін иемденуге қалдырған. Бірақ, Жаңақорғанға таяған кезде, бүкіл әскеріне кілт тоқтауға тура келді. Бір күн бұрын алға жіберген қызы Хоча басқарған барлаушы топтан: «Алдымызда қаптаған қазақ әскері келе жатыр» деген хабар жеткен. Сыбан Раптан таң қалды. Қайдағы әскер? Кім басқарып келеді? Сонау Құлжадан аттанғалы алты айдан бері қарсы келер жөнді күшті көрмей әбден асқынып алған Сыбан Раптан қызына кісі шаптырды... «Қайдағы әскер? Ондай қалың әскер шығаратын қазақтың көбі қырылған. Сенің көргенің сірә көп малы болар. Абайлап қара, егер көргенің шынында мал болса, онда айдап алуға қанша адам жіберейін, тез хабарын бер», — деді. Өзі енді әскеріне тағы алға қарай жүруге бұйрық берді. Бірақ Хочадан тағы хабар келді. «Алдымыздағы бізге қарсы келе жатқан қазақтың Кіші жүзінің әскері екен. Басында Әбілқайыр хан... Аз дегенде отыз мыңдай... Осындай қалың қол оң жағымыздан, Орта жүзден де бүгін-ертең келмек көрінеді. Оны Болат ханның інісі Сәмеке басқарады дейді қолға түскен жігіт... Екі жақтың әскері Шиелі тұсында түйіспек. Әбілқайыр әскері қазір осы Шиелі жағасына қостарын тікті. Шамасы, Сәмекенің қолын күтпек... Жау қарасы әбден шоғырланғанша, сол жерде аялдау керек. Келе жатқан жауды күтпеген жерден шабуылдасақ, жеңіс біздікі болатынына дау жоқ» депті қызы.
Сыбан Раптан алдында жау бар екенін енді ұқты. Бірақ қызының берген ақылына қарқ-қарқ күлді. «Отыз мың әскерге келетін тағы отыз мың әскерді күт дейді. Сосын барып оларға ойламаған жерден қарсы шыға кел дейді. Ақылыңа болайын! Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа деген, міне осы! Егер Әбілқайырдың отыз мың әскері болса, менің қырық мың жауынгерім бар. Және қандай көкжалдар! Кілең сен тұр — мен атайын! Мұндай қырық мың қолмен қашан да болса отыз мыңды жеңуге болады. Әбілқайырдың отыз мыңына Сәмекенің отыз мыңы қосылуын мен неге күтемін? Одан да олар қосылмай тұрып, Әбілқайырдың әскерін неге қырып тастамаймын? Мейлі, келе берсін, содан кейін Сәмекенің отыз мыңы. Онымен де айқасуға күшім жетеді». Ол осыны баласы Қалден Церен мен Ренатқа айтты.
Ренат:
— Егер біз барғанша, ар жағынан Сәмекенің әскері жетіп қалса қайтесіз? — деді.
— Қайткен күнде де Әбілқайыр әскеріне Сәмекеден бұрын жетуіміз керек! Бар айла осында.
— Біз соғысып жатқанда Сәмеке әскері жетсе қайтесіз?
— Сәмеке әскері жетпей тұрып Әбілқайырды жеңуіміз керек.
— Бұл біздің ойымыз ғой. Ал Сәмеке әскері бізден бұрын жетіп, не болмаса біз алысып жатқанда жетті делік?
— Онда біз жеңілдік.
Сөзге Қалден Церен енді ғана кірісті.
— Ондай қауіп туатын болса, осы арада кідіре тұрып, арт жағымыздан тағы жиырма мың әскер алдырғанымыз ақыл емес пе? Алпыс мыңға алпыс мың, жеңіс әрқашан да біздің жақта болады.
— Онсыз да біз жеңілеміз.
— Қалайша?
Сыбан Раптан қарқылдап күлді.
— Қанша жер, қанша қала алғанымызды білесің бе? Сонда алған жеріңді алақаныңмен басып отырасың ба? Бар әскерді мұнда алдырсақ, қорыққанынан бағынып отырған ел үндемей отыра ма? Жоқ, Қалден ноян, қарсы келген он бес жауынгерден артыңнан андып мылтық атқан бір адам қауіпті! Жиырма мың — алған жерімізді басып қалуға керек. Ал ондағы әскеріміз қазір жиырма мыңнан сәл ғана асады... Алты айдың ішінде он мың қалмақ оққа ұшты. Бес мыңдайы дала қазағы, тау қырғызымен айқаста қаза тапты. Олардың орнын осы жорықтан қайтқан соң, қысты күні ғана толтырамыз. Ал қазір нартәуекел. Отызға — қырық! Біз жеңуіміз керек!
Ренат ақырын жымиды.
— Оныңыз рас. Сәмекеден бұрын жетіп, жауды жеңу — бізге қалған жалғыз жол.
Ол іштей Сыбан Раптанның қолбасшылық дарынына таң қалды. Шығыстан шыққан ұлы әскери қолбасшылар — Әтилла, Шыңғысхан, Бату, Ақсақ Темір — бәрі де хат танымаған, өзінен бұрын өткен елдердің әскер құру, соғысу тәсілдерін де білмеген адамдар. Бәрі де өз жолдарын өздері салған. Олар қашанда болса, жауын жеңуді білген. Бүкіл әлемге әйгілі Шыңғыс ханның дүние жүзін билеймін деп талпынғанда небары екі жүз мың әскері болған. Сонымен қанша елді, қанша жерді басып алды! Оған қарағанда, Сыбан Раптанның ісі баланың ойыншығы тәрізді. Жоңғар хандығы әрі кетсе жүз мың әскер шығара білер. Сомдай әскермен, әрине, бір қазақ жерін өзіне қарату — Сыбан Раптанның қолынан келеді. Қазіргі ойлап тұрғаны да сол ұлы сенімнің қамы. Тек бұны қолдай білу керек.
— Ал, бастық атқа қамшыны, — деді Сыбан Раптан енді бөтен сөзге келмей, — қараңғы түсе біз де жау шебіне жетуіміз керек!
Қатты желіске салып, қырық мың қол шаңқай түстен бесінге дейін жүрді.
Күн еңкейе Сыбан Раптанның алдыңғы шебі Шиелі өзеніне жиырма шақырымдай жердегі бір қоғалы көлге келіп жетті.
Осы арада қызы Хоча басқарып кеткен барлау тобына кездесті. Жоңғар барлаушылары қалың қамыс арасындағы қостарынан шығып, ат үстіндегі қонтайшыға иіліп тәжім етті. Хоча әкесін атынан түсіріп, өз шатырына қолтықтап алып кірді. Аздан кейін Қалден Церен мен Ренат та келіп, есік жақтан бір тізерлеп орын алды. Қыз үн-түнсіз, босағада тұрған торсықты пісіп-пісіп жіберіп, шара аяқпен алдыменен әкесіне, содан кейін ағасы Қалден Церен мен Ренатқа қымыз құйып берді. Сыбан Раптан қымызды сусынын қандыра ұзақ жұтты да, есік алдында үймелеп тұрған барлаушыларға көз жіберіп:
— Шәңгерек ноян қайда? — деді.
Хоча әкесінің босаған шара аяғына толтыра қайтадан қымыз құйып, қолына ұстатты да:
— Шәңгерек ноян қос сыртында өліп жатыр, — деді.
Сыбан Раптан қымыздан тағы бір жұтты.
— Кім өлтірді?
— Мен өлтірдім...
Сыбан Раптан қызынан «неге өлтірдің!» деп сұраған жоқ. Қымызын ішіп болды да, сыртқа шықты.
— Қайда? — деді ол қызына.
Хоча үн-түнсіз әкесінің алдына түсіп, елу қадамдай жер жүрді де, қамыс қоршаған алаңда шалқасынан сұлап жатқан жігітті көрсетті.
— Міне.
Жігіт сом денелі, жиырма бестер шамасында екен. Үстіндегі киімі де, қару-жарағы да бұл жігіттің Жоңғардың белді руынан шыққанын көрсетеді. Оның дәл жүрек тұсынан қадалған садақ оғы сол қадалған қалпында тұр. Суырып алмапты.
— Иә? — деді Сыбан Раптан қызына қабағын түйе қарап.
— Жазығы болды, өлім жазасына бұйырдым, — деді Хоча айылын да жимай.
— Шәңгерек ноянды өлім жазасына бұйыру үшін тым үлкен айып керек. Не істеді ол?
Жиырма бес жасар Шәңгерек ноян Сыбан Раптанның үзеңгілес серігі, Жоңғар хандығының ең бір бай адамы Меркіт руының баһадүрі Дода Жорджидың жалғыз баласы болатын. Былтыр әкесі Сыбан Раптанға кеп құда түскен. Хочаны Сыбан Раптан Шәңгерек ноянға бермек болған. Екеуінің қосылу тойы қысқа белгіленген. Бірақ неге екені белгісіз, Хоча Шәңгерекке күйеуге шыққысы келмейтінін әкесіне білдірген-ді. Қызының ерлігі, өжеттігі үшін өте жақсы көретін Сыбан Раптан оның бұл сөзіне мән бермей, жай әшейін «құлап түсті» демесін деп айтып жүргені шығар деген де қойған. Расында да, Шәңгерек ноян ата жағынан да, байлығы, ерлігі жағынан да Хочадан кем емес еді. Хочаның оны сүймеймін деуі кімге болса да адам нанғысыз сөз еді. Расында, қызды Шәңгерек ноян ұната қойған жоқ. Оның өмірден күткен жары мұндай емес. Бірақ, бүкіл Жоңғар елі қас-қабағына қарап отырған қонтайшы Сыбан Раптанның қаһарынан қорқып, ол Хочаны алмаймын дей алмады. Әрине, жігіттің өзін менсінбегенін ұққан Хоча қатты қорланған. Әкесіне мені ұнатпайды деуге арланып, «мен оған күйеуге шыққым келмейді» деген. Әкесі алғашқы кезде бұл сөзге мән бермесе де, бертін келе «осылардың арасында бір пәле бар ма?» деген ойға келіп еді. Қатар жүріп, бірін-бірі ұқсын, жаудан бірін-бірі қорғай білсе, ерлік арқылы тіл табысар деп, Шәңгерек ноянмен бірге, Хочаны да барлауға жіберген, өз ойының ақталмағанына көзі жеткен Сыбан Раптан бойын ала бастаған ашудан екі беті түктене түсіп:
— Ие?! — деді қызына қарап. — Қандай айыбы болды?
— Айыбы мына жігіттен басталды, — деді Хоча, сөйтті де аяғын жылдам басып барып, Шәңгеректің ар жағындағы топ қамыстың арасын ашты. Сыбан Раптан, Қалден Церен, Ренат үшеуі үсті-басы қан-қан боп өліп жатқан қазақ жігітін көрді.
— Иә?! — деді Сыбан Раптан.
— Кеше таңертең осы көлдің тұсынан Әбілқайыр әскеріне қарай шауып бара жатқан бір қазақтың қызын көріп қалдық. Аты жүйрік екен, менің «Құмай төсім» зорға қуып жетті. Таяй беріп, қыздың мойнына арқанымды лақтырып әзер ұстадым. Қыздың қару-жарағы жоқ... Бірақ өзі тым келбетті екен. Оны бір көргеннен Шәңгерек ноян есінен айрылғандай күйге жетті. — Хоча ашудан сөйлей алмай, тұтығып тұрып қалды.
— Сосын? — деді әкесі қабағын қарс жауып.
— Қыздың Әбілқайыр әскеріне біздің келе жатқанымызды хабарлауға бара жатқаны сөзсіз. Бұндай ерлік қазақ қызының көбінен шығады. Мен одан жауап алғым келіп, бірнеше сұрақ қойдым. Қыз бір айтқан сөзінен танбады. «Мен сендерге ештеңе айтпаймын, өлтірсеңдер — өлтіре беріңдер». Қайсарлығына ыза болып, оны өлім жазасына бұйырдым. Бірақ, Шәңгерек ара түсті. «Әзірге өлтіртпеңіз, бүгін айтпағанмен, сырын ертең айтады, қазір ызадан көнбей тұр» деп маған жалынды. Мен Шәңгерекке қыздың өте ұнап қалғанын түсіндім. Енді Шәңгеректің де жүрегін өртегім келді: «Қазір дәл осы арада қызды өлтіріңдер!» — дедім жігіттерге. Шәңгерек «өлтірмеңдер!» — деп бұйырды. Мен: «өлтіріңдер!» дедім. Барлаушы жігіттердің көбі Меркіт руынан болғандықтан ба, әлде қызды аяды ма, енді бәрі маған жалынды. «Қайтесіз қару-жарағы жоқ бір қыздың қанын төгіп, одан да қонтайшыға тартуға апарайық» деді. Өтініштерін орындамасам, ызадан өзіме зақым келтіріп жүрер деп айтқандарына көндім. Бір жағынан қызды Қалден Церенге алып беріп, Шәңгеректің жүрегін біржолата күйдірейін дедім. Өйткені қыз менің олжам ғой, кімге берсем де еркім бар емес пе?
— Иә, сосын?
— Қыз шын әдемі еді. Оны өлтірудің өзі де сұлулыққа істелетін бір үлкен қиянат боп көрінді маған. Бірақ, Шәңгеректі қызғандым. Неге екенін білмеймін, қызды өлтіртпек түгіл, оның қол-аяғына кісен де салғызбадым. Енді күзетін басқа жігіттерге бұйырып, Шәңгерекке тек қыздың атына ие болуды тапсырдым...
— Сосын?!
— Сосын... Көлдің арғы бетіндегі барлаушыларым тағы бір қазақтың жігітін ұстап әкелді... Бұ да сұрағыма жауап бермеді. Мен енді жігіттің тақымына қыл арқан салғызып бұраттым. Тұтқын қыздың сұлулығына күйіндім бе, «сен нәзік сұлусың ғой, бауырыңды құлындай шыңғыртып жатқанда, сенің сұлу түрің қандай болады екен көрейін» деп жігітке қыл бұрауды тұтқын қыздың көзінше салғыздым. Қыл шылбырды бір-екі рет бұрағанда-ақ жігіттің құлындағы даусы құраққа жетті. Қыздың бетіне қарап едім, сұп-сұр боп ернін тістеп қатып қалыпты. «Бәлем, солай ма екен!» дедім ішімнен. Енді оның көзінен аққан жасты көргім келіп кетті. Жігіттерге «тағы бұраңдар!» дедім. Сол кезде тұтқын жігіт шыдай алмады.
— Сұрағандарыңның бәрін айтайын, — деді жалынып.
Қыздың бетіне қарап едім, оның анау тұтқын жігітке жеркенішпен, өшіге қарап тұрғанын байқадым.
Мен жігіттен жауап ала бастадым.
— Сен кімсің?
— Әбілқайыр ханның барлаушысымын, — деді ол.
— Әбілқайыр әскері қай жерде?
— Шиелі түбінде...
— Қанша қол?
— Отыз сана...
— Бері қарай қашан аттанбақ?
— Орта жүз әскерінің келуін күтуде...
— Сәмеке қанша қолмен келмек?
— Отыз санадай.
— Қашан келіп қосылмақ?
Жігіт жауап қайтарып үлгерген жоқ, жанымда тұрған қазақ қызы бір-ақ атылып тұтқынның жанына барды, мен оның жоғары көтерілген қолынан жарқ еткен алмас кездікті көріп қалдым. Жүгіріп жанына жеткенімше, ол қолындағы кездікті тұтқын жігітке сілтеп те үлгірді. Жігіттің тақымына қыл бұрау салып тұрған менің жігіттерім не болғанын байқап та үлгірген жоқ. Тұтқын жерге сұлқ құлады. Қыз кездігін дәл жүрек тұсынан қадапты.
— Сосын?!
— Сосын не болсын... Сәмеке әскерінің бүл араға қашан келетінін біз біле алмай қалдық. Мен енді қызды өлтіргім келмеді. Елдің намысы үшін қандай қиындыққа болса да шыдайтын қайсар сұлу елінің намысының қалай төгілгенін өз көзіменен көрсін деп, әдейі тірі сақтағым келді. Қол-аяғын кісендеп, сендер жеткенше, түнімен күзетіп шығуды нөкерлерге бұйырдым.
— Сосын?! — Бұ жолы Сыбан Раптанның даусы темір тор ішінде тұрып ызаланған жолбарыстың гүріліндей тым қатты шықты.
— Сосын... Сосын Шәңгерек ноян мен барлауға кеткенде, күзеттегі Меркіт жігіттеріне бұйрық беріп, қыздың қол-аяғындағы кісенін алдырып босатып жібереді... Шәңгерек ноянға қыз: «Егер тірі кездессек, бұл жақсылығыңды өтеймін» деп рақметін айтып, атына мініп, Әбілқайыр ханның әскеріне қарай бір-ақ тартыпты.
— Демек, Әбілқайыр хан біздің келе жатқанымызды біледі екен ғой?
— Әрине.
— Қап! Сосын?!
— Сосын... мен Шәңгерек нояннан қызды неге босаттың деп сұрадым.
«Қызды мен босатпағанымда, сен оны бәрібір өлтіретін едің ғой» — деді ол.
Мен: «Өлтірсем ше?», — дедім. Ол «Одан өзімнің өлгенімді артық көрдім», — деді. Мен: «Қызды өлтірмей-ақ өзімнің аға-інілерімнің біріне беретін едім ғой», — дедім. Ол: «Онда мен сені де, өзімді де өлтіретін едім», — деді. Сонда ғана барып мен Шәңгерек ноянның ол қызға шын ғашық болып қалғанын ұқтым. Өзімді-өзім ұстай алмай, оны өлім жазасына бұйырдым...
— Бекер еткенсің... Әкең қонтайшының шешімін күту керек еді...
Бағанадан бері сазара сөйлеп тұрған Хоча:
— Әке, менде де жүрек, сезім, намыс бар емес пе? — деп, өкіріп қоя берді.
Тас жүрек Сыбан Раптан қызының Шәңгерек ноянды қаншалықты жақсы көріп келгенін енді ғана түсінді.
— Өзің емес пе едің оған шықпаймын деген? — деді ол кенет сәл босаңсып. — Жә, болды, ондай жігіт сенің бір тамшы жасыңа тұрмайды! Бүкіл жоңғар халқының тілегін бір қыздың сұлулығына сататын бала өсірген Дода Жорджидың өз обалы өзіне!
Қонтайшы кілт бұрылып, жуан қамыт аяқтарының өкшесі біріне-бірі тиіп, атына қарай жүре берді. Тек қаңтарып қойған ер басынан тізгінін алып, аяғын үзеңгіге сала беріп, баласы Қалден Церенге:
— Хоча қазақ қызын өлтіріңдер дегенде, өлтіртпей тірі алып қалған Меркіт жігіттері бірі қалмай осы арада ажал тапсын! — деді.
— Құп!
— Қонтайшы алпыстан асып кеткеніне қарамай, бұлаң құйрық торы айғырына, үзеңгісіне аяғы тиер-тиместен ырғып мінді де, батысқа қарай желе жортып жүре берді. Хоча мен Ренат соңынан ерді. Бүгінге дейін Жоңғар елінің жеңісі үшін жан қиып келген жетпіс жігітті бір сәт қана көңілшек болғандары үшін өлім жазасына бұйырған Сыбан Раптанның қатыгездігінен жаны түршіксе де, Ренат өзінше тұжырым істеді: «Өзгеге әмірін жүргізем деген адам осындай тас жүрек болуы керек. Бұндай болмаған күнде Шыңғысхан әлемнің тең жартысын басып ала алмас еді» деп ойлады.
Хоча тобына кездесіп, Шәңгерек ноянның өліміне себепкер болған — ерлігімен жұрт көзіне түсе бастаған Бәсентин Малайсарының қарындасы Гәуһар еді. Арғын руының бір тармағы Бәсентин ол кезде Ұлытау төңірегін жайлайтын. Маңайында сауда-саттық ететін үлкен шаһар болмағандықтан, Ұлытау, Арғынаты маңайындағы қалың қазақ ауылдары Түркістан, Ташкент қалаларына кіре тартып, жүн-жұрқасын, тері-терсегін, кейде үйірлеп жылқысын, қотандап қойын айдай кеп, базарларына сатып, дүкендерінен қант-шайын, киім-кешегін, қала берді, ақыреттік бөзіне дейін алып қайтатын. Кей жылдары бұндай қала шыққан керуендер Бұхар, Хиуаға дейін де баратын. Биыл Малайсарының ауылы Түркістан базарына керуен тартқан. Келер жылы Есіл бойындағы бір ауқатты адамның баласына бермек боп отырған Гәуһарды әке-шешесі, құтты жеріне қонар алдында құрбыларымен барып бой жазып қайтсын және өз көңіліне ұнаған жасауын алсын деп, керуенге ілесіп саяхат құрып бара жатқан бір топ қыз-бозбалаларға қосып жіберген.
Керуен Түркістанға жеткеннен кейін екі бөлінген. Бір бөлегі, малдарын құндылау етіп сатқылары келген ауқаттылау жағы Ташкент барып қайтпақ болған. Екінші жартысы олардың қайта оралуын күтіп, Түркістанда қалып қойған. Сол Түркістанда қалған топта Гәуһар да бар еді. Түркістан төңірегіндегі қазақ атаулы шаһарды қорғаймыз деп жатқанда, Бәсентин жігіттері кемеден қашқан егеуқұйрық тышқандай, елге кетіп қалудың ретін таба алмады. Түркістанды қорғаушыларға қосылды. Гәуһар да солармен бірге қалды. Амал жоқ, Елшібек қаланы бергеннен кейін Арқа жігіттерімен бірге Гәуһар да Сырдарияның қалың қамысының арасына тығылды. Дәл осы кезде бұларға Әбілқайыр әскерінің келе жатқаны, оған жақында Аркадан Сәмеке бастаған қалың қол келіп қосылмақ деген хабар жетті. Іле-шала «ұзын құлақ» Сыбан Раптан Әбілқайырға қарсы қырық мың жауынгермен аттанды деген суық сөзді әкелді. Бұған қоса «Әбілқайыр әскері Сыбан Раптанның шыққанын білмейді екен, олар Шиелі бойында Сәмеке әскерінің келуін күтіп жатқанда, Жоңғар қонтайшысы аңдаусызда үстерінен түспек екен» деген тағы да суық сыбыс естілді. Хабарсыз жатқан қазақ әскерінің, жаудың тұтқиыл шабуылынан қатты апатқа ұшырайтынын білген нәзік сезімді, ер жүректі Гәуһар енді шыдай алмады. Әбілқайыр әскеріне хабар бермек боп атқа қонды. Біз ерейік деген серіктерді ертпеді. Нашар киінген жалғыз аттыны ешкім аңғара қоймас деген. Арқа жігіттерінің ең таңдаулы жүйрігін мініп жолға шықты. Сыр бойын қуалай түні бойы шабыстан танбаған Гәуһар, таң қылаң беріп келе жатқанда, Хочалар қос тіккен қоғалы көлдің жанынан өте беріп қолға түскен. Жігіт деп ұстағаны қыз болып шыққанда Хоча таң қалды. Қыз болғанда қандай! Сан айқастан өткен, сонау Қытайдың шекарасындағы Халқадан Түркістанға дейін адамзаттың нелер сымбаттысын кездестірген қалмақ жауынгерлері Гәуһарды көргенде, мөлдір су түбінде жатқан жарқыраған гәуһар тасты көргендей естері шықты. Шәңгерек ноянның бірден Гәуһарды өлімге қимай араша түсуі де осыдан еді.
Гәуһар босанып шығысымен сол күні сәске көтерілмей-ақ Әбілқайыр қолына кеп жетті. Ханға Сыбан Раптанның қырық мың әскері келе жатқанын айтты. Әбілқайыр дабыл қағып, әскерін сапқа тұрғызды. Хан кеңесін шақырды. Тұтқын жігіт Хочаларға Әбілқайырдың отыз мың әскері бар деп білмегендіктен айтқан. Әбілқайырдың бар әскері он бес мыңға да жетпейтін. Мұндай шағын қолмен қырық мың жауынгері бар Сыбан Раптанға қайдан қарсы тұра алады?
Бұлардың бар сенгені қалың қазақ жайлаған Арқа қолы болатын. Сол қолға сеніп жорыққа аттанған. Сол қолды күтіп, Шиелі бойына қос тіккен. Енді жаудың таяп қалғанын естіген жөне оған төтеп бере алмайтынына көзі жеткен Әбілқайыр бір себептен кейін шегінуді де ойлады. Бірақ Адай мен Таманың батыр жігіттері оған көнбеді. Олар Алшын руының алтын ұшты найзасын жоңғар қанына малмай кейін қайтпаймыз деп кесіп айтты. Әбілқайыр, амал жоқ, әскері аз болса да, Сыбан Раптанға қарсы шығуға бел буды. Тек өздерінің аз екенін айтып, «тезірек жетсін» деп, келе жатқан Сәмеке ханның әскерінің алдынан тағы ат шаптырды.
Болат ханның Ордасына Қабанбай батыр жеткенде, хан жазғы жайлау Нұра бойында болатын. Бірақ өзі төсек тартқан ауру екен. Бұл ел суық сөзден бұрын да хабардар боп шықты. Хан Жоңғарға қарсы шығуды інісі Сәмекеге тапсырды. Ол бүкіл Арқа бойындағы Орта жүз руларына кісі жүргізді. «Қазақ жеріне жау шапты, аттан!» деген хабарды естіген қалың ел лезде дүрліге қалды. Қазақ деген атқа ие болып, Еділ мен Ертістің, Алатау мен Есіл, Тобылдың арасын жайлаған елге ежелден соғыс деген сөз жат емес-ті. Ғасырлар бойы бұл елдің соғыссыз өткен бірде-бір жылы жоқ. Соңғы екі жүз жылын Сырдария бойындағы қалалары үшін Әбілқайыр, Мұхамед-Шайбани ордаларымен, Самарқант, Бұқар әмірлерімен айқаста өткізген. Бұнымен қатар он бесінші ғасырдың басынан бастап, күні бүгінге дейін Жоңғар, Қытай хандықтарымен алысып келеді. Әлі алдарында қанша қырғын апат бар! Осының бәріне еті өліп көндіккен халық, бұ жолы да «жер шетіне жау келді!» деген суық сөзді естігенде, елең ете түсті. Бірақ жерінің шалғайлығымен байланысты заматта жинала қоймады. Қырда жатқан жылқыларынан жорыққа мінетін аттарын алдыртып, босағада сүйеулі тұрған сойылдарын тақымдарына басқанша біраз уақыт өтіп кетті. Тек бір ай мөлшерінде отыз мыңға жуық жігіт жиналды. Осы жігіттердің ішінде, бүкіл қазақ еліне аттары мәлім, халқын жоңғар шапқынынан құтқаруға жан салған әйгілі батырлары: Арғынның бір тармағы Қанжығалы руынан шыққан Бөгенбай, Бәсентин руынан шыққан Сырымбет, Малайсары, Тарақты руынан шыққан Байғозы, Шақшақ руынан шыққан Жәнібек, Ұлытау бойындағы Найманның бір тармағы — Бағаналы руынан Оразымбет Имантай келді. Өздері жас болғанмен, кейбіреулері қастарындағы топ жігітке басшы болуға жарағандай. Бұлардың үстіне Баянауыл мен Көкшетау даласындағы Обаған өзенін жайлаған Уақ руларының жігіттерін ертіп, бұрын да Іле бойында жоңғарлармен сан алысқан, Арқаның ардагері Батыр Баянның өзі де бүгін-ертең жетпек. Бұлар келе бастағаннан кейін, сонау Ертіс бойындағы Қаракерейден өзіне серік жігіттерді жимақ болып, Қабанбай батыр еліне қайтты.
Әрқайсысы әр тауды мекендеген қазақ руларының әскерлері жиналғанша, жаз ортасы да болып қалды. Жұт жеті ағайынды дегендей, Арқаның жауынды-шашынды мезгілі биыл жылдағысынан ерте түсті. Сәмеке әскерінің тегіс жиналуын күтпей, Батыр Баян үш мың салт атты ығай мен сығай ер жігіттерден құрылған жау жүрек қолмен Сыр бойына беттеді. Бұлар сапарға шығар алдында ғана Сәмекенің сәлемін алып, Кіші жүздің ханы Әбілқайырға шабарман жіберілген. Екі ханның уәдесі бойынша қазақ қолы қарашаның орта шенінен қалмай Шиелі мен Жаңақорған арасындағы Сыр бойында бас қоспақ-ты. Осы арадан ел болып бірігіп, жоңғарға қарсы аттанбақ еді. Жері шалғай Арқа жігіттері дәл бүгін-ертең жинала алмайтындарына көзі жеткен Батыр Баян, Әбілқайырмен кездесетін мезгілдері таяп қалғандықтан, «Арқаның әскерінің алды келе бастады» деп Кіші жүздің көңілін көтере тұру үшін, өзі әдейі бұрынырақ шыққан. Бұл Көкше теңізді жағалай Қаратаудың теріскей тұсына жеткен кезде, Сәмеке де жиырма бес мыңға жуық қолмен Нұрадан қозғалған.
Ақылымен, ерлігімен емес, байлығымен ер арасындағы тартыста өзін жақтайтын шынжыр балақ шұбар төс шонжарлардың демеуімен көзге түскен Сәмеке Болат хан ауырғалы әбден лепіріп алған. Өткен жылы ғана кенжесі Құдаймендені Бөкей сұлтанның ұрпағына үйлендіріп, үш жүзді шақырған ұлан-асыр тойдың қызуы басылмай, әлі көкіп жүрген Сәмеке ырғалып-жырғалып қалың қолмен жорыққа аттанғанша, қырдың боранды-шашынды, желі өңменіңнен өтетін қара суық күзі де басталып қалған-ды. Көкше теңізге жетіп, оның күнбатысы мен Сыр бойына қарай беттеген кезінде, бүкіл қазақ жерінің Қарақұм, Қызылқұм, Сарықұмын дәл осы тұсқа әкеліп үйгісі келгендей, адам айтқысыз қара дауыл соқты. Аспанға көтерілген құм, топырақ, қиыршық тас, түбірімен жұлынған баялыш, жыңғыл, қаңбақтан дүние жүзі көрінбей кетті. Үйір-үйірлеп матастырған жылқының кей тобы жел өтіне шыдай алмай ығуға айналды. Тек өмір бойы жылқы бағып өскен Арқа жігіттерінің ерекше ерлік қимылдарының арқасында ғана аман қалды. Бұл қара сұрапыл екі күн дегенде әзер басылған. Азыққа деп айдап шыққан қотан-қотан қойдың бәрі тегіс қырылды. Тек түйелерге артқан бидай, тары, құрт, жент, май аман қалды. Қол қайтадан қозғалды. Бұрынғы тақыр дала енді аттың шашасына дейін көмілген кұмға айналып, жайылысқа үйренген жүйріктер жүдеп-жадап, сегізінші күн дегенде Сырдың теріскей тұсына Ақмешіттен бір күндік жерге кеп тоқтады. Сәмеке осы арада ер қажап тастаған аттардың жарасына май жағып, әбден қажыған жігіттерін тынықтырып алу ойымен сәл аялдады. Осы арада сол Сыбан Раптанның әскері Әбілқайыр қолымен Жаңақорған маңайында кездесіп, қатты қырғын соғыс болғанын, Әбілқайыр қолы жеңіліп кейін қайтқанын естіді.
Сыныққа сылтау іздеп келе жатқан Сәмеке енді жалт берді. «Қыс болса келіп қалды. Жоңғар әскері де ұрысын тоқтатады. Арқа жаққа бәрібір беттемейді. Өзіміз барып тиісуіміз — шын ақылсыздық болар. Әбілқайырдың қолын жеңген Сыбан Раптан, біздің жадап-жүдеп әзер жеткен әскеріміздің быт-шытын шығаруы даусыз. Текке құримыз. Одан да «есің барда — еліңді тап» деген, босқа қырылмай тұрғанда елімізге қайтайық. Құдай бұйырса, жоңғармен келесі жазда кездесерміз. Оған дейін қалың қол жинап, әбден мықталайық» деді Сәмеке. Шынжыр балақ, шұбар төс ру басшылары бұл кеңесті мақұлдады. Расында да Сәмеке әскері, осы күйінде Сыбан Раптанға қарсы шығар болса, текке қанжоса болатыны айдан анық еді. Бір жағынан, Әбілқайыр қолының кейін қайтқаны Арқа жігіттерін рухани әлсіретсе, екінші жағынан, алыс жолдан жадап-жүдеп келген әлсіз жұрт мұздай боп дайындалған, өздерінен екі есе көп Жоңғар әскеріне төтеп бере алмайтыны да хақ. Күреске түсуге дәрменің жетпесе құр жүректілік кімді мұратқа жеткізген. Арқа жауынгерлері Сыбан Раптанмен кездеспей кейін қайтты.
Қырық мың қолмен Сыбан Раптанның келе жатқанын Гәуһардан естіген Әбілқайыр дабыл қақтырып бар әскерін сапқа тұрғызып, «тәуекел!» деп Сыбан Раптанға қарсы жүрген. Бұл жолы Сыбан Раптан емес, оны Әбілқайыр ойламаған жерден шапты. Әскері шұбалаңқы келе жатқан Жоңғар қонтайшысы күтпеген жерден тиген жаудан шүу дегенде сескеніп қап, сәл кейін шегінсе де, қазақ қолының анағұрлым аз екенін көріп, тез-ақ есін жиған. Жоңғар әскерінің соңғы шептері де жетіп, Кіші жүздің жігіттері қанша ерлік көрсетіп қарсыласқанмен де, ерікке қоймай, қазақ әскерін кейін қарай ығыстыра түскен. Енді бұларды жеңуге айналдым ғой деп, ақырғы қимылына кіріскен кезде, кенет «Қабанбай!», «Қабанбай!» деп ұрандасып, қамыс арасынан Қабанбай батыр бастаған Найманның екі сан қолы Жоңғар шебіне дәл өкпе тұсынан тиген. Әуелде Арқаның қалың әскері келіп қалған екен деп абыржыған Сыбан Раптан, бүйірінен тиген жау жаңадан жеткен шағын жасақ екенін түсінісімен, тез-ақ бойын жинап алған.
Жоңғар қолы қайтадан шабуылға шықты. Ұрыс шиеленісе түсті. Күн екіндіге таяп қалған кез. Қазақтың бұдан басқа әскері жоқ екеніне көзі жеткен Сыбан Раптан, өзінің көптігін көріп, әскеріне «бірде-бір қазақ жауынгері құтылушы болмасын, жан-жағынан қоршап алыңдар!» деп бұйрық берді. Жоңғар әскері қонтайшысының бұйрығын орындаған. Ұрысқа қызу кіріскен Әбілқайыр өздерінің қоршауда қалғанын күн батып бара жатқанда бір-ақ білді. Қандай қақпанға түскендерін аңғарған Кіші жүздің жігіттері қашып құтыла алмайтындарын түсінісімен-ақ, өлімге біржолата бел буған. Жастықтарын ала өлмек болды. Қазақ жігіттерінің ерлігі, қайсарлығы бұрынғысынан он есе, жүз есе арта түсті. Жауының оңай берілмейтініне көзі жеткен Жоңғар жауынгерлері де барын салды. Екі жақтан да бірдей батыл қимыл, қан-жоса кескілесу басталды. Бірақ Әбілқайыр қолының жан-жағынан темір қоршау бірте-бірте тарылып, қазақ жігіттерінің шеңберден шыға алмай қырылатыны шындыққа айнала бастады. Сонда да әйгілі Адай, Тама, Найман жігіттерінің қоршауында, маңына жан жуытпай жүрген Әбілқайыр «жеңілдім» деп қол көтермеді. Бұған ызаланған Сыбан Раптан «қазақтың бірде-бір жауынгері тірі қалмасын!» деп тағы жарлық берген. Қанды көрген қасқырдай, қазақты қыруға әбден құнығып алған Жоңғар қонтайшысының бұл бұйрығын орындар ма еді — қайтер еді, кенет солтүстік жақтан «Аруақ!», «Аруақ!», «Ақжол!», «Ақжолдаған!» айбарлы ұран шықты. Бұл кезде күн де батып бара жатқан-ды. Ойламаған жерден айбарлы ұран естілгенде Сыбан Раптан шын сасып қалды. Сәмекенің қолы жеткен екен деп ойлады. Ал бұл жеткен — бар болғаны үш мың жауынгері бар Батыр Баян еді. Ол Іле бойында бұрын да қалмақпен сан айқасқан, сан жеңген, жау жағына бұрыннан белгілі батыр. Ақбоз атын қол алдында көсілдіре салып келе жатқан жігітті көргенде, жоңғарлар «Батыр Баян!» деп шу ете түсті. Жау шебінің бір жағы шетіней бастады. Сол шетінеген тұстан Әбілқайыр әскері қоршаудан босанып шыға берді. Бұл кезде қас қараюға айналған. Заматта қараңғы түсіп кетті. Енді екі жақ та ұрыстарын тоқтатып кейін шегінді. Осылай Батыр Баянның ойда жоқта пайда болуының аркасында бір қырғыннан сау қалған Әбілқайыр әскері, майданда тең жартысын көмусіз тастап әрі шегіне берді. Батыр Баянның әскерін қосқанның өзінде қолының саны бар болғаны он мыңға жетер-жетпес. Мұндай шағын күшпен үш есе көп жоңғарға не істейсің?
Сәмекенің алыста жатқанын білмеген Сыбан Раптан Әбілқайыр қолын қумады. Артымнан Сәмеке әскері түре соғар деп қорықты. Содан, екі әскер екі жаққа қарай шегінді. Көп кешікпей жаңбыры жоқ, қары жоқ, күпілі адамның өкпесінен өтетін, бүкіл Сыр бойының жұртына мәлім күзгі қара суығы да басталады.
Сауран қаласы Отырар, Сығанақпен қатар салынған қазақ елінің көне бекінісі. Бұл қамал жағалай қазылған, ұзындығы жиырма бес, тереңдігі он бес кез, тіп-тік ормен қоршалған. Ордың түбінен қамалдың жоғарғы ернеуіне дейінгі биіктігі елу гяздай1. Оның үстіне әр әмір, әр дәуірде бұл шаһардың қорғанын өзінше күшейте түскен. Сондықтан да қамалдың ғасырлар бойы келе жатқан қабырғаларын Шыңғыс хан шабуылы кезінде де тас атқыш машиналар бұза алмай қойған деген лақап бар. Аңызға қарағанда, Сауран шаһарына Шыңғыс хан әскері кіре алмаған. Тек қаланы қорғаушылардың бірі қалмай аштан қырылғаннан кейін барып, монғол басқыншылары ие болған.
Түркістанды тастап кеткен Елшібек батыр, түнде қамыс арасында тығылып жатып, күндіз жүріп, үш күн дегенде серіктерімен осы Сауран бекініске әзер жеткен.
Қала хакімі Тұрсынбек жоңғарлардан қорқып Әндижанға қашып кетіп, шаһар тұрғындары әбігерде екен. Бұл маңайға әйгілі Елшібек батырдың келгеніне олар қуанып қалды. Бір дауыстан бәрі шаһарды қорғау жұмысын Елшібекке тапсырды. Батыр бірден жауға тойтарыс беру жабдығына кірісті.
Жер бетін әділетсіздік билеген сонау қу заманда, тарих қиянаты әлсін-әлсін қайталана беретін. Осы сұрғылт балшықты ұлы бекініс сол қиянатты әр жүз елу жылдар арасында үзбей көріп отырған. Ол қиянатты Шыңғысхан кезінде де, Ақсақ Темір, Әбілқайыр, Абдолла шабуылдарында да бастарынан өткізген. Міне, бүгін жоңғар басқыншылары да сол қиянатты тағы қайталамақ. Ал қала тұрғындары бірі қалмай қырылғандарынша, шаһарларын жауға бермей қорғап келген. Бүгін де сүйтпек.
Бір кезде осы бекініс үстінде тас мүсін тәрізді күзетте Орақ батыр тұрған. Содан жүз елу жыл кейін, құл мен күңнен туған, жалаң төс батырлар Қияқ пен Тұяққа кезек келген. Қазір қорған үстінде осы қос батырдың ұрпағы, алпамсадай алып денелі, құрыштай берік Науан ұста тұр.
Науан ұстаның бар күн көрісі — көрігі мен балғасы. Арманы — арғы бабасы Орақ пен Қияқ, Тұяқ салған әділеттік пен ерлік жолын адал ұстау. Ал халқы үшін жан қиған ерлер жайындағы ел аңызы оның ана сүтіменен қанына сіңген.
Аңыз? Жоқ, Қияқ пен Тұяқ ерлігі аңыз емес, шындық! Оны ұрпақтан ұрпаққа ертегі етіп ел айтады, сол батырдың қаны тамған сұрғылт топырақты жер айтады. Бастарына қойылған құлпытас пен ерліктерін өткізген осынау берік қамал — бекініс жыр етеді.
Ата-бабасының ерлігі ұмытпастай боп ұрпақтарының жүректерінде сақталып, мойындарына тұмар болып тағылған.
Күзетте тұрған Науан ұстаның қасына Елшібек батыр мен Бұқар жырау келді.
Мұсылманша хат танитын Бұқар жырау — қазақ тарихы қамтылған көне кітаптарды көп оқыған әйгілі шежіре. Ұлы арманының бірі сол халқының ерлігін үлкен дастан ету еді. Ол қазақ елінің басынан өткен күндерін ғана емес, бүгінгі күресін де, ерлігін де жырламақ. Үш айдан бері Сауранның жауға берілмей тұрғанын естіп, кеше қара түнді жамылып, жау шебінен өткен. Содан бері қаласын жаудан қорғаған, аштыққа да, ажалға да көнген қара бұқара жұртын көріп, мұқалған көңілі бір жасарып қалған. Жыр шумағы бірінен соң бірі келіп, қиялында дастан да туа бастап еді.
— Арсыз ба, Бұқар-еке! — деді Науан ұста қос қолын кеудесіне қойып.
Бұқардың майдан басына келгенінен хабардар жұрт лезде жиналып қалды.
— Барсыңдар ма, өрендерім! — Бұқар сүйсінгендей барлық жұртты көзімен бір шолып өтті де, Науанға бұрылды. — Арғы аталарың Қияқ пен Тұяқ батырлардың ерлігіне қанық едім, өз ерлігіңді көзіммен көргелі, шыбын жанымды шүберекке байлап, әдейі іздеп келдім, арысым...
— Халқыңыздың халі қыл үстінде тұрғанда келгеніңіз — бізге он сан қол қосылғаннан кем болмас! — деді Науан ұста. — Ісіміз оң болар.
— Айтқаның келсін! — кенет Бұқар жырау төңірегіне бұрыла қарады. — Бір кезде осы Сауранды Абдолла әміршіден сенің бесінші аталарың Қияқ пен Тұяқ қорғап еді, қазір, Науан ұста, жоңғардың жолында өзің тұрсың. Шапқан жаудың екпініне қарағанда біз әлдеқашан құрып кетуге тиісті едік, ел болып әлі келе жатырмыз, құдайдың бұнысына да шүкіршілік!
— Уа, жырау! — деп Науан ұста сәл алға аттады. — Жаңа өзіңіз айттыңыз ғой, менің бабаларым осы Сауранды қорғаған деп. Бүгін жау жағы тыныш жатыр ғой, қажыған көңілге қуат бере ме екен, солардың ерлігін айтсаңыз қайтер еді?
Жұрт шулап қоя берді.
— Иә, жырау!..
— Бабаларымыздың ерлігін үлгі етелік!..
— Налыған көңілге нәр болсын!
Халқының өткен ерлігін бір айтатын кез осы екенін ұққан жырау, көп күттірмей, сөзін бастап та кетті.
— Қазақтың басынан қандай сорақы күндер өтпеген, — деді толғанып. — Соның бірі осыдан жүз елу жылдай бұрын Тәуекел ханның тұсында болып еді.
Бұхар әміршісі Абдолла өз ордасында отыр. Кенет көзі күлімсіреп, сұлу мұрты тікірейе қалды. Ойда-жоқта бірдемеге қуанып кеткендей. Бірақ әміршісі ашуланса кенет көзі күлімсіреп, бетіне қан жүгіре бастайтынын көп жылдан бері білетін ақылшысы Хасен-қожа тағы да жазықсыз біреудің қаны төгілгелі тұрғанын ұқты. Уәзір әміршісінің бұл қасиетіне үйрене алмай-ақ қойған. Алдында тұрған көжекті жер алдында аждаһаның сілекейі көзінен жас боп ағады дейді. Әміршінікі де сол тәрізді қылық... Сонда бұл жолы кімді жұтпақ? Қазір хан сарайында Хасен-қожадан бөтен жан жоқ. Сонда... Мұның қандай жазығы бар? Бар айыбы — Бабасұлтаннан Талас бойындағы ұрыста Шағайдың жеңіліп қалғанын естірткені ме?
Абдолла кенет орнынан тұрып, терезе алдына барды. Мұнара биіктігінен хан сарайының етегіндегі, қалың бау-бақшаға бөленген Бұқар шаһарының қиыр шетіне көз жіберді. Әр жерде сыртын сан түрлі бояуларымен өрнектеген, ернеулері құран сүрелерімен безенген күмбезді мешіттер, Калон, Чар, Минер мұнаралары, Ұлықбек салдырған салтанатты медреселер көрінеді. Хан сарайының ауласы өрік, жүзім, алма, алмұрт, інжір ағаштарымен сыңсыған жасыл бау... Ағаш арасы сылдырап аққан күміс қоңырау бұлақтар. Бұл өзбек елінің Самарқанттан кейінгі үлкен шаһары. Бір кезде бұл шаһарды Самарқантпен бірге Абдолланың бабасы Мұхамед-Шайбани Ақсақ Темір ұрпағынан тартып алған. Мұхамед-Шайбани қаза тапқаннан кейін, Бұқар қайтадан Ақсақ Темір ұрпақтарына көшкен. 1557 жылы, яғни хаджри есебі бойынша 964 жылы, жиырма төрт жасар Абдолла екінші рет жаулап алды. Содан кейін ол Бұхарды өзінің астанасы еткен. Осылай Бұқар хандығы туған.
— Бұхар әміршісі Абдолла өзбек халқының қанын қандай сорса, Сырдарияның орта шеніндегі қазақ елінің де қанын сондай сормақ болды. Бабалары Әбілқайыр мен Мұхамед-Шайбанидың қазақ жерінен шыққанын сылтау етіп, Сыр бойындағы қалаларын өзіме қаратамын деп талай рет шапты, — деді жырау.
Абдолла терезе алдынан кейін бұрылып, жан-жағына ойлана қарады. Бірақ оның кірпік қақпай тесірейе қалған шегір көзіне — зәулім сарай еденіне төселген қырмызы қызыл парсы кілемдері де, әшекейлі өрнекті сафьян орындықтар да, қабырғада ілулі тұрған болат аспаптары мен алтын зерлі қылыш, қанжарлары да, бұрыштағы дөңгелек арша үстелінің үстіне шәрбат ішуге қойылған фарфор кеселер де, имек мойын күміс құмыралар да — бірде-бірі көрінбеді. Оның шегір көзі хан сарайының мәрмәр қабырғаларын тесіп, әлдеқайдағы көкжиекке шаншыла қарағандай.
— Қожа, сенен ақыл сұрағым келіп тұр, — деді ол, тағы көзі күлімдеп. — Дос боламын деп ант берген жауым, басқа жауларыма достық көрсетсе, мен қандай шара қолдануым керек?
— Ондай алдамшы достардың басын алған жөн, тақсыр хан.
— Солай де.. Біздің жаққа шыққан Шағай мен оның баласы Тәуекел, қас жауым Бабасұлтан мен Бұзахұрдың бастарын маған әкеп бергілері келмеді. Ал, олардың басын қазақ қалаларын жаулап алған соң мен кесуім керек...
Бабасұлтанның опасыздығын сылтау еткен Абдолла бір мың бес жүз сексен екінші жылы, тамыздың сегізі күні Сауран бекінісінің етегіндегі қалың тоғайдың арасына кеп шатырын тікті.
Таң атып келе жатқан мезгіл. Бір кездегі атақты Әбілқайыр бабасының лашкерлеріндей, кілең көк темір құрсанған, төгілген жал, құлаш құйрық жүйрік мінген елу мың әскер лек-лек боп, бекіністі қоршай сапқа тұра бастады. Шаһардың сол жағында ақ боз, қара көк сәйгүлік мінген, бастарындағы болат дулығалары шығып келе жатқан күнмен шағылысқан Ұбайдулла сұлтанның жауынгерлері. Теріскей жақта күн белгісі бар қара туды желбіретіп ұстаған Абдолланың баласы Әбді-Мумин сұлтанның лашкерлері. Түстері суық, қаһарлары ызғарлы. Күнгей тұста Ұбайдулланың баласы Асфандияр сұлтанның, ірбіз басының суреті салынған алқара көк туының астына Абдолла қарамағындағы Келдеш би, Жандәулет би, Тұрсын би, Бике би секілді белгілі әмірлердің жігіттері тізілген. Дені қазақ руларынан шыққан әмірлер болғандықтан, бұлардың әскерлерінің сырт бейнесі Дешті Қыпшақ сыпайларына ұқсайды. Найзаларының басына ту етіп тұтам қылшық байлап алған. Тақымдарының астында бұзаубас шоқпарлары.
Сауран шаһарының құбыласындағы тоғайлы алаңында Абдолла әміршінің алқызыл жібек шатыры көрінеді. Бұ жақта да қалың әскер. Бұл әскерлер өзгелердікінен гөрі салтанатты. Жігіттерінің киген сауыттары да ерекше зерленген. Белдерінде кілең қорасан болатынан соғылған Бұхардың ұзын қисық қылышы. Иықтарында ұзын мойын білтелі бұқар мылтығы. Әскер кейпі сәнді де, сұсты да.
Шаһар бекінісінің үстіндегі кереге көз алаңдардағы қала қорғаншылары: қала хакімі Әбді-Саттар, Қияқ, Тұяқ батырлар... Кенет бүкіл әлемді басына көтере барылдаған керней үні шықты. Оған шиқылдаған зұрнаның ащы даусы қосылды. Жүздеген дауылпаз қағылып, заматта дүние біткен әлем-тапырық үнге толды да кетті.
... Енді Бұхар әміршісінің қызыл жібек шатырының ар жағындағы шағын тоғайдан бір топ салт аттылар көрінді. Үстеріндегі болат сауыттары күнге шағылысып жалт-жұлт етеді. Жалаңаш қылыштарын бастарына көтере ұстаған. Қорасан құрышының жүзінде күн сәулесі емес, ажалдың суық ызғары ойнағандай. Ең алдында өн бойы күміс шынжырлы сауытпен жабылған есік пен төрдей ақ боз ақалтеке арғымақ мінген, қырықтарға жаңа жеткен, сұлу мұртты, тұлғалы адам келе жатыр, Өзгелерден бұның құр ғана айбарлы пішіні, атқа тәкаппар отырысы, асыл қару-жарағы ғана емес, тағы да бір айырмасы бар. Астындағы ақбоз тұлпарының тоқпақтай кекілінің үстіне көне заман ғұрпымен «бақ құсы» — аппақ сүттей тұрымтайды отырғызып алған. Егер тұрымтай жау көргенде қорқып ұшып кетпесе, батырдың жолының оң болары хақ. Ал жау қарасын көргеннен тұрымтай қаша жөнелсе, онда батырға бұл айқас қауіпті. Бақсы-балгерлер заманында жаман ырымнан сескеніп батырлар атының басын кейін бұрады.
Атты жасақ шеткі әскер алдына жете бергенде, қайта дабыл қағылып, керней, зұрналар қайтадан ішегін тарта барылдап, шиқылдап, бүкіл әлемді азан-қазан етті.
Қамал басындағы жұрт бұл топ Бұхар әміршісі Абдолланың тобы екенін, бәрінің алдында ақбоз ақалтекесін ойнақтатып келе жатқан айбынды баһадүрдің өзі екенін біліп сескене қалған.
Әмірші тобы сол қылыштарын көтерген қалпында Абдолланың соңынан құрық тастам жерде жұбын жазбай желе шауып, қорғанды қоршаған қалың әскердің алдынан тоқталмай өтіп келеді. Жан-жақтарына қарар емес. Тек Абдолла топтың алдында тұрған сұлтандарын, батырларын, билерін көргенде ғана соларға қарай мойнын бұрады. Әмір, сұлтандар: «Мәртебелі болыңыз, үлы баһадүр!» деп бастарын иіп тәжім етеді. Әмірші атын ойнақтатқан қалпында әскер алдынан өте берді. Соңынан еріп келе жатқан топтың үстінен алтын ай бейнесі салынған Мұхаммед пайғамбардың жасыл туы бүкіл аспанды жапқысы келгендей, желмен ойнап желпілдейді. Ақ боз арғымақтың кекіліндегі «бақ құсы» байлап қойғандай тырп етер емес.
— Біз жеңіліп, ол жеңеді екен, халайық, — дейді құстың ұшпағанын көрген біреу.
Енді Абдолла тобы Әбді-Саттар тұрған қабырғаның тұсынан өтіп бара жатыр. Екі топтың арасы садақ оғы жетер-жетпестей мөлшерде.
— Ол бізді жеңгенше...
Қала хакіміне таяу тұрған Қияқ батыр сөзінің аяғын айтпай қайың садағына сауыт бұзар жебесін салып жіберіп, Абдоллаға қарай шірене тарта бастады.
— Атпа! — деді бір зор дауыс.
Қияқ батыр «әттең, әттең!» деп, жебесінің ұшын жерге қаратты.
— Олай болса! — деді ағасының сол жағында тұрған Тұяқ батыр садағын көтере беріп, тартып қалды.
Құладын қауырсынына байлаған қозы жаурын жебе зу етті. Көзді ашып-жұмғанша, Бұхара әміршісінің астындағы ақ боз сәйгүліктің кекілінде отырған ақ тұрымтай жалп етіп жерге ұшып түсті.
— Мерген екен! — деді Абдолла жүзінен ешбір қобалжу белгісін көрсетпей.
— Тұрымтай өзі ұшқан жоқ атып құлатты ғой, бұл санаққа алынбайды. Басқасын отырғызыңдар.
Нөкер кейін шауып, заматта қайта оралды. Әмірші атымен қатарласа желіп, ақ боз жүйріктің кекіліне басқа бір ақ тұрымтайды отырғызды.
Абдолла ертеңіне тағы майданға шықты.
Тағы күн шығып келе жатқан кез. Қамал үстінде баяғы адамдар... Тағы көк темір асынған қалың әскер. Кенет дабыл қағылып, керней, зұрналар ішін тартып барылдап, бүкіл әлемді азан-қазан етті. Тағы кешегідей сес көрсетіп, жалаң қылыштарын басынан жоғары көтере, нөкерлерін соңынан ертіп жасыл туын желбірете, қамалды жанай ақ боз ақалтекесін ойнатқан Абдолла әмірші... Бірақ бұ жолы кешегідей емес, алыс кетіп барады. Сірә, Тұяқ мергеннің жебесінен қорыққандай.
Абдолланың ақ боз атының кекіліндегі ақ тұрымтай алыстан бір үн естігендей қанатын қағып жіберді де кенет жоғары көтеріле берді. Қас қаққандай уақыт өткенше ол қамалға таяй түсті де, кенет кілт бұрылып кейін ұшты. Шамасы, ат кекіліне қайта барып қонбақ. Бірақ ол ойнағысы келгендей, ойламаған жерден бір бұтаға барып қонды.
— Ұстап әкеліңдер, — деп бұйырды Абдолла.
Бір нөкері шапқан бойы, жерден теңге алғандай, бұта басындағы тұрымтайды қолымен алып, қағып кейін қарай зымырады.
— Лашкарға емес, құсқа обал болды-ау! — деп өкінген дауыс шықты. Сөйткенше болған жоқ, Тұяқ қолындағы садағын көздемей тартып қалды. Абдоллаға жүз қадамдай қалған лашкар қолындағы тұрымтаймен бірге жерге жалп етті. Абдолла қорған жаққа таңдана қарады да, атының басын кейін бұра сала, шатырына қарай шаба жөнелді.
— Жау тұрымтайының денесі біздің жерімізде қалды, жақсы ырым! — деді, бағанадан бері болып жатқан оқиғаға үн-түнсіз қарап тұрған Әбді-Саттар сұлтан.
— Әйтсе де, ат кекілінде отырған тұрымтай кенет неге бізге қарай ұшты? — Ол Тұяққа сезіктене қарады.
Тұяқ сәл езу тартты да, қолын аузына апарып, нағыз бір бала күніндегі құс шақыратын әдеті есіне түскендей, ақырын ысқырды.
Хакім езу тартып күлді.
— Сенің құпияңды ешкім білмей-ақ қойсын — деді ол, — құс денесі біздің жерде қалды. Бұған халық та сенсін...
— Жау қандай айла қолданғанмен, қамалды ала алмады, — деді Бұқар жырау. — Басқыншылары қара түнде ұрланып келіп, қабырғаға баспалдақ қойса, қорғаушылар үстерінен майлы от-дәрі лақтырды. Бекініс астынан жау ор да қазып көрген, бірақ Сауран бекінісінің қабырғалары он бес кездей жер астынан қаланғандықтан, одан да ештеңе шықпады. Терең жыра өткізіп, Сырдың суымен қаланы тұншықтыруды да ойлады. Қала биікте тұрғандықтан, суы жоғары көтеріле алмай, ернеуінен асып, Абдолланың өз шатырын су әкете жаздады. Осылай арпалыста үш ай өткенде, Сайрамнан азық-түлік келу тоқтатылды. Абдолла тонаған жұрт Сайрамға жиналып, қала маңында бүлік көбейді. Енді онсыз да тамаққа жарымай жүрген Бұхара әскерінің халі тіпті қиынға айналды. Азық-түліктен ада бола бастаған әскердің арасында «осы соғыс кімге керек?» деген күңкіл де туа бастады. Көп кешікпей бар астық бітті. Әскер ашаршылыққа ұрынды. Енді жігіттер зеребе ұстасып, ұтылған серіктерінің атын сойып жеуді шығарды.
Сауранды қоршап болған Абдолла қорғанды алудың жаңа жолын ойлай бастады. Ең алдымен ол бір күні түнде Бұхар аймағының әмірі Камалиддин Хұсаиндиванға ат шаптырды. Тезірек Сауранға азық-түлік пен Рухади ұста құйып жатқан «Қара бура» тас атқыш қазанын жеткіз деп бұйырды.
Жер арасы шалғай, жәрдем тез келе қоймады. Абдолла әскерінің халі күннен-күнге нашарлай түсті. Әскер арасында бүліншілік те шығуға таяды.
Бұл соғыстың қажеті жоқ екеніне көзі жеткен кей жігіттер қазақ даласына қашты. Сонау Бұхара мен қазақ жерінің түйіскен тұсында, Сырдария мен Амударияның қамысты жағаларында өзбек, қазақ, түркімен, қырғыз жігіттерінен құрылған бірнеше аламан жасағы пайда болды. Олар тек қана бай мен манаптардың мал-мүлкін талап қоймады, Сауранды қоршаған Абдолла әскеріне бара жатқан, азық-түлік тиелген керуендерді де шапты.
Абдолла әскерінің халі күннен-күнге қорқынышты бола бастады.
Бір күні әмірші үстіне жаман шапан киіп, түсін өзгертіп, әскер шебін аралады. Топ жігіттің жанынан өтіп бара жатып, олардың не сөйлесіп тұрғанын естімек боп тоқтай қалды.
— Қашан бітер екен бұл соғыс? — деді бір жас дауыс.
— Сауранды ал, сосын бітеді, — деп жауап берді кәрі жауынгер.
— Сауранды алсаң, «Сайрамды ал!» дейді. Сонда менің табарым не? Соғыстан олжа етіп алып барған азғантай матаң мен ақшаңды елге қайтысыменен, «соғысқа керек» деп салық жинаушы тартып әкетеді.
— Берме!
— Бермей көр!
— Бәрі алладан және өзіңнен...
— Өзіңнен? Топ итті жолбарыс басқарса, біраздан кейін иттер жолбарысқа айналады. Топ жолбарысты ит басқарса, жолбарыстар түбі ит боп кетеді. Бізден не шығады, ит боп кеттік қой. Әйтсе де Мұрат балуан өз жолын өзі тауыпты... Аламан боп жүрген көрінеді. Жақында хан керуенін тонапты. Енді ханның өзі кездессе екен дейтін көрінеді.
— Неге?
— Оған сақтап жүрген оғым бар депті...
— Ақырын...
Абдолла әрі қарай жүре берді. Бір адамды жазалағанмен не шығады? Біреуінің басын кессең, оны наразы болады. Онының басын кессең, жүзі бүлік шығарады. Қазір әскер арасы қураған қурай секілді, болмашы ұшқын түссе болғаны лап ете қалғалы тұр.
Қиын жағдайдан әміршіні Бұхардан келген жәрдем құтқарды. Екінші Жұмаділ айынын оны күні бірнеше «Қара бура» тас атқыш қазандары мен тоқсан түйеге тиелген азық-түлік жетті. Абдолланың жарлығы бойынша, төрт қазан Сауранның сыртында төрт жерге орнатылған. Әбден ыза болған әмірші «Қара бура» тас атқышы дайындалып бітісімен-ақ радендазанларға (зеңбірекшілерге) «Атыңдар!» деп бұйрық берді. Дабыл қағып, зурна, кернейлер барылдай жөнелді. Ал «Қара бура» қазандары астынан көтерілген бу мен жалыннан гүрсілдей ақырып, қойдай-қойдай тастарды ғасырлар бойы мызғымаған қамал қабырғаларына дүңк-дүңк ұрды. Кенет ақырзаман орнағандай дүние жүзі әлемтапырық болып кеткен. Енді «Қара буралар» қала ішіне атылып, әр жерде өрт шыға бастады. Сонда да қала қорғаншылары «көндік!» деп қол көтермеді. Қияқ пен Тұяқ басқарған екі жүз мерген қорғанға таяу қойылған тас, атқыш жанындағы сарбаздарға оқты қардай боратты.
Дүние осылай астан-кестең боп жатқан кезде Сауранға Яссыдан хат таситын көгаршын ұшып келген. Көгаршынның мойнына байланған қағаздан Сауран тұрғындары өздерін құтқарып алуға, Ноғайлы елінен жиналған қалың қолмен Бабасұлтан мен Бұзахұр келе жатыр деген қуанышты сөзді оқыды. Бұл сөз қала қорғаушыларының рухын көтеріп тастады. Енді олар «Бауырларымыз, сендер жеткенше қаланы бермейміз» деп, бүкірейген шалы мен еңбектеген баласына дейін қайтадан қамал үстіне шықты. Бұлардың бағына қарай, кейінгі күндерде «Қара буралар» да даусын сирек шығара бастаған. Өйткені, қазандарды қыздыратын Бұхардан алып келген майлары таусылуға айналып еді.
— Ал, Яссыдан келген хабар жалған хабар еді, — деді Бұқар жырау. — Оқиға былай болған: Бабасұлтан мен Бұзахұр сұлтан Абдолладан қашып Мұғажар тауларын бөктерлей отырып Сарайшыққа жеткен. Бірақ осының алдында ғана Ноғайлы елі бағынып отырған Астрахань хандығы құлап, Астрахань қаласы бұл уақытта айбарлы орыс патшасы жандаралдарының қолына көшкен. Астрахань хандығының билері орыс патшасының қол астына енген. Бұларға көнгісі келмейтіндердің біразы Қырымға, Герей ханның жеріне қашқан, ал кейбіреулері Ноғайлы елін паналаған.
Бұхар хандығына қарсы күресуге Түркістан сұлтандарына әскер беруге қарсы болған осы Астрахань билері еді. Бұлардың сөзін Маңғыт руының беделді ақсақалдары, шонжарлары қолдады.
— Ноғайлы елінің жігіттері орыс патшасынан Астраханьды қайтарып алуға керек, — деді Астрахань билері, — Ноғайлы жұртының мұң-мұқтажы осы жерде, күші мол Қырым ханына жететін жолда. Біз Қырым ханымен бірігіп, Ноғайлы жерін сақтауымыз керек. Айдаладағы Абдолламен соғысып біздің қандай шаруамыз бар?
Ақырында Ноғайлы еліне келіп көп әскер аламын деген Бабасұлтан, шағын қолмен ғана үй ішін ертіп, өз басын өлімнен әзер құтқарып, Түркістанға қарай беттеген.
Сауран қорғаушыларына жеткен «Бабасұлтан келе жатыр» деген осы хабар еді. Бірақ әлдекімнің дуалы аузыменен өзгеріп жетті. Қастығы ма, достығы ма, кім білсін?...
— Бабасұлтанның келе жатқанын Абдолла да естіді, — деді Бұқар, анталаған жұртқа қарап, — дереу Тәуекелді жұмсады.
Ол он күн өткеннен кейін Бабасұлтанды өлтіріп, қолға түскен баласы Латифты алдына салып айдап Сауранға келді. Жібек шатырының алдында, хан тағында отырған Абдолла әміршінің аяғының астына Бабасұлтан мен Жалмұхаммед аталықтың бастарын тастай салды да, өзі бір тізерлеп тәжім етті.
Абдолла әмірші түрегеліп, аяғының астында жатқан жауларының бастарына көз жіберіп сәл тұрды да, үстерінен аттап, анандай жерде тізе бүгіп отырған Тәуекелдің қасына келді.
— Ең қас жауыңды өлтірген адам ең жақын туысқаныңнан да қымбат! — деді сұрлана қарап. — Тәуекел сұлтан, сен енді маған бауырым Ұбайдолла мен Дүстем сұлтаннан кем емессің. Осы еңбегің үшін өзімнің туған қалам Африкентті сыйладым.
— Көп рахмет, мәртебелі әміршім, — деп Тәуекел орнынан түрегелді.
Абдолла жиди бастаған бастарды бұзылып кетпес үшін, балға толы күбіге салдырды. Сол мезгілден бастап, Бұхар әміршісінің бас жауының құрығаны үшін үлкен той басталды. Түні бойы Сауран қорғаншылары жау жағының у-шуын, шаттана шырқаған ән-күйін естіп шықты. Шараптан әбден еліріп алған бір лашкар қамал етегіне кеп: «Бүгінгі түн сендердің ақырғы түндерің! Ертең жан біткеннің бәрі жоқ болады!» деп айқай салды. Қамал басында тұрған бір жігіт ашу қысып кетіп, оған қарай қолындағы қамыстан жасалған оқ-дәрісін лақтырды. Мас лашкар үстіне түсіп, лап етіп жанған оқ-дәрімен бірге лапылдап өртеніп шыр-көбелек айналды да қалды.
Кешеден бергі қанды оқиғадан хабары жоқ сұлу күн әдеттегісіндей тағы да әлем бетіне алтын нұрын төге шықты. Дүние жүзін тағы да мерейлі шаттық биледі...
«Қара бура» гүрсілі сол тоқтап, болмашы тыныс алған, шоғырланған тобылғы, баялыш арасындағы қара торғайлар көтеріліп келе жатқан күнді құттықтағандай, әлемді тәтті бір әуенге бөлей, ән шырқатты.
Жібек шатырынан Абдолла әмірші де шықты. Ол нөкерлеріне әмір берді.
Көп кешікпей қамалға қарай қара күбі қойылған ат-арба бара жатты. Арбамен қатарласа қол-аяғы кісендеулі Латиф сұлтанды бір кісіге сүйретіп, бір кісіге айдатып қамал етегіне Құлбаба көкілташ та жетті. Қамал үстінде Әбді-Саттар мен Сауран биі Жанболат төре тұр. Қастарында Сауран ақсақалдары, Қияқ пен Тұяқ... Аяқ-қолы кісендеулі сүйретіліп келе жатқан туған інісін көргенде, Әбді-Саттар бір мезет екі қолымен бетін басып тұрып қалды.
— Уа, ағайын! Асқар тау, сенде бір мін бар, асуға жол бермейсің. Тасыған су, сенде мін бар, өтуге өткел бермейсің. Сауран шаһарының жақсылары, сендерде де бір мін бар, жеңілгеніңді көрмейсің! — деп бастады Құлбаба көкілташ, — жеңілгенің емей немене, Ноғайлыдан әскер әкеледі деп сенгендерің Бабасұлтан болса, алдарыңда тұр...
— Бабасұлтан қайда?
— Денесі қайда дейсіңдер ме? Бәріміз баратын қара жерде... Ал алтын басы мына бал салынған қара күбіде...
Әбді-Саттар інісіне қарап:
— Мына қақпастың айтып тұрғаны рас па, Латиф сұлтан? — деді дір-дір етіп.
— Рас...
— Естідіңдер ме, ағайын? — деді дауыстап Құлбаба көкілташ. — Енді сенетін кімдерің қалды? Одан да тағдырдың дегеніне көніп, өз еріктеріңмен беріліңдер! Сонда ғана ұлы мәртебелі Абдолла әмірші күнәларыңды кешеді.
— Ал берілмесек не істейсіңдер? — деді Жанболат төре дауыстап.
— Ең алдымен оз көзіңше мына тұрған бауырың Латиф сұлтанды бауыздаймыз, Әбді-Саттар мырза! Содан кейін барып зынданда құрт-құмырсқа жеп жатқан Тахир сұлтанның басын аламыз.
— Әбді-Саттар сол сазарған қалпынан өзгермеді:
— Сосын?
— Сосын... Осы қамалды қоршап алып, бірің қалмай аштан өлгенше, той тойлап, би билеуде боламыз.
Кенет Латиф сұлтан шынжырын сүйрете алға ұмтылды да, бар даусымен айқайлап жіберді.
— Біз үшін Сауранды бермеңдер! Абдолла Сауранды алғаннан кейін сендерді де өлтіреді. Бөріміздің қанымызды ішпей тынбаймын деген анты бар?
— Әкет кейін, мына жолбарысты!
Екі жігіт Латиф сұлтанды орнынан қозғалта алмады. Еңгезердей лашкар оны тізесінен таяқпен ұрып құлатты да, бәрі жабылып кейін сүйрей жөнелді. Ол сүйретіліп бара жатып:
— Кешірім етеді деген сөздеріне сенбеңдер! — деді бар даусымен. — Шыдаңдар! Берілмеңдер! Көп кешікпей сендерге жәрдемге Яссы, Сайрам, Отырар, Ақрұқ...Бүкіл қазақ даласы келеді.
Бұқар жырау осы тұсқа келгенде, тыңдап тұрған жұрт толқып кетті:
— Аруақтарыңнан айналайын бабаларым-ай?!
— Өлтіріп жатса да шаһарды жауға бермепті ғой.
— Біз де солардай болуымыз керек! Жырау сөзін қайта бастап кетті.
Ертеңіне күн шыға тағы дабыл қағылып, зұрна, кернейлер барылдап, әдеттегідей, бар әлемді басына көтерді.
Абдолла шатырынан шықты да, әлдекімге қолымен әмір етті. Сол сәтте ең үлкен «Қара бура» гүрс етіп атылды. Бұ жолы оның аузынан қамалға тас орнына сірі қапшық ұшты. Бұнда Бабасұлтан, Тахир, Латиф сұлтандар мен Жалмұхаммед аталықтың бастары бар еді. Қапшық жарылып кетпесін деп сыртынан кигізбен қаптаған. Ішінде Абдолланың қолынан жазылған «үлкен-кішілеріңе қарамай бәріңнің де бастарыңды дәл осылай кесермін» деген хат бар екен. Сауран тұрғындары ақ кигізге сап, төрт басты Әбді-Саттар мен Қияқ, Тұяқ батырлардың алдына алып келді.
Денесі жоқ төрт басты қала тұрғындары қадірлеп, мұсылман ғұрпымен жерледі. Бабасұлтан хикаясы осылай бітті.
Өліктерін жерлегеннен кейін, Ноғайлыдан күш келмейтініне көзі жеткен Әбді-Саттар кешке қарай Қияқ пен Тұяқты шақырды.
— Жігіттер! — деді ол. — Сауранды көп болса екі аптадай ғана қорғауға күшіміз жетеді. Ашаршылық жайлай бастады... Бірақ, жаудың да халі бізден артық емес. Күздің қара суығы, жауын-шашын басталғалы тұр. Ар жағында қыс та таяу... Абдолланың әскерінің дені ыстық жақтан. Бұл араның қара суығына шыдай алмайды. Және күзгі батпақты жолмен азық-түлік жеткізу де оларға оңайға түспейді. Күзге дейін шыдасақ, Абдолла қоршаудан еріксіз босатады.
— Босатпай жүрсе қайтеміз? — деді Тұяқ.
— Онда бәріміз де қырыламыз.
Үшеуі бір сәт үнсіз қалды. Қияқ бір ой түбіне шомып кеткендей, жерден көзін алмай тұрып-тұрып, әлден уақытта басын көтерді.
— Менің бір ойым бар.
— Сөйле, батыр.
— Бақанын алсаң, шаңырақ жерге құлайды...
— Сонда... сен...
— Анада бір ыңғайы кеп қалып еді...
— Қалайша?
— Менің жебем өзгелердікінен екі есе алысқа ұшады. Тек әлдекімнің «атпа!» дегенінен кідіріп қалдым. Бекер тыңдаған екем. Соған өзім де қатты өкінем... Ал қазір Абдолла бізге аспандағы жұлдыздан да алыс... Қолымыз жетпейді. Оның шатырын жұмақты қорғағандай қорғайды. Майданға үнемі қалқанмен шығады... Менің ойым Абдолла емес, басқа адам жайында. О да Бұхар әскерінің бір тірегі...
— Кімді айтып тұрсың, батыр?
— Тәуекел сұлтанды... Хақназар ханды Жасылкөл жағасында өз қолымнан қойдым. Хан өлер алдында маған Тәуекел туралы бір құпия сыр айтып еді...
— Онда... өзің білесің, батыр... Жастығына қарамай Тәуекел Абдолланың оң қолы екені рас. Және Тәуекелдің соңынан ерген қазақтар да аз емес. Қыс түскенде, Абдолланың өзге әскері шыдай алмағанмен, бұлар шыдайды. Мен Тәуекел жасақтарынан сол жағынан қауіптенемін.
— Рұқсат етіңіз, сұлтан, онда біз жолға шығайық.
— Рұқсат, жолдарың болсын!
— Сол күні түнде Абдолланың туған ағасы Ұбайдолланы, оның баласы Асфандиярды, Абдолланың жалғыз ұлы Әбді-Муминды, ақылшысы Хасенқожаны, егер ақылға көнбесе Тәуекел сұлтанды да жансыз барып өлтіруге, Саураннан жұпыны киінген бес тас жүрек жолға шықты. Бұлар кетісімен, бие сауымдай мезгіл өтпей Әбді-Саттар сұлтанның әйелі Айнар Сұлтан-Бике үйінің терезесінен жау жағына хат тасушы көгаршын ұшты. Көгаршынның қауырсынына байланған қағаздан Айнар Сұлтан-Бикенің әкесі Ұбайдолла өздеріне жіберілген бес жігіттің хабарын білді. Әбді-Муминды, Асфандиярды, Хасенқожаны өлтіруге келген үш жігіт бірден қолға түсті. Сол сағатта бастары кесілді. Ал Ұбайдолланы өлтіруге келген Тұяқ қауіпті дер кезінде сезіп қап, ұстауға шыққан лашкарлармен атысып, қоршаудан әзер құтылды. Өлдім-талдым дегенде таң ата Сауран қамалына жетті. Ешкімнің қолына түспей Тәуекелді аңдып, Яссы жағына тек Қияқ қана өтіп кетті. Бірақ бұ да алдынан күтіп тұрған жасақтан құтыла алмады.
Тәуекел бұл күндерде Шағай сұлтанның қарамағындағы қосынмен Яссы бекінісін шаппақ боп жатқан. Қол-аяғы байлаулы Қияқты Тәуекелдің алдына алып келді. Жаңа соққан алдаспанын сынамақ боп, сұлтан шатырының алдында бір құшақ жас тобылғыны шапқылап тұрған. Ол қылышын тастамай тұтқынның қасына келді. Жігіттің қандай қылмысы барынан бұрыннан да хабардар еді. Енді тұтқынның сымбатты дене бітісіне, өткір көзді қайсар жүзіне сұқтана қарады. «Әбді-Саттар сұлтан менің басымды алдыруға кімді жіберуді білген екен. Жеркене қараған келбеті қандай сұсты? Бұған мен не жаздым? Нәсілі, себебін білген жөн болар... Бостан-бос мені өлтіруге шықпаған шығар... Және өзінің жасы да менімен теңдес пе, қалай?»
Тәуекел сұлтан ызалана қараған Қияқтан көзін алмай біраз тұрды да:
— Атың кім? — деді.
Қияқ та көзін тайдырмай:
— Атым Қияқ, әкем Жаубасар батыр! — деді.
Тәуекел мырс етіп күлді.
— «Жаман иттің атын бөрібасар қояды». Жаубасар деген батырды естісем құлағым керең болсын. Қай рудансың?
— Арғынның батыр руы Алтаймын.
Алтайдың қай биінің баласымын дедің?
— Жаубасар деген құлының баласымын.
— О!.. Қаншаға келдің?
— Әкем марқұм Шағай сұлтанның өгей баласы Тәуекел туған күні сен де туғансың дейтін...
«Өгей баласы» деген сөзді естігенде, біреу жүрегіне қанжар салып алғандай, Тәуекел сұрланып кетті. Осындай жанына бататын бір суық сөзді ол бала кезінде де бір естігені бар... Бірақ, одан бері көп жыл өтті ғой... Нағашы әкесі Әбілқасымның үйінен әкесі Шағайдың қолына қайтып келгелі, мұндай жанын күйдірер лебіз құлағына тиіп көрген жоқ... Ал мынау құлдың айтып тұрғаны не сандырақ?
Ол қылышымен Қияқтың қол-аяғын байлаған шылбырды қиып жіберді.
— Отыр! — деді бұйырып. — Ал сөйле білгеніңді!
— Мына жат көздерің кетсін...
— Жақсы, олай болса шатырға кір, — деді Тәуекел Қияққа, сосын күзетші жігіттерге бұрылды. — Сендер сыртта қалыңдар.
Сұлтанның айтқанын орындап күзетші лашкарлар сыртта қалды. Тек шеткі, қабағы қатыңқы мосқал лашкар ғана, қылышын қынабынан суырып, есік алдына барып күзетке тұрды. Іштегі сөз сыртқа тегіс жетпегенмен, жан күйігінен ашына шыққан кейбір үндер талмаусырап күзетшіге естіліп жатты.
Тәуекел үйге Қияқты алып кіргеннен кейін, дереу сөзге кіріскен.
— Ал айтшы, маған қастық ойлардай қай бауырыңды өлтірдім, қай қалыңдығыңды қорладым?
— Қазақ баласы деген бауырымды өлтірдің, қазақ қызы деген қалыңдығымды қорладың! Абдолла әміршіге еріп туған еліңді қан-жоса еттің. Сол үшін мен сені өлтіруге тиісті едім.
— Туған елімнің қанымен менің қолым боялған жоқ. Бабасұлтанды өлтірсем, о да сенің ата жауың! Шарабхана оқиғасын ұмыттыңдар ма?
— Иә, ол солай... Бірақ Бабасұлтан қазақ еліне Түркістан уәлиетін соғыссыз қайтарып берді ғой, Абдолла оны соғыспен тартып алмақ. Сол ма сенің жаныңның ашығаны? Молда, қожа басының сақинасы бар адамды «қаны тасып кетіпті» деп тамырынан қан ағызып емдейді. Қазақтың қаны тасып кетті дегенің бе, халқыңның қанын судай ағызғаның? Қолым қанды емес дейсің, Кендірлік, Кеңгір бойының ауылдарын шауып, ақырғы күн көріс малын Абдолла әскеріне әкеп бергеніңде де қолың қанды болмады ма? Бабасұлтанға ерген Түркістан уәлиетінің қазақ жігіттерін Жыланшық өзенінің бойында қан-жоса етіп қырғаныңда, екі қолың бірдей өз бауырларыңның қанына боялған жоқ па еді? Яссыны шапқалы отырсың, сонда кімді мұқатпақсың? Баяғы бір сорлы қазақ елі емес пе? Осының бәрін Жаубасар құлдың баласы Қияқ түсінгенде, Шағай сұлтанның асыранды ұлы, Тәуекел, сен неге түсінбейсің?
Қияқ батырдың жер-жебіріне жете айтқан сөздері жанына сегіз таспалы қамшының осуындай батып тұрған Тәуекел, «Шағай сұлтанның асыранды ұлы» деген сөзді естігенде жүрегі тағы қабынып кетті. Беліндегі қанжарына қолының қалай барғанын білмей қалды. Әйтсе де ол өзін-өзі ұстап:
— Жарайды, егер менің қолым туған елімнің қанымен былғанса, жауының қанымен жуып ағартуға бармын, — деді даусы қырылдай шығып, — бұны соңынан ұғысалық. Ал сен бір емес, екі емес менің бетіме «Шағай сұлтанның өгей баласы» деген ауыр сөзді кінә етіп бастың. Бұл қай сөзің? Егер жалған айтып, жала жапсаң... — Тәуекел сөзін аяқтамай тоқтады.
— Жақсы, сен сұрадың, мен айтайын. Жалған болса халқы Хақназар деп атаған Ақназар ханның аруағы атсын. Бұл сөзді сол ханның өз аузынан естідім. Менің анам аты күңге лайық Қойсана болса, сенің анаңның аты ханшаға лайық Күнсана екен, — деп бастаған Қияқ, өзінің Тәуекел жайында білгенін тегіс айтып берді. Анасы Күнсананы өгей әкесі Шағайдың қалай өлтірген жерін естігенде, Тәуекел қанжарын суырып алып, ақырып жіберді.
— Тоқтат! — деді ол. Тәуекел есік алдындағы күзетшінің тым таяу тұрғанын жаңа ғана аңғарды. — Егер енді бір сөз айтар болсаң...
Қияқ кілт тоқтады. Тәуекел де сол жалаңаш қанжарын жоғары көтерген қалпында демін әзер алып, мелшиді де қалды. Әлден уақытта барып қанжарын қынабына салды.
— Осыншама құпияны білгенің үшін, тірі қалмауға тиісті едің... Әйтсе де, бір жолға кештім. Ал сен айтқан сырды басқаның аузынан естір болсам, маған өкпелеме!
Тәуекел жедел басып барды да, «Садық» деп дауыстады. Үйге күзетшілердің басшысы ұзын бойлы, ашаң жүзді лашкар кірді.
— Садық, — деді Тәуекел, — мына жігітті ауқаттандыр да, астына ат беріп, қас қарая барар жағына апарып сал. Өзіңнен бөтен тірі жан білмесін.
— Құп!
Тәуекелдің көзі кенет есік алдындағы күзетшінің алыстау барып тұрғанын шалып қалды. Енді ол сыбырлап сөйледі.
— Ал мынау Жарқын сарбазды... бүгін түнде жоқ ет!
— Құп!
— Сұлтан сыбыры өзі жайында екенін күзетші де сезді. Іші мұздап кетті. Әйтсе де, сыр бермеді. Қас қарая Садық тұтқынды шығарып салуға кеткен кезде, бұ да басқа жолмен Сауранға қарай тартты. Садықтың қайтып келіп, өзін өлтіруін күткен жоқ. Ол атын анда-санда сәл тынықтырып, түні бойы шауып отырып, таң ата Сауран түбіндегі Шағай сұлтанға жетті. Естіген сөзінің бәрін айтып берді. Сұлтан ләм-мим демей, үн-түнсіз тыңдап шықты. Қашқын бар білгенін жеткізіп болып, мұндайда айтылатын алғысты күтіп, басын төмен ие бергенде дәл жүрек тұсынан кегі алмас қанжар қадалды. Қашқын сәл еңкейе берді де, етпетінен құлап тусті. Жалғыз рет аунауға ғана мұршасы жетті, көзі шарасынан шыға жаздап бір ышқынды да, созылып жүре берді. Шағай еңкейіп Жарқынның кеудесіне қадалған қанжарын алды да, жанына жүгіріп келген дәйекші жігітке:
— Мынаның өлімтігін шығарып тастаңдар! — деді. — «Біреуге ор қазба, өзің түсерсің» деген осы.
Сәске көтеріле Шағай Абдолланың шатырына кірді. Ханға кәрі сұлтанның не айтқаны белгісіз. Тек қаһарына мінген Абдолла Тәуекелге жендеттерін жіберіп, ұстап әкелуге бұйырғанында, сұлтан өз шатырында болмай шықты. Хан үш түн өткесін барып, Тәуекелдің Дәшті Қыпшақ жеріне қашқанын естіді.
Сөйткенше күздің қара суығы да келді. Сауранды ала алмайтынына көзі жеткен Абдолла, әкесі Ескендірдің қатты науқас екенін сылтау етіп Бұхарға кайтты.
— Халық табандылығы деген, міне, осы! — деді енді Бұқар жырау, — Бұхар ханының көк темір құрсанған атақты әскері де азғантай қала тұрғынына ештеңе істей алмаған! Табанды болсаң жоңғарлар да кейін шегінеді.
Халық тағы шулап қоя берді.
— Табанды боламыз!
— Біріміз қалғанша шаһарымызды бермейміз!
— Жауға құл болғанша, өлгеніміз жақсы!
Шу басылған кезде бір жас жігіт:
— Сосын не болды! — деп сұрады, — Қияқ, Тұяқ батырлар қайтадан Абдоллаға қарсы соғысқа қатысты ма? Бабасұлтан ұрпақтары не істеді? Жауынан әкелерінің кегін қайтара алды ма?
— Бабасұлтан ұрпақтары емес, халық өз кегін Абдолладан сан рет қайтарды, деді Бұқар жырау. — Бабасұлтан хикаясы сонымен тынған. Құмкентке таяу, Үшбас пен Қарабас өзендерінің тоғысқан қойнауында осы оқиғадан жиырма бес жыл өткеннен кейін, сұлтанның кенжесі Ысқақ «әкемнің өлген жері» деп, мешіті мен медресесі бар «Баба» деген шағын қала салдырған. Өз басының қамы үшін халқын қанды қырғынға ұшыратқан Бабасұлтанның атын қазірдің өзінде ешкім білмейді. Ал Қияқ пен Тұяқтың аты халқының жүрегінде сақталып келеді. Олардың ерлігі әсіресе соңынан хан болған Тәуекел тұсында ерекше көзге түсіп... — деп келе жатты да Бұқар жырау кілт тоқтады.
Өйткені осы кезде, қамал үстін гүрсілдеп жарылған зеңбірек оттары қаптап кетті.
— Тезірек тығылыңдар? — деуге ғана Елшібектің шамасы келді. Жұрт жапа-тармағай бекіністің зеңбірек оғы өтпейтін, қалың шым қуыстарына жүгірді. Елшібек те біреуіне кіріп үлгірді. — Бәсе, тым тып-тыныш бола қалып еді, біздерді алдап ұрғылары келген екен ғой!
Иә, тарих әділетсіздігі қайталап отырған. Бір кезде Сауран бекінісіне Шыңғысханның тас атқыш қарулары, Абдолла ханның Рухади ұста жасаған «Қара бура» бу қазаны қойдай-қойдай шойын тастарын лақтырса, бүгін жоңғар басқыншыларының швед унтер офицері Ренат пен қытай шеберлері құйған болат зеңбіректерінің қорғасын оқтары жауып тұр. Сонау алыс кезеңде осы бекініске тоқпақ жалды аласа жылқы мінген Жошының қанішер жауынгерлері сұр топырақты көкке көтеріп, «гу-гулеп!» атой салса, бүгін сол жылқының тұлпар тұяқты тұқымын мінген жоңғар жауынгерлері шабуылға шықты! Бәрінің де мақсаты біреу-ақ: шаһардың күлін көкке шығарып, халқын қырмақ, ұлын — құл, қызын — күң етпек! Осыншама өшігердей бұларға айдалада, Түркістанның сұрғылт даласында, өзімен-өзі болып, тыныш жатқан осынау еңбекші жұрт не істеді екен? Бар жазығы егінін егіп, бақшасын суарып, өз алдына өмір сүргісі келгені ме? Иә, солай... Бұл күштілер заңы: адамды адам жеу керек. Адамды адам күл етуі керек. Күшті күшсіздің жерін, малын тартып алып, әлсіздің ар-намысын аяғының астына таптауды арман етеді. Сол үшін Сыбан Раптан да жорыққа шықты, сол үшін арлан қасқырдың соңынан ерген аш бөлтіріктері де шамасы жеткенше қазақ елін қойдай қырып, ыстық қанына тойынуға асығады.
Зеңбірек оқтары бекініс үстіне кеп, тынбай жарылып жатыр. Сыртқа шығарар емес.
Елшібек қамал саңылауынан қала сыртындағы далаға қарады. Ұран салып, қаптап келе жатқан жау атты әскерін көрді. Кейбір тобы ұзын-ұзын басқыштарды көтеріп, қатарласа шауып келеді. Елшібек жау ойын бірден түсінді. Зеңбірек оқтары бас көтертпей, қала қорғаншылары қуыста тығылып тұрғандарында, жоңғар жауынгерлері басқыштарын қабырғаға сүйей, атыс басылысымен бекініс үстіне шықпақ. Зеңбірек отын қалқан етіп, шабуылға шығу жоңғарларға Ренат үйреткен Европа әдісі еді.
— Сақ болыңдар! — деді Елшібек айқайлап. — Зеңбірек тоқтасымен, жау жоғары өрмелейді! Аямаңдар! Бекініс үстіне бірде-бір жоңғар шықпасын!
Зеңбіректер кенет тына қалды. Қабырғаға басқыштарын сүйеп үлгірген жоңғарлар, енді құмырсқадай қаптап, жоғары қарай тырмысып, көтеріле берді.
Тарих жамандығын ғана емес, жақсылығын да қайталауға тиіс.
Шыңғыс хан, Мұхамед-Шайбани, Абдолла кезіндегідей Сауран қорғаншылары тағы ғажайып ерлік көрсетті. Жауға қарсы білтелі мылтық, шоқпар, сойыл, алдаспан, алмас қылыштарымен қатар, қара тас, қазан-ошақ, қолға түскен қатты заттың бәрі жұмсалды. Бірде-бірін қамал үстіне шығармады. Қорғаншылар ерлігіне шыдай алмаған жоңғарлар қамал түбіне көптеген өліктерін қалдырып, кейін қашты. Сонда ғана барып Бұқар жырау, өзіне таяу қамал шетінде, кіндік тұсына жау найзасы қадалған Науан ұстаны көрді. Жүгіріп қасына барды. Найзасын суырып алайын деп еді, сұп-сұр боп кеткен ұста оның қолын кейін итерді.
— Тимей-ақ қой, — деді даусы әзер шығып, — бәрібір өлемін. Өкінбеймін... жоңғардың құрығанда жиырмасын жайраттым білем. Әттең дүние, әңгімеңізді тегіс ести алмай кеттім... — Елшібекке қарады. — Ана артымда қалған жалғызыма айт: әкең бабаларының жолынан тайған жоқ де... — Соны айтты да, Науан ұста сылқ етіп құлап түсті.
Жоңғарлар сол күні де, келесі күні де осы тәсілмен сан рет шабуылға шықты. Бірақ бекіністі ала алмады. Ақыры күздің қара суығы басталған кезде, Сауранды тастап, Яссыға қайтуға мәжбүр болды. Бұқар жырау да осы оқиғаға арналған «Тас қамал» атты дастанын шығарып еліне қайтты. Әттең не керек, асыл мұрасын сақтап әдеттенбеген көшпелі ел бұл асылын да бізге жеткізе алмады.
Келер жазды күткен Батыр Баян жігіттері де бұ жолы елдеріне қайта алмай, Қазалыдағы Әбілқайыр Ордасына қыстап қалған.
Қабанбай батыр мен Гәуһар осы Кіші жүз жерінде қосылды. Бұлар неке қиярын азынаған дауылды түнде жау малын айдап алудан бастады.
Қазақтың ежелгі ата мекен қонысы Жетісу мен Сырдария бойындағы сан қаласын, cap даласын Жоңғар басып алған, бейбіт қазақ елі босып көшкен атақты «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұламаның» аяғы ақ түтек боран, ақ жорға борасын, сары аяз, қызыл шұнақ үскірік қысқа ұласты. Бүкіл дүние жүзінің айдаһары Сыр бойына жиналып, аузынан қар боратып, ысқырынып жатқандай, қатты боран бірде-бір толастамады. Жау шауып сорлаған елге сопақ астау тап болды. Жығылған үстіне жұдырықтың кері кеп, жеті ағайынды жұт жетті. Арамнан жиналған ас болмайды. Халықты жылатып тартып алған қазақтың қыруар малы, шөп жетпей, мың-мыңдап қырылды... Жоңғарлар бар табысынан айрылды. Ал қазақ елінің бұл жылғы көргенін қағаз бетіне түсіру мүмкін емес еді. Тек сан айқасты басынан кешкен батыр ел бұл апаттан да тегіс қырылмай, әупірімдеп аман қалды.
Жоңғар қырғынынан қазақ елі тек екі жыл өткен соң барып есін жиып, басқыншыларға қарсы тұруға жарады.
Ең алғашқы жеңісті Кіші жүздің Тайлақ батыры мен оның жиені — Ұлы жүздің Ошақты руынан шыққан Саңырақ батыр әкелді. Бұлар Бұланты мен Бөленті өзенінің ортасындағы «Қара сиыр» деген жерде Жоңғардың қалың қолын бетпе-бет айқаста ойсырата жеңді. Көп жоңғар осы арада қаза тапты. Жоңғар мен қалмақты бір санайтын қазақ «Қара сиырды» енді «Қалмақ қырылған» деп атады. Бұл жеңіс қазақ елінің рухын көтерді, қанды кекке шақырды.
Жыл өткеннен кейін, үлкен бір айқаста, ауыл адамдары «Сабалақ» деп ат қойған, он сегіз жасар түйеші «Абылайлап!» ат қойып, жауын қашырып, бүкіл еліне «Абылай» деген атпен әйгілі болды. Сонда барып, Әбілқайыр хан бұл Абылай баяғы Бұқар жырау екеуі барлауда жүргенде кездестірген Төле бидің түйешісі Әбілмансұр екенін білді.
Осы кезден бастап қазақ елі ел боп бірігіп, жоңғарға қарсы жаппай атқа қонды.
Үш жүздің әскері жауымен алғашқы рет Балқаш көлінің күнгейіндегі Алакөлдің тұсындағы Хан тауы деген жерде кездесті. Үлкен Орда ханы Болат пен бар қазақ әскерін басқарған Кіші жүздің ханы Әбілқайыр үлкен жеңіске жетті. Шұно-Дабо басқарған қалың жоңғар жеңіліп, Іле өзенінің бойымен шығысқа қарай қашты. Бұл жеңісті қазақ жұрты артынан, жоңғарлар аңыраған «Аңырақай» жеңісі деп атады. Алакөл жағасындағы ұрыс болған жерде қырқа, белес, асуларға «Әбілқайыр», «Сұмқайтты», соңынан «Сұңқайтты» болып өзгерген ат қойды.
Бірақ казак елі бұл жеңісін ұлғайта алмады. Осы ұрыстан кейін Болат хан о дүниеге сапар шегіп, Үлкен Орда ханын сайлайтын жағдай туды. Түрік-монғол дәстүрі бойынша «Үлкен Орда» ханы болуға тек бәйбішеден туған балалардың ғана хақы бар. Қазақ елі бұл дәстүрді берік ұстап келген. Ал Әбілқайыр болса Жәнібек ханның тоқал әйелдерінен тараған ұрпаққа жатады. Осы себепті жұрт Үлкен Орда ханы етіп, Болаттың шаңыраққа ие баласы Әбілмәмбетті сайлады.
Бұған намысқой Әбілқайыр ашуланып, бар әскерімен майданнан кейін шегінді. Өзінің Ордасын енді ол Қазалы қаласынан көшіріп, Торғай бойындағы арғын-қыпшақтың бас батыры, туған жездесі Шақшақтан шыққан Қошқар ұлы Жәнібектің жеріне іргелес Ырғыз өзенінің бойына әкеп тікті.
Болат қайтыс болғаннан бері өзін Орта жүздің ханы санаған, жетпіс бес мың жылқы біткен Сәмеке де қалың әскерімен Арқа жеріне беттеді.
Кермиық сары дала өлік тәрізді үрейлі, моладай азынаған суық. Ашулы жел қырдың құмды топырағын бетке әкеп ұрады. Ұшы-қиырына көз жетпес бозғылт шөлдің шетіндегі тақырда жел қуып әкелген адамның бас сүйектері жатыр. Атамзаманда қырылғандардың бастары, езу тұстары мен кеңсірік сүйектері мылжаланып қалған. Мүмкін, Шыңғысхан нояндары, елде Әбілқайыр лашкарлары шапқан сыпайлардың сүйектері шығар. Құмда көшіп жүрген қазақ ауылдарын шүршіт жендеттері тұтқындағанда кескен бастар болуы да ғажап емес. Әйтеуір көне заман қияпаттарының қалдығы.
Ал бұл бастардың қатарында тағы бөтен бастар көрінеді. Бұлар әлі күнге күйіп, жаңбырға жуынып үлгірмеген. Күмәні жоқ, жоңғар қонтайшылары қырған адамдардікі. Әрі кетсе алдыңғы жылы болған қанды оқиғалардың куәлары.
Өгей анадай түнерген аспанға Бұқар жырау түксие қарады. Ол бүгін де сапарға жалғыз шыққан. Кейде осылай жалғыз жүру жыраудың әдетіне айналған, өзімен-өзі сырласатын оңаша сәттер өткен-кеткенге көз жіберуге де қолайлы, алдағыны болжауға да ыңғайлы. Ал cap даласы болса, үстіндегі топырағын жел ұшырған адам сүйектерін алдына жайып тастап, желмен бірге халықтың ұзақ шежіресін боздап, жырау көңілін тыншытар емес.
Ымырт үйіріле бастады. Бұқар ай туғанша көзінің шырымын ала тұрмақ боп, атын тұсап тастап, ерін жастық, тоқымын төсек етіп, сексеуілдің түбіне қисая кетті. Бірақ гуілдей соққан кәрлі жел ұйқы бермеді. Жырау енді шалқасынан түсіп, дәл үстінен қара қазандай төңкерілген қап-қара аспанға қарап жатып, халқы жайында мазасыз ойға шомды.
Көне заманда өткен арғы бабаларының жазу, сызу таңбалары әлдеқашан ұмытылған. Тек ел көкейінде олардың қайғылы армандары ғана қалған. Кім біледі, халық мұны да ұмытар ма еді, қайтер еді, тек заржақ жыраулары ұмыттырмаған. Сөйтіп, ел шежіресі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып отырған. Халықтың жырауларды төбесіне көтеріп құрмет тұтатын себебі де, сірә, осыдан болса керек. Бұқар жырау да солардың бірі. Сауран қорғанысы жайында жазған «Тас қамал» дастаны кейін сан ұрпаққа тарады. Осы дастаннан ұрпақтардың тағы бір білгені: жоңғар шабуылы басталмастан бұрын орыс саудагерлерінің әкеп сатқан мушкеттері мен оқ-дәрілері Сауран бекінісінің жауға берілмеуіне себепкер болғаны.
Егер сол бір мушкеттер мен оқ-дәрілер қазақ еліне дер кезінде көбірек сатылса, шүршіт зеңбірегі тыныш жатқан елдің ойран-асырын шығара алмас еді. Әттең не керек, игілікті істің көбі — мезгілі өткен соң барып істеледі.
Жоңғар шапқыншыларына тойтарыс беру үшін, ең алдымен бар халықтың басын қосу керек. Ол үшін осы елді бөле-жарып жеке билеп жүрген, есіл-дерті хан тағына жету боп келген қаптаған сұлтан, би, шынжыр балақ, шұбартөс мықтыларды біржолата тізгіндеу арман. Мұндай қамал бұзарлық қасиет қандай ұлдан табылады? Бұқар жырау кенет басын көтеріп алды. Оның көз алдына баяғы өзі көрген Төле бидің жас түйешісі — жыртық шекпенді Әбілмансұр тұра қалды.
Жоқ, қазір бүл Әбілмансұр емес, Абылай. Және бұл қазір түйеші емес, бар қазақ даласына әйгілі жас сұлтан. Иә, оның алғашқы аяқ алысы да Шыңғыс тұқымына лайықты аяқ алыс еді. Өзін құлдықтан құтқарған Ораз құлды бауыздап өлтірді. Содан кейін барып, құлашын алысқа сермейтінін аңғартқысы келгендей, ана жылаған баласын уататын, қанішер атасының атын алды.
Бұқар жырау тағы күрсінді. Осынау қатал заманда осы Абылай тәрізді қатыгез адамның ел тізгінін ұстағаны, мүмкін, жөн де шығар?..
Құс ұшып өте алмас шексіз cap далада халықтың қаны телегей-теңіз боп тағы төгілгелі тұр-ау! Қазақ халқының алдында бір ғана жол бар. Ол — қан майданда баяғы бабаларынша аянбай шайқасу. Сол шайқаста жан беру, не ел болып, елдігін сақтап қалу. Басқа жол жоқ.
Ана жолы Әбілқайыр ханның өтінішімен Бұқар жырау Хақназар тұсындағы Ақ Орда шежіресін айтып берген. Сонда бір аңғарғаны — Кіші жүз ханы қан майдандағы халықтың ерлігінен көрі, хан тағының маңындағы тартысқа көбірек көңіл бөлген. Ал кеше жырау, Науан ұстаның тілегі бойынша, Сауран бекінісін өткен заманда қалай қорғағанын жыр еткенде, жұрт халықтан шыққан Қияқ пен Тұяқ батырлардың қимылын құныға тыңдаған. Бұқар жыраудың бір тұжырғаны: хан, сұлтан, билерді қызықтыратын тарих бар да, халықты қызықтыратын тарих бар екен. Ол халықтың өз тарихы, өзінің арасынан шыққан, елі мен жері үшін күрескен қаһармандарының ерлігі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет