Крест жорықтары



Дата10.12.2023
өлшемі24,46 Kb.
#196182
Байланысты:
орта ғасыр 11 апта


КРЕСТ ЖОРЫҚТАРЫ
Крест жорықтарының алғышарттары. 1095 жылдан 1292 жылға дейін еуропалық рыцарьлардың шығыстық мұсылман елдеріне қарсы экспедициясы орын алды. 200 жыл бойы папалар, корольдер мен рыцарьлар Иса Мəсіхтің өмірімен байланысты Иерусалимде жəне басқа қасиетті жерлерде билігін орнатқан мұсылман патшалықтарына қарсы қатігез жорықтар жүргізді. Бұл соғыстар «кресшілер жорықтары» деген атқа ие болды. Олардың көпшілігі «құдайсыздарды» (селжүк түріктерін солай деп санаған) құрту, олар басып алған жерлерді христиандарға алып беру сияқты «дінді қорғау» ұранымен өтті. Шын мəнінде, бұл батыс еуропалық рыцарьлардың Жерорта теңізінің шығысындағы елдерге қарсы бағытталған əскери-отаршылдық экспансиясы еді. Оның басты мақсаты қасиетті жерді азат ету деп жарияланды. Христиандар Палестинаны солай атады, себебі Інжілде айтылғандай, «сонда Иса мəсіх азаптап өлтіріліп, кейін қайда тіріліп, аспанға ұшып кеткен». Басты христиандық қасиетті орын Иерусалимдегі Иса мəсіхтің табыты деп саналады. Ол сонау VІІ ғасырдың 40-жылдарынан бері мұсылмандардың, алдымен, арабтардың, кейін Сырдария бойынан келген селжүк-түріктердің қолында болатын. Иерусалимді басып алып, Рим папалары өз биліктерін шығыс елдеріне де орнатуды аңсады. Олар Шығысқа жорық Римге православие шіркеуін бағындыруға көмектеседі деп үміттенді. Дегенмен крест жорықтарының басты себебі – ислам əлемінің өрлеп, христиан əлемінің керісінше дағдарысқа ұшырауы болды. VІІ-VІІІ ғасырларда жаңа ислам діні негізінде құрылған араб халифаты өз үстемдігін Шығыста Қытайдан, батыста франктер мемлекетіне дейінгі жерлерде, бүкіл Солтүстік Африкада орнатты. Бұл кезде христиан дінінің ішінде алауыздық пайда болып, Рим мен Константинопольдегі дінбасыларының арасындағы алшақтық күшейді. Бұл алауыздық 1054 жылы христиан дінінің католиктік жəне православиелік болып бөлініп кетуіне əкеліп соқты. Бұл кезде клюнилік қозғалыстан кейін батыстық католик шіркеуі мен оның басшысы Рим папасының беделі өсіп, қуаттылығы арта түсті. Ал шығыста əлсірей бастаған араб халифатының орнын селжүк түріктері басып, ислам дінін онан əрі асқақтата түсті. Ислам дінінің күннен-күнге кеңінен қанат жайып, беделінің өсе түсуі христиандықтың көзіне шыққан сүйелдей болды. Католик шіркеуінің басшылары ислам əлемінің одан əрі кеңейе түсуін тежеуге, мұсылмандар қол астына көшкен жерлерді қайтарып алуға, соның арқасында Рим папасының билігін күшейте түсуге тырысты. ХІ ғасырдың соңына қарай Византия императорлары Рим шіркеуінен ат жалын үзіп бөлініп кеткеніне қарамастан, пападан шығыстағы жаңа мұсылман көршілеріне қарсы күресуге көмек сұрауға мəжбүр болды. Мұсылмандар Палестинаның орталығы Иерусалимге қажылыққа келіп жатқан христиандарға қарсылық көрсетіп, қысым жасаған жоқ. Бірақ Византия оларды қауіпті көрші деп санап, Таяу Шығыстан қуып тастауға ұмтылды. Ал Рим папасын Киелі жердің байлығымен құнарлылығы қызықтырды. ХІ ғасырдың соңына қарай Батыстың дінбасылары Киелі жерге қажылыққа баратын діндарларды қолдарына қару алып, мұсылмандарды Иерусалимнен қуып шығуға шақыра бастады. 1095 жылғы 18 қараша күні Оңтүстік Франциядағы Клермон деген қалада шіркеулік собор шақырылды. Ол христиан елдерін аздырып-тоздырған өзара соғыстарды біржолата тоқтатуды көздеді. 26 қараша күні Папа ІІ Урбан (1088-1099) жиналғандарды қолға қару алып қасиетті жерді жаулап алған селжүктерге қарсы крест жорығына шақырды. Папа: «бұл жорыққа қатысушылар олжаға қарық болады, күнəларынан арылады, соғыс кезінде қаза табатындар бірден жұмаққа қабылданады», – деп уəде берді. Сөзін «құдайдың қалауы осындай» деп бітірді. Сол-ақ екен бүкіл Еуропаны Палестинаға жорыққа үндеген дауыстар кернеп ала жөнелді. Халықтың бұл үндеуді қабыл алуына бірнеше себеп болды. Ол – Еуропадағы халық санының өсіп, жердің жетіспеуі; құнарлы жерлерді басып алуға ұмтылыс; Византияның православиелік христиандарына көмектесу; өз күнəларынан құтылу; христиандық қасиетті орындарды мұсылмандардан қайтарып алу. Папаның үндеуіне, ең алдымен, соғыста олжа табу жолындағы күнделікті дағдылы да басты ісі болып табылатын рыцарьлар үн қосты. Олардың көпшілігі кедейленген жанұядан шыққан жəне əкеден мұра аз тиген рыцарьдың кіші ұлдары болатын. Мұндай кедей əрі жас рыцарьлар мұсылмандармен соғыста оңай ерлік көрсетіп, атақ-даңқ пен байлыққа ие болуды армандады Аш қасқырдай жалаңдаған мұндай мазасыз рыцарьлардың Еуропадан алыс кетуіне корольдер мен папалар да мүдделі болып, өз үлестерін қосты. Себебі Еуропадағы тыныштықтың бұзылуына көбінесе кедейленген рыцарьлар ұйтқы болып жататын. Крест жорығына тарту арқылы олардың күшін, шіркеу игілігіне пайдалану мүмкіндігі туды. Папаның үндеуі рыцарьларды құрыштай жұдырыққа біріктіріп, шығысқа атой салғызды. Папаның үндеуін жаңа иеліктер мен өнім өндірушілер табуға үміттенген герцогтер, графтар мен корольдер де қабыл алды. Үндеуді қайыршылықтан, қарыздарынан құтылуды (папа жорықтан қайтқанша қарыздарын қайтаруды талап етпеуге уəде берді), соңғы жылдардағы жұтқа байланысты орын алған ашаршылықтан аман қалуды ойлаған шаруалар да қуана қарсы алды. ІІ Урбанның үндеуіне қаланың кедей-кепшіктері мен ұры-қарылары, қаңғыбастар мен қылмыскер-қашқындар да қосылды. Кресшілермен бірге селжүк-түріктерге қарсы жорыққа саудагерлер де қатысты. Олар Шығыс тауарларын сатып, тез байып алуды ойлады.
Папа үндеуін қабыл алғандар өздерінің «Қасиетті жерге», христиан жауларына қарсы жорыққа аттанушылар екендігін білдіру үшін киімдеріне қызыл матадан жасалған крест белгісін тігіп алды. Сол себепті тарихшылар Жерорта теңізінің шығысына жасалған бұл жорықтарды кресшілер жорығы деп атады. Шындығында, бұл атау жаңа заманда (ХVІІ ғасырдың аяғы) пайда болды, ал жорыққа қатысушылардың өздері оны «Қасиетті жерге жол» деп атаған болатын. Жорыққа қатысушылардың бəрі бірдей тек баюды ғана мақсат етіп қойған жоқ. Олардың баюды ойлауы мұсылмандардан құдай табыты жатқан Иерусалимді азат ету – «қасиетті іс» деген сеніммен қабысып жатты. Кресшілер құдай жарылқап жолдарын қысқартады, Иерусалимге тез жəне оңай жеткізеді деп қиялдады. 1096 жылғы сəуір айында Франция мен Германияның ондаған мың кедей шаруалары, қаңғыбастары мен жалаңаяқтары «Киелі жерге» аттанды. Олар сойылмен, балтамен, айыр-орақпен, найзамен қаруланды. Оларды Солтүстік Францияның Амьен деген елді мекенінен шыққан тақуа Петр Пустынник (шамамен 1050-1115) (ешқандай дүние-мүлкі жоқ болғандықтан, солай аталған) басқарды. Ол кедей-кепшіктерді тұнып тұрған байлық сыйлаған Құдайдың сүйікті жеріне жеткен соң тез байып кетесіңдер деп тамсандырды. Жорықты басқаруда оған кедейленген франциялық рыцарь Бальтер Голяк пен Рейн облысынан шыққан священник Готшалк көмектесті. Петр Пустынниктің қолында жорық картасының орнына Таурат қана болды, ал бұйрықтар мен нұсқаулардың орнына ол дұға оқыды. Ол қарсыласының күші мен саны жəне қаруы туралы ойланып, басын ауыртпады. Бұл мəселелер бойынша ол тек құдайдың көмегіне сенді. Петр Пустынник өзінің аш-жалаңаш əскеріне қанша азық-түлік керегін, оны қайдан алуға болатынын да білмеді. Ашыққан кедей-кепшіктер жолдарындағы румын, венгерлердің, болгарлар мен сербтердің азық-түлік, мал-мүліктерін күшпен тартып алды, қарсылық көрсеткендерін өлтіріп, зорлық-зомбылық жасады. Бытыраңқы, тəртіпсіз əскер жолай еврей біткенді сабап, соғып (Иса мəсіхті еврей Иуда ұстап берген), қарақшылықпен тамақ табуға кірісіп кетті. Петр Пустынник өз адамдарының мұндай қарақшылық əрекетін тоқтата алмады. Венгр, болгар, грек халықтары да қарап қалмай, қарақшылардың жекелеген отрядтарын қырып жіберіп отырды. Аштық пен ауру, өз елі мен жерін, мал-мүлкін қорғаушылармен қақтығыстар көптеген кресшілердің басын жалмады. Кедейкепшіктер жасағының ат төбеліндей қалдығы ғана Византияға аман-есен жетті. Император І Алексей Комнин оларды жылы шыраймен қарсы алған болып, «батыс варварлардың» (оларды византиялықтар осылай атайтын) мазасыз тобырын тезірек Босфор бұғазы арқылы Кіші Азияға шығарып жіберді. Бұл жақтың байлығын кресшілердің негізгі күші келмей тұрып-ақ басып алып, қарық болуға асыққан кедейлер жасағы ойланбастан алға ұмтыла берді. 1096 жылы қазан айында Кіші Азияға басып кірген кедей кресшілерді селжүк түріктерінің əскері толық дерлік қырып жіберді. Олардың басшысы Петр Пустынник Константинопольге қашып барып, бас сауғалады. Сол жерде ол феодалдардың рыцарьлар жасағына қосылды. Діни ерлік жасап, байлыққа қарық болуды аңсаған батыстың кедей шаруалары мен ұсақ рыцарьлары осылай сəтсіздікке ұшырады.
Феодал рыцарьларының бірінші крест жорығы (1096-1099). Кедей шаруалар мен ұсақ рыцарь жасақшылары қырылып жатқан кезде Батыс Еуропа елдерінің феодалдары бастаған, жақсы қаруланған əскері оларға көмекке аттанды. Бұл əскер қаражатпен, азық-түлікпен, көлікпен қамтамасыз етілді. Үш топтан тұратын рыцарь əскерінің ортақ қолбасшысы болмады. Лотарингия герцогі Готфрид Бульонский Солтүстік Франция, нидерланды жəне Төменгі Рейн жерлерінің жасағын басқарды. Тарент князі Боэмунд Оңтүстік Италия жасақшыларының қолбасшысы болды. Тулузалық граф Раймунд Оңтүстік Франция жасағын басқарды. Сондай-ақ орталық Франция рыцарьларының да жасақтары құрылды. Оларды герцог Роберт Нормандский, граф Стефан жəне ІІ Роберт Фландрский басқарды. Жасақтар жорыққа бір мезгілде аттанбады. Алдымен, лоттарингиялық жасақ жолға шықты. Жасақтардың бəрі бір жолмен жүрмей, əрқайсысы өзі таңдап алған жолмен аттанды. Біреулері, Рейн-Дунай жолымен, екіншілері, Адриатика жағалауымен, үшіншілері, теңіз жолымен жүріп, 1096 жылдың аяғы мен 1097 жылдың басында Византияның астанасына келе бастады. Рыцарьлар жасақтарының соңынан Шығыстың шұрайлы жерлерін иемденіп қалудан үміттенген шаруалар тобыры еріп жүрді. Рыцарьлар жасақтары келіп жеткен кезде Византияның сыртқы жағдайы біраз жақсара түскен еді. Сондықтан да император І Алексей Комнин олардан тезірек құтылуға тырысты. Себебі византиялықтар Батыстан келген рыцарьларды кекесін түрде «франктер» деп атайтын жəне оларды дөрекі, ой-өрісі тар, надандар деп санайтын. Олар қаруларын империяға қарсы бұрып жіберуі де мүмкін деп қауіптенген Византия императоры «Иса жауынгерлері» көсемдерінің басын біріктірмей, əрқайсысымен жеке тіл табысып, оларды Шығысқа шығарып салды. Кресшілер үшін Кіші Азия, Сирия мен Палестина арқылы екі жылдық азапты жорық жолы басталды. Аштықтан, шөлден, аптап ыстықтан күн сайын ондаған ауыр киінген рыцарьлар қаза тауып жатты. Оның үстіне олардың жасақтарын селжүк түріктерінің жеңіл атты əскері де дүрліктіріп отырды. Бірақ мұсылмандардың арасындағы бірліктің болмауы кресшілердің алға қарай жылжи беруін жеңілдетті. Ақыры кресшілердің басым көпшілігі Кіші Арменияға (Киликия) келіп жетті. Сол жерде біраз дем алып, есін жиған соң олар жорықты жалғастырды. 1098 жылдың басында Балдуин Фландрский басқарған кресшілер тобы Солтүстік Месопотамияның бай қаласы Эдессаны басып алды. Онда кресшілер өздерінің бірінші мемлекеті – Эдесс графтығын құрды. Сонан кейін кресшілер Сирияға басып кіріп, оның басты қаласы Антиохияны қоршады. Бұл Жерорта теңізінің шығысындағы ең жақсы бекінген қала болатын. Бекініс қабырғаларының қалыңдығы сонша, оның үстімен төрт ат жегілген арба еркін жүре беретін. Қаланы кресшілер жеті айға жуық шабуылдап, ала алмады. Тек 1098 жылғы маусымда ғана бекіністің бір басшысының сатқындығы арқасында кресші рыцарьлар қалаға басып кіріп, талан-таражға ұшыратты.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет