І Тарау. Мектеп жасына дейінгі балалардың дене дамуы мен дене тәрбиесі
1.1. Мектепке дейінгі балалардың дене тәрбиесінің
маңызы мен міндеттері
Мақсаты: баланың денсаулығын сақтау және нығайту, дене жаттығуларын жасауға қызғушылықтарын арттыру, қимылдық іскерліктері мен дағдыларын жетілдіру.
Міндеттері:
- жүру, жүгіру, секіру, лақтыру, лақтырып тосып алу, еңбектеу және өрмелеудегі негізгі қимыл түрлерін орындау іскерліктерін жетілдіру;
- ұйымшылдыққа, дербестікке, шығармашылыққа, құрдастарымен өзара достық қарым-қатынаста болуға тәрбиелеу, икемділікке, шапшаңдыққа, шыдамдылыққа үйрету, тепе-теңдік қалпын сақтау іскерліктерін меңгерту;
- барлығы бірге, бірдей қарқынмен әрекет етуге үйрету;
- денесін дұрыс ұстауға, жеке бас гигиенасын сақтау дағдысы мен денсаулық сақтау негіздерін қалыптастыру;
- спорттық ойындармен, жаттығулармен таныстыру;
- белсенді қимыл-қозғалыс (қимылдың қосымша түрлерін соның ішінде емдік-сауықтыру бағытындағы қимыл әрекеттерін енгізу, өз еркімен қимыл-қозғалыс жасау үшін күн тәртібінен уақыт бөліп, мүмкіншілік жасау) уақытын ұлғайту;
- әр халықтың қимылды ойындарына, сабақтағы спорттық құрал-жабдықтарды қолдануға қызығушылықтарын арттыру;
-түрлі спорттық құрал-жабдықтармен жабдықталған, әр түрлі қимыл әрекеттерін дамытуға жағдай жасайтын қозғалыс ортасын құру.
Балаларды мектепке дайындауда психологиялық өріс-еркіндік, батылдық, имандылық тәрбиелерін бала бойына сіңіріп, оларды жеке тұлға ретінде қалыптастыру шешуші роль атқарады. Сондай-ақ, балаларды мектепалды даярлықтан өткізу барысында оқыту мен тәрбиелеудің төрт міндеті қарастырылады. Бірінші міндет: әлеуметтік дамуда баланың үлкендермен қарым-қатынасы және өз құрбы-құрдастар мен баланың ой-өрісінің қалыптасу мүмкіндіктері көзделеді, өз отанына, отбасына халқының салт-дәстүріне көңіл бөлу жолдары қарастырылады.
Адам баласының өмірге келуі мен мектепке оқуға баруы арасындағы алғашқы жеті жыл уақыты оның келешек өмірінде өте үлкен маңызы бар. Өйткені осы кезеңде адамның денсаулығы, әр түрлі қабілеттері, адамгершілік қасиеттері, мінез-құлқы қалыптаса бастайды. Баланың денесін шынықтыру, өмірге керек қозғалыс шеберлігін қалыптастыру, гигиеналық әдеттерді бойларына сіңіру үшін осы бір балалық балғын шақ өте бір қолайлы кезең.
Баланың ағзасының жан-жақты дамуының негізі, тәрбие көзі дене тәрбиесі болып табылады. Табиғи, дұрыс өсіп келе жатқан бала тұрақты түрде қозғалғысы келіп тұрады. Оның осы қозғалыс әрекетін жанұяда, бала бақшасында дұрыс ұйымдастыру оның жүрек-қан тамырлары, дем алу, жүйке жүйесі, зат алмасу жүйесі қызметтерін жақсартады, қозғалыс-тірек аппараттарын нығайтады. Баланың ауруға қарсылық күшін, ағзаның қорғаныс күшін күшейтеді. Қозғалыс арқылы бала өмірді, табиғатты тани бастайды, оның психологиясы, ерік-күші, өзіндік қасиеттері дамиды. Бала көбірек қозғалыстарды білген сайын оның таным, түйсік, қабылдау, сезім, қабілет және басқа да әр түрлі психикалық мүмкіншіліктері кең көлемде дамиды. Сондықтан да осы кезеңде дене тәрбиесі сауатты, дұрыс жүргізілмесе, өткізіп алған уақытты қуып жету, жіберілген қателіктерді түзету қиын болады.
Мектепке дейінгі жастағы балалардың негізгі міндеттері үш үлкен топқа бөлінеді:
Сауықтыру міндеттері:
1. Бала ағзасын шынықтыру арқылы, сыртқы ортаның зиянды әсерлеріне қарсы тұра алу қабілеттіктерін жетілдіру. Табиғаттың табиғи күштерін, ауаны, суды, күн қызуын дұрыс пайдалану арқылы бала денесі шынығады. Оның әр түрлі суық тию арқылы болатын тұмау, жөтелу, тамақ ауруларына қарсылық күштері көбейеді.
2.Қозғалыс тірек аппараттарын нығайту және дұрыс мүсінді қалыптастыру. Қозғалыс белсенділігі көлеміне әсер ететін жалпақ табан болмауы үшін, табан және сирақ бұлшық еттеріне арналған жаттығуларға көңіл бөлу. Бала денесі үйлесімді дамуы үшін денесінің екі жағындағы бұлшық еттерге бірдей мөлшерде жаттығулар беру. Күнделікті өмірде аз жұмыс істейтін бұлшық еттер топтарына көбірек жаттығулар беру.
Жас кезінен балаға дұрыс мүсін туралы мағлұмат беру қажет. Еңкіштік, бір иықтың екіншісінен биіктігі, омыртқаның қисаюы және т.б. мүсін қисаюларын дұрыстаудың ең бір әрекетті амалы дене жаттығулары екені олардың әрқашанда ойларында болу керек.
3.Вегетативтік мүшелердің қызмет мүмкіншіліктерін жоғарылату. Баланың белсенді қозғалыстары жүрек-қан тамыры және тыныс алу жүйелерінің, тамақ қорыту, дене температурасын реттеу жүйелерінің, ағзадағы зат алмасу үрдістерінің қызметтерін жақсартады. Зәр шығару органдарында зәр шықпай қалу үрдістерін болдырмайды.
4.Жылдамдық, үйлесімділік, төзімділік секілді дене қуаты қасиеттерін тәрбиелеу. Мектепке дейінгі жастарда дене мүмкіншіліктерінің бірін ғана және дамытуға арнайы көңіл бөлуге болмайды. Қозғалыстарды әр түрлі етіп құрастыру, амалдарын ауыстыру, әр түрлі бағыттау арқылы дене қасиеттерін кешенді, үйлесімді дамытуға көп көңіл бөлген дұрыс.
Білім беру міндеттері:
1. Өмірге керек негізгі қозғалыс ептілігі мен дағдыларын қалыптастыру.
Жүйке жүйесінің икемділігі арқасында мектеп жасына дейінгі балалар жаңа қозғалыс түрлерін тез және оңай үйреніп алады. Дене өсуімен бірге олардың қозғалыс ептіліктері де қалыптаса бастайды: үш айда олар басын көтеріп, ұстап тұра алады; алты айлықтарында қолдарын қозғалтады, еңбектейді, шалқадан жатқан күйден ішіне аударыла, ішіне жатқан күйде қолымен тіреле кеудесін көтере алады; он бір айлығында отыруды, жатуды, заттарға тіреле тұруды, жүруді үйрету, бір жылда міндетті түрде жүруге үйрету қажет; үш жасында бала жүру, жүгіру, әр түрлі нәрселерге өрмелеу қозғалыстарын меңгеруі; төрт жасында әр түрлі заттарды лақтыру, биік жерлерден секіру, заттарды қағып алу, үш дөңгелекті велосипедті тебе алу; алты-жеті жасында өмірде, тұрмыс жағдайында кездесетін қозғалыстардың көпшілігін: жүгіру, жүзу, шаңғы тебу, басқышпен жоғары өрмелеу, кедергілерден асып өтулер және т.б. орындай алулары керек.
2.Дене тәрбиесі сабақтарына деген тұрақты қызығушылықтарын қалыптастыру.
Балалардың дене тәрбиесі жаттығуларына деген тұрақты қызығушылықтарын қалыптастыруға ең қолайлы уақыт – мектепке дейінгі балалық кезең. Ол үшін балалар орындай алатын, орындаған жаттығулардан олар қанағат алып, ары қарайғы әрекеттерге ынтықтыратын тапсырмалар берілуі қажет. Орындалған тапсырмаларды бағалау, көңіл бөлу, мадақтау арқылы дене тәрбиесіне деген жақсы көзқарас қалыптастырылады, баланың дене жаттығуларымен тұрақты айналысуға ұмтылуына себеп болады.
Балалардың ақылдылықтарын, дүниетанымдарын, көзқарастарын кең дамыту үшін, оларға жаттығулар жасау кездерінде дене тәрбиесі, спорт саласындағы қарапайым білім негіздерінен мағлұматтар беріліп отырылуы керек.
Тәрбиелік міндеттері:
1. Балаларды моральді – жігерлік қасиеттерге тәрбиелеу. Ол қасиеттер: адалдық, батылдылық, тәуекелшілдік, қайсарлылық, табандылық т.с.с.
2. Дене тәрбиесі арқылы балалардың ақылдылық, өнегелік, эстетикалық, еңбек тәрбиелеріне әсер ету, көмектесу.
Осы баяндалған сауықтыру, білім беру, тәрбиелеу міндеттері жеке-жеке қарастырылса да,олар бір-бірлерімен тығыз байланысты. Сондықтан балалармен жұмыс істегенде осы міндеттерді кешенді түрде орындаған дұрыс болады. Сонда ғана бала денесі дене дайындығы жағынан ғана емес, рухани жағынан да дамиды.
Достарыңызбен бөлісу: |